ЕРІКСІЗ МИГРАНТ­ТАР. ЕЛ ІШІ АЛАҢДАУЛЫ…
30.09.2022
616
0

Әлем назары қазір Ресей – Украина соғысы, Ресейдегі ішінара мобилизацияда болса, одан қашқан ресейліктердің Қазақстанға ағылуы еліміздегі басты тақырыпқа айналды. Әлеумет­тік желілерде, БАҚ бет­терінде бұл туралы әртүрлі әңгімелер жұрт көңіліне алаң салды. Жұрт пікірі екіге жарылды.

Бірі «оларға көмектесу керек» десе, тағы бірі «ресейлік азамат­тар елдің әлеумет­тік жағдайына кері әсер етіп, тіпті арасында сепаратистердің болуы әбден мүмкін» дегенге саяды. Жалпы Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін еліміздің әлеумет­тік жағдайына соққы болғандай әсер қалдырды. Ғаламторда тараған бейнежазбаларға қарап, студент­тер мен пәтер жағалап жүрген қазақстандықтардың жағдайы күрт нашарлап кеткенін көзіміз шалды. Ипотекаға пәтер алғанын алға тартып, еріксіз мигрант­тардың есебінен банктегі несиесін жауып аламыз деген пәтер иелері отандастарымызды қуып шығып, пәтерақыны үш-төрт есе көтеріп, бас пайдасын ойлап, студент­тер мен пәтер жалдаушыларды далада қаңғытып қойғаны тағы бар. Қалай дегенмен бұл дәл қазір шешімін табуы тиіс түйткілді мәселе екені анық. Күз келгелі пәтер мәселесі онсыз да талай қазақтың қасіретіне айналып үлгеріп еді. Көшеде қонған студент­тердің жағдайы енді мүлде күрделене түскендей. Бұл қашқындармен бірге келген мәселенің бір парасы ғана.

Қазақтың күні не болмақ?

Бұған билік қамсыз қарамауы керек. Елдің әлеуметтік жағдайы келімсектердің кесірінен төмендеп, қымбатшылық одан бетер асқынса, халықтың көңілкүйіне әсер ететіні сөзсіз. Ал нара­зы халықтың нендей әрекетке бара­тыны айтпаса да түсінікті. Желі қол­дану­шысы Нұрлыбек Рахмановтың жазға­нына қарасақ, ол біздің шекарада 10 минут, ал Ресей шекарасында 1 сағат 40 минут кезекте тұрған. Біздің шекарада дүрбелең жоқ. Майдан алаңынан ат-тонын ала қашқан ресейліктер шекарада ұзын-сонар кезекте. Қашып келгендердің дені 35 жасқа жетпеген жастар екен. Тамбов, Нижний Новгород, Ульяновск, Самара қалаларының тұрғындары Ресей­дегі саяси жағдайға қатты алаңдайтынын білдірген. Әңгімеге тартқандардың дені «Бұл – біздің соғыс емес, бұл – басқыншылық» деп жауап берген. «Халықтан полиция қызметкерлері көп, наразылыққа шыққандарды дубинкамен төпелеп, әйелдерді қоса сабайды. Қарсылық танытқандардың беті қайт­ты» деп, билікке өкпесі қара қазандай екенін де жеткізген. Ал жиырма жастағы баласын жетектеп, шекарадан шығарып жіберген әкесі: «Путинді де түсінуге болады, Америка жақындап қалған соң, амалсыз соғыс бастады», – депті… Бұл жағдай да жас адам мен егде жастағы ресейліктердің, ғаламтор мен федералдық телеарналарды көретіндердің арасында жер мен көктей айырмашылық бар екенін көрсетеді емес пе? Ресейдегі буын аралық түсіністіктің жоқтығы, елдегі моральдық жағдайдың нақ көрінісі осы десек те болар.
Дегенмен дархандық танытып, бір жылда 1,6 миллион (мөлшермен) ресейлікті қабылдаған Қазақстанға соңғы жылдары қанша қандас көшіп келді? Бұл тұрғыда біз биыл Моңғолия мен Қытайдан, Өзбекстаннан, Ауғанстаннан келгендердің саны осы бір жылда келген ресейліктерден анағұрлым аз екенін білеміз. Тіпті ертеректе көшіп келген қандастарымыздың баспана таппай, таяғына сүйенген қариялардың өзі әкімдіктердің табалдырығын тоздырып, қол орамалымен көз жасын сүртіп, «қыс болса келіп қалды, басымда баспана жоқ» дегенін де естіген құлақ бұл. Естиміз де, ресейліктерге нан-суын тасимыз. Бұл дархандық дегенді қойсаңшы. «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі». Қайда қарасақ та жапа шегетін қазақ секілді көрінеді де тұрады. Оған да етіміз үйреніп кеткендей. Көшіп келе алмай жүрген қандастарымыз, әсіресе Қытайда қысым көріп, қашып келсе де «босқын» мәртебесін иелене алмаған қайран қазақты қайда қойдық?! Ресейліктер келді деп көше кезіп кеткен қазақтар, қымбатшылықтан зардап шеккен қазақтар әлеуметтік желілерде алдыңнан шығады да тұрады. Ал шенеуніктер «Мына жақта – Айдаһар, ана жақта – Аю» дейді де, арқаңнан қағып, шығарып салады. Көршімен тату болғанымыз жақсы ғой, бірақ біз де қонақ келсе басқа бөлмеде тамақ жейтін бала жаста емес шығармыз. 30 жыл тарих үшін түкке тұрғысыз уақыт болса да, біреудің жарты өмірі екені рас. Өз азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы бірінші орында тұрады деген Премьер-министрдің сөзіне сенеміз де, іспен дәлелдегенін күтуден басқа амал қалмады.

Министрлік не дейді?

Осыған дейін үнсіз отырған уәкілетті органдар да енді ғана мәлімдеме жасай бастады. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері Қазақстанға 1,6 миллион Ресей азаматы кірген. Ресми мәліметтерді жариялаған ҚР Ішкі істер министрлігінің хабарламасын да осы ретте беруді жөн көріп отырмыз:
«Қазақстанда мигранттардың келуі мен болуы Көші-қон қызметінің бақылауында. Шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібі заңмен реттеледі. Бірде-бір шетел азаматы көші-қон заңнамасының талаптарын орындамай, мемлекетіміздің аумағында болуға құқығы жоқ.

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін Қазақстан Республикасында болудың рұқсат етілген мерзімі мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап, ортақ ереже бойынша 90 күннен кейін аяқталады.
Мигранттарды тіркеуді ішкі істер органдары қабылдаушы тараптардың мәліметтері мен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шетелдіктердің кіруі мен шығуын есепке алатын Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінен бірыңғай дерекқорға уақтылы түсетін мәліметтері негізінде жүзеге асырады.
Статистикаға сүйенсек, биыл Қазақстанға 4,3 млнға жуық шетелдік келсе, 4,1 млн кеткен, оның ішінде 1 660 000 Ресей Федерациясының азаматтары келген және 1 640 000 кеткен. Олардың уақытша болуы есепте. Әрқайсысының төлқұжат деректері мен кіру күндері, олар туралы толық ақпарат бар. Көші-қон процестеріне мониторинг жүргізілуде. Ішкі істер органдары келушілердің белгіленген болу ережелерінің сақталуын бақылауда. Шетелдiктiң елде болу мерзiмi аяқталса, оған қатысты заңда көзделген шаралар қолданылады.
Бақылау барысында көші-қон заңнамасын бұзған 45 700 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 4200-і мәжбүрлі түрде Қазақстаннан шығарылды. Оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 3200 ресейлік жауап­қа тартылған. Бұл елге келген Ресей Федерация азаматтарының тек нөл бүтін оннан екі пайызын құрайды. Бұл статистика олардың Қазақстанда болу шарттарын сақтау тәртібін көрсетеді.
Егер оны бұзған жағдайда Қазақстаннан мәжбүрлеп шығару 5 жыл мерзімге елімізге қайта кіруге тыйым салу түріндегі қосымша санкцияны қарастырады.
Сол сияқты ішкі істер органдары шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібінің сақталуын уақытша тұруға берілген рұқсат негізінде бақылайды. Уақытша тұруға рұқсат шетелдiкке Қазақстан Республикасында заңда көзделген еңбек шарты, оқу, емделу және басқа да жан-жақты негiздерде болу құқығы беріледі.
Көшi-қон қызметi олардың тұрғы­лықты мекенжайы, тұрғын үйдің иесі және онда тұратын шетелдіктер туралы толық ақпарат бойынша иммиграциялық бақылауды қамтамасыз етеді.
Шекараны заңсыз өтуге, ел аумағында тіркеу үшін құжаттарды ресімдеу тәртібін бұзуға байланысты кез келген жағдай Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жолы кесіледі. Қазақстан Республикасының Көші-қон қызметі штаттық режимде жұмыс істеуде.
Шетелдіктердің, уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының заңдылықты сақтауын бақылау жүзеге асырылуда», – деді ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының м.а. Аслан Аталықов.
Иә, ресми статистикаға салсақ, ресейлік азаматтар құқық бұзушылыққа бармай, тәртіпті оқушыдай жүргенін аңғарамыз. Бірақ кейін не болмақ? Дәл қазір келіп жатқан ресейліктердің саны жыл басында санкциядан қашқан кәсіпкерлерден, қалталы азаматтардан бірнеше есе көп екені анық.

Заңгер: «Біз бәрін бетімен қоя бердік»

Санкциядан қаш­қан ресейліктер мен мобилизациядан қашқан, тепсе темір үзетін азамат­тардың арасында парық бар екенін де білеміз. Амалсыз қашып келе жатқандардың ақшасы таусылғанда не болмақ? Олар да жұмыс орындарына таласып, әлдебір қитұрқылыққа барып, осында қалуға тырысатындары да белгілі ғой. Украина мен Ресей арасындағы даудың нүктесі қойылмай, мобилизациядан қашқан ресейліктер отанына қайтуы мүмкін еместей көрінеді. Осы тұрғыда біз Қазақстанға келген ресейліктердің мәселесінде белсенділік танытып жүрген заңгер, адвокат Абзал Құспан мырзадан пікір алуды жөн көрдік. Заңгер бұл үрдістің құқықтық қана емес, саяси салдары болуы мүмкін дейді.
– Мемлекеттік органдардың енді-енді қимылдап жатқанын көріп отырмын. Жалпы, әшейінде қазақтың басына іс түскенде қозғала қоймайтын өз азамат­тарымыздың, еріктілеріміздің шұғыл жиналып, белсенділік танып жатқандарына қынжыламын. Неге десеңіз, бұл мәселемен жеке азаматтар емес, мемлекет айналысуы керек деген пікірдемін. Себебі Ресейдегі ішінара мобилизациядан қашып келгендер – бір адам емес, екі адам емес, миллиондаған ресей азаматы. Олардың бәрі дерлік әскерге жарамды, тепсе темір үзетін ер азамат. Біз, мына, Украинаның жағдайына қанық болып отырмыз. Оларда да осыған ұқсас жағдайлар болған. Украиналықтар да ресейліктерді қолына нан мен тұзын алып қарсы алған. Кейіннен, 24 ақпаннан соң, олардың көбі әскери екенін, неше түрлі белгілер салып, Ресей әскеріне көмектес­кенін де көрдік. Бұл ең болмаса бір жыл бұрын емес, биыл болған жағдай. Осының бәрін естіп біліп отырып, қарапайым халыққа соларды күтіп алуды сеніп тапсырып қою – мемлекет тарапынан үлкен қамсыздық деп айтар едім.
Оның екінші бір қыры бар, нақты әрі түсінікті болу үшін Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы бойынша мысал келтірейін. Соңғы мәлімет бойынша, Орал қаласына кемі 30 мыңдай адам келді дейді, өзім одан көп деп ойлаймын. Ал қала тұрғындарының саны – 300 мың. Жарайды, сол ресми статистикаға сенейік. Көші-қон қызметі мигранттардың қылмыстық және басқа да құқық бұзушылық жасамауына мүдделі, тексеруге міндетті. Олар елге кіріп, орналасқаннан кейін Қазақстан Республикасының заңдарына бағынуы тиіс. Енді қараңыз, 30 мың адамды 30 мың тұрғын бөліп алып кетті делік. Ал біз осыншама көші-қон қызметінің қызметкерін қайдан табамыз? Олардың саны саусақпен санарлық қана. Біз өзге елден келгендерді бақылауда ұстауымыз керек емес пе? Яғни, бұл жерде проблема шаш-етектен. Ал жаңағы мигранттардың саны Қазақстан бойынша 1 миллионнан асса, біздегі полицейлердің саны 1 миллион тұрмақ, 100 мыңға жетпейді. Осыдан кейін мұның қандай үлкен проб­лема екенін ойлап қараңыз. Сондықтан бұл мәселемен жеке азаматтар емес, мемлекет айналысу керек екенін басынан бастап айтып келемін.
Мысалы, әр қалада, облыс орталықтарында балаларға арналған жазғы лагерлер бар ғой. Олардың бәрі қазір бос тұр. Шекара асып келгендерді сол жерге орналастырсын. Азғантай ақысын белгілеп қойсын. Есесіне олардың бәрі бір жерде болады. Бір жерде орналасқандарға заңды түсіндіру де оңай, бақылау­да ұстау да оңай. Ал қазір біз бәрін бетімен қоя бердік. Қазір олар қайда жүр? Үйде жатыр ма, саяжайға орналасты ма, әлде ауылға кіріп кетті ме, кім біледі? Біреулер олардың ары қарай шетелге кететінін айтады. Оның бәрі шетелге өтіп кетеді деп кім кепілдік бере алады? Ешкім бізге кепілдік бере алмайды. Миллиондаған адамның белгілі бір бөлігі Қазақстанда қалады. Қандай мақсатпен қалады? Ары қарай олар не істемек? Келіп жатқанның негізі ер азаматтар. Олардың әртүрлі қажеттіліктері болады, әртүрлі қылмыстық, құқық бұзушылық әрекеттерге баруы мүмкін. Криминогендік жағдайға әсер етуі ықтимал. Жұмыссыздыққа да әсер етеді деуге болады.
Өзім Орал қаласынан болған соң, Орал туралы мысал келтірейін. Қазір ол жақта тұрмасам да, жағдайды естіп біліп отырмыз. Мысалы, «Оралдағы орыс ұлтының өкілдері пәтерлерінен қазақтарды шығарып, ресейлік азаматтарға жалға беріп жатыр» дегенді естудеміз. Осыған байланысты мен, «Ютуб» арнамда «Пәтеріңді босатпа!» деп үндеу жарияладым. «Шық» дегенге шығып кете беруге тиіс емес. Керек болса, сотқа берсін. Сондықтан мен бұл үрдіске теріс пікірдемін. Бұның бәрінің құқықтық салдары болады, болмай тұрмайды. Құқықтық қана емес, саяси салдары да болуы әбден мүмкін.
Содан кейін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 518-бабында, егер сырттан келген келімсектердің құжат­тары дұрыс болмайтын болса, сонымен қатар олардың келіп, сіздің үйіңізде тұрып жатқаны туралы тиісті уәкілет­ті органдарға уақытылы хабарланбайтын болса (заң бойынша 3 тәулік уақыт беріледі) онда үй иесіне де әкімшілік шара қолданылады. Айыппұл салынады. Соны ескерткім келеді, – деді Абзал Құспан.
Заңгердің айтқанының жаны бар. Бұл жағдайды мемлекет қатаң бақылауда ұстағаны абзал. Кейін зіңгіттей жігіттердің қылмысқа бармасына кім кепіл? Олардың қазір қайда тұрып жатқаны, пәтерді заң бойынша келісімшартпен жалдап жатыр ма, жоқ әлдебір қала сыртындағы саяжайдың бірінде ауызша келісіп қойып жатыр ма, кім білсін? Нақты кімнің қайда екені белгілі ме? Әлеуметтік желі тұтынушылары мен шекарада болғандардың айтуынша, шекарада оларға анкета да берілмеген екен. Ал өтерін өтіп алған соң, олар өз бетінше уәкілетті органдарға мына жерде тұрып жатырмын деп айта ма, жоқ па? Бұл да бір бас қатыратын мәселе екені анық.

«Президенттің пікірімен келісемін»

Ресейден ағылып келген еріксіз мигранттар туралы мақаламыз сыңаржақ болмауы үшін, біз қазақстандық орыс ұлтының азамат­тарынан да пікір сұрап көрдік. Ақын, Надежда Чернова елге келген ресейліктер заң жүзінде ғана Қазақстанда болып, кейін міндетті түрде Ресейге қайтарылуы тиіс дейді:
– Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Кім соғысқа барғысы келеді? Соғыс дегеніміз – компьютердегі ойын емес, соғыста кәдімгі қарумен атысып, адам өлімі болады. Ешкімнің өлгісі келмейді. Сондықтан оларды түсінуге болады. Украиналықтарды да, ресейліктерді де аяймын. Соғыстың болғанын қаламаймын. Екінші жағынан, олар отанына қызмет етудің орнына қашып жатқанын қабылдау да қиын. Бізде сондай жағдай болса қалай болар еді? Отан қорғап, соғысудың орнына, алды-артына қарамай қашып жатқандарды көргенде нендей ойда болар едіңіз? Қоғам да дизертирлерге теріс көзқараста болады ғой. Бұл тарапта мен ҚР Президентінің пікірімен келісемін. Ешкімге тиіспей, заң бойынша қабылдап, заңды тұрғыда жүруіне мұрша беру керек. Егер оларды Ресей сұратса, міндетті түрде қайтарып бергеніміз дұрыс. 90 күннің ішінде елде жүрген соң, заң бойын­ша еліне қайтуы тиіс. Ресейде оларға ішінара мобилизация туралы түсіндіру жұмыстары дұрыс жүрмеген сияқты. Олардың бәрі дерлік қашып жатыр. Әскерде болғаны, болмағаны бар бәрі дерлік шетел асып кетуге асықты. Ал ішінара мобилизацияның өзінің заңдылықтары бар. Соған сай келетін азаматтар ғана әскерге алынады. Соны түсінбегендері де үрейленіп, қашып жатқан сияқты. Бәрі заң жүзінде болса, олармен бірге лаңкестер де бірге өтіп кетпесе болғаны, – деді Надежда Чернова.

Ал ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Василий Шупейкин оларды не мигрант, не босқын деп атауға келмейтінін алға тартты. Жазушының ойынша, бұған ішінара мобилизацияның дұрыс орындалмауы себеп болған.
– Бұларды қандай да бір топқа жатқызу қиын. Себебі миграция дегеніміз – халықтың үдере көшуі. Босқын деуге де болмайды, себебі Ресейге ешкім шабуыл жасамады, ешкім бомба тастаған жоқ. Сондықтан оларды жапа шеккен «босқын» деп атай алмаймыз. Қазір қашып келіп жатқандарды белгілі бір атауға кіргізудің өзі қиынға соғып кетті. Олардың бәрі дерлік ішінара мобилизацияның заңды орындалмауынан деп ойлаймын. Соңғы жаңалықтарға қарасақ, ішінара мобилизация барысында бәрін бірдей, денсаулығы жараса да, жарамаса да, түгелдей әскерге алып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан да олар қашып жатқан шығар. Ал шекарадағы хаос та халықтың мазасын алды. Бұл тұрғыда жүйелі жұмыс жасалуы керек деп ойлаймын. Біздің елдің азаматтарына бұл жағдай кері әсер етпеуі керек, – дейді Василий Шупейкин.
Міне, бұл мәселе бойынша әркімнің ойы әртүрлі десек те, бәрінің айтары бір: Ресейден келген азаматтардың бәрі дерлік ҚР заңдарына бағынып, солардың кесірінен ҚР азаматтары жапа шекпеуі тиіс. ІІМ Көші-қон қызметі жағдайды бақылауда ұстап отырмыз десе де, Үкімет келімсектердің кесірінен халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп кетпеуін қадағалауы керек деп ойлаймыз. Осыған байланысты билік өкілдері халыққа үндеу жариялап, қандай шара қолданатынын айтуы қажет. Себебі хаос­ты реттеу үшін жүйелі жұмыс жасау керек. Жалға бірілетін пәтерлердің қымбат­тауына байланысты көпшіліктің көше кезіп жүргені мемлекетке сын болса керек. Осы тұрғыда пәтер жалдаушының құқығы қорғалуын, бағаның шектен тыс өсіп кетпеуін қадағалайтын болса, халық та бұған бас ауыртпас еді. Ал дәл қазір бұл күн тәртібінен түсетін мәселе емес.

Абзал СҮЛЕЙМЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір