ӘДЕБИЕТ ТЕОРИЯСЫ. ТІЛ. УАҚЫТ
29.10.2021
5693
9

Көркем шығарманың қасиетін, қат-қабат құндылықтары мен ой түйінін танытуда әдебиет теориясының рөлі айрықша. Уақыт озған сайын қандай дүниенің де жаңарып, жаңа келбетке ие болатыны – заңдылық. Әдеби тіл қалай өзгеріске ұшыраса, әдеби туындыны талдау жүйесі де қасаң қағидаларға бағынбайды.

Ақын, сыншы, драматург Ардақ Нұрғазы, әдебиеттанушы Алмира Қали, филология ғылымдарының PhD докторы Қарлығаш Әубәкір, әдебиет сыншысы Айнұр Ахметова, әдебиеттанушы, ақын Ақерке Асан, ақын Еділбек Дүйсен қатысқан «Алқа»  жиынының кезекті тақырыбы осы мәселелерді арқау етті.


Кей тақырыпты ашуға шешен, жылтырақ тіл көмектеспейді

Қ.Ә.:  Әдеби тілде эволюция бола ма? Мұндай  процесс  қандай сипаттардан аңғарылады?

Алмира ҚАЛИ: Әдеби үдеріс үздіксіз құбылыс болған соң, әдеби тіл де ұдайы өзгеріс үстінде болады. Тіпті  сөз өнеріндегі көркемдік-эстетикалық дамудың басты көрсеткіші де – осы әдеби тіл. Фольклорлық мұраның өзіне тән тілдік нормалары болды. Ал ауыз әдебиетінен жазбаша түрге көшуі әдеби тілдің белгілі бір қалыпқа түсуіне мүмкіндік берді.

Отарлық құрсауында қалғанына қарамастан, ХХ ғасырдағы ұлттық әдебиет ана тілінің уызына жарыған ақын-жазушыға бай болды. Мұның басты екі себебі бар деп ойлаймын, бір жағынан, сөз өнерінің фольклорлық дәстүрден алыстамағандығы, екіншіден, қоғамда кітап оқу мәдениетінің қалыптасуы әдеби тілдің кемеліне жетіп, өрістеуіне жол ашты. Яғни қоғамдық дамудағы тарихи, әлеуметтік-мәдени факторлардың ықпалы айрықша. Ал қазіргі қазақ әдеби тілінің деңгейін дәл сол Абай мен Мұхтар Әуезов дәуірлерінде қалыптасқан биігінде деу жалған болар еді. Оның да өзіндік себептері бар. Тағы сол – тарихи, әлеуметтік-мәдени жағдайлар…

Тәуелсіздік алуымызға байланысты саяси-экономикалық өзгерістер қоғамның рухани тынысына да әсер етпей қоймады. Көркем әдебиет нарығындағы дағдарыс салдары талай жылды артқа салып, енді шығып жатыр. Өндіріп кітап оқымаған ұрпақ қолына қалам алды. Әдеби тілдегі динамика кейінгі 20-30 жылда кері бағытта жүрмесе, ілгері жылжи қойған жоқ.

Ардақ НҰРҒАЗЫ: Әдеби шығарма – тіл  құдіретінің анық майданы. Жарыққа шыққан жаңа, тамаша шығарманың ерекше бір менмұндалап тұратын қасиеті болады. Ол тілдің өзіне тән құдіретін әйгілеп, көрсетіп, саған ықпал етіп, еркіңнен тыс өзін сіңіріп тұрады. Ол оқырманның талғамын өзгертеді. Өзіне дейінгі әдеби мәтінде кездеспейтін тілдік норманы қалыптастырған шығарма ғана жаңа шығарма, жаңа мәтін, қала берді бірегей туынды саналады. Сондықтан «әдеби тіл эволюциядан өтеді» дейміз. Жаңа, тың шығарма – соның басты белгісі. Бізде жылтырақ, шешен сөз қолдануды әдеби тілге жатқызатын түсінік бар. Негізі ондай тіл – әдеби тіл емес, халықтық тіл. Ал әдеби тіл –  әдебиетке тән тақырыпты ашуға қауқары жететін тіл. Бір мысал айтайын, кейіпкер тарихи себептерден өзінің кім екенін білмей, жоғалтып алды дейік. Соны іздейді. Осы тақырыпты жазғанда саған шешен, жылтырақ тіл қолдану көмектеспейді. Себебі сен онымен кейіпкердің жандүниесін үңгіп қаза алмайсың, тек оған сырттай көзқарас айтасың, бағалайсың. Ондайда саған әдебиеттің болмысын игерген, тасадағы дүниелерді көрнеуге қазып шығатын тіл керек болады. Осы арада әдеби тілдің сөз ғана емес, әдебиетке тән ықпалдастық екені ортаға шығады. Мұндай қасиеттер әдеби тілде ұзақ уақыттық қордаланудан кейін барып жұмыс істейді. Тілдік эволюциясы тоқыраған әдебиет өміршеңдігін жоғалтқан, өліп бара жатқан әдебиеттің санатына жатады. Әдебиеттің тоқырағанын екі нәрседен анық көруге болады. Біріншісі, айқын тілдік қасиеті менмұндалап тұратын жаңа шығарма көзге түспейді. Екіншісі, бұрынғы шығармаларды насихаттау жаппай өмір сүреді. Бұл айналып келіп оқырманның талғамын тоқыратуға жұмыс істейді. Ол қоғамның да болмысына әсер етуі мүмкін. Рух, парасат-пайым, ой-сана, мәдениеттік құндылық әдеби тіл арқылы өзін тұлғалайды, көрінеді, сақталады. Әдеби тіл тоқыраса, әлгі дүниелердің ортаға шығу мүмкіндігі де кедергіге ұшырайды. Қоғамның азғындауы, құндылықтардан айрылуы, қарабайырлық пен жабайылықтың бас көтеруі, тіпті етек алуына осылай жол ашылады. Есесіне, әдебиеті, әдеби тілі дамыған елдің мәдениеті, халқының рухани болмысы жоғары, жалынды, жігерлі болады, қоғамдық ауаны жұртты өзіне тартып, өміршеңдігіне құмар етіп тұрады.  

 Айнұр АХМЕТОВА: Әдеби тілге де, әдеби шығармаға да биологиялық тіршілік тән. Адам әрекет еткен жерде эволюция жүретіндіктен, тіл де жанды құбылыс саналады. Отандық лингвистикада ХVIII – XX ғасырлардағы қазақ әдеби тілі өте жақсы зерттелген болатын. Әдебиеттанушы Қ.Жұмалиевтен бастап, Р.Сыздық сынды ғалымдар қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы Абай шығармаларының орнын жан-жақты қарастырды. Басқа да зерттеушілер әдеби тілді зерттеуге үлес қосты. Қазіргі кезеңде әдеби тіл жайында көркем шығармаға рецензия, мақала немесе басқа жанрда зерттеу жазғанда автордың тілді қолдану жайы ескеріледі. Өйткені біздің отандық филологиялық мектептер соған бейімделген. Бәлкім, қоғамда тіл мәселесі күрделі болғандықтан, жазушының әдеби тілді қолдануына арнайы көңіл бөлетін шығармыз. Ал бүгінгі әдеби тілдің қабаттарын молайтатын шет тілінен енген сөздер бойынша салааралық, аударма сөздіктер шығады, сонымен қатар тілтанушылар зерттеулер жазады. Әдеби тілдің эволюциялық үдерісі қоғамдағы әр саладағы тілдік қолданыстан айқын байқалады. Бүгінгі сөйлеудің кез келген стиліне шет тіліндегі лексиканы араластырып қолдану дәстүрге айналды. Өзін тіл жанашырымын, қазақ тілі – ана тілім дейтін азамат ағылшынша, орысша сөздің қазақша баламасын жазып, сөйлеуі керек.

Алмира ҚАЛИ:  Әдеби тілдегі эволюция тап сол тілдің жұтаңдануы не түрленіп көркеюінен, поэтикалық әлеуеттен аңғарылады. Әрбір қаламгер өз ұлтының әдеби мұхитына құйылатын өзен секілді. Өз көркем әлемімен, өз тілдік қорымен алып айдынға келіп қосылады. Осы орайда жазушылық әлеуетті бағалаудағы әдеби сынның рөлі ерекше.

Қарлығаш ӘУБӘКІР: Жалпы тілді жанды жаратылыс ретінде қарасақ,  міндетті түрде эволюция болуы керек. Бұл – табиғи  заңдылық. Себебі өмір дегеннің өзі – қозғалыс, бір түрден екінші түрге айналу немесе даму. 2019 жылы П.Н.Шемранның атақты Оксфорд сөздігін шығару барысындағы профессор Мюррей мен есі ауысқан жынды дәрігердің ой бәсекесін суреттеген киносы шықты. Ағылшын тілінің сөздік қорын, бүкіл тіркестері мен фразеологизмдерін жинақтаған ең көлемді аса қуатты сөздіктің шығу тарихы керемет шынайы оиғалармен астастырыла өрілген. Осы фильмде профессор Мюррей атақты лингвист ғалым досымен кеңесіп отырып: «Осы сөздікті жасап отырып, ағылшын тілінің қандай да бір біз білмейтін я ұмытылып қалған сөзі сөздіктен қалып қояды екен деп түн ұйқымнан айырылдым.  Алда-жалда ағылшын тілінің бірер сөзі сөздікке енбей қалса, қасиетті ағылшын тіліне қиянат жасаймын ба деп қорқамын», – дейді.  Сонда досы профессор Мюррейді ертіп алып, үйін жинап жүрген жас қыздардың сөзін тыңдатады да: «Тіл деген – жанды жаратылыс қой. Адамзат баласы қаншалық дамып, жаңа дүние ойлап тапқан сайын тіл де адамзатпен бірге өсіп, өніп, өзгереді. Сен сөздікке бүкіл ағылшын тілінің сөздігін енгіземін деп жанталасқаныңмен, сен өмірден өткеннен кейін де адамзаттың даму үрдісімен бірге әлі талай сөз дүниеге келіп, талай сөз қолданыстан қалып қояды. Сондықтан жаратушының құдіретімен жарысқа түспе»,  – деп айтады. Осы сөзді сол кинода көрген кезде біршама ойланған едім. «Әдеби тілде эволюция бола ма?» деген сұрағыңызға осы бір киноның сөзі нақты жауап бола алатын секілді. Егер әдеби тіл тіршілік етіп, дамитын болса, міндетті түрде даму эволюциясы болады. Бір ғана қазақ поэзиясындағы қазіргі Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ағамыздың өлеңдеріне қарасақ, небір жаңа, тың ойлар мен тіркестер кездеседі. Бұл – дамудың көрсеткіші.

   Ақерке АСАН: Иә, кез келген тірі тіл – динамикалық құбылыс. Тілде статикаға орын жоқ.  Әйтпесе ол көне грек, латын тілдері сияқты өлі дүниеге айналады. Лингвист ғалымдар өз зерттеулерінде қолданыстағы тілдің сөздік қоры, сөйлеу мәнері мен мағынаның ауыспалдылығы күн сайын, тіпті сағат сайын өзгеріске ұшырап отыратынын анық көрсетіп келеді. Әсіресе жаһандану дәуірінде бұл процесс қарқындай түскенін мойындауымыз керек. Бұны оң немесе теріс процесс деп бағалау – қателік. Бұл – факт.

Әрине жалпы тілге жаңалықтар енген сайын әдеби нормаға да жаңа леп келетіні анық. Жаңа сөздер немесе жаңа мағынаға ие сөздердің басым бөлігі уақытпен бірге жұтылып бара жатса, кейбірі қоғам коммуникациясынан ойып тұрып орын алған соң, әдеби тіл қатарына қосылады. Егер бұл сауалдың түпкі ойы әдеби көркем шығармалардың тіліне қатысты болса, онда нақты мысалдармен сөйлеген дұрыс болар. Мәселен, қазіргі әдеби процесс жанрлық, стильдік трансформациялар дәуренінің шегі жоқ ізденістері мен мәселелерінің шырмауында қалыптасуға тырысып-ақ жатыр. Оған басты себеп, менің ойымша, жаңа реализмге қадам басу деп білемін. Классикалық шығармаларға сүйенсек, бүгінге дейін жазба түрінде жеткен аңыз-әңгімелер мен жыраулар поэзиясынан бастап, шамамен ХХ ғасырдың 80-жылдарына дейінгі қазақ тіліндегі көркем шығармалардың тілдік ерекшелігі барынша бір қалыпта, вертикаль бағытта, яғни қазақ тілінің нағыз уызын сақтай отырып дамыған. 90-жылдардан бастап сол вертикаль бағыт горизонталь жазықтыққа ауысқан сияқты. Ғасырлар тоғысына дөп келген мұндай өзгерісті заңдылық деп білеміз. Әрине, өзгеріс дегеніміз бір сәтте ғана пайда болмайды. Әр құбылыстың алғышарттары бар. Абай, Мағжан, Сәкеннің поэзиясындағы кірме сөздерді сондай алғышарттардың бірі деп атар едім. Одан бөлек, әдеби көркем тілге маңызды тарихи оқиғалар да ықпал ететіні анық. Соғыс және соғыстан кейінгі өмір, түрлі саяси, қоғамдық өзгерістер әдеби шығармалардың лексикасына қосылған сөздер арқылы суреттелді. Сайын Мұратбеков, Ғабит Мүсіреповтің романдарын еске алыңыз. Алайда бұл мәселеде жоғарыда атап өткен 90-жылдардың орны бөлек. Себебі ХХ ғасырдың басында әлсін ғана төбе көрсетіп келген техника дәл осы уақытта адамзатты жағасынан ала бастады. Адамның өмірі, ойы өзгерген сайын, уақыт өткен сайын тілдік картинамыздың өзгеруі де шарт. Ал әдеби көркем шығарма шынайы уақытпен бірге параллель жүріп келеді. Бұған дейін әдебиетті өмірдің айнасына балап жүрген болсақ, қазір әдебиет өмірдің экраны деуге тура келеді.

Еділбек ДҮЙСЕН: Тіл – халықтың тарихы, таным-түсінігі, бар болмысы мен өмір сүру салты, қысқаша айтқанда, халықтың өзі. Демек, тілде прогресс пен регрестің, проградация мен дегредацияның болуы заңды. Ал әдеби тілге келсек, алдымен, «әдеби тіл» тіркесінің өзін анықтап алуды ұсынар едім. Әлі күнге тиянақты анықтамасы берілмеген ұғымның белгілі бір сипаттар арқылы эволюциясын анықтау да біртүрлі болмақ. Біз, өзімізше, мұны жай ғана «тіл», я «жазба тілі» делік. Өйткені, Будаговша айтсақ: «Әдеби тіл дегеніміз – жалпыхалықтық тілдің хатқа түскен, белгілі бір дәрежеде өңделген ерекше түрі», Балақаевша айтсақ: «Әдеби тіл – жазба тіл. Жазба әдебиет арқылы тіл байлықтары, оның құрылысы сымбатты қалыпқа түсіп, екшеледі. Жазуы болмаған халықтың тілі әдеби тіл дәрежесіне көтеріле алмайды», Мұсабаевшаласақ: «Әдеби тіл ең әуелі-ақ жазуға сүйенеді. Жазу стилінсіз әдеби тіл болмақ емес».

Жоғарыда айттық, тіл – халықтың тарихы. Демек, тілдің де тарихы сан қилы. Алдымен, ауыз әдебиеті тілі деген үлкен кезең бар. «Орхон-Енисей» жазуларынан аттап кету мүмкін емес. Ол – қазақтың ауызша және жазба әдеби тілдерінің бір арнасы. Одан кейін ортағасырлық түркі ескерткіштерінің тілі… одан кейінгі ғасырлардағы мың құбылған тіл… шежіре тілі… қисса тілі…

Мұның бәрі де тілдің беки, орныға түсуіне, дамып, шыңдалуына әсер етті. Кезеңдерден бөлек, көне сөздер, кірме сөздер, аудармалар, әртүрлі жазу стильдері, публицистика, дін, кез-келген дүние тілдің тәжірибесін арттырып отырды.

 

Әдеби тіл қашанда халықтың тілін өңдеп отырады

Қ.Ә.: Ал осы тілдік өзгеріске қандай факторлар әсер етеді? Бұл көркем тіл тезисін толықтыра ма? Әлде керісінше ме? 

Қарлығаш ӘУБӘКІР: Тілдің егесі – адам. Сөзді ойлап табатын – адамның ақыл-ой санасы. Сондықтан адамзат баласының ақыл-ой санасы қаншалықты дамыса, сол қоғамның тілі де соншалықты дамиды және тілдің даму бағытын адамзаттың даму бағыты айқындайды деп ойлаймын. Бұл менің субъективті жеке пікірім. Мысалы, егер ғылым мен техника қатты дамыса, сол кезеңде адамзаттың сөздік қорында ғылым мен техникаға қатысты сөздер көбірек пайда болып, қолданысқа ене бастайды.

Тілдің көркемдік қуатына қатысты айтар болсақ, бұл тілдің жалпы табиғатына сәйкес көркем ойдың даму инерциясымен байланысты.

Ақерке АСАН: Жалпы, «өмірдегі өзгерістерге қандай факторлар әсер етеді?» деген сауалға жауап табылар ма екен? Өмірдің өзі – ең басты фактор. Тілдің құдіреті сонда, ол – бәрінен де, бәрімізден де ең тірі құбылыс. Тіпті    табиғаттың өзі дәл тіл сияқты өміршең бола алмайтын шығар. Сонда өміршеңдік – тілдің тағы бір атауы деуге болады. Төбеден түскен бір тамшы су болсын біздің көз алдымыздағы суретті өзгертіп жібереді. Сол сияқты әдеби тіл де мұны бірден бойға сіңіріп алады. Тек, мына мәселеге назар аудару керек, әдеби тіл қашанда халықтың тілін өңдеп отырады. Оның біршама құндылықтарының бірі де – сол. Ал қазіргі әдеби көркем шығармалар алдында тұрған кейбір міндеттер, яғни өмірді тек көркемдеп емес, барынша шынайы көрсету әдеби тілдің өңдеу функциясына кейде кереғар келетіні рас. Мұндай шығармашылық таласты біз Рахымжан Отарбаевтың  прозасы мен драматургиясынан анық байқаймыз. Құбылыс.

Ардақ НҰРҒАЗЫ: Әдеби тілге ықпал ететін факторлар көп. Қоғамдық-саяси, мәдени өзгерістер де әдеби тілге әсер етеді. Адамзат қоғамының өзі үздіксіз эволюциядан тұрады, кейде қоғамдық өзгерістердің салдарынан тіл дамымай, қайта кері  кетіп, тоқырауы да мүмкін. Айталық, орыс әдеби тілі Совет одағы тұсында қатты тоқырады. Саясат тілдің өз арнасында дамуына кедергі келтірді. Идеология әдебиетті тек тапсырыс орындаушы, өз алдына еркі жоқ деңгейге түсіріп қойды. Көзге ұрып тұрған, анық, саясатқа жұмыс істейтін тақырыптарды қатырып жазуға машықтану етек алды. Әдеби тіл қарым-қатынас тілінің ерекшелігін қайталаумен ғана өмір сүрген. Тіл образының қанаты қайрылды. Мұндай жағдай Екінші дүниежүзілік соғыстан соң неміс тілінде де байқалған. Орыс әдебиетінің бұлғанбаған XIX ғасырымен мақтана беретіні де сондықтан. Немістер саясаттың себебінен орыны толмастай қасаңданған әдеби тіліне жан беру үшін шет ел әдебиетінің тілдік ерекшелігі менмұндалап тұрған шығармаларын аударуға, соларды неміс тілінде сөйлету барысында әдеби тілдің жаңа мүмкіндіктерін ашуға барынша жұмыс істеген. 1972 жылы Нобель сыйлығын алған  Heinrich Theodor Böll осы туралы анық жазады. Жазушы шығармашылығының алғашқы кезеңінде АҚШ-тың модернистік жазушыларының романдарын аударғанын айтады. Орыс әдеби тілінің тоқырауын Нобель сыйлығын Солженицын мен  Светлана Алексиевичтің алуынан да байқаймыз. Бұл әдебиеті өз жүйесінен жаңылмаған Батыс елдері зерттеушілерінің орыс әдебиетінің, әдеби тілінің деңгейі туралы таным, түсінігін аңғартады. XX ғасырдың 60-жылдарынан кейін әдебиетті зерттеу мен сын өнердің өте нәзік тұсына дейін барлап баруда. Сондай таным-түсінік, талап тұрғысынан қарағанда, кеңес кезінде  ұзақ уақыт таптаурынға түскен орыс тілінің мүкіндігі шектеулі көрінетіні – айдан анық нәрсе. Әдеби тілдің құнары, байлығы тілдің түп қасиетіндегі поэтикалық ерекшеліктерді ашумен байланысты. Ол үдерісті жаңа шығармалар арқылы байқай аламыз. Ал поэтика поэзиямен іліктес. Сондықтан: «Әр дәуірде кезеңдік үлкен ақындар келмесе, ондай тіл тоқырауға бет алады», – деген ұғым бар.        

Айнұр АХМЕТОВА:   Дәуірдегі, заманалардағы болатын барлық факторлар тілге әсер етеді. Ғылым, білім, сауда-саттық, бизнес, технологияның дамуы сол кезеңнің әдеби тілінің дамып, түрленуіне, жаңаруына сөзсіз ықпал етеді. Бүгінгі заман тұрғысынан алып қарағанда, өнер тудыратын шығармашылық тұлға интернеттің, ақпараттық технологиялардың, өнер түрлерінің, тіпті бүгінгі заманның сөздік қолданысын игермесе, демек, өмір сүріп жатқан заманды толық сезініп, қабылдай алмады дегенді білдіреді. Мысалы, бүгінгі адамзат өмір сүріп жатқан виртуалды-электрондық әлемді көркем бедерлеу үшін сондағы тіршілікті автор бастан кешуі керек. Биыл қыста қазақ авторларының арасында (20 жазушыға жіберілген, соның ішінде 13 автор қатысты) ғылыми фантастикалық шығарма тудырудың ерекшелігіне, оған деген оқырмандардың сұранысы деген мәселелер бойынша сауалнама жүргізіп көрдім. 13 автордың ішінде тоғызы ғылыми фантастикалық шығарма жазғысы келетінін және оған көп ізденіс қажеттігін атап өткен. Қазіргі технологияны, ғылымды, бүгінгі тіршілікті сипаттайтын лексикалық қорды меңгермей, кез келген салада өнімді әрі маңызды еңбек ету қиын. Сонымен қатар үздік, озық технология, ғылым түрлері шетелде дамып жатқандықтан, оның толық сипаттамасы, қызметі, оған қатысты әртүрлі дискурстар сол тілде жарық көреді. Яғни, қазақтілді адам шет тілін меңгеріп, оның қазақша баламасын дұрыс қолдана білсе, әдеби тілді сауатты жолмен толықтырудың ұтымды жолы сол болмақ.

 

Әдебиет теориясындағы ең маңызды аргумент – оқырман

Қ.Ә.:   Әлемдік әдебиет теориясында бүгінде қандай аргументтер алға шығады? Яғни көркем шығарманы, қаламгер шығармашылығын  талдаудың қандай да бір ережелері бар ма? (Қазіргі әдеби талдау қалай жүреді?)

Еділбек ДҮЙСЕН:  Қазіргі заманғы өзге әдеби шығармаларды былай қойғанда, кейбір ізденгіш қазақ жастарының шығармаларының бұрынғы советтік әдеби талдау негізінде мәнін ашам деу ақымақтық. Өйткені сол құрал-саймандармен келіп, шығарманың өзегіне жету, мәнін жете түсініп, өзіңе керекті алу қиын. Мәселен, мектепте өзіміз осы талдауларды оқыдық. Әдеби шығармаларға осы талдаудың көзімен қарап, әдеби талдау сызып берген шеңбердің айналасында ғана баға бердік. Мұқағалидың: «Ғашықпын! Шын ғашықпын сол адамға! Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба!? О, тәңірім! Неткен жан қайрылмайтын! Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?!» – дегенін мұғаліміміздің: «Ақын бұл жерде ғашық екенін, шын ғашық екенін, өзінен бұрын ғашығының амандығын тілейтіндігін айтып тұр», – деп «талдағанын» естідік. Университет қабырғасындағы талдаулар да осының ар жақ-бер жағы болды. Өйткені қарапайым ұстаздың қолындағы әдеби құрал-саймандар ескірді. Жаңа әдебиеттің жасалмауын қалайтын топқа ұстаздардың да қосылу себебі осында.  Қазір жаңа әдебиетті түсіндіріп беретін жаңа әдеби талдау жоқ. Меніңше, ендігі жас ғалымдар көп күттірмей осыны қолға алуға  тиіс. Неге десеңіз, мен Мұқағалидың өлеңін «талдағандай» етіп Шалқар Дәулеткелдінің өлеңінің жүн-жұрқасын шығарғым келмейді. Өлеңге  обал. 

Тағы бір айта кетерім: қазіргі таңда көркем мәтінмен жұмыс істей білуге бағыт беретін әдістемелік еңбектер кемде-кем. Жоқ емес, бар. Дегенмен олардың да дені – мектеп айналасындағы еңбектер. 

 Ардақ НҰРҒАЗЫ: Батыс әдебиетінде сынның алуан түрі кездеседі. Академиялық зерттеулер көп арна, көп қатпарлы жүлге бойынша жұмыс істейді. Әдеби журналдар мен басылымдардың сын-шолуының өзі бір сала. Шығармашылық тұлғалар жазған сын-эсселер тағы бар. Оған теориялық сын бағытын қосыңыз. Осылар тоғыса келе әдебиеттің қазанын қайнатады. Өз басым сын жазғанда тақырыпқа орай жоғарыдағы факторлардың бәрін қарастырамын, мүмкіндігінше сіңіріп, тоғыстырып, түп болмысында шығармашылық тұлғалар жазған сын-эссе түріндегі мәтінге жақындайды. Сын жазғанда қатып қалған қағида жоқ. Ой қозғағалы, талдағалы отырған мәтіннің ерекшелігіне сай қажет деген дүниені пайдаланасың. Сынды өте теорияға салып жазуды өз басым қаламаймын. Ол – оқыту-зерттеумен айналысатын жоғары білім ордалары қызметкерлерінің жұмысы. Бұрыннан бар көзқарастар мен түсініктерді сапырып, еш жаңалығы жоқ дүние шығарып, басылым бетін толтыратын әдет те ұнамайды. Сын бастысы шығарма туралы иненің жасуындай болса да бір жаңалықты айтуға тиіс.  Онсыз сын жазу –   қиын шаруа. Ал жақсы шығарманың қашанда айтары болады. Соны көріп, тануың керек. Дайындығың, жинаған қорың болса, жақсы шығармаға бетпе-бет келгенде, құралақан қайтпайсың.   

 Ақерке АСАН:  Бұл сауалдың жүгі ауыр. Әлемдік деңгейді айтатын болсақ, әдебиеттанудың бағы жанып тұр дер едім. Шынымен, сан алуан ғылым бағыттары минут сайын алға жылжып келетін болса, сол алдыңғы қатардан әдебиеттануды көре алатынымыз жүрекке медеу сыйлайды. Әдебиет теориясына бірден көшіп кетпей, алдымен әдеби көркем шығарманы оқу біліктілігін атап өтсек. Көркем шығарманы оқи алмасақ, бізді ешқандай да әдебиет теориясы құтқара алмайды. Жалпы, шығарманың авторы қаншалықты маңызды болса, оның оқырманы да соншалықты маңызды екенін түсіну керек. Ғылымда мұны рецептивті эстетика деп атайды. Сондықтан әдебиет теориясындағы бірінші һәм ең маңызды аргумент деп – оқырманды атар едім. Екіншіден, қазіргі әдебиет түрлі цитаталарға бейім. Сондықтан сол цитаталарды, оның ішінде аллюзия, реминисценция, яғни көркем сілтемелерді көре білу қажет. Ол үшін, әрине, көп оқу керек, көп көру керек. Оқырманға қажетті түйсікті мектеп қабырғасында, бала жастан оята білу керек. Сонда бұл жерде түгелдей жүйеге де жүк түсіп тұрғанын аңғарамыз…

Көркем шығарманы, белгілі қаламгердің шығармасын талдау үшін компетенция қажет. Мәселен, Серік Ақсұңқарұлының поэзиясын түсіну үшін автордың өлеңдерін оқып қана қою аздық етеді. Секеңнің шығармашылығын түйсіну үшін оның биографиясына, эссе, сұхбаттарына да тереңірек талдау жасаңыз, сонда ақынның көркем әлеміне жақындай түсесіз. Көркем шығарманы талдау бір-екі өлеңді оқумен шектелмейді. Заман факторы деген тағы бар. Автордың биіктігі – оқырманның деңгейіне сын. Осындай ойға оралатын болсақ, Абайды тануда да тұңғиықта жүргенімізді байқар едік.

Әрине әдебиет теориясында классикалық еңбектер бар. Әсіресе ХХ ғасырда әдебиеттану, өнертану, философия бағытында жазылған барлық мақалалар мен монографиялар өте құнды. Қазақ әдебиеттануы да мұндай қазынаға бай. Алайда әдебиеттану бағытындағы барлық еңбектерді ысырып қойып, біреуін ғана таңда десе, Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлы) «Әдебиеттанытқышын» бәрінен де жоғары қояр едім… Қалғаны – ұшан-теңіз ілім, шынайы ізденуші өз жолын таба алатыны күмәнсіз.

Қарлығаш ӘУБӘКІР:  Көркем шығарманы талдау екі түрлі аспектіде жүргізіледі. Бірі – формасын тану және айқындау. Екіншісі – мазмұны мен мәні. Әдебиеттегі түрдің (форма) алуан түрлілігі (құрылымдық ерекшелігі) мен құбылу үрдістері бұл күндері әлем әдебиетінде біршама зерттелген және нақтыланған тақырып деп айтуға болатын шығар. Бұл мәселеде көбінесе көне мәтіндер мен канондық мәтіндер көп зерттелетін сыңайлы.  Ал мазмұн мен мәнге қатысты зерттеулер әр тарапта әрқилы және аса қарқынды дамуда. Мысалы, бір ғана нарратологияның жеке ғылыми зерттеу бағыты болып қалыптасып, дамуы көп нәрсені аңғартса керек. Нарратология кез-келген ойды жеткізу тәсілін зерттейді. Сонымен қатар кино нарратологиясы, әдеби нарратология, сурет нарратологиясы, медициналық нарратология т.с.с. бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен, Құнанбайдың тарихи бейнесін үлгі ретінде насихаттау мақсатында бізде Д.Жолжақсынов сомдаған «Құнанбай» кинофильмі бар. Бұл киноны көрген адам автордың айтар ойы мен идеясын кино арқылы сезіп, біліп отырады. Дәл сол секілді «Құнанбай» атты Б.Сапаралы мен Т.Жұртбайдың да еңбектері бар. Екі кітап  тарихтағы Құнанбай бейнесін екі түрлі береді. Бұл – авторлардың еркін шешімі және оған хақылы. Енді бір суретші Құнанбайдың суретін салып шығаруы мүмкін. Сонда, әдеби нарратология Құнанбайдың әдебиеттегі бейнелерін талдап, кинонарратология кинода сомдалған Құнанбай бейнесіне талдау жасаса, сурет нарратологиясы Құнанбай бейнесін берудегі суретшінің айтар ойын өз сараптамасы негізінде талдап шығады. Енді, кез-келген адам бір ғана Құнанбайға қатысты әдеби, сурет және кинонарратология талдауларын қарап шығып, өз қорытындысын шығаруы мүмкін. Мұндай пәнаралық талдаулар – қазіргі заманның қажеттілігі. Бұл мәселені кезінде Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде атап көрсеткен болатын. А.Байтұрсынұлы «Өнер» ұғымына анықтама бере келе өнерді өз ішінде 5-ке бөліп: «Өнер атаулының ішінде басшысы – сөз өнері, – деп бағамдайды және оның себебін түсіндіреді. – Себебі сөз өнері жансыз нәрсеге жан беріп, тілсіз сезімді де суреттей алады», –   дейді. Яғни, «қандай да бір идеяны немесе ойды оқырманына жеткізу үшін жазушы қандай тәсілді қолданады?» деген сұрақ маңызды сұрақтардың бірі болып қала бермек. Мұның үстіне жаңа формада пайда болып жатқан шығармаларды алыңыз. Комикстер, анимелер, олардың ерекшеліктері мен әлеуметтік желіде қолданылатын жаңа идеяны насихаттау тәсілдері. Мұның бәрі ешқашан назардан тыс қалмайды және жалпы адамзаттың даму үрдісімен қатар жүреді. Қорыта айтқанда, әдеби талдау тәсілдеріне қатысты зерттеу жұмыстары әдебиеттің, яғни адамзаттың даму үрдісімен қатар немесе гипотезалық негізде алдыда жүріп отырады.

Алмира ҚАЛИ: Мәдени жаһандану үдерісі төл әдебиетімізге әлемдік баян үлгілерін алып келді. Жекелеген қаламгерлік стильдер арқылы ұлттық көркем дискурсқа енген постмодернистік бағдардағы баяндау мәнерлері жазушылар қауымының әр буынында әрқалай қабылданады. Жастар әдебиетіндегі тіл жұтаңдығының тағы бір себебі осындай постмодернистік философиямен де түсіндіріледі. Мәтін нығыздығы, сөзге «сараңдық», минимизация сынды заманауи поэтика сипаттары да әдеби тілдегі сөздік қордың едәуір бөлігінің пассив режимге, былайша айтқанда, «қалың ұйқыға» кетуіне алып келді. Бүгінгі оқырман өз заманының әдебиетінде М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Кекілбаев қаламынан туған ұлттық пейзаж үлгілерінің жоқтығын тіпті аңғармауы да мүмкін.

Әдеби мәтін ұлттық сипаттан ажырау үдерісін бастан кешуде. Бұл – бәріне ортақ үрдіс емес, әрине. Кез келген тілге оңай аударыла салатын «әмбебап» мәтіндер пайда болды. Әдеби тіл дамуындағы мұндай құбылыстар көркем кеңістікте жаһандану интенциясының белең алғандығын аңғартады.

Сапалы көркем шығармаларға қарағанда, бұқаралық әдебиетке деген сұраныс өсті. Сын үдесінен шығуға ұмтылыстың жоқтығы, кітап нарығын қадағалайтын көркемдік кеңестің болмауы, ғаламтордың шексіз мүмкіндіктері жазармандар қатарын көбейтті. Сан алуан диалектіге, көше жаргондарына құрылған шығармалар баршылық және олар оқырман қауым үшін қолжетімді. Әдеби кеңістіктің виртуалды сипат алуы жағымды мүмкіндіктерімен қоса, осындай кері ықпалын жүргізіп отырғаны рас.

Қазақ еліндегі миграциялық үдерістер де әдеби тілге әсер-ықпалын тигізбей қоймайды. Мұны әсіресе Қытай, Моңғолиядан келген ақын-жазушылардың тілдік тұлғасынан байқаймыз. Осылайша, тарихи көші-қону үдерісі де әдеби тілдің әлеуетін сақтап қалуға біршама үлес қосты. Ұмыт бола бастаған көркем сөздердің қайта жаңғыруы, тіл әуездігінің байырғы арналарға түсуі – шетелдегі қазақ руханиятынан тікелей мәдени трансфердің нәтижесі.

Қалай болғанда да, әдеби тіл – ұлттық дамудың көрсеткіші. Өз даму жолындағы өзгерістер арқылы ол ұлттық бірегейліктің сапасы мен деңгейін айғақтап тұрады. 

Бүгінгі әдебиеттануда жеке қаламгерлік поэтиканы я болмаса туындыны талдап-таразылаудың қасаң талаптары жоқ. Өнер атаулыны когнитивтік назармен танып-білу талабының артқандығын байқаймыз. Шетелдік зерттеулерде қандай да бір әдеби құбылысты, категорияны философия, мәдениеттану, психология, әлеуметтану, тіпті медицина салаларының тоғысында зерделеу интенциясы басым. Бүгінгі әдебиет теориясы жоғарыда аталған ғылым салаларының зерттеу амал-құралдарымен «жарақтануда». Мәтін теориясы мен философиясы басым бағытқа айналды. «Әдебилік», «көркемдік» сипаттары қайта зерделене бастады. Оң ізденістер ретінде жанрлық трансформацияларға ерекше көңіл бөлінеді. Драма теориясы ескірді. Әдебиетшілердің сол баяғы Шекспир трагедияларын рецептивтік эстетика тұрғысынан жаңаша ұғынуға айрықша ниеттілігі соған дәлел.

Әдеби сынның теорияға ойысып, қоса құйылып астасып кеткендігі таң қалдырады. Сыни таным, әсіресе, сана теориясына қызығушылық танытумен келеді. Кейінгі жылдары қазақ тілінде жарық көрген «Әдебиет теориясы» бес томдық антологиясы да осыны дәлелдейді. Әлемде әдебиет теориясына тән  ұғым-түсініктер шеңберінің әлдеқайда кеңіп кеткендігі осы басылымнан анық көрінді. Мысалы, экокритицизм, постструктурализм, постколониализм, феноменология, гендерология бағыттарында жүргізілген пәнаралық, салааралық зерттеулер – бүгінгі  әдебиеттанушылық ғылыми зердеге тән мәселелер.

 

Әр жанрдың өз бөгенайы бар

Қ.Ә.:  Бертінге дейін қолданылып келген шығарманың кіріспесінен қорытындысына дейінгі аралықты қамтитын композициялық құрылымның бұл күнде маңызы бар ма?

Қарлығаш ӘУБӘКІР:  Әрине, бар! Егер, адамның формасы өзгерсе, мысалы, 5 саусақтың орнына мутация пайда болып, 7 саусақ бола бастаса немесе 2 көздің орнынан бір көзді дәу секілді бейнелер шықса бұл қоғамға және жалпы адами қабылдауымызға қалай әсер етер еді? Сол секілді әдеби шығармалардың формалық, яғни құрылымдық ерекшеліктері де әр кезде маңызды. Себебі  адамның дене мүшесіндегі әрбір клетканың атқарар функционалдық қызметі болса, сол секілді көркем шығармадағы әрбір сөздің, әріптің тіпті әуездің, ырғақтың атқарар қызметі бар. Форма мен мән өзара үйлесімге келген кезде идеалды бейне немесе шығарма шығады. Мәнсіз, құр әріптерді жинап қоя салғаннан ештеңе шықтпайтыны секілді, құр сөздерді өзара жинай салған, ойы шашыраған көркем туындыдан не күтуге болады? Форма, қалып артық әріпті екшеп, оқырманға керек деген ең қажетті сезімді не ойды жеткізуі керек. Жалпы, көркем дүние дегеннің бір анықтамасы – үйлесім ғой. 18мың ғалам өзара қандай гармония негізінде тіршілік етсе, көркем шығарма да дәл солай барлық жағынан үйлесіммен жасалған зергерлік туынды болуы  қажет. Ал зергер-автор көркем шығармасының әр әрпі мен әсеріне, әуезі мен ырғағына мұқият болып, жүрекпен ұғына алатындай болуы шарт. 

Еділбек ДҮЙСЕН:   Әлбетте, маңызы бар. Әлдебір режиссердың (атын ұмытып отырмын) «Шығармаңның басы, ортасы және аяғы болуы міндетті. Бірақ  дәл осы ретпен тұруы міндетті емес», – дейтін сөзі бар еді. Осы сөз – сөз. 

Ақерке АСАН:   Жоғарыда қазіргі әдеби процестің ізденісі кез келген шекаралардың шегіне дейін баруға дайын екенін ескерттім. Бірақ, менің ойымша, әлемдегі ешқандай алып күш композицияны жоққа шығара алмайды. Әр нәрсенің негізі, фундаменті болады. Композиция дегеніміз қарапайым құрылым емес пе? Оны, Еділбек айтып өткендей,  оңнан солға, солдан оңға, тіпті шахмат түрінде құрастырсаңыз да («Герой нашего времени» М.Лермонтов, «Игра в классики» Х.Кортасар), композиция – композиция болып қалады. Кейбір авторлар сюжет құрылымын көркем тәсіл ретінде қолданады, бірақ бұл да – көнеден келе жатқан үрдістердің бірі. Қазір мұны жаңалық деп айта алмайсыз. Менің жеке пікірімше, композиция – шеберліктің белгісі. Сәтті дүниенің бәрі де әдемі құрылымымен бағалы.

Алмира ҚАЛИ: Жалпы гуманитарлық ғылымдағы ғылыми-әдіснамалық ревизия «Өмірді тану үшін не маңызды?» деген сауалды алға шығарды. Сондықтан бұған дейінгі құрылымдық, жүйелі-функционалдық зерттеу ыңғайларының мәні мен маңызы ескірді. Роман-повестердің композициялық құрылымын жіліктеу, оқиғаның шарықтау шегін айқындау, кейіпкерлер жүйесіне тоқталып, егжей-тегжейлі талдау жасау, идея мен тақырыпты тәпсірлеу сынды ұмтылыстар – заманауи  ғылыми ізденістерде орынсыз. Олар ендігі жағдайда әдебиеттанудың әліппе сатысына айналды. Әдебиет поэтикасының, туынды табиғатының өзгеруі оны зерттеу талабын қайта пайымдауды қажет етеді.

Ардақ НҰРҒАЗЫ: Әдебиетте әр жанрдың өз бөгенайы бар. Прозалық шығармаларда ішкі құрылымның алатын орны ерекше. Дәстүрлік реалистік шығармаларда сыртқы ортаның көрінісі шығарманың ішкі құрылымын анықтайды. Ол құрылымды қозғалысқа келтіретін дүние – кейіпкерлердің болмысы. Кейіпкер әлгі қозғалыстағы құрылымға ықпал етеді, сол арқылы  түрлі деңгейде тұрмыс пен тартыс өрбиді. Теориялық жақтан осылай болғанымен, бұл түйінді іске асыру оңай шаруа емес. Ол жазушыдан талант, дарын қажет етеді. Сонда ғана шығарма өнер туындысы деңгейіне көтеріледі. Оқиға құрап алып, қайшылықты дайындап қойып, қызық сюжет құрып,  кейіпкерлерді арбастырып-аңдытып, соңында ойға алған нәтижені бере салу – шығарманың сәтті шыққанын білдірмейді. Ол – әрі кетсе, автордың мақсатын орындаған тапсырыс деңгейіндегі мәтін ғана. Өнер туындысы олай жасалмайды. Біртуар туындының сөзсіздікке тән, бірақ кездейсоқтықтан тұратын нәзік тұсы болады. Талантты авторлар соған барады. Айталық, «Абай жолы» романында жиі ұшырайтын бір деталь бар. Ол – Құнанбай бастаған билер мен кейін Абай және Әзімбай бастаған билердің тартысына қатысты көріністің жазылуы. Неге Мұхтар Әуезов басқаны емес, осы көріністің жалпы жағдайына барынша шұқшиып, анықтап, майын тамызып жазады? Себеп –  жазушы үшін Абай портретін, тұлғасын жасауға қажетті тетік осында жатыр. Осы ырғақты, құбылмалы, өте қайшылықты өмірді – қоғамдық процестің  бір үзігін жазу арқылы автор бас кейіпкерін тұлғалаумен қатар шығарманың жалпы нобайын, ішкі құрылымын, арнасын тұрғызған.  Осы деталь болмаса, роман ойсырап қалар еді.  Гогольдың «Өлі жандар» («Мертвые души») романында бір көрініс бар. Өлген құлдардың аты-жөнін сатып алып жүрген П.Чичиковтың басындағы жағдай –  күлкілі әрі қызықты. Бірақ осы беталысты автор бір кезде өзгертеді. Бір әйел помешік өлген құлдардың аты-жөнін сатуға күмән келтіреді. Ол соған дейін Чичиковтың ешкімнің назарын аудармаған ісіне көңіл бөліп: «Не үшін өлген жандардың аты-жөнін сатып алып жүрсің, не істемексің?» – деген сұрақ қояды. Осы жерде «адам өлгенмен, оның рухы (душа) жасайды» деген ұғым ортаға шығады. Романның ішкі құрылымында сапалық өзгеріс орын алады. Байқап отырсаңыз, жоғарыдағы екі жазушы да  шығармасының ішкі құрылымын қалыптастыруда тың  тәсілге барған. М.Әуезов билерге қатысты тартысты тынбай жазу, қайталау негізінде жаңа ерекшелікті жасап, өз мақсатына жеткен. Гоголь болса, әлгіндей бір маңызды детальды (рух, души) пайдалану арқылы шығармасының ішкі құрылымына өзгеріс, жаңа бағыт, тағы бір қыр, тың мазмұн қосқан. Сондықтан прозалық шығармада ішкі құрылымның жасалуы өте маңызды түйін саналады. Негізі, бұл тақырыптың қыры мен сыры көп.    

Айнұр АХМЕТОВА: Шығарманың сыртқы және ішкі композициялық бөліктері белгілі бір нысанның құрылыс материалы сияқты. Мысалы, шығарма атауы, эпиграф, пролог, шығарманың бөліктерінің атауы, эпилог, т.б. шығарманың сыртқы бөлігі саналса, туындының көркемдік мазмұнын құрайтын шығарманың тақырыбы, идеясы, сюжеттер желісі, фабула, образдың түрлері композицияның ішкі бөліктеріне кіреді. Яғни, көркем шығарманы талдау туралы түсінігі қалыптасып келе жатқан адамға (мысалы, студент, оқушы) шығарманың композициялық бөліктерінің атауын қолданып сөйлеп, жазғанның кемшілігі жоқ. Керісінше, шығарма қаңқасын, табиғатын тереңірек түсінеді. Бұл да – дәстүрлі, классикалық талдаудың бір түрі. Бірақ кәсіби маманның (әдебиет сыншысы, әдебиеттанушы, тілтанушы) филологиядағы салыстырмалы-тарихи, формалистік, герменевтикалық, психологиялық, психоаналитикалық, феноменологиялық, құрылымдық, постқұрылымдық, т.б. әдістермен талдауы қажет. Әдебиеттанулық әдістерді меңгеру де оңай емес. Көп оқуды, ізденуді қажет етеді. Ізденіс тоқтамаса, тәжірибе уақыт барысымен қалыптасады.

Әлеуметтік желіден, баспасөз беттерінен кейбір авторлардың «біздің шығармамызды әдебиет зерттеушілері сапалы деңгейде талдап бере алмай жатыр» деген сынын оқып қаламын. Толық болмаса да, жартылай келісуге болады. Қазіргі жас авторлардың ойды, идеяны шығармада беру жолдары мүлде басқаша. Туындының құндылығы мәтіннің бірнеше деңгейлік қабаттарына жасырынып тұрады. Шығарманың мазмұны мен пішінін (формасын) бірге қарастырамыз. Ал бүгінгі көркем сөздің қуаты, ой ағымы сол формаға бағынғысы келмейтіндей. Талдағанда оқыған адам басты назарды шығарманың құрылысына емес, өзінің байқаған «нәрсесіне» аударуы қажет. Зерттеушінің мақсаты – қандай әдіс қолданса да  шығарманың құндылығын интерпретациялап беру (ұғындыру).

 

Әдебиеттанушыларға вакантты орын жоқ

Қ.Ә.:   Сол жаңа үдеріске ілесу үшін не істемек керек? Шетел әдебиетінде туындыны уақыт ағымына ілесе талдау қалай дұрыс жолға қойылған деп ойлайсыз?

Айнұр АХМЕТОВА:   Бұл сұрақ алдыңғы сұрақтың жалғасы іспетті. Сауатты талдау үшін алдымен шығарманы оқып түсіну керек. Ондағы жасырын ишаралаған идеяны, ойды ұғыну қажет. Автордың шығарма тудыру әдісін зерттеу үшін бір емес, бірнеше шығармасын оқып, түсінген жөн. Бұған қоса жазушы/ақынның өмірбаяны, ол туралы жазылған естеліктер, дерек жазбалардың бәрі шығарманы шынайы талдауға септеседі. Мысалы, XVIII ғасырдағы У.Шекспирдің «Лир патша» трагедиясын немесе орта ғасыр мен ренессанс заманының тоғысында туған Д.Алигьеридің «Құдіретті комедиясын» сол заманның саяси, әлеуметтік, мәдени, діни бейнесін танып білмей, талдау неғайбыл. Түсіндіру үшін қосымша сол кезеңнің саясатын, тарихын, діни ахуалын білу керек. Негізі гуманитарлық саланың маманы болу – оңай емес. Қай кезде өмірге келсең де өзіңе дейінгі әдеби тәжірибені жақсы білуің керек. Мектеп бітірушілер есеп, формуладан қашып, филфакқа келіп жатады. Болашақта бұл үрдіс кері сипат алатындай.

         Ақеркенің манағы сөзіне қосыламын, шетелде немесе кез келген қоғамда, кез келген тарихи кезеңде көркем әдебиет оқылмаса – өлі саналады. Оған жан бітіретін де – оқырман. Уақыт ағымына қарай талдау дегеннің маңызы өте жоғары. XV ғасырда жазылған шығарма ХХІ ғасырдың ой-санасына қарай басқа қырынан құндылығы арта түседі. Әр буын өзінше талдап, шығарманың құндылықтық қабатын молайта береді. Сол шығарма туралы дискурстардың аясы кеңейеді. Психологиялық феноменологияда шынайы өмірдегі нысандардың менталды нысан саналатыны жазылады. Яғни, адам ақыл-ойы арқылы қоршаған ортаны қабылдайды. Әлем, ақиқат дегеніміз – адамның ақыл-ойы таныған менталды әлем. Көркем әдебиет – сол шынайы әлемді біздің санамызға орнықтыратын құрал. Адамның көру, сезу, тыңдау арналары арқылы қабылданатын әлем жайында пайымдайтын ақыл-ойымыз. Одан басқа әлемді құпия түсіндіретін басқа ештеңе жоқ. Ал әлемді тануда, қабылдауда көркем шығарма ерекше қызмет атқарады.

Қазіргі шетелдік талдауларды қарап отырсақ, көркем туындыны еркін талдайды. Белгілі автордың шығармасындағы этика немесе махаббат, өлім мәселесін талдайтын болса, шығарма бойынша сол ұғымды терең түсіндіруге күш салады. Тұрмыстық лексиканы қоспай, мазмұндамай баяндап шығады. Мысалы, 4500 жолдық дастанның 1 немесе 2 жолында автордың ең маңызды ойы айтылса, соны байқап, көрсете білу – сыншының үлкен жетістігі. Сондықтан сыншы шығарманы автордың өзінен де артық түсіне білуі қажет. Бұлай жауап берген өте жеңіл болуы мүмкін, ал практикада жүзеге асыру қиын. Дегенмен  сыншылыққа келгеннен кейін маманға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Адамға барлық нәрсені оқып, сіңіруге уақыт та, ғұмыр да жетпейді, алайда сол бағыттан таймауы керек.

Біздің отандық әдебиеттануда (филологияда) да жақсы талдайтын ғалымдар көп. Олар – көбіне бір тақырыпты немесе авторды терең зерттегендер. Мысалы, абайтануда Рабиға Сыздық, Мекемтас Мырзахметұлы, Жаңғара Дәдебайұлы сынды абайтанушылардың еңбектері үздік жазылған. Үздік болатын себебі бұл кісілер Абайды зерттеумен көп уақыт айналысты, олардың шәкірттері ұстазы бастаған тақырыпты жалғастырды. Ал қазіргі уақытта әдебиеттануда жас зерттеушілерге тақырып бергенде немесе өзіміз зерттеу жазғанда ондағы теорияға баса мән беріп жатамыз. Жұмыс  теорияның сәндегі терминдерімен сөйленіп, жазылса, сол жұмыстың ғылыми маңызы да жоғары саналады деген түсінік басымдау (бұл – менің жеке байқағаным, келіспейтіндер де табылуы мүмкін). Әр нәрсенің өлшемі бар, яғни қажет жерінде теория да қолданылуы керек. Өйткені әдебиеттану – ғылым ғой. Әр ғылымның өзіне тән тілі – метатілі болады. Тағы бір байқалатын құбылыс, кейде теория мен шығарма мазмұны сәйкес келмейтін жұмыстар кездеседі. Зерттеушінің міндеті – шығарманы теория шеңберіне сыйдыру емес, керісінше шығарма идеясын түсіндіруге ыңғайлы ғылыми әдісті / парадигманы таңдап алу.

Сонымен қатар, ең маңыздысы, әлем әдебиетін, көркем ойдың тарихын, түркі, Америка, ағылшын, француз, неміс, жапон, т.б. елдердің  әдебиетіндегі танымал жеке авторлық стильдерді білу қажет. Осы жолдардың астын сызып айтып отырмын. 2019 жылы Азия қаламгерлерінің форумы өткенде көп қаламгерлердің сұхбаттарын оқып қалдық. Сондай шаралар көбейгені жақсы еді. Қазіргі уақытта туыс, көрші Орта Азиядағы мемлекеттердің өзара әдеби байланысы нашарлап кеткен. Қырғыздың Ш.Айтматовтан басқа көрнекті авторларын бүгінгі бітіріп бара жатқан түлектің кейбірі демейін, көбінің білмейтіні анық. Өзбек әдебиетіне де қатысты осылай айтуға болады. Екінші кезекте кез келген жоғары, орта оқу мектебіндегі гуманитарлық факультеттерде психология және философия тарихы, физиология, нейробиология, жасанды интеллект, мәдениеттану деген пәндер міндетті түрде оқытылуға тиіс. Онсыз адам болмысының проблемасын терең ашып зерттеу мүмкін емес және ғылыми зерттеулердің маңызы да жоғары болмайды. Құбылысты (мысалы, көркем шығарманы) жаңа қырынан, қазіргі заман тұрғысынан зерттеу керек дейміз, білім алушының адам табиғатына, болмысына қатысты білімі болмаса қалай зерттейді?..

 Ақерке АСАН:  Кез келген ортада айтып жүрген дүниелердің бірі – сұраныс керек. Мен, мәселен, әдебиеттанушы болғаныммен, атқарып отырған қызметім бөлек. Вакантты орын жоқ. 

Шетелдік үдеріске ілесудің еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Қазақ әдебиеті мен әдебиеттануы оған кенде емес. Керісінше, біз өз жолымызды тапсақ, көп ұтар едік. Әдебиет ортақ іс болғанмен, ұлттық әдебиеттің контексті болады. Ол контекстті бізден артық кім түсінеді, кім түсіндіре алады?! Сондықтан бұл мәселеге сауатты көзқарасымызды қалыптастырып, өз елімізде өз тенденциямызға ілессек деген тілегім бар. Әрине, шетел әдебиетін оқу керек, түсіну керек, түйсіну керек деп ойлаймын. Сол сияқты шетел әдебиеттануындағы жаңалықтардан құр қалуға да болмайды. Бірақ оны жалғыз адам түсінгеннен пайда жоқ, замандастарымыздың арасында оқыған-тоқығаныңмен бөлісу – парыз деп білемін.

Қарлығаш ӘУБӘКІР: Шетелде ғылым дұрыс бағытта дамып келеді. Қазақстаннан басқа бір де бір мемлекет өзінің ең негізгі идеологиялық құралы саналатын әдеби зерттеулері мен әдебиеттанушы ғалымдарын әлемдік деңгейдегі скопус базасымен байлап тастаған жоқ. Іргеміздегі Ресейдің өзі гуманитарлық бағыттары мен орыс әдебиетінің дамуына қатты көңіл бөледі. Кәсіби мамандарды даярлауға мән береді және жұмыс жасауларына мүмкіндік жасайды. Бізде сын жоқ, себебі ғылымхәліміз жақсы емес. Импакт факторы 10, скопуста 20 мақаласы бар, бірақ кітап оқымайтын доктор болуы мүмкін. Бізде өзінің шәкіртінен пара сұрайтын профессор және өзінің ұстазына қарсы шығып, мінез көрсететін шәкірт те болуы мүмкін. Мұндай тәртіпсіз жүйеде жұмыс істеу немесе сын айту өте қиын. Ғалымның қадірі жоқ. Ғылымда эмоция жоқ, дос, жау деген ұғым болмауға тиіс. Ғылым нақты көркем шығармаға анализ жасап, сараптама қорытындысын талдайды, ақын не жазушының атын атап, түрін түстеудің қажеті жоқ. Дұрысын дұрыс, бұрысын бұрыс дейді. Алайда біздің әдебиетте мұндай үрдісті аса көп байқамаймын. Өйткені, жоғарыда айтып кеткеніміздей, ғалымдардың жағдайы аса жақсы емес.

Қ.Ә.:   Қазақ әдебиеті жайында  қазіргі әдеби талапқа сай сөз қозғап көрсеңіз? (Жалпы, кез келген шығармалар туралы, кез келген жазушылар жайлы айтып көрсеңіз)

Алмира ҚАЛИ: Тоқтарәлі Таңжарықтың «Бұлыңғыр түн хикаясындағы» жалпы психологиялық атмосфера сағыныш әуеніне, ностальгиялық көңіл-күйге құрылған. Көркем наррациядағы реалды, ирреалды әлемдер жігін ажырату қиын және ол қажет те емес. Ең бастысы, туындының өн бойындағы өкініш пен сағыныш сазының мәтіндік семиосферасын «тыңдай», тани білуде. Жазушы қоғамның таптаурын түсініктерінің сүрлеуіне түсуге тырыспайды, құндылықтар бағдары жағынан да стереотип моральдардың жетегінде кетіп қалмайды. Көркем әлемдегі оқырмандық танымның рөлі зор. Болжамды тағдыр соқпақтары мен психологиялық параллельдер рецепиент санаға «шабуылдап», ойландырады. Көзі қарақты оқырман тоқетер финал іздемейді. Қайта сол мәреге жеткізбеген авторлық тұжырымның астарлы түйткілдерін ұғуға тырысады.

Қарлығаш ӘУБӘКІР:  Қазір қазақ әдебиетінің өтпелі кезеңі секілді. Кеңес әдебиетінен бірі ұлттық әдебиетке беттесе, енді бірі әлемдік аренаға қарай бағыт алған сыңайлы. Қалай болғанда да, қазіргі оқырманға автордың IQ қарымымен қатар шеберлігі және sensor, шығарманың беретін әсері  қажет. Кез-келген оқырман бір шығарманы оқығаннан кейін өзінің алған әсері негізінде көркем туындыны да, авторды да бағалайды. Егер, оқырман ақыл азығын іздеп, іздегенін шығармадан тапса, бұл шығарманы IQ шығарма деп атауға болады. Егер, ақылмен қатар сезімге әсер етсе, ол да жақсы. Көп жағдайда ақыл мен сезіну аралас, қатар жүреді. Бұл тіптен жақсы. Ал егер оқып отырып, ештеңе ұқпаса немесе түйсінбесе, өкінішті. Бұл – өте үлкен тақырып. Ғылыми сараптама жасау үшін әуелі нақты қандай шығармаға талдау жасау керектігін анықтап алу керек. Мысалы, бір ғана ертегілерді талдау үшін ертегінің негізгі кейіпкерлерінің архетиптерін, халықтық таным мен мифологияны және символизмды білу қажет.  Егер фольклорист маман ертегіге талдау жасаса, ол ертегінің Стит Томпсонның мотивтік индексациясы негізінде қалай белігленетінін, ертегінің генезисін анықтап, басқа халықтардағы ұқсас үлгілерімен салыстырып, бүгінгі күнге дейін жету тарихын зерттеп, оның басқа нұсқалары бар-жағын анықтап, сонан соң ғана мағыналық және құрылымдық талдау жұмыстарын бастайды. Бір шығарманы толық талдау үшін кейде бір маман емес, бірнеше маман бірігіп, жұмыс жасауы мүмкін. Мұндай жұмыс ғылыми сараптама болып есептеледі. Ал қарапайым оқырманның оқыған кездегі әсері мен түсінген ой-пайымы деңгейінде жазылған мақаланың бәрін ғылыми талдау ретінде қарамау қажет.

Сондықтан өз басым алаш аудармасын, оның ішінде Жүсіпбек Аймауытұлынң аудармаларын ғана зерттеген маман ретінде қазіргі әдебиетке баға беруге немесе талдау жасауға хақылымын деп есептемеймін. Ол үшін үлкен дайындық керек. Жалпы шолу жасауға болатын шығар. Кәсіби маман ретінде, бірақ, нақты бір шығарманы талдау немес жазушыға сын айту үшін жазушы психологиясын зерттеп, ол үшін биографиялық хронология жасап, сонан соң ғана шығармаға талдау жұмысын жасай аламын.

Ардақ НҰРҒАЗЫ: Негізі біздің аға буын прозаиктер реализмды кемеліне келтіріп, өз деңгейінде игерген  деп айта алмаймын. Қарапайым үлгісін ғана қабылдағаны байқалады. Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік»  романын айтайықшы. Реализмнің тамаша қолтаңбасы. Орыс жазушысы романында жалпы процестің төбесінен тура қарап, толық бақылауына ала отырып, оқиғаларды боямасыз өз заңдылығына жіберіп, кейіпкерлер бейнесін  өте жанды, тартымды етіп жазған. Оқиғалар боямасыз, тарихи шындыққа өте жақын болғандықтан, ол айналып келіп кейіпкерлердің рухани болмысын тұлғалауда авторға үлкен мүмкіндік берген, енді бір жағынан талап та ауырлаған. Л.Толстой соны орындап шыққан. Бұл жағынан «Соғыс және бейбітшілік» – реалистік прозаның биік шыңына тән дүниелерді бойына жасырған туынды. Өкінішке қарай, бүгінге дейінгі қазақ прозасында осында айтылған кемелділік тапшы. Біздің прозаиктерде Л.Толстойдың әлгі бәріне төбесінен қарап, толық бақылап отырып, бірақ қоя беріп жазатын қыры жетіспейді. Біздің романдар үлкейтілген әңгіме сияқты. «Абай жолы» бір Абайдың төңірегінен шықпайды. XIX ғасырдағы қазақтың ашылуға тиісті мүмкіндігін Семей мен Жидебайдың арасына қаңтарып қойған. С.Мұқановтың романдары да бірді-екілі желіге құрылады. Кейіпкерлер осы бірнеше желімен келіп байланысып, туыстасып, қастасып, жалпы романның болмысын құрайды. Жиып келгенде, большевиктер көзқарасының әдеби нұсқасы. Одан басқаны таба қоймайсың.  Екі жазушының жалпы оқиғаны беруінде өріс тар, ойдан туындату басым. Содан да кейіпкерлерінде жасандылық бар немесе шынайылықтан гөрі автордың біржақты көзқарасын жастанғаны байқалып тұрады. Л.Толстой сияқты жалпы желіні дұрыс орнына қоймағаннан кейін, кейіпкерлер болмысынан ақау шықпай қалмайтыны – түсінікті нәрсе. Кейінгі  қазақ жазушыларының романдары «Абай жолы» мен С.Мұқановтың шекпенінен шыққан ғой. Оралхан Бөкеев, Тынымбай Нұрмағанбетов, Мұхтар Мағауиндер кезеңіне келгенде қазақ романдарының кейіпкері одан ары азайып, масштабы кішірейіп, тілі жалаңданып қалғанын көреміз. М.Әуезов, С.Мұқановтардан мұраға қалған әдеби тіл сұйқылдап кеткен. Бүгінгі таңда қазақ прозасының хәлі тіпті мүшкіл жағдайда. А.Толстойдың «Петір-I» романы сияқты прозаның ең бір қарапайым, арзанқол, ертегі айтатын түріне көшу етек алған. Көркем шығарма емес, сыдырып мақала, очерк оқып отырған адам сияқты сезінесің. Осы үрдіске сын көзбен қараған шығармашылық адамын және көрмедім. Прозаиктер талғамның төмендеп кеткенін  сезінбейтін халге жеткендей. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі қазақ прозасы тіпті қайраңдап  тұр десем, артық емес.

   Ақерке АСАН:  Мен қазақ әдебиетінің болашағына шексіз сенемін. Себебі әдебиетіміздің тарихы ғажап. Біздің әдебиет талай қарсылықпен бетпе-бет келсе де, еш жығылған емес. Оның үстіне, феноменалды дүниелер бар: жыраулар поэзиясы, айтыс, Махамбет Өтемісұлының өлеңдері, Абайдың қара сөздері, Шәкәрімнің шығармалары мен Мағжанның прозасы.

Қазіргі әдебиет жайлы сөз жүрегіме батады. Айтарым жоқ дегенім емес. Айтуға тұрарлық дүниелер де аз емес. Алайда өз басыма қазақ әдебиетінің оқырманы тым аз боп көрінеді. Поэзияның таралымы жақсы, ал прозаға әлі күш керек, қолдау қажет.  Бұған дейін шығармаларды сұрыптап басатын қалың журналдар жақсы қызмет қылып еді. Қазір жазушылар дербес баспалар арқылы кітап шығарады. Сондықтан жалпы картинаны елестету де қиын. Дегенмен өз оқырмандарын тапқан замандастарым үшін қуаныштымын. Кейінгі кезде Бақытгүл Сәрмектің әңгімелері ерекше көзіме түседі. Есбол Нұрахметтің ізденіс үстінде жүргені ұнайды. Бірақ оған дейінгі Талаптан Ахметжанды тез ұмытқанымыз қалай?! Серік Сағынтайдың прозасы «Қарға» жинағымен бір жарқ етті де көрінбей кетті. Сондықтан бұл салада атқаратын іс, ойландыратын мәселе көп. Кейде шын таланттардың үні көпшілікке жетпей жатқандай болады. Бастысы, қозғалыс бар, біз күтуге дайынбыз… дайын болсақ…

Айнұр АХМЕТОВА:   Жазушының, зерттеушінің немесе кез келген адамның сөз саптасы сол қоғамдағы тілдің қолданыс деңгейін көрсетеді. Жазушы да, ақын да сол қоғамның мүшесі болғандықтан, сол тілде сөйлейді, жазады. Әдетте, кейбір сыншылар мен үлкен буын жазушылары жас авторлардың тілдік қолданысына көңілі толмай жатады ғой. Кез келген адам алғаш қалам ұстағанда мінсіз жазып кете алмайтыны да белгілі. Сондықтан  автордың алғашқы шығармаларында қате қолданыстар кездесетіні заңды. Үйренудің бастапқы сатысы. Ал жалпы алғанда қазіргі әдеби тіл бұзылды (көркем әдебиетті негізге алып отырмын) деп есептемеймін. Керісінше гугл аудармасы қалыптастырған қоғамның калька тілін жөндеп жатқандар – ақын мен жазушы, одан кейін санаулы ғана сауатты редакторлар мен журналистер, қазақ тілінде сабақ беретін ұстаздар. Әдеби тіл дегенде біз автордың қазақ тілінде сауатты сөйлем құруын және көпшілікке түсінікті, бір ізге түскен, қалыптасқан нормадағы лексиканы қолдануын айтып отырмыз. Қазіргі уақытта жазушылықты бастаған автордың алғашқы шығармасын оқығанда алғашқы сөйлемдерінен-ақ сөйлем құрауға жаттықпағаны, сөздердің орнын бірнеше рет  ауыстырғаны, қиналғаны – бәрі көрініп тұрады. Оған қарап қазіргі әдебиеттің әдеби тіліне баға бермеуіміз керек. Сыншы ретінде немесе рецензия жазушы қате тұстарын көрсеткенде автор жазушылық жолға бел байлап келген болса, сол сыннан нәтиже шығарады. Ал әдеби шығарманы талдауға қатысты жоғарыда да айтып өттім. Бір нәрсені есте ұстаған жөн, шығарма жақсы жазылса, оған қатысты талдаулар да сапалы шығады. Автордың да, сыншының да ойлау жүйесі терең, ой-санасы мен талғамы биік болса, соғұрлым сапалы дүние көбірек жазылады.

«Алқа» отырысын жүргізген Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІРЛЕР9
Аноним 31.10.2021 | 11:13

Ой, мынау қайдан шыққан білгіштер- ей! Өздері ғана түсінетін, шала піскен шашлық сияқты оттаубайларын ғылым. әдеби сын деп ойлайды екен бұлар. Әбден лағып, орысты оқып, дүбәрә боп кетіпсіңдер. Әуезіпке адасқан қайтыңдар бишаралар.

Аноним 31.10.2021 | 11:15

Әуезіпке қайтыңдар далақтап босқа адаспай.

Аноним 31.10.2021 | 20:55

Мықты болсаңыз жасырын бай, өз атыңызбан жазыңыз пікірді

Аноним 01.11.2021 | 13:05

Қай жеңгенің менікі!)

Аноним 03.11.2021 | 08:46

оттапсыңдар өңкей шибөрі.

Аноним 03.11.2021 | 08:47

Шуылдақтар! Жүрек айниды сендерден.

Аноним 07.11.2021 | 10:57

Далақбайлар

Аноним 08.11.2021 | 19:01

ҚОНАҚ 08.11.2021 | 10:14
Жемқөр, алаяқ Матужановтың қолшөқпары Әлимерә Қалейова өсекші, жағымпаз. ғылыми төмен дәрежедеғы жорналыстық қана шәмасі ғанә бәр, бүлдүруші кер кәткен қатин кәкбөт

Алмира қарындасымыз кесек-кесек ойлар айтып отыр. Сен өзің тіпті, кісі сынамақ түгіл сөйлем сөйлем құрай алмай отырсың ғой! Осы сайтты былғап отырған сенсің-ау!

Аноним 09.11.2021 | 09:57

Матыжанов сияқты партияшини адамды Әдебиет академиясына отырғызып қойып, қазақ әдебиетін көкке көтереміз, дегеннің өзі күлкілі. Ол барып тұрған надан адам. Ондайлар ғылымның ауылынан алыс қой. Оның тәрбиесінен не жетіскен кадыр шығады дейсің. жалағыш, жағымпаз, ғылымның атын жамылып күн көріп жүрген сүмелектер болмаса.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір