ПАНДЕМИЯ, ИМХОТЕП ІЗБАСАРЛАРЫ ЖӘНЕ БҮГІНГІ ПРОЗА
02.12.2021
1046
0

Жаңабек ШАҒАТАЙ

 Әлемді түңілдірген COVID-19 тажалы талай адамдардың өмірін жалмап, көркем сөзден түйін түйген, «өлді деуге» қимайтұғын нешеме дүлділдеріміз бен сөз зергерімізді қапияда арамыздан мәңгілік сапарға алып кетті. Небір қаламының ұшынан сөз бен сәуле саулаған саңлақтарымыз, әдебиетімізге олжа салып жүрген оғландарымыз енді біздің ортамызда жоқ. Соңғы деректерге сәйкес, әлемдік індеттен 5 миллион адам ажал құшыпты. Біздің әдебиеттің жоғалтқандары да аз болмай тұр…

 

 

Мысыр перғауындары туралы аңыз

 Тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткені сол еді, әсіресе, соңғы 10-15 жыл көлемінде: «Оппа, жазушылар тым көбейіп барады. «Ерінбеген етікші, ұялмаған жазарман болады», – деген кім көрінген қолына қалам алып, жалықпағандар жазушы атанып жүр», – деп  екіленгендер де аз болмаған. Әсілі, қасиетті қалам ұстау сондайлардың ғана маңдайына жазып қойылған құрмет, ал былайғы қаймана қазақ солардың ғана қолына су құюға жараса болғаны дегендей өзеуреген. Ең өкініштісі, қазақ қаламгерлерін көпсіну жалпы қазақты көпсіну екенін әлі де мойындамайтындар аз емес. Ал жалпақ қазақ айтарлықтай жас ұлт, күн сайын көбейіп келе жатқан жасампаз ұлт. Ұлы аштықтан соң 2,5-3 миллион боп қалса, қазір 14-15 миллионға еркін жеткен іргелі ұлт. Оған қоса, әр қазақтың жанын муза тербеген, өнерге, жаратылысынан сөзге, тілге жақындығы айқындалған халық екені мәлім. Әйтпесе, «Өнер алды қызыл тіл» деп айта қоймас еді. Ендеше, жазушыларымыздың көп болуы, жастар болуы заңдылық.

Айтайын дегенім, уақыт пен кеңістікке тарап кеткен бөтен пиғыл, бөгде лебіздің де кері әсері, сұрақ-жауабы. Ал жеке жазушының жеке кітабы туралы бағалау, көркемдік деңгейі қандай екенін салмақтау әркімнің субъективті пікірі. Біреудің жасық дегенін екінші біреу мықты деп бағалауы қалыпты жағдай. Оны әрбіріңіз де көріп жүрсіз. Бейнелеп айтсақ: «Арбаның кемеге мінетін де кезі болады, кеменің арбаға мінетін де  кезі болады».

Есте жоқ ескі замандарда, ежелгі Мысыр әлемдік өркениеттің кіндігі, қараңғылық кезеңдерде жарық шашқан жалғыз шамшырағы болып тұрған кезде, біздің жыл санауымыздан үш мың жыл бұрын жалпақ Мысырды уысында мықтап ұстап, 80 жыл билік құрған перғауын Джосердің тұсында Имхотеп деген пенде өткен. Жәй жұмыр басты пенде емес, Имхотеп Мысыр перғауындарының ең алғашқы тас пирамидаларын тұрғызған құрылысшы, тарихта аты қалған жан. «Өсиеттер» атты кітап жазған жазушы. Кейін ежелгі гректер оны ерекше құрметтеп, құдайлардың қатарына тіркеген. Ежелгі Мысырда да оны ізбасарлары қатты құрметтеп, тас бейнесінің алдына су құйып қоятын болған. Сөйткен…

 

Т.Зәкеннің «Аттиласы»

 Имхотеп ізбасарларын қоя тұрып, 2020 жылы жарық көрген қазақ кітаптары туралы сөз бастайын. Бұл кітаптар екі үлкен тарқырыпты қамтиды.

Тарихи романдар, әдеби көркем шығармалар.

Жазушы, тарихшы Тұрсынхан Зәкеннің «Атилла. Балқан тауға барғандар» тарихи романы қазақтың арғы аталарының бірі ретінде бағаланатын ғұндар жайлы баяндайды. Көлемі не бары 10 баспа табақ. Осыған қарамастан, қамтып отырған мезгілі өте қомақты. Автор айтқандай: «Бірақ Еділ ұрпақтары үш жүз жыл бойы ат жалында ойнады».

V ғасыр. Ежелгі Рим империясына христиандар діні келіп, бұрынғы көп құдайшылдықтың орнына монетеизм діні орныққан кезең. Шығыс Римде император Константин Византияның туын желбіретсе, батыста Равенна қаласы астана атанды. Бірі православ бағытын, екіншілері католиктік бағытты ұстанды. Романда Еділ мен оның серіктері Ругила, Едіге, Айбарыс, Ақтар, Бледа сынды белгілі тарихи тұлғалар, Рим легиондарының бас қолбасшысы Аэцидің, императорлар Константин, Федосийдің, императрица Галла Плацидияның образдары көркем сомдалған.

Батыс эпостарында Аттилла көп айтылады. Кино, балет, опера жетіп жатыр. Ең өкініштісі, оның бәрінде ғұндар жабайы, аң терісін жамылған қорқаулар ретінде бейнеленеді. Бірақ мықты жетекшісі жоқ, бағыт-бағдарсыз босып жүрген тайпалар тарих төрінен орын ала алмай, адамзат тарихында терең із қалдыра алмайтынын түсінетін уақыт жетті. Бізге де, Батыс тарихшыларына да.

Тұрсынхан Зәкен сол заманды көрген тарихшы Присктің естелігін, Найссу қаласын басып алу оқиғасын мысалға келтіреді:  «Тұрғындар шайқасқа шығуға батылы бармағандықтан, ғұндар өз әскерінің келесі жаққа өтуін жеңілдету үшін қаладан төмен оңтүстік жағынан Нишвад өзенінің ағысы бойына көпір салды және өздерінің телегендерін қаланы қоршаған қабырғаларға жақындатып әкелді. Алдымен олар доңғалақты ағаш телегендерді іске қосты. Оларда сағанақтардағы саңылауларда ататын сарбаздар тұрды. Телегендердің артында, доңғалақтарды өз аяқтарымен қозғайтын және телегенді керек жерге қарай жылжытатын, қалқан арқылы дәл ата алатын мергендер тұрды. Телегендердегі сарбаздар қауіпсіз шайқасуы үшін оларды отты жебелер мен өртегіш сүңгілерден қорғау мақсатында үстінен сірі көн-терілермен бірге мықты ағаштан жасалған қалқанмен жапты».

Көп ұзамай-ақ бұл қала берілген еді. Бұл – қазіргі Сербияның Ниш қаласы еді. Ендеше, ғұндарды жабайы тобыр дер негіз жоқ болып шығады ғой. Ұрыс стратегиясын дұрыстап жоспарлау, асау өзенді кесіп өту үшін көрегендік керек.

Альпі арқылы Апенин түбегіне өтіп, Римді дүр сілкіндірген Еділ батыр (Аттилла) туралы романды оқырмандардың қолына тапсырған Тұрсынхан Зәкеннің қаламы қарымды бола берсін дейміз. Бір өкініштісі, өткен жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде сұхбат берген автор осы тарихи романның орынсыз қысқартылып, қидаланып кеткенін өкінішпен айтқан еді. Қайтеміз, өзіміздің ата тарихымыздан ақша аяған, тарихымызды үзіп-жұлып көрсетуге ғана батылымыз жететін «Бір кем дүние…» ғой. Соңғы айтайын дегенім, бәріміз «Аттилланы» Еділ деп айтуға үйренгенбіз. Ал кей-кейде Аттилла – Аттылы деген сөзден шыққан жоқ па екен деп қиялданып қоятын сәттерім бар?!

 

«Қызыл жолбарыс» пен «Соғыстан соңғы парыз»

2020 жылы аса өндіріп жазған автордың бірі  Ұзақбай Доспанбетов ағамыз. Ол кісінің «Қызыл жолбарыс» тарихи романы бірінші кітап, екінші кітап деп жарыққа шықты. Бірінші кітап 33 баспа табақ, екінші кітап 28 баспа табақ.

Романның бас кейіпкерлері Ескелді би Жылгелді, Балпық Дербісәліұлы, Қабан жырау (Қабылиса) Асанұлы тарихта болған, XVІІІ ғасырдағы күрделі әрі қанды оқиғалардың бәріне дерлік бастан-аяқ қатысқан тарихи тұлғалар. Ұзақбай ағамыз бұл кітаптарды жазу үстінде ел аузында сақталған қыруар аңыздарды жиюмен қатар, Алматы, Талдықорған, Шымкент, Мәскеу қалаларындағы архивтерді ақтарып, ұзақ зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар.

Ғабдул-Сәбит Юсуповтың «Соғыстан соңғы ұрпақпыз…» роман-трилогиясы 2019 жылдың соңғы аптасында жарық көрген екен. Сондықтан да өткен жылы жарық көрген романдардың арасына қосылған шығар. Бодандық кеңес заманының ащы шындығын, сол кезеңнің адам тағдырына әсерін жатық тіл, әсерлі оқиғалармен жеткізе білген шағын роман-трилогияның оқырмандарға беретін әсері аз бола қоймас.

 

Хикаяттар мен әңгімелер

 Ал енді әдеби көркем шығармаларға келсек деймін.

Өткен жылы жарық көрген Нұрғали Ораздың «Қыз мұнарасына» соңғы жылдары жазған хикаят, эссе, этюдтері жинақталған екен. Қаламгер өзі жүздескен, сырласқан тағдыры қызық жандардың өмірге көзқарасын, мінез-құлқын әр түрлі қырынан аша отырып, бүгінгі қоғамның кескін-келбетін айқын бейнелейді. Күнделікті тіршілікте жиі кездесіп, біріміз байқап, біріміз байқамай өтетін жайттардың өзінен де салмақты ой түйіп, әсерлі, бояуы қанық портреттер жасайды. Жаның сүйсінеді: – «Ол орталық сквердің жанындағы сәулетті ғимараттың алдына жетіп тоқтағанда ғана өрекпіген көңілін басып, ұлылардың ізі қалған киелі шаңыраққа келіп тұрғанын сезді. Жалма-жан сөмкесінен косметикасын алып, машинадағы айнаға үңілді.

Неге екені, алғашқыда оған мынау тарихи ғимараттың ішінде тірі жан қалмағандай көрінді. Том-том кітап жазған ұлылардың барлығы ұлан-асыр тойға аттанып кеткен секілді». Бұл «Шыбын жан көкке ұшқанда» хикаяттың кейіпкері Назгүлдің Жазушылар одағына алғаш кіргендегі ойы.

«Бірін-бірі сағынатын бұлақтар», «Қазығұрттың Қалаубегі» эсселері жүректі шымырлатып, терең ойға қалдырады. Жалпы, Нұрғали Оразды қалай мақтасаң да жарасатын жазушы екенінде ешкімнің де күмәні жоқ шығар деймін.

Ғалым Қалибекұлының «Ақ көке» кітабына 18 әңгіме және «Ақерке», «Өмір-ай» хикаяттары топтастырылған. Ең бастысы, «Әңгіме-хикаяттарды бір демде оқып шыққаннан кейін, автордың әдеби-грамматикалық жағынан сауатты ғана емес, шығармашылықтың қыр-сырын жете меңгерген сарабдал қаламгер, талантына білімін басшы еткен жазушы екеніне көзім жетті. Алдағы жоспарларына кең жол ашыла беруіне тілектеспін. Ғұсман Жандыбаев», – деп Ғұсекеңнің түйін түйгенін көрдім. Ал Ғұсекең –  Ғұсман Жандыбаев ағамыздың әдебиет түгілі өмірде де ешқашан жалған сөйлеп көрмегенін, жалған айта алмайтынын жақсы білесіздер.

2020 жылы жарық көрген кітаптардың қатарында Ұзақбай Доспанбетов ағамыздың «Бақ пен сор» жинағы және «Қанды жол» романдары бар екен. «Бақ пен сор» 38 баспа табақ, ал «Қанды жол» 30,5 баспа табақ.  Ағамыздың кітаптарының қанша баспа табақ екенін қайта-қайта айта бергені қалай деп отырған шығарсыздар? Ол жөн, Ұзақбай ағамыздың өткен жылы  өте өнімді еңбек еткенін білсін деп ойладым. «Бақ пен сор» жинағына хикаяттар, повестер, әңгімелер, мақалалар жинақталса, «Қанды жол» романының кейіпкері Құндақбай Төлендіұлы көзсіз ерлігі, мергендігімен тарихта аты қалған жан. Басқаларымыз «хикаят» деп жүргенде, Ұзақбай ағаның «повестер» деп бадырайтып жазуының өзі өзіндік ерекшелігін айқайлап тұрған жоқ па? Қаламыңыз талмасын деп тілейміз біз қарт қаламгерге!

Өткен жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Қуандық Түменбайдың «Иттің тісін жұлған күн»   деген әңгімесі жарық көрген еді. Әңгіменің кейіпкері: «– Иттің тісін жұлу оңай ма? Тәмам жұрт сын көзімен қарап отыр. Оның үстіне бұл қаңғыбас болғанмен, алабай тұқымы. Небір тұқымы асыл адамдар да үйінде бұғып отыр, біразы қаңғып жүр. Туған күндері естерінен шығып та кеткен. Қазір қалада қаңғыбастар үйін кеңейтіп, түрменің санын  көбейтеміз деп жатыр. Қылмыскер көп, жартысы парақорлар, жартысы әкімдер. Қалдық іздеп жүрген қаңғыбас иттер де жетерлік. Алабай да соның бірі боп жүрет те», – деп салатын жері бар. Әдемі әңгіме. Еріксіз ойландырады.

Махмұд Қашқари атындағы сыйлықтың иегері Әбубәкір Қайранның новеллаларын да атап өтуге болады. Оның «Қазақ әдебиеті» газетінде 10, «Жұлдыз» журналында 3, «Ана тілі» газетінде бір новелласы жарық көріпті. Әсіресе, «Қар қызы мен Қара кісі» новелласы ерекше әсер еткен. Ал «Ақсақ қара»  «Қазақ әдебиеті» газетінде жылдың үздік новелласы атанды. Айтайын дегенім, ақындардың дәл суреттеуі, тосын түйін жасауы,  өз объектісіне ерекше көзқарастары әрқашан оқырмандарды тәнті етіп келе жатқан құбылыс.

Мәселен, биыл мезгілсіз дүниеден өткен ақын, әйгілі «Құстар – біздің достарымыз» кітабының авторы Есенғали Раушановтың сол кітабын тек құстар жайында ғана деп айта аламыз ба? Жоқ, ол әдебиет туралы, кісілік, адамдық туралы толғаныс.

«Жұлдыз» журналының былтырғы сандарында шыққан жазушы Әбділдабек Салықбайдың «Наркескен» хикаяты әйгілі қазақ қайраткері Жұмабек Тәшеновтің адами, азаматтық әрі патриоттық мінездерін ашуға арналыпты. Ғабит Мүсіреповтей сөз зергері «…Біз ЦК емеспіз, біреуді бір орыннан алып, бір орынға қоя алмаймыз. Жазушы деген халық кісіге өз жүрегінен орын береді. Менің жүрегімнің төрінен орын алатын – ер інім, еркек інім Жұмабек», – деп сүйсіне сипаттаған Жұмабек Тәшеновті кім білмейді? Алайда, ондай тарихи тұлғалардың өмірін жеріне жеткізе жазу, кейіпкер ретінде сомдау, қаламгерден де зор жауапкершілік талап етпек. Біздіңше, Ә.Салықбай сол талап үдесінен шыға білген.

Жұмабай Қайранбайдың «Ақбөрте» хикаяттар мен әңгімелер жинағында ер қанаты ат – бәйгеде алдына қара салмайтын саңлақ сәйгүліктер мен тайпалған жорғалардың қилы тағдырлары туралы сыр шерткен екен.

Ал Марат Мәжитовтың «Бәйшешек жапырағы» әңгімелер жинағы өзіндік көркемдік әлемі, көбіне тәуелсіздік жырларынан кейін жазылған ауыл өмірін сипаттауымен құнды. Сәуле Досжанның «Үзілген үміт» романы – бұрынырақ оқырмандардың қолына тиген «Қасірет пен Тағдыр» романның екінші кітабы. Автордың бұл романы да психологиялық шым-шытырық оқиғаларымен, мистикалық ғажайыптары, бірге жұмыс істейтін әйелдердің күндестігі секілді жағымсыз жайттармен бірге өріледі,  оқырманды  еріксіз ілестіріп отырады. «Үзілмеген үмітте» бас кейіпкер Аяулымның ұлы Сұңқар ер жетіп, жігіт атанады.

Біз пақырдың қолына түскен тағы бір кітап – Бақыт Мерекенованың «Адамзат тағдыры». Бұл – 4 томдық кітаптың бірінші томы.

Автордың прозасы қайсы, «Ақын өмірінен бір үзік сыр» естелік әңгімесі қайсы екенін, «Менің ұстазым Әбілфайыз Ыдырысов ғажайып адам. Сегіз қырлы, бір сырлы», – деген кезде қай ойды түптеп ұстап қаларыңды білмейсің.

Дей тұрғанмен, автордың әдеби көркем «Ана мен бала», «Өмір керуені» романдары, әңгімелері екіұдай пікір қалдырады. Романда Бекболат Гауһарды аңдып жүреді. Зорлайды. «Бірақ, қызыл ет көрген құзғындай нәпсінің қызығына берілген Бекболаттың екі көзі қызара шабынып, адам танымастай жыртқыштық нәпсіқұмарлығы қозып, Гауһардың бір киер көйлегін дар айырып, әлжуаз қыз баланың қарсылығына қарамастан етегін түріп, жас қыздың ортан беліне өткір қайрағын тығып жіберіп, оның астында әлсіз бұлқынып, қатты ауырғаннан: – «Ойбай, өлдім, өлдім ғой аға-аға-тай-ай-ай!» – деп зарланып бота көзінен жас моншақтап, ышқына жылағанына одан сайын еркектігі қозып еліріп, Гауһардың қарақаттай мөлдіреген жаралы жасты көзінен сүйіп, көк алмадай қап-қатты екі анарын жуан қолдарымен аяусыз мытып-мытып, «жылама, жаным, қайта мен сияқты мырза жігітке, маған бұйырғаныңа қуанбайсың ба!? Әйтпесе, талшыбықтай бұралып, кедей-кепшікке, құл-құтанға бұйырар едің!», – деп одан сайын еңкеңдейді».

Иә, натурализм осы шығар!

Нұрила Бектемірованың «Өмірдің өзі жазған әңгімелер» жинағы мен Гүлжанат Бақытқызының «Тек сен ғана…» кітабындағы ортақ ой – махаббат ғана адамды көкке көтереді.   Шынайы махаббат, мөлдір сезім, жан тазалығы,  адалдық, сыйластық адамның ұлы болмысын айқындайтын категория екені паш етіледі.

Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Ащы да тәтті өмір» атты қысқа романдары белгілі қаламгердің өзіндік жазу машығы, мәнерімен ерекшеленетін  шығармасы. «Олигарх және Олимп, «Интерадам», сондай-ақ, «Бумеранг», «Бақидан келген келіншек» атты шығармалары оқырмандардың қызығуын тудырары сөзсіз. Дегенмен автор: «Оның осындай бойкүйез сәтін кілт үзіп, есікті де қақпастан оққағар-көмекшісі Ханс кіріп келген. Түрі өрт сөндіргендей ме?! Мына келісті аса ұнатқан жоқ, еркінсудің де жөні бар.

Бұл не тәртіпсіздік? – деп айқайлап жіберген.

Тәртіпсіздік менде емес, сіз сенген ана Джон Дэвисте…» – дейді.

Қысқасы, әлгі Дэвис Аспанның (кейіпкер) бес мейрамханасынан қыруар ақшасын, тағы екі кафеден қомақты  қаржы алып, ол ол ма, «өлген малдың етінен ас әзірлегенін анықтап», екі кафені жапқызбақ.

Оған қоса, «Сіз тым аңғалсыз, елдің бәріне сенгішсіз. Қазіргі бизнесте ондай мінез орға жығады. Сізді іштей аяймын…» деп хат қалдырады. Оқиға АҚШ-та өрбіп жатыр ғой. АҚШ-та өлген малдың етінен ас дайындалады дегенді ешкім естіген жоқ шығар. Осы оқиға 90-жылдардағы Қазақстандағы рейдерлікпен айналысқандарды есімізге салмай ма?!

Ал Батыс елдерінде «Өз үйім – өз қамалым», – деген ұғым ата заңында жазылып қойған. Ешкім жеке меншігіне, бизнесіне қол сұға алмайды.

Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан Өскенбай Құлатайұлының жазғандары өмір шындығынан  ауытқымай есте қалса, Мір Шайырдың «Әулиетас» әңгімелері мен новеллалары адам табиғатының таңғажайып табиғаты, жаратылыс пен ғаламның құпиялары және сырларын жазуымен құнды.

Құлтөлеу Мұқаштың «Салбурын» роман-эссесінде қазақ халқының ұмыт болуға айналған қастерлі құсбегілік өнері – Салбурынды қайта тірілтіп, жаһанға паш еткен саятшы ғана осы арқылы шырқау биікке көтеріледі.

Енді бір айттарым, Нұрдәулет Ақыш ағамыздың 2020 жылы жарық көрген шығармасы қолымызда бар еді, бірақ шал алды ма, шайтан алды ма, таба алмай қойдық. Нұрекең 40 жылдан бері өз биігінен төмендемей келе жатқан қаламгер ғой. Оған сендік. Нұрдәулет Ақыш жазып жатқан Ыбырай Алтынсарин туралы романына табыс тілейміз.

Имхотеп ізбасарларының жаңсақтығы жайына қайта келсек, олар өздері табынған Имхотеп бейнесіне су емес, тосап немесе шарап құйса қалай болар деп қиялдаймын кейде. «Пандемиядан кейін қоғам, адам өзгерді, – дейді. Яғни әдебиет те өзгеретін шығар. Қазақ әдебиеті қалай өзгерер екен?

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір