Сәйгүлік жазушы
18.12.2015
2212
0
231363_1080141306_001_1365-500x583Алдымда жан дүниесін айқара жайып салып, айтарын бүкпесіз, қалтарыссыз айтып отырған, әдебиетті соншалықты сүйетін, айрықша  бір жауапкершілікті Жазушы отыр. Қолында қызуымен, жалынымен оқушыны сендірген, баурап алған «Қаһарлы Алтай» тарихи трилогиясы. Бүкіл болмыс-бітімін, көңіл-күйін, қабақ кірбіңін, көкірегіндегі от сезімін мөлдіретіп, тап-таза күйінде шығармасына аударған Жақсылық Сәмитұлы оқырманына өзгеше бір жаңа кейіптегі тұлға-кейіпкер сыйлады. Бұл сөзімді орынсыз қолпаштау деп ойлағандар «Қаһарлы Алтайды» қайтадан ойлана бір оқып шықсын.

Шығарма кім туралы, қандай орта ту­ралы, қай заманның шындығы жай­лы? Кейіпкер есімі қалың жұрт­шы­лыққа таныс па? Әйгілі адам ба? Ел білетін адам болса, ол Жақсылық Сәмитұлының қаламынан басты кейіп­кер санатына көтеріле алды ма?   Сәтті бейнеленген бе? Сегіз жыл бойы жазылып, бұдан бес жыл бұрын жарық көрген жақсы дүниеге онда пікір неге тапшы? Өзінен өзгеге қомсына қарай­тын жаман әдеттен бе? Жоқ, әлде өзі­нің алдындағы беделді-беделді рома­нис­тердің қалқасынан көрінбей қал­ды ма? Дайын формат, үйренген схема ма? Осы­ларды  хал-қадірімізше салмақтап көрейік.
«Қаһарлы Алтай» – ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы Шығыс Түркіс­тан­да өткен ұлт-азаттық қозғалыс кезіндегі қа­зақ өмірінің, қазақ тір­шілі­гі­нің энциклопедиясы. Сол ұлт-азаттық көтерілі­сі­нің көсемі Оспан Сіләмұлы туралы ше­жіре. Қа­лың қазақты сенделткен Қазан төң­кері­сінің өктем өкімінен үдере көшкен елдің бір бөлігі Қытай жеріне табан тіре­ген. Көшкен ел Үрімшіге жетіп, бірте-бірте сол жерге үйренісе бастайды. «Тірі адамға – тіршілік» деп жаңа өмірге бейім­деледі. Ауыл болып қауым­да­сады, ел болып бірігеді. Ақсақалдарын алға салып, атқамінерлерінің сөзін жерге тастамай, сыйластығы жарасқан ел болып келе жатқанда, жергілікті өкіметтің түртпегіне тағы түседі. Енді көтеріліс  тізгінін Оспан қолына алады. Қол астындағы елін бастап Моң­ғо­лияға жер ауады. Қаттауына қан қат­қан, қабағына мұз қатқан, дұш­па­ны­нан қалтырамайтын, тәуекел етіп тасты да жұтып жіберетін Оспан бұл кезде ұлттық деңгейге көтеріліп үл­гер­ген. Оны Кеңес Одағының басшысы Сталин де, Моңғол елінің басшысы Чойбалсан да мойындайды. Оспанмен кездесу ұйым­дас­тырып, үшжақты келісім жасалады. 1945 жылы Оспан батыр Алтай аймағын азат етеді. Сай­қал саясат енді бетін басқа жаққа бұрып ала қояды. Сталин мен Чой­бал­­сан Қытайдағы қарсыластарын  Оспан арқылы бас көтертпей тастаған соң,  енді өздері Оспаннан қауіптене бастайды. Азат болған Алтай аймағын­да­ғы билікке Қазақстаннан «өз» адам­дарын әкеліп отырғызады. Же­рін, елін жанынан артық көретін Оспанға, әрине, бұл өте ауыр соқ­қы болады. Әскерін алып тауға кетеді.  Кең­естік арнаулы құрылымдардан жасақ­тал­ған, бірақ Шығыс Түркістан  әскер­ле­рі­нің киімін киген сарбаздармен, ком­му­нис­­­тік  қытай  әс­кер­лерімен, Моң­ғо­лия­ның әске­рімен қатар соғысады. Оспан енді Ұлыбритания, АҚШ елші­ліктерімен байланыста болады. Олардың комму­нистік идеяның кү­шейіп кетпеуін қолдайтынын аң­ға­ра­ды. Ақыры  1951 жылы Қытай әс­кері Оспанды қолға түсі­реді. Мыңдаған адам өлтірді, мал тонады, Америка мен ағыл­шын­дар­дың тыңшысы болды деген айып тағылып, 1951 жылы 28 сәуірде Үрім­ші­де атылады. Бұл Оспан батыр­ды білмейтін қазақстандық оқыр­мандар үшін өте ықшамдалған өмірбаян. Енді осы оқиғаның өн бойына қан жі­беріп, оған оқырманын тербетіп отыратын әуез қосып, оны оқыған адамның жү­регіне құйылып тұратын­дай күйін­діріп, сүйін­ді­ріп жазу Жақ­сылық  Сәмит­ұлынан өзгенің қолынан келмес еді деп ойлаймын. Әрқайсысы 700 беттен тұратын үш кітаптың әр па­ра­ғын оқыған сайын жауымен кескілес­кен, намыс қайраған,  кегін алған Оспанның жанашырына ай­наласың. Оспанның тағдыры ауыр тра­гедиялық, әрі сұлу романтикалық өмір. Өткен дәуірдің қоғамдық құ­былыстарын қаз-қалпында бейнелеп, қабілет-қауқары әр деңгейдегі жеке адамдар­дың күллі тірлігін бар беде­рі­мен, бар қайшылығын мөлдіре­тіп жеткізу білмейтіні жоқ жазу­шының ғана қолынан келеді. Жақсылық Сә­мит­ұлы жазушылығымен қатар, философ, тарихшы, этнограф, керемет пси­холог, саясаткер, демограф, тіптен, тіптен сексопатолог. Шығарма кілтін сол көп біл­ген­дігінің арқасында дөп басқан.
Тарихи тақырыпқа жазу оңай емес. Солай бола тұра, «Қаһарлы Алтай» Жақ­сы­лық Сәмитұлының өмірлік мұраты болған секілді. Ол Оспан батырды елге танытып, оның бейнесін, қимыл-қоз­ғалы­сын, мінезін, ішкі сырын, ойын тү­гелдей халыққа ұқ­тыру үшін өзін аямай жұмыс істеген секілді. Оспанды жақсы көріп, жақсы ықыласпен жазған. Соның үдесінен шыққан. Сюжет құрылысындағы панорама есіңді алады. Трилогия ұлт-азаттық көтеріліс туралы болғандық­тан соғыс эпизодтарын көрсету шешу­ші меже екені анық. Екі  жақтың  қантө­гіс соғы­сын­да Оспан жақты оп-оңай, бөгетсіз, қиын­дықсыз жеңіске жеткізе салмайды. Ол жақын адамдарынан айырылады. Сатқындық кө­ре­ді. Жақсылық Сәмитұлы соғыстың  әлеуметтік мәнін ашуға келген­де алдына жан салмайтын сәйгүлік жазушы екенін аңғартады. Басты тұлғаның бейнесін ашу үшін жеке тағдырларды, әр түрлі көзқарастарды, сана күресін өте бір шеберлікпен суреттейді.
Өткен өмірдің  ішкі әлемін, жан сарайын ашуда емген сүтін арамға шығарған Зияқанның бейнесін то­быр­лық кейіпте сәтті берген. Сұмы­рай, өз ұлтына қарсы жұ­мыс істейтін сатқын.  Шен алу үшін аз­ғы­н­дықтың қандай түріне де барады. Дәуірі жү­ре­ді. «Сом темірге балға бар, шіренгенге Алла бар».  Өмірінің соңы ит талаған­дай болады. Әйелі мен баласын «өзім осыларға сіңдім-ау» деген  генерал­дың  әскерлері атып кетеді. Әкесі соққыға жығылады. Қарындасы Гүлзаданың тағ­ды­ры ше. Ақылды, мінезді, өңді қыз боп бойжеткен. Анасы да өмірден өтерде осы Гүлзаданы Зияқанға тапсырған. Әскерлер сол аяулы қызды нендей тәлкек­ке тастамады! Міне, Зияқан Сартоғайдағы үйіне келе жатыр. Генерал Яңның әскерлері өткен күні қырғын жасап кеткен. «…Алдында бұрынғы киімі ретті, таза киетін сүйкімді қарындасы емес, бөтен біреу тұр. Жайып жіберген шаштары са­ба­лақ-сабалақ, білте-білте. Ұсақ гүлді шыт көйлегінің кеудесі алқам-салқам. Түйме­лен­беген инішінің бір шетінен омырауы­ның ұшы, қоңырқай дөп-дөңгелек шең­бердің ортасынан шошайған үрпі қыл­­т­иып  шығып тұр. Кір-қожалақ көй­легі де қып-қысқа. Екі тізесі қара қотыр­лан­ған жара. Онан төмен айғыз-айғыз тілінген көп шимай-жарақат. Қыз сіле­йіп қозғал­май қалды да аттылар жақындап дәл қа­сы­на таяған кезде, шадырайып үш бұ­рыштанған көздерімен тігіле қарап тұ­рып барып, көйлегінің етегін көте­ріп, екі ті­зе­сін алшайта бүгіп, әбүйірін кө­р­сетті.
– Мә, мынау керек па? – деді езуін жия ыржыңдап.
Мына көрініске  жүрегіңіз шыдамайды. Кітапты оқығалы бері иттің етінен жек көріп кеткен Зияқанды мүсіркейсіз. Жазушы оны аямайды. Аямақ түгіл өң­менінен өткізіп жібе­реді. Өз құдығына түкірген адамның сазайын берерде қанына қарайып алған.
 Өткен жолы жолыға  барғанда Қа­был тәйжі не деп еді.
« – Сенің жолың керу жол. Қазір қы­тайлар дәуірлеп келеді. Соған сене­сің. Бірақ өкімет деген ол да адам сияқ­ты. Адам баласы  иманын күтіп, тазалықты ұстанса, өзін-өзі қорғай білсе, пәле-қазадан, жаладан, індеттен бой тартып аулақ  жүрсе жүзге дейін  жасай­ды. Өкімет  те сондай. Ол да дү­ниеге келеді. Өседі. Дәуірлейді. Қар­тая­ды. Өледі.
Қараймайтын  жүрек, қалмайтын  көңіл болмайды. Сынбайтын  темір, өт­пей­тін  өмір болмайды. Өлмейтін адам, өшпейтін бақ болмайды. Қаза болмайтын хан, құламайтын тақ болмайды. Дүние заңы осылай».
Әркім-ақ  жанарында сақтап, көл­ең­ке түсірмеуге тырысатын аяулы қазақ әйел­де­рінің бейнесін жасауда Жақ­сылық Сәмитұлы бейнелеуге де, мі­нездеуге де, әсерлеуге де, портрет жа­сауға да қысыл­май, еркін көсіл­ген.
Трилогиядағы Шәмсия сөзімен, іс-әрекетімен сол өзі өмір кешкен дәуірге сай. Қорғансыз қазақ әйелі. Осы Шәмсия­ның бейнесін сомдағанда жазушы қазақ ғұрпын, тұрмыс-салтын, тіршілігін, сана деңгейін, мі­незін, қарым-қатынастардың шие­ле­нісін, шарықтауын жазғанда  ойын үстемелеп аямай үйіп-төгеді. Опық жегізеді, сорлатады. Аздап-аздап бақ та қондырады.
Зияқан Шәмсияны ашыналыққа қорқытып көндіреді. Көз алдына  ша­лық­тап, бақытқа мас болып ұйықтап жатқан Шәмсияның бейнесі көз алдына келген Айжан іштарлықтан оны барып қажы апаға айтады. Жазасы кесіледі.  Бір отар қойға таптатады. Енді оны Жақсылық Сә­митұлының жаз­ғанынан көрейік. «Төрт жерге шаршылап қазық қағып, алдын-ала дайындап қойған екен. Жәмиға оны желкесінен тізерлеп, басып отырды да, ана екеуі мұның екі қолының біле­зігі­нен, жіліншігінен  ілмектеулі жіпті іліп жіберіп, қазыққа апарып орады. Сонан соң жіптің ұшын қатындар ая­ғы­мен теуіп отырып қатты тартты… шыдай алмай басын сәл көтеріп қарап еді, қарсы алдынан өзіне қарай ақы­рын қыбырлай баста­ған қалың қой­дың қысқа сирақтарын көрді… ендігі сәтте қолына шыбық алып, таяқ ұстаған қалың бала қаралы қойдың ту сыртын айналып, жанталаса  куәй-куәй­лап, қойды да, жерді де қоса сабалап, көше боп тізіліп,.. тықсыра жөнелді… Ештемені парық қылмай­тын, пәруәсіз, дүлей қой баласы  еш­теңеден  секем алмастан, баяғы мыл­қау, маңғаз қалпында, ең алдымен тап жел­кесінен бастап, онан  жылжып, жанына, бөксесіне, балтырына қарай біздей тұяқтарын шегелей қадап, бірі­нің артынан бірі, көпке дейін соңы жиы­лып болмай, асықпай найқалып басып өтіп жатты…».
Қол-аяғын шешіп босатып алғанда Шәмсия талып кеткен екен. Оның халін көрген Айжан шыңғырып жі­бе­ре­ді. Шәмсияның халін қажы апа көріп тұрып, қабағын түйді. Жамиға бір түкірді де, қайқаң қағып, жан-жағын ала көзімен шолып шығады. Қажы апа күрсінеді. Өзінің де аталас бір жігітпен бір уақыт күнәлі болған кезі бар. Аттандырғалы  отырған кеш­кі ойын арасында ұрланып шы­ғып, шер құмарынан арыла, кезігіп қайт­қаны өмір бойы есінен шыққан емес. Онан кейін тағы да екі-үш еркектің өң-шырайы көз алдында әлі жүр. Соларды ойлады да «мың күнәға – бір тәу­ба» деп сәждеге бас қояды. Күйініп отырған оқырманның осы тұста қандай күлкі екенін қайдам, жымия­ты­ны бар. Жылы ойнақылық. Қажы апа енді Шәмсияны көз алдына келтіреді де, «қазір бүйтпесе болмай­ды  ­ғой. Заман бұзылған кез. Еркек кін­дікті түгел жанын шүберекке түйіп, оқтың өтінде, ажалдың аузында жүр. Олардың ақ төсегін аялау, қорғау керек. Нәпсіге бой ұрып, шай­тан­ның тіліне ерген әулекі қатын­дар­дың еркіне қоя берсе аста адалдық, көңілде иман қала ма?» деп Құнан­байшыл мінезін ақтап ала қояды.
Шәмсия осы кезде Асқабылды есіне алады. Сағына, зарыға ойлайды.  Дәл қа­зір бұған бір адамның жаны ашыса, соның ғана жаны ашыр еді. Күнәсін кешсе, сол ғана кешер еді. Өзіне істелген зор қиянат­ты біле тұрып-ақ соның ғана мейірі түсер еді. Ал біліп көр, түсініп көр, әйел мінезін, әйел табиғатын. Асқабыл – мына өмірде ешкімге керек емес адам. Алла жаратқан соң келе салған. Бордай то­зып жүретін жігерсіз, намыссыз. Өс­тіп салпылдап жү­ріп-ақ бүлдіріп жүреді. Шәмсияның өзін емес, тыр­нағын қимайсыз оған. Шәм­­сия енді келіп  соны ойлайды. Жазушы кейіп­керлерін оттан шығарып, суға салады. Ащы  өмірді  одан  әрі  тұздық­тай­ды. Қа­лиман, Мәлипа, Айжан, Гүлзада басын­дағы аяусыз тағдыр – жүз рет өшіп, қайта оңалған қазақ әйелдерінің өмірі. Жақсы­лық Сәмитұлы қоғамның өсуін,  өрбуін, өшуін, күйреуін Көнек­бай, Ырыс­қан, Есім­хан,  Жексен се­кілді  кейіп­кер­лер ар­қылы  шебер  суреттеген. Деректі шығар­­маны тарихи романға, одан тарихи өнерге айнал­дыр­ған жазушы шеберлігіне шын  жүрегіңмен қуанып, оған өзге оқыр­ман­­ды да ортақтастырғың келіп кете­ді екен.
Оспан батыр бастаған көтеріліс бір үзім нан, татар дәм, көрер күн үшін ғана болған көтеріліс емес. Адам намысын қорғау жолындағы теңдік, бауырластық, ар-ождан тазалығы, дүние үйлесімділігі үшін күрес. Оспан –  батыр. Жалпы, жұрт­қа осы сөздің өзі-ақ жетіп жатыр дейміз кейде. Ол әңгіменің бер жағы. Оның өмірін, оның ерлігін, тағдырын роман  деген жанрдың көркем бейне деген тұсына әкеліп салып көріңізші. Тепе-теңдігін  Жақсылық Сәмитұлы ғана жасай алады. Ел тарихы, жер бедерінің ав­тор­ға етене таныстығы да көп көмегін тигізгені сөзсіз. Бірақ талант болмаса, шеберлік болмаса Оспан бейнесі осыншама асқақ­тап көрінбес еді. Қазақстандағы көп оқырман оның азаматтық ұстанымын түсінбей, батыр ма, әлде банды ма деген солқылдақ ойдың жетегінде әлі де жүре бере ме еді? Адамдық, жазушылық парызды өтеудің азапты жолынан өте отырып, Оспан батырды бүкіл қазаққа танытып кетті. Таныта отырып, оқыр­ман­ның шұқы­­ланып кемшілік табуына да мүм­кіндік қалдырмаған.
Ділдәр Мамырбаева.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір