Ленин, Сталин, КПСС деген атауларды көргенде еріксіз таңырқаймыз
20.12.2021
1214
0

Менің балалық шағым тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өтті. Айналаны енді танып-біліп келе жатқан баланың санасына үлкендердің тұрмыстағы әлеуметтік проблемалары, қиналысы, уайымы барынша әсер ететіні белгілі. 1995-1996 жылдары мектеп балаларының сатып алып киюге мектеп формасын таба алмауы, оқулықтардың жетіспеуі, ауылдың ұн, ет, картоп сияқты азық-түлікті іздеп кеткен кездері есімде. Егістікте жалданып жұмыс істеп жатқан өзбектерден етті ұнға айырбастаған кезіміз де болған. Қолда ақша бар, бірақ ұн табылмайтын. Бәрінен де менің жанымды жаралағаны, қазақ тілі оқулығын әр тоқсан сайын сатып алып оқитынбыз. Жылдам барып сатып алып үлгермесек кітап бітіп қалады. Одан кейін ауысып оқып немесе тапсырыс беріп алдыртатынбыз. «Қазақ тілін» сатып алып оқып жатқанымды түсімде көрген сәттер болған. Одан кейін жағдай ақырындап түзеле берді. Бәлкім, жоғарыдағыдай әлеуметтік тапшылықтар жағдай қалпына келе бастағаннан кейін, үлкендердің күлімсіреген жүзін көргеннен кейін жасырын немесе мәжбүрлі түрде біздің бейсанамызға орнығып та қалған шығар. Миымыздың түпкі қабатына жасырынған ондай «естеліктер» есейгенде де біздің әрекеттерімізден тосыннан байқалып жатады. Ауыл-аймақтағы шаруа адамдары ол кездерде тәуелсіздік жайлы қазіргі біз сияқты көп ойланып, әңгімелей бермейді ғой. Шаруаға таңертең кіріскен жұрт кешке төсекке жете қисая кетеді.

Қазіргі біздер сол жылдарды бастан кешкендіктен және үлкендердің «аса қамқор» болғаны себепті болашақ жайлы көп уайымдаймыз, қамданамыз және соған асығыс дайындық жасаймыз. Отбасы бізді барлық нәрсеге дайын болуға мәжбүрледі. Біз деймін, негізі мұндай психология қазір айналамызда өмір сүріп жатқан көп қазақтың бойында бар. Ой-санасы еркін адамдар «өзіңнің ұнатқан ісіңмен айналыссаң өнімді, сапалы жұмыс істейсің» деп жиі айтып жатады ғой. Ал біздің ұрпақта ондай принцип те болған жоқ, болса да кейінірек түсініп жатты. Әйтеуір, өзіне қажетті-қажетсіз оқуды, істі, жұмысты таңдады. Әлі де сол жұмыстарын істеп жатыр.

Тәуелсіз мемлекетіміздің атазаңы бар, ресми тәуелсіз мемлекетпіз, тәуелсіз кезеңнің ұрпағымыз деп ерекше қуанамыз. Шын мәнінде, тәуелсіздік – бағалы, басты құндылық. Аз бөлік болсақ та қазақша сөйлегенге не жетсін… Қазақша жазамыз, сөйлейміз, ойланамыз, армандаймыз. Бұл қабілет пен менталды үдерістердің жеке бойымда қазақша жүзеге асқанына бақыттымын. Бірақ осылай айтқаныммен, менің тамырым – отбасым, ұстаздарым, қоршаған ортам, оқыған кітаптарымның авторлары Кеңес кезеңінің өкілдері болғандықтан, санам толық тәуелсіз деп есептеуге келе ме?.. Мен әрқашан тәуелсіз болуға, еркін көзқарастағы адам болуға тырысамын. Өзімді Кеңес кезеңі мен тәуелсіздіктің аралығындағы буынмын деп есептеймін. НАҒЫЗ тәуелсіз ұрпақ, бәлкім, бізден кейін туатын шығар.  

«Аралық буын» болғанның да ақыл-ойға тигізетін теріс әсері көп. Өзіңнің меніңді, өзіңнің миссияңды айқындауға, өзіңді іздеп табуға тура келеді. Айналамдағы үлкендер – кеңес кезеңінің өкілдері, орыстілділер, қазақтілділер, діншілдер, атеистер, қалалықтар, ауылдықтар, жаңа көзқарастағы жастар – бәрі менің ортам. Ортасында мен өмір сүремін. Әр орта менің болмысыма, көзқарасыма, қарым-қатынасыма әрқалай әсер етеді. Әрқайсысының өз құндылығы бар. Бойымызда қоспа құндылық пайда болады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, сол кездегі қазақтың әлеуметтік тұрмысы, саяси жағдайлар жайында өзім оқу бітіріп, әдебиетті зерттеумен айналыса бастағанда түсінгендеймін. Егер түсіне алған болсам… Тұрысбек Сәукетаевтың «Мен жындымын» деген романын оқығанда тәуелсіздік жайлы, қоғам жайлы жаңа түсінік пайда болды. Серік Асылбекұлының «Желтоқсан желі» драмасы (әңгімелері де бар), Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек», Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романдары, Шерхан Мұртазаның әңгімелері тәуелсіздіктің қалай келгенін, сол тұстағы қоғам келбетін сезіндіре түсті. Жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің көп шығармалары тәуелсіздік кезеңдегі қазақтың бет-бейнесін терең ашып көрсеткен. Басқа да әр жанрда Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі күйін, жағдайын бедерлеген көп шығармалар жазылғаны белгілі.

Зерттеу ортасында жүргеннен кейін әңгіменің бір ұшы ғылыммен ұштаса береді. Өйткені өнерді зерттейтін ғылым тәуелсіздік туралы әртүрлі көзқарастарды түсінуге септесті. Қазіргі біздің әдебиет пен басқа да өнер түрлерін зерттейтін қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарда «Тәуелсіздік кезеңі» дейтін арнайы бағыт-бағдар қалыптасқан. Осы саладағы қазақ ғалымдарына риза болатын бір себебім, олар қандай сападағы еңбек жазса да әдебиет арқылы ұлттық бірегейлік пен құндылықтарды түсіндіруге талпынды. Біз Р.Нұрғали, М.Мағауин, А.Ісмақова, А.Шәріп сынды жазушы, ғалымдардың еңбегінен қазақ, ұлт деген ұғымды, оның өткенін оқып-түсіне алдық. Кеңес кезеңіндегі қазақ-совет әдебиетін зерттеген еңбектерді оқығанда әр жолдағы Ленин, Сталин, КПСС деген атауларды көргенде еріксіз таңырқаймыз. Біздің көзіміз, болмысыз бұл атауларды ұғынуға бейімделмеген. Қынжылтатыны, Кеңес кезеңіндегі әдебиеттанудан мұраға қалған бір «дәстүр» – әдебиетті зерттейтін ғылыми еңбек жазып отырсақ та құжаттарға көп сілтеме жасаймыз. Бұл сілтеме жасалмасын деген сөз емес, қажет тұсында жасалуы керек. Қажет болса ғана. Тіпті, бұл кейінгі бізге де, менің ғылымдағы замандастарыма да жұғып жатыр. Қоғамдық сананы осыған өзіміз мәжбүрлейміз.

30 жыл бұрын халқымызға келген тәуелсіздікті ары қарай баянды ету үшін әрбіріміз әр салада жауапкершілікпен жұмыс атқарып, сапалы, өнімді еңбек етуіміз қажет. Менің түйгенім, жауапкершілікпен атқарылған жұмыс қоғамды бейберекеттіктен – хаостан құтқарады.

Тәуелсіздігіміз баянды, байрағымыз мәңгілік желбірей берсін!

АЙНҰР АХМЕТОВА,

әдебиеттанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір