Бүгінгі баланы кітапқа қалай қызықтырамыз?
02.12.2021
1463
0

Баланың әлемі – күйдің әлемі, көңілдің әлемі, бізге таңсық сезімнің әлемі, біз бастан кешпеген уақиғалардың әлемі, бұл – сырлы, сұлу, көркем әлем, оған дәретсіз кіруге рұқсат жоқ, дәт шыдамайды. «Балалар әдебиеті кенжелеп келеді» немесе «балалар әдебиеті дамымай жатыр», – деген сөздерді жиі-жиі естиміз. Еңбасты нәрсе – жарнамада. Шетелде жарнама жолға қойылған. Қазақ балалар әдебиеті орташа деңгейде дамуда. Сұмдық шарықтап, аспандап кетті деп те айта алмас ем, тым құлдырады деуге де негіз жоқ. Иә, шүкір, жазылып жатыр. Бізге дейін жақсы мектеп қалыптасқан-ды. Қазір де оңды талпыныстар жасалуда. Шындыққа тура қарай білейік, барды бар, жоқты жоқ деп айтып үйренелік. Балалар драматургиясы ақсап тұр, кадр аз. Қылаяғы бүлдіршіндерге, оқушыларға арналған жібі түзу ертегілер де жоқ. Тәрбиешілер мен мұғалімдер жоқтан жонып, әйтеуір өздігінше еңбек етуде. Сол «шикізатты» әзірлейтін қаламгер емес пе?! Сондай-ақ, қазіргі қарақты көз әлем әдебиетін де қалдырмай оқуға тырысады. Бірақ, жаппай оқиды деп тағы да айта алмас ем. Оның себебі бар, аударма қарқын ала алмай жатыр. Әр қаламгер тартпасында кемінде бірді-екілі аударма бар, білем, әлі жарияланбаған тың аударма. Соны жинақтау қажет. Салыстырмалы түрде алғанда, балалар поэзиясы мен прозасы көш ілгері тұр. Ендігі шаруа мультфильмге айналдыру, аудионұсқасын жасау, ютубқа шығару, аудиторияны кеңейту. Бүгіндері біртүрлі коллапс сезіледі. Балалар өзгерген: дүниетанымы, ой-санасы, талап-тілегі, мақсат-мұраты, арман-аңсары. Қазіргілер – әсіре реалист, прагматик, өмірге деген көзқарасы бөлек. Болашақта жазылатын шығармалар солардың өмірінен сыр шертуге тиіс. Сондықтан, әлі де әдеби конкиста бастала қойған жоқ. Кейде бір тәуір туынды оқыған соң жалғасын асыға күтесің, бірақ сиквелдық, циклдық сыпат ала алмай қалып жатады. Театртанушы Жазира Ахмет балалар әдебиетіне арналған электронды кітапхана ашу туралы баянды бастама көтеруде, идея ретінде ұсынуда. Сол жүзеге асса тамаша болар еді.

Өзімізге келсек, Тұрдақын Жексенбайдың «Бала бүркіт», Шәкен Күмісбайұлының «Атамның аманаты», Арасанбай Естеновтың «Өлең жаттап өсейік», Кәкен Қамзинның «Қарлығаштың хикаясы», Тұрлыбек Мәмесейіттің «Мен қазақ екенмін», Ділдәр Мамырбаеваның «Көк түйме», Бекен Ыбырайымның «Аспандағы саяхат», Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер», Баян Болатханованың «Мейірбан жанарлар елінде», Қанат Қайымның «Алабай», Лиля Калаус пен Зира Наурызбаеваның «Приключения Бату и его друзей в стране Барсакелмес», Заря Жұманованың «Ормандағы таңғажайып оқиғалар», Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлем», Есей Жеңісұлының «Өрімтал», Еркінгүл Солтанаеваның «Жалқаулық», Әдина Жүсіптің «Асқабақтың әлегі», «Бидай мен шырмауық», «От пен су», Гүлім Сыдықованың «Қайдасың, Мәди?», Есболат Айдабосынның «Қамшыұстар», Бейбіт Сарыбайдың «Рауғаш ерте гүлдейді», Мира Сембайқызының «Қайсар гүл жайлы ертегі», Қанат Әбілқайырдың «Атасының баласы», Қуаныш Нұрданбекұлының «Әупілдек Әділ», Нұрбек Нұржанның «Кітап патшалығы», Зәуре Төреханның «Амина Туран в стране номадов», Елдос Тоқтарбайдың «Серт», Мейіржан Жылқыбайдың «Ертегілер елінде», т.б. көркем шығармаларды атап өткім келіп отыр.

Шәкен Күмісбайұлының «Тұңғыштар», Бекен Ыбырайымның «Аспандағы саяхат», Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлемін» ерекше атап өтер едім. Арасанбай Естеновтың 2020 жылы жарық көрген «Көне кенттер күмбірі», «Өлкетану мектебі», «Табиғаттану мектебі», «Салауаттану мектебі», «Ой ұшқырлау мектебі» атты 4 бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде оқушылар орта ғасыр қойнауына «саяхаттап», Аспара, Баласағұн, Қарнақ, Сарайшық, Сығанақ сынды көне кенттермен танысып, олардың қыр-сырына қанықса, екінші бөлім кішкентай оқырмандарын табиғат таңғажайыптарымен таңдандырады. Үшінші бөлім, аты айтып тұрғандай, балдырғандарды салауатты өмір салтын ұстана спортқа бейім болып, шынығып, шыңдалып өсуге құлшындыратын танымдық өлеңдерден тұрады. Балалардың жанына жақын, көлемі шағын туындылар оқырман көкейіне қонымды. Балдырғанның ой-қиялын ұштап, оларды имандылық пен ізгілікке жетелейтін бұл туындылардың жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі рөлі айрықша. 2020 жылы жарияланған жазушы Пернебай Дүйсенбиннің бұл шағын жинағына оның соңғы жылдары жазған балалар мен жасөспірімдерге арналған «Нұрстан мен Аққанаттың бастан кешкендері» және «Ғажайып домбыра» атты қиял-ғажайып ертегі-повестері, сондай-ақ прозалық және поэтикалық жанрда жазылған бір топ ертегілері енгізілген. Шығармалардың оқиғалары өте қызықты, тартысты, оқырмандарды еліктіріп отырады. Тілі де жеңіл, айрықша, оралымды жас өскелең, жас ұрпақтың талғам-таразысымен сәтті үйлесім, үндестік табады. Қанат Қайымның 2020 жылы жарық көрген «Көпір астындағы үй» хикаяттар, әңгімелер, балдырғанға базарлық, ерте, ерте, ертеде, мектеп сахнасында деген бөлімдерден басталған екен. Ондағы кейіпкерлердң алуан түрлі мінез-құлықтары шұрайлы тілмен өрнектелген. Кітапта қиын тағдырлы балалардың тіршілік-тыныстары, арман-тілектері мен ерекше ой-саналарын саралайтын шығармалар топтастырылған. Отанды, елді, табиғатты сүюге, достық, бірлік, өзара сыйластық тәрбиелейді.

         Жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның 2020 жылғы кітабы – «Ауылдан шыққан миллионер» деп аталады. «Анасының панасы», «Мектеп табалдырығын аттағанда», «Кітап оқып – адам болу», «Спортпен қалай шұғылданды», «Дүкендегі елес», «Нан қайдан келеді?», «Өмірбаян» секілді бөлімдерден тұратын кітапта еңбектің қадірін, жастайынан нарықтың талабын біліп өскен Жомарттың жетістіктері шынайы оқиғалармен өрілген. Автор осы шығармасы арқылы қазақтың бизнес бастауға ниетті жастарына жол көрсетеді. «Бай болсам!» – деп армандаған балаға рухани тәлім береді. Автордың өзі армандағандай, әр қазақтың баласы бай болып, мақсатына жетуге тиісті. Өйткені, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – солар. Ал, Сәуле Досжанның 2021 жылы жарық көрген «Біртуар» («Уникальный») кітабы даңқты спортшы, Мәскеу Олимпиадасының жүлдегері, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің өмір жолына, ғибратты ғұмырына арналады. Профессор Нұрдәулет Ақышпен қатар, Тәуелсіздік кезіндегі қазақ балалар әдебиетін зерттеп жүрген әдебиеттанушы Еркінгүл Солтанаева былай деп жазады: – «Соңғы жиырма жылда он бес шақты кітап шығарып үлгерген жазушы Сәуле Досжан шығармашылығының елеулі бөлігі балалар әдебиетіне арналған. «Ауылдан шыққан миллионер» атты хикаяты 2020 жылы жеке кітап болып жарияланды. Хикаяның көркемдік уақыты кеңестік кезеңнің соңғы жылдарынан бері Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдарға дейінгі кезді қамтиды. Бас кейіпкері Жомарттың дүниеге келгенінде әке-шешесінің ырымдап ат қоюы, баланың әкесінен айырылуы, басынан кешкен қиындықтары ертегідей баяндалады. 1990 жылдар басындағы алғашқы нарықтық қатынас, сол кезеңдегі ауылға келген алғашқы коммерциялық әрекеттер, баланың осы өмірге бейімделуі, есеюі, дүниетанымының өзгеруі нанымды бейнеленген. Себебі, жазушы ылғи да оның қандай да бір шешім қабылдауына түрткі болатын себептерді елеусіз детальдар арқылы уәжді етіп көрсетіп отырады». 2021 жылы жарық көрген Нұрдәулет Ақыштың «Тау ішіндегі тауқымет» хикаяттар мен әңгімелерден құралған. Бұған белгілі қаламгердің жас оқырмандарға арналған шытырман оқиғалы шығармалары еніп отыр. Жеткіншектің туған жерін, өз Отанын сүюге деген құштарлығы жалаң насихатпен емес, шиеленісті, тартысты жағдайлар арқылы көрініс тауып жатады. Хикаяттардың қай-қайсы да жетектеп әкететін тосын оқиғаларға толы. Жас кейіпкерлердің мінез-құлықтары қызықты да шиеленісті сюжеттердің үстінде ашыла отырып, тағылымдық қырларымен де әсер етеді. Жинақтың тілі – жатық әрі бейнелі. Кітап – «Жұмбақ іздер», «Кебежеден шыққан қылыш», «Киелі көлдің» қарақшылары», «Тау ішіндегі тауқымет немесе құз хикаясы» сынды бөлімдерден тұрады.

         2020 жылы жас та болса болашағынан зор үміт күттіретін Зәуре Төреханның «Айша и невидимые соседи» атты кітабы жарық көрген. Көркем туынды қызықты сюжетке, табанастында өзгеретін уақиғаларға толы. Оның алдында аталған автордың «Амина Туран в стране номадов» атты романы жарық көрген болатын. Жазушы Бейсенбай Сүлейменовтің шығармалары негізінен балалар мен жасөспірімдерге арналған. Қаламгердің әр туындысы оқиғасының орамдылығымен ерекшеленеді. Жазушының «Кечуа тайпасының үндістері», «Бес ғасыр атылмаған садақ», «Қуанышты күн», «Тентектер», «Хан шатырындағы кездесу», «Күннен келген адам», «Горилла-адам» кітаптары балаларды ертегілер әлеміне, ерлікке, отансүйгіштікке, достыққа жетелейді. Ал, «Хан шатырынан – күн шатырына саяхат» атты тарихи-танымдық, ертегі романы ұзақ жылғы шығармашылық еңбектің жемісі. Көркем туындының тілі – жатық, оқиғалары – қызықты. Балалық атты ғажайып әлемге бірге саяхат жасауға жетелеп отырады.

         2021 жылы «Қыр баласы» қоғамдық қорының өкілдері «Балалар әдебиеті жылына» тарту ретінде «Құлыншақ» атты жетісулық балалар жазушыларының антологиясын шығарды. Бірінші кітап тақпақ, өлең, жұмбақтарға, екінші кітап әңгіме, ертегі, хикаяттарға арналады. Жинақ Алматы облысының әкімі А.Ғ. Баталовтың қолдауымен жарық көрді. «Құлыншақтың» идея авторы, жоба жетекшісі: Елдос Тоқтарбай, жауапты редакторлары: Заңғар Кәрімхан, Ұшқын Сәйдірахманұлы, шығармашылық топ: Алмас Сырғабай, Данияр Ихсан, Ерден Нұрахмет және мен. Балалар жазушысы Елдос Тоқтарбайдың «Тау құсы» кітабына балалар мен жасөспірімдерге арналған әңгімелері мен ертегі, хикаяттары енген. Кітаптағы әңгіме, ертегі және хикаяттардың тілі көркем әрі жеңіл оқылады. Әр шығарма өз оқырманының көңіліне әсер етіп, елі мен жерін сүюге, төл тарихын қастерлеуге баулиды. Дәнеш Ахметұлының «Бүлдірген қалың шыққан» деп аталатын бұл жинағында бүгінгі бала тірлігінің әр қилы жақтары сөз болады. Баланың жан дүниесі, өмірге деген көзқарасы түрлі сипатта көрініс береді. Автордың «Ақдидар» хикаяты балалар мен жас өспірімдерге арналған Халықаралық «Дарабоз – 2013» бәйгесінде жүлде алған. Дәнеш Ахметұлының әңгімелер мен мысалдарының басым көпшілігі мерзімді баспа бетінде жарық көрген. Оның ертегілерінен жаңашылдық, жасампаздық нышаны аңғарылады. Жинақтың тілі – кестелі, ойы – тұнық. Ділдәр Мамырбаеваның «Робот. Вирус. Сезім» жасөспірімдерге арналған әңгімелер жинағы. Бұндағы «Робот. Вирус. Сезім», «Жерұйық қайда?», «Индиго» тақырыптары бірден көзге түседі. Күні еңкейген кәрі мен жас талапкердің талғамы бірдей болмайды. Заман өзгереді. Әдеп нормалары жаңарады. Адамзат қауымы ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан сайын ақыл-ой деңгейі биіктейді. мұндай өзгеріспен, жаңарумен санасқың келмесе де санасасың. Бұл кітап – «осы күнгі балалар не боп барады?» дейтіндерге заманның лебі осындай, роботтар өмірімізге адам құсап араласып келеді, адамдар кейде роботқа айналып барады деген күдік пен жаңалықты қатар ұқтыратын танымдық, фантастикалық әңгімелер.

Әсілі, бала – қатал, әрісі әділ сыншы, адал төреші. Ол атақ-дәрежеге, сыйлыққа, статусқа, қызметке, шен-шекпенге, тамыр-танысқа, аға-көкеге, регалияға қарамайды, көзге де ілмейді. Тек көңіл бұрған көркем туындыға ғана мән беретіні бар. Кітап ұнаса оқиды, ұнамаса шетке ысыра салады, бітті. Оған бір нәрсені күштеп оқыта алмайсың, күштеп көрсете алмайсың, күштеп тыңдата алмайсың, қатты күшке салсаң бір «механизмды» сындырып жіберуің мүмкін. Ересектермен салыстырғандағы ең негізгі ерекшелік – осында. Ал, үлкендер қайбір дүниені «ұят болады» деген уәжбен өздерін қинап, еркіне қарсы шыға отыра істеуі ықтимал. Бүгежектеуді білмейтін бүлдіршінге – бұндай қылық жат. Балаларға арналған көркем шығарма қызықты, тартымды, мазмұнды, тілі аса күрделі емес, қайта жеңілдеу, суретке, оқиғаға бай, өзегі бар, заманымен үндес, әріптері үлкендеу, ақыл айтып діңкелетпейтін, тым данышпансымайтын да және ұғынықты болғаны дұрыс.

 

Әлібек БАЙБОЛ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі, жазушы-драматург,

әдебиеттанушы, сыншы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір