ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТЕНТЕГІ
03.04.2023
448
0

Ербол Алшынбайдың «Жоғалған таулар» ат­ты шағын, бірақ салмағы қорғасындай ауыр кітап менің жазу үстелімде жатқалы бірер айдың жүзі болды. Күнде парақтап оқып қоямын. Өйткені әсері басқа. Бұл күнде сөз қадірін, нарқын, емеурінін түсінетін жан болса мұны өзі-ақ білер, аңғарар. «Сөз өнері – дертпен тең» деп ұлы Абай айтқандай, қазір сөздің азабын тартып жазатындар қалмай барады. Бүгінде сөз өнерінің шалғыны сұйылып, әне-міне атарқандық қана ауқымда қалғандай. Соны ой мен сүбелі сөздің ауылы алыстап барады. Қайда барсаң жат­танды болған тойлық-асабалық сарын.

Ең әуелі, өнердің, өлең-сөздің құдіреті оның ұлт­тық жадында ғой. Ұлт­тық жады дегеніміз әдет­те тым қарапайым нәрселерден тұрады, мысалы, біз кестенің бүршігі, алтын ердің айшығы, көне күйдің сарыны, бір ауыз текті сөз, т.б… Мінеки, мына кітап сондай өлең-сөздегі ұлт болмысын, оның бүгінгі қалпы мен тарихи жадын сомдаған кітап. Ол – Ерболдың өзі. Жып-жинақы, ерке-бұла, сырбаз, кейде сәл атқалақ, қаршығадай кеуделі, қараша бидей көшелі, ат-тұрманы сай жігіт. Сөзін, ойын бекер шығындамайтын, орнын тауып айтатын, тым ұқыпты, ұтымды ақын. Суреткерліктің жөні осы деп сөзді тым езбелемейтін, езілмейтін жан. Оның табынары – Таласбек, өлең-сөздегі өнегесі – Есенғали, Айтман. Тарихи прозадағы шабыт берген тұлғалары – Мағауин, Есенберлин, … ары кетсе үш-төрт адам. Кітапта сол Таласбек ағасының өлімі туралы айтқаны сұмдық енді:
Сілкініп өмір ағаш үшты бір құс…
Айналып қара аспанды жүрді сол құс,
Жерді емес, боздап қалған күйді қимай.
Осыларды оқығанда өзінің кішкентай құжырасында «бөстек қып қоңыр аю терісін» отырған сөз зергері елестейді көз алдыма. Иә, ол бала кезінен «балғын қиялы тобылғылы беткейге жылқылармен бірге өрген» ақын. Ендеше, басқаны не қылсын. Сол тәт­ті ойдың, сурет­тің, әсердің соңынан кетпей ме! Кейде бір ауық ойдан, сөзден іркілген сәтінде жорға ат­тай ойқастаған қаламымен сырласып, «аяғыңа қан түсті ме сенің?» деп жабырқап қалады екен.
Қиялым көлбей шөккен құба нардай,
Құба нар енді орныңнан тұр алаңдай.
Жын буған бақсыдай боп қыстығамын,
Іштегі алапат­ты шығара алмай…
Қарасаң образ, сурет, ой бір-бірімен ептесіп жатыр. Ақын қиялы ұшқыр-ақ. Аласатып шарқ ұрып, ай-жұлдызды аспанды аңсайды. Көк аспанмен мұңдасып, Көк Тәңірлі, Көк бөрілі әлемін іздейді. Мұны, бәлкім, Өтүкен қыратында отырған айдарлы ұлдың булыққан мұңлы-мұнар көз жасы дерсің. Осылайша, ескі мен жаңаның арасын жалғай алмай жүрген жайы бардай. Әйтпесе, еркек қойдай қырланып бөлек жүрген ол не ойлайды дейсің.
Түсіме ылғи кіреді бір көк бөрі,
Және күміс ұршығы бар бір ана…
немесе
Мен түсімде саған қарап ән салам,
Саған қарап бөрі ұлиды адасқан.
Айтып-айтпай, бөрілер үйірінен адасқалы қашан. Боғда бөктерінде ұялап, Алтай бетінде ұйысып, Өтүкен қолатында, Сарыжайық қырында жортқан олар заман ақыр, жер тақыр болғанша бұл киелі даланы өзімдікі деп сенген еді. Бірақ қапыда қақпанға түсіп, тақымы қиылды. Енді ұлымай қайтеді-ай. Осы тұста ақынның үні де бөрі тағдырмен үндесе шендесе шығады, содан барып ақырын сабасына түседі.
Талай-талай обаларды
шаң жұтқан,
Тауларды да уақыт
қой қалғытқан, – деп тоқтайды.
Өзінің санасына желі тартқан жарық нұрмен Өтүкенін бәрібір аңсайды. Тарихынан түңіліп тұрып тарихын жақсы көреді. Дегенмен түркі баласының, қазақтың тарих тереңінен табатын түпкі тұрағы, аба қазығы, қара мекені еді ол. Соны жырлай білу де ерлік. Егер біздің жүрегімізге Өтүкен сәулесі түспесе, біз мәңгі қараңғылықта өтер едік. Сол себептен, мың жыл бұрынғы Өтүкен рухы бүгінгі бізді де: Қазақ баласы Арқа жерінде отырса, Алтайын, Өтүкенін ұмытпаса, елде мұң жоқ! – дегізгендей.
Сорым сенсің, ей, Өтүкен, кәрі ұйық,
Көк түріктің көз жанарын
маздатқан!
Немесе:
Енді сені оқымаймын тарих,
Тұрасың сен обал менен көз жастан.
Иә, бұл да сол ақын ағасының «Жерұйығым, шер-күйігім, кермеиығым – Сарыарқа!», – деп таусыла тебіренгеніндей жаңғырған жанайқай ғой. Сөйтіп, Ай толғанда тасыған өзендердей арқырап, енді бірде жуасыған Есілдей күй кешеді. Түркінің айы толған, өзінің алмауыт мініп, күн түбіне жортқан сәт­терін еске алады. Бірақ өлеңдегі Айды аждаһаның жұтқаны жаныңды түршіктіреді. Ақын оған да амал-айла табады. Семсерін кесе ұстап, Аймен бірге аждаһаның аузына жұтылады. Аждаһаның көнтерісін қанжыға етіп таспалап тіліп түседі. Сөйтіп, Айды көтеріп қайта тіріледі…
Ақын кейде зар заман жырауларынша толғап кетеді. «Сары жұрт» деген өлеңінде:
Тудырған ерді өзіңсің,
Өзіңсің тағы жұтқан да.
Ер Доспанбет қансырап,
Соңғы рет сені құшқанда,
Қарағайлы көдік бойында
Қалған қызыл қамшысы,
Соны тапсам деп едім, – дейді.
Дәл осы тұста Құбаң даласынан Марақтың қылышын іздеген Ат­тила – Еділ батыр есіме түсті. Ол оны оқып алып жазды ма, жоқ өздігінен ойына оралды ма, кім білсін? Қалай десең де, ертеден желі тартқан рухани үндестік жатыр мұнда.
Енді не дейін, өзі айтқандай, біз бәріміз «моласы жоқ ерлеріміздің» рухы Алаш аспанын айналып жүрген немесе сол ерлер «пәниге де, бақиға да кіре алмай ат­тарының жалын құшып жүрген» бір заманда жасап жатырмыз. Бүгінде мың өліп, мың тірілген, тағдыр талқысына көп түскен қай қазақтың бауыры бүтін дейсің. Іле болып келіп, Балқашқа құйған ақынның дәл сол Балқаш көліндей бір жағы ащы, бір жағы тұщы өмір кешіп жүргені тағы бар. Мұндай екі жар тағдыр күнбе-күн бәріміздің басымыздан өтіп жатыр. Белгілі бір мағынадан айтқанда, жалпы бір бөлігі сырт­та жатқан дүйім қазақ баласы осындай екіжар тағдырға кіріптар күй кешуде. Біз алғаш тәуелсіздік алғанда көршілеріміз алаңдап, бұл қазақтар енді түгел бірігетін болды, бірігіп, үлкен Қазақ мемлекетін құратын болды деп алаңдаған еді. Әт­тең, солардың алаңдағаны айдай келсе жақсы еді. Бірақ амал нешік, одан соң көші-қон шырғалаңға тап болды. Ерболдың ұлы таулары арғы жақта қалып қойды. Ешкім оларды іздемейтін, айтпайтын болды. Таулар алдымен қалғыды, одан соң санадан қағыс қалды. Түркінің киелі көк таулары, ұлан-ғайыр Еренқабырға, көркем Іле, киелі Боғда, Қарт Алтай, Тарбағатай алыстап кет­ті. Олармен бірге біздің туған жеріміз де алыстап бара жатқандай. Содан барып, «Қайтейін, қайран қарт Ілем», «Тарбағатай», «Текес бойындағы монолог» ат­ты өлеңдері жарыққа шығыпты. Сол қатарда бұрындары бастауын Тәңір таудың мұзарт биіктерінен алып, арнасынан асып-тасып жататын Іле дәриясы жайлы тербейді:
Жет­тім аппақ сәулеге,
жүрегімді нұр өбіп,
Түндей терең арналым,
түнде қалдың түнеріп.
Түнге қарай толқимын,
сені ойлаймын кей күні,
Үндемейсің сен неге,
«түркінің Жейқұны!»
Айтып айтпай, өткенді көре қалған біздер үшін енді кеше көрген ауыл бүгін жоқ дейтіндей жағдай еді. Өйткені өткел бермес әзім дәриялар көз алдымызда суалды, мың-сан бастау-бұлақтардың тандыры кепті. Туған жердің орманы тоналды, маржандай асыл тастарын нәжүт-мәжүт­тер теріп әкет­ті, адамдары ат­тан түсті, ақсақалдары жапа қостың алдында жалғыз қалды… Оны да қойшы, жат жұрт­тықтар келіп елдің болмысын, ұсқынын, рухани қалауын өзгертіп жіберді. Сондықтан «даласын жатқа билетіп, сөгілген қабырғасын сүйретіп Сарыарқа жаққа бет бұрады» ақын. «Артында сары жон, сайран белдері бүк түсіп жылап қалады». «Отаршылдарды жер де жатырқайды» деуші еді Ақаң (Ақселеу). Бәрібір, олар бұл даланың кие-құтын, адамдары мен табиғат арасындағы тілсіз тілді қайдан білсін. Жылда жүрісінен жаңылмайтын төрт маусым, қар мен жаңбыр, нажағай секілді, табиғат бәрібір өз дегенін жасайды. Оның өз тілеуі өзінде.
Автор ойының бір ұшығы – Алаш арманымен астасады. Ол – Кенесары, ол – Әлихан, ол – Мағжан… Ұлдан-ұлға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, алынбай бара жатқан Алаш кегі мазалайды жүрегін. Тәуелсіз болып отырып та қасірет­те қала берсек қазақты түйе үстінен ит қабады, тәуелсіздігіміз баянды болмайды дегенге меңзейді. Сол рәуіштегі мына бір жолдарға көзім түскенде төбе құйқам шымырлап кет­ті. Тақырыбын «Бақұлдасу» деп қойыпты. Өлең Жаңаөзенде шейіт болған бауырларының рухына арналған:
Сақардай болып қайнаған,
Көзімнің алды күрең қан.
Оқ тескен етін шайнаған,
Мен-дағы жаралы болған бұба арлан.
Жасырам қалай жарамды,
Жақыным жаудай болғасын.
Кеудеме тікендей болып қадалды,
Қой құмалағындай қорғасын.
Беймезгіл ұшты қолымнан,
Ұя салған кеудемдегі көгершін.
Ертеңгі туған оғылан
«Кегімді кімнен алам?!», –
десе не дерсің?
Осы жерден тоқтайын. Автордың Қарқаралы-Қазылық, Баянауыл туралы ғазалдары мен «Тарымшы» поэмасын оқып қанат­тануды оқырманның өзіне қалдырдық. Ол туралы орайы келсе тағы жаза жатармыз. Кітаптың соңғы бетін жауып отырып, «киелі жырдың, текті сөздің қағазға түскен табы, буы осылай болса игі еді!» дедім іштей күбірлеп. Шынымен де қаңырығым түтеп келіп, жалбызды, тастақты тұмадан су ішкендей еңселеніп, бір сергіп қалдым.

Тұрсынхан ЗӘКЕН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір