Алты алаштың арманын арқалаған
Жүрсін Ерман
Поэзия
Әкем маған жаттатқызды бірде аят,
Қияқтай ай көк желкемде тұрды аяп.
Қойнымдағы қағазымды су-су ғып,
Жаңбыр талай жазып берді рубаят.
Ақынмын деп қырға шықтым
алшаңдап,
Қуанушы ем құшаққа жел толса алдап.
Шыр-пыр болды қарлығаштар ақ тамақ,
Қонар ем деп басыңа егер болсам бақ.
Шуылдады сырын айтып көк қамыс,
Қиялым да көкке самғап кетті алыс.
Жүрдім талай қой соңында салпақтап,
Қыр астында жусандарым көп таныс.
Жаттым сайда саққұлақтай тың тыңдап,
Төбемде ұшты көгала үйрек сымпылдап.
Саз-саз болған менің жалаң басыма
Дәл сол күні қонған шығар мүмкін бақ?
Сырласам деп төбемдегі тырнамен,
Ғашық болып қалдым ба екен жырға мен.
Содан бері таңдайыма жабысып,
Өлең болып келе жатсың, нұрлы әлем!
* * *
Қалтаңды бір ойлаумен,
малтаңды бір,
Жүргеніңде таусылар талқан-ғұмыр.
Қабағыңды күн шалып болмай жатып,
Қараңғымен қымтайды арқаңды іңір.
Асығыстық кіргендей үрдіске анық,
Ай азайып,
барады күн қысқарып.
Өте шығар басыңнан елес-өмір,
Жанталаспен жүргенде тұрмыс бағып.
Шашым ұзын болғанмен,
мұртым қысқа,
Жалындаған жігіт ем былтыр қыста.
Ақыретті ойлаған адамсынып,
Бой үйретіп жатырмын бұл тұрмысқа.
Құлағымды төсемей кеңеске құр,
Елеңдеумен келіп ем елеске бір.
Талайларды тақымға басқанындай,
Ерттеп мініп алды ғой, мені ескі өмір.
Тауға да ұрып басымды,
тасқа да ұрып,
Бекер іздеп жүріппін басқа ғұрып.
Менің зая тағдырым – менікі емес,
Жатыр менсіз бір жерде басқарылып!
Іздеу салу
Жеткіземіз деп жүріп жолдарды Айға,
Жиреншені,
алмаймыз Алдарды ойға.
Шырт түкіріп,
шақшасын қағып қойып,
Қабағымен ықтырар шалдар қайда?
Жеті қырдың астынан тың тыңдаған,
Жігіт қайда
сақтайтын жылқыңды аман?
Ажал жетсе арысқа жоқтау айтып,
Жесір қайда
жұбанбай сұңқылдаған?!
Тұлпарларын жүрсе де мініп қойға,
Тектілігі қанымен тұнып бойда,
Қарындастың басына күн туғанда,
Ту түбінен табылар жігіт қайда?!
Бәлесі көп бықсытып өрт-өсегін,
Бұрышында тұрмайтын әр көшенің.
Ару қайда ар, ұят, иманымен,
Жайнамаздай күтетін жар төсегін?!
Қыздар қайда
Мәжнүннің ғашығындай,
Келін қайда аспанның ашығындай.
Омпысына қорғасын құйып қойған,
Бала қайда құлжаның асығындай?!
Намыс болса, оянар өзі-ақ бойда
Деп жүргенде,
ағарып көз ақпай ма?
Алты алаштың арманын арқалаған,
Асып туған атадан қазақ қайда?!
Бар азапты арқама тиегендей
Мен өлуім керек қой,
Кием өлмей.
… Қазақ іздеп жүрмін мен, қазақ іздеп,
Күндіз шырақ ұстаған Диогендей!
Ұлытау
Ұлытауым,
Ұлықтауым – Көктөбе,
Көктөбенің қасиеті жоқ деме.
Кісілікпен иықтас сол биік тас,
Өзіңді де қия қоймас өкпеге.
Ұлытауға барсаң, деме жоқ таныс.
Бөтен емес, Едіге мен Тоқтамыс.
Құлағыңа сыбырлайды бір сырды,
Қойнаудағы ақ қайың мен көк қамыс.
Өткергенмен жотасынан не бір лаң,
Көктөбе, бұл – әкең сынды мейірбан.
Асасына сүйеніп ап тұрмасын,
Тасасында бір төбенің Темірлан.
Қыр басында қараңдаған әлде не?
Қарауылдап жүрген, бәлкім, Хан Кене.
Талай ұлдың атасындай осы тау,
Талай қызға тәрбиелі болды ене.
Төбесіне шыққанымен жұрт оңай,
Тұнып жатыр Көктөбеде сыр талай.
Әр дараның бауырында бір бұлақ,
Әр бұлақтың сауырында бір тоғай.
Бұлақ – сері,
Самал – әнші,
Орман – сал,
Ұлытауда биіктейді арман сәл.
Ту сыртыңнан сынай қарап тұрғандай,
Көпті көрген Иманжан мен
Болман шал.
Сезінбейсіз елден – айбат,
жерден – сыз,
Сөз бастама Жанайдарсыз, Ерденсіз.
Кісілікті ұлықтайды Ұлытау,
Төрге шығып кетпесін деп көргенсіз.
Ұлытауда қағылмайды есіктер,
Әлдиінен жаңылмайды бесіктер.
Ұлытауға келсең, мешіт көргендей,
Кебісіңді қолыңа алып, шешіп кел!
* * *
Біздің ауыл шалғайда, жер түбінде,
Бөлек біздің ауылдың дерті мүлде.
Бір сапарға шығып ем он үшімде,
Енді мына тағдырдың еркі кімде?
Ауыл қалды шалғайда,
жер түбінде.
Қайрылуға қайран жоқ,
барам ұзап,
Жолдас болдым жандарға жанары жат.
Ішіп жүрген суымның бәрі кермек,
Жұтып жүрген ауамның бәрі аңызақ,
Қайырылуға қайран жоқ,
барам ұзап.
Ұзап барам, қайтейін, барған сайын,
Қанша жылым бар енді,
бар қанша айым?
Бәйтеректің басамын
тамырынан
Алыстайтын
жапырақ жарған сайын…
Абай ескерткіші
I
Тас болып тұрсың,
Өтеміз күнде осы арадан.
Өзіңнен басқа таппаймыз
мұңдасар адам.
II
Абай ағамыз!
«Қазағым-ау» деп,
сіз бізді көп аямаңыз:
Қатыгездікке келгенде қарайып әлі
Сабақ алатын жақсыны
Сабай аламыз.
Өтірік! Жалған
аспанның астын кернеген
Бабаларымыз, меніңше,
қасқырды ембеген:
Қақпанға түссе, тірсегін қиып кететін,
Бөрінің серті сондықтан
дәстүрге енбеген!
Қанағат та жоқ,
Рахымның ізі қалмаған,
Қайырым қылар дегенің – бұзық. Оңбаған.
Патшайым болар дейтіндей
періште де жоқ,
Қу аяқ бар ма,
қазақтың қызын алмаған!
Адамгершілік айырылды өз бағасынан,
Алдауға келсе, інісі озды ағасынан.
Түндіктен түсіп,
Кіндіктен қылмыс жасайтын,
Түңіліп жүрміз қазақтың
бозбаласынан.
Мұсылман таппай,
отырар тізгін басында,
Тұлпарға тоқпақ таққан соң,
Құзғынға сырға,
Құдайдан медет болмаса, қазағың әлі,
Жылап көрісер, ей, аға, сіздің ғасырға!
Жыр – аманат
Қайтер ем: қайран Қасым болмаса
үлгім,
Басқа емес, жалғасымын сол Қасымның.
Қит етсе, тобығымнан қағып түсер,
Менің де табылады жолдасым мың.
Мен – солмын, сол, баяғы,
сол Қасыммын,
Тілеймін иілмеуін өр басымның.
Алдаспан жияр болсаң, алмасыңмын,
Қорытып құяр болсаң, қорғасынмын!
Өндірдей өлеңдерім – бөбектерім,
Әлдилеп бөбегімді өбектедім.
Ақиқат бесігінде уілдеген,
Бөбегім ержетуі керек менің.
Ел едік отқа салған асылдарын,
Қасқайып тумас күнде хас ұлдарың.
Алаштың жүрегінде жақтым шырақ,
Танымай қалмасын деп Қасымдарын.
Сол үшін ұрынса да тасқа басым,
Бәрібір бола алмаймын басқа Қасым.
Жанымды жанкештілер ұғынбаса,
Көзімнен түйір-түйір жас тамасың!
Тұрса егер күн айналып, жер дөңгелеп,
Кешпеспін мен де ғұмыр елден бөлек.
Басыңа жүрегіңнің бал тамызам,
Секілді гүлден – белгі, белден – дерек.
Ақынның демес сорын жеңіл ешкім,
Елім деп емірендім, өліп-өштім.
Үстімде сұр шинелім сүйретіліп,
Әйтеуір, ел көшіне мен ілестім.
Ұшықтап қасиетті жыр-дұғасын,
Көрінбей қастарында жүрді Қасым.
«Дауылдай өртке тиген өлеңімді»,
Ұқпасаң, айналайын кімді ұғасың?
Суырып сын сағатта серме қылыш,
Тар жерде табан тайса – ерге өкініш.
Тағдырың тәлкек болған желтоқсанда,
Тебіреніп жата алмадым көрде тыныш.
Намысқа түскен кезде бір ұшқын кеп,
Айта алман шепте таймай
тұрыстым деп.
Желтоқсан алауындай лапылдаған,
Қайратың мен емес пе ем
Ырысқұлбек?
Мен емес бұғып қалған, күйбеңдеген,
Ақынмын ажалдан да именбеген.
Жалындай шарпып көң бет,
тоң беттерді,
Жұбанның тілі болып сүйреңдегем!
Тәңірім жаратқан соң асыл қылып,
Ешкімге иілмеп ем басымды ұрып.
Талайдың төбесінен жай түсірген,
Тірі екен Қасым-мінез, Қасым-қылық!
Қазақтың аспанынан серпілді мұң,
Көз тоймас керім, елім, көркің бүгін.
Көріме себелейді шұғыласын,
Бұйырған маңдайыңа еркіндігің.
Қасым ба, сөйлемесе бұлай Қасым,
Халықтың көрмесем де ұлы айқасын.
Тебініп тайға мінген Тәуелсіздік,
Қасымға өгей ұл деп кім айтасың?!
Жүргендер айыра алмай балдан басын,
Атымды менің енді малданбасын.
Көк бөрік, көк жағалы көнбістердің,
Қашан да зәре-құтын алған Қасым!
Айныман ақын деген болмысымнан,
Алмаспын аярсынып қолды ұсынған.
Жалаудай желбірер-ау қара пәлтем,
Құтылса Қазақстан соңғы сұмнан!
Киелі кең мекенің арқадағы,
Құшпасам, құмарым бір тарқамады.
Қадалып қарыс жерден қарап жатыр,
Ақкөйлек Астанаға Қарқаралы.
Әрине, сендер менен басқасыңдар,
Аңқылдап Астанада бас қосыңдар.
Жарқылдап жаңа күннің есігін аш,
Жүрегін қолына алған жас Қасымдар!
Не пайда тастан мүсін соқсаң-дағы,
Өліге қошеметтің жоқ салмағы.
Көшесін Астананың кезер ме еді,
Тобықтай Қасым ақын тоқсандағы!
Түсіріп Байқоңырдан алысқа нұр,
Тоқтардай толықсыған арыстан-ұл.
Қазақтың қиялындай самғағанда,
Шағаннан шашып жаттым
ғарышқа гүл!
Бұрқанып соққанымен
боран – Қасым,
Белгілі Оралға енді оралмасым.
Тәңірден тілейтінім – текті туған,
Тәкаппар рухым тек жоғалмасын!
Қамшы алсаң,
әділеттің қамшысымын,
Тамсансаң,
табиғаттың тамшысымын.
Ән салсаң елім-ау деп еміреніп,
Қазақтың Жұмекен мен Шәмшісімін!
Томпайған өз жерімде бір төбемін,
Ортайған кездеріңде жыр төгемін.
Дариға дәрмен болса, ұшып тұрып,
Көз жасын ғашықтардың сүртер едім.
Қағар ем арқасынан жас ініні,
Ақынның бәрі ендігі – Қасымұлы.
Дөңбекшіп жата алмаймын
жер-бесікте,
Дүңкілдеп құлағымда ғасыр үні.
Бауырға басар болса, жыр – Қасымын,
Ақ көңіл, адалдардың сырласымын.
Күрсінсем – қарияның қарғысымын,
Сүйсінсем – сәбилердің іңгәсімін.
Сұлудың сыңғырлаған сырғасымын,
Қамкөңіл Қарасаздың жылғасымын.
Қуансам – арулардың күлкісімін,
Мұңайсам – Мұқағали мұңдасымын.
Төбемде тұнжыраған тұр ғасырым,
Әйтеуір, маңайында жүр Қасымның!
Сүйрелеп мені қайда барасың жыр,
Тұрғызбас мәңгі мекен – аласа үңгір.
Талпынсам, топтарыңа қосылам деп,
Тартады аяғымнан қара шынжыр.
Қасымды тастаған соң шетке сүйреп,
Белгілі сендерге енді жетпесім бек.
Шынжырлап
төрт жағымнан тастаған ба,
Қайтадан Қасым тұрып кетпесін деп.
Зираттың зыр қаққанмен іргесінде ел,
Жан бар ма мені өзімен біргесің дер?
Талайлар әлі мені күндесім дер.
…Ақынның хақын жеген ел оңбайды,
Тірілер!
Өлеңімнің жүлдесін бер!
Бақ пен сор
I
Келді-кетті дүниеге бір ақын,
Өмірі тек өксулерден тұратын.
Ешкім оның ұғынған жоқ мұратын,
Ешкім оған жасаған жоқ рақым.
Ойы биік,
Бойы биік ортадан,
Жанды-сөнді лапылдаған өрт-адам.
Ешкім оны сыйпаған жоқ маңдайдан,
Ешкім оны қаққан емес арқадан.
Басын исе,
адалдыққа иетін
Ешкім оның түсінген жоқ ниетін.
Өзегінен теуіп жатқан өмірді ол,
Өгейсімей,
Өліп-өшіп сүйетін!.
Ғашық еді тіршілікке ол байғұс,
Қасіретке құштар еткен қандай күш?!
Кешіп жүрді ол өлеңнің өзенін,
Басына тек бақыт болып қонбай құс.
Досы да жоқ.
Дос дегені, ол да – жау.
Жоқшылықтың көз жасына
толды ожау.
Оңды-солды шашты жырдан несібе,
Бақытсыздар етсе екен деп талғажау.
Ол жүрегін жүргенімен жырлатып,
Бұйырмады маңдайына бір бақыт.
Арулардың жанарынан сыр оқып,
Аналардың алды жасын құрғатып.
Таусылғанша соңғы демім-тынысым,
Тек өлеңнің тасытам деп ырысын.
Жырдың ғана қабағына қарайлап,
Өмірін де құрбан етті жыр үшін.
Қасіреті қарығанмен қанша ішін,
Жыр-тұлпарға басып
соңғы қамшысын.
Келешекке сәлемім деп,
Өлеңге
Сарқып құйды жүректің
қан тамшысын.
Қара өлеңмен көгерер деп көсегем,
Жанын жырға жөргек етіп төсеген.
Бір өлеңге бар ғаламды сыйғызды ол,
Соңғы өлеңім емес пе деп осы өлең.
Білуші еді ол ажалдың күтпесін,
Білуші еді бәрін жазып бітпесін.
Қолындағы қалам сусып түскенде,
Соңғы өлеңнің қойды соңғы нүктесін.
Қолында өлең,
Қансыраған жансыз хат,
Жылап тұрды жүрегімен жар сыздап.
Тіршілікте қолға түспей,
Өлгенде,
Басына кеп қонып жатты арсыз бақ.
Тасынғанда, теңіз болып толатын,
Ашынғанда, гүлдей қурап, солатын,
Өлең үшін өмір сүрген сол ақын –
Мұқағали Мақатаев болатын!
II
Шаттық жоқ шабандозда Шалкөдесіз,
Шөмиіп, секілді бір шал кәдесіз.
Иесі аттанғанда қан майданға,
Шалқұйрық Шалкөдеде қалды егесіз.
Ұшқандай дәл сол күні баста бағы,
Жадырап енді шырай ашпағалы.
Телмірді күнбатысқа бір жас бала,
Ұқсайтын қыран құсқа қас-қабағы.
Қыран құс түлемесе қомдана ма,
Шілдеде жылына ма тоңған ана.
Иесіз Шалқұйрықтың киесі мен,
Шылбыры қалып еді сол балада.
Өмірдің керуені тоқтасын ба,
Жанашыр әкесі де жоқ қасында,
Жамылып атасының жарғақ тонын,
Жанығып жыр жазатын от басында.
Тіліне кейде оралып Құран – дана,
Ерте-кеш құмартқаны жыр-ән ғана.
Шаңқылдап шәулі бүркіт
болып шықты,
Қабағы қатыңқылау қыран-бала.
Қуалап құдірет күш қан тамырды,
Елемей жолдағыны жаңқа ғұрлы.
Шарықтап кетуші еді шайыр бала,
Құшақтап қиялымен Хан-Тәңірді.
Көзіне көрініп бір бақ құсы аппақ,
Жарқылдап шың басында
жақты шақпақ.
Үйреніп найзағайдан жарқылдауды,
Тұратын тау басында от құшақтап.
Тұңғиық тереңімен көл шымырлап,
Кететін құлағына жел сыбырлап.
Тілейтін Қарасаздың кемпір-шалы:
«Я Құдай, сол балаға берші бір бақ».
Бар ма деп Шалкөдені шолатын күн,
Баланың жанарына толатын мұң.
Халықтың қайғысы мен қасіреті,
Шер болып шөкті ішіне сол ақынның.
Жыр жазып арасында жүрді ауылдың,
Қойсын ба құдіреті жыр-дауылдың.
Сөзімен сызып заман суретін,
Айналды ақынына бір дәуірдің.
Жазғанмен жан жарасын үрлеп уақыт,
Жесірмен қайғы-көлге бірге батып,
Жүретін Қарасаздың көшесінде ол,
Басынан Хан-Тәңірдің жыр боратып.
Күзетіп босағасын боздақтардың,
Ошақта өлең отын маздатты әр күн.
Есіне түсіп кетсе есіл ерлер,
Ызғарын сезінетін жазда ақпанның.
Түнектен тілегендей жанға жалын,
Жүректе тұншықтырып мәңгі азабын,
«Есіктің» кафесінде отыратын,
Ішінде жалғызсырап даңғазаның.
Жөңкілген Хан-Тәңірі бұлты сынды,
Жұмбағын жүрегінің кім түсінді.
Адамзат көктемінің хабаршысы,
Жоғалтып алдым бір күн
жыл құсымды.
Райымбек! – деп туған ұранды ақын,
Түсіріп жырмен елге Құран-хатым.
Шалқұйрық шашасына
шаң жұқтырмай,
Шалкөде, Қарасаздың шығарды атын.
Еңбегін еткен емес елге міндет,
Естіді ел қыршын күйде өлгенін тек.
Жұрт енді мін тағады сол ақынға,
Жамбылдай неге жүзге келмедің деп.
Ақынға мақсат па екен көп жасаған,
Көп күнді көрсетпеді көз жасы оған.
Алыптың бар міндетін атқарыпты,
Халықтың ұлы болған жап-жас адам.
Аз жасау болып еді күнә қашан,
Ел неге айтады әнін, ұнамаса ән.
Жоқтауын тұрмын жырмен жеткізе
алмай,
Көрісіп Қарасазға жыламасам!
Киелі түс
…Кісі екенмін бұдан гөрі тұрмысты,
Және күнде жазады екем жыр күшті.
Қанжығаңды қандап жүр деп осымен,
Абай ағам бере салды бір құсты.
Содан кейін… Алла оңғарып
жолымды,
Жақсылармен толтырыппын
тобымды.
Иығыма шапан жауып Тұмағам,
Қадыр ағам қысып жатты қолымды.
Қорамдағы түйем қоңды, жылқы ішті,
Жақсылыққа жориыншы бұл түсті.
Шаңқ еткенде Абай берген қыраным,
Ауызынан түйдек-түйдек гүл түсті.
Қыр басында салып тұрмын қиқуды,
…Бұл не деген әдемі түс сүйкімді.
Ит өмірге оянбай-ақ қояйын,
Бұзбаңдаршы, бұзбаңдаршы ұйқымды!