Қазақстан – бітімгерлік бастамалардың авторы
29.10.2021
590
0

2021 жылғы 18 қазанда Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы мен Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Рухани келісім күніне орай «Қазіргі заманның сын-қатерлері жағдайында конфессияаралық және ұлтаралық келісімді нығайту» атты халықаралық конференция өткізілді.

Конференцияға Парламент мәжіліс депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы, орталық мемлекеттік органдар өкілдерімен қатар, халықаралық ұйымдар өкілдері, АҚШ, РФ, Индия, Пәкістан, Ливан, Қырғыстан мемлекеттерінен халықаралық эксперттер және республикалық діни бірлестіктер мен дін саласындағы ғылыми-сарапшылар қатысты.

Дін істері комитеті атынан төрағаның орынбасары Бакиров Бауыржан Жәлелұлы сөз сөйледі.

Ол өз сөзінде Қазақстан халқының рухани келісімі мен бірлігін нығайтуға өз үлесін қосып отырған түрлі діни бірлестіктер өкілдерінің маңызды рөлін атап өтті.

Ал 19 қазан күні Алматыда Рухани келісім күні аясында ғылыми-практикалық форум өтті. Форумның міндеті – діндер диалогы мен рухани даму саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, діни қауымдастықтар арасындағы өзара құрметті, сондай-ақ бейбітшілік пен зорлық-зомбылықсыз мәдениетті нығайту бойынша ұсыныстар әзірлеу. Форумға сарапшылар, теологтар, дінбасылар мен көшбасшылар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ басқа өңірлердің уәкілетті органдарының өкілдері қатысты.

 Шараға қатысқан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың айтуынша, Қазақстан –18 дін мен конфессияны ұстанатын 130-дан астам ұлт пен ұлысты біріктіретін әлемдегі жалғыз мемлекет. «Қазақстан – бірқатар маңызды халықаралық бітімгерлік бастамалардың, әсіресе діндер мен өркениеттер диалогын ұйымдастыру саласындағы ұсыныстардың авторы. Елордамызда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу осы саладағы жеткен жетістігіміздің жарқын мысалы болды. Съездердің арқасында бүгінгі таңда әртүрлі діни қауымдастықтар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа көкжиектерін ашуға объективті алғышарттар жасалды, сондай-ақ біздің ел аумағында конфессияаралық диалог пен келісімнің жаңа моделі қалыптасты. Съезд жұмыс істеген сәттен бастап, тек Алматы қаласында діни бірлестіктердің саны 10 есе өсіп, діни сенім бостандығына оң серпін берді», – деді Ержан Бабақұмаров.

Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы Бас консулы Евгений Бобров форум барысында Рухани келісім күнінің берер игілігін тілге тиек етті. «Бүгінгі мереке – мейірімділік пен халық бірлігін дәріптейтін күн. Рухани келісім – Қазақстанның игілігі болғандықтан, оны мемлекеттік құрылымдардың, қоғамдық ұйымдардың, оқу орындары мен дін қайраткерлерінің өзара іс-қимылы арқылы қолдап, сақтау қажет», – деді Евгений Бобров. Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан да өз пікірімен бөлісіп, қала әкімдігі ұйымдастырған конференцияның маңыздылығын атап өтті. Алматы қаласы мен Алматы облысындағы Евангелиялық христиан-баптистер шіркеулерінің аға пресвитері Алексей Лубошников та барлығын Рухани келісім күнімен құттықтады. «Міне, 30 жыл бойы бүкіл Қазақстан осы мерекені атап өтуде. Келісім – бейбітшілік пен бақ-берекенің негізі. Біз осындай көпұлтты және көпконфессиялы мемлекетте өмір сүріп жатқанымызға қуанамыз. Өзіңіз ойланыңызшы, тек Алматыда 17 конфессия бар, олардың барлығы өзара келісім мен достықта өмір сүруде», – дейді ол.

Рухани келісім күні 1992 жылы Алматы қаласында Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен өткен Тұңғыш Дүниежүзілік рухани келісім конгресінен бастау алатындығын атап өткен жөн.

Конгреске қатысушылар манифест қабылдап, 18 қазан – Рухани келісім күні, қақтығыстар мен жанжалдарға мараторий күні, татулық орнату, мейірімділік пен жақыныңа көмек беру күні болып жарияланды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір