Серік Байхонов. Жан-Дәрмен
22.10.2021
3311
11

  Мен Оны бала күннен білетін секілді… иә, білетін сияқтымын. Кешіріңіз, «секілді» деген өз-өзінен секіріп, әйтпесе, селкілдеп  тұрған сөздерді қолданғанша, «сия-қ-ты-ы-ы» деп қойып, шалқайып жатпаймын ба деп ойлаймын ғой баяғы. Сол атам қазақтан қалған атасы тегін дауысты дыбыстарды көбірек пайдалануды да сол Кісіден үйрендім.

      Ал бала күннен білу мәселесіне келсек… Менде тұрған не бар, ол Кісіні сенің ағаларың мен әкелерің, тіптен бүгінде о дүниеге аттанып кеткен аталарың да бала күннен білгені анық. Түрін түстеп, тегін түгендеп жатпаса да, кітабын оқып, киносын көрген болуы мүмкін…

      Біздің Асекең, Асқар Сүлейменов ағамыз екеуі тонның ішкі бауындай болыпты. Асекеңді оқып отырсаңыз, кәдімгі «дем» мен «иісті» абстрактілі зат есім деп мойындамайтынын байқайсыз. Ал біздің Әбе «жанды», кәдімгі адам бойында болатын «Жанды» адамнан, яғни Сені мен Менен жоғары қоятыныны анық…

      Ендеше…

                                                  ***    

        Бүгін «Қан мен терді» тағы бір қарап шықтым. Қарап отырып ойымнан осыдан отыз, әлде отыз үш жыл бұрын ағаның: «Менің «Қан мен терім» «Сең» романының кіріспесі болады», –  деген сөздері кетсе-ші.

       «…Міне, тән әлсіреді. Шыбын жан болса да алқымға таялған ақырғы деммен әне-міне үзілгелі тұрғанда, бұның санасы әлсіреудің орнына құдіреттің өзінен қуат алып сәулеленіп кеткені қалай?..»    

      «…Талықсып кеткен Жәдігер сеспей сұлық жатыр. Есін жиғанда сөйлеп оянды. «А-а? Жалғыз… жалғыз б-ала?» Сандырақ па? Сәптіреген сана шатасқанда тілге оралды ма? Кеше осы елдің ит қосып айтақтаған шалдары ауыз ашса: «өлсе – тән өледі, жан өлмейді» деген қисыны шын ба? Тағы да сол шалдар «жантәсілімде ақтық дем алқымға тірелгенде  адам бой салады»  деуші еді-ау. О, Жаратушы Жаппар Ие, міне тән титықтады. Жан үзілгелі әзер тұр.  Ал са-на… неге сана сәулесін сарқып сөнбей, қайдағы-жайдағылар қаумалап өріп кетті?..

      «…Жәдігер көңілі босады. Жарық дүниені соңғы рет көргісі кеп еді. Өксік пе, әлде көкірегі қысылды ма… ақ қырау кірпік астынан мұздай жас мөлтілдеп құлап кетті. Оны бірақ өзі сезбеді…»

      Әлқисса… Бұл уақыты түскірді қойсаңшы, арада екі жыл уақыт зымырап өте шығыпты. Әбең… иә, Әбең Жәкеңнің, Жамбыл бабаның жасына таяп, мен… мен байғұс пайғамбар жасынан асқанмын. Сол уақытпен бірге «Қан мен тер» мен «Соңғы парыздың» соңғы редакциясы жарыққа шыққан. Шыққан… Тек.. сол жарыққа шыққан кітаптарды таба алмай табанынан таусылып жүрген адам көп.

      Әбең телефон шалды. «Қайдасын-н-н?..» Ана «пәлелер» жеп қойған өт жолы мен асқазанды былай қойғанда, жүріс пен жүгіріс жеп тастаған аяғы ақсайтын, компьютер жеп тастаған көздері қақсайтын мен секілді қария қайда болуы мүмкін?.. Бардым.

       Үйдің сырт жағынан келіп тас қоршаудың өзім ғана білетін артқы жасырын есігінің қоңырауын бастым. Әлдене сырт етті. Менің келгенімді біліп іштегілердің әбігерге түскенін қоңырау даусынан естіп тұрмын. Жарты сағат дегенде ашылды-ау. Ал жеңешем… сол баяғы жеңешем негізгі қақпаның алдында күйбеңдеп жүр.       

       –  Қай баласың? – деді.

Жеңешемнің көзі жақсы екенін білемін. Ендеше… «Альцгеймер…» Жүрегім су етті. Алпыстан асқан адамның көпшілігі құтыла алмайтын есте сақтау қабілетінің азаю ауруы. Ал жеңешем тоқсанда.

– Қай жақтан кіріп кеттің? – деді көздері жылт-жылт етіп. – Тамақ ішесің бе?..

Қайдағы «Альцгеймер?..» Жеңешемді қолтықтап алып үйге кірдім.

Асүй жақтан жас еттің исі аңқыды. «Бар… Бар…» деді аға Ажарға қаратып.

– Хал… Денсаулық қалай дегенім ғой, а-ға…

– Онша… онша емес… Мына келін мен екі бала үшін… өмір сүріп жатырмын-н-н…

 Асүймен екі ортада зырылдап жүрген жеңешемнің әңгімесі көп екенін білем, сөмкемді Әбеңнің жанындағы столға тастап ақсаңдай басып сыртқа шықтым.  Енді ғана темекі тұтата бергенімде ағаның өзі де көрінді. Қолында таяқ. Ағаның таяқ ұстағаным тұңғыш көруім.

– Мына пәлеңді… Ана пәлеңді… – деді таяғын шошайтып.

– Неге шақырдыңыз?.. – дедім темекімді өщіріп. Тұқылын қалтама зытырдым.

– Мұқан-н… Мұқан-н… жоқ…

– Қайдағы Мұқан?

– Баубекұлы Мұқан?.. Есіңе түсті ме?.. Мына кітаптың ішінде жоқ…

 Есіме түсті, әрине. Осыдан үш-төрт жыл бұрын орыс тілінде шыққан «Соңғы парыздан» оқығанмын. Бір бетін аударып шыққаным да есімде. Аға аудармамды мақтаған секілді еді.

– Есімде, аға… Тек маған аудартқыңыз келмеген.

– Сен кімді… кім-ді-і ақымақ қылғың келеді, а… А-на ба-ла… Асланның екі бөлмелі үйінде он күн отырып орысшаға аударып шыққанбыз. Оқып шыққан соң «бір кітаптың жүгін көтеріп тұр» деп  мақтағаның есіңде ме?..

 Есімде, әрине. Бірақ қазақшасы есімде жоқ. Ағаның орысша да, қазақша да жаза беретінін білем. Бір қиыны, қазақша жазғанын орысшаға аудартқанмен, орысша жазғанын қазақшаға өзі де аудармайтынын, өзгеге де аудартпайтынын білем.

– Тауып әкел… – Дауыс салқын.

 Қырылдақ даусыма салмақ сала бергенім сол, ақ таяқтың ауаға ілініп тұрғанын көрейін. Көзімді тарс жұмып… Сарт етті. Басым емес, қолыма…

– Тауып әкел!..

Ағаның «Альцгеймермен» ауырмайтынын білем. Ендеше… мыйы ашып қалған мен болдым. Үйге келе сала екі күн отырып іздейін. Компьютерде жоқ. Жертөледе жатқан бір қанар қағаздардың ішін ақтарайын. Амал жоқ, «Соңғы парыздың» орысша нұсқасын ақтарып Мұқанға қатысты отыз беттік желіні табайын. Қағаз көрсе шимайлай бастайтын жазған басым қалай аудара бастағанымды да сезбеппін.

                                                  ***

Көптен жазу жазбағам, қолым шығып қалыпты. Енді ғана оқиға желісін тауып қолым жүре бастаған сәтте телефон шар етті.

– Бай-хон…

– Мен ғой, а-ға… Мен ғой…

– Бай-хон…

– Естілмейді, а-ға… Жаныңызда біреу бар ма?..

Телефоннан Әйгерімның сыңғырлаған даусы естілді.

– Папа қағаздарын жоғалтты… Имаш туралы жазған естелік… Қанша?.. Қанша?.. Жиырма… Жиырма төрт бет дейді…

–Алғаным жоқ… Кеше ғана ағаның кабинетіндегі столдың үстінде жатыр еді ғой.

– Папа үйде емес, ауруханада жатыр, аға… Келіп… келіп кетсін дейді…

 

                                                   ***

 

Сол баяғы аурухана. Сол баяғы «төртінші қабат», «екінші терапия». Тіптен бар-ау осыдан бір, әлде екі жыл бұрын өзі жатып шыққан «сегізінші бөлме». Ағаның екінші үйі.

Ақырын ғана есіктен сығалаймын ғой баяғы. Тас бүркеніп алған. Төсектің аяқ жағынан сорайып шығып жатқан жалаңаш аяқтар болмаса көрпе астындағы адамның бар-жоғы білінбейді. Төсектің бас жағында сол баяғы «көгілдір сәлдесі». Аяқтың ұшынан басып орындыққа барып отырдым. Әшейінде қағаз бен кітаптан ыбырсып жататын столдың үсті жым-жылас. Мұздатқыш көрсем, ашқым келіп қолым қышып тұрушы еді, мұздатқышы түскірдің қосылмағанын көріп біртүрлі қоңылтақсып қалдым. Енді уақыт өткізу үшін сөмкемдегі қағаздарды алып оқи бастадым.

«… Дом Мукана находился в Татарке. Как и всегда, добира­ясь от центра пешком, он пересёк весь парк Горького, вый­дя из которого, был уже в двух шагах от дома. Сегодня он также шёл своим привычным путем, однако, казалось, что дорога, недобро противясь ему, удлинилась, и ноги с тру­дом преодолевали её, он часто останавливался и отдыхал, прислонясь к какому-нибудь дереву…»

 «… Мұқанның үйі Татарка жақта еді. Әдеттегідей орталықтан Горкий саябағына жаяулап жетіп, оны бастан-аяқ кесіп өткесін, екі аттам жерде тиіп тұр. Бүгін де сол үйреншікті жолымен жүрген болатын, дегенмен, жолы түскір қырсыққандай ұзарып кеткен бе, жеткізер болмады. Алға аттаған аяғы кері кете берген соң, қайта-қайта тоқтады, ақыр соңында жолшыбай кезіккен әлдебір ағашқа сүйеніп демін алды…».

Тас бүркеніп алған аға тым-тырыс-ау, тым-тырыс. Ақырын ғана тамағымды кенеймін. Тым-тырыс. Тамағымды қаттырақ кенеймін. Үн жоқ. Қыбыр еткен қимыл жоқ. Әй, мынау… Мынау… Төсектің жанына жетіп барыппын. Жамылғының бір шеті ақырын ғана сырылып барып ашылды да, сығалай қарап жатқан көкшіл көздің қиығын көрдім. Артынша жамылғының бір шетінен жылт ете түскен алақан сәлемдесу ырымын жасады. Түу-у!..

– Ә-кел-л!..

        Дауыс бәсең. Бәсең емес-ау, солғын. Оншақты бет қағаздың арасынан өзіне керектісін тауып алған соң, сол солғын дауыс…     

        «… Айналаға аңтарыла қарап тұрған Мұқан осы сәтте мына өмірді өз қалпында, қаз-қалпында көргендей еді. Осы сәтте өз маңдайына жазылған жарық күннің ең соңына таяғанын айқын, ап-айқын сезінсін. Бүгінгі күннен қалмайтын секілді ме, қалай? Мына тұйықтан шығар жолдың кесілгенін тұла бойымен сезінген ол қалай да  бүткіл әлемге қасқая қарап тұрып, айтқысы келгенін ақтарып салғысы келсін: «Иә, мен сырқатпын… Иә, туа бітті мүгедекпін… өйткені мен шайтан жаққан оттың жанында өмірге келгем… Шайтан отының жанында өмірге келген жалғыз мен бе екенмін… мына сіздер… бүгінгі тіршілік иелері… біздерге арнап шайтан жаққан сол… соңғы оттың жанында туған жоқ па едіңіздер?.. Сіздер де сырқатсыздар… Ол ол ма, мына сұрқы қашқан сұрықсыз табиғат та сырқат… Өне бойы жаралы, зорлық пен зомбылықтан зорыққан табиғаттың жанында жүрген адамның өзі де мүгедекке айналмай қайтсін…»

«… Наконец он увидел свой дом. Возле него ни души. Толь­ко сейчас заметил, как сильно вырос тополек, когда-то по­саженный его руками. Голые, подмёрзлые ветки его, с ко­торых уже осыпалась вся листва, звонко постукивали. Он стоял, как мог обхватив руками тополиный ствол, и лихо­радочно дрожал. Ему казалось, что стоит только оторвать­ся от дерева, как он рухнет на землю и больше не встанет. В висках застучало настолько сильно, жестоко, что он пере­стал понимать, то ли он закрыл глаза от боли, то ли глаза сами закрылись оттого, что мир покачнулся и закружился. Чтобы не упасть, он крепче прижался к холодному стволу тополя…»

«… Өз үйіне жетті-ау ақыры. Үй маңында жан адам жоқ. Ана бір жылы өз қолымен отырғызған ақ теректің шығандап өскенін енді байқады. Суық ұрып жапырақ атаулыдан жұрдай болған жалаңаш бұтақтар бір-біріне соқтығысып қалтырай дыбыс шығарады. Теректің діңін қолдарымен әрең дегенде айқара құшақтаған ол безгек тигендей лір-дір етті. Ағаш діңінен ажырап кетсе болғаны жерге дүрс етіп құлап түсерін, одан әрі қайта тұра алмасын сезеді.  Екі шекесінің жанын көзіне көрсете шағып ауырғаны соншалық, әлде, аурудан қашып көздерін жұмып алғанын, әлде, теңсетіліп, шыркөбелек айналған дүниеден көздерінің өз-өзінен жұмылып кеткенін түсіне алмады. Құлап қалмау үшін теректің сұп-суық діңіне тастай жабысып алғанын біледі…»

Сырт етіп есік ашылды да, медбике қыз көрінді. Столдың үстіне бір стакан шырын сусыны мен бір уыс дәрілер қойып, аяғының ұшынан басып шығып кетті.

«…Көздерін ашып алғанда түсінгені – өз үйінде төсекте жатыр екен. Жанында отырған әйелін көрді. Сәл әріректе, төсектің аяқ жағында бірнеше ақ халатты адам сұлбасы бұған сырт берген күйде әлденелер жайлы күбірлей сөйлесіп тұрды. Іштеріндегі мүйіз көзәйнек киген қартаң адам жанындағы қызға қарай еңкейіп бірнәрселер айтып еді, қыз жауап ретінде үн-түнсіз бас изеді. Артынша мұның жанына жақындады. Қолтығындағы градусникті алып, көздеріне тақап ұзақ қарап қалды. Көңілсіз күйде басын шайқады да, жұмған аузын ашпаған бойы бұған тұңғиық аянышқа толы көз қиығын бір жалт еткізіп ақ халаттыларға қарай жылыстап кетті. Ақ халаттылар болса градусникті кезек-кезек қолға алып, кезекпен бір-біріне ұстатып шыққан соң, дәл солай көңілсіз күйде бастарын шайқап қойып, бөлмеден шығып кетті. Араға сәл уақыт салып ақ халатты қыз жалғыз оралды, жанына жақындап, үстіндегі одеялдың бір шетін көтерді. Кенеттен құйрық жағы маса шаққандай шым етіп шаншып кетті. Осыдан бір минут қана бұрын жан шыдатпас аптап ыстықтан бой-бойы шығып талықсып жатқан оның қарсы алдынан ғажайып рахат дүниесінің есігі ашылып сала берген… Сосын… о, неткен ғажап! Ауадай жұмсақ ақ шаңқанға оранған, бірінен-бірі өткен сұлу тамаша хор қыздары мұны қолынан жетектеп алып… жоқ, жо-жоқ! – қолынан алып емес, өз қолдарына алып, өн бойы жеп-жеңіл болып кеткен мұны түп-тура жұмақтың төріне қарай ала жөнелген…»

        Аударманың осы тұсына жеткенде, қолындағы қағазбен бетін жаба қойсын. Жым-жырт-ау, жым-жырт. Тіптен тыныс алғаны білінбейді.  Өзі де аурухана төсегіне таңылып жатқан ағаның ішкі ойын түсінетін секілдімін. Бұдан ары… бұдан ары, апырмау,  Мұқанмен бірге жұмақтың төріне қарай аттанып кетіп жүрмесін… Ақырын ғана құрғап кеткен тамағымды кенейін. Әшейінде тас керең саңыраудың кебін киетін аға көздерін ашып-ақ алғаны.             

      –  «Жұмақтың төріне» дейсің бе?.. Төріне?.. К чертогану… Чертогану…  Құлағымды… құлағымды әкел, – деді столды нұсқап.

       Ал көздері… Көз бұлыңғыр. Ал құлағы… Апырмай-ай, манадан бері екеуміз «жылтырақ пәлесіз» сөйлесіппіз. Ал қолжазбаны… қолжазбаны әшкисіз оқып жатқанын ойлап…

      – Не-ге күлесін-н… Ынты-шынтыңмен аударғаның көрініп тұр.  Жалпы сенің талантты екеніңді әр-әр жерде айтып жүрмін-н-н… Тек… ана пәлеңді…

– Қай пәлені…

– Ден-саулық… ке-рек…

 Осымен «бәрі бітті» деп ойларсыз. Өліммен ғана емес, тағдырмен, тіршілікпен арадағы бітіспес күресті осылай оп-оңай бітіре салса Әбең Әбе болар ма… Мұқанды «жұмақтың төріне», жо-жоқ, «чертоганға» аттандыра алмай қиналған Әбең оқуын қайта жалғастырсын.

          «… Он хотел, казалось, промолвить ещё что-то, но не хвати­ло дыхания. Тихо постанывая, смолк. Стал задыхаться. И в сознание больше не пришёл. Но, находясь уже по ту сторону сознания, о чём-то чуть слышно пробормотал. Суть и смысл того, что он хотел сказать, наверняка уже достигли Небес, а мы, земляне можем только толковать обо всём этом каждый по своему разумению…»

        –  «…а мы, земляне можем только толковать обо всём этом каждый по своему разумению…» Аудара аласын-н ба?.. Ауда-ра алмайсын-н-н… Сен түгілі өзім де дәл осылай етіп қайтадан жазып шыға алмаймын-н-н… Мынаны қара… «и он, не договорив, вздрогнул всем телом – и рухнул головой на подушку…»

Қағазды тас қылып ұстап алған қолдар дір-дір етті де, аға басымен жастыққа сылқ етіп құлай кетті.

 Тым-тырыс. Ағаның қазіргі ойы «Қызылқұм мен Қарақұмның арасында жоғалып кеткен Арал-теңіз» жақта екенін сеземін. Ендеше…

       –  Аралға барып қайттым, а-ға…

       –  Не-е дедің?..

       –  Беларанға бардым деймін… Кіші теңізден балық ауладым…

  Басын көтеріп-ақ алғаны. Көздерінің қиығына жылт жүгірді.

        – Қа-лай-й екен-н?..

       – Балық море… Қарны тойған балықшылар талтаңдап қалған… Сосын түйелер… Жабайы түйелер…

       – Түйе-лер-р?..

       – Боталары тайлақтай-ау, тайлақтай… Алпыс үйлі Құландыда екі мың түйе, мың жылқы… Сиыр мен қой есеп емес…

– Бел-аран… орнында ма?

– Сіздің кесенеңіз де орнында… Тек ана темір тақтадағы жазулар  өше бастапты.

– Тақтаны қайтесін-н… Түйелерді айт… Мені сұрағандар болды ма?..

– Сұрап жатыр… Әбең олай-пұлай болып кетсе, ана астанадағы пантеонға әкетеді деген сөз бар…

– Кім?.. Кім-м кетеді екен-н?.. Кім-м әкетеді екен-н-н?..

– Болды… Болды, аға… Ойнап айтамын…

      – Мен-н… ойыншық па екем?.. Одан да өз басыңды ойламайсын-н ба?..  Сен… Сен… ана… а-на пәлеңді қоймасаң…

         – Аға, пайғамбар жасынан астым… Асарымды асап, жасарымды жасадым… Біздің курстың жартысы өліп қалды…

      – Не?.. Не-е дедің?..

      – Өліп қаламын дедім…

      – Өліп қалсаң… ана… он… иә, он үш немере… Сосын…

      – Екі шөбере…

      – Иә, соларды кім асырайды?

      – Сіз туралы жазған жазуларым асырайды… Жалпы сіз олай-пұлай… ауырып қалсаңыз… мына жоғалып кеткен отыз бетті мен аударамын ғой, аға…

       – Солайы солай… Бірақ… бірақ… бір сүрген өмірді екінші қайтара сүре алмайсын-н-н… Сосын… бір жазылған жазуды қайтадан қалпына келтіре алмайсын-н-н… Сондықтан көп сөйлеме… Мұқанды іздеу керек…  Өзім жазған қазақшасын іздеу керек… Енді боссын-н-н… Жазатын жазуларым бар… Бар… Бар…

      Ол тоқсан төртте. Тоқсан төрттегі жазушы алпыс төрттегі жазушыға «бір жазылған жазуды қайтадан қалпына келтіре алмайсын-н-н…» дей ме?.. Сосын… «бір сүрген өмірді екінші қайтара сүре алмайсын-н-н…» дей ме?

     Компьютерге отырмағаныма бір жылға жуықтапты-ау…

 

                                                         ***

       Бүгін тағы да шақырды.

Қабақ ашық. Көздер күлімдеп тұр. Қызыл, сосын жасыл бояу баттасқан қолжазбаны ұстата берді.

«…Өзім қазір бар мен жоқтың арасындамын. Жиырма екі жыл және төрт ай басқарған ПЕН-клубты кассадағы бір миллион доллармен қосып Бигелді Ғабдуллинге тапсырғаннан кейінгі өмірім  таңның атысы, күннің батысы қос уыс отбасындағы екі жапырақ немеремен өтіп жатыр. Мына, ит жегір пәни жалғаннан ендігі көрер қызығым мен қуанышым – көзімнің қарашығындай сол екі немере. Ара-тұра зерігіп бара жатсам сөреде тұрған арғы, бергі замандағы ұлы жазушылардың кітаптарына қол созып, өзім жақсы көретін шығарманы алам да, баяғыда дәмі таңдайымда қалған жерлерін қайталап оқимын. Бұл күнде кешегі өзіміздің ауылдың дүние салған шалдары еске жиі түседі. Онан замандас, құрбы-құрдас достар, қайдағы-жайдағылар еске түскенде ашқарақ, ызалы ойлар жан-жағымнан өре түрегеліп, иттей талап жанымды жейді. Ондайда, баяғыда жас кезде өзің аңсаған жақсылықтарды үміттеніп ілгеріден іздеудің орнына, жалтақтап артқа қарағыштайсын. «Өлмесе, ата-бабаң қайда кетті?» деп ойласаң,  шарасыздық басқа түседі. Менің жағдайымды білсе, түсінсе, басқа емес, дәл қазіргі менің жасыма келгендер ғана түсінеді…»

Иә, «түсінсе… менің жасыма келгендер түсінеді» дей ме? Тоқсан төртке келген адамды май шаммен іздеп таппайсың ғой. Ал мен… мен түсінетін секілді… жо-жоқ, сияқтымын. Әлде… Әлде?..

       – А-ға, сіздің Аллаға, иә, Жаратқан Аллаға деген көзқарасыңыз…

      – Оны… кәйте-сін-н-н.. Менің Жаратқан жаббар иеге деген сенімім мен адалдығым ораза ұстап, намаздан бас алмайтын көпшілік адамнан жоғары екенін сеземін-н… – деді мұңайып.       

      Ашылып әңгіме айтты. Диктофон қосуға рұқсат бермеді. Үйге келген соң, ағаның қағаздарын ақтарып мына жолдарды тауып алдым.  «…Менің осынау бүтіл жаратылысқа, бүтіл тіршілікке деген көзқарасым мына жарық дүниеге келген сәттен, былайша айтқанда, ана тілімнің әсем әуезі, боз далада бозала таңнан шырылдап, шырқырап ән салатын бозторғайдың үні, садағаң кетейін қазақ даласының боз жусанының ащы исі мен ән-күйі арқылы жөргегімнен  қалыптасқан» деп жазыпты.

     Иә, қызық адам. Бәлкім қиын адам шығар. Жаратылысты сүю мен сүймеу адамның ішкі жан-дүниесіне де, ішкі мәдениетіне де, тіптен таным-талғамына да байланысты болмауы  керек. Не бар, не жоқ, туа бітті дүние ғой.

     Түптеп келгенде Әбеңнің Жаратқан Алла мен Табиғат-Ананы бөле-жара қарамайтынын байқаймын. Онысы дұрыс та шығар деп ойлаймын. Өйткені түптеп келгенде біз тамсанып жүрген Жаратылысты да біз білмейтін бір Құдірет-Күш жаратты емес пе?..

       Не біліп жатырмыз!..

                                                    ***

 

      Менде де көңіл-күй жоқ. Екі жыл бұрын ініне су құйдым ба деп жүрген   лорингиті түскір… Отыра қалып Қызылордаға, Қырымбекке хат жаздым. «Сенімен салыстырсам, өзімді шал секілді, Айтбаймен салыстырсам, жігіт секілді, Әбеңмен салыстырсам, бала секілді сезінемін» деп жазған болуым керек.

       Жауап келді.

      «…Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады. Мағжан Жұмабаев ағамыз толқынның түрлерін Әбе сияқты (секілді) білмеген шығар. Сол толқындардың қуатымен есептесек, Аса көрнекті жазушы, Әлемнің Әбесі «ақ бас толқын» немесе өзі жақсы көретін дала тағысы «көкжал толқын» секілді көрінеді маған.

     Ақ бас толқындардың «ізін» ала бере Сіз де «бұйра толқын» сияқты бірінен бірі туып, бірін бірі қуып келе жатырсыз. Осы сырлас, сыйлас, сабақтастыққа сүйсіндім. Абайды Әуезовтей, Әуезовті Қабдоловтай ешкім насихаттай алған жоқ қазақта. Әбе – әлемді мойындатқан «алып» ретінде танылса, Әбеңнің адами қалпын әдеби қалпымен бірге ноқталап, шығармашылық адамның қандай қалыптан шықса да, қайтадан қалыпқа сыймайтынын нақтылай түсесіз. Әлемнің Әбесін – әдеби нотаның (эссе-элегия, шырылдаған торғай секілді) пернесімен көркемдеп тұр бұл шығарма…»

        Иә, «сияқты…»деп жазыпты. «Секілді» емес… «Ұқсамасаң тумағыр»… Жиырма екі жасында мектер директоры болған, Арал төңірегіндегі үш ауданды басқарған Елеу ағамның,  мені қолдап «Жалын» журналына мақала жазған Елеу ағамның баласы Әлемнің Әбесі үшін бозторғайдай шырылдап жүрсе де өзі білсін… Ал менде тұрған не бар…

      Қайдағы жантәсілім… Жан – Тәсілім…

      Осыдан кейін компьютерге отырмай көр…

      Не біліп жатырмыз! Жауабын әлемнің Әбесі таппаған уақыт феномені адамзатты  қ а й д а  қ а р а й  бастап бара жатқанын қайдан білейік…

 

ПІКІРЛЕР11
Аноним 22.10.2021 | 12:24

Иә, қызық адам. Көтеу туралы әңгімесі көп дейді. Көтеуден адам өлмейді екен, бірақ ешқашан семірмейді екен.

Аноним 23.10.2021 | 09:26

Көп жазбағаны да, жаза алмағаны да содан екен ғой.

Аноним 25.10.2021 | 10:28

Бұ кім Байхон деген

Аноним 25.10.2021 | 10:28

ов-нес ұлтшыл еді ғой

Аноним 25.10.2021 | 10:29

Атасын мақтаймын деп айдалаға кетіп қапты.

Аноним 25.10.2021 | 13:18

Бұл да сол атасы сияқты көп жаза алмаған адам. «Бүгін «Қан мен терді» тағы бір қарап шықтым» деп отыр. Қарап шықса, қайтейік.

Аноним 26.10.2021 | 10:15

Тағы бір қарап шығу — бір басқа, тағы бір оқып шығу — бір басқа. «Қан мен тер» — қайталап оқуға тұратын кітап емес. Тілі қарабайыр, сөйлемдерінде синтаксис жоқ. Кейіпкерлерінің қор болғандары көп, зор болғандары аз. Еламан да, Рай да, Тәңірберген де орыстардан таяқ жеп жүреді. Зорлық көреді.

Аноним 01.11.2021 | 13:20

советтің сойылын сүйреткен біреулер ғана… Қазақты қан қақсатқан большевиктерді жақтап, ақтап жазған болды. Одан бірақ түк шықпады. Совет құлады. жазушы еңбегі еш кетті! сенген советі жерге тірідей тықты деген осы… Трагедия.
Сеңі де сол, советтің коммунисі өтірік қайғы жеген арал үшін! Шылғи жалған. сендірмейді мүлде. қатынына ие бола алмай жүрген жәдігер деген сорлы еркек!
өзінің соңғы парызы ақталмады… \\\\\\\\\\\\\жазушы парызы ақталмады.

Аноним 01.11.2021 | 13:21

сорлы жазушы

Аноним 07.11.2021 | 11:13

Бейшара Байхон

Аноним 09.11.2021 | 12:43

ӘЛЕМ НҮРПЕЙІСОВТІ ОҚЫМАЙДЫ. ОЛ ШЫНДЫҚ. БОЛЬШЕВИКТЕРДІ ЖЕК КӨРЕДІ. ОЛАР КОММУНИЗМ ИДЕЯСЫ БАР НӘРСЕГЕ САНАСЫН УЛАТПАЙДЫ. ОРЫС ШЕКПЕНІН ЖАМЫЛҒАН ШЫҒАРМА ДЕП ҚАРАЙДЫ. «шолохов ергежейлі» деп қабылдайды қан мен терді.
ҰЛЫ ШОЛОХОВТАН КӨШІРГЕНІ РОМАННЫҢ КОМПАЗИЦИЯСЫНАН, КЕЙІПКЕРЛЕРІНЕН КӨРІНІП ТҰР ҒОЙ. ПЛАГИАТ ШЫҒАРМА ДЕГЕН ОРЫСТАРДЫҢ РАСПУТИН СИЯҚТЫ КЛАССИКТЕРІ. ШЫНДЫҚ ОСЫ.
НҮРПЕЙІСОВ ТЕ ӨЗІНДІК СОҢҒЫ ПАРЫЗЫ МЕН КУРЛЯНДИЯ, БІРАҚ ОЛАРЫ ӨТЕ ӘЛСІЗ ДҮНИЕ. ШЫНДЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ЕМЕС.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір