ШЕШЕН СӨЗДІҢ ШЕБЕРІ
19.11.2021
2531
0

«Сөзден тәтті нәрсе жоқ.
Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ.
Сөзден жеңіл нәрсе жоқ.
Сөзден ауыр нәрсе де жоқ.
Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет.
Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе,
ақылдыға айт.
Не сөйлейтініңді біл.
Кімге сөйлейтініңді біл.
Қай жерде сөйлейтініңді біл.
Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл.
                                                                                   Бөлтірік шешен

Сөзге деген махаббатты білдіретін филология атты гуманитарлық ғылымды бергі зерттеушілер тілтану және әдебиеттану деп бөліп алып, ортасына Қытай қорғанын тұрғызбағанмен, соған жетеқабыл әрекет жасап, зерттеу жүргізіп жатырмыз. Бірақ әдебиеттің материалы – тіл, тілдік зерттеулердің негізгі материалы – әдебиет екенін жақсы білеміз. Біле тұра, «Әдебиет – көркем әлем, ал тіл нақтылыққа сүйенеді» деген қағиданы негізге алып, тілшілер «әсірелегіш» деп әдебиетшілердің жазғанына немқұрайылау қарайтын, әдебиетшілер «жұтаңдау» көрінеді деп тілшілерді құлшына оқымайтын дәрежеге жеткеніміз жасырын емес. Оның үстіне «жаһандануға технократ ұлт боп кіруіміз керек» деген ұранымыз тағы бар. Технократия, ақпараттық озық технология жақсы болғанымен, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып барады, халық санасының түкпіріндегі құндылықтарымыз да өзгеріп бара жатқандай. Мұндайда көздің қарашығындай сақтауға тиісті басты құндылығымыз – тілді, бай да шұрайлы қазақ тілін келешекке жеткізу біздің ең жауапты қызметіміз болып қала бермек. Десе де В.В.Радлов секілді ғұламалардың таңдайын қаққызған «…өз көршілестерінен ұтымды сөздің ұрымтал тұсын тауып қолдана білетін тапқырлығымен және керемет шешендігімен ерекшеленетін» қазақ деген ұлттың қазіргі ғалым қыздарының ішінде дәл осы мұратты өмірлік кредосына айналдырған жандар бар. Бір өзі бүкіл институт істейтін істі атқарған, қаршадайынан ұлт зиялыларының аузына іліккен, қазақ сөзінің құдіретін танытып, ана тілінің абызына айналған, академик Рәбиға Сыздық бастаған сәулелі көштің салтанатын жалғап келе жатқан ғалым қыздарымыздың ішінде орыны бөлек, шешен сөздің шебері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Тұрарбекқызы Дәулетбекованың орны ерекше. Ерекшелігі сол – тіл ғылымы бойынша жазған-сызғаны әдебиетшілер ғана емес, сөз қадірін білетін аға буын мен жас буынның бәрін еліктіретін ғаламат күшке ие, сөз киесі қонған жан. Әдетте ғалымдар адамның тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін үш факторды ерекше көрсетеді: тұқым қуалаушылық, қоршаған орта және тәрбие. Жанат Тұрарбекқызында осының үшеуі де орайын тауып қиюласқан секілді. Алдымен, өскен ортасы туралы қазақтың тағы бір талантты ғалым қызы Гүлтас Құрманбайқызының сөзімен айтсақ: «Жанаттың бастауы – оның елі, туған жері! Жанат – қарапайымдылықтың абызындай болған Тұрарбектей текті әкесінен, мейірімнің дариясындай болған Жәмиладай анасынан, «менің ұстазым» деп сағына еске алатын мұғалімі Шекер Оразымбетов ағайынан, «өмір-көштегі құбылам» деп ардақтайтын Бек ағасы мен Ханипадай асыл жеңгесінен алған тәлімін өз болмысына шырақ етіп жаққан адам. Оны ғылымға, отбасылық бақытқа, адамдармен риясыз қарым-қатынасқа адастырмай алып келген де жүрегіндегі осы шамшырақ тағылым болса керек». Мұндайда қазақ «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады», «Тақыр жерге шөп шықпас», «Топырағына қарап дән өсер» деп жатады. Қалай болғанда да, ата-бабадан даритын, қанмен келген бұл қасиеттің біздің кейіпкеріміздің бойында бар екені және кестелі сөз бен ұлағатты ұстанымдарды зердесіне түйіп өскенін хакім Абай айтқан «Кісіге қарап сөз алмай, Сөзіне қарай кісіні алатын» жан бірден байқар еді. Сөзден сурет салуға деген шеберліктің қалыптасуына туған топырақтың да әсері мол болса керек. Бұл туралы Жәкең өзінің сыныптас құрбысы, қазақтың аяулы ақын қыздарының бірі Баян Бекетованың шығармашылық әлемі туралы жазған «Махаббат әнін гүлдерге жазамын…» атты мақаласында былай дейді: «Біз оңтүстіктің ең бір шұрайлы өлкесінде бір жылда дүниеге келдік, бірге өстік… Шаян (қазіргі Бәйдібек би) ауданына қарасты Боралдай ауылында дүниеге келдік. Аулымыздың шығысында таң шапағымен асқарлана, айбындана түсетін қасиетті Қаратаудың соңғы сілемі – Қос Тұра, солтүстігінде бастауын қасиетті Қошқар атадан алатын арнасы кең, бұйра толқынды Боралдай өзені, солтүстігі мен батысында жоталы шексіз дала. Көктем кезінде кілемдей құлпырған сол далада жарыса қызғалдақ теретінбіз. Өзен бойын жағалай өскен көркі көз суыратын сәмбі талдың сұлулығы мен мұндалап, жиде ағаштарының жұпар исі аңқып тұрар еді…» Дәл осы өлкені көрмесек те, бұл сұлулықтың ұшқыны ақын Баян мен ғалым Жанаттың болмысы мен парасат пайымына көшкені айқын. Бірі поэзия әлеміне, екіншісі ғылым әлеміне соның айшықты ізін әйгілеп-ақ келеді.
Адамның өскен ортасының да тұлға ретінде қалыптасуына ықпалы зор екендігі – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Мұны да қазекем «Жақсыдан жаман туады, бір тиын іске алғысыз, жаманнан жақсы туады, адам айтса, нанғысыз» деп шегендеген ғой. Бұл туралы хакім Абайдың он тоғызыншы Қара сөзінде айтылғандай: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады». Жәкеңнің өзі өскен ауылынан ұзап шығып, Алматыдағы қазақ зиялыларының локомотивіне айналған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға түсіп, онда дәріс берген ұстаздары туралы жазған тағы бір мақаласында былай деп төгілер еді: «Сонау сексенінші жылдардың басында Алматы секілді сұлу шаһардың көркіне сән, аты мен даңқына мән үстеген үлкен білім ордасы – С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби атындағы) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқу бақытына ие болған жандардың қатарында болғанымды тағдырдың сыйы деп санаймын. Өйткені сол ордада біз ұлтымыздың ұлы тұлғаларынан дәріс алдық, зиялылықтың, зияттылықтың үлгісін көрдік. Қазақ әдебиеті бойынша зерлі тілі мен зерделі ойы үйлескен Зейнолла аға Қабдоловтың, дерегі мен дәйегі үндескен, астары терең, сырлы да мұңды, шынайы да құнды ойларымен сабақ сайын таң қалдырып отыратын Рымғали аға Нұрғалиевтің, әрбір сөзін ауыз әдебиетінің өрнектерімен өріп, кестелі сөзімен баурайтын, бала мінезді Сұлтанғали аға Садырбаевтың, әлемдік әдебиеттің қайнарына қаныққан, мық шегедей нық, таңғы шықтай мөлдір ойдың иесі Қадыр аға Мырза Әлінің, үздіксіз ізденістен талмайтын, жас та болса жаңашыл ойларымен, көркем шығармаларды өзгеше талдау мәнерімен өзін студенттер ортасында берік мойындатқан Жанғара аға Дәдебаевтың және басқа да оқытушыларымыздың сөзін тыңдап өстік, олардан топ алдында өзін ұстау мәнерін, сөйлеу шеберлігін үйрендік. Көрнекті тұлғалардың ұлтының сөз өнері атты ұлы құндылыққа деген шексіз құрметін көрдік, асыл мұралардың алдындағы кәсіби жауапкершілік сезімдерін сезіндік. Қазақ әдебиетінің көркемдік әлемін әр қырынан ашқан дәрістер біздің ойымызды өрістетіп, талғамымызды тәрбиеледі.
Өзіміз тағылым алған осынау талантты шоғырдың арасында Алма апайымыздың, филология ғылымдарының кандидаты Алма Қыраубаеваның орны ерекше еді». Осылай басталатын мақаланың әр сөзі Жәкең білім алған ҚазҰУ-ді, бүгінгінің өлшемімен айтар болсақ, әйгілі Гарвард, Оксфорд университеттерінен бір мысқал кем емес оқу ордасы ретінде көз алдымызға әкеледі. Бұл университетте білім алу бақыты бұйырмағандардың бірін өкіндіреді, бірін сол оқу ордасының аудиториясына еріксіз кіргізіп, әлгі профессорлардың дәрісін «тыңдатып, шығарады». Міне, сөздің құдіреті деген – осы! Мұның бәрі даналық галереясынан шыққан Жәкеңнің жай студенттің бірі емес, ұғымтал да зерек шәкірт, парасатты пайым иесі болумен бірге, сөз киесі қонған жан болғанын айғақтай түседі.
Кейіпкеріміздің тұлға ретінде қалыптасуына еңбек жолын бастаған қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы да, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де, Қазақ-Британ университеті де өз ізін қалдырған. Оны автордың осы орындарда бірге қызмет еткен халқымыздың зиялы қауымының өкілдері туралы жазған мақалалар топтамасы айғақтайды. Айталық, ғұлама ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Көпжасар Нәрібаев туралы «Қайраткерді шыңдаған ұлағат көрігі», Мемлекет және қоғам қайраткері, ғибратты ғалым, академик Әділ Құрманжанұлы Ахметов туралы «Елжанды», ақын, жазушы, қазақ сөз өнерінің інжу-маржандары – мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерді зерделеген көрнекті ғалым, ұлт қайраткері Балтабай Адамбаев пен өмірлік серігі қазақ тілін оқытудың әдістемелік жолдарын зерделеген білікті маман, әдіскер-ғалым, ұлағатты ұстаз Жаңылхан Досымбекқызы Адамбаевалар туралы «Бақыт құпиясы», өзін ғылым жолына баулыған ардақты ұстаздары – филология ғылымдарының докторы, про­фессор, біздің ардақты ұстазымыз Рақыш Сәтұлы Әмір туралы «Тереңнен тамыр тартқан», «ҚР Еңбек сіңірген қайраткері», педагогика ғылымдарының докторы, ҚР ҒА-ның корреспондент мүшесі Фаузия Шамсиқызы Оразбаева туралы «Бүтін бақыт пен биік бақ бұйырған…» т.т. мақалалардың әрқайсысы – бағасын білгенге қазақ айтқан «атан түйеге жүк боларлық» қымбат қазына. Мұндай мақалаларды кім жазбайды? дерсіз. Ондайларға осы мақалаларды қайта оқып шығуға кеңес берер едік. Мұндағы Жәкеңнің сөз саптауы, Дулат ақын айтқандай, «сары алтынның буынан» сомдалғандай көркем де келісті, су жорғаның жүрісіндей сұлу да сындарлы. Кереметтігі сол – стилі жағынан, бір жағынан, терең ғылыми талдауға негізделген ҒЫЛЫМИЛЫҒЫНДА, екінші жағынан, баяндау мәнеріне қарай публицистикалық стильді шендестірген ШЕШЕНДІГІНДЕ; жанры жағынан, проза үлгісімен жазылған тұнық лирика мен ойлы оданы, мазмұны жағынан тағылымды дидактиканы ұштастырған ШЕБЕРЛІГІНДЕ, хакім Абай айтқан «қиыннан қиыстырып, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер, айналасын теп-тегіс жұмыр» ете білген ДАНАЛЫҒЫНДА. Өйткені бұл жазбалардың әрқайсысы оқырманы мен тыңдарманын бей-жай қалдырмайтын, автордың парасат-пайымын, ғылыми әлеуетін, адами келбетін айғақтап, Дулат баба айтқандай: «Кеудем – ақыл сарайы, Кірем десең, кел, міне!» – деп-ақ тұр. Бұл турасында ағылшынның әйгілі жазушысы Сэмюэл Батлер «Адамның кез келген туындысы, ол әдебиет болсын, музыка немесе кескіндеме болсын, әрқашан автопортрет болып табылады», – деген екен. Ендеше бұл мақалалар – ұлыларды дәріптеу арқылы өзінің кім екенін көрсеткен Жәкеңнің автопортреті.
Бұл жағынан Жанат ханым, егер уақыт факторын алып тастасақ, ғылым-білім жорығында бабаларымыздан қалған мәйекті сөзді дәріптеуші алдыңғы буын ұстаздарымен үзеңгілес сарбаз, қатарласы мен кейінгі буынға жол көрсетер сөз сардарына айналып үлгергенін айтып өткеннің айыбы бола қоймас. Біз бұл шағын мақалада педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің және «ЖОО Үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызының ғылыми еңбектері мен монографияларына, оқулықтары мен оқу құралдарына, еліміздің білім-ғылым саласына сіңірген жемісті де баянды ұйымдастырушылық, ғылыми-педагогикалық қызметіне талдау жасауды мақсат етпедік. Ұлттық құндылықтармен тамырлас шешендік сөз бен сөз мәдениетінің теориялық-әдістемелік мәселелерін қазіргі заманғы жалпыадамзаттық құндылықтармен астастыра үйретудегі ғалым еңбектеріне талдау жасауды әдіскер ғалымдардан асырып айта алмаспыз.
Өткен ғасырдың 90-жылдары АҚШ-та Нил Гов пен Уильям Штраус алғаш рет жас айырмашылықтары туралы теорияны дүниеге әкеліпті. Бұл теорияның мәні мынада: әртүрлі уақыт аралығында дүниеге келген ұрпақтардың ортақ құндылықтары болады, өйткені олар ортақ тарихи кезеңнен өтеді. Осылайша 1943 жылдан 1963 жылдар аралығында дүниеге келген ұрпақты «бала бумерлер» деп атап, олардың бұрынғылардан айырмашылығын, бұл санаттағы адамдардың мемлекетшілдігін, оптимистігін, шамадан тыс еңбекқорлығын, өзін өзі дамыту арқылы ұжымдық мақсаттарға, жетістіктерге жету қабілетінің айырықша болатынын атап өтіпті. Басқа құрлықта дүниеге келді демесек, қазір де әлем санасатын бұл «ұрпақтар теориясының» негізгі қағидаттары сәйкес келіп жатады. Америкалықтар көрсеткен бұл қасиеттердің бәрі «бала бумердің» қазақ даласындағы жарқын өкілі Жанат Тұрарбекқызының бойынан түгел табылатынына шүбәміз жоқ.
Белгілі ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Нағыз өлең күре тамырдан еккен дәрідей бірден жүрек пен миға шауып, жұлынды алады, буынға да түседі. Жыр өнерінің басқа өнерден ерекшелігі мен артықшылығы да осында» деген сөзі бар. Сол секілді Жанат Тұрарбекқызы – қазақ сөзінің қуатының күштілігін қара сөзбен-ақ дәріптеген, ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Халықты көсемсөз арқылы ұйытып, көбінің миына қондырып, көңіліне сіңіре білген» көсемсөзші, қазақ руханиятындағы «Тұлғатану» ілімінде еңбектері арқылы сұлу сөз бен пайымды парасаты арқылы өзіндік сүрлеу салған ғалым, жоғарыда Бөлтірік шешен айтқандай сөз жұмсаудың бүкіл қасиетін білген шешен, абыройы асқақ, ізетті, ізгі әріптес, ұлағатымен үлгілі ұстаз, отағасы мен ұрпағымен келісті, берекелі отбасының отанасы!

Тыныштық ЕРМЕКОВА,
филология ғылымдарының докторы,
Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің профессоры

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір