«Шаңырақ» күні көпті шаттықа кенелтті
Алматы қаласында «Шаңырақ» күніне орай түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – заманауи қамшылардың тұсаукесері өтті. Smart қамшылардың ерекшелігі – қазақтың ұлттық әндері мен күйлері, жаңылтпаштар мен мақал-мәтелдерді тыңдауға болады.

Сонымен қатар шаһарда перзентхана ұжымы аналарға арнап мерекелік іс-шара дайындаған. Би ансамбльдері өнер көрсетіп, гитара мен домбырада әндер орындалды. Жас аналар үшін дәстүрлі ұлттық тағамдар әзірленді. 31 жастағы алматылық Эрика есімді ана №4 перзентханада төртінші баласын дүниеге әкелген ана: «Наурыз мерекесі қарсаңында сәбиімді дүниеге әкелдім, бұл жерде үлкен символдық мән жатыр. Әсіресе, қызымның өмір есігін ашқаны отбасылық құндылықтар күнімен тұспа-тұс келгеніне өте қуаныштымын. Ана болу – үлкен бақыт. Бүгін бізді салтанатты түрде құттықтап, сыйлықтар үлестірген перзентхана ұжымына да алғыс білдіреміз. Баршаңызды келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Әр шаңыраққа амандық пен бақыт тілеймін», – деді ақжарыла.