Әдеби сында жаңғыру бар
03.12.2021
2488
0

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор

«Әлемді сұлулық сақтап қалады» деген сөз бар. Мүмкін, рас та шығар. Десек те, бүгінгі заманның әлеуметтік райы  күн сайын құбылып, өзгеріп жатқан, адамзат баласы  «қайткенде, адам болып қаламын» деп, аласұра бастаған, бір ауыз сөздің өзі дүниені теңселте бастаған  дәуірде бүкіл ғаламның тетігін осы «Сөз» ұстап тұрғандай көрінеді маған.  Әлемде, қоғамда болып жатқан жаһанданудың салдарынан сөз өзгере бастап еді, адам да, сол адам тіршілік жасап жатқан өмір де сілкіне бастағандай. Қазір бір ауыз сөзден дені сау адам қалпақтай ұшып, өлген тіріліп жатқан жайы бар. Сондықтан да адамды адам ретінде хайуандықтан сақтап қалу үшін, әркім бақытты тіршілік етуі тиіс қоғам орнауы үшін ең алдымен, сөзді түзеуіміз керек. Қазақ үшін ата-баба сөзінен киелі, қасиетті ештеңе жоқ. Біздің бар рухани қазынамыз осы сөзде сақталынған. Ұлтымыздың рухын, барлық рухани құндылықтарымызды бойына сақтап келген қазақ тілінің қазіргі жағдайы «мен қазақпын» деген адамды ойлантпай қоймайды. Сыртқы жауларды қояйықшы, тіпті, тілімізге қарсы шұбар жыландар ішімізден де шыға бастады…

Еліміздің әлеуметтік, рухани өмірінде  етек жая бастаған осы сияқты келеңсіз құбылыстарға тосқауыл болатын — ең алдымен, қазақша ойланып барып, елдің мүддесі тұрғысынан айтылатын дұрыс сөз, сол дұрыс сөздің іске айналып, халықтың игілігіне айналуы. Он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ Абай «Сөз түзелді,// Тыңдаушым, сен де түзел» деп, зарланумен өтсе, өткен ғасырдың басында алашшылдар «Біз ұлттың ұлы ойларын сөзге айналдырдық. Енді сендер осыны іске асырыңдар» деп, болашақ ұрпақтың алдына ұлы міндетер қойып, оны жүзеге асыруды өсиет етіп кетті. Арада ғасыр өтсе де, «Баяғы жартас бір жартас» сияқты.

Бұл өмірде бәрі өледі. Өлмейтін бір ғана нәрсе бар; ол — сөз. Сөз салтанат құрған жерде әдебиет те салтанат құрады. Өлмейтін киелі сөздің өмір сүретін жері — осы қаламгерлердің қасиетті қаламынан шығып жатқан  кітап. Ал сөз жүрген жерде, әдебиет бар жерде оған деген жекелеген адамдармен бірге қоғамдық пікір де бар. Әдебиет пен әдеби сын егіз; бірінсіз бірі жоқ; өйткені, бірін бірі алға сүйреп отырады. Тәуелсіздіктің алғашқы кездеріндегі әлеуметтік, рухани өзгерістер әдебиетімізбен бірге оның сынына да түбірлі өзгерістер алып келді. Әлемдік ауқымда ұлттық атаулыны жою бағытында жүріп жатқан жаһандану барысында жалпы ұлттық құндылықтарға, оның ішінде көркем әдебиет пен оның сынына деген көзқарастың өзгеруі қазақ әдебиетіне де әсер етпей қоймады. Бұрындары социалистік релизмнің «сара жолымен» еш уайымсыз, қайғысыз келе жатқан әдебиетіміз дағдарып қалғандай сыңай танытты. Осы кездерде әдеби сынымыз тәуелсіз елдің әдеби дамуының тура жолын іздеп, басын тауға да, тасқа да соғып, шарқ ұрды. Қазір, құдайға шүкір, сол бір қиын кездерден өтіп, есімізді жиып, ұлттық әдеби даму жолына түсе бастағандаймыз. Бұған 2020 жылдың әдеби сын материалдарымен танысқанда, көзіміз жеткендей болды.

Ең алдымен, байқағанымыз, қазақ әдеби  сыны саны жағынан көбейіп, мазмұнының толыға түскендігі көрінеді. Авторлар құрамында да айтарлықтай өзгерістер бар. Жанрлық жағынан келгенде, аражіктерінің, жанрлық ерекшеліктерінің бұзылып, бір-бірімен жақындай түскендігі, сыншыл ойлардың айтылуында көркемдік құралдарының көбірек қолданылып, сынның көркем жанрларының алға шыққандығы байқалады. Бұрындары әдеби сын шартты түрде сыншы сыны, суреткер сыны, оқырман сыны деп, қарастырылып, осылардың ішінде әдеби сынның негізгі ауыр салмағын көбіне кәсіпқой, ғалым, оқырман  сыншылар көтеріп келсе,  қазір негізгі салмақ қалам қайраткерлерінің өздерінің иығына түсе бастағандай.

Әдеби сынның негізгі өмірі – баспасөзде. Сынның жандана бастауы «Қазақ әдебиеті» газетінің беттерінен айқын көрінеді. Газеттің әдеби сынға арналған «Тұлға», «Талғам-таразы», «Ғалам-нұр», «Сұхбат», «Көкжиек», «Жетіген», «Рухнама», «Айна», «Жүректің көзі ашылса», «Ақ парақ», «Көркемдік құпиясы», «Белес», «Өре», «Руханият», «Мен айтайын», «Жас тұлпар», «Ұмытпаңдар мені», «Тірілермен тірімін», «Талқы», «Әңгіме туралы әңгіме»,  «Әлем желідегі әдебиет», «Жас тұлпар», «Әдебиет әлемі», «Асыл сөз», «Рецензия», «Ғұмыр-дария», «Алқа», «Ой-талас», «Ақ қалам», «Дегдар», т. б.  айдарларынан  мәдени жаңалықтардан, жаңадан шығып жатқан  кітаптардан бастап, жекелеген жазушылардың шығармашылықтарына, әдеби оқиғаларға, әдебиеттің түрлі проблемаларына арналған материалдар үзбей беріліп тұрған.

   «Қазақ әдебиеті» жаңадан шығып жатқан көркем туындыларды ылғи да назарда ұстап отырған. Бұл ретте С. Досжанованың «Қасірет пен тағдыр» (А. Жүндібаева. Қасірет пен тағдыр өрілген роман. 24.01.2020), Т. Көпбайдың «Даналық тәпсірі» (Е. Ералы. Т. Көпбайдың «Даналық тәпсірі» атты кітабын оқығанда туған ойлар. 07.02.2020), Т. Сәукетайдың «Желқайық» (Д. Қуат. Тұрсағаңның «Желқайығы». 28.02.2020), М. Шоқанның «Түнгі лирика», Т. Сәукетайдың «Бұлағай» (З. Жұманова. Мені екеуі таңғалдырды. 05.06.2020), Т. Рыскелдиевтің «Ұлы көш» (А. Нысаналин. «Ұлы көш» романындағы тіл мен образдар. 28.08.2020), Р. Отарбаевтың «Бас» (Р. Әлмұқанова. «Бас» және намыс. 16.10.2020),    М. Байғұттың «Іштарлық пен құштарлық» (Ә. Бөпежанова. Асыл әңгімеші. 13.11.2020), С. Олжабайдың «Ақсақ Темірдің алмас қылышы» (Б. Ысқақ. Ойлы сөзбен өрнек салған. «Жұлдыз», №9), т. б. кітаптарына жазылған рецензияларда олардағы  жаңалық нышандарына көбірек назар аударылған. «Қазақ әдебиеті» газетінің  бетінде қалам қайраткерлерінің шығармашылықтарын насихаттауға да айтарлықтай орын беріліп келеді. Осындай мақсатпен жазылған Т. Таңжарықтың «Мұхтар Мағауин – 80» (10.01.2020), Е. Ашықбаевтың «Өтіріктендірілмеген өлеңдердің иесі» (Е. Раушанов. 17.01.2020), Н. Ақыштың «Жабырқау жандардың жоқтаушысы» (О. Бөкей. 07.02.2020), Қ. Құрманғалидың «Сөзбен салынған сурет» (Ә. Асқаров. 14.02.2020), Қ. Мұқаштың «Ақжайсаң аға» (Ж. Өмірбеков. 14.02.2020), С. Досжанның «Жақсы үміттің сәулесі» (М. Мағауин. 06.03.2020), Қ. Біләлдің «Бізге беймағлұм Шаханов» (20.03.2020), С. Сыбанбайдың «Көпеннің көркем күлкісі» (27.03.2020), Ж. Құлиевтің «Ақиқатқа суарылған ақық жыр» (Б. Жетекбай. 22.05.2020), Ұ. Есдәулеттің «Шолпан жұлдыздың тұрғыны» (Ғ. Құлахмет, 29.05.2020), Р. Зәйкенованың «Ардагер жазушымызды ардақтайық» (29.05.2020), А. Шаяхметтің «Мен» дегеніміз –  мына біз» (М. Мағауин. 05.06.2020),  Г. Пірәлінің «Сөзтану  әлеміндегі сыншы мұраты» (Б. Ыбырайым. 12.06.2020), С. Балғабаевтың «Жұлдыздай ағып өткен ақын» ( Т. Айбергенов. 12.06.2020), М. Оразбектің «Қазақ ғылымының қазынасы» (С. Қасқабасов. 26.06.2020), Ж. Жаңқашұлының «Тәңір сыйлығының лауреаты» (С. Ақсұңқарұлы. 13.07.2020), Е. Қаныкейұлының «Ақын кетіп барады» (Б. Қанапьянов. 03.07.2020), Қ. Жәленованың «Ән-жырға құмар Тұрсынайым еді-ау!» (Т.Оразбаева. 10.07.2020), С. Ақсұқарұлының «Мейірханның миссиясы» (М. Ақдәулетов. 28.08.2020), Д. Амантайдың «Метафора құшағындағы поэзия» (04.09.2020), К. Тәбеевтің «Балалар әдебиетінің әйдік әзілкеші» (Б. Кірісбаев. 18.09.2020), Т. Жазықбайдың «Мен –  қазақпын» жаныммен, жүрегіммен»  (Ж. Молдағалиев. 16.10.2020), И. Сапарбайдың «Жұматайдың жұмағы» (Ж. Жақыпбаев. 06.11.2020), Т. Тебегеновтің «Әміренің көркемдік әлемі» (13.11.2020), Қ. Бегмановтың «Ақын Өтежан» (Ө. Нұрғалиев. 20.11.2020), Қ. Боқаевтың «Өзіміздің іздеріміз ертең туар ғасырға» (Т. Қызықбаев. 20.11.2020), Ә. Омардың «Әлібектің әлемі» (Ә. Асқаров, 27.11.2020), Ғ. Абызовтың «Кейіпкер жанды жазушы» (Н. Ораз. 27.11.2020), Ж. Дәдебаевтың «Жан сарайы таза, көкірек көзі ашық» (Ж. Әбішев. 04.12.2020), Д. Тұрлыбковтің «Әттең тонның келтесі-ай» (Т. Иманбеков. 11.12.2020), Б. Жақыптың «Шапқан аттай, атқан оқтай» (Н. Айтұлы. 25.12.2020), т. б. шығармашылық портреттерінде ақын-жазушылардың суреткерлік сырлары жарқырай түсті.

«Жұлдыз» журналында Тыныштықбек Әбдіәкімнің (Т. Тебегенов. «Дүниетаным кеңістігі». 2020, №10), Несіпбек Айтұлының (Қ. Құрманғали. «Азаттық жырының айбозы». 2020, №8), Нұрдәулет Ақыштың (Д. Ысқақұлы, Ж. Құсайын. «Қазақи рухты кестелеу жолында», 2020, №6), Толымбек Әбдірайымның (Е. Оқасова. «Балалар бағының бағбаны». 2020, №7) шығармаларын жан-жақты талдаған портреттік мақалалары жарық көрді. 

Кәмен Оразалиннің өмірбаяндық, шығармашылық жолдарын көркем баяндаған С. Оразалының «Абай елінің абызы» («Жұлдыз», 2020, №10) деректі  хикаяты жарық көрді. Дулат Исабековтің «Пушкин, Абай және басқалар» («Жұлдыз», 2020, № 7) атты көлемді  мақаласында қазақтың ұлы ақынының тұлғасын әлемдік әдебиеттің аясында қарастырып, жалпы әдебиет жайлы толымды толғаныстарға барған. Жанұзақ Аязбеков Жолтай Әлмаштың «Олигарх және олимп» роман-эллегия, «Интерадам» роман-әфсана, «Бумеранг» роман-хат, «Көлеңке келіншек» роман-драма, «Жатпланеталық жігіт» роман хикая романдарынан тұратын «Ащы да тәтті өмір» топтамасындағы романдарда  көркемдік тұрғыдан көтерілген қазіргі заманның әлеуметтік, философиялық проблемаларына тереңдеп барып, қызғылықты ойлар айтқан.

Өткен жылы бір топ қаламгердің мерейтойлары атап өтілді. Мерейтойлық материалдарды бергенде, «Қазақ әдебиеті» газетінің бірсарындылықтан қашып, іздене түскендігі көрінеді. Темірхан Медетбектің 75 (13.03.2020), М. Байғұтовтың 75 (22.05.2020), Т. Нұрмағамбетовтің 75 (10.07.2020),  Ғ. Қабышұлының 85 (24.07.2020), М. Рәштің 90 (23.10.2020) жылдық мерейтойларына арнайы беттер арналып, әртүрлі қырларынан ашыла түскен. Мысалы, Ғаббас Қабышұлының 85 жылдығына орай, М. Әлімбаев, Е. Мырзахметұлы, Е. Жаппас, т. б., ал әдебиетіміздің ақ сақалы сатирик Мыңбай Рәштің 90 жылдығында Ғ. Қабышұлы, А. Еспембет, К. Әмірбек, Б. Жақып сөз алыпты.

Ал «Жұлдыз» журналында Нағашыбек Қапалбектің 70 (Т. Тебегенов. Қаламгер келбеті. 2020, №4), Көпен Әмірбектің 70 (С. Олжабай. Көпеннің күлкісі. 2020, №7; «Жалын», №4), Әнуар Әлімжановтың 90 (Ғ. Қабышұлы. Бар құрлықта ізі жатыр. 2020, №6), Сәуірбек Бақбергеновтің 100 (М. Қарғабай. Созақтың сырбаз Сәуірбегі. 2020, №6) жылдық мерейтойларын атап өтіпті.

«Қазақ әдебиеті» газеті көркем әдебиет саласы бойынша Қазақстан республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған еңбектерді талқылау ұйымдастырыпты. Осы газеттің бір саны (11.09.2020) түгелге жуық үміткерлердің шығармаларын талқылауға арналған. А. Кеңшілікұлының Тынымбай  Нұрмағамбетов хақындағы «Ар азабының ақиқаты», Ж. Қорғасбектің  Несіпбек Дәутайұлы туралы  «Айғыркісіден адамкісіге дейін», Ұ. Нұрғалымның Роза Мұқанова, Е. Әлікеевтің Шөмішбай  Сариев, М. Бақтиярұлының Ғарифолла Есім, Б. Қабдинаның Бақытжан Қанапьянов  жайлы мақалаларында ұсынылған еңбектердің жетістік жақтарына көбірек көңіл бөліп, жоғары марапатқа ие болуға әбден лайықты санаған.

Газет бетінде әдеби дамудың  алдында тұрған өзекті мәселелерді көтерген бірсыпыра  проблемалық мақалалар жарық көріпті. Атап айтқанда, Т. Медетбектің «Қуаты ерен серпіліс күтеміз» (05.06.2020), М. Байғұттың «Қайталап оқудың қасиеті» (31.01.2020), Ж. Аязбековтің «Адамды сүю қасірет екен» (21.02.2020), А. Нәріковтің «Көркем шығарма өмірдің көшірмесі емес» (06.11.2020), Т. Мәмесейіттің «Әңгіме арқауы –  әлеуметтік  шындық» (19.06.2020), Ә. Қабаның «Балалар әдебиетіне стратегиялық мәселе ретінде көңіл бөлу керек» (27.11.2020), т. б. материалдардың көтерген жүгі –  ауыр.

Жаңа дәуірдегі белгілі қаламгерлердің жалпы өмір, әдебиет, оның ішінде қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-күйі, шығармашылық жоспарлары жайлы берген сұхбаттарында бүгінгі әдеби ахуал хақында мол мағлұматтар бар. М. Серікқызының К. Ахметовамен («Өлеңнен күннің нұры төгіліп, ойдың сәулесі түсіп тұрса». 24.01.2020), Н. Ақышпен («Әлемді құтқаратын сұлулық емес». 19.06.2020), К. Әмірбектің А. Бақтыгереевамен («Ақ Жайықтай ағамын бір бағытта». 07.02.2020), Б. Сәрсенханның Т. Қыдырмен («Егер мұсылман елдері өзін таныса…». 14.02.2020),  С. Бөкейдің И. Сапарбаймен («Мен өз әлемімді әлдеқашан ашқанмын». 28.02.2020), А. Ахметтің Д. Исабекпен («Жазушы –  зейнетке шықпайтын жанкешті жұрт». 13.03.2020),  С. Пірназаровтың Ж. Жұмат-Әлмашұлымен («Адам бар жерде әдебиет те болды». 29.05.2020), Б. Сәрсенханның М. Мырзахметовпен («Абай мені кедей етті». 12.06.2020), Л. Мұсалының Ж. Дәдебайұлымен («Қазақта мінсіз аударма жасаған қазақ –  біреу». 25.12.2020), Ә. Қажекбайұлының Ә.  Сараймен («Шығарманы қызықтырып оқытудың технологиясын әлі меңгерген жоқпыз». 13.11.2020), С. Досановпен («Назарбаев «Сенен асып қайда барамын» деді». 11.12.2020), т. б. сұхбаттары көзге түседі.

Бұл ретте газет қызметкері Мөлдір Райымбекованың шығармашылық ізденістерін атап өткеніміз абзал. Оның Д. Рамазанмен  («Әр адам ашылмаған арал» 10.01.2020), Т. Жұртбаймен («Күнім мен түнім Абайдың тұтқыны». 17.01.2020), Қ. Түменбаймен («Бұл әңгімені күйініп отырып жаздым». 07.02.2020), Б. Шарақымбаймен («Біздің әр жазған шығармамыздан жусанның исі шығып тұруы керек». 05.06.2020), Ы. Ожайұлымен («Өркениеттің өзегі –  еркін ойлау». 13.03.2020), Ж. Шаштайұлымен( («Оқырмансыз әдебиет те, жазушы да –  жетім». 26.06.2020), т. б. Жүргізген( сұхбаттары формалық жағынан да, ой ауқымы жағынан да ерекшеленіп, шығармашылық ізденістерін байқатады.

 Әдебиеттің алдында тұрған күрделі мәселелерді «Алқа» айдарында көпшілік болып талқылауды «Қазақ әдебиеті» газеті дәстүрге айналдырыпты. «Біздің қоғамда Достоевскийдің кейіпкерлері көп» (Е. Қабділшәріп, А. Файзолла, А. Ораз қатысқан сұхбатты А. Шеризат жүргізген. 10,01.2020), «Әлем әдебиетін попугаизм мен популизмнен сақтап қалайық» (Шетелдік қаламгерлермен бірге А. Мантай, М. Ақдәулет, С. Рахметұлы қатысқан сұхбатты Д. Әлімақын жүргізіп отырған. 28.02.2020), «Ызалы күннің өзі қайғы шақырады» (Ғ. Қабышұлы, К. Әмірбек, Қ. Ергөбек, Т. Әлімбек, А. Наймантаев қатысып, М. Райымбекова жүргізген. 02.10.2020), «Әр буынның өз үні болады» (А. Мырзахмет, Б. Қадыр, Е. Нұрахмет, Ж. Нартай, С. Бекжан, А. Әділбек, Ә. Рахат қатысқан  сұхбатты М. Райымбекова жүргізген), «Ұлттық әдебиетіміз батагөй сыншыға да, прокурор сыншыға да зәру емес» (пікіралысуға Ғ. Жандыбаев, Ә. Әліакбар, А. Қабдуллина, А. Асан, Ә. Байбол қатысып,  М. Райымбекова жүргізген), т. б. тақырыптарда өткен пікіралысулар оқырманын тарта түседі.

Жоғарыда келтірілген мысалдардан әдеби сынның рецензия, әдеби шолу, проблемалық мақала секілді жанрларының азырақ көрінгендігі байқалады. Сондай-ақ сынның эпиграмма, пародия, памфлет секілді көркем жанрлары кездеспейді деуге де болады. Жалпы, бүгінгі әдеби сын көркем әдебиетті академиялық талдаудан гөрі онда бейнеленіп берілген өміршең идеялардың төңірегінде, олардың көркемдік тұрғыда қалайша көрініс тапқандығы жайлы философиялық ой толғаныстарға ұмтылып, сынның сара сөзден гөрі көркем әдебиеттің өз тілімен, яғни көркем тілмен сөйлеп, көркемдік, эсселік сыпат ала бастапты.

«Жалын» журналынан Көпен Әмірбектің Ханбибі Есенқараева туралы жазған шығармашылық портреті (Аспандағы ай ма дедім. 2020, №1) мен «Сайтанның сапалағы» («Жалын», 2020, №10)  аталған пародиясын оқыдық. Көпеннің өзі жанрын осылай атаған көлемді пародияда өзі құрмет тұтатын ағалары қос (Мағауин, Шаханов)  Мұхтардан бастап, мәдениет қайраткері  Қалдыбек Құрманәліге дейінгі  бір топ әріптестерінің кейбір әнтектеу көрінетін тұстарын «мақтамен бауыздағандай», юморға айналдырыпты.    «Сайтанның сапалағын»  оқып шыққанда, бірден байқалатын ерекшелік – пародия әдетте көркем шығармадағы бір ғана кемшілікті жеңіл күлкімен шымшып алып, сынға алса, мұнда әдебиет әлемінде жүрген замандастарының  мінездеріндегі, іс-әрекеттеріндегі өзгеше бір қылықтары, шығармаларында мүлт кеткен тұстары белгілі бір жүйемен мақала, фельетон сияқты тұтастық танытып, сын нысанына айналған. Бұл жағынан келгенде, «Сайтанның сапалағына»  Көпеннің жаңашылдығы тұрғысынан келіп, оның «пародия» дегеніне «мақаланы» қосып, пародия-мақала деп атауға да болатын сияқты.

Жалпы ұлттық әдебиетіміздің ауыр өтпелі кезеңді басынан кешіріп жатқан кезінде жазушы Жанат Ахмади «Қазақ прозасында қарқын бар» деп, соңғы жылдардағы прозалық шығармаларға шолу жасапты. Қалың оқырманға онша танымал емес «Ақиқат арнасы» газетінің  үш санында (29.09.2021, 06.10.2021, 13.10.2021) жалпы саны 26 жазушының кітап болып, басылып шыққан роман, повесть, әңгімелерін суреткерлік сынынан өткізіпті. Атап айтқанда, Қуат Қайранбаевтың «Ар мен заң алдында», Ілияс Жүністің «Іле иірімдері», Айжарық Сәбдібекұлының «Бұрынғының адамдары», Базархан Жақсыбаевтың «Жесірдің күні», Зылиха Тұрарқызының «Тағдыр биі», Есенәлі Ералиевтің «Жаралы құс», Төрехан Майбастың «Мыққыш», Бейбіт Қойшыбаевтың «Өртең өскіндері», Нұрдәулет Ақыштың «Махаббатпен арашалау», Нағашыбек Қапалбекұлының «Өнегелі өмір», Жолтай Әлмашұлының «Бесік ұшқан күн», Елен Әлімжановтың «Анажар», Толымбек Әбдірайымұлының «Тағдыр сыйы», Сайлаубай Жұбатырұлының «Абыржы», Болат Құрманғажыұлының «Тек», Марат Мәжитовтің «Құныскерей», Ұзақбай Доспанбетовтің «Абылайдың ақ туы», Әмина Құрманғалиқызының «Әулет пен нәубет», Жанар Әбдішованың «Үмітпен өткен дүние-ай», Баян Тіленшинаның «Ғибрат», Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр», Дәурен Қуаттың «Бөрісоқпақ», Серік Байқонның «Алтай асу», Қуаныш Жиенбайдың «Күздің жылы жаңбыры», сондай-ақ Бақтыбай Айнабековтің соңғы бес жылда жарық көрген 18 кітабы, Қуандық Түменбайдың «Белдік сатқан» хикаяты бірі қысқа, енді бірі ұзақ дегендей, қаламгердің көркемдік таразынан талданылыпты. Ең бастысы суреткер-сыншы соңғы кездердегі қазақ прозасында ілгерілеудің, қарқын ала бастаудың бар екендігіне назар аударады.

Енді 2020-жылы кітап болып шыққан сын жинақтарына келетін болсақ, көңіл көншіте бермейді. Атап айтқанда, Әлия Бөпежанованың «Мұнара», «Сахна», Қансейіт Әбдезұлының «Семсер», Жанұзақ Аязбековтің «Бальзак неге жылады?», Әмина Құрманғалиқызының «Сын түзелмей…», Дандай Ысқақұлының «Мағжан –  поэзия падишасы», «Тіл эпопеясы немесе рухани  жаңғырудағы қазақ тілінің тарихи миссиясы» жарық көріпті. Осылардың ішіндегі «Сахна» аты айтып тұрғандай, негізінен қазақ театрларында қойылып жатқан пьесалардың сахналық тұрғыдан қалайша көркемдік шешім тауып жатқандығы жайлы мәселелеріне арналған.  «Тіл эпопеясы немесе рухани жаңғырудағы қазақ тілінің тарихи миссиясы» атты еңбегімде көркем тілдің, яғни қазақ әдебиетінің ұлт өміріндегі аса маңызды әлеуметтік-рухани рөлі жалпы мәдени даму  аясында жан-жақты қарастырылады. «Мағжан –  поэзия падишасында» қазақ әдебиетінің классигі М. Жұмабаевтың шығармашылығын бүгінгі күннің, әдебиеттану ғылымның биігінен саралай отырып, ақынның жалпытүркілік, әлемдік деңгейдегі ұлы ақын екендігі дәлелденіледі.

Жалпы, сын саласында әдебиетті шын сүйгендер ғана қалам тербей алады. Өмірімізде, әдебиетімізде  туындап жатқан түрлі өзгерістерге байланысты әдебиет сыншыларының дені басқа салаға ауысуға мәжбүр болды. Қаншама қиындықтарға қарамастан, сынға адалдық танытып, осы салада қалам тартуын тоқтатпай, тұрақты  келе жатқан Әлия Бөпежанова, Амангелді Кеңшілік  секілді бірлі-жарым ғана сыншылар өнімді еңбек етіп келеді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Әлия Бөпежанованың «Мұнара» атты әдеби көркем сын кітабы көтерген проблемаларының ауқымдылығы жағынан да, көлемімен  де осы жылдың сын саласындағы хал-ахуалды, жеткен жетістіктерімен бірге қазақ әдебиетінің де бүгінгі жай-күйін анық байқата алады. Кітаптың  «Тұлғалар мен таланттар», «Біз пайғамбар емеспіз» аталған екі бөлімнің алғашқысында әдеби өмірдің өзекті өңірлері жайлы байқаулары, ой-толғамдары орын алса, екіншісінде сыншының қазақ әдебиетінің белгілі өкілдерімен бүгінгі әдебиет жайлы сырласқан сұхбаттары беріліпті.

Әдетте, мақалаға ат қоюдың өзі авторын біраз ойлантады. Өйткені, мақалада не айтарың оның тақырыбынан көрініп, айтпақ ойыңды ашып тұруы керек. Осы жағынан келгенде, Әлия тақырып қоюға келгенде, жаттандылықтан қашып, шеберлік таныта алған. «Тұлғалар мен таланттар» аталған бірінші тараудағы «Тереңнен тартқан тамыр», «Өмір… Әйелге деген сағыныштан басталады» (Қ. Ысқақ), «Заманның көркем бейнесі» (Ә. Тарази), «Есенберлин тағлымы», «Мұртаза шыңы», «Исабековтің көркемдік әлемі», «Туған ауыл түтіні» (Т. Нұрмағамбетов), «Дегдар» (З. Серікқалиұлы), «Суреткер мұраты» (А. Сүлейменов), «Қоңыр» (М. Қаназ), «Дүние бала көзімен» (Ж. Кеттебеков, Н. Ораз, Н. Дәутайұлы, С. Асылбеков), «Асыл әңгімеші» (М. Байғұтов), т. б. мақалалардың кім туралы, қандай мәселені көтеріп отырғандығы оның тақырыбынан-ақ анық байқалып тұр.

Бірінші бөлімнің «Тоғыз тарау» аталған екінші тарауы қыз-келіншектердің шығармашылықтарын барлауға араналған. Атап айтқанда, Ф. Оңғарсынованың («Поэзия –  әйелдей жұмбақ әлем…»), Қ. Бұғыбаеваның  («Шектілік пен шексіздік»), К. Ахметованың («Қанат қағып, бір-біріне ұласса ой»), Н. Алпамысқызының («Ғұмырдың кемел шағы бар»), Ш. Бейсенова мен  М. Қожахметованың («Әйелдер әлемі»), Х. Есенқарақызының («Қарлығашы жанымның – өлеңдерім»), Ж. Солтиеваның («Жан шуағы»), Р. Рүстембекованың («Мұқанның жары»), Қ. Мәдібайдың («Ғылым таппай, мақтанба») шығармашылықтары хақында қысқа да нұсқа толымды ойлар айта алған. «Толқынға толқын ұласыпта» Дидар Амантай, Маралтай Райымбекұлы, Мәдина Омарова, Ардақ Нұрғазыұлы, Гүлманат Әуезхан, Мақпал Жұмабай секілді қазақ әдебиетіндегі кейінгі буын өкілдерінің шығармашылық аяқ алыстарына сын көзімен қараса, «Ой-десте» тарауында сыншының ақпарат құралдарының түрлі сауалдарына берген қысқа да нұсқа жауаптары орын алыпты.

Кітаптың екінші бөлімінің бірінші тарауы автордың бұрындары да шығармашылықтарын қадағалап, пікір білдіріп келген Қ. Ысқақ, Ә. Тарази, Қ. Бұғыбаева, З. Серікқалиұлы, М. Әуезов секілді көрнекті қаламгерлермен жүргізген сұхбаттарына арналса, екіншісін  сыншының өзі түрлі басылымдарға берген сұхбаттары құраған.

Әлияның  әдеби сын жинағын соңғы жылдардағы қазақ әдеби сынының елеулі жетістігі ретінде бағалай отырып, ойларымызды сыншының сын туралы өз ойларымен түйіндегіміз келіп отыр.    «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сауалнамасында автор қазіргі әдеби сынның жай күйі жайлы «Бүгінгі сын дегенде, көбіне жекелеген жазушылар шығармашылығы, жеке портрет эсселер, мерейтойлық мақалалар және жаңа кітаптар туралы таныстырылым-аннотациялар, сонан соң жедел сауалнамалардағы үзік-жұлық пікірлермен шектелеміз. Осыған қарамастан, меніңше, қазіргі қазақ әдебиетінің сыни әлеуеті жоғары (бұл тұста әңгіме таза әдеби сын туралы). Оны тек білікті түрде ұйымдастырып, тиімді арнаға сала білу керек болып тұр» («Мұнара», 2020, 195-бет), – деп ой түйіндепті. Біздің бұған ешқандай да алып қосарымыз жоқ.

Әдебиет әлемінде соңғы жылдары көрінбей кеткен филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлының «Семсер» атты сын-зерттеу мақалалары жинақ болып шығыпты. Бұл кітаптың басты құндылығы сол –  өмірден озған, бұл күндері арамызда жоқ, бірақ әр  жылдары қазақ әдеби сынына араласып, оның дамуына айтарлықтай өз үлестерін қосқан, олжа салған дарынды әдебиеттанушылар мен сыншылардың қаламынан қалған баға жетпес мұраларының ой елегінен өткендігі, бүгінгі күннің биігінен бағаланғандығы. Лирикалық шегіністерді сәтімен пайдаланған автордың эссе-толғаныстары да әсерлі шыққан. Кітаптағы кезінде қазақ әдеби сынында өнімді еңбек етіп, терең із қалдырған Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғалиев, Төлеген Тоқбергенов, Зейнолла Серікқалиев, Сайлаубек Жұмабеков, Бақытжан Майтанов сынды қаламгерлердің өмір жолдары, шығармашылық туындылары  құнарлы тілмен, тарихи-танымдық аяда талданған.

Әдеби сында суреткер сынының маңызы зор. Сыншы сыны көркем шығарманы көбіне «сыртқы көрінісіне» қарап, бағаласа, суреткер сыншы оның «ішкі» жақтарына, шығармашылық құпияларына көбірек үңіледі. Оның үстіне әдеби сынды оның ыстығы мен суығын бірдей көріп,  әдебиетті шын сүйген суреткердің әдеби өмірде болып жатқан жаңалықтар мен кемшіліктерді көре тұрып, оған деген пікірін білдірмей тұра алмасы да анық. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, бұрындары сын саласында көріне бермеген қаламгерлердің әдеби өмір, өз әріптестері жайлы пікір білдіріп, кітап шығарып  жатуы қуантады.

Қостанайлық Жанұзақ Аязбековтің «Бальзак неге жылады?» тақырыбындағы әдеби-сын, сұхбат-эсселер жинағына 20 мақаласы топтастырылып беріліпті. Бүгінгі қазақ әдебиеті жайлы толғаныстардан тұратын, көркем тілмен көсіле жазылған кітапты қызыға оқисың. Сыншы әдебиетке көркемдік, теориялық тұрғыдан талдаулар жасаудан гөрі олардан оқушысын ойландырар, көркемдікпен көмкерілген терең ойлар іздейді. Көркем әдебиеттің құдіреті адамның өмірдің құпия сырларын түсінуге, бақытты ғұмыр кешуіне көмектесе алатындығында деп біледі.

 Кітапқа аты берілген  «Бальзак неге жылады?» деген тақырыпты француз жазушысының бас кейіпкерінің өлімімен аяқталатын «Горио атайды» бітіргенде жылағанын айта отырып, осы бір ғана детальдан күнделікті тіршілікте онша аңғара бермейтін қаншама ойлар түйіпті. Горионың екі қызын сүйгендігі соншалық, бүкіл ғұмырын соларды бақытты қылуға арнап, сол екі перзенті үшін көрмегені, істемеген ісі жоқ, сол екеуінің құлы болып, үлде мен бүлдеге орап, асырап жеткізеді; ал қыздарының есейген соң, әкесіне қарамай кеткені, сонысына қарамастан, өлім алдында да шалдың екі қызының болашағын ойлап жатып, көз жұматыны жайлы толғаныстар кімді де болса, ойға қалдыратының анық: «Горио атайдағы» шектен шыққан әке махаббаты ақыры Гориосын жалмап тынды» (56-бет).

Жанұзақтың көркем әдебиет жайлы ойлары қазақ өмірінің бүгінгі таңғы рухани, әлеуметтік мәселелерімен ұштасып жатады: «Қазақ рухы –  қазақ  қоғамының үзілмеген тіні. Даласындай кең де ақжұпар қазақ жаны бүгінде жанталас, шерменде халде. Ардемген арман, айқаракөз махаббатқа, нұрлы иман, ізгілікке кіндігенен байланған қазақ идеалы қол бұлғап, алыста бұлдырап қалды. Есесіне бұлшық еттері бұлтылдап, ақмаңдайлы, ақша жүзді,  қимылы шалт, мұрты енді тебіндеген бозбаладай қазақ капитализмі  –  үр  жаңа қожайынымыз бар. Енді елдегі экономикалық серпіліс, индустриялық-инновациялық ұмтылысқа, мемлекетіміздің бай болсақ, адамы да бағлан болар еді деген үкілеген үмітіне сенгіміз келеді. Техногендік жаңғырудың иманды сипаты болса…( сонда). Ылайым, соған жетейік.

Әдебиеттің сынында соңғы кездерде жарқ етіп көрінген қаламгердің бірі, бірегейі кеше ғана бақилыққа аттанған қаламгер Әмина Құрманғалиқызы болды. Оның 2020 жылы «Анарыс» баспасынан жарық көрген «Сын түзелмей…» атты сын-сараптамалар жинағы көтерген мәселелерінің зәрулігімен, талдау тереңдігімен, айтқан ойларының өміршеңдігімен ерекшеленеді. Бұрындары «Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын», «Әулет пен нәубет» романдары, бірнеше прозалық, сатиралық, поэзиялық жинақтары жарық көрген қаламгер әдебиет айдынының сын саласында да еркін жүзіп, еркін көсілген. Әдебиет әлемін сыртынан ғана емес, ішінде жүріп, қызығы мен шыжығын да, ыстығы мен  суығын да қатар көрген, басынан өткерген қаламгер ретінде жасаған сараптамалары оқырманын еріксіз өзіне қарай тарта түседі.

Жазушы, ақын Әминаны қазіргі қазақ әдебиетінде көрініс бере бастаған кейбір келеңсіз құбылыстар мазалап, қолына еріксіз қалам алдырғанын көреміз.

«Әсіресе әдебиетті жаулап бара жатқан жүгенсіздік, әсіре дарақылық, әсіре ашықтық, әсіре жалаңаштық, әсіре батысшылдық, ұлттық рухтың, қазақы құндылықтардың жойдасыз жойылуы, ұлттық намысқа тиер ойсыз сөздер, кейіпкердің ұсақталуы, құнсыз бейшара кейпі, көшедегі тілді қойып, көркем шығарма тілінің қойыртпаққа айналып, жаргондар мен диалектілер, бұралқы сөздер тіліне айналуы тұсында, тек қазақтың ғана емес, күллі мұсылман елінің ары мен ұяты болып саналатын әйелдер бейнесі (өмірдегі емес, әдебиеттегі) айуанға айналғанда, «жоғарыға» жаутаң-жаутаң қарадық. Бізден гөрі аузы дуалы, беделі биік ақсақалдар бар ғой, ағалар бар ғой, алдын кеспейік деп күттік. «Жоғарыға» жаутаңдап үйренген басымыз «ер тұрғанда әйел сөйлеп несі бар, үлкен тұрғанда кіші сөйлеп, несі бар» демесін күттік. Дәл қазіргі қазақ әдебиетінің «Қой дер қожасын» көп күттік. Ақыры қой дер қожа болуға жарамасақ та, әй дер әжесі болайық» деп, қолымызға қалам алуға мәжбүр болдық, ағасы.

 Болмаса, ойнақтаған отыз емес, қылшылдаған қырық емес, еңселі елу де емес, пайғамбар жасына келгенде, сыншы болайын деп, Түлен түртті дейсіз бе… Сын жазып, талай адамның жүрегін ауыртып, көңілін қалдыратынымды білмеді дейсіз бе. Өзім де «бұйырған сыбағамды» татарымды білмеді дейсіз бе» («Сын түзелмей…» 331-332 беттер), – дейді Әмина.

Әминаның қаламынан шыққан мақалалар оқи бастағаннан бірден өзіне тартып, баурап алады. Көркем тілмен әдемі өрнектелген ой кестелері қазіргі қазақ әдебиетінің жай-күйінен, жетістіктері мен «әттеген-айларынан» да мол хабардар етеді. Сын кітабын «Сынның да естісі бар, есері бар» деп,  әдеби сынға шолудан бастаған Әминаның қазіргі әдеби үрдіс хақындағы ойларының өзгешелігі бірден аңғарылады. Автордың нені айтса да нақтылап, дәлелді айтуға тырысатындығы көрінеді. Эссе үлгісінде жазылған шолу соңғы кездердегі әдеби сынды толық қамтуды алдына мақсат қылып қоймаған. Өзінің назарын аударған тұстарына ғана көңіл бөліп, байқаған жаңалықтары мен кемшіліктері хақында ой бөліскен. Көркем шығармаларға айтылып жатқан кейбір пікірлер хақында ой жарыстырады; айтылған жақсы ойларға қуанып, «әттеген-айларына» өкініш білдіреді.

Ең алдымен байқалатыны –  сыншының әдеби талдауларынан оның қазақтың  тілін, әдебиетін, ұлттық тұрмыс-салтын, әдет-ғұрыптарын жақсы білетіндігі –   айтылған пікірлерді  ажарландыра түскен. Сыншылардың, ақын-жазушылардың кейбір сөздерді орынды-орынсыз қолданып жүрген жайларын сын тезіне салады. «Интеллектуал сыншылардың» біреуі бір мақаласында 45 термин, екіншісі 75 термин қолданғанын айта келіп, «Сана астарындағы күмән реңкі белгілі бір дәрежеде жылдам ту тіккен салтанатқа байланысты сенер-сенбес ахуалды бейнелейді, алаңсыздықтан аулақ, растылық сезімінің таңбалаушы нысан реті орайындағы салмағы ауыр және ол жан-жақты семантикалық қабаттарымен ерекшеленеді» деген секілді сөйлем тіркестерін қатаң сынға алған.

Әмина сыншының қаламы – қарымды, құлашы –  кең. Қандай тақырыпқа  барса да еркін көсіледі. Оны Абайдан бастап, М. Әуезовтен бастап, күні бүгінге дейінгі қазақ әдебиетінің үлкенді-кішілі өкілдерінің шығармашылықтары жайлы айтқан пікірлерінен, көтерген мәселелерінен анық көруге болады. Автордың бұл күндері әдебиеттану ғылымының нысанына айналып кеткен Абай мен Мұхтардың әдеби мұралары хақында айтылып жүрген әртүрлі даулы пікірлер хақында  білдірген өзіндік батыл ойлары назар аударарлық. Нақтылай айтар болсақ, «Әуезов стиліндегі кейбір көркемдік тәсілдер», «Он айыпқа –  бір жауап» деген тақырыптармен  Әуезовтанудың күрделі мәселелеріне батыл барған. Мысалы, ол Мұхтардың «Көксерек» әңгімесі Джек Лондонның «Ақ азуының» қазақша көшірмесі деген мазмұндағы пікірді жоққа шығару үшін алдымен, қасқырлардың өзіне ғана тән қасиеттері жайлы айта келіп, екі жазушының екі түрлі көркемдік идеясына назар аударады. «Көк бөрінің ұрпағымыз» деп жүрген әрбір саналы оқырманға мына жолдардың әсер етіп, мәңгілік  жадында қалары анық: «Қасқырдың ерекшелігі –  ерекше қатыгездігінде, кекшілдігі мен терісін  тірідей сыпырып жатса, үн шығармайтын безбүйректігінде. Қасқырлар әлемінде осалдыққа орын жоқ. Не мықты бол да өмір сүр, не әлсіз бол да тірліктен баз кеш. Үйірде екі көсемге орын жоқ. Қай жеңгені қалып, жеңілгені өледі. Қасқыр  – сол үшін қасқыр. Әуезовтің «Көксерегі» осы тап-таза табиғи шындықты ашқан» («Сын түзелмей…» 95-бет).

Ал Дж. Лондонның «Ақ азуы» жайлы: «Адам түгілі хайуан да тұрғысыз, ақ қар, көк мұз құрсанған, бізге әрі жат, әрі жұмбақ мекендегі  тірі жан иелері жалғыз қасқырлар ма? Жоқ мұнда ақ адамдардың зорлық-зомбылығы жұмақ мекенінен айырып, айдап әкеп тыққан үндістер де бар. Цивилизацияның не екенінен мүлде бейхабар, табиғатынан соншалықты аңқау, таза, пәк, сәбидей нанғыш, әрі қорғансыз жаратылысы еді бұлар да. Ақ азу бастан кешірген аштық, суық, байлау-матау, ұру-соғу, қорлық-мазақ… Өзінің қанындағы тектілік, өжеттік, намыскерлік, ерлік, мәрттік сияқты қасиеттерден біртіндеп ажырап, «Ақ құдайдың» құлына айналу… Бұл – Ақ  азудың ғана тағдыры емес, үндістердің де тауқымет жолы. Осыны көрсеткісі келгендігі үшін ғана Лондон Ақ азуды итке айналдырды. Қасқырдың итке айналуы мүмкін емесін Лондон білмеді емес, білді, сондықтан да ол  Ақ азудың шешесі Кичиді итке шатыс деп көрсетеді», – дей келіп,  «Ал біздің Көксерек  –  табиғаттың тап-таза жаратылысы. Қасқыр боп туып, қасқыр боп  өлді. Құйрығын бұлаңдатып, өмір кеше алмады. Мүмкін, Әуезов те Көксерек арқылы қазақ қанындағы бір кездегі тектілікті көрсеткісі келген болар.  Әй, қайдам, қазіргі ұрпақ Көксеректен гөрі Ақ азуға ұқсап барады ғой», –  деп қорытқан ойынан сыншының ой өрісінің кеңдігі мен тереңдігін байқаумен бірге, аңыз бойынша, көк бөріден тарағанбыз дейтін көк түріктердің бүгінгі күнгі жай-күйі жайлы жабырқау ой да кешеміз; жоқ олай болмауы тиіс деп, дүр сілкінгендей де боламыз.

Сын кітабы қамтыған тақырып аясы кең. Қазақ әдебиетінің ілгерінді-кейінді, үлкенді-кішілі ақын-жазушыларының бір топ өкілдері, атап айтқанда, Ә. Кекілбаевтың, Т. Нұрмағамбетовтің, С. Нарымбетовтің, Н. Оразалиннің, Н. Дәутайұлының, Ғ. Жайлыбайдың, сондай-ақ жас ақын Әлия Дәулетбаеваның шығармашылықтары әртүрлі ыңғайда талданған. Автор бұлардың шығармашылық портреттерін жасауға ұмтылмайды; керісінше, ақын-жазушының өзгеге ұқсамайтын, бөлектеп тұратын  өзіндік болмысын, ерекшеліктерін  аша түсуді мақсат тұтатын сияқты. Бұл жерде сыншының көркем шығарманы талдауда бұрыннан қалыптасып, стандартқа, трафаретке айналып кеткен дайын «қалыптардан» қашатындығы, өзіндік  қолтаңбасы анық байқалады.

Нұрлан Оразалиннің поэзиясы жайлы көлемді мақалаға ақынның «Ақ-қарасын айт, қарағым, адалынан, //Болсын маған жасаған қолғабысың» деген жолдармен аяқталатын ақынның өзінің екі шумағы эпиграф етіп алыныпты. Мақала былайша басталады: «Сыншы Бақыт Сарбалаұлы Нұрлан Оразалин шығармашылығы жөнінде жазған сын-сараптамасында «2» санының астарынан құпия іздеген екен. Кінәратсыз, зілсіз жымиған едік. Енді өзім де Бақыттың әулиелігіне сене бастағандаймын. Оразалиннің 2014-жылы толықтырылып, қайта басылған 6 томдық топтамасы қолымда отыр. Ақын шығармашылығы хақында айтылған ең алғашқы пікірге – 20 жыл, талдау  жасап, мақала жазғандар –  20, 20 тарау, 20 эпиграф… Қандай сәйкестік! Ал  мен 21-адаммын», – деп шығармашылықты аша түсуге математикалық әдісті қолданып, сандардың киесіне үңілген.

Содан кейін ақынның «сегіз қырын» –  адамдық, азаматтық, ақындық,  драматургтік, көсемсөзшілік, шешендік, қайраткерлік, тұлғалық қырларын анықтап алып: «Менің мақсатым –  алдымен мін табу емес, алдымен  қаламгердің құпиясына үңілу, шеберханасын зерттеу, ешкім қайталамаған, өзгеде жоқ ерекшелігін табу, шеберлігін, шешендігін, әдісін, тәсілін табу. Әдебиетте ашқан жаңалығы бар ма, соны сөзі, сонар ізі бар ма? Соны паш ету», – дей келіп, талдауға кіріседі. Сыншының талдау жүйесі де өзгеше: ақынның поэзиясын логикалық-стильдік ауытқулар тұрғысынан сынға ала отырып, Нұрлан өлеңдерінің  адамгершілік, имандылық, философиялық, ұлтжандылық сыпаттарын талдайды.

Жинақтағы «Қыз Жібек» –  қазақ киносының Хан тәңірі», «Біржан сал ма, Біржан шал ма?» мақалаларында қазақ киносының үздік туындылары саналатын екі фильмнің жетістіктері мен жетіспеушіліктері хақында риясыз көңілден айтылған пікірлер баршылық.

«Айтыс, қайда барасыңда?» бүгінгі рухани өмірімізде айтарлықтай орны бар сөз өнерінің өзекті өңірлеріне тереңдеп барып, оның әлеуметтік, көркемдік мәселелері хақында өнімді ойлар айта білген. Мақаланың соңында «…қазақта айтыс қана емес, шешендік өнері болған. Шешендік өнері айтыстан әлдеқайда ары пайда болған. Ел тағдырын, қилы дауларды шешетін билер шешендерден құралып, шешеннің бір ауыз сөзі ердің құнын, нардың пұлын шешкен. Шешенге ел ағасы деп құрметпен қараса, айтыс ақынына жай көңіл көтерер адам деп қараған. Ендеше, неге шешендер айтысын өткізбеске?» – деп жұртшылық алдына ой тастайды.

Жинақтағы көлемі жағынан да, көтерген мәселесі жағынан да салмақтылауы –  «Абайға абай болайықшы, ағайын…». Жастайынан Абай туралы аңыз  болып кеткен әңгімелерге құлақ құрышы қанып өскен, есейе келе ұлы ақын туралы оқығандары, өмірден тоқығандары көбейе берген Әминаның дала данышпаны жайлы ойына түйгендері, айтары да мол екен. Автор Абайдың ақындық, ақылдық айдынында еркін жүзіп, жұрт онша байқай бермейтін, қалыптасып кеткен пікірлерге, өмірінің, шығармашылығының кейбір деректеріне, мәтіндік мәселелеріне назар аударып, ойларын ортаға салған. Абай өлеңдеріне орынсыз түзетулер жасалынып жатыр, ол ақынның «Махаббатсыз –  дүние бос» өлеңінен басталды деген пікірін білдіріпті.  Әмина: «Өзгертудің басы қазірге дейін күллі қазаққа (әдеби әлемде ғана емес) дау болып жүрген «Махаббатсыз –  дүние бостан» басталады. Осыған дейінгі барлық нұсқада осылай болып келген «бос» «досқа» өзгертіледі (бұл да Қайым ағаның пікірі). Яғни, «Махаббатсыз – дүние дос» болып  өзгертіледі.

Бұл өзгертуді жақтаушылардың дәлелі:

  1. Бұл жердегі махаббат әйелге, қызға деген махаббат емес, Аллаға деген махаббат.
  2. Бос сөзін бір шумақта екі рет қайталайтын Абайды кім дейсіңдер.
  3. Қайым аға, Төкен аға солай деген» (сонда, 35-бет), – дей келіп, осылардың әрқайсысына «махаббатсыз дүние –  қаңыраған бос, тұлдыр дүние» деген  махаббатсыз адам  дүниеқұмар болады дегеннен әлдеқайда мағыналы емес пе» деген секілді қарсы жауаптар жазып, «Махаббатсыз –  дүние босты»  жөн көруі кімді де болса ойландырмай қоймайды.

Автор Абайдың өміріне, шығармашылығына, сол кездің қоғамдық-саяси жағдайына  ол туралы жазылған көркем, сын-зерттеу  барысы мәселелеріне қатысты 31 пункттен тұратын ескертулер жазыпты. Абайдың афоризмдерін арнайы қарастырып, жалқы жол, егіз жол, 4 жолды деп, оқырмандарға екшеп, ұсыныпты.

Ұлы Абайдың175 жылдық мерейтойының өтуіне  байланысты 2020-жыл     Абай жылы болып жарияланды. Еліміздің рухани өміріндегі  аса бір елеулі оқиғаға айналған осы жылдың басында Қазақстанның Президенті Қ. Тоқаевтың «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» атты бағдарламалық сыпаттағы көлемді мақаласы жарияланды. «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделісі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағлымы» тарауларынан тұратын мақалада Абай әлемі, Абайды тану мәселелерінің өзекті мәселелері хақында ой қозғап, алда тұрған міндеттерге тоқталды. Мемлекет басшысының бұл мақаласы Абай мұрасын бүгінгі күн биігінен талдап бағалаған сын-зерттеу мақалаларының көбірек көрінуіне кең мүмкіндіктер ашты.

 2020 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Абайға қатысты Б. Жүнісбековтің «Ақиқат ұшқыны» (24.01.2020), С. Ақсұңқарұлының «Менің Абайым» (31.01.2020), Н. Жанұзақұлының «Қытай халқы Абайды тани ма?» (14.02.2020), Р. Зәйкенованың «Абайды тану –  өзіңді тану» (28.02.2020), Ж. Дәдебаевтың «Абай әлемі нұрланып тұр» (13.03.2020), С. Балғабаевтың  «Абай тойы әдебиетімізге не береді?» (13.03.2020), А. Омаровтың «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» (20.03.2020), Т. Жұртбайдың «Нені сүйдім дүниеде, неден күйдім» (15.05.2020), А. Әбдімүтәліпқызының «Абай мен Шекспир» (07.08.2020), Б. Жақыптың «Халқына сәуле шашқан жарық жұлдыз» (07.08.2020), С. Қосанның «Абайтанудың елеусіз беттері» (09.10.2020), Р. Алшанның «Абай мұрасы –  мәңгілік мұра» (11.09.2020), Е.  Аманшаның «Абай және Монтень» (16.10.2020), т. б. мақалалар жарық көрді.

«Жұлдыз» журналында белгілі абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың «Білмей мұны жазған жоқ…» (2020, №4, 6), «Абайдың өмірбаяны» (2020, №8,9,10) аталған көлемді зерттеулері жарияланды. Бұл еңбектерден ғылымға журналистика, өлең, проза арқылы келген Тұрсынның Абайға қатысты көп ізденіп, ел ішінен, архивтерден көптеген тың деректер, материалдар тапқандығы, солардың барлығын ой елегінен өткізіп, өзіне ғана тән қолтаңбасымен оқырманға ұсына білгендігі  көрінеді.

«Жалында» жарық көрген А. Омаровтың «Хакім Абай тағлымы» (2020, №3),  «Абай тәлімі –  Алла жолында» (2020, №8) мақалаларының да зерттеушілік  сыпаты басым.

Ақынның мерейтойына орай, ақынның артында қалған рухани мұрасына бүгінгі күннің биігі тұрғысынан мәтіндік, көркемдік, философиялық талдаулар жасалынып, шығармалары, ол туралы зерттеулер том-том болып, басылып шықты. Бұл ретте ұлттық университеттер жанындағы Абайтану ғылыми-зерттеу институттары айтарлықтай жұмыстар атқарды. Солардың ішінде М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары «Абай шығармаларының академиялық жинағын» (3 том) бастырып шығарды. Айтулы дата қарсаңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай институтының ғалымдары дайындаған «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» атты көптомдық басылымның 50 том болып жарық көруі айтулы оқиға болды. Сонымен бірге, «Абай ілімін білу, түсіну және қолданудың теориялық негіздері мен тетіктері» атты ғылыми жоба аясында «Абайтану антологиясы» атты 10 томдық дайындалып, баспадан шықты. Осы университет жанындағы «Әлем халықтарының институты» Абайдың «Он томдық шығармалар жинағын» қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жариялады.

Абай атындағы ҚазҰПУ  жанындағы «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері профессор М.Мырзахметұлының зерттеу еңбектері «Қазығұрт» баспасынан 2020 жылы 10 том болып шықса, ғылым баспасынан «Абайдың шығыстық әлемі» монографиясы жарық көрді. 2020 жылы  Түркиядан «Түрік дүниесінің білгірі Абай Құнанбайұлы» атты ғылыми жинақты құрастыруға Ж.Шойынбет қатысып және ол кітапта  М.Мырзахметұлының, Ж.Шойынбеттің, М.Бекбосыновтың Абай туралы жазған мақалалары жарияланды. 2020 жылы Ж.Шойынбеттің «Абайдың қарасөздерінің ерекшеліктері» монографиясы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің баспасынан жарық көрді.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің жанындағы Абай академиясы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары 2020 жылы Абайға қатысты 21 кітап шығарды. Атап өтер болсақ,  Е. Сыдықовтың  «Абай ғұмырнамасы» 1-кітап, «Абай ғұмырнамасы»  2-кітап, Т. Жұртбайдың «Кешегі өткен би Құнанбай», «Білмей мұны жазған жоқ…» 1-кітап, «Білмей мұны жазған жоқ…» 2-кітап, «Ол боламын демеңдер», «Соқтықпалы соқпақсыз жерде өсті…»,  С. Негимовтің «Абайдың көркемдік және ғылыми дүниетанымы», С. Қасқабасовтың «Абайға дейінгі және Абайдан кейінгі қазақ әдебиеті», С. Ыбырайдың «Жарым адамнан толық адамға», Ж. Аймұхамбет пен  Б. Ахмердің  «Бес асыл іс», Р. Төлеубекова, Е. Жұматаева, Т. Сламбекованың «Абайдың педагогикалық дүниетанымы», Ш. Ибраевтың «Абай феномені», Н.Дулатбековтің «Құнанбай Өскенбаев ісі», Ғ. Есімнің «Абай пәлсапасы», З. Кәрімхан мен  Е. Тоқтарбайдың «Абай және Алаш», ұжымдық «Абай және қазақ социумы» атты 4 томдық,  «Абай және алаш сабақтастығы» тақырыптағы монографиялық  зерттеулердің жарық көруі Абай ілімінің әлеуметтік қырларын аша түсті.

Абай жылының елімізде ғана емес, ЮНЕСКО-ның шешімімен бірсыпыра шетелдерде де кеңінен аталып өтуі ұлы ақынды әлемдік деңгейдегі классик ретінде таныта түсті. Абай туралы зерттеулер қазақ әдеби ой-пікірін, сын-зерттеушілік әлеуетін биіктете түсті.

Әркім іздегенін табады. Біз 2020-жылғы қазақ әдеби сынының жетіспеушіліктерінен гөрі жетістіктері жағына көбірек назар аудардық. «Жақсы сөз жарым ырыс» дейді. Біз де игі тілектермен жақсы сөздер айтуға тырыстық.

Қорыта айтқанда, 2020 жылдың  әдеби өмірінде  сын-зерттеулері мен сыншыл ойларының бүгінгі дәуірдің биік талаптары тұрғысынан көрінуге ұмтылып, біршама жетістіктерге жеткендігін, ұлттық әдебиетіміздің жаңа заманға лайық дами түсуіне айтарлықтай септігін тигізгенін атап айтамыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір