Тәуелсіздік қалай келген еді?..
19.11.2021
767
0

Газетті өмірдің айнасы десек, сол айнадан қоғамның белгілі бір кезеңдеріндегі даму процестері айқын көрініп отырады. Бұған дейін 37 жыл иеленіп келген «Коммунизм туы» деген атынан құтылып, ұжымның ұйғарымымен 1990 жылғы 27 қарашада атауын өзгерткен Шығыс Қазақстан облыстық газеті еліміздің егемендігін, мемлекетіміздің тәуелсіздігін жаңа, «Дидар» деген атаумен қарсы алған еді. Бүгінгі ұрпақтың кейбір өкілдеріне Тәуелсіздік ешқандай қиындықсыз, өздігінен келген сияқты көрінуі де мүмкін… Жоқ, олай болған жоқ еді. Саясатқа тереңдемей, экономикалық қиындықтарға тым бойламай, біз сол кезеңдегі газет бетіндегі «ақпараттық айқастың» қандай деңгейде, қалай орын алғандығына аз-маз тоқталып өтуді жөн көрдік.

Қазақ жеріне көз алартқандардың зары

Сексенінші жылдардың соңында дүниедегі ең бір «құдіретті» деп аталып жүрген елдердің бірі – Кеңестік Социалистік Республикалардың «мызғымас» Одағы ыдырап, тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Мұндай аса ірі қарусыз төңкеріске бірқатар саясаткерлер «ақпараттық төңкеріс» деп ат қойып, айдар тағып жүр. Сол кезеңдегі түрлі көзқарастағы әртүрлі топ өкілдерінің бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзара қырық пышақ болып «соғысып» жатқандығын ой елегінен өткізіп, екшеп, талдасақ, бұл аса ірі қоғамдық өзгерісті шын мәнінде «ақпараттық төңкеріс» деп айтуға әбден болатын сияқты.

Сонымен, социализмнің тоталитарлық режимінен егемендікке өтер өткел М.С.Горбачевтің ғұмыры екі-үш жылдық қайта құру деген кезеңі болды. Міне, сол бір аласапыран, аумалы-төкпелі кезеңде-ақ халықтың көңіліндегі атой салып, алайда кеңестік цензураның бөгетін бұза алмай жүрген көптеген көкейкесті тақырыптар мемлекетіміздің егемендігі туралы декларация қабылданар тұста, қабылданған соң бөгеуін ағытып жіберген тасқын судай кенезесі кеберсіп  жатқан     арнаға – түрлі  деңгейдегі   қазақтілді    басылымдар бетіне лап қойды. Олардың басты-бастылары: ұлтымыздың саяси, рухани теңсіздігі; тарихымыздың, дініміз бен салт-дәстүріміздің шетқақпайланып, ұмытыла бастауы; тіл мен өнер; кеңес дәуіріндегі қуғын-сүргін; сол кезеңде «иесіз қалған» Одақ әскері жайлы, жер дауы сияқты ілуде бір көтерілетін сирек тақырыптар еді.

Саясат тақырыбы қазағы халқының төрттен бірін ғана құрап отырған Шығыс Қазақстанда «қара қазан мен сары баланың қамынан» гөрі әлдеқайда өткір тұрған еді ол кезде. Орыс ұлты басым аймақ болғандықтан өңірде бұл тақырыптардың алдыңғы орынға шығуы заңды да болатын. Өйткені табысты молайту үшін жалқыны «егіз», жартыны «бүтін» деп көрсеткен «даурықпа ұраншыл» социализм кезінде екі ұлттың өкілі тұрмыс құрса, «халықтар достығы» деп жар салдық. Тіпті ұлттар мен ұлыстар, бірқатар халықтардың дәстүрі мен тілі құрдымға кетіп құрып бара жатса да ешкім жақ аша алмай, томаға-тұйық қалпында қалатын.

Қатал жүйенің тоңы жібіп, мызғымас Одақтың тағаны шайқала бастаған соң ондаған жылдар сыздап келген осынау бітеу жараның аузы ашылып, бұрынғы «жабық» тақырыптарда жазылып, редакцияға жолданған хаттар легі молая түсті. Оқырмандардың қанын қарайтып, намысын қамшылай түскен – дәл сол кезеңдегі Н.Петрушенко, С.Васильева сияқты КСРО Жоғарғы Советінің ең соңғы сайланған депутаттарының сандырағы, жергілікті тарихшы Н.Соболиннің мақалалары, құрамында екі ғана қазағы бар Өскемен қалалық кеңесінің кейбір шешімдері еді. Бұл жайлы нақтырақ айтар болсақ, полковник Петрушенко: «Атом сынағының табиғатқа да, адамға да ешбір зияны жоқ. Қорғаныс қабілетімізді арттыру үшін Семей сынақ полигоны ауадай қажет», – деп соқты. Ал С.Васильева облыстық «Рудный Алтай» газетіндегі «Асығыстық керек пе?» деген мақаласында: «Шығыс Қазақстан – ежелден орыстардың жері, қазақ тілі мемлекеттік дәреже алса, мұндағы орыстардың күні не болмақ?!» – деп зар иледі. Мұның барлығын «Импульс» хабаршысындағы Н.Соболиннің «Ресей аймағы» деген материалы одан сайын ушықтыра түсті. Онда ол: «Ертіс өңірі – бос жатқан иен, ешкімнің жері емес. Мұнда қала салған – орыстар», – деп қазақ жеріне көз алартты. Еліміздің Шығысы «Таулы Карабахқа» айналса да қыңқ етпейтін мұндай ұлт араздығын қоздырушыларға облыстық «Дидар» газеті арқылы білікті ғалымдар, парасатты оқырмандар, журналистер ұстамды, байыпты да дәлелді жауаптар бере білді.

Саясаткер-журналист М.Құмарбеков өзінің «Тарихи шындықты бұрмалау кімге қажет?» деген мақаласында: «Әрине, көшпенділердің бір жерге қала салып, отырықшы болмағаны шындық. Өзінің жеріне ол жыл маусымына қарай күзеу, қыстау, жайлау сияқты әр мезгілде келіп отырмаған. Ол жеріне белгі салып межелемеген де. Сондықтан қазақтың өз арасында «жер дауы» болып тұрған, – дей келе: – …Әбілхайырдың да, Абылайдың да келісімінсіз 1715 жылы Омбы қорғанын, 1718-20 жылдары Семей мен Өскемен бекіністерін салған орыстар басып алушылар тобыры екендігін, ал бертінірек, 1921 жылы Меңдешов бастаған 40 адамнан тұратын комиссия Омбыда бір ай жатып дәлелдеп, Совнаркомға, Лениннің алдына мәселе қойып, қазақ жерін түгелге жуық өздеріне қайтарып алған», – деп нақты ғылыми тұрғыда дәлелдейді…

Ол кезде оппозициялық, сыңар езу газеттер көп емес еді, мемлекеттік орыс газеттері іштей құптап отырғанымен, ашық ұлтшылдық материалдарды басуға жасқанатын. Алайда бүкіл бір халықтың егемендігіне деген қызғаныштың қызыл иті іштерін тырналап, маза бермеген Шпарага, Агарков сияқты «Демократиялық таңдау» деп аталатын депутаттық топ Өскеменде кәдімгідей белсенді түрде астыртын жұмыс жүргізуге көшіп, листовкалар басып, таратты.

Онда: «Қазақстан Президентінің ұстанып отырған позициясы ешқандай күдік қалдырмайды: республиканың егемендігі оның аумағында ұлттық большевизмнің қорығын құру үшін пайдаланылмақ. Ұлттық-большевиктік реакцияның бетін қайтару үшін бірігейік, – дей келіп, – …Тәуелсіздік жөніндегі декларация» тек қазақ ұлтының мүддесін көздеген, ал «Тіл туралы заң» республикадағы нақты демографиялық жағдайды ескермей қабылданып отыр», –  деген тұжырымдар жасайды.

Облыстағы ашық та жасырын өршіп кеткен ұлттық мәселе әншейінде марғау жүретін біраз халықты оятып, облыстық баспасөзге жолданған жер, ұлт, салт-дәстүр, тарих мәселелерін қозғаған хаттар легі еселей көбейді.

 

Нақақтан-нақақ  жындыханада  азапталған М.Елікбаев

Тарбағатай ауданында тұрушы орыс, украин, эстон, молдован ұлты өкілдерінің КСРО халық депутаттары С.Васильева мен Н.Петрушенко бастаған топқа хатында («Ағайындарға ашық хат», «Ком. туы», 24.09.90 ж.) салмақты да салиқалы ойлар айтылады. «Сіздердің халық үшін қандай қызмет жасап жүргендеріңізді анық айта алмаймыз. Ал біріңнің Семейдегі атом апатын дәріптеп, біріңнің Шығыс Қазақстан облысының бір бөлігін Ресейге қосу идеясын ұсынып, құрақ ұшып жүргендеріңізді жақсы білеміз… Сіз бен біз суын ішіп өмір сүріп отырған қасиетті жер қазақтыкі емес пе! Қазақтың ұшан-теңіз кең даласын сол қазақтардың өздері қорғап көз жұмған. Сол бір батыл да батыр рух бүгінде олардың ұрпағының қанында атой салып тұр… Басқаларды айтпағанда Республика Президенті Н.Назарбаев «Күшіміз – достықта» деп құшағын жайса, сіздердің ұлттық-территориялық басқарма құру үшін жанталаса үндеу қабылдап, теріс қарауларыңыз қалай? Егер Балтық бойындағы республикалардағыдай орыстарға қысым жасап, өз ұлтын ғана іріктеуге ұмтылып отырса, онда бір басқа… Бізге бейбітшілік, достық, татулық, тыныштық керек. Айрандай ұйып отырған ортамызға лаң салмаңыздар!..» – деген ашулы хатқа алты ұлттың өкілдері қол қойған.

Әсіресе осы ұлтаралық қатынас мәселесіндегі конфликтілік жағдайлар кеңестік қоғамда жабық тақырып болғаны аян, мұны баспасөз бетінде көтеру мүмкін емес еді. Қоғамның өзге де салалары сияқты ол кезеңнің баспасөзі де бір партиялық жүйеге бағынышты, тәуелді еді. Әрі ұлтаралық қатынас тақырыбы сол қоғамның экономикасы, тарихы, демографиясы сияқты барлық салаларында қордаланып жатқан лас саясатты қазбалайтын болғандықтан ақпарат құралдары оған жолай алмады. Бірақ халқының мүддесін ойлаған жекелеген ұлтжанды азаматтар әр кезеңде де болған ғой. Ел құлағы көп құлағдар болмаған сондай бір азамат жайлы «Коммунизм туы» газеті «Тәлкекке түскен тағдыр» атты көлемді мақалада жан-жақты баяндайды.

Хабаровск қаласында оқып, орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып шыққан, Күршім ауданындағы қатардағы ауыл мұғалімі, Ұлы Отан соғысына қатысқан Мүбарак Елікбаев мектепте істей жүріп, аяқ аттасаң, шалуға дайын тұратын Кеңестік жүйенің әділетсіздігіне шыдай алмай, 1957 жылы сол кездегі Кеңес елінің басшысы Н.С.Хрущевке хат жазады. Хаттың қысқаша мазмұны мынадай: «Ең алдымен одақтас Компартиялар арасында теңдік жоқ. КПСС съезіне делегаттар сайлағанда одақтас республикалар делегаттарының саны РСФСР облыстарының делегаттарымен шендестіріледі. КПСС ОК Саяси Бюросында әрбір ұлттың өкілдері болуы қажет. Қазақстан басшысы қазақ болуы керек. Сіздер Пономоренконы, одан кейін Брежневті, Яковлевті, Беляевті жібердіңіздер. Бұл қазақ кадрларына сенбегендік пе, әлде ұлттық кадрларды әзірлеуге мән бермегендік пе? Одақтас республикалардың компартиясы, орталық комитеттері бар. РСФСР-де компартия жоқ, орталық комитеті сайланбайды. Съезі шақырылмайды. Мұның себебі не? Совет Одағы барлық елдермен дипломатиялық қарым-қатынас жасайды. Соларда қазақтан бірде-бір елші жоқ. Шетелдерден жаңалық хабар жеткізіп тұратын қазақ газет-журналдарының тілшісі жоқ. Одақ басшыларының барлығы – орыстар.

Қазақ халқы ана тілінен айрылуға айналды. Сондықтан Қазақстанда қазақ тілі мемлекеттік тіл болуға тиіс. Совет Одағы орнаған қырық жыл ішінде қазақтардың саны екі есе азайып кетті. Қазақ тілінде оқытатын бір ғана институт бар, онда да оқулықтар жетіспейді. Кәсіптік-техникалық училищелердің барлығы сабақты орысша оқытады. Әрбір одақтас республиканың өзіндік ұлттық әскері болуы тиіс. Дінге бостандық беру керек, ақша реформасы!..». Хатта тағы басқа көптеген мәселелер қозғалған.

Осы хат жазылғаннан кейін үш айдан соң Мүбарактың аты жер өртегендей ду етіп шыға келеді, соңына қуғын түсіп, «ұлтшыл» атанып, жұмыстан қуылып, жергілікті жындыханада азапталып, абақтыға қамалып, Ленинградтағы Қылмыстық кодекстің 58-статьясы бойынша (саяси сенімсіздер) емделетіндердің арнаулы жындыханасына жатқызылады. Содан мүгедек болып оралған М.Елікбаев өмірінің соңына дейін үкіметтің «сол қабағынан» құтылмай, «жұмыссыздарды өзі іздеп жүретін» дәуірлеген социализм заманында Ақтөбе, Шымкент, Алматы облыстарынан жұмыс таба алмай сандалып, өзінің ауылы – Шығыс Қазақстандағы Большенарым ауданындағы Көктерегіне қайта оралады…

Мүбарак ақсақалдың өзімен жолығып, әңгімелесіп М.Құмарбеков жазған бұл хикаят оқырмандар арасында көптеген пікірлер тудырды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Елікбаевты тұтқындауға қатысқан бұрынғы қызметкері Қ.Нұржақыпов «Нақтылы деректерге жүгінсек» деген қарсы мақала жазып, оған Елікбаев жауап хат жолдап, өзге оқырмандар да пікірлерін білдіріп, бұл тақырыптың жаңғырығы біраз уақытқа созылды.

Ұлттық баспасөз беттеріне егемендікпен ере келген тақырыптардың тағы бір тобы – осы уақытқа дейін жалғасып, тереңдей жазылып келе жатқан салт-дәстүр, тіл, экология, радиациялық полигон зардабы, Желтоқсан жаңғырығы сияқты өзекті мәселелер болды. Жекешелендіру сияқты экономикалық реформалардың дұрыс жүрмеуінен белең алған жұмыссыздық, қылмыс, әсіресе ауыл адамдарының жүдеу тұрмысы, базар жағалаған халық туралы да газет беттерінде аз жазылған жоқ.

 

Ақпараттық, азаматтық  айқас

Тәуелсіздікке алып келген жарқын күнге де қол жетті. 1991 жылғы желтоқсанның сегізі күні бұрынғы Одақтың Беларусь, РСФСР, Украина мемлекет басшылары Тәуелсіз мемлекеттердің достық одағын құру туралы мәлімдеме жасаған соң, 10 желтоқсанда Алматыда Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің VII сессиясы өтті. Сол күні түстен кейін бүкіл халық сайлаған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қызметіне кірісуіне арналған Жоғарғы Кеңестің салтанатты мәжілісі болды. Сол салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «Біз бастан өткеріп отырған осындай ғаламат тарихи өзгерістердің куәлары және қатысушылары болу кез келген ұрпақтың үлесіне тие бермейді. Қазір біздің көз алдымызда әлемнің картасында жаңа мемлекеттер пайда болып, қоғамдық-саяси және экономикалық формациялар, мемлекеттік басқарудың формалары ауысуда десек, асырып айтпаған болар едік. Тарихтың жаңа оралымы сәтінде Қазақстан халықтары өздерінің батыл таңдауын – өркениетті демократиялық қоғамды таңдап алды…» – деп еліміздің жаңаша даму бағытын айқындап берді.

Баспасөз бетіндегі «ақпараттық айқас» бұдан кейін тіпті өрши түсті. Сол кезеңде славян қоғамдастығының, орыстардың «Лад» қозғалысының қолдауымен, демеушілігімен Шығыс Қазақстанда дүниеге келген «Импульс», «Губерния», «Городская газета» сияқты орыс тілді газеттердің қос тілділікті, қос азаматтықты, миграцияны, Ертіс бойының «ежелгі орыс жері» екендігін ту ете отырып, негізінен ұлтшылдықты қоздыру арқылы ұлттар арасына іріткі салып, ел тәуелсіздігін мойындамай, шын мәніндегі ақпараттық айқасқа шықты. Оның себебін түсіндіруге болады. КСРО тараған кезде бұрынғы Одақтас республикаларда тұрып келген 25 миллионға жуық орыс өзінің этникалық отаны – Ресей аумағынан тыс қалды. Еуразия аумағындағы алдымен патшалық Ресейдің, кейін мызғымас Одақтық мемлекеттің іргетасы саналып келген, неше ғасырдан бері өзге ұлттарға шекесінен қарап, өзінің артықшылығын, сөзсіз басымдығын сезініп келген шовинист орыстардың ұлттық санасына бұл оңай соққы болған жоқ. Жаңадан құрылған тәуелсіз мемлекеттерде шағын ұлт, тіпті диаспора атануға олар дайын емес еді.

Мұндай ақпараттық айқасты қоздыра түскен тағы бір үлкен проблема – бүгін жарияласаң, ертең жаппай сөйлеп кететіндей болған қазақ тіліне мемлекеттік мәртебенің берілуі еді. «Мемлекеттік тілді білмегендер лауазымды қызметтерге алынбайды» деген лақаптар, әрине, орыстардың бойында ашық та, жасырын да қарсылық әрекеттер туғызды.

Сондықтан да облысқа тарайтын «Импульс», «Губерния», «Городская газета» сияқты орыс газеттері қандастарының Шығыс Қазақстандағы «бейшаралығын» айдай әлемнен араша сұрағандай байбаламдай жазып жатты. Жергілікті газеттердің жаққан бұл отына Ресейдегі көршілес Алтай өлкесінің кейбір басылымдары: «Барлық праволарынан жұрдай болған, ол елде болашағы жоқ орыстар Қазақстаннан жаппай қашып жатыр», –  деп отқа май құя түсті.

Мұндай жалған жасандылыққа көзі қарақты оқырмандар сабырмен қараса, қалың көпшілік өздерінің ашу-ызаларын облыстағы қазақ тіліндегі жалғыз басылым – «Дидарға» жолдап: «Ана керауыздарды жөнге салсаңдаршы», – дейді. Қазақша газетті орыстар оқымайды, сондықтан тым шектен шыққан материалдарды «Дидар» орысша талдап, әшкерелеп, өз журналистерінің күшімен ірі-ірі кәсіпорын, мекемелерге таратып та жүрді. Оған бір ғана мысал:

Ұлтшыл-шовинист, кезінде қарулы көтеріліспен Шығыс Қазақстанда Ресей автономиясын орнатпақ болып қолға түскен Пугачев-Казимирчук ұйымының белді мүшесі, Өскемен қалалық Кеңесінің депутаты, Өскеменде шығатын «Городская газета» апталығының қызметкері Н.Ивановтың  «Литературная Россия» газетінің 1991 жылғы 45-санында «Я терпел и молчал…» деген КСРО Президенті М.С.Горбачевке ашық хаты жарияланды. Онда егемендік деп емешегі үзіліп тұрған «ергежейлі» мемлекетсымақтарды (ТМД елдерін айтқаны. А.Қ.) Парламенттің көкезулерінің бос сөздерімен емес, өткен ғасырдағы Оңтүстік Штаттарға А.Линкольннің әскер жібергені сияқты генералдардың қаруының күшімен бұрынғы «мызғымас Одақтың» құрамына қайтарып, Кеңестер Одағын сақтап қалу керек деген өне бойы іріңді ісікке толы, қан аңсап тұрған ойын білдіреді. Ол неге өйтіп ашынып жазады? Өйткені  Ивановтың өз сөзімен айтқанда (аудармасыз бергенді жөн көрдік. А.Қ.) «…Можете ли вы представить, что чувствуют сейчас Ваши единомышленники, которые вдруг оказались против воли за границей, да еще в окружении явно враждебных «коренных» народов? …Что должны чувствовать мы и наши жены, дочери, внучки, когда погромщиков (Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды меңзегені. А.Қ.) объявляют национальными героями, когда разнузданный национализм обретает государственную поддержку, когда законы о языках становятся краеугольными камнями в фундаменте самого откровенного апартеида?.. Понимаете ли Вы, что устроенный вами апокалипсис еще страшнее и безнравственнее, чем сталинские переселения и по масштабам, и по дремучему ужасу последствий?..».

Қойыңызшы, бұрын бүкіл Одақта бытырап жүрсе де өздерін сол елдің қожайыны деп есептейтін орыстардың бүгінгі мүсәпір халіне араша сұраған автор мақаласының астына былай деп қол қояды: Н.Иванов, ұлты бойынша – орыс, діни сенімі жөнінен – православ, туу құқы бойынша – КСРО азаматы, сіздің арқаңызда – Отансыз адам.

Мұндай мақалаларды Өскеменнің көзі қарақты орыс-қазағы түгел оқиды. Сондықтан «Дидар» газетінің редакция алқасы, бас редакторы Жұмәділ Әділбаев Н.Ивановтың жоғарыдағы ашық хатын еш өзгеріссіз орыс тілінде толық жариялап, оған екі тілде бірдей жазатын ардагер журналист М.Мусиннің «Покрасовался – и отошел?» деген тақырыптағы жауап хатын да орысша жариялады. Аузына келгенін ірікпеген, «тарихтан хабары мол» депутат Ивановқа Меңғали Мусин нақты да тұжырымды фактілермен, көкейге қонымды пайымдауларымен жан-жақты жауап берді. «Егер Н.Иванов шынымен тарихтың білгірі болса, «мызғымас Одақтың» да «темір мен қанның» күшімен құрылғандығы жайлы ақиқатқа таласпайтын болар. Осы жағдайдың өзі ғана бостандықты, өзін-өзі айқындауды аңсаумен, нақты уақыты келгенше марғау жатқан халықтың бұлқынған күшінің бөгеуін ағытып жіберді…». «Өскемендегі халықтың он пайызынан сәл ғана артық қазақтар тарапынан Иванов қандай жаулық, қандай жәбір көрді?..». «…Күшпен ұжымдастыру геноцидіне ұшыраған қазақ халқы 30-жылдары өз санының жартысынан айырылды. Жағдайдың одан әрі ушығуы бүкіл ұлттың құрып кетуімен пара-пар саналатын ана тілінен айрылып қалу қаупін туғызды. Қазірдің өзінде қазақтардың 40 пайызы ана тілін білмейді. Тілдер туралы заң, міне, осындай біртіндеп құрып кету процесін тоқтатуға үндеді…». Н.Ивановтың жүрегін қыжылдатып жүрген отыз сұраққа да М.Мусин жеріне жеткізе жауап беріп, мақаласын былай аяқтайды: «…Что ж, красоваться можно – и бранью в адрес Президентов время-то для «смельчаков» какое наступило! И велеречивостью с трибун, и эрудицией, которую пусть даже нахватал с вершков. Покрасовался и отошел. Но как это отразится на общественном сознании, настроении людей? Неправда, что все сорное сознание отторгает. Самые живучие всходы дает сорняк».

Осы мазмұндас көп мақаланың біреуіне ғана толығырақ тоқталғанымыз – басылымдар бетінде жиі көрінетін мұндай кереғар жарияланымдар сол кезеңдегі шын мәніндегі аяусыз ақпараттық айқастың бір көрінісі болып табылады.

Жалпы, «төртінші билік» деп аталатын баспасөз өкілдерінің қоғамдағы өзгерістерге тигізер әсері орасан зор. Журналист баспасөз бетіндегі мақалалары арқылы қоғамдық сананың қалыптасуына өзіндік үлес қосады, белгілі бір мәселеге бұқараның назарын аударып, сол мәселе төңірегінде пікір туғызады, ұсыныс айтады. Ел тәуелсіздігі жолындағы «Дидар» газетінің бетіндегі ақпараттық айқас осындай болған еді. Тәуелсіздік ешқандай қақтығыссыз, өздігінен орнай қалған жоқ…

Айтмұхамбет ҚАСЫМОВ,

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі сессиясының

салтанатты мәжілісіне қатысушы,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

филология ғылымдарының кандидаты

 

ПІКІР ҚОСУ