Қадым заманнан қалған Қышқала
Профессор Мадияр Елеуов басқарған Тұран археологиялық экспедициясы 2018-2021 жылдар аралығында қадам заманнан қалған Қышқаланың орнында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, орта ғасырлық мұраларды ашты. Қышқала. Ол қай өңірде болған? Археологиялық қазбалар қандай нәтиежеге жетті? Бүгінгі ұрпақ Қышқала туралы біле ме? Бұл сұрақтарға экспедиция жетекшісінің мақаласынан жауап табуға болады.
(Ескерту: «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конфренцияда оқылған баяндаманы көпшілік оқырманға түсінікті етіп, ықшамдап жарияладық).
Ортағасырлық Қышқала Қызылорда қаласынан оңтүстікте 30 шақырым жерде, Қоғалыкөл аулының маңында орналасқан. Қазіргі күнде Баршынкент қаласымен баламаланып жүрген бұл қала туралы жазба деректер Плоно Карпиниде, Армян патшасы Гетумда, Жамал әл-Қаршиде кездеседі Қышқаланың орналасқан жері В. А. Каллаурде де көрсетілген.
1946 жылы Қышқалада болған С.П. Толстов қаланың Асанас пен Женттің аралығында орналасқанын айтады. Ә.Х. Марғұлан Қышқаланы Сырдарияның оң жағасында Қызылорда мен Шиелінің аралығындағы Қызқала дейді.
1960 жылы Ә. Қоңыратбаев пен Ғ. Мұсабаев Қышқалада барлау жұмыстарын жүргізген еді.
2018 жылы Тұран археолгиялық экспедициясы Қышқалада қазба 1, қазба 2 жұмыстарын бастап, қаланың төңірегінде археологиялық барлау жүргізді. 2019 жылы экспедиция қазба 2-ні онан әрі жалғасытырып, қазба 3, қазба 4 және кесік салды. 2020 жылы экспедиция қазба 1-де зерттеу жұмыстарын жалғастырылып, қазба 5, қазба 6, қазба 7 және кесік салды.
2021 жылы Тұран археологиялық экспедициясы Қышқала маңында барлау жүргізіп, Қышқаланың тарихи-топографиялық құрылымын анықтап, қаланың орталық бөлігінде стратиграфиялық қазба, шруашылық аймағында қазба 1-ді онан әрі жалғастырып, 2020 жылғы қазылған кесік кеңейтіліп (қазба 8), қаланың орталық бөлігінде қазба 9 және қорғаныс жүйесін анықтау мақсатында кесік (қазба 10) салды.
1-қазба Қышықаланың шаруашылық аймағының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, үстінде қыш-кесектер мен сырланған ою-өрнегі бар кесектер сынығы шашылып жатқан, көлемі 30х32 м биіктігі 1-1,5 м төбеде 2018, 2020-2021 жылдарда, көлемі 30х17 м, қазба 1-1,5 м тереңдікте жүргізіліп, екі бөлмелі кесене ашылды. Кесененің солтүстік-батысқа қараған қасбеті жағындағы бөлменің көлемі (қабырғасының сырт жағынан есептегенде) 11х11 м, оның сырт жағындағы келесі (оңтүстік батыс шетіндегі) бөлменің көлемі 7х7 м. Кесененің қасбеті тұрғызылған бөлігінің көлемі 4,5х12 м. қасбетінің ортасындағы аркалы есіктен кірген жердегі негізгі бөлменің (зиарат ету, дұға жасау бөлмесі) ішкі көлемі 7,5х7,5 м. Бөлменің еденіне тұтастай көлемі 26х26х5 см қыш кесектер төселген. Осы бөлмеге оңтүстік-шығыс шетінен жалғасқан қабірхананың ішкі көлемі 4х4 м. Бұл бөлменің табанында үлкен бөлменің еденіне 0,6-0,7 м тереңдікте қыш кесектен қаланған, төбесі күмбезделіп жабылған қабірхана орналасқан, оның қырынан қаланған қыш кесектер тұрғызылған күмбезі бұзылып кеткен. Қабірхананың көлемі 2,5х1,8 м, оның алдыңғы жағында төмен түсетін баспалдақ орналасқан бөлігі бар. Қабырғаның сыртқы бетін безендіру үшін арнайы пайдаланылған. Негізгі құрылыс материалы ортағасырлық дәстүрлі 26×26×5 см, 27×27×6 см көлемдегі күйдірілген қыш кесектер. Құрылыстың жоғарғы жағы мен есіктің айналасына кесіп өрнек салған тақталар құрандысы жапсырылған.
2-қазба қаланың шаруашылық аймағының солтүстік бөлігінде, Қоғалыкөл ауылының қорымынан 0,6 км шығыста орналасқан аумағы 40 м биіктігі 2,5 м төбеде 2018-2019 жылдарда жүргізіліп, жобасы сегіз қырлы, аумағы 28 м, төрт мұнаралы, екі қақпалы, 19 бөлмеден тұратын медресе ашылды.
Ашылған құрылыстың сыртқы қабырғаларының ұзындығы 7-14 м аралығында, ені 1 м, сақталған биіктігі 5-60 см, сыртқы және ішкі жиектері 26×26×4-5 см, 27×27×45 см бүтін кесектермен қаланып, олардың арасы қою лай араластырылған кесек сынықтарымен толтырылған. Құрылыстың төрт бұрышында симметриялы орналасқан аумағы 1,7-1,9 м мұнаралары бар. Барлық мұнаралардың сыртқы жиектері 20×20×10 см, сыртқы қыры доғалдау етіп арнайы құйылған кесектермен өріліп, ортасы лай араластырылған кесек сынықтарымен толтырылған.
3-қазба 2 қазбадан солтүстік-шығыста 30 м жерде орналасқан көлемі 18х21 м, биіктігі 1,8м төбеде жүргізілді. Көлемі 14х16 м, тереңдігі 1,5-2 м қазбадан ашылған қыш күйдіретін пештің сыртқы көлемі 5,6х4 м, сақталған биіктігі 1,5-2 м. Пештің 44-46х24-26х8 см кесектен қаланған сыртқы қабырғасының қалыңдығы 1 м. Пеш оттық пен күйдіру камерасынан тұрады. Оттық және күйдіру камераның қабырғалары тік, оның үстін жауып тұрған сегіз арканың табанынан иығына дейінгі биіктігі 1,2 м.
Көлемі 15х15 м, тереңдігі 1 м 4-қазба 3-қазбадан шығыста 50 м жерде орналасқан төбеде жүргізілді. Қазба барысында, оның солтүстік қабырғасын жиектей орналасқан 5 жерлеу орны және оңтүстік-батыс бұрышынан үш жерлеу орындары ашылды. Қазбаның орталық бөлігінен ашылған 1-бөлменің көлемі 3,4х3,4 м, қабарғалары кесектен қаланған. Солтүстік қабарғада орналасқан есіктің ені 1 м. Осы бөлменің оңтүстік қабырғасына жанаса орналасқан келесі бөлменің көлемі 1,4х3,8 м. Оның шығыс бұрышында су ағары бар. Бірінші, екінші бөлмелердің батыс жағында орналасқан, кесектен қаланған қабырғалары қатты бұзылып кеткен үшінші бөлменің көлемі 4,4х6 м. 4-қазбадағы бөлмелерден бояулы бояусыз ыдыс сынықтары табылды.
Көлемі 10х10 м 5-қазба сегіз қырлы медреседен батысқа қарай 20 м жерде орналасқан төбеде жүргізілді. Қазбаны тазарту барысында 0,5 м тереңдіктен 1-ші және 2-шаршылардан қыш кесектен өрілген құрлыстың қалдықтары шыға бастады. 3-және 4- шаршыларды 1 м тереңдеткенде оның оңтүстік-шығыс бұрышынан көлденең өткен қыш кесектен өрілген ұзындығы 3 м, ені 0,5 м биіктігі 5 см қабырға ашылды.
6-қазба қазіргі Қоғалыкөл ауылының зиратынан 250 м оңтүстік-батыста 2019 жылы салынған кесіктен ашыла бастаған құрылыс қалдығын анықтау мақсатында жүргізілді. Көлемі 15х10 м қазбадан екі мәдени қабаттың құрлыстары ашылды. Жоғарғы қабаттан қыш-кесектен өрілген екі мұнара мен олардың арасын жалғап тұрған қабырға, құдық және ошақ табылды. Қазбаның шығыс жағындағы бірінші мұнараның аумағы 2,2 м сақталған биіктігі 0,050,3 м. Батыс жағындағы екінші мұнараның аумағы 2 м, сақталған биіктігі 0,3-0,4 м. Екі мұнараның арасын жалғап тұрған қыштан қаланған қабырғаның ұзындығы 8 м, ені 1,7 м. Шығыс мұнараның батыс жиегінен 0,8 м аралықта орналасқан іші қыш кесектен қаланған құдықтың аумағы 1 м, тереңдігі 1,1 м. Батыс мұнараның оңтүстік-шығыс жағына іргелес орналасқан тандыр пештің аумағы 0,5 — 0,7 м, биіктігі 0,3 м.
Төменгі қабаттың қалдықтары жоғарғы қабаттағы мұнаралардың солтүстік жағынан анықталды. Жобасында төртбұрышты көлемі 7,6х5 м, биіктігі 1 м, ені 0,65 м кесектен өрілген бөлменің оңтүстік шеті жоғарғы құрлыстағы мұнаралардың астына қарай өткен. Бөлме қабырғаларының ішкі және сыртқы жиектері бүтін, ортасы сынық кесектер мен қою лай араластыра отырып өрілген. Қазбадан бояулы ыдыстардың сынықтары және ұршықбас табылды.
7-қазба 6-қазбадан солтүстік-батыста, 400 м жерде қаланың орталық бөлігінде жүргізілді. Көлемі 10х15 м, тереңдігі 0,5-2 м. Қазбаны жүргізу барысында А 1 шаршының солтүстік-шығыс бөлігінен көлемдері 25 х 25 х 5 см қыш кесектен бір қатар етіп төселген еден ашылды, оның сақталған көлемі 1,5 х 1,8 еденнің оңтүстік-батыс жағындағы кесектер бұзып алынған.
А2 шаршының оңтүстік жағындағы жалдың астынан кесектен қаланған батыстан шығысқа қарай бағытталған, қалыңдығы 1м, сақталған ұзындығы 2,1м, биіктігі 25-30 см, жан-жағы бұзылып кеткен қабырға ашылды. Осы қабырғадан солтүстікке бағытталған ұзындығы 3 м, биіктігі 5-15 кесектен қаланған қабырға көлемі 3 х 2,5 м алаңға жалғасқан. Алаңның жалға қатар жатқан шығыс жиегінде 1 қатар қырынан қаланған кесектің арасында күл жатыр, ал ішкі жағында сексеуілдің күлі толған ошақ орналасқан. А2 шаршыдан ашылған құрылыс қалдықтары кесектерді қазып алу кезінде қатты бұзылған
8-қазба 2020 жылы Қышқаланың шаруашылық аймағынан қазылған 2-кесіктен ашылған құрылысты толық ашу мақсатында 2021 жылы солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай көлемі 15×12 м, тереңдігі 1-1,3 м қазба жүргізілді. Қазбаны көлемдері 45х30х5 см бүтін және сынған қыш кесек аралас бос топырақтан тазартқанда, шығыстан батысқа қарай бағытталған көлемі 10×10 м құрылыс ашылды. Құрылыстың еденінен бірнеше жерлеу орындары кездесті.
9-қазба көлемі 8 х 2 м шығыстан батысқа қарай бағытталған стратиграфиялық қазба орталық бөліктің солтүстік-батыс бұрышынан 45 м жердегі биіктігі 2,5-3 м төбеде жүргізілді. Тереңдігі 2,5-4,5 м қазба тігінен ярустарға (0,5 м), көлденеңінен шаршыларға (1х1 м) бөлінді. Қазба салынған жерден екі хронологиялық кезеңге жататын төрт еден ашылды (жоғарыдан төмен қарай).
10-қазба 8-қазбадан 45 м солтүстіктегі ені 8 м, биіктігі 2 м жал мен оның сыртындағы тереңдігі 1,5 м орға салынған кесіктің ұзындығы 15 м, тереңдігі 2,5-3 м. Қазба барысында екі кезеңде салынған қамалдың қалдығы ашылды.
Сонымен 2018-2021 жылдарда Қышқалада (Баршынкетте) жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде оның тарихи-топографиялық құрылымы анықталып, шаруашылық аймағы мен орталық бөліктегі қазбалардан алынған жаңа деректер бұл қаланың гүлденген кезі Алтын Орда дәуірінде болғанын көрсетті.
Мадияр Елеуов, тарих ғылымдарының докторы, профессор