Өскен шаңырақ – алты қазақ, үш орыс, екі татар, бір башқұрт…
29.10.2021
449
0

21 қазан күні ҚР Президенті, ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Отырыс барысында түрлі маңызды мәселелер талқыланды. Қазақстан халқы Ассамблеясы XXIX сессиясының шешімдерін және Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру тұрғысынан Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдардың басты міндеттері сараланды. Ассамблея бірыңғай азаматтық ұлт құруға, қазақстандықтарды әлеуметтік-мәдени, қоғамдық және білім беру процестеріне кеңінен тартуға бағытталған жаңа тәсілдерді енгізуді жалғастырып жатқандығы атап өтілді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде:

«Құрметті Ассамблея Кеңесінің мүшелері!

Бүгін Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында жиналып отырмыз. Тәуелсіздік мерейтойы – Қазақстан үшін аса маңызды тарихи белес. Біз осы жылдарда тұғыры мығым, қуатты мемлекет құрдық. Экономикамызды өркендеттік, халықтың әл-ауқатын арттырдық. Мұның бәріне берекелі бірлігіміз арқылы қол жеткіздік. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасты. Оның тиімділігін әлем қауымдастығы мойындады. Қазақстандағы тұрақтылық пен татулық қоғамдағы ынтымақ пен теңдіктен, өзара сенім мен құрметтен бастау алады. Қастерлі Отанымызда түрлі мәдениеттердің үйлесім тапқаны – соның айқын көрінісі. Бұл – біртұтас ұлт болып ұйысуымыздың басты қағидаты әрі айнымас стратегиялық бағдарымыз», – деді.

Сонымен бірге ҚР Парламентінің мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов сөз алып, балалардың тағдыры жөнінде пікірлер айтты.
«Балаларды кибербуллингтен қорғау, әлеуметтік желілердегі арандату тілі туралы бүкіл қоғамды алаңдатып отырған проблеманы осындай алқалы жиында талқылауға шығарғаныңыз үшін Сізге разылығымызды білдіреміз, аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бала – бақыт. Бала – болашақ.
Адамның балалық шағы қандай болса, қоғамның болашағы да сондай болады»,
– деп мәжіліс депудаты Сауытбек Әбірахманов өз ойын жеткізді.

Сондай-ақ отырыста Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚХА Аналар кеңесінің этносаралық келісімді нығайту жөніндегі қызметінің өзекті мәселелері қаралды. Өзекті мәселелердің бірі ретінде, спикер Қазақстандағы этносаралық толеранттылық туралы сөз қозғап, бүгінде елімізде 800-ден астам отбасы түрлі этностардың балаларын тәрбиелеп отырғанын атап өтті. Мысал ретінде Қостанай облысы Алтынсарин кентінен Төлегеновтер отбасын келтірді. Олардың 12 баласы бар: алтауы – қазақ, үшеуі – орыс, екеуі – татар, біреуі – башқұрт. 2014 жылы облыстық ҚХА Аналар кеңесінің бастамасымен «Асар» акциясы аясында бұл отбасы үшін кең үй салынды.

Шарада әртүрлі түйткілді мәселелер көтеріліп, оны шешу жайлары баяндалды. Атап айтқанда оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторы ретінде мемлекеттік тілді оқыту мәселелері, интернет және балаларды тәрбиелеу проблемалары, балаларға арналған сапалы медиа-контентті қалыптастыру, кибербуллинг, көп балалы аналарды әлеуметтендіру және т.б. өзекті тақырыптар көтерілді.

Іс-шара соңында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдардың қоғамдағы бірлік пен келісімді қамтамасыз ету саласындағы қызметі мен міндеттерінің басымдықтарын атап өтті. Президент қадау-қадау мәселелерге кеңірек тоқталып, этносаралық негізде кемсітушілік пен жанжалдарға жол бермеу, арандатулар мен Қазақстандағы этносаралық бейбітшілік пен келісімді тұрақсыздандыру әрекеттерін болдырмау қажеттігіне назар аударды. 

Шарада қолға алынған мәселелер көп ұзыамай жемісін береді деп сенеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір