АУЫЛ ХАЛҚЫНДА АҚША ЖОҚ КЕЗДІ БАСТАН КЕШТІК
21.12.2021
473
0

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толып отыр. Осы жерде «отыз жыл деген не тәйірі, адам бұл жасында не бітіреді,  әлі нұрлы күндеріміз алдыда…» деп көсіліп кетсек болар еді, бірақ, айтуға әрдайым оңай ғой. Шынтуайтында, Қазақстан бұл 30 жылда көп нәрсеге қол жеткізіп те, біраз нәрседен кешігіп те қалды…

Жалпы, Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы жағдайды қазір жылы сезіммен еске алу қиын шығар. Өйткені, халық та, мемлекет те аса ауыр кезеңнен өтті. Өтуі тиіс болды. Шүкір, өткердік. Бүгінде саяси билік сол бір қиын кезеңді «Бәріңнің жағдайың өте ауыр болған. Біз одан сендерді аман-есен алып шыққанбыз…» деп бұртиған үй иесінің баласы сияқты жиі еске салып тұратыны болмаса, тұтас ұрпақ тым носталгиямен өмір сүрмейтіні анық. Оның үстіне, біздің буынның қалыптасу кезеңі тура сол жылдарға тап келгені бар. Яғни, ел қатарлы екі есе қиналған ұрпаққа ол күнді еске алу қаншалықты ауыр болса, Тәуелсіздіктің жемісін көру одан бетер аяулы бола түспек. Әлі есімде, бұрынғы Семей облысының алдыңғы қатарда жабылған Шұбартау ауданының тұрғындары тек төрт түлік малға ғана арқа сүйеп отырған еді. 1993-1995 жылдары ауыл ішінде нақты ақша болмай, қалада оқитын студенттердің жол қаражаты табылмай қалғанын көзіміз көрді.

…Қазақ  Тәуелсіздікке не берді? Яки, біз Тәуелсіздіктен не алдық? Отыз жыл ішінде осы екі сұрақтың жауабы толықтай айқындалды деп ойлаймыз. Ел ішіндегі бірқатар әлеуметтік проблемалардың әлі де шешімін таппай отырғаны, тілге, басқа да ұлт саясатына қатысты қазақ ұпайының түгелденбей жүргені… бәрі, бәрі біздің Тәуелсіздік жолындағы құрбандығымыз бен алғаусыз қызметіміздің көрінісі деп білемін.

Сүйінерлігі, осы аралықты мемлекет дамуы қалыпты деңгейге жетті, экономика тұрақтанды, ұлттық буржуазия қалыптасты. Бұған бейбітшілік қағидатына сай болашаққа ұмтылу мен мәдени бағыттағы әлемді тану мен ғаламға танылу ісінің ілкімділігін қосыңыз. Тәуелсіздіктен алған сыйымыздың да бір парасы осы болса керек. Әрине, өкінішке қарай осы кезеңде жоғалтақынмыз да бар екен. Тіпті, қауіпті әдеттердің ізі көріне бастағаны жасырын емес. Мысалы, жемқорлық індетінің дендегенін, сол арқылы мемлекет имиджіне нұқсан келіп отырғанын да айтуымыз керек-ақ.

…Тәуелсізідкті көздің қарашығындай қорғауымыз керек дейміз. Меніңше, қорғау, қызме тету деген өз қолыңнан келетін істі қапысыз атқару болса керек. Қаламгер лайықты шығармасын жазу арқылы азаттықты баянды етуге үлесін қосады. Сол сияқы, сауатты, саламатты, білімді ұрпақ өсіру арқылы да ел болашағына қызмет қылу уәжіп қой.

Қысқасы, ендігі жерде мемлекет мүддесіне қайшы жасалған әрбір қадам әлем картасындағы дамушы елдер қатарынан ойып тұрып орын алған Қазақстанның абырой-беделіне нұқсан келтіретінін бір кісідей ұғуымыз керек. Мұны коррупционерлерге қатысты айтылған сөз екен деп қалмаңыз, әркімнің ұстаным осы болса екен дейміз…

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, ақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір