КӨСЕМСӨЗ ШЕБЕРІ
16.10.2022
772
0

Жасыратыны жоқ, қазақ бүгінгі таңда да саяси тұрғыдан орысқа тәуелді жұрт ретінде қалып отыр. Соның кесірінен біз әлі күнге дейін бостандық, еркіндік, ашықтық дегеннің не екенін шынайы сезіне алмай келеміз. Бұл неден? Меніңше, мінезсіздіктен, құлдық сананың миға терең жайғасып алғанынан, әрекетсіздіктен, немкеттіліктен және берекесіздіктен. Берекесі жоқ жұрт ел болып тұтаспайды. Француз философы Жермена де Сталь былай дейді: «Шын мәнінде тәуелсіз халықта ғана ұлттық мінез болады».

Хош. «Адам баласы адам баласынан ақыл, ар, мінез арқылы озбақ керек» дейді ғұлама Абай. Қарап отырсақ, адам баласына тән нәрсенің бәрін мінез шешеді. Мінезі жоқ ер – езге, мінезі жоқ ел – құлға айналады. Үш ғасырлық орыс отаршылдығының озбырлығы бізді осындай дәрежеге жеткізді. «Паң ұлдарымызды құл қылды, пәк қыздарымызды күң қылды» (Күлтегін жазуы). Бұл не деген сөз? Бұл – ұлтты қайта сомдау керек деген сөз. Ұлтты қайта сомдау үшін ұлттық сананы отарсыздандыру керек.
Әрине, айту оңай, істеу қиын. Алайда анық нәрсе – отарсызданудың табиғаты биліктің саяси бір шешіміне тәуелді емес. Отарсыздану – ең алдымен санаға терең сіңіп, ұйығып қалған қорқыныш пен күмәнді жеңу, сонан соң төбеде шам болып жанып тұрған қоғамдық ақыл-ойды тәрбиелеу, рухты шыңдау, түбінде сананың толық қабілетін ашу. Отарсыздану дегеніміз – осы.
Бұл тұрғыда түрлі қоғамдық ойға қозғау салып, адасқанға жол көрсетіп, көсемсөздің көрігін қыздырып жүрген майталман публицист-жазушы Болат Шарахымбай еңбегін айналып өте алмаймыз.
Көпшіліктің есінде шығар, осы ғасыр басында дүние мың құбылып, жаңа қоғамдық құрылыс қадасын қадап жатқан екіталай кезеңде жаңа қоғамдық қарым-қатынасқа лайық саяси-әлеуметтік, рухани-патриоттық тақырыпта терең дүниелер жаза алатын, түрлі романтикалық көңіл күйдегі топтармен өз тілінде тілдесіп, пікірталасқа түсе алатын, жазғанына сендіретін, айт­қанына иландыратын батыл да, сауатты қалам иелеріне зәру кезең туған-ды. Міне, осы бір өліара шақта Болат Шарахымбай шарболаттай жарқырап көрінді. Ұзақ жылғы бұғаудан рухы семіп, жанары сөніп, санасы есеңгіреп қалған қазақтың ары мен ұятындай болып, барын баптап, жоғын жоқтап, ұлтының кеткен есесін қайтаруға бел шеше кіріскен кәсіби деңгейі жоғары Бөкеңнің жаңаша тұрпаттағы көсемсөздерін оқырман ерекше ықыласпен қабылдады, сүйсініп оқыды. Орыстілді БАҚ оған бірден назар аударып, іліп әкетті, жазғандарын қолма-қол тәржімәлеп ұсынуды әдетке айналдырды. Қаламгердің қоғам алдына қойған өткір мәселелері орыстілді аудиторияда да қызу талқыға түсіп, пікірталас тудырып жатты. Себебі ол өз жазбаларында қазақтың өзінен бастап, оның жасқаншақ билігін де, қауқарсыз, келісімпаз зиялысын да аяған жоқ. Қандауырдай уытты сөздермен сыбағасын әбден берді, аяусыз түйреді. Сыздаған жараның қанды іріңін ағызды. Осылайша публицист-жазушы Болат Шарахымбай үш ғасырдан кейін ел болып еңсе тіктеген Қазақ елі азаматтарының ұлттық, еркін ұстанымын қалыптастыруға зор еңбек сіңірді.
Аса үлкен болмасада, өзіме лайық жеке кітапханам бар. Онда түрлі жанрды қамтитын кітаптардың қарасы мол. Соның арасында Болаттың да публицистикалық сарында жазылған екі кітабы қаттаулы: біріншісі – «Көрмейін десем, көзім бар…», екіншісі – «Айт­пайын десем, сөзім бар…». Көріп тұрғанымыздай, бұл кітаптар – бірін-бірі рухани толықтырып тұрған біртұтас дүниелер. Оқып шығып, ерекше әсер алдым.
Осы жерде Болат Шарахымбай шығармаларының ерекшелігі неде деген сұрақ туындайды. Мен бұған «Болат шығармаларының ерекшелігі – шынайылығында және ұлтшылдығында, оны бүкіл ұлт болып, жұрт болып оқуға тиіспіз» деп жауап берген болар едім. Себебі оның тұла бойы тұнған «ар мен ұят» (Абай). Тек тұла бойы емес, жазғандары да тұтастай ар мен ұятқа негізделген, таза қазақ рухына суарылған ұлттық дүниелер. Ұлт мәселесінде ол жасырып, жаба тоқылмайды, тиіп-қашып, күлбілтелемейді, көлгірсімейді, шегіншектемейді, ойын ашық жеткізеді. Қай тақырыпқа қалам тербесе де, нені жазса да жеріне жеткізе жазуға әдеттенген. Тереңнен қозғап, жүрек қылын қозғап, намысыңды ұштап, ой-сананың астан-кестеңін шығарып, жоғары пафоста қалам тербеуге бейімделген. Өтірігі жоқ, шынайы. Ең бастысы, жазғанына сендіреді. Жазудың ең басты принципі де осы – жазғаныңа оқырманды сендіру емес пе. Егер жазғаныңа оқырман сенбесе, онда уақыттың зая кеткені.
Ал Болаттың дүниелерін оқығанда уақытым зая кетті дей алмайсың. Қайта арқа-басыңның құрысқандары жазылып, жүрек көзің едәуір ашылып қалады. Ойыңдағыңды дөп басады, осыны бұрын қалай байқамай келгем дігізеді. Ол осы өзгешелігімен ешкімге ұқсамайды, сонымен дара. Ешкімге ұқсамайды дегенде, өз басым адамгершілік, азаматтық, қайраткерлік тұрғыдан қарастырғанды жөн көремін.
Сөз саптау тәсілі, ой жеткізу мәнері де өзгеше – нық, нақты. Тілі шұрайлы. Мысалы, «Екінші болу еншімізге жазылған ба?» мақаласының алғашқы сөйлемі: «Бұл сұрақтың мені мазалағанына көп болды. Бұрынғы бұрынғы ма, соңғы кезде аталмыш сұрақтың төске шарпыған оттай өршеленіп алғаны сондай, ой-сананың астан-кестеңін шығарып, басқадай пайымдауға мұрша бермей қойды. Енді осы сұраққа байланысты өз толғауым мен тоқтамымды ортаға салуды жөн көрдім», – деп бірден төгіле басталатыны қандай ғажап. «Қазақ не себепті екінші болуды ар санамайды? Шынында да, оның себебі неде? Арғы бабалары әлемге әкелік әмірін жүргізген айбынды империялар мен қағанаттар құрып, дәуірлеген қазақ не себепті екінші тұруды намыс көрмейтін болды? Әлде, екінші болу – қазақтың ұлттық ерекшелігі ме?.. Әлде, бірінші болу – қазақтың маңдайына жазылмаған ба? Неліктен бұлай?» дей келіп, «Екінші болып жүре береміз бе, әлде бірінші болуға ұмтыламыз ба? Ұмтылсақ, оның төте жолы, механизмі қандай болу керек?» деп үлкен сауал тастап аяқтайды. «Ақпарат майданы: дүние қалай өзгеруде?» деген дүниесіндегі Украинаның саяси температурасын қалай суреттейтініне көз салыңыз. «Бүгінгі кәрі Еуропаның қақ ортасындағы алып елдің бірі – Украинаның саяси температурасы жоғарылап, геосаяси қазандығы бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Қайнағанда, ресейшіл Шығыс және мемлекетшіл Батыс болып екі бөлініп алып, бірін-бірі аямай төмпештеуге көшкен. Шығын екі жақтан да бар. Бұған кім кінәлі?..». Кітаптан мұндай келісті жолдарды үйір-үйірмен табуға болады. Олардың дені Болатқа дейін қазақ көсемсөз шеберлерінің қаламына іліге қоймаған тың теңеулер мен суреттеулер, тігісін жатқыза жеткізгенде автордың өз қолтаңбасына ғана тән, тіршілік түйткілдері мен үдерістерін қазақтың шұрайлы тілімен майын тамыза жеткізудегі жеке үлгілері десек, еш артық айтқандық болмас. Қалай дегенмен публицист-жазушының жаңашылдығына сәйкес сөз қолданысына да өмірдің өз тынысы сезіледі. Кітаптағы «Мәңгілікке ұмтылған тоғыз тырна», «Қазақ пен киік», «Әлипби ауыстыру – тек қаріп ауыстыру емес», «Ақырзаман идеясы: ескі мен жаңаның шарпысуы», «Путиндік Ресейге сенуге бола ма?», «Ашынғаннан шығады ащы даусым», «Батыр болу үшін де бап керек», «Қазақ Олимптері», тағы басқа секілді зерттеу мақалалары Болаттың азаматтық үні мен тілдік өзгешеліктерінің бір парасы ғана. Ол әрбір мақаланы күрделі де мазмұнды спектакль ретінде биікке көтеріп, оның ішкі иірімінде жүріп жатқан сан-алуан эмоциялық көңіл күйді халықтық арман мен елдік аңсарға айналдыра біледі, осы мақсатын шебер орындай алған қаламгер ерекшелігі айқын байқалады.
***
Кітапқа алғысөз жазған пофессор Қансейіт Әбдезұлы Болатқа санаткер тұлға деп баға беріпті. Берілген баға дұрыс болғанымен, санаткер тұлға деген кім, ол адамның қандай категориясына жатады деген мәселесінің басын ашық қалдырған екен. Соны өзімше дамыта түсіндіруді жөн деп таптым. Сонымен, санаткер тұлға дегеніміз кім?
Ең алдымен, ол – саналы азамат. Яғни санаткер – қара басы қамын емес, заман сөзін сөйлеуші, сол заманда өмір сүретін әлеуметтің мұң-мұқтажын жоқтаушы, қоғамның күйін жеткізуші, сол қоғамдағы адамдар тағдырын көтеруші тұлға. Қоғамдық ойды жетелеуші, әлеуметке жол көрсетуші азаткер, әрі азапкер азамат. Алайда оған азаткер, азапкер болу аз, ол әуелі әділетті, қажырлы, жігерлі, сонымен бірге елшіл, мемлекетшіл болмағын қосыңыз. Адам бойында сирек кездесетін осы қасиеттерді өзінің өмірлік қағидатына айналдыруды алдына мақсат етіп қойған жандарды санаткер тұлға десе болады. Екіншіден, санаткер тұлға – қоғамды алға жетелеуші ретінде өзіне кедергі келтіретін түрлі зиянды стереотиптерден бойын аулақ ұстайтын адам. Біле-білсеңіз, ең қауіпті стереотиптер – әлеуметтік ортаны жікке, топқа, руға бөлетіндер. Қоғамтанушылардың зерттеулеріне қарағанда, дамыған елдер жікке бөліну арқылы емес, жікшілдікпен күресу, топ пен тобырды табыстыру, тұтастандыру арқылы алға жылжыған. Үшіншіден, басқалардың жетістігіне қуана білу, оны мойындау, қажет болған жағдайда қол ұшын созу – үлкен адамгершілікті талап етеді. Өйткені жеке адамның жетістігі – шын мәнінде қоғамның жетістігі. Қоғамның жетістігіне қуану, оған қолдау көрсету – нағыз зиялы санаткер тұлғаға тән қасиет. Бұл қасиет болмаса қоғамдағы түрлі жіктер көреалмаушылықты қоздырып, ол «қызғаныш комплексін» тудырар еді. Осындай түрлі стереотиптерден тұмшаланған, басқалардың табыстарын көре алмайтын, қоғамның жеңістері мен жетістіктеріне қуана алмайтын, әділет пен кісіліктің не екенін түсінбейтін адамның санасы ешқашан азат болмақ емес. Мұндай адамдар тобыры тұратын қоғам ешқашан дамымайды, ақырында іріп-шіріп бітеді.
Сондай теріс стереотиптерден сақтандырып, жаман ғадеттерден, қасиетсіздіктен аулақ болуды ескертіп отыратын осы Болат сияқты зияткер тұлғалар.
Публицист-жазушы Болат Шарахымбай қазақ көсемсөз өнерінің өрісін жаңа белестерге, жаңа биіктерге көтерді, оны жаңа тақырыптармен, идеялармен, өрнек-ерекшеліктермен байытты; А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов сияқты алыптардың, Ә.Кекілбай, Ш.Мұртаза, С.Бердіқұлов, М.Қабанбай, Ж.Бейсенбайұлы секілді орта буын өкілдерінің көсемдік пен шешендік дәстүрін ілгері дамытып, заман талабына сай жігерлі, өткір публицистиканы тудырды; бұдан кейінгі уақытта да көсемсөз өнерінің талантты буыны мұхтарлар мен әбіштер, мараттар мен болаттар салған жүлделерді жалаулатып, жалғастырып әкетеріне менің күмәнім жоқ.

Әділхан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір