Болат Қалымбетов. Бұл фильмді жүрегім жылап жүріп түсірдім
21.12.2021
1459
0

Мұқағали ақынның өмірі дегенде көз алдымызға келетіні жайдары жарқын нұр мен көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын ғайып әлем. Ақын бірде реализмнен алшақтап, адам санасының шегі жете бермейтін өзге әлемге енеді. «Бекер ғой бәрі, бекер ғой бәрі, бөтен ғой, өмір дегенің бір нәзік сәуле екен ғой!» деген ақиық ақынның жандүниесі арпалысқа, рухани жалғыздық пен мехнатқа толы. «Мұқағали» фильмін көргенде «сағымнан әрі тағы сағым барын» сезінгендей болдық. Жаңа образ, жаңа сюжет, жаңа ізденіс. Әдетте, жеке тұлға болмысына ерекше назар салатын еуропалық фильмдердің мистикалық сюжеттерін көріп, терең ойға қалатынбыз. «Мұқағали» фильмі кісіні осындай бейтаныс сезімге қалдырады. Әлбетте, біз фильмдегі ақынның рухани болмысының ашылуы жөнінде айтып отырмыз. Ал басқа тұстарын кинотанушы мамандар тарқата  жатар.

Фильмнің сенарийін жазған белгілі жазушы –- Жүсіпбек Қорғасбек. Оқырман қауымға «Үлпілдек» сынды поэтикалық қуаты басым романы арқылы жазушылықпен қатар поэзияға деген бөлек танымын танытқан қаламгер әр диалогқа ерекше мән берген. Фильмді тамашалай отырып, Мұқағали ақынның жаңа қырын ашуда жазушының үлкен еңбек еткенін аңғаруға болады. Бұған дейін көрермен қауымға «Сардар», «Талан» сынды фильмдерімен белгілі режиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» фильмінде көрінген шеберлігі мен жаңашылдығына тәнті болып, қол соқтық.

Жуырда ғана «Мұқағали» фильмі Таллинде өткен «Қараңғы түндер» (PÖFF) кинофестивалінде қазылар алқасының сыйлығына ие болды. Фестиваль ұйымдастырушылары жылы хабарды «Эстонияның» концерт залында өткен марапаттау рәсімі кезінде хабарлады. Қазылар алқасының кино жайлы пікірінде: «Поэтикалық тіл және фильмнің көрнекі байлығы ең сезімтал тақырыптарды адам жанының тіліне аударуға мүмкіндік береді. Фильм нағыз рухани құндылықтарды мадақтауға есік ашады», – делінген. Шынында жаңашыл фильмнің дауылдай бұрқанған сезімдерін адам тіліне аудару жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарының еншісінде болмақ. Қуанышты жаңалық елге жеткен соң, ізін ала режиссер Болат Қалымбетовпен әңгімелескен болатынбыз.

 – Болат аға, Мұқағали жайлы кино түсіруде нені ең басты мақсат етіп алдыңыз?

– Біз алдымызға үлкен мақсат қойдық. Мұқағали Мақатаев неге қырық бес жасында қайтыс болды? Кім кінәлі? Орта ма, қоғам ба? Қыршындай кеткені рас. Түрлі сауалдарға жауап іздеуге тырыстық. Мұны киноның тілімен көрерменге жеткізуге күш салдық. Бір қуанатын нәрсе, көпшілік қазақ көреремені киноны жақсы қабылдады, ақынның жандүниесін түсінді. Бұл, шын мәнінде, жаңаша түсірілген фильм; форма, стиль, сюжет жағынан да бәрі жаңа түрде берілді. Киноны зерттеу, талдау жұмыстары әлі алда деп ойлаймын. Заман өзгерген сайын кино да өзгеруі керек. Киноның формасы қалай болады деген сұраққа да көп ойландық. Біз ең алдымен киносыншылардың ойларын білеміз. Сонан кейін киногерлердің пікірін біліп, көрермендерге сүйенеміз. Ал өзіміздің көрермен пікіріне келсек, кино резонанс туғызды. Өзің де оқыған шығарсың, әлеуметтік желілерде, газет-журналда сантүрлі пікірлер айтылды. Сындар да болды. Соның ішінде үш-төрт адам бар, солар киноның табиғатын түсінбесе де жөнсіз сындар айтып жатты. Ең бірінші премьерамыз Шымкентте өтті. Арыстан баб секілді әулиелеріміз жатқан киелі жер ғой, баталарын алайық деп шештік. Оның үстіне, Мұқағали ақынның досы Шәмші ағамыз сол жақтан екені мәлім. Шымкент халқы өте жылы қабылдады. Одан соң, Нұр-Сұлтан қаласында көрсеттік. Бүкіл интеллегенция келіп қатысып, оң бағасын берді.

– Фильм ақынның мистикалық тылысым болмысын ашып бергендей болды. Мұқағали ақынмен таныстығыңыз қашан басталып еді?

– Ақынмен жерлес екенімді мақтанышпен айта аламын. Кішкентай кезімізден атына қанық болып өстік. Өлеңдерін оқитынмын, бірақ, жасыратыны жоқ, терең көңіл бөле бермедік. 2003 жылы «Сардар» деген фильмді түсіріп біткеннен кейін маған кино берілмеді де, кішкене жұмыссыз жүрдім. Сол кезде қатты қиналдым. Отбасы, ошақ қасы бар дегендей. Күйзелісте жүргенде Қадыр Мырза Әліден бастап көптеген ақындардың өлеңдерін оқи бастадым. Мұқағали ағаның өлеңдерін, күнделіктерін парақтап оқып шықтым. Ақынның поэзиясындағы сыры, жұмбақ әлемі жандүниеме жақын екенін сезіндім. Өлеңдері терең әсер бергені сонша, аласұрып іздеп «Мұқағали» журналының бас редакторы, Батық Мәжитұлына бардым. Ол да ақын кісі. Ол кісі ақылын айтатын, бірақ сценарий жаза алмайтынын жеткізді. Екеуміз біршама әңгімелестік. Содан Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» деген повесі бойынша сценарий жазып, Ғазиз Насыров, Жүкең – Жүсіпбек бар, «Талан» деген фильм түсірдік. Киноны түсірген кезде: «Жүке, Мұқағали туралы фильм түсірсем деген арманым бар еді», –  деп едім, сценарий жазуға келісім берді. Жүкең өзі ірі жазушы ғой. Осы сәттен Мұқағали ақынның өмірін терең зерттей бастадым. Архивке бардық, ақынды көрген адамдармен әңгімелестік. Көзі тірісінде аты аңызға айналған адам жайында жанды жылататын да, жылытатын да естеліктер естідік. Ақынның өмірі қарама-қайшылыққа, арпалысқа толы екен. Соны фильмде аштық қой деп ойлаймын. Мұқағалидың өзі «менің оқырмандарым 21 ғасыр ұрпақтары» деген. Бізде де осы ғасырдың ұрпақтары ақынның тұңғиық табиғатын түсінсін деген ой болды. Меніңше, осы фильмнен кейін қазақ жастары ақынды осы фильмге қарап қабылдайтын болады. Көрерменнің талғамы өседі.

– Фильм түсіру кезінде қандай да бір қиындықтар болды ма?

– Болғанда қандай. 60-70 жылдарды, ретро Алматыны көрсету керек қой. Қазір қарасақ Алматы тіпті өзгерген. Трамвай жоқ, мәшинелер қаптап кеткен. Бұл жерде қалай түсіресің? Суретшім бар, операторым бар бүкіл Қазақстанды аралай бастадық. Ақырында Өскеменге тоқтадық. Өскеменнің көшелері, біз жүрген жерлер Алматыға көбірек ұқсайды. Алматыдағы трамвайлардың бәрін сол кездегі қала әкімі Өскеменге ауыстырыпты. Сонымен трамвайды, мәшинені, фильм түсіретін жерді де таптық. Алматыда Жазушылар Одағында түсірдік, Қонаев атамыз отырған ескі мұражай үйінде де түсіретін болдық. Енді әртіс іздеу керек. Кинода жалғыз Мұқағали атамыз ғана емес, аттары аңызға айналған Бауыржан Момышұлы, Нұрғиса Тілендиев, Фариза апамыз бар, сондай тұлғалардың бейнесін экранға алып шығу деген оңай дүние емес. Қанша жүйке кетті, тер төгілді. Кезінде «Талан» фильмін Атырауға алып барғанбыз. Сонда Атыраудағы Махамбет Өтемісұлы атындағы театрдың актері Асланбек Жанболаев келген болатын. Танысып, көрісіп, біліскен едік. Жалғыз Асланбек қана емес, тағы үш-төрт әртісті таңдап, Мұқағали өмір сүрген заманның адамдары киген киімді кидіріп көрдік. Нәтижесінде, «Қазақфильмнің» шешімімен киноға Асланбекті таңдадық.

– Тұлғаның жеке болмысына дендеп мән беретін Сергей Есенин туралы сериал, суретші Ван Гогқа арналған «На пороге вечности», математик Джон Нэшке арналған «Игры разума» атты фильмдер тұлғаның көпшілікке беймәлім болмысын ашады.  Мұқағали фильмінде де осыған куә болдық. Әу баста ақын табиғатының құбылысын ашу жайлы идея болды ма?

– Мұқағали туралы аңыз көп дедім ғой, олардың бәрін түсіре беру көрерменді жалықтырып алады. Сондықтан, біз ақынды басқа қырынан алуға тырыстық. Мұқағали  балаларды жақсы көрген, сондықтан ақынды отбасының төрінде көрсеткіміз келді. Егер ақынның шаңырағындағы бейнесі ашылса, сол кездегі қоғам ашылды деген сөз. Кино – адамның  тағдыры. Тағдыр ашылса, бәрі де ашылады. Кинода өзің байқағандай сөз аз, киноның қасиеті сол.

– Расында, фильм ойлануды адамның өзіне қалдырады екен.

– Дұрыс айтасың. Кинода көрерменді өзінше ой түюге үндеу керек. Гүлзат Көбек деген кино сыншысы «бұл фильм көрерменнің санасына соққы берді» дейді. Тіпті кейбір көрермендер түсінбей де қалды. Біреулер «Мұқағали фильмінен шедеврдің исі шығып тұр» десе, біреу «Момышұлының қонысы ондай емес қой» дейді. Әрине, әркімнің аузына қақпақ бола алмайсың, әр адамның талғамы әртүрлі.

– Бір сұхбатыңызда үнемі ой үстінде жүретініңізді айтасыз. Ойыңызға идеялар көбіне ізденіс арқылы келе ме, әлде ғайыптан келетіні көбірек пе?

– Маған көбіне идеялар белгісіз жақтан келеді. Жүрегім әр нәрсені сезіп тұрады. Аяқ астынан бір ойлар келіп, пікір тудырып жүремін. Жалғыз жүргенді жақсы көремін. Құдай жалғыздықтан сақтасын, отбасым, немерелерім бар. Бірақ өнердегі жалғыздық жаныма жақын. Біреулер киноны күні-түні көріп жатады, киноны аз көремін. Өзімнің қолтаңбам, стилім болғанын қалаймын. «Жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді», – деген дұрыс сөз. Мен бұл фильмді жүрегім жылап жүріп түсірдім. Әр эпизодқа дайындаламын да, түсіріп біткен соң балаша жылаймын. Майгүлдің өлген жерін көрдің ғой, сол жерде «стоп» дедім де, қызды құшақтап еңіреп жылап жібердім. Ақынның жан дүниесін ашу оңай шаруа емес.

– Көрермендердің де фильмді тебіреніспен қабылдағанына куә болдым.

– Бір күні футболдан келе жатсам, телефоныма бір әйел адам қоңырау шалды: – «Жаңа әкем екеуміз «Мұқағали» фильмін көрдік, кинодан жылап шықтық. Әкем бой бермей сізге шапан жабамын деп жатыр, қалай етсек екен», – дейді. Нұр-Сұлтан қаласына жол жүріп бара жатыр едім, келген соң кездесетінімді айттым. Көрерменнің бағасынан үлкен қандай қуаныш болсын?! Ең жоғарғы баға – көрермен бағасы.

– Бүгінгі  қазақ киносының дамуы жөнінде не айтасыз?

– Бізде сан көп те, сапа аз болып тұр. Көбіне фильмдер көрерменнің көңілінен шықпай жатады. Бұл жерде кімді кінәлау керегін білмеймін. Режиссер өзінің шамасы жеткенінше киноны түсіреді. Ешкім киносын жаман болсын демейді, бала туғандай киноны толғатады. Бізде прокат жағы жоқтың қасы. «Мұқағали» фильміне жан-жақтан сұраныстар түсіп жатыр. Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда қаласының әкімдері Мәдениет министрлігіне шығып фильмді сұрату үстінде. Алматы қаласы тағы да сұратып жатыр. Қайтадан прокат болу деген қазақ киносының тарихында болмаған. Елімізде кино саласы біртіндеп даму үстінде. Мәселен, Рүстем Әбдірәшевтің «Қазақ хандығы» қандай жақсы шыққан, Ақан Сатаевтың «Томирисін» алып қарасаңыз жақсы фильм. Фильм деген кәсіби, өнер деңгейінде болуы керек. Әрине, бүгінгі заманға байланысты коммерциялық фильмдер де керек, бірақ бірінші орынға өнерді қоюымыз абзал. Шетелден келген сериалдар біздің көрерменнің талғамын бұзып жатыр. Сериал түсірерде бұл қандай мақсатпен түсірілгелі отыр, бұл сериал қазақ көрерменіне не бере алады деген сұрақтар қойылу қажет. Кейбір қазақтың киноларында сөз көп, кино деген сөзді көп жақтырмайтын өнер, әрине, керекті сөздер болады. Ал, кейбір фильмдер бастан-аяқ сөзге құрылған, бұл кино емес, театрға жақын. Біз киноның табиғатын түсінетін адамдар дайындауымыз керек. Көбіне кино табиғатын түсіну адамның жаратылысымен бірге келеді, Жаратқан ие талантты туғанда адамға қосып береді. Оқыған, тоқыған режиссер болуы мүмкін, бірақ кино табиғатын түсінбесе, жақсы фильм түсіруі қиын.    

– Дара туған тұлғаларға арналған кино түсіру тағы ойыңызда бар ма? Мағжан жайлы мәселен, Шәкәрімнің трагедиясы қандай!

– Қазір армандап, ойға алып жүрген идеям бар. Жиырма төрт жасында Совет Одағының халық әртісі атағын Сталиннің қолынан алған, қырық бес жасында өмірден озған Күләш Байсейітова апамыз жайлы кино түсірсем деймін. Сонда Сталин: – «Мен музыкаға жақын халық грузиндер деп ойлаушы едім, шынында, қазақтар екен», – деп мойындаған. Ол кісі де қазақтың маңдайына сыймай қырық бес жасында өмірден өтті. Шәкәрім жайлы идея да керемет. Одан соң Ыбырай Алтынсарин бар. Бұйырса, кезегімен іске асар.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Б.Сәрсенхан.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір