Би мен биші жайлы…
Бишілердің зейнет жасы жайлы білгісі келетіндер көп. Өткен жолы біреулер бірнеше рет хабарласып, пікір сұрады. Содан көңілім секем алып тағы да бір жақтан «жел тұрып келе жатыр ма?» деп ойладым. Маған бишілердің зейнет жасы туралы былайғы жұрттың хабарласуы тегін емес… Осы ретте өздеріңізбен ой бөліскім келеді.
Әр бишінің физикалық бітімі де, өмірлік ұстанымы да, қайраты мен жігері де әртүрлі. Әр адамның өз әлемі, өзіне ғана қатысты дүниетанымы бар. Бишілер әлемін зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, қартайған жасына қарамастан би билеген бишілер болған және қазір де бар.
Мысалы, әйгілі балерина Майя Плисецкая 90-ға келгенше өнер көрсетті. Қытайдың атақты бишісі Ян Ли Пин 60-қа таяпты, әлі де сахнада. Ондай мысал көп, өзім Үндістанда жасы егде тартқанша, сахнадан түспеген талай керемет бишілердің өнеріне тәнті болдым! Кәсіби бишілер, оның ішінде Катхак королі, әйгілі биші Бирджу Махарадждің өнері әлі көз алдымда, кереметтің кереметі нағыз! Оның жасы мен көргенде 70-ке таяған еді… Өмір бойы жинаған тәжірибесі қандай! Халықтың қошеметі қандай! Ал жас бишілердің одан алып жатқан үлгісі шаш етектен ғой!
«Незаменимых не бывает, бывают – неповторимые» деген осы шығар мүмкін?
Испанияда да қарт кәсіби бишілер жетіп артылады. Оны да өз көзіммен көріп келдім. Демек, мүмкіндігің жетсе, жасты ысырып қойып, билей беруге болады екен.
Менің ойымша, би өнері де – ән өнері секілді жасқа қарамайтын өнер. Әр биші шамасы келгенше билесін. Әр жаста оның берері бар, айтары бар, өнер деген түпсіз терең ғой… Басқа ел би өнерін дәріптеп, бишілерін құрметтеп жатады. Ал біз осы бір кереметтей өнер түрінің қасиетін әлі де жете түсінбей келеміз немесе түсінгіміз келмейді…
«Қазақта би өнері кенжелеп дамыған» деген түсінік бар. Мұндай жаңсақ түсініктен арылып, керісінше бұл өнердің дамуымен, өсіп-өркендеуімен айналысуымыз керек деп ойлаймын. Құртумен емес. Ал өнер өсу үшін әр өнер саласында әртүрлі өнер жанрының жастары үлгі алатын майталмандар, тұлғалар жүруі тиіс. Өнер ұрпақтар сабақтастығымен өсіп, дамиды емес пе?
Біздің елдің би өнерінің майталмандары басқа елдермен салыстырсақ, жоқтың қасы. Біз, мәселен, әншілерді дауысы қарлығып, қауқары бітіп тұрса да өмірінің соңына дейін әлпештейміз де, бишілерді неге сол дәрежеде құрметтей алмаймыз? Би өнерінің ән өнерінен несі кем? Неге оған қолдау жоқ? Маған осыны түсіндіріп беретін бір адам бар ма? Мықты деген бишілеріміздің шет елдерге кетуінің бір себебі де – осы.
Біздің бишілер, мысалы, кезінде атағы болса да, есімін кеше ғана есімізге түсіріп жатқан, қазақтың тұңғыш балеринасы, жұмыстан шығып қалып, қудалау көріп, бұл өмірден баз кешіп кетуге дейін жеткен Нұрсұлу Тапалова секілді күй кешуі керек пе? Немесе еліміздің хореография училищесін бітірген соң Мәскеуге барып, атақты «ТОДЕС» ансамблінің экс-солисті, бүгінде танымал заманауи би шебері, балетмейстер Низам Каримов… Ол жалындаған жастық шағын Мәскеуге берді. Неге? Сұрадық па? Ол адамның біздің елдегі қазіргі халі қандай екенін білесіздер ме?
Балет өнеріне бір адамдай-ақ еңбегі сіңген Досжан Табылдыға неге әлі күнге дейін атақ берілмеген? Мысалы, би қоюшы балетмейстерлер ішінде өзі де тамаша биші болған, би қою өнерінің жілігін шағып, майын ішкен, еліміздің мемлекеттік деңгейдегі мейрамдарында ғана еске түсіп, шақырылатын бұл өнердің нағыз майталманы Жанатай Қожабеков те барлық марапатқа әбден лайық емес пе?!
«Күте беруге болады ғой, әттең өмір қысқа», – деп Ғабит Мүсірепов ағамыз айтпақшы, бишілердің еңбегі енді қашан бағаланады? Біздің елде өнер саласында көреалмаушылық, аяқтан шалу деген жымысқы әрекеттер асқынып кеткен. Нағыз таланттар далада жүр. Осыны реттеп отыратын бір кеңпейіл, ниеті түзу қазақ қалмаған ба?! Бұл өнердің қыр-сырын ұғатын, бишілерді өз деңгейінде бағалай білетін ұжым басшылары өте аз. Бір мекемеде жиырма шақты солист-әнші жүре беруге болады да бір бишіге орын табылмайды. Неге? Өнер деген үлкен бәйтерек болса, би де – ән секілді сол бәйтеректің ажырамас бұтағы ғой. Өнер, оның ішінде ұлттық өнердің барлық жанрын бір деңгейде ұстап отыруға бәріміз міндеттіміз.
Би дегенді тек топырлаған топ биші немесе әншілердің қолжаулығы ретінде ғана қарай салуды қашан қоямыз? Қазақтың би өнері өз биігінде тұрса, кәне?! Би әлеміне талпынған талантты ұл-қыздарды құрдымға кетіре берсек, бұл өнер қалай дамысын? Қазақтың би өнерін өзіміз танып-білмей жатырмыз, басқа ел қалай танысын? Неге біз осы басқа халықтардың биін билеуге құмармыз, олар қазақ биін билей ме? Жоқ! Өйткені оларда қазақ биіне деген қызығушылық жоқ. Өзге жұртты қазақ биіне жалт қарату үшін біз бұл өнерді барынша дамытып, қиын, шапшаң, шалт қимылдарымызды қосып, заманға лайықты етіп, таңдай қақтыратындай дәрежеге жеткізіп, қолдау көрсетуіміз керек. Біздің бишілер бәсекеге дайын ба? Қалай ойлайсыз? Күмәнім бар.
Ал енді балет бишілеріне расында обал, 60 жасқа келгенше классиканың қатаң талаптарын сақтау оңай емес…
Қысқартып айтқанда, қазақ елінде қазақ биін асқақтатып, мұрағаттарда қалып қойған тамаша би қойылымдарын жалғастырып, «солист – бишілердің» өз деңгейінде дәріптеліп, еңбегі бағаланып, танылғанын қалаймын!
Мемлекеттен қолдау күтеміз!
Перизат ОМАРБЕКОВА,
биші, ҚР Мәдениет қайраткері,
Мемлекеттік «Шапағат» сыйлығының иегері,
Халықаралық байқаулардың лауреаты
ПІКІРЛЕР1