ШЫҒЫС және БАТЫС: Р.КИПЛИНГ ТЕОРИЯСЫ
«Лиспет» әңгімесінің жаңашыл қыры
Көне Шығыс әфсаналарының бірінде Жапон аралдарына көктен түскен Ниниги атты құдай өзіне жар іздейді екен. Мұны естіген Таулардың құдіретті патшасы оған екі қызын – Иванага-химе мен Ко-но хана сакуя-химэні жібереді. Алып таулар құдайының жоспарынша, Ниниги мінезі тастай берік Иванага-химені таңдау керек болатын. Алайда жас Ниниги апалы-сіңлілердің кенжесін – гүлдей нәзік Ко-но хана сакуя-химэні таңдайды. Дегені орындалмаған соң, қаһарлы Тау патшасы оның қателескенін меңзеп, үлкен қызын таңдағанда «жастардың тұғыры тастай берік, ғұмыры ұзақ» болушы еді деп болжамын айтады. Ал кіші қызымен ендігі өмірі көктемгі жеміс ағаштарының гүлденуі сынды әдемі, бірақ қысқа болатынын жорып береді.
Дәл осы аңызға негіз болған бір ғана сәтке сиятын сұлулықты сезіну, табиғатпен тілдесу сынды фәнилік философия Шығыс елдерінде күні бүгінге дейін сақталып келеді. Көктемнің жайма-шуақ шағында жапондықтар Ханами, яғни Сакура ағашының гүлденуін тамашалау дәстүрін мемлекеттік деңгейде атап келеді. Мұндай салттың астарында Батыс адамына қисынсыз көрінуі мүмкін, ал Шығыс халықтары үшін табиғаттың тылсымымен тілдесуге жетелейтін бір сәттік фәнилік ұғым жатыр.
Жаһандануға жұрт болып қанша ұмтылғанымен адамзат арасындағы көзқарастар қақтығысынан туындайтын қиындықтардан арылатын күннің белесі жақын емес, тіпті мүмкін емес те шығар. Азия және Еуропа, Шығыс және Батыс – тіл, дін, діл төңірегінде шекараны талай асқанмен, шектеулердің шеңберінен әлі күнге шыға алмай келеміз. Бұл туралы талай ойшылдар сөз бастап, талай ақындар жыр жазды емес пе?! Содан болар, заман алға жылжыған сайын қос мәдениетті жақсы сезінген қаламгерлердің бағасы арта түскен сияқты. Мәселен, төрткүл дүниенің әр түкпірінде талай балдырған Маугли жайлы хикаяларға тамсанып өсті. 1907 жылы Нобель сыйлығын алған алғашқы ағылшын жазушысы Редьярд Киплингтің «Джунгли кітабындағы» (The Jungle Book) жан-жануарлар әлемі мен бала Мауглидің бастан кешкен оқиғалары заман өзгерген сайын өзектілігін арттыруда. Киплинг – дарынды жазушы, қарымды қаламгер, оған қоса ақындығы да бар. Кезінде азаматтық көзқарастары талай тартысқа түссе де, Киплингтің әдебиет пен мәдениеттегі ерекше орны, өшпес мұрасы бар екенін толық сеніммен мойындай аламыз. Жазушының шығармашылығы нәр алған уақыт пен топыраққа бір үңілсек…
Жер бетіндегі табиғат ерекшеліктері адамның жаратылысына топырақпен сіңіп, күннен тарайтын шапақпен бірге түрлене түседі. Жазық далада отырып теңіздің толқынын сезіну қиын. Өзенді бойлай ғұмыр кешкен халық алып мұхиттың жағасында бойды шымырлатар тылсым күшті сезіне алмайтыны сияқты, таудың бөктерінде өскен бала түз даланың самалын аңсамайды. Ал Киплингтің тағдыры оның қаламына қуат болып құйылған қос мәдениеттің тоғысында тарқатыла бастауымен қызықты. 1865 жылы Бомбейде (ол кезде Британия отарындағы Үндістанда) дүниеге келген. Жазушы өмір сүрген кезеңде Британия байтағының императорлық дәурені дүркіреп тұрған еді. Империяға тән өктемдік қаламгердің азаматтық болмысына әсер етпей қоймады. Алайда шығармашылығына басты арқау болған экзотика әлемі оны әдебиет кеңістігіне жетеледі. Бірақ Киплингтің қаламына арқау болған тақырыптар оқырманға экзотика болғанмен, жазушы үшін көзін ашқалы көрген ақиқат еді. Жазғандарын сырт жақтан бақыламай, хикаяны іштей сезетін. Дәл осындай шынайлық жазушының шығармашылығын шыңға шығарғандай. Джунгли хикаяларынан бөлек, аса танымал «Ким» романында баяндалатын Үндістандағы ақ адамның бастан кешкен тыңшылық шытырман оқиғалары – жазушының жанына жақын тұрмысты сипаттауымен тылсым күшке ие болды. Киплингтің
автобиографиялық Baa Baa, Black Sheep» әңгімесі де оның балалық шағында көрген қиындықтарын боямасыз баяндауымен ерекшеленді.
Бүгінгі таңда Киплинг әлем әдебиетінің әбден мойындалған классигі болса да, кезінде замандастары тарапынан қарама-қайшы пікірлермен бағаланатын. Әрине, ХХ ғасырдың басында Еуропа прозасындағы декаданстық дәстүр мен Киплинг шығармашылығының поэтикасы мүлде келіспейді, бұл да басты мәселелердің бірі болды. ХХ ғасырдың басында Джеймс Джойстың әдебиетке төңкеріс әкелген «Улисс» романының айналасында қаламгерлердің жаңашыл көзқарасы жандана түсті. Империализмнің соңы жақындап, жаңа заманның лебін сезген модернист әдебиетшілер үшін Киплинг ескі әлем жазушысы еді. Қалың бұқара қол соғып қошеметтеген Киплингті интеллектуалды әдеби орта қабылдамады. Вирджиния Вулфтың айтуынша, Киплинг өзі ойлап тапқан Британия жыршысы болатын. Әдеби ортадағы жалғыздық пен отбасылық өміріндегі трагедиялар жазушының ішкі дүниесінде талай тартыс, талай қақтығыс орнатқан да шығар. Дегенмен ғұмыр бойы қалыптастырған мінезінен Киплинг бас тартқан емес. Бала Мауглидің бастан кешкендерін баяндаушы, шытырманға толы әлемнің жыршысы Киплинг қазіргі оқырманға не бере алады? Жоғарыда тілге тиек еткен өзектіліктің, өміршеңдік һәм шеберліктің кілті қайда? Осы сынды сауалдарға жауап іздеп жүргенде Киплингтің Plain Tales from the Hills – тау бөктерінің аңыз-әңгімелері жинағы көзге ілінді. Әдемі өрнектелген қарапайым аңыздардың арасындағы «Лиспет» әңгімесі көңілді алаңдатқан көп сауалдың жауабына жетелеген тәрізді.
Киплингтің «Лиспет» атты әңгімесі Желтоқсан оқиғасынан жүз жыл бұрын 1886 жылы жарық көрген. Көлемі – шағын, сюжеттік желісі – қарапайым. Үнді халқының таулы аймақтарының бірінде Сону және Джадех егіншілер отбасында қиындық туындайды. Баптап өсіріп келген көкнәр егістігіне екі аю түсіп бәрін таптап кетеді. Сол жылы жұбайлар христиан дінін қабылдап, жалғыз қызын христиандық миссия тәрбиесіне береді. Баланың есімін Елизавета қойып, көпшілік оны Лиспет деп атап кетеді. Көп ұзамай Сону мен Джадех аты жаман аурудан көз жұмады. Жетім қалған Лиспет шіркеу қызметшілерінің көмекшісі болып қалады. Жылдар өте келе үлгілі қыз болып бойжетеді. Ол дінге қатысты барлық қағидаларға берік, адал қызмет етеді. Өзге қыздар жаңа дінге көндіге алмай, кейіннен бас тартып кетіп жатса да, Лиспет дінге тым жақын болды. Жас қыз күн сайын құлпырып, ел оның сұлулығын аңыз қылады. Күндердің бір күнінде Лиспет үйге бейтаныс бір адамды арқалап әкеледі және оны «болашақ күйеуім» деп таныстырады. Тау шатқалдарында абайсыз құлап түскен бейтаныс жігіт сауығып кеткенше Лиспеттің күтімін көреді. Жас қыздың батыл әрекеттері мен сөздері шіркеу қызметкерлерін таңғалдырады. Бұл діндар адамға жат қылық емес пе? Дегенмен ешкім де Лиспетті айтқанынан қайтара алмайды. «Болашақ жарым» деп үйге әкелген бейтаныс жігіт үйленген адам екенін айтып, Лиспеттің қылықтарын түсіне алмай қояды. Жас қызды ақылына көндіре алмаған шіркеу қызметкерлері бейтаныс жігіттен сауығып кеткенше Лиспеттің дегеніне көне тұруын сұрайды. Сондықтан жігіт аяққа тұрып еліне қайтарда Лиспетке үйленуге уәде етіп, қайтып келетінін айтады. Күндер жылжып, айлар өтіп, Лиспет сағыныштан сарғайып жігіттің жолын тосумен жүреді. Бір күні оны асырап- баптап өсірген шіркеу қызметкерлері жігіттің қайтып келмейтінін, оның өз өмірі, отбасы бар екенін түсіндіріп береді. Лиспет ұзақ уақыт бұған сене алмай, айналасынан оны неге бұлай алдағанын сұрай береді. Ақыры сағы сынып, көңілі құлазыған Лиспет өскен ортасына нала айтып, өз еліне, өз халқына қайтамын деп шешеді. Таулықтардың өміріне Лиспет тез сіңісіп кетеді. Егіншілер күні-түні би билеп, думандатып өмір сүреді. Ақырында қыз бір отыншыға тұрмысқа шығып, ұзақ ғұмыр кешіпті. Әйелін арасында қамшылап алу егіншілер үшін қалыпты жағдай болғандықтан кезінде сұлулығы айналасына аңыз боп тараған Лиспеттің жүзі мүлде өзгеріп кетеді. Ол туралы шіркеу қызметшілері де: «Қанша тәрбие берсек те, түбінде тәңіршілдігін жоя алмадық», – деп жиі еске алады екен.
Қысқа ғана әңгіменің сюжеті – осы. Бір қарағанда, Киплингтің шытырманға толы романдарының жанында қатардағы шығарма болып көрінеді. Дегенмен жазушының осы әңгімесінде қолданған тілдік, стильдік ерекшеліктері мен әдеби көркем тәсілдеріне терең үңілсек, өміршең ойлардың інжу-маржандарын тере аламыз.
Автор Лиспеттің бейнесінде теңеулер мен салыстырма ретінде көне нанымдарға сай сипаттамалар қолданады: «…Христианство ли пошло на пользу Лиспет или боги ее племени сделали бы для нее не меньше, но она росла красавицей. …Вы бы подумали, встретив ее вдруг на склоне горы, что это сама Диана вышла на охоту» (Е.Киселевтің орысша аудармасы). Киплинг кейіпкердің діни тәрбиесі жайлы баяндап отырса да, сөз саптауында ежелгі антикалық нанымдардан алынған патшайымдардың (Диана) бейнесін батыл қолданады. Тек стильдік деңгейдің өзінде зерделі оқырман бірден «ескі наным» және «дін» айналасында құрастырылған алғашқы бинарлық оппозицияны байқай алады. Мәтіннің шеңберіндегі қарама-қарсы полюстер немесе екі түрлі концепция автордың одан әрі дамытуға дайындаған астарлы ойларының діңгегін құрап отыр. Лиспет өзінің болашақ жарын тау басынан құлап түскен адамның бейнесінен көріп, оны құдайдың белгісі ретінде қабылдайды әрі тағдырына мойынсұнады. Мұндай сюжет тағы сол көне аңыз-әфсаналардың ырғағына ілестіреді. Сонда жазушының баяндау мәнерінен байқалғандай, Лиспет бұл оқиғада реализмге қарағанда аңыз немесе ертегі кейіпкеріне жақын екенін көре аламыз. Егер сюжет толық ертегі ретінде дамитын болса, онда Лиспетке құдайдан белгі болып келген бейтаныс жігіт, шынымен, оның жұбайы атану керек еді. Бірақ оқиға басқаша өрбиді. Тау басында саяхаттап жүрген еуропалық бейтаныс жігіт реализмге жақын, ол – батысша ашық, рационалды, ал Лиспет – шығысша иррационалды кейіпкер. Екеуінің кездесу алаңы – кездейсоқтық: бұл – не ертегі әлемі, не романға татитын оқиға емес. Ал сол кездейсоқтықтың соңы қателікке апарады, яғни қарапайым боп көрінген оқиғада Киплинг бір-біріне алыс жанрлардың кейіпкерлерін бір араға келтіріп, олардың бірін-бірі түсінбеуін жанрлық деңгейде көрсете білген. Мұндай әдеби көркем тәсілді Киплингтің өз дәуіріне де, бүгінгі күнімізге де татитын жаңашыл шеберлік деп айта аламыз. Мәселен, осы іспеттес көркем дүниені орыс классигі М.Ю.Лермонтовтың «Біздің заманның қаһарманынан» да көре аламыз. Печориннің бастан кешкен оқиғаларының ішінде «Лиспеттің» сюжетіне жақын көріністер бар: тау халқының қас сұлуы Бэланың тағдыры, Мэри ханымның трагедиясы… Әсіресе Киплингтің әңгімесіне аса жақын бөлімі «Тамань» оқиғасын еске алсаңыз. Лермонтовтың қаһарман кейіпкері Печорин де өзінің жанрлық шеңберінен аттап шытырман оқиғалы контрабандашыларға қосылғанда екі түрлі әлемнің тоғысқан жерінде тағы да қателік орын алады. Бұл туралы кейіпкердің аузымен Лермонтовтың өзі анық жазған: «И зачем было судьбе кинуть меня в мирный круг «честных» контрабандистов? Как камень, брошенный в гладкий источник, я встревожил их спокойствие и, как камень, едва сам не пошёл ко дну!». Лермонтов пен Киплингтің үндестігі мәселенің өзектілігін айқындай түседі. Сюжетті жанрлық деңгейде түсіндіру кез келген жазушыға жеңіс саналғанмен, әлем классигі үшін аздық етеді. Сонымен, үнді тауларының бөктерінде толғанған Киплингтің ойы бізді қай шыңдарға жетелейді екен?
Бинарлық оппозицияны жанр арқылы көркемдеп көрсеткен автор сюжетті барынша салқынқанды баяндаған. Алайда көңіліне күдік қонған оқырманды мақтамен бауыздайтын салқынқандылықтың да әсері орынды, яғни автор ретінде Киплинг кейіпкерлерінің біреуін де ақтамауға бел буған. Түйін – оқырманның құзырында. Біздің алдымызда тек Шығыс пен Батыстың қанша тырысқанмен бір араға келе алуы мүмкін емес, көрсетілген, алайда Киплингтің поэтикасында бірі – қара, бірі ақ емес… Киплингше стихиялық түрде қалыптасқан мәдениеттің «кемшіліктеріне» «игі ниетпен» қол сұғудың соңы ештеңені өзгерте алмайды. Батыс – Батыс, Шығыс – Шығыс болып қалады және оны түзетуге ұмтылған талай соғыс адамның алдында жеңіске жетсе де, Жаратқанның алдында әрқашан жеңіліп келетінін көрсетеді. Бұл жерде кінә тағу мен күйе жағу – орынсыз. Уақытты кері қайтара алмайтынымыз секілді, мына дүниедегі адамзаттың болмысынан қалыптасқан кейбір құбылыстар да өзгеріске бағынбайды. Осы кішкене хикаяның өзінде империяшыл Британияның жыршысы Киплингтің азаматтық көзқарасынан бұрын, адамзаттық тұлғасы биіктегенін мойындау керек.
Жаһандануды қанша қызықтағанмен оның қақтығыстарына көз салмау мүмкін емес. Картада сызылған шекаралардан талай ассақ та, өмірде қолымызды созған сайын алыстай түсетін дүниелер жетерлік. Бәрін өзімізше істеп, өзімізге қарай өзгертуге дайын тұратын қалпымызбен жаһандануды сөз қыламыз, қайшылық емес пе? Абайдан артық айта алмай келеміз ғой: «…Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп…».
Киплинг болса әдеби шеберлік, фәнилік философия мен том-том кітаптарға татитын әңгімесін бір ғана бетке сыйдырып, әлем әдебиетіндегі биіктігін асқақтата түсті. Ал біз Абай мен Киплингті толық танығанша талай сапарда сынға түсетініміз анық.
Ақерке АСАН,
әдебиеттанушы, ғалым