ӨЗГЕ ТІЛДЕ ЖАЗАТЫН ҒАЛЫМ ЕШҚАШАН ҚАЗАҚША ТЕРМИН ЖАСАМАЙДЫ
Қазақ тіл білімінің ғылым ретінде қалыптасып, дамуының бастауы ретінде ең әуелі Ахмет Байтұрсыновтың есімі аталады. Ал қазақ тілінің ғылым тіліне айналуының негізгі алғышарттары қандай? Ұлттық терминологиялық қорды қалыптастырудың қандай тәсілдері бар? Өзге тілден енген терминдерге қазақ тілінде балама табу мүмкін бе? Сұхбат барысында ҚР ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Шерубай Құрманбайұлы осы және өзге де мәселелер төңірегінде ой өрбітіп, сөзалмасым, сөзжасам үдерістерінің тіліміздегі көрінісі жайлы сөз қозғайды.
Ағылшын тілін меңгерген кейінгі буын қазақ тіліне шорқақ
– Соңғы жылдары жаңа технологияның дамуына байланысты қазақ тіліне неологизмдердің (көбінесе англицизмдер) тұтас бір қабаты енді. Осы жаңа сөздерді меңгеруге, аударуға үлгеріп жатырмыз ба?
– Рас айтып отырсыз. Тәуелсіздік кезеңінде тілімізге көптеген ағылшын сөздері енді. Осы сөздердің арасынан тінтуір (mouse), ғаламтор (Internet), бейімдеуіш (adapter), кондиционер (ауабаптағыш) сияқты бірлі-жарым, азын-аулақ сөздер ғана қазақ тіліне аударылды. Дегенмен олар да әлі жаппай қолданылатын сөздер қатарына қосыла қойған жоқ. Кірме сөздің балама нұсқасы ретінде қатар қолданылып, жарыса жұмсалып жүр. Ал қалған көп бөлігі аударылмай алынды. Мысалы, адвайзер (эдвайзер), админ, байт, бан, баннер, барби, бейджик, бестселлер, бизнес-коуч, бизнес-класс, бизнес-ланч, билборд, блендер, блогер, блокбастер, бойлер, боулинг, браузер, бренд, брифинг, брокер, букинг, бургер, вайн, вай-фай, вебинар, веб-сайт, гамбургер, гангстер, гугл, джокер, диджей, дизайнер, дилер, допинг, имидж, интернет, картридж, кастинг, кэш, кэшбэк, кейс, кластер, клип, консалтинг, кофе-брейк, круиз, кроссовер, маркетинг, мем, менеджер, месседж, минивен, ок, онлайн, офис, офшор, паркинг, паркомат, парктроник, пентхаус, пиар, пин-код, плей-офф, подкаст, рейд, рейтинг, рейдер, роуминг, рэкет, селфи, сенсор, скан, скайп, смартфон, слайд, сноуборд, тендер, тренинг, тренд, троллинг, файл, фейк, флешмоб, флеш-карта, хайп, хакер, хейтер, хит, хэштег, чат, челлендж, чип, шоу, шоу-бизнес, шоумен, экстрадиция, экшн және т.б. Осылай жалғасып кете береді.
Бұл деректер ағылшын сөздерін түпнұсқадан аударуға, оларға балама болатын жаңа сөз жасауға ниет те, айтарлықтай талпыныс та жоқ екенін көрсетеді. Оның себебі не дерсіз? Біріншіден, бізде түпнұсқа тілден сөзді тікелей алу (оның ішінде ағылшын тілінен де), аудару, оларға бірден балама ұсыну дәстүрі қалыптаспаған. Екіншіден, кеңестік кезеңнен бері мамандар арасында: «Шет тілі сөздерін, терминдерді аударудың қажеті жоқ», – деген түсінік орныққан. Үшіншіден, «Түйенің танығаны – жапырақ» дегендей, біздің ғылыми қауым, сала мамандары негізінен сөз, термин алатын донор тіл ретінде орыс тілін ғана танып үйренген. Осы кеңестік дәстүр әлі бұзылған жоқ. Оған жоғарыда келтірілген ағылшын сөздері нақты дәлел бола алады. Аты ағылшын сөзі болмаса, олардың бәрі бізге орыс тілі арқылы, орыс тіліндегі жазылуы бойынша еш өзгеріссіз еніп отыр. Төртіншіден, жаңа сөз жасау – тілді жетік білуді, шеберлікті, көп ізденісті керек ететін машақаты көп жұмыс. Оған екінің бірі бара бермейді. Көп уақыт жоғалтып, індетіп іздене бермейді. Одан гөрі бас қатырмай дайын терминді шет тілінен ала салған оңай. Онымен қоса жаратылыстану ғылымдарының көптеген салаларында қазақ тілінде ғылыми еңбек жазатын, аудармамен айналысатын, термин жасайтын мамандар өте аз. Жаңа термин жасағанның өзінде оларды қолданатын орта, қолдап ғылыми айналымға енгізетін мамандар да көп емес. Орыс тіліне қарағанда ағылшын тілін білетіндер әлдеқайда аз әрі ағылшын тілін меңгерген кейінгі буынның көпшілігі қазақ тіліне шорқақ. Осы және басқа да себептермен ағылшын сөздері лек-легімен орыс тілі арқылы қазақ тіліне еніп жатыр.
Негізі орыс тілінің өз жағдайы да осыған ұқсас. Саммит, фристайл, брифинг, киллер, спринт, байкер, пати, лузер, бойфренд, ресепшн, рейтинг, электорат, холдинг, импичмент, имиджмейкер, спичрайтер, рецессия, маркетинг, лизинг, ритейл, прайс-лист, дистрибьютер, дилер, бизнесвумен, промоутер, чизбургер, фишбургер, пудинг, фреш, сэконд хэнд, дисконт, дайвинг, серфинг тәрізді жүздеген ағылшын сөздері орыс тіліне де еніп кетті. Бұл аталған сөздердің де көбі бізге келді. Делдал тіл арқылы ағылшын сөздерін қабылдау үдерісі әлі де жалғасып жатыр.
Ресейдің де филолог ғалымдары мен түрлі сала мамандары: «Ағылшын сөздері орыс тілін жаулап жатыр», – деп жиі жазып, дабыл қағып келеді. Керісінше, «Бұл – табиғи үрдіс. Интернетте, ғылым мен технологияда кең тараған ағылшын сөздерін алудан қашып құтыла алмаймыз. Ағылшын сөздерін дайын қалпында қабылдағанымыз дұрыс», – деген тұжырымға табан тірейтін мамандар да бар. Қысқасы, бұл жағынан жағдайымыз ұқсас. Айырмашылығы – олар терминдерді Еуропа тілдерінен тікелей алып, өз тілдеріне бейімдеп қабылдап жатса, біз оны да істемей бұрынғыдай шет тілі терминдерін орыс тіліндегі қалпында өзгертпей көшіріп келеміз.
– Неологизмдерді қазақ тіліне аудару да – үлкен мәселе. Ал тіл қолданушылар аударма сөздерді өз «сөздік қоржынына» тез арада жинай ала ма? Бұл процесс неге байланысты?
– Сіз бұл мәселе жөнінде өте дұрыс сөз қозғап отырсыз. Аудармашылар мен журналистер, сала мамандары мен кеңсе қызметкерлері, филологтар, зерттеушілер мен сөздік түзушілер, бір сөзбен айтқанда, тілді қолданушылар тілдің лексикалық қорында болып жатқан жаңалықтарды, шет тілі сөздерінің, терминдердің түрлі баламаларын біліп, олардың ұтымды жасалғандарын кәсіби қызметінде, тілдік қарым-қатынас кезінде ретіне қарай пайдаланғысы келеді. Екінші жағынан, жаңадан туындап жатқан мұндай жаңа атаулардың ар жағында «сан түрлі мамандық иелерінің тілін дамытуға, оның сөздік қорының баюына үлесімді қоссам» деген игі ниеттен жасалған шығармашылық ізденістері жатыр. Міне, сондықтан да көп елдің тілінде жаңа сөз жасауға, ал жасалған сөздерді уақтылы жиып-теріп, оларды сұрыптап, сараптан өткізіп отыруға ерекше мән беріледі. Бізде де бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар, ізденіп жүрген мамандар аз да болса бар. Алайда бұл жұмысты жекелеген адамдар ғана емес, тілдің лексикалық, терминологиялық қорын жетілдіріп отыруға жауапты органдар мен ғылыми мекемелер де жүйелі түрде жүргізуі қажет.
Жаңа жасалған сөздер тілдік қолданысқа еніп, тіл тұтынушыларының игілігіне айналуы үшін, ең алдымен, олар тіл нормасына сай, ұғымды дәл бейнелейтіндей жақсы жасалғаны жөн. Екіншіден, мамандар, осы іске жауапты ғылыми мекемелер мен ресми органдар барлық жаңа атауларды дер кезінде жинақтап, түгендеп, сараптан өткізуі қажет. Үшіншіден, електен өтіп, іріктеліп алынған терминге қойылатын талаптарға, тілдік нормаға сай жасалған атауларды тиісті нормативтік сөздіктерге енгізіп, арнаулы басылымдарда жариялап, газеттер мен сайттарда жұртшылыққа кеңінен таныстырып, бірізді қолданылуына мүмкіндік туғызғаны жөн. Бұл – өте маңызды да қажет жұмыс. Сонда олардың қолданушыларға қолжетімділігі қамтамасыз етіліп, бірқолданымдық окказионал атау болып, жеке авторлар еңбектерінде қолданылып, қалтарыста қалып қоймай, көпшілікке кең танылып, жалпы айналымға енуіне жол ашылады.
Тілдегі үдерістер уақтылы қадағаланбаса, жүйесіздік пайда болады
– Жаңадан енген сөздерді әртүрлі баламалайды: ғалымдар – ғылыми тұрғыдан, журналистер – өздерінше, ал халық өз ыңғайына қарай. Осы қарама-қайшылықты қалай шешуге болады? Әлде уақыт барлығын өз орнына қоя ма?
– Тіл – жалпы халыққа ортақ құрал. Оны сол тілде сөйлейтін барлық адам тұтынып қана қоймайды, әркім қал-қадерінше өз тілінің дамуына үлесін де қосқысы келеді. Сондықтан кірме сөздерге түрлі мамандық иелері, кез келген тіл тұтынушысы өз баламасын ұсына алады. Оны шектеу, оған тыйым салу мүмкін емес. Бірақ «Сонда да солардың бар таңдамасы» демекші, кім жасағанына қарамастан ұсынылған нұсқалардың ішінен ең ұтымды жасалғанын таңдап, іріктеп алып, қолданысқа соны енгізу қажет. Сонда ғана сөз сапасы артады, мағына дәлдігіне қол жеткіземіз. Сондай-ақ әр істің жай-жапсарын жақсы білетін, белгілі бір кәсіпке маманданған сала маманының болатынын да естен шығаруға болмайды. Бұл тұрғыдан келгенде негізгі жауапкершілік сөзді зерттейтін, сөзжасам, терминжасам мәселесімен кәсіби түрде айналысып жүрген тіл мамандарының мойнында. Тілдің лексикалық қорының даму үрдісін үздіксіз қадағалап, кірме сөздерді игерудің лингвистикалық, әлеуметтік-психологиялық қырларын зерттеп, жасалған жаңа атаулардың сапасын, тілдік нормаға, сөздің әуез, әдеп (этика-эстетикалық) талаптарына сай болуын анықтау, ең сәтті жасалған атауды іріктеп алу солардың кәсіби міндеті. Сол себепті жалпы тілдің дамуын, қолданысын, соның ішінде сөзжасам мен шет тілдерінен сөз қабылдау ісін уақыттың еншісіне қалдырып, өз еркіне жіберуге болмайды. Тіл білімі, оның әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, лексикология, терминология, жаңаттану (неология), сөзжасам, терминжасам және тіларалық коммуникация сияқты салалары, осы сала мамандары ұлт тілінің лексикалық, терминологиялық қорының дамуы мен қалыптасуына және оның сапалы болуына жауапты. Егер ғылымның осы салалары кенже қалып, сала мамандары тілде болып жатқан сөзалмасым, сөзжасам үдерісін уақтылы зерттеп, қадағалай алмай қалса, онда бұл іске әркім араласып, тілді нормалау, қалыптандыру (кодификация), түрлі сала мамандары тарапынан ұсынылған балама нұсқалардың ең сапалысын таңдап алып қолданысқа енгізу, жаңа сөз туғызу, кірме сөздерді игеру мен терминдерді біріздендіру жұмыстарында іркіліс, жүйесіздік пайда болады. Бізде бұл тұрғыда ізденістермен бірге іркілістер де, жетістіктер мен кемшіліктер де бар. Тіл мамандарына, өз саласының терминдерін, терминдер сөздіктерін жасап жүрген сала мамандарына бұл бағытта атқаратын істер әлі өте көп.
Қазақша балама ұлттық терминқорды төл атауларымызбен байытады
– Әрбір неологизмді қазақ тіліне аудару керек пе?
– Негізі «неологизм» – неос- (жаңа) және логос (сөз) деген екі сөздің бірігуі арқылы жасалған атау. Біздің тілімізде «неологизм» терминінің баламасы ретінде «жаңа сөз», «жаңа атау» нұсқалары көптен қолданылып жүр. Осындай жаңа сөздерді зерттейтін саланы «неология» деп атайды. Тіліміздегі қолданысы біршама орныққан «жаңа атау» тіркесін негізге ала отырып, оның ықшамдалған нұсқасын жасауға да болар еді. Мысалы, неологизмді – жаңат («жаңа атау» тіркесін ықшамдап, кіріккен сөз жасау жолымен) ал неологияны – жаңаттану деп атауға болады.
Ал шет тілдері сөздерін қазақ тіліне аудару мәселесіне келсек, барлық кірме сөзді, терминді жаппай аудару мүмкін емес. Өйткені олардың арасында баламасыз лексика, кісі есімдері, арнаулы брендтер, номендер мен таңба терминдер сияқты аударуға келмейтін де сөз түрлері болады. Ондай сөздерді аудармай-ақ ұлт тілінің дыбыстық жүйесіне икемдеп, өз тіліміздегі дыбыстадың тіркесімділік қабілетін ескеріп, соған бейімдеп те сіңіруге болады. Мәселен, бұрын: бөкебай, болыс, кәмпит, кереует, бәтіңке, бөтелке, пәуеске, ояз, үстел, самаурын, жандарал деп алсақ, кейінгі жылдары: Бейжің, Мәскеу, бәнкі, зауыт, пойыз, стансы, мәшине, мәйкі, мәнет, нөмір, кәстөм, пәлте, пәлсапа, кәстрөл, пошта, рөл, сөтке, тәрелке, учаске, шопыр, шөтке сияқты бірқатар сөздер қазақтың айт мәнеріне икемделген қалпында емле сөздігіне енді.
Аударып алуға болатын сөздерге де түгелдей ұлт тілінен балама табу оңай емес. Қазақша балама табу – ерінбей-жалықпай ізденуді, кәсіби біліктілікті, шеберлікті қажет ететін өте жауапты жұмыс. Оның үстіне, кеңестік кезеңде «шет тілі сөздеріне балама іздеуден гөрі оларды орыс тіліндегі нұсқасында қабылдаған дұрыс» деген ұстанымға басымдық берілді. Үш-төрт ұрпақ шет тілінен сөз алуда осы ұстанымды басшылыққа алып келгендіктен, олардың санасында «терминдерді шет тілінен өзгеріссіз қабылдау керек» деген түсінік берік қалыптасып, өзге тілдің сөздерін солай қабылдауды дәстүрге айналдырды. Сондықтан, жоғарыда айтқанымыздай, бізде түрлі сала мамандары арасында «жаңа сөз жасаудан гөрі біреудің жасаған дайын атауын алып пайдалана беру тиімді» деген көзқарастағы адамдар көбірек ұшырасады. Тіпті аударуға болатын, аудару қажет болып тұрған терминдерді де қазақшалауға қарсы, қазақша жасалған атауларды қолданғысы, қабылдағысы келмейтіндер де бар. Бұлай біржақты қарауға да, бүкіл шет тілі сөздерін жаппай қазақшаға аудару қажет деп кесіп айтуға да болмайды. Ұлт тілінің ішкі мүмкіндігі, мамандардың кәсіби білімі жетіп тұрса, аударуға болатын шет тілі сөздеріне қазақша балама тапқан орынды. Ондай атаулар сөздік құрамды, ұлттық терминқорды төл атауларымыз негізінде байытады. Ендеше ұғым мазмұнын, сөз мағынасын дәл беретін ұтымды атаулар жасаудан қашпаған жөн. Алайда өзге тілдер сөздерінің бәрін қазақшалау қажет деп, аударуға көнбейтін сөз түрлеріне балама ұсынып, сәтсіз жасалған шалажансар сөздерді тықпалаған да орынсыз. Одан ұтарымыз шамалы. Түйіндеп айтқанда, қай сөзді аударып, қайсысын аудармау керек екенін де, жаңаттардың сапалы жасалғандарын да танып, ажырата білген жөн.
– Аударуға мүлдем келмейтін сөздер бар ма? Өз тәжірибеңізден айтып берсеңіз.
– Әрине, ондай сөздер баршылық. Оның бәрін тізіп шығу мүмкін болмас. Мәселен, түрлі халықтар тілдеріндегі жалқы есімдер. Жер-су, мемлекет, қала атаулары, кісі есімдері, түрлі газет-журнал, компания, зауыт-фабрика және т.б. атаулары. Түрлі техника, көлік маркалары мен олардың брендке айналған атаулары, сан алуан номенклатуралық атаулар, синус, косинус, тангенс, котангенс тәрізді сала терминдері, қысқарған сөздер. Айталық, F-16, МИ-8, СУ-32, ТУ-154 немесе, iPad, Apple, iPhone 13, MacBook Pro, GALAXY A51, Mercedes, Audi A8, Тойота және т.б. Сондай-ақ әр халықтың өзіне ғана тән өзге тілдерге аударылмайтын баламасыз лексика бар. Қазақтың айналайын, домбыра, жетіген, қоржын, торсық, саба, күлдіреуіш, адалбақан, терме, айтыс, наурыз көже, киіт, құдағи жүзік, қымыз, тұсаукесер, шілдехана, беташар сияқты этно-мәдени лексикасын туыстығы жоқ үнді-еуропа тілдеріне сипаттап қана бермесе, дәл аудару өте қиын. Мұндай сөздер әр тілде бар.
– Соңғы 10-20-30 жыл ішінде қазақ тіліне қанша неологизм енді? Ондай статистика бар ма?
– Біз 2019 жылы қазақ тіліндегі «Кірме сөздер» сөздігін жарияладық. Онда 9 мыңға жуық кірме сөз қамтылды. Бірақ онда қазақ тіліне әр кезеңде қамтылған араб, парсы, грек, латын, ағылшын, неміс, француз, испан, орыс, қытай, моңғол, португал итальян сөздері қамтылды. Алайда ол сөздікке ғылымның түрлі салаларында қолданылатын, тек мамандарға ғана таныс, кең тарамаған кірме терминдер алынбады. Сіз сұрап отырған кезеңде шет тілдерінен қанша сөз енгені жөнінде нақты мәлімет әзірге жоқ.
Ал семантикалық тәсіл мен қосымшалар арқылы қазақ тілінде жасалған жаңа атаулар саны 90-жылдардан бергі кезеңде едәуір артты. Осы аталған кезеңде БАҚ-та қолданылған жаңа атаулар мен қолданыстарды жинап, біз жинақ түрінде жүйелі түрде жариялап келдік. Осы уақытқа дейін жасалған жаңа сөздерді қамтыған ондай жинақтар 1996, 2009, 2012, 2017 жылдары жарыққа шықты. Осы төрт кітапта қамтылған атаулар мен түрлі ғылым салаларындағы оқулықтар мен сөздіктерге енген жаңа терминдерді қосып, сөздік даярлап тағы да баспаға ұсындық. Аталған кезеңде жасалған жаңа атаулар осы сөздікте толығырақ қамтылады.
– Ағылшын мен орыс тілінен басқа қазақ тіліне қай тілдерден жаңа сөздер енуде?
– Қазіргі кезеңдегі шет тілінен еніп жатқан терминдердің басым бөлігі – ағылшын сөздері. Неміс, француз, испан сөздері де бар. Бірақ олардың үлесі аз. Түрік тілінен ұшақ (самолет) тәрізді бірді-екілі сөз қабылданды. Негізінен кірме сөздер бұрынғы қалыптасқан дәстүр бойынша орыс тілі арқылы еніп жатыр. Тілімізге араб тілінен ертеректе еніп, қолданысы әбден орныққан кейбір діни атауларды қайтадан өзгертіп, түпнұсқаға жақындатуға ұмтылушылар да бар. Мәселен, Аллаһ, машаллаҺ, иншаллаҺ, әлхамдулиллаҺ, «бидғат», «ширк», халал, мәкрүҺ ақи, ифтар және т.б. Бұл үрдісті де қолдаудың негізі бар дей алмаймыз.
Ғылым тілі қазақша болсын десек, қазақтілді кадрлар даярлауға шындап кірісу керек
– Жаңа терминдерді қазақшалайтын мамандар жеткілікті ме? Білуімше, бұл да – үлкен мәселе.
– Шет тілінен кірген жаңа терминдерді мақсатты түрде қазақшаға аударумен айналысып отырған мекеме немесе арнайы жасақталған мамандар тобы жоқ. Бұл іспен ғылым мен техниканың әр саласында өзінің жүрек қалауымен айналысып, терминдерді жасап немесе терминдер сөздігін түзіп жүрген жекелеген мамандар ғана бар. Олар көп емес. Ғылымның барлық саласында қазақша еңбек жазатын, дәріс оқып, ғылыми баяндама жасайтын ғалымдар, сала мамандары шоғыры қалыптасып, қазақ тілі ғылым тілі ретінде ғылымның барлық салаларында кеңінен қолданылғанда ғана бұл мәселе дұрыс шешіледі. Әзірге гуманитарлық ғылымдар саласында болмаса, жаратылыстану, техника ғылымдары саласында ондай қазақша ғылыми еңбек жазатын ғалымдар саны көп болмай тұр. Еңбегін басқа тілде жазатын ғалым ешқашан қазақша термин жасамайды, қазақша терминдерді де қолданбайды. Ғылым тілі қазақша болғанын, терминқорымыздың ұлт тілінің сөздері негізінде қалыптасқанын шынымен қалайтын болсақ, білім беру жүйесі қазақтілді ғылыми кадрлар даярлауға шындап кірісіп, мақсатты жұмыс атқаруы керек. Олай етпесек, кеңестік дәстүр жалғасып кете береді.
– Тоғыз жыл бұрын сізбен сұхбаттасқанда, сіз қазақ тілінде терминдерге байланысты бірқатар сөздіктердің дайындалу жұмыстары жүріп жатқандығын айтқансыз. Осы аралықта қандай жаңа терминдік сөздіктер жарық көрді, қаншамасы әлі дайындалып жатыр?
– Иә, біз айтқан сөздіктер жарық көрді. Ол – 2014 жылы Терминком мақұлдап, Мәдениет және спорт министрлігі жарыққа шығарған 30 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша терминдер сөздігі. Бұл сөздікте қамтылған терминдер саны төмендегідей: барлық термин саны, пайызы – 680745 (100%); қазақ тіліндегі термин саны, пайызы – 389635 (57,24%); шет тілдерінен орыс тілі арқылы енген термин саны, пайызы – 263594 (39,98%); орыс тілінен енген термин саны, пайызы – 2138 (0,31%); гибрид терминдер саны, пайызы – 16798 (2,47) (Мәлімет С.Құлмановтан алынды).
Жекелеген авторлар тарапынан 30-томдықтан өзге де қомақты сөздіктер жарияланды. Мысалы, Орысша-қазақша қазақша-орысша пошта терминдерінің сөздігі (С.Тоқсанбай. – А.,2013), Қаржы-банк терминдерінің орысша-қазақша-ағылшынша сөздігі (С.Тоқсанбай. – А., 2015), Оксфорд әлеуметтік ғылымдар сөздігі (Крейг Калхун. Нұр-Сұлтан, 2019), Оксфорд экономика сөздігі (Джон Блак, Нигар Хашимзаде, Гарет Майлз. Нұр-Сұлтан, 2019) және т.б.
Еліміздің университеттері мен ғылыми институттарында жарық көріп жатқан терминологиялық сөздіктер де бар. Енді осы терминдер сөздігін жасау ісін республикалық деңгейде үйлестіру мәселесіне, олардың сапасын арттыруға баса көңіл бөлген жөн деп ойлаймыз.
– Сұхбат бергеніңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Елтай ДӘУЛЕНОВ