ЖАҒАЛАУЫН ТЕПКІЛЕГЕН ТЕҢІЗДЕЙ, КЕУДЕМДІ ҮНСІЗ ТЕПКІЛЕЙДІ ЖҮРЕГІМ
Хантәңірінің биігіне қарап, арманға құлаш сермеген
Мен туған сол топырақтан Жанайым Ауғанбайқызы деген ақын қыз шығыпты. Тағдыры бізге ұқсастау. Ол да – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде арғы бетке ауып кеткен қазақтың ұрпағы. Тәуелсіздік жылдары атамекенге, тәуелсіз Қазақстанға оралған.
Мен «Қайран Талқы таулар-ай, биік неткен!» деп, Талқының биігіне қарап өссем, ол Хантәңірінің биігіне қарап арманға құлаш сермепті.
Хантәңірдің биігіне қарап өскендігінен бе, өрт мінезі мен өжеттігі, еркелігі өзіне жарасып тұрады екен. Бұл мінезі өлеңдерінен де байқалып тұрады.
Сол туған жерінде жүріп алғашқы өлеңдерін жаза бастаған жас талапкердің студент кезінде «Студент дәптері» деген алғашқы жыр жинағы шығыпты. Өзі мені жасөспірім кезінен біледі екен.
1988 жылы туған жерге барған сапарымда сонда шыққан «Сағыныш саздары» атты кітабымды сол кезде оқыпты. Маған таныстық білдіріп, жүз бетке жуық қолжазбасын беріп, оқып шығуымды сұрады.
Өлеңдерінен автордың өзінің концепциясы, өмірге, қоршаған ортаға деген көзқарасы, сезімі айқын байқалады. Туған жерге, ата-анаға, сүйген жарға, перзентке деген махаббаты ересен. Әйел жанының ішкі «меннің» көңіл күйі, жан әлемі ана ретінде де, жар ретінде де жақсы ашылады.
Қолжазбаны шолып оқығанымда, одан байқағаным, ақын сезімінің шынайылығы, жүрегінің адалдығы, сөзінің өткірлігі. Оның өлеңдерінің арқауы – баста айтқнымыздай, адал махаббат, іңкәр сезім, достық пен сүйіспеншілік, былайша айтқнда, адамның асыл сезімдері.
«Ақынсың деп айтпаса да мені ешкім,
Оқи жүріп ақындармен теңестім», – деп Мұқағали ақын жырламақшы, баспасөзде жиі көрінбесе де, оқи жүріп ақындармен теңескен ақын қыздың өлеңдерін оқып отырғанда, кезінде ұлы Әбекеңнің – Әбділда Тәжібаевтің Мұқағали Мақатаев туралы: «Әрбір жаңа ақынның дүниеге келуі, жаңа жаз келгендей қабылданады» деген сөзі есіме түсті. Біз Жанайым ақын туралы да осылай деп айтсақ, еш әбестігі бола қоймас. Біз де қазақ поэзиясына жаңа есімнің келіп қосылғанына қуандық. «Өлеңге әркімнің де бар таласы» демей ме данышпан қазақ.
Қазақ поэзиясының салқар көшіндегі қадамыңа сәттілік, айналайын!
Саған менің жасымды да, жолымды да берсін!
Марфуға АЙТХОЖИНА,
ақын,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Жанайым Ауғанбайқызы
Өлең сені сүйгенім сонша,
Дүрсіліне жүректің
қосып алғым келеді.
Құс жолынан қарсы алып тосып алғым келеді.
Құштарлығым үдеген
құдіретке кіріптар,
Періште мен перінің
досы болғым келеді.
Өлең сені сүйгенім сонша,
Сезімдермен сұрапыл
арпалысқым келеді,
Арманымның көгінде
аңсап ұшқым келеді.
Ұлы мұхит болса да,
кешіп өткім келеді,
Кәусарынан махаббат
тамсана ішкім келеді.
Өлең сені сүйгенім сонша,
Он сегізбен қайтадан
өбіскім де келеді,
Көктемімен жастықтың
көріскім де келеді.
Көкірегімнің терезесін
айқара ашып арманға,
Елшісімен махаббат
келіскім де келеді.
Менің бала кездегі,
Өзім болғаның үшін де,
Тамырымдағы сол бұла,
сезім болғаның үшін де.
Күнәдан таза сәбидей,
кезім болғаның үшін де,
Өзім болғаным үшін де,
Өлеңім сенің ішіңде.
Мен сені сүйем өлең!
* * *
Жүрегімнің қысылғаны –
Бұлтты аспанның күркірі.
Кірпігімнің ұшындағы,
Қайғы-мұңды сілкіді.
Жүрегімнің жабыққаны –
Найзағай көк тілуі.
Бұл жалғанның жарық таңы –
Шындықтың өмір сүруі…
Жүректердің қасіреті –
Соқырлығы жанардың.
Мейірімнің қасиеті –
Тыныштығы ғаламның.
Жүрегімнің тамшылары,
Нұрға бөлеп жер жүзін.
Кеудемнен бір ән шығады,
Жүректердің ерітеді ол мұзын…
Жүрегімнің асыл әні,
Жаңғырады аспанда.
Бір жарыққа асығады,
Дейді бір күш,
жасқанба…
* * *
Бұл өмірдің қалтарысын
көп көргем,
Көп көрсеткен тағдырымды
жек көрмен.
Өмір менің жесір жеңгем сияқты,
Ащысын да, тәттісін де жеп көрген.
Бүгін бәрі, бәрі – ғажап тамаша,
Бәрі биік, білінбейді аласа.
Бұрын маған көрінбейтін
шың құздар,
Бәрі кербез, қарайтындай жаңаша.
Аязы да бұл өмірдің жып-жылы,
Көз алдымда өткен өмір жылжыды.
Дауыл соғып
жауын шайған тамырын,
Мен өмірдің сияқтымын бір гүлі.
Мен де солам бір күні…
Өмір солай мен ән салсам, билейді,
Мен күйресем, өмір бірге күйрейді.
Мен қазықпын,
өмір маған байланар,
Мен сүймесем, өмір мені сүймейді,
Өз өмірім өзімді өрге сүйрейді.
* * *
Табынып жырдың тәңіріне,
Ләззатын татам, дертін де!
Жүрекке жүрмей әмір де,
Сезімге жүрмей сертім де.
Махаббатым өз қолымда,
Еркіндігім де өз еркімде.
Өлеңнің шылбыр-тізгінін,
Жаратқан маған берсін де!
Алысқа жетіп ізгі үнім,
Шыққан күн мені көрсін де!
Күрсінбе, жаным күрсінбе!
Тілдесіп сиқыр тылсымға,
Ғарыштан қуат аламын.
Жанымның жалғыз қалауы,
Өлеңім өлмес мүлкім де!
Жастығымның жалауы,
Серігім адал бұл күнде.
Оралам қайта қалпыма,
Өлеңім – менің ғашығым,
Әуені қалар артында,
Жүрегімдегі асылым!
* * *
Мөлтілдеп тамшы жырларым,
Шөлдеген қағаз бетінде.
Жылыстап кеткен жылдарым,
Әжім боп қалды бетімде.
Күй болып жырым кеудемде,
Өмірдің мұңын шертуде.
Самұрық шабыт келгенде,
Қозғалар менің дертім де!
Білмеймін қайда барамын,
Өмірдің кілтін таппадым.
Ізіме үнсіз қарадым,
Қаншама жолды таптадым.
Арман боп қалған күндер-ай,
Алдыға кетіп барамын.
Алдады мені күн мен ай,
Білесің бе оны, қарағым!
* * *
Толқын келіп жағаға ұрса жай ғана,
Сен де мені толқын боп кеп аймала.
Мен отырам жағасында сені ойлап,
Ай қарайды теңіз деген айнаға.
Толқын келіп ұрғыласа жағаны,
Жүректегі қозғайды ішкі жараны.
Қарашы әне, менің бала арманым,
Сол толқынмен бірге
қайтып барады.
Менде толқып, тебіренем тереңнен,
Сол тереңнен және өзіңді көрем мен.
Теңіз толқып жағаны
ұрды дегенмен,
Жан толқыным жүрекке
ұрар өлеңмен.
Жағада құм, табанымды күйдіріп,
Тамырыма жылу берді ол идіріп.
Қолдан келсе алар ма еді,
шіркін-ай,
Көк теңізді көкірегіңе құйдырып.
Құмы да ыстық, жағасы да
жылы оның,
Түсімде де теңіз кешіп жүремін.
Жағалауын тепкілеген теңіздей,
Кеудемді үнсіз тепкілейді жүрегім.
* * *
Үнсіз ұзақ күрсініп,
Көк теңіздің өтінде.
Сезімдерім тұншығып,
Мен отырмын шетінде.
Кейде теңіз шулайды,
Арнасынан аса алмай.
Кейде жүрек тулайды,
Ентігін бір баса алмай.
Тоқтамайды тулайды,
Жүрегімнің қанындай.
Бір орында тұрмайды,
Менің бала шағымдай!
Теңіз, теңіз, тереңсің,
Білінбейді аққаның.
Жамандыққа кереңсің,
Тағы ешкімді сатпадың.
Аспанға тік қарайсың,
Теңіз қандай батылсың?
Бәрін бірдей санайсың,
Сырыңды айтып жатырсың!
* * *
Кетпеші, көктем,
жанымнан жырақ,
Жастық дәуренім табылған жұмақ.
Кіршіксіз сыйы Тәңір сыйлаған,
Жауһардан жинап, лағылдан құрап.
Қызыққа толы қиял әлемім,
Тұмса сезімім тұмар өлеңім.
Сағыныш сазы жанын тербеген,
Нәзік жүректі ұяң боп едім.
Жапырақ шулап мазамды алатын,
Күз келсе көңілім алаң болатын.
Ғашық жүрегім кеудеме сыймай,
Ғажайып сәттер ғазал жазатын.
Кіршіксіз көркі мөп-мөлдір өңі,
Көксеген көңілім кек сеңгір еді.
Жетелеп мені жерұйықтарға,
Сергітші мені көктемнің лебі.
ПІКІРЛЕР5