ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕННЕН АРТЫҚ БАҚЫТ ЖОҚ
Таяуда Қазақстан Жазушылар одағының жанынан «Қазақ әдебиетінің меценаты» қоғамдық қоры құрылды. Қордың мақсаты, міндеті, атқаратын жұмысы жөнінде және жеке шығармашылығы төңірегінде осы қордың Бас директоры, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар одағының хатшысы Қасымхан Бегмановпен сұхбаттасқан едік.
Қор халықтың әдеби сауаттылығын арттыру үшін қызмет етеді
– Қас-аға, Сіз өткен секретариатта Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы және «Қазақ әдебиетінің меценаты» қоғамдық қорының Бас директоры болып сайландыңыз. Құтты болсын! Әңгімені осы қоғамдық қордың міндеті мен мақсатынан бастасақ…
– Рақмет, Қанағат. Бұл қорды әдебиетке жанашыр жандар бірлесіп ашып отырмыз. Қордың бүгінгі күнде төрт құрылтайшысы бар, тағы бір адамды жуырда қосатын болармыз. Жақында оң шешімін табатын болар. Елге мәлім мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі меценат Ислам Әбішев қордың Қамқорлық кеңесінің төрағасы болып сайланды. «Қазақ әдебиетінің меценаты» қоғамдық қорының негізгі мақсаты – қазақ әдебиетін өркендету, жазушылардың жағдайын жасау, беделін көтеру. Жас таланттардың жолын ашу, сондай-ақ қазақ тілінде жарық көріп, халықтың ықыласына бөленген қазақ әдебиетінің, қазақ поэзиясының үздік туындыларының халықаралық деңгейге көтерілуіне ықпал жасау. Тағы да, әдебиетшілер, ақындар мен поэзияны насихаттаушыларға материалдық қамқорлық жасау, қайырымдылық көмек көрсету, жас қаламгерлерге арнап курстар ұйымдастыру, семинарлар өткізу; бұлардан бөлек, халықаралық, республикалық поэзиялық фестивальдар, мүшәйралар, айтыстар, конкурстар, байқаулар өткізу, авторлық поэзия кештерін ұйымдастыру; көркем және жолма-жол аударма жұмыстарын үйлестіру, әлеуметтік маңызды ұлттық әдебиетті шет тілдеріне аудару, көркем аударма бюроларын ашу; көркем, әдеби, танымдық кітаптар, оқулықтар шығару; әлеуметтік желілер, электрондық сайтттар мен блогтар, порталдар ашу; авторларға ҚР Конституциясына және басқа да заңнамаларға сәйкес мәдени-материалдық көмек көрсету сынды жұмыстар мен өскелең ұрпақтың, жастардың, студенттердің қазақ әдебиетін оқуға ынта-жігерін жоғарылатуға да біраз тұрақты түрде жасалатын шаралар қолға алынады деп отырмыз. Жалпы, бұл қор халықтың әдеби сауаттылығын арттыру үшін қызмет етеді. Қазақ әдебиетіне байланысты әртүрлі ғылыми-әдеби зерттеулер ұйымдастыруды да қолға аламыз деген ойдамыз. Алғашқы мүшәйрамыз тәуелсіздіктің отыз жылдығына арналып отыр. Дүниеден көшкен он жеті ақынның атындағы жүлделерді жеңімпаздарға тапсырамыз. Оның қорытындысы осы жуырда, желтоқсанның алғашқы апталарында белгілі болады. Жоспарлар көп, біртіндеп іске асырамыз.
– Өте жақсы бастама екен. Істеріңіз баянды болсын! Көзі қарақты жұрт ақындығыңыздан бөлек, зерттеушілігіңізді жақсы біледі. Мәселен, «Этногрофпен әңгіме» атты кітабыңыздың жөні тым бөлек. Жағда атамызбен таныстық қалай басталды, қазына қарттан білгенін сұрап алып қалайын деген ой қайдан туды?
– 2009 жылдан бастап күні бүгінге дейін ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналын үзбей шығарып келемін. Сол жобаны алғаш бастап, бірнеше нөмірін шығарғаннан кейін еліміздегі танымал этнографтардың, ұлттық құндылықтарды жақсы білетін ғалымдардың тізімін жасадым. Сол тізімде жасы жағынан да, көрген-білгені, көңілге түйгені молдығы жағынан да Жағда ақсақал бірінші тұрды. Сонымен, қазына қартқа бардым, жөн-жобамызды айттым. Қатты қуанды. Ол кісіні толық сарқып алдым деп айта алмаймын, бірақ «Дәстүр» журналы мен «Ана тілі» газетіне бірнеше ай азық болды. Кейін осы дүниелер шашылып әр жерде қалмасын, кітап қылып шығарайын деген ой келді. Ол ойымды Жағда ақсақалға айтып, батасын да алдым. Әттең, ол кісі кітапты көре алмай өмірден озды. Дегенмен өз дүниелері шыққан журналды бетіне басып, емірене иіскеп отырған бейнесі әлі күнге көз алдымда.
Жоғарыда айттым ғой, бұл тақырыпқа негізінен «Дәстүр» журналын ашқан соң келдім. Дәстүр – әрбір қазақтың қанымен келген, көз ашқалы санамыздың түпкірінде бірге жасап келе жатқан сезім. Оны біліп, білмей тұншықтыратындар көбейіп кетті ғой. Әсіресе, шекарамызды айқара ашып тастағанда жастар біз сияқты бойына қазақы рухты үйірген алдыңғы буынға қарап емес, басқа елдердің өміріне қарап бой түзей бастады. Енді ұрпағымыз кім болады, олар тәрбиені қайдан, қалай алып жүр? Бұл сұрақтар жатсам да, тұрсам да ойымнан шықпайды. Міне, осыларды сараптай, салмақтай отырып халықтың басты құралы, жоғарыда айтқанымдай, ғасырлар бойы халықтығымызды, елдігімізді ерекшелеп келген, яғни ең басты тақырып – «дәстүрге» келдім. Бұл – әрбір қазақтың, ары кеткенде – әрбір халықтың сақтауы керек басты міндеті. Тағы айта кететін бір нәрсе – жастардың бәріне топырақ шашуға болмайды. Өте алғыр, өте сауатты, өте талантты жастар өсіп келе жатыр. Тек бойларындағы осы үш түғырын дәстүрмен терең сабақтастырса деген ниет менікі.
Сонау 1997 жылы «Бесіктен бейітке дейін» деген өлеңдер жинағым «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Осы жинағыма ұлттық салт-дәстүр тақырыбында жазылған көптеген өлеңдерім енді. Бұл менің жиырма жасымнан бері жазып келе жатқан тақырыбым болатын.
Негізі, әрбір қадамымыз, әрбір ісіміз, ойлаған ойымыз салт-дәстүрден өрбиді ғой. Біз оны жете сезіп, мән бере бермесек те осылай екені даусыз ақиқат. Көп жылдар дайындалған – Мұстафа Шоқай жолымен атты жобам, нақтылап айтсам, Мұстафа Шоқайдың өмірі мен шығармашылығы да мені дәстүрге жақындата түсті. Жетеледі десем де артық айтқандық болмас. Өйткені Мұстафа Шоқайдың әрбір шығармасы, әрбір мақаласы қазақтың дәстүрінің төңірегінде, мақалаларында келтіретін мысалдары да осы төңіректе өрбиді. Ол қазақ шежіресінен бастап, ауыз әдебиеті, жаңылтпаштары, эпостық жырларының көбін жатқа білген. Әйгілі ғалым А.Диваев Мұстафа Шоқайдың айтуы бойынша қазақ халқының дәстүрі туралы көлемді еңбек жазған.
Қанағат, өзің де сезгендей, дәстүр – ақындыққа да, ғалымға да, қай мамандыққа да, ең бастысы, адам болып өмір сүру үшін де өзегің болып отыратын тақырып. Дәстүр – адаммен егіз ұғым десек те болар. Бұл тақырыптың ішіне бәрі, бәрі сыя береді.
Дәстүр өзіңе де сездірмей тәрбиелейді
– «Этнографпен әңгімеңіз» екі рет басылды емес пе? Екіншісі толықтырылған нұсқа ма? Әлде заңды жалғасы ма?
– Жоқ, жалғасы емес. Сұраныс көп болғаннан кейін мемлекеттік тапсырыспен, бірақ «Салты мықтының, халқы мықты» деген басқа атаумен қайта басылып шықты. «Кітаптың атын өзгерту керек», – деген талап қойды. Бұдан бөлек, «Этнографпен әңгіме» деген өз атауымен кітабымды халықтың сұрауы бойынша бірнеше рет қайта шығарып, тегін тараттым. Жағда Бабалықұлымен қазақтың арғы-бергі тарихы, мәдениеті, қолөнері, киім-кешегі мен тағамы, иті мен құсы, қазақтың жалпы болмысы туралы, жалпы салт-дәстүр тұрғысындағы сыр-сұхбаттан тұратын бұл кітабыма сұраныс көп болды, әлі де сұраушылар толастар емес. Жаңа айтқанымдай, бұл тақырып өмірге рухани азық қой. Онсыз, өзіміз сезе бермесек те, тынысымыз тарыла түседі. Егер сен шетелде бірнеше ай тұрып жатсаң, қазақтың әрбір дәстүрі, өмір сүру салты қатты қызықтыра бастайды. Яғни, өз болмысыңды сағына бастайсың деген сөз. Сол сияқты, рухани жаның іздеп тұратын тақырып бұл. Тек соны дер кезінде дөп басып сезіне білуіміз керек. Егер адамның рухани жаны тыныш болса – алға өрлемейтін ісің болмайды. Дәстүр – сені тәрбиелейді, ойыңды да бойыңды да түзейді. Бірақ өзіңе де сездірмей тәрбиелейді.
Қазір байқап жүрміз, дәстүрге қатысты қандай кітап шықса да кітап сөрелерінде шаң басып қалып жатқаны жоқ. Сұраныс өте жоғары. Жақсы бір үрдісті де соңғы уақытта байқап қалып жүрмін. Қазақ тойларында салт-дәстүрге қатысты кітаптарды сыйға тарту пайда бола бастапты. Тағы бір қуанғаным, қыздың жасауына осындай кітаптарды салу үрдісі. Бұл да там-тұмдап болса да ұлтқа қызмет етіп жатқан зиялыларымыздың жанкешті еңбектерінің арқасы деп білемін.
– Қазір дәстүрдің нағыз жоқтаушысы, жанашыры болып жүрсіз ғой. «Дәстүр: Кеше. Бүгін. Ертең» атты төрт томдық кітабыңыз осының бір дәлелі іспетті…
– Сырт көз солай баға берсе, еңбектің еленгені ғой. «Дәстүр: Кеше. Бүгін. Ертең» атты ғылыми-көпшілік төрт томдығым «Этнографпен әңгіменің» стилін сақтай отырып, Жағда Бабалықұлының 100 жылдық мерейтойына орай жарыққа шықты. Осы кітапты таныстыра жүріп, бір жылдың ішінде бүкіл облысты аралап шықтым. Төрт томдықта қазақ энографиясы мен тарихы, оқу-білім, мәдениет пен өнер, ұлттық қадір-қасиеттер мен тәлім-тәрбие, дін, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, жөн-жоралғылар, ырымдар мен тыйымдар туралы толымды әңгімелер қозғалып, жан-жақты сараланды. Сұхбат берген 88 ғұламаның бәрі көненің көзіндей болған қазыналы қарияларымыз еді. Бүгінгі күні Уахит Шәлекенов, Әбсаттар Дербісәлі, Өмірзақ Айтбаев, Әлімхан Жүнісбек, Сұлтан Сартаев, Сатыбалды Нарымбетов ағаларымыз мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Алла алдарынан жарылқасын.
Мұстафа Шоқайдың ұлттық идеясының негізінен қорқатындар аз емес
– Елге кеңінен мәлім болған, осындай сүбелі еңбек деп, «Мұстафа Шоқай жолымен» атты сапарнамалық, танымдық зерттеу кітабыңызды да айтуға болады. Көлемді тарихи-зерттеуді жазу үшін Мұстафа атамыз жүріп өткен жолды басып, ол кісі аялдаған әр мемлекетке ғана емес, шағын елдімекендерге дейін тоқтағаныңыз халыққа мәлім. Осы сапарға қысқаша шолу жасай кетсеңіз…
– Он жылдан астам жүріп өткен жолымды айтып та, жазып та келе жатырмын. Бірақ сұраған соң тағы да айта кетейін. Өйткені айтқанымның артықтығы болғанын көрмедім. Он жылда қаншама ұрпақ өсіп, ес біліп шықты. Солар үшін қайталау керек. Өзің білесің, Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған атамекені – Наршоқы өңірі, алғаш білім алған ордасы – Әліштің мектебі, үлкен сапарға аттанғанда өзі сөз сөйлеген Шиелі стансасы жайлы сөз қозғап, кемеңгердің ағайын-туыстарынан, өзін немесе қызметтес болған әріптестерін көрген адамдардан әңгіме-сұхбаттар алған алғашқы адам – мен болдым. Жандары жәннатта болсын, олардың көбі қазір өмірден озып кетті.
Одан кейінгі сапарым М.Шоқайдың білім алған және мемлекеттік істерге араласқан жері – Ташкент қаласы болды. Ташкенттегі Әлішер Науаи атындағы Орталық ұлттық кітапханасынан, Өзбекстан мемлекеттік мұрағатынан және Ташкент, Ферғана, Қоқан қалаларының мұражайларынан, сонымен қатар Өзбекстанның тарихшы ғалымдарының жеке мұрағаттарынан алынған құжаттардың бейнежазбалары мен түпнұсқалары көңіл аударарлық. Мәселен, 1917 жылдың 11 қарашасында Түркістан аймағының демократиялық ұжымдарының кезекті мәжілісінің хаттамасы табылды. Онда Мұстафа Шоқай төраға болып сайланады. 1894 жылы жарық көрген «Живая старина» журналының Мұстафа Шоқайдың жеке қолы қойылған данасы да табылды. 1922 жылы Мұстафа Шоқайдың Парижден Ташкенттегі досына жазған хатының тұпнұсқасы алынды.
Ташкент, Ферғана, Коқан қалалары мен Гаухана, Елеш, Құмбасты кышлақтарынан алынған аса құнды құжаттар, деректер, фотосуреттер алғаш рет «Мұстафа Шоқай жолымен» атты кітап пен фильм арқылы халыққа көрсетілді.
Келесі сапарым – Санкт-Петербург – Мұстафа Шоқайдың білім алған, Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясында жұмыс атқарған қаласы. Фильм мен кітапқа Мұстафа Шоқайдың студент кезінде жалдап тұрған пәтерлерін Петербургтің ескі картасы мен қазіргі картасын салыстыра отырып тапқан сол ескі бейнелер мен жазбалар енді. Бұл табылған мекенжайлар студент Мұстафа Шоқайдың оқу жарнасын төлеген түбіртектерінде анық көрсетілген екен. Сапардың ең басты жаңалығы – Мұстафа Шоқайға «Личность Петербурга» медалінің «Мұстафа Шоқай жолымен» бағдарламасының аясында, менің тікелей араласуыммен берілуі.
Санкт-Петербург қаласының Орталық мемлекеттік тарих мұрағатынан Мұстафа Шоқайдың жеке іс қағазы табылды. Онда Мұстафа Шоқайдың университет ректорына жазған өтініші, сынақ кітапшасы, студенттік билеті, «Санкт-Петербург қаласында тұруға болады» деген рұқсат қағазы, оқуға төлеген жарналарының түбіртектері және Мұстафа Шоқайдың «1917 жылдың естеліктерінен үзінділер» атты кітабының Токиода басылған нұсқасы алғаш рет көрсетілді. Аталмыш іс-қағазды менің алдымда бір-ақ адам алып қараған екен. Мен екінші адам болдым. Менен кейін ғана ғалымдар мен жалпы зерттеушілер ептеп бара бастады. Бұл менің о бастағы мақсат-міндетімнің орындалғаны деп білемін.
Тағы бір сапар Мұстафа Шоқайдың эмиграциялық өмірінің бастау алған жері – Кавказ өңірі болды. Баку, Тбилиси, Батуми қалаларына сапар шектік. Баку – Мұстафа Шоқайға қатысты тарихи қалалардың бірі. Аса ірі мемлекет қайраткерінің мұнда ұзақ тұрмағанымен, шетелде атқарылуға тиісті жұмыстарының негізгі жоспары Бакуде жасалғаны осы бағытта анықталды. Грузия – Мұстафа Шоқайдың Совет өкіметінен екі жыл бой тасаланған кездегі алғаш паналаған мемлекетінің бірі. Бұған қоса, азаттық жолындағы арманын жүзеге асыру бағытында біршама жұмыстар атқарған Түркияға осы Грузия арқылы жеткен болатын. Батуми порты – Мұстафа Шоқайды алғаш қарсы алып, шығарып салған тарихи қала. Сапардың құндылығы – экспедицияның халықаралық «Мир» телеарнасымен бірлесе отырып, жұмыс атқаруында.
М.Шоқай 1921 жылдың наурыз айында Стамбұлға келеді. Стамбұлда болған кезде жары Мария Шоқаймен баласындай болып, сегіз жыл бірге өмір сүрген және Түркістан легионының жетекшісі болған Уали Каюмханның көзін көрген, 92 жастағы Әлім Алмат ақсақалмен болған сұхбат кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Қазақ қариясы көптеген күмәнді жайттардың бетін ашты. Бұл кісі де қазір өмірден өтіп кетті.
Еуропа сапарында Мұстафа Шоқайдың өміріне қатысты құнды деректер, орыс эмигранттарының ұрпақтарынан алынған, бұрын еш жерде жарияланбаған фотосуреттер, ең бастысы – әр жылдары жалдап тұрған үйлерінің бейнетаспаға түсірілгендігі. Сонымен қатар түсіруші топ Францияның Ножан-Сюр-Марн, Шелль, Фонтенбло қалаларында да болып, Мұстафа Шоқайдың өміріне қатысты деректерді дәлел-дәйектерімен жазып алуға тырыстым. Берлин қаласында 1929 жылдан 1941 жылға дейін М.Шоқайдың басшылығымен шығып тұрған «Яш Түркістан» журналы редакциясының орны, атақты концлагерьлер қамтылды. Түркістандық тұтқындар отырған Простакан, Эбендорд, Пагеген, Дембица, Сувалки, Деба, Ярослау, Дебис, Лемберг, Компьен лагерьлері орналасқан жерлердің бүгінгі бейнесі фильмге қаз-қалпында түсірілді.
Мұстафа Шоқай жатқан атақты Виктория ауруханасының да бүгінгі тіршілігі мен аурухана ауласындағы ұлы күрескердің соңғы сапарға кетерде жатқан 21-ғимаратында орналасқан мәйітхана таспаланды. Мұстафа Шоқайдың зиратындағы зират күтуші түрік жігіті мынадай әңгіме айтып берді: «Қадір түнінен екі-үш күн бұрын Мұстафа Шоқайдың зиратының басынан өздігінен жанып тұрған шырақты көрдім. Бұл құбылыс үш күн бойы өзгерген жоқ. Мұстафа – шын мәнінде Тәңірдің сүйіктісіне айналған пенделерінің бірі. Оның ісінің ақтығы, әрекетінің дұрыстығы осыдан да аңғарылып тұрғандай. Әулиелік қасиеті бар екен», – деген еді. Сол жерде толқымаған жан қалмағаны әді күнге есімде. Толқыдым, көкірегімізді үлкен мақтаныш сезімі кернеді.
Сонымен сол сапарларымыздың нәтижесінде «Мұстафа Шоқай жолымен» деген тарихи-деректі, танымдық сапарнама кітабын жазып, мемлекеттік тапсырыспен жарыққа шығардым. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты төрт сериялы деректі фильм түсірдім.
– Бұл фильміңіз еліміздегі орта мектептерде тарих пәніне қосымша электрондық оқулық ретінде бағдарламаға енді. Бұл осы еңбектің бағаланғаны, өшкеніміздің жанғаны деуге әбден болады. Бірақ осы жеңістердің алдында, Өскеменде М.Шоқай төңірегінде дау туып, арты сотқа ұласқанын біреу білсе, біреу білмес. Осы жайт турасында да қысқаша баяндап берсеңіз…
– Дұрыс айтасың. Осы деректі фильм 2012-2013 оқу жылында тарих пәніне электронды қосымша оқулық болып енді. Еліміздің біраз орта білім мекемелері алды.
Ал алауыздық «Мұстафа Шоқай жолымен» деген тарихи-деректі, танымдық сапарнама кітабым шығып, «Мұстафа Шоқай жолымен» атты төрт сериялы деректі фильмім отандық телеэкрандардан көрсетіле бастағанда басталды ғой. Еліміздің барлық БАҚ құралдары: «Мұстафа Шоқайдың қайраткерлік болмысын, ұлан-ғайыр мұрасын, бүгінгі күнмен өзектесіп жатқан ой-тұжырымдарын зерттеу, насихаттау, ұлықтау – еліміздің тәуелсіздігін баянды етуге, жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге қызмет етеді», – деп жазып жатқан тұста, «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильмімнің, одан да бұрын Мұстафа Шоқайдың өлмес мұратының жанданып кетуінен қауіптенген, әлі де болса совет дәуірін көксейтіндер өздерінің қаралау материалдарын шығара бастағаны айдан-анық. Көрдіңіз бе, Мұстафа Шоқайдың өлмес ұлттық идеясының негізінен әлі де қорқатындар аз емес.
Өскемен қаласында «Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмімнің орысша нұсқасы көрсетілгеннен кейін «Flash» газетінің бас редакторы Денис Данилевский мен журналист Сергей Михеев мақала жариялап, Мұстафа Шоқайды: «Орта Азияның бола алмай қалған әміршісі, фашистік ұйымның басшысы, фашистердің құйыршығы», – деп ашынып жазған болатын. Мен, жоғарыда айтқанымдай, оларды Мұстафа Шоқай жайында теріс пікір таратты деп сотқа жүгіндім. Алайда Өскемен қалалық сотында «мақаладағы пікір авторға емес, кейіпкерге қатысты» деген шешім шығарып, сотта жеңіліске ұшырадым. Содан кейін менің арызым апелляциялық сотта және кассациялық сотта қаралып, жеңіп шықтым! Бұл «ұлттың жеңісі» болды.
Сайттарға шыққан Мұстафа Шоқайға қатысты материалдардың астына жазылған пікірлерді оқығанда тағы бір жігерлендім. Әрине, ақ пен қараның қатар жүретініндей қаралап үргендер де көп болды. Жанды ауыртатыны – көбіне осы тақырыпты зерттеп жүргендердің біразы елге ашық көрінбей отырып көрпені өздеріне тартқысы келіп, аналармен қосыла шапты. Біз жау жағадан алғанда бірге шаба алмаса да үндемей қалу мәдениетін әлі қалыптастыра алмай келеміз. Қоса шабалағандардың атын атап, түсін түстемесем де, есімдері бадырайып желіде тұрған соң бәрі сезеді деп ойлаймын.
Міне, осындай жалпы жазылған пікірлердің өзі 40 баспа табақтық материал болып жиналып тұр менде. Мұны болашақта өзім үшін, ер басына күн туғанда қара халықтың қалың ойы мен құзырлы орындардың үнсіздігін ешуақытта ұмытпау үшін қаттармын деп ойлап отырмын.
Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін Мұстафа Шоқайға үздіксіз түрлі шабуылдар жасалып жатыр. Мен соттасып, сотта жеңіп шыққаннан кейін де жала жабу жалғасып келеді. Егер Мұстафа Шоқайдың атына қатысты қисынсыз әңгімелер шығып қалса, бұл күндері оларды бәрі тек маған жіберіп жатады. Өзін сол руданбыз, сол елдің қамын ойлап жүрміз деген талай атпал азамат жеме-жемге келгенде, нағыз қызу майдандарда үнсіз қалды. Ал менің табиғатым оған жібермейді, мен қашанда жеңілгендер жағындамын, «қашанда қолыма алған ісімді соңына дейін алып шығамын» деп өзіме өзім серт бергенмін. Ең бастысы, Мұстафа Шоқайдай арысымыздың атына дақ түсіру бәрімізге де үлкен сын деп білемін.
– Сонда Мұстафа атамыздың артында ешкім қалмағаны ма?
– Туған інісі Нұртазаның Мадияр деген ұлы, Мәдина, Нәмина деген қыздары болған. Өскеменнің соты мені соттан шеттеткенде Нәмина апа мен Шоқаймен бірге туатын Қалымбеттің Болатынан сенімхат алып сотқа қайта қатысқанмын. Бұл жайлы кезінде таратып айтқанмын. Жақында Ерғалиев Даниярдың қызы, Қызылордада тұратын Раиса хабарласты. «Мені өзіңіз жақсы білесіз, Сыздықтың туған шөбересімін. Біздің аталарымыз қудаланғандықтан тектеріміз өзгертіліп жазылғанын сізге кезінде ашып айтқанбыз. Қайбір жылы әкемнің көзі тірісінде ауылға келіп, бәрін таспаға жазып алдыңыз. Соныңызға Мұстафа Шоқайдың туыстары біз дән ризамыз. Айтпағым: мен қазір өзімнің Мұстафа Шоқайдың өте жақын туысы екенімді дәлелдей алмай жүрмін. Қаншама жыл сабылып жүріп Сыздықтың шөбересі екенімді дәлелдедім. Сыздық, Мұстафа, Нұртаза үшеуі – Шоқайдың ұлдары. Алла жазса, оны да дәлелдермін деп ойлаймын. Ендігі айтпағым, жақында маған Жағыпар Зермұхамедовтың қызы – Айсұлу Зермұхамедова келді. Нұр-Сұлтан қаласында бір мектептің екінші қабатынан М.Шоқайдың музейіне деп зал бөлінген екен. «Сол музейге қоятын Мұстафаға қатысты заттар болса өткізесіздер ме?» – деп өтініш жасады. Мен ойланбастан тек қана сізбен хабарласуларын, тек сізбен ғана ақылдасуларын өтіндім. Өйткені қазір біздің тарихты бұрмалап, өздеріне ыңғайлап жүрген «туыстары» көбейіп барады. Біз кешегі әкеміздің көзін көрген, сөзіңізді ісіңізбен дәлелдей алған Сізге ғана сенеміз», – деген еді Раиса қарындасымыз. Бұл – бір ғана мысал.
Айтпақшы, жуырда Әбдіжәлел Бәкір ағамыз хабарласып, Тбилисиге бара жатқанын айтқан еді. Мен оларға кітабымда М.Шоқайдың болған мекемесі, тұрған үйлері суреттеліп жазылғанын баяндағам. Ал күні кеше ғана сол топпен бірге кеткен Қызылорда университетінің профессоры Ғани Тұяқбаев Тбилисиден маған хабарласты. «Мұстафа Шоқай екі жыл тұрған Тбилисидегі Грибоедов көшесінде жүрміз, бірақ сіздің кітабыңызда жазылған 23-үйді таба алар емеспіз», – дейді. Мен Ғаниға үйдің қай жерде орналасқаны туралы Алматыда отырып тәшпіштеп түсіндірдім. Олар Мұстафа Шоқай екі жыл тұрған Тибилисидегі Грибоедов көшесіндегі 23-үйді мен арқылы тапты. Міне, осындай сұрақтармен бүгінгі күнге дейін хабарласатындар аз емес. Ең бастысы, менің жасаған экспедициям танымдық-сапарнамалық, тарихи кітап болып халықтың қолына жетті. Онда өзім жүріп өткен картадан бастап өзім тапқан, Мұстафа Шоқай болған жерлер мен мекен-жайлардың бәрі анық көрсетілген. «…Қанша уақыттан соң екені маған дәл осы сәтте белгісіз, бірақ әйтеуір бір сәтті күні біз жүріп өткен осынау қасиетті де қасіретті ұлы жолмен тағы бір экспедиция сапарға шығары хақ. Ол экспедиция біздікіндей емес, үкіметі жан-жақты қолдаған, асай-мүсейі түгел, түсіру техникасы өз заманына сай, қаражаты жеткілікті мамандары түгел болады деген ішкі өз болжамыма шын сенгім келеді. Ал бұл еңбектің сол сапарға шығатын үлкен-кішіге азды-көпті себі тиіп, кәдеге жарайтыны анық. Иә, Алла менің бұл тілегімді қабыл еткей», – деп жазған болатынмын «Мұстафа Шоқай жолымен» атты кітабымда. Солай болып та жатыр.
Айтыс-тартыс кемі он жыл өмірімді алып кетті
– Сіз өткен жолы: «Экспедициядан кейінгі өмір» деген кітап әзірлеп жатырмын», – деп айтып қалдыңыз. Соған толығырақ тоқталыңызшы.
– Ол рас, «Экспедициядан кейінгі өмір» атты кітабым биыл жарық көргелі жатыр. Ол кітапта М.Шоқайға қатысты Өскеменде өткен сот процесі, содан кейінгі шығармашылық өмір жолым жайлы баяндалады. «Экспедициядан кейінгі өмірде» ғұмыр парақшама өшпестей жазылып қалған жанайқайыммен бірге, жазбалар мен сұхбаттар, құжаттар қатар өрбиді.
Бүгінгі күні өмірімізді әлеуметтік желісіз елестету еш мүмкін болмай қалды. Барлық органдар да желідегі айтылған, жазылған пікірлермен санасатын болған соң, сол кезде мені соттасу арқылы ақтаған, қаралаған біраз жазбаларды өзгертусіз беремін деп шештім. БАҚ-та жазылған мақалалар мен сұхбаттардың бірізділігін сақтай отырып бердім. Мұстафа Шоқайды қаралаған мақалалар мен оның астында жазылған жөнсіз сөздердің, пікірлердің де кейбірін екшеп беріп отырмын.
Жоғарыда айтқанымдай, «Экспедициядан кейінгі өмір» деп кітабымның атын ғана атағаныммен, шын мәнінде, өмірімнің арнасы да толық өзгерді десем болады. Негізгі шығармашылығым – поэзия, өлең жазу екенін білесің. Экпедиция барысында «Шерлі Түркістан», «Алашорда аманаты» деген салмағы да, мағынасы да, мәні де, көлемі де үлкен дастандар, топтама өлеңдер жаздым. Бірақ өлең жинақтарымды шығаруға мұршам болмай кетті. Фильмді шығару, сапарнамалық, этнографиялық кітаптарымды шығару, одан соттасу, айтыс-тартыс кемі он жыл өмірімді алып кетті. Әрине, оған өкіне қоймаймын. Бір-ақ өкініш – 8 жылдан бері оқырмандарыма өлең жинағымды ұсынбаппын. Мұршам болмады.
Әр қалада, әр ауданда бір-бір Ер Төстік өсуі керек
– Сіз биыл Мұстафа Шоқай туралы және «Ер Төстік» атты пьесалар жаздыңыз. Пьесаға баруыңызға не себеп болды?
– Мұстафа Шоқай туралы пьеса жазу себебім, оның ғазиз есімін театр арқылы насихаттау керегін түсіндім. Мұстафа Шоқайдың өмірі бір пьесаға, бір кітапқа, бір дастанға сыймайды. Сондықтан ол туралы төрт пьеса жазуға мәжбүр болдым. Пьесаның өз заңдылықтары бар. Менің алдымда, ең бірінші Мұстафа Шоқайдың аяулы есімін ақтап алу міндеті тұр. Кітап оқымайтын заманда шырылдаған шындықты сахна арқылы көрсетіп, жас ұрпақтың санасына әсер еткім келді. «Мұстафа Шоқай» 1 бөлімді, 7 көріністі тарихи поэтикалық драмамда М.Шоқайдың саяси-қайраткерлік өмірін өлеңмен, поэтикалық тілмен жаздым. «Мұстафа Шоқай» деп аталатын 1 бөлімді, 7 көріністі келесі тарихи драмамда М.Шоқайдың шетелдегі саяси-күрескерлік өмірін драмалық тартыс үстінде көрсеттім. Пьесаның басты мақсаты бүгінгі ұрпаққа Мұстафа Шоқайдың түркі халықтарының бірлігі туралы мәңгі өлмейтін идеясын насихаттау, саяси қайраткердің арпалыспен өткен өмір белестерін суреттей отырып, рухани кемелдігін, жан-дүниесіндегі арпалыстарды ашу болды. Одан кейінгі, «Менің Мұстафам» атты тарихи монодрамам Мұстафаның асыл жары Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» деп аталатын естелігінің желісі бойынша жазылды. Аталмыш монодрама М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры жариялаған «Монодрама» байқауынан «Үздік тарихи монодрама» (2021 жыл) номинациясын жеңіп алды. Пьесада Мария сүйген жары Мұстафамен кездескен сәтінен бастап, екеуінің көптеген қиыншылықтарды бастан өткізгенін күнделік жазып отырып есіне алады. Монодрама Марияның көзімен Мұстафа Шоқайға шынайы баға берілетіндігімен құнды. Аталмыш пьеса таяу күндері театр сахнасына шығады деп күтіп отырмыз.
Ал қазақтың «Ер Төстік» ертегісінің желісімен қуыршақ театрына арналып жазылған 1 бөлімді 3 көріністі «Ер Төстік» поэтикалық драмасының негізгі идеясы – туған жерге, досқа деген адалдықты көрсету. Бүгінгі интернет әлемі мен нарық жағадан алған заманда балаларды ұлттық рухта тәрбиелеуде «Ер Төстіктей» қиял-ғажайып ертегісінің маңызы ерекше екені дау тудырмайды. Сондықтан да ұлттық кодымызды балалар бойына дарытуда аталмыш пьесаның рөлі зор. Әр ауылда, әр ауданда, әр қалада бір-бір Ер Төстік өсуі керек. Шілде айында Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қуыршақ театрында бұл пьесаның премьерасы өтті. Қазіргі кезде театр репертуарынан орын алып, кішкентай көрермендерге көрсетіліп жатыр.
– Өткенде әлеуметтік желідегі жеке парақшаңыздан көпшілікке беймәлім біраз дүниеге қанықтық. Сәті түсіп тұрғанда сол әңгімеге де оралып, толықтыра түссек… «Соңымнан өсек сөз, жала көп ілесті», – депсіз. Мұның себебі неде?
– Өмірде айтуға тұрмайтын жайлар аз емес. Дегенмен соңғы жылдары мен жайлы түрлі қауесет таратып, әсіресе кейінгі толқынның санасын улап, көзқарастарын түбегейлі өзгерткісі келгендер пайда болды. Сездім. Осындай ауыр, түрлі жағдайлар басымнан өтіп жатты. Айдалада жалғыз қалғандай күй кешкен ауыр күндер басымнан өтті. Артымнан түрлі сөз борап жатты. Өмірімнің сондай қиын кезінде өзім жақсы араласып жүрген ақын Қадыр Мырза-Әліге жүгіндім. «Не жазығым бар, аға, мыналар неге мені жазықсыз ғайбаттайды? Неге мені шеттетеді, барар жер, басар тауым қалмады», – деп мұң шақтым. Сонда Қадыр аға ұзақ ойланып отырып: «Сенің ең үлкен кінәң – нашар өлең жаза алмайтының, ешкімнің алдына бірдеңе сұрап бармайтының. Сондықтан сені бұл тығырықтан тек адал еңбек қана алып шығады. Күндіз-түні еңбек ет. Бұдан басқа жол жоқ. Сонда бәрін түбі жеңесің. Теріс айналғандар өздері іздеп келетін болады. Талай ағаларыңды білесің, ішіп не «сынып» кетті. Сен оларды қайталама», – деп мені қайрады. Мен сол күннен бастап бәріне қолымды бір сілтеп, екі жеңімді түріп, күреске кірістім. Күні бүгінге дейін өзгені қойып, өзіммен өзім күресіп келем. Иә, қазір ойлап отырсам, оқушы кезімде жазған ең алғашқы мақаламнан бастап, күні бүгінге дейінгі өмірім күреспен өтіп келеді екен. Ештеңе оңайлықпен келмейді.
– Мынау мен естімеген әңгіме екен. Оқушы кезіңізде не «бүлдіріп» едіңіз?
– Бабайқорғанға қарайтын Үлгілі мектебінің 6 сынып оқушысы кезімде бұрынғы Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» газетіне «Ар жақтағы айқай» деген алғашқы мақалам шықты. Сол мақаланың арты үлкен дауға ұласқан еді. Қазіргі Сауран ауданына қарасты Бабайқорған мен Үлгілінің ортасындағы көпірді таудың суы жұлып әкетіп, екі ауылдың екі жақта шулап қалғанын жазғанмын. Партияның қатал кезі, менің сол шағын мақаламның арқасында екі ауылдың ортасына үлкен көпір салынды. Қазірге дейін ол көпірді құрдастарым «Қасым көпір» деп атап, қылжақтайды. Менің елге жақсылық жасағым келген балалық ниетім сол көпірден басталған.
– Бұдан кейін де атқарған істеріңіз аз емес қой. Осындай игі шаралардың сүбелілеріне аялдай кетсек…
– Ауыз толтырып айтар шаруамның бірі – Саттар Ерубаевты қайта жерлеуді ұйымдастырдым. Бұл істі 1970-жылдары Жазушылар одағының хатшысы, жазушы Қалаубек Тұрсынқұловқа Сәбит Мұқанов аманаттаған екен. Сәбеңнің Қалаубек ағамызға: «Қалаубек, сен оңтүстіктенсің ғой. Осы Саттардың туыстары бар ма екен? Райымбек даңғылындағы ескі бейітке кезінде Мариямның шешесін, менің қайын енемді жерлеген едік. Кейін мола сүріліп, автовокзал салынатын болған соң, біз шешемізді қайта жерледік. Саттардың зираты сол автовокзалдың астында қалып қойды. Обал болды. Есіңде жүрсінші», – деп тапсырыпты. Зейнолла Қабдолов пен Қалаубек Тұрсынқұлов бұл істі маған тапсырды. Мен – Саттар Ерубаевпен аталаспын, жақын туыспын. Қазақы жол бойынша қыз алыспайтын інісімін. Қалаубек көкем соны біліп арнайы тапсырды.
Содан ешкімнен жылу жинамастан, үш жыл дайындалып, өз қаржыма Саттар Ерубаевты қайта жерлеуді қолға алдым. Орталық мешіттің имамдарымен ақылдаса отырып, барлық діни рәсімдерді сақтап, қайта жерледік. Ғафу Қайырбеков бастаған жүзге жуық ақын-жазушы, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Алматыда ас бердім. Бұл іс-шараны ұйымдастыру барысында белгілі жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың маған көрсеткен көмегін жоғары бағалаймын. Академик Тұрсынбек Кәкішевке арнайы өтініш жасап, қаламақысын төлеп, ерте кеткен жазушының бүкіл шығармаларын ғылыми сұрыптаттым. Тұрсынбек ағамыз дайындаған сол кітапты «Жазушы» баспасынан кезінде 20 мың тиражбен жарыққа шығуына мұрындық болдым. С.Ерубаевтың Түркістанда өткен мерейтойына 40-қа жуық ақын-жазушының барып-келу шығынын көтердім.
Осы жылдар ішінде Түркістан қаласындағы қазіргі Саттар Ерубаев музейін өз қолыммен аштым. Қазіргі музей үйі ол кезде есік-терезесі жоқ, аңғал-саңғал ескі ғимарат болатын. Сол кездегі қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұридин Балқияевке өтініш жасап, демеуші тауып, күрделі жөндеуден өткізіп «Саттар Ерубаев» музейін заңды толық тіркеуден өткіздім.
– Сауапты іс жасаған екенсіз. Өзіңізбен талай сапарлас болдым ғой. Сонда атақты тайқазанға қатысты да біраз әңгіме айтып едіңіз…
– А, иә, тайқазанды Түркістанға қайтару туралы жазбаша түрде Н.Балқияевке түркістандық зиялы қауым өкілдері атынан ұсыныс хат жаздық. Бұл талай жылдардан бері көтеріліп жүргенмен шешімін таппаған өте күрделі мәселе болатын. Сол тұста жергілікті қаламгерлер, ел ағалары бірінші хатшыға көптеген мәселелерді шешу туралы ұсыныстарды көп жағдайда біздің мәдениет бөлімі арқылы беріп жататын. Сондай ұсыныстарды сараптай келе, ең басты мәселе – Тайқазанды қалайда елге қайтару керек екендігіне тоқталдық. Сөйтіп қалабасының шешімімен Тайқазанды Түркістанға тұтас команда болып қайтардық. Сол жұдырықтай жұмылған ұжымның ішінде болғанымды мақтаныш етемін. Тайқазанды «күтіп алу», орнына орналастыру сияқты шараға «кімдерді қонаққа шақырамыз?» – дегенде, мәдениет бөлімінің басшысы ретінде Зейнолла Қабдоловты Сәуле апаймен бірге Түркістанға шақырдым. Ол кісілерді өзім күтіп алдым. Осылайша академиктің ақ батасымен Тайқазанды орнына қойдық.
Ақыры мақтандым ғой, (бір күліп алды) Жазушылар одағына кірген кезде сол жақтағы қабырғада тұрған репрессияға ұшыраған ақын-жазушылардың ескерткішін сол тұстағы Жазушылар одағының бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбайдың өтінішімен өз қаржыма мен қойған едім. Бұл ақпарат еш жерде айтылған емес.
– Таяуда алпыстың үшеуіне толдыңыз. Көңілге не түйдіңіз, өзіңізден кейінгіге не айтасыз?
– Абай жарықтық: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман…» – деп өлең жазғанда қырықтың үстінде екен. Мен ғой, бұйыртса, 63-ке келіп отырмын. Қазақ «Пайғамбар жасы» деп қадірлейтін жас. Осы күнге жеткізген Аллаға мың шүкір айтам. Бір сөзбен айтқанда, кез-келген қиындыққа қарсы тұратындай жігер, үлкен сабыр, терең білім керек екен.
Ал жастарға айтарым, түбі сіздерде бәрі де болады. Ол үшін тынымсыз еңбек ету керек. Уақыт жылдам өтеді екен. Отбасыға, әулетке ғана емес, ұлтқа адал еңбек етіңіздер. Алдарыңызда сан тарау жол жатыр. Ақындықты адамдықтан жоғары қоюға болмайды. Себебі мен үшін ол мейлі кім болса да, қазақтан үлкен емес.
Баса айтарым, көреалмаушылықтан, біріңді бірің күндеуден, біріңнің артыңнан бірің сөз ертуден сақ болыңдар. Ол ешкімге опа бермейді. Сосын, шығармашылық адамы тек шығармашылығымен ғана айналысуы керек деген түсініктен арылу керек. Егер тапқаның бала-шағаңа жетпей жатса, оларды қамтамасыз ете алмасаң, қайдағы шығармашылық? Сондықтан кез келген қалам ұстаған жанның бір кәсібі, ол қолынан келмесе, тұрақты жұмысы болуы тиіс. Баяғы ағаларымыздан қалған еркелікті, түрлі аңызды қазіргі қоғам көтермейді. Қазір қолы қимылдағанның ғана аузы қимылдайды. Кемел дүние жазу үшін де төрт дүниең түгел болмаса да, ешкімге жалтақтамайтын жағдайың болуы қажет.
– Сұхбатыңызға көп рақмет! Жаңа жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР