ҚАРА СӨЗДІҢ САЛМАҒЫ
05.11.2022
4235
0

Әдебиет тарихында әуелі ақын болып бастап, кейін қара сөзге көшкен қаламгерлер болған, қазір де бар, болашақта да бола беретін шығар. Поэзия мен прозаны қатар алып жүріп, ақындық пен жазушылықты шебер ұштастырған суреткерлер де баршылық. Алғашқы топқа өзіміздің Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмаділов тәрізді қаламгерлерді жатқызуға болады, екіншілердің қатарында Эдгар Аллан По, Виктор Гюго, Пушкин мен Лермонтов тәрізді алыптарды атай аламыз. Осы қатарды қазіргі замандастарымыз, қаламдас достарымыз да толтырып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Солардың бірі – соңғы жылдары бұрқыратып новелла жазып жүрген, тіпті республикалық байқауда кәнігі прозашыларға шаң қаптырып, суырылып алға шыққан, сөйтіп Түркиядағы келесі сынаққа қатысып, онда да жүлде алған Әбубәкір Қайран болса, екіншісі – тұтас прозалық жинақ беріп үлгерген Темірғали Көпбай. Біз бүгін Темірғалидың прозасы туралы қалам тербетпекпіз.

Темірғалидың проза жазатынын алғаш «Қазақ әдебиеті» газетіне әңгімесі жарияланғанда білдім, бірақ аса көңіл бөле қойған жоқпын, бұл саланы да байқап көргісі келген болар деп топшылағанмын. Ал кейін «Жұлдыз» журналынан көлемді хикаятын оқығанда бірден хабарласып, ризашылығымды білдірдім.
Таяуда оның «Сабан ақша» атты прозалық кітабы қолыма тиді. Бас алмай оқып шықтым. Көптен бері рахаттанып оқыған кітаптарымның бірі осы болды. Ең әуелі аңғарғаным – автордың әңгімешілдігі бірден байқалады екен, шамасы, кәсіби мамандығы ықпал етсе керек. Студенттерге лекция оқитын адам ағып тұрған шешен болмаса да айтар ойы анық, кідіріп-мүдірмей еркін сөйлейтіндей болуға тиіс. Кезінде Темірғали филология ғылымынан кандидаттық қорғағанда дұрыс болыпты деп ойлағанмын, өйткені енді студенттерді оқытады, ал оқытушы деген жастарға білім берумен шектеліп қалмай, адам ретінде тәрбиелеп шығаруға тиіс. Бұл үшін оқытушының өз бойында ізгі қасиеттер болуы керек, ал біздің Темірғали адам ретінде де, азамат ретінде де үлгі тұтарлық тұлға.
Екінші қасиеті – жауапкершілікті терең сезінетіндігі. Бұған кітапты оқу барысында көз жеткізесің. Не туралы жазса да бәрін мұқият зерттеп, нақты деректер жинап, адамдардың есім-сойы, қызметі, лауазымы, т.б. мәліметтер мен жер атауларын түгел біліп алуға тырысатыны көрініп тұр.
Үшінші және ең басты ерекшелігі – проза жанрының заңдылықтарын жете меңгергендігі. Сюжет құру, фабуланы үзіп алмау, диалогтың шынайылығы, композицияның мінсіздігі тәрізді шеберлігіне тәнті боласың. Прозаны жаңа бастаған қаламгерлердің көпшілігі оқиғаның ауысуына келгенде сүрініп жатады – не күрт үзіп, шолақ қайырады, не бір орында айналсоқтап жүріп алады да оқырманды жалықтырып жібереді. Ал Темірғали олай емес, кәнігі қаламгерге тән сарабдалдықпен бірер сөйлеммен-ақ келесі оқиғаға жігін білдірместен ауысып кете береді.
Дегенмен мұның бәрі жазушылық «техника» ғана, ең бастысы – автордың айтар ойы, шығарманың ішкі мазмұны, саяси-әлеуметтік мәнділігі, берісі ұлт­тық, әрісі күллі адамзатқа ортақ руханиятқа қосатын үлесі. Автордың тұңғыш прозалық жинағындағы шығармаларға бұл тұрғыдан да көңіліміз толды.
Кітаптағы алғашқы әңгіме «Сабан ақша» деп аталады. Социалистік қоғамда туып-өсіп, күтпеген жерден, ешқандай моральдық-психологиялық дайындықсыз нарықтық экономикаға күмп ете түскен кезде талай адамның есі ауып қалды, арасында өзіміз де бармыз. Жоғарыдан бұйрық күтіп үйренген, өз бетімен шөп басын сындыруды білмейтін, тек айтқанды істеп жүре беретін монтанылар қолындағы барынан айы­рылып, жер сипап қалды, ал қу бастан қуырым ет алуға дайын пысықайлар бірді екі етіп, екіні төрт қылып, кейін соның өзін қомсынып, оннан мың жасауға бел шеше кірісіп кетті. Ондай алаяқтар үшін сол кезде қолданыста жүрген заңнаманың уақыт талабына сай келмеуі өте қолайлы болды – экономикадағы, өндірістегі, сауда-саттықтағы, жалпы халық шаруашылығындағы жаңа қарым-қатынастарды реттейтін заңдар әлі шығарыла қоймаған; бұрын не істесе де дұрысына бағып, адамгершілікті ұстануға тырысатын қоғамда біртіндеп күш ала бастаған арамзалықты жалпы көпшілік тани бермейді, өйткені ондай да болады-ау дегенді ойына да алмайды.
Әңгімеде сондай «іскерлердің» қалай байығаны тәптіштеп тұрып суреттеледі. Материалдық игілік атаулыдан сынық шырпы шығармай-ақ, ештеңе өндірместен, дайын тұрған өнімді бір жерден арзанға сатып алып, екінші жерге пәлен есе қымбатына сатып, ол аз болса жалған құжат жасап, бірді алып, бірге қосып жүріп соның арасынан пайда табуды жете меңгерген қуаяқтар іскер азамат атанып шыға келді. Енді біреулер билік басындағылармен ауыз жаласып немесе солардың атын жамылып, яки қолтығының астына тығылып алып білгенін істеді. Ондай жылпостар мен арамзаларды бәріміз білеміз, талайын танимыз, кейіннен олар үлкен аренаға шығып кетті, мемлекеттік ауқымдағы, тіптен халықаралық деңгейдегі істерге араласа бастады. Сол «кәсіпкерлердің» бірқатары қазір елдің көз алдында – біреулері ірілі-ұсақты депутат немесе әкім болып отырса, әсіре пысықтары мен қолдаушылары күштілері министрдің орынтағына жайғасқан. «Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейді», өздеріне салса одан да биікке көтерілуден дәмелі, оларды да көріп жүрміз.
Аталмыш әңгімеде өткен ғасырдың 90-шы жылдары бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің бәрінде орын алған бір келеңсіз құбылыстың шын сыры ашылады – көзінің алдындағыны көрмейтін, көргенін түсінбейтін, қиялындағы әлдебір елеске елігіп, өзімдікі ғана дұрыс деп өзеурей беретін шалағай жазармандар «халықтың қорғаушысы», «қазақтың Робин Гуды» деп әр жерде шатып-бұтып жазып жүрген (өздері солардың тырнағына ілігіп қалса қалай сайрар еді?) кәдуілгі қарақшылардың, сол кезде қолданысқа түскен жаңа терминмен айтқанда «рэкетирлердің» іс жүзінде кім екені, жақын ба, жат па – кімді тонаса да бәрібір, ақша үшін ештеңеден тайынбайтын қаныпезерден басқа ешкім еместігі бадырайта бейнеленген. «Қарақшыда жан жоқ» дейді қазақ, осы мақалдың мағынасын түсіну керек қой.
Социализмнен капитализмге ауысу кезінде (шынымен капитализм ба осы әлде басқа ма – онда адал бәсекелестік болады деуші еді, отыз жылдан асып барады, не адалдықты, не бәсекелестікті көре алмай қойдық) неше түрлі сорақылыққа тап болып, жағамызды ұстағанбыз, біртіндеп бәріне үйренеді екенсің, бұл күндері ештеңеге таңғалмайтын болдық. Өзіміз «өтпелі кезең» деп атап жүрген, тым ұзаққа созылып кеткен өліара тұстағы толып жатқан келеңсіздіктің біразы осы кітапқа енгізілген «Элиталық пәтер», «Қаржы пирамидасы», «Екі қорап темекі», «Сенімхаттың сергелдеңі» секілді әңгімелерде жан-жақты сипатталған. Алдыңғы екі әңгіменің атауы айтып тұрғандай, кең де жайлы пәтерде тұрамыз деп бар ақшасынан айырылған достар мен еңбексіз баюдың жолын таптық деп жүгіріскен құдалардың ақыр соңында не пәтер жоқ, не ақша жоқ, айдалада қалып, бірін-бірі кінәлауы жаныңды жабырқатады.
Ал «Екі қорап темекіде» көшеде жаңбырдың астында қалған студенттерге жаны ашып, жаурап қалмасын деп көлігімен жатақханаға жеткізіп тастаған жігіт ағасының артқы орындықта жатқан портфеліндегі екі қорап темекісі қолды болады. Үш қыздың арасындағы жалғыз жігіт алдыңғы орында, қыздар артта отырған. Өздері болашақ ұстаздар екен. Жігіт мұны әңгімеге тартып, алдарқатып отырғанда қыздар портфельді ақтарыпты. Жас ұрпаққа білім беріп, ізгілікке тәрбиелейтін ертеңгі ұстаздардың істеп жүрген тірлігіне ішің ашиды. Не болып барамыз? Білімді, саналы деген жастарымыз осындай сұғанақтыққа барса ұлтымыздың азғындап кеткені ме бұл? Әлде бұған да нарықтық заман кінәлі ме?
«Сенімхаттың сергелдеңінде» көтерілген мәселені адамгершілік пен қағазбастылықтың қақтығысы деп бағалауға болатындай. Негізі, жолсеріктікі дұрыс, ол заң бойынша тиісті құжатты талап етіп тұр. Екінші жағынан, өз немересінің өзінікі екенін дәлелдей алмай пұшайман болып, алған билеттері күйіп кете жаздап, жолынан қалғалы тұрған қарттарды аяйсың. Қайтпек керек? Бәлкім, заң шығарғанда адамгершілікті де ескеру керек шығар? Бірақ қайтіп? Жазушының осындай шетін мәселеге көңіл аударғанына риза боласың.
Жинақтағы тағы бір жаныңды ауыртып, мазаңды қашыратын, талай адам басын қатырғысы келмей, «бізде ондай бәле жоқ, қайдағы-жайдағыны айта бермейік» деп сөз қылудан қашқалақтайтын есірткі мәселесін қозғаған әңгіме «Жертөле» деп аталады. Айтсақ та сол, айтпасақ та сол – бізде ондай қоғамдық дерт бар және жыл өткен сайын дендеп бара жатыр. Атың өшкір бәлекетке қарсы тиісті орындар күресіп жатқан шығар, бірақ бұл жайында ашық айтыла бермейтіні де рас. Өз басым осы мәселені көркем шығармаға арқау етіп, қоғамның талқысына ұсынған басқа адамды естімеппін. Бұл үшін халқыңа, жас ұрпаққа жаның ашумен қатар азаматтық батылдық керек.
Жазушының талай қаламдасымыз тәуекел ете бермейтін соны тақырыпты қозғай білетіні «Пісте сатқан меценат» әңгімесінен де көрінеді. Қай-қайсымыз да қазіргі заман, нарықтық экономика туралы жазсақ, негізінен, көлеңкелі жағын көрсетуге тырысамыз, ал Темірғали нарықтың жетістігін сөз етеді. Әңгімені оқығанда «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалдың бекерге шығарылмағанын пайымдайсың, тәкаппарлыққа салын­бай, адал еңбек етсең шынымен ұшпаққа шығатыныңа көз жеткізесің.
Мақал демекші, жазушының шығармашылықтағы жетістіктерін мадақтап, кемшіліктерін айтпай кетсек әдебиетке де, жазушының өзіне де қиянат болар еді, орайы келіп тұрғанда өзіміз де халық даналығына жүгінейік – «дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады». Алғаш көзімізге түскен кемшіліктердің бірі – автор халық мақалдарын өзгерте береді екен. Пәлен ғасырдан бері еш өзгеріссіз қолданылып жүрген мақал-мәтелдерді, тұрақты тіркестерді әркім өз қалауымен түзете берсе ұлттық байлығымыздың ең басты құрамдас бөліктерінің бірі – фольклорымыздан не қалады?! Мысал келтірейік: «Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз пенде өлмейді» (83-бет). Дұрысы – «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі». «Бәлен жерде бақыр бар, барсаң бақыр түгілі тақыр да жоқ» (213-бет). Дұрысы – «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ». «Бір қозы өмірге келсе, бір түп жусан артық шығады» (245-бет). Дұрысы – «Бір қой егіз тапса, бір түп жусан айыр шығады».
Сөз тіркестерін келтірейік. «Тірліктің тәшпіші» (70-бет). Әріптен қате кетпесе ондай тіркесті арғы-бергі әдебиеттен ешқашан кездестірген емеспін. «Лезде қараңғылық түседі» (169-бет). Қараңғылық емес, «қараңғы түседі». «Құрақты көрпешенің үстінде» (177-бет). Қазақ «құрақ көрпе» дейтін еді. «Туылыпты» (225-бет). Туылмайды, туа­ды. Абайдан кейінгі екінші ақынымыз (өзімнің пайымдауымша) Сұлтанмахмұтқа жүгінейік:
«…Мен туғанда табылмай қара сабын,
Ол туғанда иіс сабын тәнін жуған».
Бәзбіреулер бұны тырнақ астынан кір іздеу деп қабылдауы мүмкін, ондай «сыншыларға» алдын ала жауап бере кетейік – әдебиетте, соның ішінде көркем әдебиетте сөз тұрмақ әр әріп өз орнында тұруға тиіс, әйтпесе адасамыз, өзіміз адасқанымызбен қоймай, өзгелерді де адастырамыз.
Ондай қателікке жол беруге болмайды, поляктың фантаст-жазушысы Станислав Лэмнің бір кейіпкері айтқандай, ондай жағдайда «недракон» бір әріптің кесірінен «неодраконға» айналып кетуі кәдік.
Жазушының тағы бір қателігі – «Кие» деп аталатын хикаятындағы бір кейіпкерге қара бояуды тым қалың жағыпты, бұл кейіпкерін автордың өзі де жек көретіні андағайлап тұр. Бір журналист орыс жазушысы В.Шукшиннен: «Сіз неге кейіпкерлеріңіздің бәрін бірдей жақсы көресіз?» – деп сұрапты. Шукшин оған: «Кейіпкерлерімнің бәрін жақсы көретіндей жынды емеспін ғой»,– деп жауап қайтарған екен. Жазушы кейіпкерлерін жақсы көруге де, жек көруге де тиісті емес, оларды мүмкіндігінше толыққанды етіп суреттесе жетіп жатыр.
Жазушы бұл ескертпелерді келесі шығармаларында қаперге алар деп сенеміз.
Жинақтың екінші бөлімі «Қашқын» және «Кие» деп аталатын екі хикаяттан тұрады екен, екеуі де болған оқиғаның ізімен жазылған. «Қашқынды» оқығанда Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген сөзі ойыма оралды, халқымыздың тең жартысынан астамы қырылып кеткен жиырмасыншы ғасырда не көрмедік біз! Шығарманың бас кейіпкері – менің аталасым, екеуміз бір руданбыз, мен де Қосай бабамыздың алты ұлының бірі Тінейден тарайтын ұрпақпын. Тағдырдың тәлкегімен бәлшебектердің тепкісіне тап болып, бұрын-соңды адам баласының басына түсіп көрмеген қорлық пен зорлықтан көз ашпай, өлі мен тірінің арасында жүріп қанша қиналса да адам қалпынан айнымаған асыл сүйек қарияларды біз де көріп өстік. Өмірдің мың сан өткелінен өтсе де жасымаған, сағы сынбаған сол ақсақалдар көп сөйлемейтін, бәлкім бізге кесірім тиіп кетер деп сақтана ма екен, анау-мынау әңгіме айтпайтын, кейін өзгелерден естідік – «біз азбыз, олар көп, олар мұздай қаруланған, бізде қару жоқ» деп қорқасоқтамай, ағайын-туысын, ауыл-аймағын түгел қырғынға ұшыратқан қас дұшпан – сәбет өкіметіне қарсы арыстандай атылып, «жау қанша?» деп емес, «жау қайда?» деп сұрайтын ақкөкірек батырларша бітіспес күрес ашқан көзсіз ерлер еді олар!
Қазақтың көл-көсір пейіліндей далиып жатқан даламыздың бір пұшпағын – батыс бөлігінің оңтүстік тұсын ен жайлап, бір жағында орысты қадам аттатпай, екінші жақта Хиуа хандығының жалдамалы жендеттерін қия бастырмай, елдің шетін кірпік ілмей күзеткен адай халқы қызылдардың жарқын болашақ туралы ертегісіне илана қойған жоқ. Жаңа заман орнатушылар қанша тырысса да Құдайдың өзі ынтымақ-берекемен бірге жаратқан халықты бай мен кедейге бөле алмады. Халықты алдау үшін әдейі «дала комиссары» деген лауазым беріліп, арнайы жіберілген, шын мәнісінде қызыл орыстың эмиссары болған Әліби Жангелдин де келді мұнда. Көршілес Орал өңірінен түлеп ұшқан мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешов те адайды атқа қондырмаймын деп көп жүгірді, өз арасынан шыққан Жалау Мыңбаев та үгіттеп бақты – бірақ солардың ешқайсысы да сертті халықты сертінен тайдыра алмады. Жат пен жақынды ажырата алмай не көрініпті, тумысынан тексіз, аузы түкті кәпірдің арғы ойын айтқызбай таныған бабаларымыз «сары орыстың бәрі орыс» деп білетін, сондықтан да елім деп еңіреген асыл ерлер қасиетті даламызды арамдамақ болған сұрқияларды – генерал Толстов бастаған ақтарды да аяған жоқ, чекист Фетисов бастаған қызылдарды да қырып салды.
Алайда күш тең емес еді, қанша батыр болса да қылыш пен айбалта зеңбірек пен пулеметке төтеп бере алмайды, оның үстіне, қызылдардың жазалаушы отрядтары ашық шайқаста бетпе-бет келген сарбаздарды ғана емес, бейбіт халықты да қынадай қыра бастады. Өзекті жанға бір өлім деп бастарын бәйгеге тіккен қаһармандар сонда ғана күресті тоқтатып, өз еріктерімен қаруларын тастады. Жеңілді – мойындаған жоқ, иілді – сынған жоқ. Атылды, асылды, итжеккенге айдалды, бірақ көкіректің терең түкпірінде қатып қалған қанды кек жібіген емес. Сегіз арыс адайды аузына қаратып, қарадан хан шыққан, елдің бәрі тентек адай, ақкөз адай дейтін еркіндіксүйгіш халықтың өзі ресми өкіметтің әмірін орындамаса да бір ауыз сөзін жерде қалдырмайтын Тобанияз, ақ орысқа да, қызыл орысқа да, хиуалық сарттардың тонаушылары мен түрікпеннің аламандарына да еш жерде есе жібермей, елінің қорғаны болған Қаңғабай мерген, Фетисовті шекесінен атып өлтіріп, бұрынғы Жеке батыр деген лақап аты Шеке батырға ауысқан Жандауыл, 31-жылғы Адай көтерілісін басқарған Боқымаш, осы көтерілісте жүзбасы болған ысық Құныскерей солардың сойы­нан болатын. Хикаяттың бас кейіпкері – Қадырқожа да солардың бірі.
Халқымыздың басты қасиеттерінің бірі – үлкенді тыңдау, әсіресе әкенің айтқаны қалтқысыз орындалуға тиіс. Бойындағы бұла күш күреске шақырып бұлқынып тұрса да, әкенің әмірінен шыға алмаған бозбала Қадырқожа – кәмпеске басталмас бұрын Иранға ауа көшкен қазақтардың бірі. Екінші жаһандық соғыс басталар алдында қайтадан кері ауып, Түрікменстанға келіп қоныстанады. Соғыс басталған кезде бұл да шақырту алып майданға аттанып бара жатқанда жолшыбай қашып кетеді. Ата жауын, кешегі қас дұшпанын бұған дейін атын да естімеген айдаладағы немістен қорғап қалу үшін кеудесін оққа төсейтіндей ақымақ болып па!
«Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» дейді қазақ, кейіпкердің басынан өткен қиыншылықтарды санап тауыса алмайсың. Қанша рет өліммен бетпе-бет келіп, ажалдан аман қалды, түрмеге түсіп, лагерьде отырды, одан да босап шығып, туыстарымен қауышты, бір кезде айы­рылып қалған перзентімен табысты, ақыры еліміздің егемендік алғанын көріп, содан кейін ғана дүниеден өтті. Кітапты оқып отырғанда шытырман оқиғалы кино көргендей күй кешесің. Өзі де кино тіліне көшіруге сұранып тұрған шығарма. Телесериал түсіруге таптырмайтын материал!
Екінші хикаят та адамдар арасындағы қарым-қатынасқа, ізгілік пен зұлымдықтың мәңгілік тартысына құрылған. Озбырлық пен ожарлық кейде қыр соңыңнан қалмай қояды, қашсаң да құтыла алмайсың, оны тек ашық күреске шығып, батыл қарсы тұрсаң ғана жеңе аласың. Бас кейіпкер сондай жағдайға тап болады, ешкімге ұрынып-соқтығуды білмейтін, өзімен-өзі болып тып-тыныш жүрген жігіт өркөкірек сотанақтың қырына ілігіп, ақыр соңында ажал құша жаздайды. Әйтеуір су ішерлігі таусылмапты, керісінше, әлгі қаскүнем өзі құрған тұзаққа өзі түсіп, мұны өлтіремін деп жүргенде өзі мерт болады. Шығарманың қалай аяқталғанына назар салайық.
«Ерден туралап келген ажалдан Қасиет­ті Киенің қолдауымен аман қалғанын түйсінді. Екі қолын бірдей көкке созып, Тәңіріге алғысын жаудырды. Осы сәтте Арланкөк те көкке қарап ұлып қоя берді. Адам мен Көкбөрі… Тәңірге бірге үн қатқандай… Бірге тұрып Тәңірімен тілдескендей…»
Барша жаратылыстың ең биік шыңы, Алла Тағаланың жер бетіндегі халифасы – адам баласы мен табиғаттың төл перзенті, халқымыз үшін киелі мақұлық – дала тағысы көкбөрі Тәңірге бірлесіп мұң шағып тұр. Екеуі де озбырлықтан, өзімшілдіктен, өзінен басқаны елемейтін астамшылықтан зардап шеккен. Бірі артында қалған ұрпағынан айырылса, екіншісі өлім аузынан қалды. Соның бәрі екі көзін шел басып, көкірегі тарс бітеліп, ой-санасын зұлымдық жайлаған екі аяқты хайуандардың кесірі. Көзі қашан ашылады олардың, көңілінің көкжиегі қашан кеңейеді, адал мен арамды, дұрыс пен бұрысты айырып-ажыратар күні бола ма өзі? Кие мен иені, қасиет пен кепиетті, ұлық пен ұлыны танып-білер, түйсініп-түсінер кезі келе ме екен? Әлде осы кеткені кеткен, енді қайтып түзелместей, адам деген ардақты атқа ешқашан лайықты бола алмастай біржола құлдырап тынғаны ма? Олар… Кім олар?.. Қайдан шықты өздері?.. Өз арамыздан емес пе? Әлде… Өзіміз де… Сен, мен, ол… Қалай ойлайсыз?..
Автор осы сұрақтарға жауап іздейді.

P.S.
Темірғалиға бір ақын: «Проза жазамын деп өлеңді тастап кетпеші», – депті. Ал біз: «Өлеңді жазасың ба, жоқ па – өзің біл, бірақ прозаны тастап кетпеші», – дейміз. Өйткені қазақ поэзиясының деңгейі өте биік, оған алаңдамаса да болады. Дәл қазір бізде прозаның жағдайы мәз болмай тұр, қолдан келсе, осы олқылықтың орнын толтыруға атсалысу керек. Өз басым Темірғалиға үлкен үміт артқым келеді. Ниет қалыс, шешімі өзіңде, Темірғали.

 

 

Нұрлан ҚАМИ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір