«ТАҢҒАЖАЙЫП БҰЛ ҚАЛАЙ ХАТ, МАҒЫНАСЫ – ЖАҚЫН, СӨЗІ – РАС…»
29.10.2021
1682
3

Иә, шындығында да, бұл бір таң қалдырған,  Абайдың сөзін сәл қырнап айтсақ, «мағынасы – жақын, сөзі – рас» тосын хат болды. Мынау бауыры суып бара жатқан қоғамда  адамдардың арасындағы хат алысып, ой бөлісу дәстүрінің тоқтам тапқанына да ширек ғасырдан асқан шығар. Менің ең соңғы өз қолыммен почта арқылы жолдаған хатым –  академик Әлкей Марғұлан мен Қайым Мұхамедхановтың бірінің еңбектері туралы екіншісі пікір білдірген дұғай сәлемдері еді. Ал хат арқылы небір жан құпиялары мен шығармашылық ойларын бөліскен, жазушылардың арасындағы эпистолярлық мұра деп аталатын бұл жанр  көзден ғайып болғалы  қашан. Сол хаттар арқылы қаламгерлердің өмірбаяны мен шығармашылық шеберханалары туралы зерттеу кітабын жазатын  заман да келмеске кетті. Соларды оқып отырып, сол мүмкіндіктің жойылғанына өкінетін едім.

         Соның өтеуіндей  болып, сәрсенбінің сәтті кешінде почтальон келіншек хат әкеп тапсырғанда қатты таң қалдым. Расында да, «таңғажайып бұл қалай хат!» деген сөз ойыма орала кетті. Сөйтсем, хат жазушы – ақын әрі жоғары деңгейдегі сыни пікір иесі Аян Нысаналин ағамыз екен. Хаттың мазмұнымен танысқан соң, одан бетер таң қалдым. Өйткені ақын ағамыз Абай мен Толстойдың шығармашылық байланысының ашылмай келе жатқанына алаңдап, өзінің Толстойдың 97 томдық академиялық басылымынан кезіктірген бір деректің көшірмесін менің  назарыма ұсынып, абайтанушы ретінде ескере жүруімді  емеурін етіпті. Міне, туған ұлтының руханиятына жаны шын ашығандық деп осыны айту керек.

         Қаламдастармен хат арқылы мұндай пікір алыспағалы қай заман?! Ағалардың қолтаңбасын да сағыныппыз, шынын айтқанда, ұмытып та қалыппыз.  Шығармашылық иелерінің жандүниесін жақындастыратын осынау хат алысу дәстүрін жаңғырту мақсатында Аян ағамыздың дұғай сәлемін және ондағы айтылған мәселені қаламдастарымның назарына ұсына отырып, осынау үрдістің  ұмыт қалмауын қалайтынымды әріптестеріме жеткізгім келеді. Себебі әр хатта біздің көркем қиялға еліткен жандүниеміздің бір бөлшегі бар.

         «Тұрсын-жан! Аман ба?!. Мен саған Р.М.Елкібаевқа (Елікбаев болуы мүмкін) жазған Л.Толстойдың хатын жіберіп отырмын. Кезінде ол Семейде жүріп, Құнанбай әулетімен неге араласпағанын білмеймін. Айналымға түсуі керек-ақ. Қалай? Қайтып? – деп бастапты өзінің ғұсни хатын Аян ағамыз – Абайтануға үлкен үлес қосып жүргеніңді білемін. Оқып тұрамын. Н.Омашевтің мақаласы да сәтін салғандай. (Жетпіс жасқа толуыңа) Құтты болсын айтқым келеді.

         Мәскеудегі әдебиеттің М.Горький атындағы институтында оқып жүріп (25 жаста) «Подвиг Абая» атты толғауым шықты. «Огонек» журналында басылды. Абай, М.О.Әуезов, Ғ.Мүсірепов және кең көлемді кеңес жас поэзиясы туралы мақалаларым шығып еді. Елеусіз қалды. Мейлі де. «Шындық шуағы», «Сөз семсері» атты сын кітаптарым дайын тұр. «Жөргем» дейтін жыр жинағым да әзір. Тағы не бар? Құдайдың көрсеткенін көрерміз.

         Кейінірек хат жазысармыз. Қапелімде қысылтаяң болды. Хабарлас. Көп нәрсе айтқым келіп еді. Өзімді де, өзгені де аядым. Қолыңды қысып – Аян ағаң. 2.Х.2021 ж.», – деп аяқталыпты хат.

         Иә, заманымыз қатарласа өткен аға жазушылармен де, қапталдастарымызбен де, тетелестерімізбен де өзара айтатын сырымыз да, бөлісетін ойымыз да, кейбір тиянақтап алатын сұрақтарымыз да бар. Жер аяғы кеңісе, кездесерміз деп ойлаймын. Осы хаттан Аян ағамыздың  бүгінгі атқарып жатқан еңбегінен де қысқаша мағлұмат  алдым. Ең бастысы, хаттың жолдану себебі – осы сәлеммен бірге  жіберілген Л.Н.Толстойдың Семейдегі  кітап дүкенінің иесі Рахметолла Менғалиұлы Елікбаевқа жолдаған хаты. Мұндай қуанбасым болар ма? Абайдың ислами көзқарасы туралы Шариғат, Тарихат, Мағрифат, Ақиқат сатыларын қамтитын философиялық ойларының жігін ажыратамын деп, соның ішінде өзім осы тоқсан томдықтан студент кезімде оқыған Мұхаммед пайғамбар туралы Толстойдың мақаласын қалай тапсам деп мүттәйім болып отырған сәтім еді. Аян ағамыздың хаты сол ойымды самал боп желпіп, мен білмейтін, білсек те ұмытқан жайларды еске салды. Осы деректің өзі де – қазақ әдебиеті тарихына тыныс  әкелетін, абайтану саласында жаңа ізденіске жетелейтін тәмсіл. Аян ағамыз жолдаған Л.Толстойдың сол хатын түпнұсқа бойынша аудармай ұсынғанды жөн көрдім. Өйткені  мұндағы әр сөзде  данышпан Толстойдың демі мен қалам лебі өзінің ана тілі арқылы жеткізілген. Ал жазушы үшін оның үлкен маңызы бар.

         «Любезный брат Рахматулла Мингалиевич, Я уже много лет тому назад предоставил всем право издания всех моих сочинений, написанных после 1881 года, а так же и переводов. Но очень рад случаю лично передать вам это, не разрешение, а блогодарность за ваше в высшей степени прятное мне предложение. При этом случае посылаю вам для вашего выбора те из моих писаний, которые у меня под рукой. Что же касается до вашего мнение о моем суждении об исламе, то хочется вам сказать то, что истинная религия, по моему мнению, есть только одна. Вся эта истинная религия еще не открылась человечеству, но часть ее проявляется во всех исповедениях. Весь прогресс человечества состоит в этом всё большем и большем и большем уяснении ее. И потому всем любящим истину надо стараться отыскивать не различия в религиях и их недостатки, а их единство и достойнства. То, что я стараюсь делать по отношению всех религий и также и по отношению хорошо мне известного ислама. Известна ли вам составленная мною книга «Круг Чтения»? Она отчасти удовлетворяет этим требованиям. Я думаю, что перевод этой книги на арабский язык был бы не бесполезен.

         Желаю вам всего лучшего. Лев Толстой. 10 июння 1908 года».

          Осыдан кейін осы хаттың басылымы жайына түсініктеме беріле келіп, хат жолданған адам туралы мынадай анықтама береді. «Рахматулла Мингалиевич Елькибаев (1877-1919) – диірменшінің баласы. 1901-1912 жылдары мұсылман балаларына арналған үйдің (интернаттың) мұғалімі және меңгерушісі болған, соңғы жылдары кітап дүкенінде істеген. Семей қаласының тұрғыны. 1912-1914 жылдар арасында Толстой туралы жазған бірнеше мақаласы мұсылман журналдарында жарияланды. 1908 жылы 9 июнь күні Москвадан (почтадағы штамп бойынша) жолдаған хатында Р.М.Елькибаев Толстойдан оның шығармаларын түркі және араб тіліне аударға рұқсат сұраған. Толстойдың діни көзқарастарына түсіністікпен  қарай отырып, ол Толтойдың исламды жете бағаламайтынына реніш білдіреді. Сонымен қатар басылым тарапынан: Толстой ислам ілімінің адал  нормаларын жоғары бағалаған. Жазушының «Круг чтение» және «На каждый день» атты кітатарында  Мұхаммедтің хадистерінен көптеген үзінділер келтірген. Ал Елькибаевтің аудармалары жарық көрді ме, жоқ па, ол жағы шығарушылар алқасына беймағлұм»,  – деген ескерту берілген.

         Аян ағамыз Толстойдың 77-78 томындағы осы хаттың көшірмесін жолдау арқылы маған: Р.Елікбаев туралы және оның Абаймен байланысы туралы мағлұматтарды іздестіру  жөнінде ишара жасап отырғаны анық. Шындығында да, Абай мен Шәкәрімнің көркем көзқарасы мен талғамына аса зор ықпал жасаған Толстойдың қазақ әдебиетінің дамуына  еткен әсері мен байланысы туралы тақырып өте ауқымды әрі арналы зерттеуді талап етеді. Шәкәрімнің Толстойға хат жазғаны, одан алған жауабы туралы мағлұматтар ақынның өз еңбектерінде және естеліктерде қамтылған. Аян ағамыздың хат арқылы берген тапсырмасының маңызын терең сезіне отырып, әзірше ашық айтарым мынау: Р.Елікбаев туралы мағлұматтар әртүрлі деректерде кездесіп қалады. Ал Шәкәріммен таныс болғаны, ақынның Семейді «Жәрдем» баспасынан шыққан «Жолсыз жаза», «Қазақ, түрік һам хандар шежіресі», «Қалқаман-Мамыр» атты кітаптары осы Р.Елікбаевтің кітап дүкені арқылы таратылған. Ол туралы хабарландыру да жарияланса керек.  Мұхтар Әуезов ол кісіні жақсы білгені сөзсіз. Ұмытпасам, Р.Елікбаевтің және тағы бір қазақтың оқыған азаматының Толстоймен хат жазысқаны туралы дерек алпысыншы жылдардың аяғында, жетпісінші жылдардың басында баспасөзде жарияланды. Жинақтарда да шағын мағлұматтар берілген. Арада өткен елу жылдың ішінде ол мақаланың авторы кім екенін болжай алсам да, нақты есімі мен басылым жадыма түспеді. Дегенмен де  Аян ағамыздың бұл  емеурін-ишарасына бір жылдың көлемінде толық жауап табылып қалатынына сендіре аламын.

         Қадірлі Аян аға! Осындай қазақ руханиятының қадірлі бір бетін ашып, ұлттық санамыздың даму өрісін еске түсірген аманат хатыңызға рақмет! Әр жазушы осылайша сыр бөлісіп, ой алмасып, біріміздің ұмытқанымызды екіншіміз еске салып, ескертіп отырсақ, мәдениет пен әдебиет саласындағы көптеген саңлаудың жыртығы жамалатыны анық. Қаламдас, аға-бауыр, құрбы-құрдастар! Желідегі сөз желге кетеді. Хаттағы сөз жүректе қатталады. Хат жазуды қаперге ала жүрейік. Ал Толстойдың Рахматулла мен Шәкәрімге, Рахматулла мен Шәкәрімнің Толстойға жазған хаттары, сондай-ақ Р.Елікбаевтің өмірбаяны мен оның Толстой туралы жазған мақалаларын іздестіруге осы бағытта зерттеу жасап жүрген доктор шәкірттеріме – Қарлығаш Әубәкірова мен Еркін Рахметоллаұлына тапсырамын. Әттең, Қайым ағамыздың жоқтығы осындайда білініп қалады. Мәтқапылық деген  сол. Егер Аян ағамыз хат жазып, еске салмаса, осынау бір тың дерек те қашан әлдебір жанкешті оқырман не жазушы Толстойдың тоқсан томдығын оқып шыққанша, назардан тыс қала беретіні анық еді. Соны қаперге алғаныңыз үшін де, рақмет, Аян аға! Енді, бұл деректі жасырын ұстау – қиянат деп біліп,  өзіміздің жанашыр газетіміз «Қазақ әдебиетіне» ұсынып отырмын.

         Аян ағамыздың маған жолдаған хатын қаламгерлердің төл газетіне ұсына отырып, жалғызсыраған адамның жанын жұбататын жақсы да дәстүрлі жанрды ұмытпасақ екен деген тілек білдіргім келеді. Онсыз да, сырласымыз ойсырай азайып бара жатқан мына заманда, айтылмай, не айта алмай қалған сырымыз ішімізде кетпесе екен деймін. Дидахмет марқұм кейде өзіне өзі хат жазып, іле жыртып тастап отырушы еді. Сонда, достарынан хат күтеді екен-ау. Қайдан білейік. Сәлеммен –

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 01.11.2021 | 17:12

Жаса, Тұрсеке! Егіздің Сыңары З.Т.

Аноним 06.11.2021 | 11:11

Тұрсын Жұртбаев — ақын. Өтеген Оралбаев — ақын емес. Неге Тұрсын Жұртбаев мемлекеттік сыйлықты ала алмады? Неге Өтеген Оралбаев мемлекеттік сыйлық алды? Неге?

Аноним 09.11.2021 | 11:53

Марқұм Шөмішбай Сариев нағыз ақын еді. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылса да, ала алмай кетті? Өтеген Оралбаев мемлекеттік сыйлықты алып қалды. Бұл қалай?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір