Еһ, жүрегім, жүрегім ұясындай араның…
31.01.2023
979
0

Ислам Қабулұлы

Бикеш?..

Құлазу – сағынышқа жұп.
Шексіз.
Опыну – жаңылысқа жұп.
Ретсіз.
Күнәңіз – нәпсі ұялас.
Тексіз.
Сұлулық айна алдында тұр.
Бетсіз.
Ойларың – дертіммен үндес.
Өрер.
Үмітің – көркем гүлдей-ақ,
Семер.
Жолдарың – баянсыз түстей.
Көрер.
Үрейің – қалтырайды осы,
Неге?
Ақиқат – құмыққан дауыс.
Әлсіз.
Жұбаныш – көзіңдей өлген,
Нәрсіз.
Ниет – сәбидей аңғал,
Қамсыз.
Бұл дүрмек – жалғыздығымдай,
МӘНСІЗ!
Бикеш?!
Жұпсыз ба едіңіз,
ал сіз?

Сүлдер

екіге жарылған болмыстың көзімен,
тағдыр құлыбындағы тесікке үңілдім.
күйгелек мінезім уақыттың тезінен,
сүрінген кезінен,
қармаққа іліндім.
неліктен?!

құлағым ызылдап, жалғыздық шуынан,
кеудеме сәулесі құйылып көктемнің,
құпиялы қатпардың жанына сұғынам!
тұншығып, дүниенің құрсағын
тепкенмін…
о баста
тарыдай шашылған әлемнің,
салдары – тым ауыр,
себебі – тым жеңіл,
күнәсін ортақтай жөнелдім.
күндедім жазықсыз ойларды,
бұлдадым еркімді
не үшін?!

сыр сауып, қабағы қатулы қаладан,
көшелер – болмашы образға айналып,
толассыз жүрістер жасаймын жаңадан,
(өйткені ол – алпыс екі айлалы).

ойнайды әлдекім, түрткілеп, миымда,
жауынның астында, мекенсіз,
бұрылыста,
көлікте, саябақ, бейуақ, жиында,
бөлмемде, қиылыс, кафеде, бұрышта..

шекемнің тамыры солқылдап, тырысып,
үрей мен үміттің,
сенім һәм күмәннің,
жарық пен тұманның,
өң мен түс арасында адасқан дерекпін.
көлеңкем көшеді жылысып,
сырылы ауырлап ауаға жайылар
таң ата деміккен теректің.

көмейім күмілжіп,
аяғым тартынып думаннан,
тілімнің ұшында күрмелді – еркіндік.
әуеннен жалықтым қайтара тыңдалған,
біз нені өлтірдік?!
неліктен?
* * *
оның бейнесі,
оның күлкісі,
оның елесі
ми ішін кезер түтіндей ырғала билеп,
шілтері күлгін көйлектің
желмен желбіреп,
кірпігіндегі күн тамшысы
бұлттарды түйреп.

сүйріктей саусақтарымен
қолымнан сүйреп,
құпия толы қарасы нәзік қытықтап,
алқынған ақкөбік толқын балағында еріп,
тулаған теңіз тынысы сағағын өбіп.

естияр сәуле тұманнан нұр шашыратып,
көз ұшы көне шаһарлар тұрса мұнартып,
жаһанды шарлап,
төрт дүние қақпасын ашып,
қарлы шыңдарды,
аспалы көпірлерді асып.

сексеуілдің шоғына тағдыр қайнатып,
бархан құмның бауыры табан қыздырып,
тау-тасты, жота-жыраны
жаңбыр жайратып,
қолшатырымның астынан
қарар ма үздігіп?

қарар қыз күліп, ақпандай
санамды ызғырып,
ләуқи-қиялым құлпырған
кескініңді әрлеп,
бояулар сөйлей жөнелсе кенептен сусып,
жаныңды Күзге ұзатса, теректер сыңсып.

қалуға құмбыл төбеңе жұлдыздар қонып,
кезеңдерге аттар келесі талғам серпіліп,
жүзіңе тұнған шаттықтың сесін сезініп,
пернесін қайтем көңілдің
талған шертіліп?

кеудеңдегі үміт бүр жарса
қылтанақтанып,
түйсігім түсіңе құлар сырғанап барып…

Катарсис

Кір-қабырғаның күңіренер,
даусы қарлығып,
Кірсіз не қалды? Көше де, көшедегі адам?
кір шалған жүрек,
кіршеңдеу қала ғұмыры,
шарасыз шамның жарығы таусылар күні?
Өше ме? Көше ме одан?
ғаламның кірі.

Әр қауым – ақыретінің құсни-құрдасы.
Таңдауым табалдырықтан
таңырқай қарап,
игілігіме іштей мән үстеймін несін?
Мұз қатқан кірпік ұшында
жаным тайғанап.

Әйнегі – айғыз автобус, ағылған көлік.
Мүсіркеп, жанай өтеді көздер қарасы,
дінімнен безіп, қаралай қағымнан жеріп,
кемдік пен теңдік өлшемім өзгерді арасы.
Мезгіл әуені,
Вивальди!
Үскірік – толғам.
Сұп-сұрғұлт, суық шаһарда
сүйретіп тәнді,
арылу,
аңсау,
тазару.
Қыстығып қалған,
кеңістігімді саз билер, күйретіп Мәнді.

Ауышу

жабылған жала, тағылған айып,
сабылған сана, арылған уайым,
ұжданнан аттау, уәдеден таю,
жұқарған жүйке, азапты ойын.

қамырық кеуде, сағынып демде,
тілемсек нәпсі, сұраншақ – мәжбүр,
тарқаған базар және кептеліс,
табанды тоздыр, жазмышты жазғыр.

түйілген қабақ, иілген көңіл,
кие өлген қала үрейдей төнер.
ағыл да тегіл, арқырап төгіл,
ескідей жаңар, жаңадай көнер.

сенімдей сөгіл, үміттей үгіл,
шараптай ішіл, шылымдай шегіл,
мәніне зер сал, қарашығына үңіл,
бізге дейін де сүрілген Өмір –

сүйілген ерін, жүрілген жолдай,
келуің ұзақ, кетуің қысқа.
қолыңнан келсе тағдырыңды алда,
бұрылыс жаса, күтпеген тұста.

безерген жанар, кезенген саусақ,
жер тепкен өкше, ерте өткен марқұм,
күнәға таяу, жүректен алшақ,
Шымшыған аяз, неге тым салқын?

Көше. Көктем. Көңіл

Шыжалақтап қарайды,
құлын жерге Бие күн,
Көкжиекке матырып, кемсеңдетер Иегін.

Албыраған алмадай, көгілжіген көктемдей.
Сұлу өтсе алдымнан
көңіл қайтсін дерттенбей?!
Салған әні құстардың руxтардың тілі ме?
Аяғыма төгілген тал шыбықтың бүрі ме?

Көркем әні құмырдың
ұзай-ұзай көкке енді…
Көркем әні құмырдың
шақыра ма көктемді?

Қыз көктеммен қауышты,
кеберсіген ерінім,
Сағыныштан сарсылтты,
қылаң кербез елігім.

Жер ананың көйлегі
ақша бұлт па кәлүңгір?!
Майда қоңыр самал жел
аялардай тәніңді..

Мазам қашты күңгірлеп,
көңілдегі қоңырау,
Кімді, нені жоқтайды?
Жүрек неге саңырау?

ЕҺ жүрегім, жүрегім ұясындай араның,
Талақ етер ме екенсің бұ күнәһар қаланы?

Ностальгия

Бұл әуен есіме салады өткенді,
Ескі уақ,
Ескі үй.
Зарыға күттірген буалдыр үміттей
көктемді.
Бозамық сәріде ең соңғы сілемі
Жылжыған тұмандай қаланың төсіне,
Ең соңғы шылымын тұтатып баратқан,
Маскүнем ақынды салады есіме.
Метро алдында Шәмшінің әндерін,
Шырқаумен күн кешкен.
Ғасырмен тілдескен,
Дорбасын асынған,
Тағдырға бас ұрған,
Қайыршы қария түседі есіме.
Көкекті көшенің бойынан арылмас,
Ескі бір досымды, сағыныш сарындас,
Көмескі көрініс,
Сүреңсіз сәттерді…
Аяқсыз дастандай,
Баянсыз шағымдай ол менің.
Ұзатып салған сол сұлуды,
Мен қайтып көрмедім.
Келмеді…
Құлаққа талықсып жетеді ән демі…

Сәулеге еліту

Ай сәулесі қытықтап тереземді,
қалам ұшы тілгілеп түн түнегін.
ой кермегі кептіріп кенеземді,
ақ сезімнің күткендей сіркіреуін.

қыздиярлы бақтарда адасқанда,
жол нұсқаған – екі айырық, күлдібадам.
ыздияды жұлдыздар қара аспанда
айызымды қандырып, күлдім оған.

зәулім үйлер ұялып қарамайды,
күнәліні көруші Тәңір ғана.
жамылғысын жел ашқан қарағайдың,
көлеңкесі билейді қабырғада.

жел сазына билейді, жапырағы,
сөлекеттеу қимылы ербеңдейді,
бір бозбала тамсанып отырады,
бойжеткеннің көздері жер көрмейді.

жапырақ-қыз биіңді тарту еттің,
шашыңнан ай сәулесі төгіледі.
өмір деген ең әсем портреттің,
обыр-уақыт жиегін кеміреді.

ай тұмсығын жасырып маядай түн,
таң уызын тамызды таңдайыма.
күлімсіреп жанымды аялайтын,
жалғыз сәуле жығылды жар бойына
жалғыз сәуле тығылды тал бойына…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір