ӨМІРДІҢ, ШІРКІН, ТӘТТІСІ-АЙ…
09.11.2021
1749
0

Жұбайым, ақын Қастек Баянбайға ескерткіш  

Жерге дүрс етіп құлағандағы дыбыстан оянып кеттім. Таң ағарып атыпты. Бөлме іші жарық. Артынша «бері келші» деген сабырлы дауысы естілді. Екі аттап жетсем, кіреберіс шағын дәліздің қабырғасына бүк түсе сүйеніп отырып қалыпты. «Басың айналып кетті ме, не болды, кел төсекке апарайын» деп қолтығынан демеп, қолынан тартып тұрғызбақшы болдым, бірақ қанша ұмтылғанымен қозғала алмады.

Әкесінің төртінші ауруханаға жеткізілгенін балалар хабарлады. Түс ауа Қастектің өзі сөйлесті. Менің жамбасым сыныпты, ота жасатсам бір аптада сауығып кетеді екем, мен келісіп отырмын, сен не айтасың, деді. Дауысы тың кісінікі, жап-жақсы. «Жамбасы шынында да сынған ба!? Қынқ еткен дыбысы шықпады-ау, Алла-ай!». Онда тәуекел, сәтін берсін. Дәрігерлер солай десе, бекер айтпас, қорқпа, деп өзімше дем бердім.

Ауруханаға түскендерден коронавирусқа сынама алып, бар-жоғы анықталғанша арнайы бөлімшеге жатқызады екен. Ертеңінде … вирус бар боп шықты. Енді жұқпалы аурулар бөлімшесіне ауыстырды. Оның еңсесі күрт түсті. Күні бойы шөлдеді ғой деп шәй жіберсем ішпепті. Үйге кеткісі келіпті, жүрегі бір жамандықты сезді ме екен. Балаларды палатаның маңы түгіл, үлкен аурухананың дәлізіне жолатпайды. Сөйтіп, жаным-ай, екі аурумен бетпе-бет келіп ауруханада, бізден жырақ, жалғыз өзі қалды.

Түннің бір уағына дейін телефонда отырамын. Дәрігерлер күндіз біреуі, түнде екіншісі ауысып келіп жатады, бәрі де даусымды танып алған сияқты. Науқас атаның хал-жағдайын баяндап береді. Үшінші күні түнде Асқар (тегін білмеймін) деген дәрігерге мобильді телефонды өздігінен пайдалана алмайтынын айтып, жұбайыммен сөйлесіп алуыма көмектесуін өтіндім. Адам екен, келісті.

Бұдан кейінгі күндері сөйлесуге шамасы келмеді, жүрек соғысы азайды, тыныс алуы қиындады. Алтыным-ай десеңші, … ажалмен арпалысып кетті. Ақыры жеңілді. Қайран жарық дүниемен қоштасып кете барды. Өмірдің басы сайран, аяғы ойран дегенді ара-тұра айтып жүретін. Солай болды. Жалған-ай, бір өзі бір үй толы кісі екен ғой. Қазір өз үйім өзімдікі емес, біреудікі сияқты. Жылуы жоқ. Өзі балабөлме деп атайтын үядай кабинеті құлазып қалды. Үміті мен арманының бастауы болған жазу үстелі де иесін жоғалтып қаңырап тұр.

 Алпыс жылдай отасқан, маңдайыма ащы күн тигізбей, ештеңеден таршылық көрсетпей келген аяулы азаматымнан осылайша бір аптаның ішінде көз жаздым. Өмірлік қосағым – сүйікті жарым енді жоқ. Алланың жазуы солай болған соң артында қалып, беймәлім күн кешіп ілбіп жүрмін, қайтейін, басқа амалым бар ма. Бірге өткізген бүкіл өміріміз – жастық шағымыз, бақытты күндеріміз, сәбилі болған қуанышымыз, Қастегімнің нұрлы жүзі көз алдыма келіп, ойымды шарлап жүреді.

Адамның жастық шағы қимас бір дәурен ғой. Кілең қызықтың, қуаныштың ішінде жүресің, болар-болмасқа күлесің. Сол бір еркетотай шақта тағдыр бізді Алакөл аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакциясында жолықтырды. Бір күні қызметтесіміз, ақын Сәкен Иманасов біздерге қарап: «Қыздар, жуырда осында жұмысқа бір сұлу жігіт келеді, қуырдақтың көкесі енді болады, бәрің оған ғашық боп қаласыңдар әлі», – деп әдетінше қарқылдап бір күліп алды. Жарайды, көрерміз деп біз де сықылықтадық. Айтқандай-ақ, екі-үш күннен кейін үстінде қара пәлтесі бар бұйра шашты, қалың қасты, қыр мұрынды, қарағаштай қатқан жігіт келіп кірді. Бәріміз қарап қалдық.

Бір-бірімізге деген сүйіспеншілік сезімі екеумізге кейін келді. Мен Талдықорғандағы медучилищеге оқуға кеткем, ол редакцияда қалған. Студент болып оқып жүрдім. Аудан орталағы – Үшарал каласындағы тете әпкеммен хат жазысып тұрамыз. Редакцияда істейтін Қастек деген жігіттің менің мекенжайымды сұрап үйіне келгенін айтыпты. «Енді редакция біраздан кейін Сарқанға көшеді, сол жаққа жұмысқа келмес пе екен, менен сәлем айтсаңыз», – депті. Сөйтіп Сарқандағы редакцияға келіп кірдім.

Кешкілікте мені күнде киноға шақырады, барамыз, қайтамыз, желігетіндей сөзі жоқ, тек қолымнан ұстайды. Ешбір сезімін білдірмеген соң мына кілең орыстар тұратын шағын қалада іші пысып, ежелгі танысы – менімен бірге жүр ғой деген ойға келдім.

Махаббат оты бір тұтанса оны сөндіру қиын ғой. Мені сынақтан өткізіп жүрген екен, бір күні «мылқау» жігітіме тіл бітті. Екеуміз бір-бірімізді көптен білеміз. Мен сені бұрыннан сүйем, бірақ сен оны байқамадың. Енді үйленетін уақытым келді, маған тұрмысқа шығасың ба? Егер келіссең, демалыс алып ауылға барамын. Шешеме келін түсіретінімді айтып, той қамына кірісем, деп мәселені бүйірден бір-ақ қойды. Менің күтіп жүрген сөзім ғой, сөйтсе де тосын естіген соң не дерімді білмей қалдым, тек мойнына асылған күйі құшағына ене бердім.

Ол кезде, дүркірете тойланатын қазан мерекесі күндерінде редактор Романчуктің машинасын алып, қасымызда орынбасары Әбу аға мен женгеміз Сәкен тәте, құрбы қызым Күләш бар, Қастектің туған ауылы Талдыбұлаққа жол тарттық. Түс ауа тау етегіндегі табиғаты тамылжыған шағын ауылдың шетіне келіп кірдік. Мына қызықты қараңыз, қолдарына бір-бір табақ көтерген әйелдер ақырын келе жатқан машинамен жарысқа түскендей, тез-тез басып ілесіп келеді. Көлігіміз үйдің алдына келіп тоқтады. Түсейік десек, құрт, кәмпит шашулар машина қорабына тарсылдап жауып кетті. Сәл бөгеліп қалдық. Түссеңші, көзілдірігімді сындыратын болды ғой, деді құрбым асықтырып. Күліп жатырмыз. Ие, тезірек түсуім керек.

1966 жылы Алматыға көшіп келдік. Қыздарымыз – Шырын мен Муза ауылда әжесінің күтімінде қалды. Тастақта біреудің бір бөлмесін жалдадық.

Қадыр Мырзалиевтің сонау студент кезінде біздің аудандық газетте өлеңдері шығып тұрды, Қастекпен жақсы таныс екен. Үйіне қонаққа шақырып, емен-жарқын әңгімелесіп отырды. Алматыға келген қазақтың бәрі тұрағын Тастақтан бастайды. Біз де сөйткенбіз. Тастақ – қазақтын жері. Енді қалаға келдіңдер, тамақты шымшып қана ішесіңдер, деп күлдіріп те қойды. Осылайша қаладағы өміріміз басталды.

Алматыда Арман, Айбат деген ұлдарымыз дүниеге келді. Қуанышымызда шек болмады. Бала ұстағаны қандай епті еді, көргендер сүйсінетін. Қыздарды – сегіз-тоғыз жасқа, ұлдарды тіпті бозбала болғанға дейін өзі жуындырды, тырнақтарын алды.

Қаламгер үйіндегі отбасылық қуаныштың қайнар көзі әрі бағдары – көп ізденіп оқу, жазу үстелінің басында сарылып ойға шому, күнделікті күйбеңнен аулақтап оқшаулану сияқты қалыптасқан қағидамен жалғасып жатады. Кейде демалып отырғанда қасына барып құшақтасам, иығымнан бір сипап, жұмыс үстіндемін, бара ғой дегендей ишарат білдіреді. Мен өз шаруама кетем.

Өнер атаулының ішінде жазушылық деген бір бейнетті еңбек қой. Бұл, сірә, табиғаттың өзі жаратқанда тіршілік иесінің қанына қосып коятын бір құдыреті шығар. Қиындығы көп, рахаты да бар, тас қып ұстап өзінен жібермейтін шіркіннің жеңімпаз күшіне қайран қаласың. Дене жасушасының қорек тілегіш қызметіне кім қарсы тұра алмақ. Өнердің жеңілі болмайды ғой, әйтсе де әншінің құлақпен естілетін дауысы елге тез тарайды, көзбен көріп әрі естіп білетін сахна, кино актерінің, суретші, мүсінші, сәулетшінің шеберлігі бірден аңғарылады. Ал қаламгердің танымал болуына төте жол бар ма? Әрине, жоқ. Ақын-жазушы қаламының қарымын тану үшін тұрмысы алаңсыз, рухани дүниесі кемел қалың елі басылып отырып туындысын оқып, зерделеп, сөз етіп, бағасын беріп, бір-бірімен пікірлесіп, талқыға салып жатуы тиіс. Баспасөз үні жариялап, жарнамалап тұрса керек. Адами құндылықтар баршаның азығына айналуы шарт. Елінде мұндай ахуал болмаса жазушы сөзі тасада қалады, үні естілмейді, есімін халқы білмейді. Ендеше бойына тың күш, қаламына қуатты серпін берер атақ-абыройға да жете алмайды. Олар соған қарамастан, марапатқа мән берместен өнер жолын өмір бойына жалғастыра береді. Қаншама қажып шаршаса да, тіпті денсаулығы сыр берсін мейлі, қолындағы қасиетті қаруына жармасып бағады. Зиялы жан бүкіл әлем, қоғам, күллі адамзат мүддесі бір өзіне қарап тұрғандай сезініп, сол үшін жол сілтеп, ой айтып, онысын ақ қағазға түсіре бемек. Жаны сірі жамандық атаулымен ол осылайша күреске шығады. Қаламгер несібесіне бүйырған дүниенің бір қызығы осы болса керек.

Менің жұбайым сол күрескер қаламгерлердің бірі еді. Шығармашылық жолын ересектер үшін жазатын лирик ақын болып бастады. Бірнеше сыршыл өлең жинақтары қалың оқырман мен әдеби қауымның назарын өзіне аударып, ой-пікірлер айтқызды. Мұқаметжан Қаратаев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Жайсаңбек Молдағалиев, Сәкен Иманасов, Рафаэл Ниязбеков, Сұлтан Қалиев, Қаржаубай Омаров, Жанат Елшібек және басқа көптеген сыншы, ақын, жазушылардың пікірімен айтқанда, Қастек Баянбай шығармаларын ой тереңдігі, ұлттық бояу қанықтығы, аз сөзділігі, бөтен сөз кірмейтін жұмырлығы, шебер үйқастары, сан алуан жанры, нанымды шешімі, анық және дәл айту қалыбы ерекшелендіріп тұратынын жалпақ жұрты білді.

Сөйтіп қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қастек Баянбай балаларға арнап жыр жазатын үлкен ақын болды. Өзі айтқандай, балалық шағы басты тақырыбына айналып, жасы ұлғайған сайын сол бір қимас дәуренге жақындады. Автор жарты ғасырлық шығармашылық ғұмырында оқырманына отызға жуық жыр кітабын, үш томдық таңдамалы шығармасын ұсынды. Ақынның әдебиетте жазбай танитын өзіндік қолтаңбасы қалды. «Тәтті сабақ» жинағына Халықаралық «Алаш» сыйлығы берілді. «Жалын» баспасында ұзақ жылдар қызмет істей жүріп «Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы» сериясымен көп томдықтар шығаруға тікелей басшылық етті. Өкінішке орай, нарық қыспағына байланысты жасақталған жиырма бес томдық серияның жолы үзіліп қалды. Осы салада сезілетіндей сілкініс жасау үшін сіңірген еңбеғі ұшан-теңіз болды және өзінің айрықша өлендерімен қазақ балалар әдебиетіндегі поэзияны жаңа сатыға көтерді дей аламын. Соңынан ерген, жүрегі бала деп соққан ізбасарлары көбейді.

Ол өзінің табиғи қалпымен өмір сүрді. Мен осындай іс атқардым деп мақтанбады, атақ-даңқ қумады. Шығармашылығына барынша адал болды. Қара қылды қақ жарғандай әділ сөзін айта білді. Қиын сәттерде өзінің аспай-саспайтын маңғаз, тау қозғалса қозғалмайтын сабырлы қалпын сақтап қалды.

Біздің сүйіспеншіліктен басталып, ұзақ жылдар бірге өткізген ғұмырымыз түсіністік, сыйластық, қимастық, жанашырлық сезімдерге, армандастық қиялдарға толы болды. Өлеңдерін әрдайым оқып сүйсіндім. Ер адамға тән байсалды мінез-құлқы, кісілігі, отбасына қамқорлығы, бекзаттығы үшін және маған салса айтар едім, жаухар жырлары үшін барынша қадір тұттым. Ақынды құрметтеу мәртебесіне жеттім. Ендігі хал-жайым белгілі, рухына бас иемін, құран оқып дұға етем, тілек тілеймін. Асылым, ардағым-ай, айрылып қалғаным-ай, өмірдің шіркін тәттісі-ай, аурудың келді-ау қаттысы-ай деп ыңылдаймын. Осы ауыр қайғының қайырын бер деп жаратушыға жалбарынамын. Қайыры – қазақ баласының амандығы ғой. Оқырманы аман-сау болса, Қастегім де мәңғі тірі боп қаларына сенемін.

Күлшат БАЯНБАЕВА,

зейнеткер

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір