«Суық күздің» авторы суық күзде дүниеден озды
11.11.2022
2499
0

Белгілі журналист — Қонысбек Ботбай   63 жасында дүниеден өтті. Ол – 1959 жылы 7 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Қошқарата ауылында туған. 1977 жылы Борлысай мектебін тәмамдап, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің (ол кезде ҚазМУ) журналистика факультетінде оқыды. Еңбек жолын «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер болып бастап, 1990 жылға дейін бөлім меңгерушісі, редколлегия мүшесі қызметтерін атқарған. 1990-1992 жылдары «Ана тілі» газетінің бөлім меңгерушісі, 1992-1998 жылдары «Дастан» шығармашылық-баспагерлік орталығының директоры, 1998 жылдан «Қазақпарат» баспа корпорациясының президенті болды. «Егіз қауашақ»,«Суық күз», «Соқыр тамшылар» сынды кітаптары жарық көрген.
Руханиятқа зор үлес қосқан қаламгердің жарқын болмысы елінің жадында сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшылығы

Айтар әңгімесі де, арманы да, жазары да көп еді…
«Өмір, сен шынымен
өтірік пе ең?
Тұратұғын бақыт пен
өкініштен.
Бауырыңа ып-ыстық
қысып-қысып,
Итеріп кеп жіберетін
байқаусызда
көкіректен…» –

дегіміз келіп тұр, Қонысбек бауырымызды қимастан. Достыққа адал, ақкөңіл, елгезек, жаны жайсаң досымыз еді, жерлесіміз еді, ауыр науқастан бұл пәниден бақилыққа аттанды.
Қолымызға қалам алып, арманға бірге құлаш ұрып едік, ол Қошқаратадан, біз Боралдайдан, Бәйдібек баба мен Домалақ ананың кең таралған ұрпағынан едік. Ойы да жүйрік, қаламы да жүйрік журналист, қарымды қаламгер еді. Тілі шұрайлы, суретке бай, оңтүстіктің жидесіндей тәтті, қаламынан бал таматын жазушы еді. Нағыз азамат еді. Асау тұлпардай нарықты да мүйізінен қайырып, бағындырып, кәсіпкер атанды. Жеке баспа ашты, атауы да зор еді – «Қазақстан» корпорациясы. Тарихи, әдеби шығармаларды өзі-ақ оқып, жарыққа шығаруға қол қоя беретін. Баспасында ірі жазушылар қызмет етті. Мәселен, аты аңызға айналған ақын, ірі сыншы, белгілі тұлға, Аян Нысаналин қызмет етті, інісіне көмектесті. Басқа да белгілі ақын-жазушылар жанынан табылып, оның жеке баспасының іргесін қаласып, кейін үлкен корпорацияға айналды. Баспагер ретінде ол жемісті жұмыс істеді, кітаптың дизайнын оп-оңай ойлап тауып, тамаша безендіретін.
Отбасымызбен араласып тұрушы едік. Жүрегі жұмсақ, мейірімді жан еді, мезгілінен ерте қайтқан анасын сағынышпен жиі еске алатын. Шығармашылық табыстарымызға шынайы қуанатын. Айтар әңгімесі де, арманы да, жазары да көп еді. «Суық күздің» авторы, талантты жазушы досымыздың дәм-тұзы осы суық күзде таусылғаны өкінішті. Тіпті осылай айтуға да ауыз бармайды. Жазмыштан озмыш жоқ. Артында журналистік тамаша жазбалары, мөлдіреген әңгіме, повестері қалды. Шашақтай-шашақтай балалары, келіншегі қалды. Қабырғасы қайысып, жоқтап жатқан бір қауым – қаламдас құрдастары, достары бар, қара орман Елі бар, оқырманы бар. Сол қара орманы аман болсын дейміз. Өзі махаббатпен суреттейтін Қаратауы қамығып, қарауытып тұр бүгін, басын бұлт шалып… Ауыр қайғыға ортақтасып, көңіл айтамыз.

Баян (Бекетова) мен Сәбит

«Суық күздің» авторы суық күзде дүниеден озды

Қонысбек Ботбайдың біреу біліп, біреу білмейтін әдемі әңгімелері бар еді. Оңтүстіктің шырайы мен тілінің шұрайы шығармаларына өзгеше рең дарытқан. Бірде Қарауылбек Қазиевке, енді бірде Мархаббат Байғұтқа да ұқсап кетіп жатады. Бірақ қай шығармасын алсаңыз да, тәтті бір мұңның жылы лебі есетін. Кітаптарына «Суық күз», «Егіз қауашақ» деген аттарды да екінің бірі қоя бермесе керек. Бірақ ол кейін кәсіпкерлікпен, баспагерлікпен айналысып, көп жазбай кетті. Талантты адамға сол ғана өкініш.
«Суық күздің» авторы суық күзде дүниеден озды.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір