Жер аңсаған сары атан
19.11.2021
1634
0

 Бейнелеу өнері – алғашқы өнер түрлерінің бірі. Адамзат қарым-қатынас құралы ретінде сөзден бұрын суретті пайдаланған деседі. Ендеше Пабло Пикассоның «Сөз түсініксіз болса, суретке мән беремін» деуі өте орынды. Қазақстанда шығармашылықтың осы түріне қалам тербеп жүрген жас суретшілер аз емес. Солардың бірі – Санжар Сырғабай.

Ол 1991 жылдың 12 маусымында Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. Өнер тарихын, кескіндеме стильдерін және заманауи ағмдардың философиясын зерттеп дәріптеуді мақсат еткен Санжар Сырғабайдың үш суретін суретке жазылған пікірлермен қосып жариялап отырмыз.

Тау ішінде

ӘР ШЫҒАРМАҒА ЖҮРЕК КЕРЕК

 Өнер – белгілі бір уақыт аралығында ғана айналысатын қосымша іс емес, оған бүкіл өміріңді арнасаң да аздық етеді. Өнер жолындағы шығармашылық тұлғаға таланттан бөлек, еңбекқорлық, табандылық, тынымсыз ізденіс және көбірек білім қажет. Қай шығармашылық түріне болсын, қызығушылар өте көп болады. Әлемге деген өз көзқарасын паш еткісі келетіндердің, сұлулыққа жаны құштар жандардың қарасы қай уақытта да кеміген емес. Бірақ екінің бірі соның жолында өмірін сарп етіп, жетістікке жете бермейді. Себебі, әртүрлі жағдайға байланысты өмірдің кейбір аялдамаларында қалып қойып жатады.

Ал Санжар Сырғабай – соңғы кездері көзге түсіп жүрген, ізденімпаз жастардың бірі. Ол өз қатарластарынан бейнелеу өнерімен қоса проза, поэзия бағыттарында да жан-жақты білімиділігімен ерекшеленеді. Оны бұған дейінгі жұмыстарынан анық байқай аламыз.

Қазақ бейнелеу өнерінде 60-70 жылдардағы толқынның мектебі, 80-90 жылдардағы толқынның өз қолтаңбалары бар. Дәстүр сабақтастығы қазіргі жаңа толқынның да картиналарынан «менмұндалап» тұрады. Олардың жазулары, қалам сілтеулері аға буынның өнегесіне жақынырақ. Бұл – білімнен. Көз алдымыздағы Санжар жазған картиналардан да соны көреміз.

Үш туындыда да эксперименттерге барған және бояуларды пайдалануында, қалам тербеуінде жүректілік бар. Бұл – өнерге керек үлкен қасиеттердің бірі. Тағы бір айта кетерлік жағдай, ол тілмен жеткізе алмайтын, жүрекпен, түйсікпен ғана сезе алатын тақырыптарды таңдап алған. Екінің бірі ондай тақырыптарға бара бермейді.

«Музыкант». Қарлығаш – біздің ұлтымызға, жалпы жан дүниемізге жақын жыл құсы, мейірімділіктің, берекенің символы. Сол құсты салу арқылы музыканттың көңіл-күйін де, ноталарды да көрсеткен секілді. Сыртқы фондағы ыстық пен суықтың арасындағы түстермен музыкалық көңіл-күйді барынша беруге тырысқан. Жақсы жұмыс.

«Тау ішінде». Импрессионистік бағыттағы туынды. Көгілдір, көк және ашық, суық, жылы түстерді араластырып әннің, Сәкеннің көңіл күйін, «Тау ішінде» әнінің көңіл-күйін кенеп бетінде бедерлеуге тырысқан. Жалпы әдебиетті, музыка өнерін, поэзияны түсіне алатын ішкі кеңістігі бар азаматтың жасаған сәтті еңбегі.

Келешекте Санжардың шығармашылығына мол табыс тілеймін және үлкен үміт күтемін. Мынадай уақытта қылқаламды тастамай, ішкі шабытын қозғап, үздіксіз жұмыс істейтін жастардың көп болуы қуантады.

Шаттық БАТАН,

суретші

Музыкант

ТЕРЕҢ ТАҚЫРЫП, ТЫНЫМСЫЗ ІЗДЕНІС

Суретшілердің шығармашылығындағы ұстанатын принциптері – ұлттық философиялық ұғым, эстетикалық түсінік және дүниетаным. Осы бағытта шығармашылығын дамытып жүрген суретшілердің бірі ретінде жас суретші  Санжар Сырғабайды атауға болады. Дәуір мен уақыттың қозғалысы жаңашыл өзгеріс пен жаңғырыққа толы. Дәл осынау қозғалыс суретшіні айналып өтпеген, шығармашылығында тұлғаларды бейнелеуінен өзіндік ойлауы бар өзгешелікті байқаймыз. Тақырып таңдауы да үнемі ізденісте жүретін суретшілердің қатарында екенін аңғартады.

Мәселен, қылқалам иесінің «Жер аңсаған сары атан» деп аталатын картинасына үңіліп көрейік. Туындының алдыңғы аясынан қолына сыбызғы ұстап, жанарын төмен салған кейіпкер образын көре аламыз. Шашы самал желдің әсерімен қозғала бастаған. Бұрмалана сыбызғыны ұстаған ұзын ақ саусақтары туындыға динамикалық әсер беріп тұр. Кенеп бетінде жазылғанымен, сыбызғыдан шыққан қоңыр салқын үн құлағымызға жетіп, тыңдай түсеміз. Санамызда белгілі бір әуен ойнай бастағандай. Бұл бояу жағыстарынан да байқалады. Кейіпкердің артында ерттеулі жылқы суреттелген. Сонымен қатар, композицияның жоғарғы бөлігінен түйенің формасын көре аламыз. Кескіндемелік жұмыстың тақырыбына үңілер болсақ, бұл жердегі түйенің бейнеленуі жерді аңсаған, іздеген Асан қайғының  образымен байланысты секілді. Аңызға сүйенсек, Асан қайғы Желмаясына мініп, қазақ халқына жайлы мекен іздейді. Аталмыш жануарларды жазу арқылы қазақ халқының болмысын көрсеткісі келген секілді және ол үдеден шыға білген. Туынды салқын әрі қою түстермен жазылған. Бұл шығармаға салқындық әсерін беріп тұр. Яғни, тыныштық емес, белгілі бір үрейдің бар екенін суреттей түскендей.

Суретші шығармашылығындағы тағы бір суық әрі салқын түстермен жазылған кескіндемелік жұмыстың бірі – «Тау ішінде». Туындының негізгі кейіпкері – Сәкен Сейфуллин. Ол ат үстінде көрерменге тік қарап, асқақ етіліп бейнеленген. Автор оның тік ұстаған денесі арқылы өмірдегі бар болмысын суреттейді. Туындыға Сәкен Сейфуллиннің мына өлең жолдары арқау болған сынды:

«Мен келем тау ішінде түнделетіп,

Аймақты күңіретіп өлеңдетіп.

Астымда ақ боз атым сылаң қағып,

Жалтақтап құлақтарын елеңдетіп…».

Жер аңсаған сары атан

Композицияның орталығында ат үстіндегі С.Сейфуллин образын көрсек, артқы планнан жапырақтар мен табиғатқа көз жүгірте аламыз. Бір жағынан туынды кенеттен ертегі әлеміне ене кеткен, не болмаса ертегінің басты кейіпкерін суреттейтіндей, дегенмен, бұл жерде ұлы тұлға образы бейнеленгенін назарға алған жөн. Суретші бұл туындыны жазу барысында тәжірибе жүргізу арқылы назарын түстердің кереғарлығы мен жазылу мәнеріне аударған. Себебі, туындының жазылуына арқау болған негізгі кейіпкер түстердің қанық әрі «араластырып» жазудың «арасында» әлсін-әлсін ғана көзге ілінеді. Мұның тақырыпты ашуда жұмысты тежейтіндігін айта кеткеніміз абзал. Яғни, кенеп бетіне қараған сәтте алдымен түстердің жағылуын көреміз де, кейіннен барып қана кейіпкерге мән береміз.

«Музыкант» деп аталатын келесі туындысы алдыңғылардан өзгешерек жазылған. Алдағы екі жұмыспен салыстырмалы түрде қарағанда жылы түстер, таза түстер көзге бірден түседі. Кескіндемелік жұмыс кенеп бетіне қызыл, көк, күлгін секілді майлы бояулар ақылы жазылған. Композициядағы қозғалыс орталықта шешім тапқан. Туындыда виолончель музыкалық аспабында ойнап отырған ер азамат бейнеленген. Ол көрерменге сол жақ қырымен қарап отыр. Жанарын төмен тастау арқылы терең ойға шомғанын аңғаруға болады. Кейіпкердің айналасында ұшып жүрген қарлығаштарды көреміз. Дегенмен олар көк түспен жазылған. Құдды бір ертегі әлемінің құстары іспеттес. Қозғалыстағы кейіпкерді айнала суреттелген құстар виолончельден шыққан әуен симфониясының көрінісі десек те болады. Бұл музыканттың қолымен астаса бейнелеуі арқылы көрініс табады.

Суретші – жаңалықтың, жаңа бастаудың, жаңа бағыттың үлгісі. Оның негізгі мақсаты – өмірдегі «екінші шындықтың» сипатын, әлемнің субъективті моделін құру. Санжар Сырғабай өнер мен шындық арасындағы шекараны жойып, өнер туындыларын адамдардың қоршаған ортасына енгізуді ұйғарды. Түстерді жағу мәнерінен Батыс Еуропалық суретшілерге еліктеушіліктің бар екені байқалады. Түс өңдерін қанық күйінде жағу арқылы туындыға декоративті мәнер беріп тұр.

Жалпы суретші шығармашылығына үңілер болсақ, жоғарыда аталған туындыларды да негізге ала отырып, суретшінің әуесқой қылқалам иесі екендігін аңдаймыз: адам денесінің пропорциясын жазу мен композиция құруда аздаған қателіктер бар. Алайда суретші тақырып таңдауда «ұтқан», еңбектеріне күрделі, терең мағыналы атаулар береді. Тақырыптың өзі сюжетті баяндап, оған леп беретіндей. Мәселен, «Тау ішінде», «Жер аңсаған сары атан» т.б. Тұтастай туындылардан суретшінің қолтаңбасын ажыратып алатындай нюанстары бар екендігін байқадық. Бұл суретші үшін үлкен жетістіктердің бірі деп білемін.

Әйгерім КӨПЖҮРСІН,

Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенті

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір