Сөз өнерінің Кеңес кезіндегі теориясы
немесе бізде қандай шығарма оқылады?
Өзінің шын ақын, я жазушы екеніне өмір бойы күмәнданып өткендер аз емес. Мүлде күмәнданбайтындардың да көп болғанын сарғайған тарих беттері айтып берген. Осы екіұдай сезімнің арасында әре-сәре күй кешкен шын таланттардың түйсігі жазудан адастырған емес. Бірақ жазып жүріп адасатындардың, бір сәтке де өзі туралы ойланбайтындардың, «талантына» күдіктенбейтін жазғыштардың тағдыры аянышты. Ғұмыр бойы жазып жүріп, түк қалдырмайтын пенделердің ішкі өлшемдері қатты бұзылғанын айтып та жеткізе алмайсың. Қай кезде де ақын-жазушы атын малданып, өмір сүргендер атаққа қол жеткізгендерімен, оқырман алдында беделге ие бола алмапты.
Чехов заманында ол сияқты жазатындар тегі көбейіп кеткенге ұқсайды. Тіпті, авторын көрсетпей әңгімесін оқығанда, Антон Павловичтің қолтаңбасынан айнымайды екен. Бірақ уақыт эпигондардың тағдыры тым қысқа екендігін дәлелдеген жоқ па?! Бүгін бірінен-бірі айнымайтын ақын-жазушы көп. Өздерінің түпнұсқа, әлде эпигон екендігін білмеуі де олардың әдебиеттегі қасіреті шығар…
Алмас НҮСІП: Андре Моруа «Өмір сүру ілімі туралы жас жігітке ашық хатында»: «Сізді адам өлу үшін жаралған деп иландырды ма, енді сізді осы ой өмір бойы жегідей жейді. …Адамдар қай кезде де құрып кетудің аз-ақ алдында өмір сүрген, алайда, бұл олардың еңбекте-
нуіне, сүюіне, әлденені жасауына кедергі келтірмеген. Неге солардың ізімен жүрмеске? …Жүрегіңізге сенім ұялатуға кім кедергі?» – дейтін. Осыған орай әдебиеттің бүгінгі хал-ахуалының төмендігі жайлы таусыла сөйлейтін «буынды улаған күйреуік сезімдерге» ұрындырмау тұрғысынан тағы қаншама кеңес береді.Әлгі «күйреуік сезімдер» әлдекімдердің өз кемшілігін, жалқаулығын жасыру үшін ойдан шығарып алған ақталу әрекеті ғана екенін айтады…
Әдебиет енді бір аттаса көрге құлап түсердей таусыла сөйлейтін әдет бір бүгін емес, әлмисақтан айтылып келе жатқан гөй-гөй екен ғой анығында.Алайда, санамызға мықтап бекінген өлім аузындағы әдебиеттің бізге бірдеңе беруге қауқарсыз, аянышты кейпі жауапкершілікті жеңілдетіп жібергендей әсер қалдырады. «Армысыздар, сөз қасиетін өз қасиетінен жоғары қоятын, құдіретті қара сөзге қара терін сығып қызмет етіп жүрген қауым!» – деп сөз бастайтын аңғал «бала-шаға» болмаса, әдеби ортаны құрайтын былайғы жұрт ертеңге сенім мәселесінде тым күйрек. Әрқайсысы бір-бір «Могикандардың соңғы тұяғындай» таусыла сөйлегенмен, елең еткізер ештеңе жаза алған жоқ.Былтыр да солай болған, биыл да сол… Алыптарды бір-бірлеп тарихтың қойнына берген қаралы күндерді санамасақ, жаңарып басылған ескі кітаптарды парақтамасақ, бірлі-жарым «былай… жақсы екен» дегізген әңгіме, өлеңдер әдеби өмірдің жылыстап өте шыққан бір жылын шолып шығуға татымайтындай көріне береді…
«Көрер жарығы есептеулі, күні бітуге таяу» біздің әдебиет сүйегіне сүйеніп тағы бір жылды аттап барады…
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ: Орхан Памук «Менің атым Қызылында» бір «қайғылы әрі күлкілі» аңызды еске салады. Әмір Темірдің заманында өлім мен өмірдің мағынасын іздеген бір әпенделеу адам майдан даласына барып, ауыр жарақаттан ажал аузында жатқан жауынгерлерді сілкілеп, адам жаны кеудеден ұшқан соң қандай күйде болатынын білмек боп әлекке түсіпті. Темірдің әскері оны жау екен деп, алдаспанмен денесін екіге бөліп түсірген екен. Сонда әлгі ақымақ пенденің рухы «адам өлгесін екіге бөлінеді екен ғой» деп ойлапты деседі. Кейде ми жұмыс істемей қалады дегендей, әдебиеттің мәні туралы да осылай шолақ ойлайтынымыз бар. Бір жағдайға тура келе қалсақ, болмаса, әдебиет туралы ізденген адам болып жүріп, өзіміздің тапқан дүниемізді «е, солай болу керек екен ғой» деп дереу тұжырым жасап, әдеби үрдістегі ахуалға жедел пәтуа шығаратын кезіміз де аз болмайды ғой. Жауынгердің қатыгез қылышы сияқты өмірдің қаталдығына маңдайымыз тигенде де оны өмірдің өзі деп қабылдамай, одан әлдебір астар іздеп кететін «философтық» әдетіміз де бізді көп адастырады. Ешкім осы бір адасудан кенде емес тәрізді…
Сен айтып отырған ойдан шығарып алған дүниелер тек ақталу ғана емес, қаламгерлердің кәдімгі постулаттарына айналған екен. «Ақындар мен жазушылар бір миссия орындау үшін келген» деген лозунгтері де қаламгерлердің ауруы. Кейбірі осы сөзге анық сеніп, «адам тәрбиелеумен» айналысып жүрсе, кейбірі қоғамның таңып қойған пікіріне қарсы шығудан қорқып, осы сөзден шыға алмай жүреді. Тек ақын мен жазушы ғана ма екен бұл өмірге тектен-тек келмеген? Әр адам – сафи ұрпағы бір міндетті орындау үшін ғұмыр кешпей ме екен?!.
Сол бір ойларындағы «миссияны» орындау үшін жанталасып, бір қалыптан шыға алмай жүреді. Мораль мен арылудан әдебиеттің құтылған кезі сирек болса керек. Адамзатқа деген қаламгерлердің осы бір «ауру махаббаттары» қаламгерлердің өзін стереотиппен өмір сүргізіп келеді. Сонда олар өздерін не үшін жазамыз деп ойлайды. Ұрпақты тәрбиелеу үшін бе?
Жалпы, осы жазудың мәнін «миссиям бар» деп жасанды емес, шынайы айтқан жазушылар әлем әдебиеті тарихында аз емес. Бірақ бір уақыт кезеңінде айтқандар да көп емес. Сәтсіз махаббат хикаясынан кейін Гете өзіне қол жұмсамақ болыпты. «Осы бір жаман ой мен көңілсіздіктен құтылып, өмір сүрейін деп шештім. Бірақ тыныш өмір сүру үшін, өмірімдегі сол маңызды кезеңде тартқан азабым, шеккен қайғы-мұңым, сезімім, арманым тоғысқан шығарма жазуым керек болды» депті. Осылай «Жас Вертердің азабы» туды. Ал итальян жазушысы Пиранделло болса: «мен өмірден азат болу үшін жазам» деп ағынан жарылады. Яғни өз қиялынша өмір сүргісі келеді. Жазушылар тағдырымен қоса, өмірінде қолы жетпей қалған армандарын да жазады. Кейіпкерлері арқылы сол армандарының бәріне қол жеткізеді. «Мен өмірімде қолым жетпей қалған дүниелерге шығармашылығымда жомарт болдым» дейтін сөз, тегінде рас болса керек. Ал біз болсақ, жасандылау жауап береміз. Тарихты толықтырамыз дейміз. Сол миссияны орындадық дейміз. Әдебиет деген шындық болса, жазудың мәнін айтуда шынайылықты талап етпей ме.
Алмас НҮСІП: Өзін «белгілі бір миссияны орындап жүрмін» деп есептейтіндер көз алдыма былайғы жұрттың алдында міндетсініп, ақсақалсып бітетін әдебиеттен гөрі өзін киелі санайтын кейбір аталарымды әкеледі. Олар не айтып, не жазса да қабылдануға тиіс. Айталық, әлдебір жиында көзін көрген замандасы жайлы (ертеректе дүниеден өтіп кеткен) сөз айтыңыз деп мінберге шақырады. Әлгі атаң табандап тұрып сағаттан аса сөйлейді. Өзге жұрт ештеңе білмейді, арғы-бергі замандарға «шолу жасап», кейбір «тарихи оқиғаларды» тәптіштеп түсіндіріп, лекция оқиды. «Ол заманда адамдар бір-біріне хат жазатын. Ал хат жазу деген – ойыңды, сәлеміңді қағазға түсіріп, екінші біреуге почтамен жолдау деген сөз. Почтаның не екенін өздерің де білесің, қазір де бар».Лекция осындай «аса маңызды» анықтамалармен созыла береді. Әлбетте, жұрттан асып туған соң «бәрін білуге», болымсыз нәрсенің өзін тәптіштеп түсіндіруге мәжбүр. Оның аузынан не шықса да қарапайым пенделер үшін маңызды саналады. Басынан өткен ғажайыпқа толы өмір жолын айта келіп, бұрынырақта жазған әлдебір кітабына сілтеме жасап бір тоқтайды. Иә, қалғанын сол жерден оқып алыңдар! Уақытқа байланысты атамның қысқа сөйлегісі келіп тұр. Ал бүгін бәлен жылдығы өтіп жатқан Ағекеңе келер болсақ, ол – сөз жоқ, қазақ әдебиетіне шамасы келгенше өзіндік үлес қосқан қарымды қаламгер. Шығармашылығын насихаттау келер ұрпақтың еншісінде. Ұмытып барады екенбіз, оның негізгі деген кітаптары әлгі атамыздың қолынан өткен, шамасы келгенше жақсы шығуына ат салысқан. Ағекең туралы тағы да айта түсуге болар-ақ еді, уақыт тарлау.
О баста кіріп-шығып жатқан адамдардың күбір-сыбырына толып, берекесі кете бастаған залды қалай байқамайды екен деп таңданушы едік, қазір етіміз үйренді. Олар өзінен басқа ешкімді көрмейді екен…
Жыл өткен сайын осындай мінездер үйреншікті, әдеби өмірдің бір қыры сияқты сезілетін болып барады маған…
Жаңағы «бәрін білуге мәжбүрлік» оларды өтірік айтуға жетелейді кейде. Бүкіл қазақ (ештеңе білмейтін) аузына қарап отырғасын, әйтеуір бірдеңе айту керек – қай тақырыпқа да бөгелмейді. Бұл ауру біздің қатарымызға да жұққан. Алда-жалда шет елге шыға қалса, арттағы ел соның хабарын күтіп, «өзің ғана біле бермей бізге де берсеңші» деп аузын ашып отырғанын ойлап, болымсыз жазбаларымен, өзі қонған әрбір төбенің тарихын айтып (интернеттен алып), әлеуметтік желіні шаңдатып бағады. Келгесін де қарап жатпай, мақала жазады, сұхбат ұйымдастырады. Басқа қайтсін, қалай да қазақтың көзін ашу керек. Білдей ақын (жазушы, журналист) болғасын, ол барып келген ауылдың әдеби ахуалын сұрайды біздің ағайын. «Енді… жан-жақты дамыған ел ғой, әдебиеті де мықты болуы керек…».
Осындай тыраштыққа жеткізген «ерекше болмыс» бізді қарапайымдылықтан, өмірден алыстатып бара жатқандай. Жеке көркем шығармашылығынан өзі туралы берген сұхбаты көбірек бір ағам бұл тірлігін: «Заманға бейімделу, әдебиетті насихаттау» деп түсіндірді. Заманға бейімделу анығында осы ма еді?..
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ: Ол да «ойлап табылған қулық» шығар. Адамзаттың игілігіне жараған кез келген інжу-маржан ақыл-парасатпен, даналықпен ойлап табылады. Ал әлгіндей қулықтардың табылу жолы мүлде басқа. Оқырман біздің «ойлап табуға» байланысты уәжімізді дұрыс түсінсе екен.
Заманға бейімделудің бір теориясы жоқ болар. Әркімнің тағдыр жолына, тәлейіне байланысты дүние. Адамның заманға бейімделуі биологиялық үрдіс сияқты әр келген жаңалықты тез қабылдап, өмірлік тәжірибемен, күнделікті тіршілік әдетімен қалыптасып отыратын болуы керек. Тура сол сәтте білінбей өзгеретін өмірдің баяу ағысы.
Жаңағы айтқан заманға бейімделу деген – ескірмеу ғой сонда. Жазушылар өздерінің ескіріп қалуынан гөрі шығармаларының ескіруінен қорқу керек сияқты. Қай кезде жазылса да, қай ғасырдың кеңістігіне өтсе де, «бейімделіп» отыратын, ешқашан ескірмейтін шығарма жазудан қиын, әрі одан асқан бақыт жоқ қой қаламгер үшін. Оның да ешқандай теориясы жоқ. «Бақытқа жетудің формуласы» деп жазылып жатқан дүниелердің сайттардан оқылымын қарасаңыз, неше мың қаралым. Бірақ солардың бәрі бақытқа жете қоймайтыны анық. Осы сияқты өмірлік дүниелердің формуласы тас-талқан болып жатқанда, әдебиетке де бір қасаң қағиданың сөзі жүреді деп ойламаймыз. Мәселен, кеңес үкіметі кезінде жазылған шығармалардың дені ұран мен кеңестік «формуланың» қалыбында жазылды. Соның саясатын, науқанын насихаттаған шығармалардың бүгін қайсысы қажетімізге жарап жатыр?.. Солардың кейбір оқылмайтындары қайта басылып жатады. Соларды айналымға кіргізу керек пе? Айналымға дегенде қайта басып, мектеп, университет бағдарламаларына енгізу қаншалықты қажет? Ал болашақта бүгінгі жазушыларды тура осылай сөз етіп отырып, келер ұрпақ: «осыларды оқу бізге қажет пе?» деген сұрақ қойса, араларынан кімдерді қажет деп табар еді. Сол ағаңыз айтпақшы, заманға бейімделгенін – ескірмегенін. Бірақ ол кезде жазушының өзін емес, шығармасын сарапқа салатын болады.
Достоевский 1849 жылдан он жыл ештеңе жазбапты. «Бедные людиге» айтқан Белинскийдің даңқты сөзінен кейін, «Униженные и оскорбленные» романына дейін ештеңе жазбаған жазушыны сол он жылдың ішінде мазақ қылмаған адам аз емес. Добролюбов: «Оның аты осы романы шыққанға дейін сирек аталды. Оны мазақ қылу үшін, алғашқы повесі үшін Белинский мен Гогольдің соншалықты қуанғандары осы ма дегендей келеке сөздер айтылды», – дейді. Алғаш «Бедные люди» шыққанда Соллогуб, Луганский, Гончаровтың аттары да шықпаған, Тургенев бірді-екілі әңгімелерін ғана жариялаған, Островский, Толстойлардың мүлде белгісіз кезі екен. Ал ештеңе жазбаған он жылында осы жазушылардың бәрі даңққа жетіп, жаңа буынның қаулап өскен кезі болатын. Достоевскийдің «Униженные и оскорбленные» романына Белинскийдің «Бедные людиге» айтқан сөзіндей бағаны Добролюбов беріпті. «Достоевксийдің романы осы күнге дейін әдебиетіміздегі ең үлкен құбылыс. Ал осы романға көркем сынның ескі ережесін қолданып көріңіз» деп жазады. Сыншы бұл жерде жазушыны жаңарды, сыншыны ескірді деп тұрған жоқ. Жазудың жаңарғанын, сынның ескіргенін айтты. Біз де әлі күнге «Сөз өнерін» алға тартып, кеңес үкіметі кезінде оқытқан «Әдебиет теориясымен» талдағысы келетіндер бар. Заманға бейімделуді ойласақ, шығармашылықты да ұмытпайық…
Алмас НҮСІП: «Әрбір көркем шығарма оның көркем дүние екенін ұмытқанда және оның өмірде бар екенін шынайы сезінгенде ғана өзінің ең жоғарғы сапасына көтеріледі». Цвейг айтқан бұл өлшем жазылу уақытына қарамастан дәуірлерді көктеп өтіп, мәңгі өмір сүре беретін шығармаларға қойылатын басты талап дер едік. Егер сен айтқан советтік формуланың қалыбынан шықпай, ешкімнің аяғын басып кетпей, саяси ұқыптылықпен жазылған шығармалардың өзі осы талапқа сай жазылған болса, әлі де оқылар еді. Заманын мақтап, жоғарғы леппен жазылған жылтырақ дүниелер өз кезінде де оқылды дегенге сену қиын.Қазақ прозасындағы совет заманында орындалған шығармалардың қазір де оқылатыны соғыс жылдарын арқау еткен дүниелер деуге болады. Себебі, онда тағдыр бар, өмір бар. Бұл тараптағы сәттіліктің бір себебі, соғыс тақырыбының сол кездегі өтімділігінен де деуге болады. Жазушылар бұл тақырыпта еш нәрсені бүгіп қалуға, заманын мақтауға міндетті болмады. Осы еркіндік олардың алаңсыз ашылуына мүмкіндік берді. Бәрі көз алдында сайрап тұр. Тек жазушылық талантың жетсін. Ал одан бергі жетілген, жеткен кездің суретін салған әдеби мұраларда әлгі шебер жазушының «кедергілерден» өту жолында көп шиырға ұрынғанын аңдау қиын емес. Бір-ақ мысал, Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» романы мен «Басында Үшқараның» повесін салыстырсаңыз, соңғысының әлдеқайда төмен жатқанын байқау қиын емес. Саяси науқандарға бой алдырмаған санаулы ғана бейкүнә жазушылардың бірі саналатын Сайынның «Жусан иісі» мен «Жабайы алмасы» және кейбір әңгімелерінен басқа шығармалары бүгінгі күні оқылатын шығармалардың қатарына кіре алмай қалуы мүмкін. Себебі сол – жазушының бұл тақырыптарға еріксіз (жазушы болғандығы үшін ғана) барғандығы. Бұл мәселе бір ғана жазушыға қатысты емес екені түсінікті. Нақты тізім жасалса, кейбір қаламгерлердің бірнеше томынан бірнеше әңгімесі ғана қалуы мүмкін. Және, салыстырмалы түрде бұл үлкен жетістік болып саналуы да ғажап емес. «Амалсыз жазылған» шығармалар бүгін болмаса ертең айналымнан шығады.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ: Ақын, я жазушы атанып алып, таусылса да қоймай жазып жүрген қаламгерлердің кейінгі еңбектері де сол амалсыздықтан ба дейсің. Ақын атын, жазушы атын сақтау үшін амалсыз жазады. Жазушы үшін «ол баяғыда таусылған» деген сөзден ауыр жаза жоқ. Шығармашылық мүмкіндігінің уақыты өткен деген сөз, ол тірі болса да жазушы емес. Оның жазушылық атағы сол шығармалылық потенциалы таусылған жерге дейін. Біздің қаламгерлердің артықшылығы – дүниеден өткенше жазады. Кемшілігі де, осы. Өздерінің қай кезден ақындықтан, жазушылықтан қалғандарын байқамайды.
Баға берудің, өзі туралы тым жоғары ойлаудың оңай болып кеткені соншалықты, жазған шығармаларын да классикалық шығармалардың қатарына оп-оңай қонжита салады. Бір тұсаукесерге барып, сөз сөйлегенде де кеш иесінің «жаңа қырларын» ашып, кітабын «классика» дейді. Не оны анық талдап, дәлелдеп те жатпайды. Оңай бағалайды, қорықпай айтады. «Осыны тым артық бағалап жіберген жоқсыз ба?» – десең, «жоқ, әділ бағасын айттым», – дейді. «Мен кім көрінгенді мақтамайтынымды білесің ғой», – деп тағы бір замандасына тазалығын айтып, ақталып жатады. Құдайшылық сөзім, жақсы шығарманың әділ бағасын алғанын қалаймын. Бірақ тым оңай да бағалана салмаса екен дейсің. Артықшылығын да, кемшін тұсын да тең ұстап тұрып айтқан әділеттірек болмай ма?! Осының бәрі өзін номер бірінші адам сезінуден туады. Бұл да бір ауру сияқты дүние. Светқали Нұржанның «№2 ақын» деген өлеңі бар еді.
«…Кісінеп жүрген құла тай
Қылаңдарға еріп тойынды.
«Мықтысың, – деді Жұматай, –
Әрине, менен кейінгі…»
«Әрине», – дедім мен де оған, –
Аға айтса, иланбайық па?!
Содан соң қанат қомдаған
Жолықтым Иран-Ғайыпқа.
Қойыннан дәптер суырдым,
Ир-ағам, сірә, тік кісі:
«Біздерден соңғы буынның
Боларсың, – деді, – мықтысы»…
…Тұрса екен аман Ұлы Елім,
Не бір сой туар далам кең! –
Солардың тілеп тілегін,
Екінші болып қалам мен!..».
Алмас НҮСІП: Өзінен соңғының тілеуін тілеу ғана емес, мойындай білу үлкен жүректі керек етсе керек. Көз алдыма «бәрін мойындатам, таптап кетем» деп кіжіне өлең оқитындар келеді. Немесе керісінше, әлдебір түсініксіздеу мұңға батып алып, «тереңнен» толғап, қайғылы өлең жазатын – өзінен өзгені көрмейтін, дүниені ойдан шығарып алған түсініксіз мұңымен өлшейтін жасандылау ақындар. Менің бір замандасымның «Жарытпай қойдың-ау бір жарығыңа» деп бастап, «Қайтсем де есемді алам, өмір сенен» деп кектене аяқталған өлеңін тыңдап болғасын бір ұстазымыз айтып еді: «Қарағым, әке-шешең бар ма еді? …Онда мынау ненің қайғысы, ненің кегі? Қолдан тағдыр жасай алмайсыңдар. Керегі қайғы болса… Жастық жақсылыққа ұмтылмаушы ма еді». Ақын болудың жағымсыз өлшемдерінің бірі – өтірік мұңдану. Ылғи да ауыр тағдырын, мұңға тұншығып өскенін айта беретін, жаза беретін үлкен бір жазушымыздың балалық шағын білетін бір замандасы сыртынан нұсқап: «Өтірік жылайды», – депті. Біздің ендігі буынның алдынғы толқыннан осындай әдеттерді көбірек жұқтырып алатыны «бәріміз жалшының баласымыз, төменгі таптың өкіліміз» дегенді мақтаныш қып айтатын әдебиетті оқып өскендігінен бе деп ойлаймын. Күні кеше мектеп бітірген (Тәуелсіздіктің 15 жылдығы қарсаңында) біздің өзіміз «Жоңғарды қуып шығып, қорғансыз байғұс қазақты бауырына басқан Орыс елі» туралы сүйсіне сабақ оқып жүріп ес білдік. «Сәбет кезіндегі» жақсы жағдайын жиі айтатын аталарымыз да Тәуелсіздікті далада қалғандай түсінген сияқты. Осының бәрі кейінгі жас балаларға әсер етпеді деймісіз. Ұл болып ұлт жайлы терең ойланып көрмеген «жалшы-малшының» «доп ойнаған – тозар» деген тәрбиесін сіңіріп өскен бойында аздаған өлең-желігі бар жас – әдебиетті шер тарқату деп түсінбей қайтсін. Оның үстіне ақын-жазушы деген жұртты дүниенің басқа қызығынан құр қалған, әлдебір архивтерде, жұпыны жұмыс бөлмесінде шашы қобырап отыратын жүдеу өңді адамдар деп есептейтін әдет тағы бар. Неге екенін, біз оң-солымызды ажырата бастағанда «ақын – бақытсыз болу керек!» деп ойлаппыз… Жайма-шуақ өмір сүрген ақын-жазушы аз ба?! Бірақ бізге керегі ол емес екен. Бізге «сорлап жүрсе де соншама мұра қалдырған ақын» керек. Егер ақыныңыз ондай болмаса – шарты толық емес! Осындай өлшемдер мен дәстүрлер өткеннің бетіне тура қарауға кедергі келтіріп келеді. Бәлен атаның баласы, Түген атаның жұраты дегені ол бар. Той жасасақ – «біздерде мынадай бар, мынадай бардың» әлегі. Біздің «үйреніп» жатқанымыз осылар ғана сияқты әсер етеді кейде… «Әлі күнге бірде-бір қазақ жазушысының шығармашылық шеберханасын толық ашып бермеппіз ғой», – дейді бір ағам. Оның себебі, біздің қызығушылығымыздың басқа тарапта жатқанында болса керек.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ: Мұхтар Әуезов «Көксеректі» қабырғадағы күнтізбенің суретіне қарап қолға алыпты деген сөзді жиі айтатынбыз. Сол суретті көргенге дейін Әуезовтің ойында сол шығармасының сұлбасы болған. Суретке қарап туған идеяны жазушы өз шеберлігімен дамытқан. Сол кезеңдегі Әуезовтің әңгімелерінде тәуелсіздік рухы қатты сезіледі. Жас жазушыға алаштықтардың да ықпалы болғаны анық. Осы сияқты кейіпкерлердің, шығармалардың қалай туғанын зерттеу, жеке бір қаламгерді өз объектісі етіп алып, оның өмірі мен шығармашылығын зерделеудің кенжелеп тұрғаны бүгін ғана айтылған дүние емесі анық. Бірақ қанша айтылса да, осы бағыттағы жұмыс қолға алынған емес.
Жазушылардың өзі де кімдерден үйренгенін ашық айтпайды. Маркес Хемингуэйдің жазушылық өнер туралы кеңестерін тыңдағанын жазады. Фолкнер, Оэлер Достоевскийді үлгі тұтқанын айтты. Ал біздің жазушылар кімдерден үйренді? В.Розанов «Гоголь туралы» мақаласында С.Аксаковтың естелігін келтіреді. «1850 жылдың қаңтарында Гоголь бізге тағы бір мәрте «Өлі жандардың» бірінші бөлімін оқып берді. Біз қатты таңғалдық: бөлім бізге бұрынғыдан да жақсы, қайта жазылғандай әсер етті. Гоголь біздің риза болғандығымызды көріп, жазғанына көңілі толып: «Суретшінің картинасына соңғы туштың бояуы түсті деген осы. Меніңше, қайта жазу ең оңбаған нәрсе: бір сөзді қысқартсаңыз, енді бір жеріне жаңа сөз қосасың, мына бір жеріндегі сөздердің орынын ауыстырасың – бәрі басқаша болып шыға келеді. Кітап шығарда барлық бөлімі осылай өзгереді», – деді». Гоголь «Өлі жандарды» неше мәрте түзетіп жазды? Пушкиннің ғана емес, күллі орыс әдебиетінің алдында ұятқа қалмас үшін еңбектенген. Қайта жазуды жек көрсе де, барлық бөлімін, әр сөзін қайта қараған. Бұл жазудың алдындағы жауапкершілік болса керек.
Кей жазушы ағаларымыз шығармасын қайта жазатын жазушыны мазақ қылып, қайта жазуды ұят көреді. Қайта жазатын жазушыға күледі. Бұл күлудің қасірет екенін сезбеулері де өте ауыр жағдай…
Жазушы үшін қоғамдағы әр құбылыс, оқиға бекер өтпеуі керек. «Шинель» повесінің идеясы 1834 жылы Гогольдің үйінде жазушылар өнер туралы талқылап отырғанда канцелярия қызметкерінің мылтық туралы күлкілі оқиғасы айтылғаннан кейін туған деп жазады
Н.Тихонравов. Ресейдің бейнесін айнадан көрсетіп берген жазушының үнемі ой үстінде жүретін осы әдетін кейінгі зерттеушілер ашып берген жоқ па?!
Ілияс жаңа поэма жазса, Сәкенге оқып беретін әдетін естелік ретінде ғана айтқанымыз болмаса, оны әдебиеттануға пайдаланған кезіміз жоқ. Біздің естеліктеріміз көбіне адамгершілік, азаматтық қырын ашумен ғана шектеледі. Сол естелікті жазушы шеберханасы ретінде пайдалану үшін, естелік те соған ыңғайлана жазылуы керек еді. Жазушы да ол үшін белгілі дәрежеде әдебиеттанушы болуы керек. Бізде жазушылар әдебиеттанушы емес те, әдебиеттанушылар жазушы.
Біз бар жақсылықты алдан күтетін халықпыз. Күн аунап ай, ай жылжып жыл болған өткен күндерге салауат. Келер жылдар мен ғасырлар қазақ әдебиетінің айдынын жазушымен де, ақынмен де, ғалыммен де айбынды етер…