СЕРІК АСЫЛБЕКҰЛЫНЫҢ ДРАМАЛАРЫНДАҒЫ ПОСТКЕҢЕСТІК ҚОҒАМ КӨРІНІСІ
16.07.2024
997
0

“Бүгінгі жазушының бірі тәуелсіздік алған кезеңге – біз өмір сүріп жатқан күрделі қоғамға анализ жасай отыра баяндайтын ауқымды туынды жазса…” деп, былтыр бір жазушы доспен сөйлескеніміз есте қалыпты. Біз сонда Тұрысбек Сәукетаевтың “Мен – жындымын” романын – күрделі қоғам бейнесін бедерлеуге ұмтылған туынды ретінде атағанымыз да есте. Алайда біз Серік Асылбекұлы 1990-2000 жылдардағы қоғамның күрделі көрінісін сахна арқылы әрі әдебиеттің бір тегі саналатын драмалары арқылы оқырманға шеберлікпен жеткізгенін ұмытыппыз. Бәлкім, Серік Асылбекұлының бір емес, бірнеше драмасын қатар оқығанда біз мардымсыз жалақымен ғылымда қалған аз шоғыр ғалымдар мен ғылымнан бизнеске кетіп, әртүрлі жолдармен баюды мақсат тұтқан кәсіпкерлері басты кейіпкер болған қоғамды толық көре алатын шығармыз. Шын мәнінде солай екенін айтуға болады. Жақында жазушы, драматург Серік Асылбекұлының “Империядағы кеш” атты драмалық кітабындағы пьесаларды оқығанда осы күйді бастан өткіздім. Бәлкім, бұған әдебиеттанушы болғандықтан – кейде әртүрлі сапалы-сапасыз мәтіндерді де оқуға мәжбүр болғандықтан және қазіргі әлем әдебиетке сапасына қарай баға беруден алыстай бастағандықтан, бұл кітапты оқығанда бұлт астынан күн жарқырап шыққандай әсер еткенін де жасырмаймын. Біздің қоғамда әдебиетке деген адалдық әлі де өмір сүріп жатқанын сенімді түрде айтуға болады. Әсіресе, жоғары буын жазушыларының көбі әдебиетті сапалы ететін критерийлерге баса мән беретіні белгілі және, ең бастысы, олардың әдебиетте ұлт мәселесіне тікелей тиесілі тақырыптарды жазуы – басты ерекшелігі емес пе?.. Сондықтан қазақ оқырманы барлық уақытта қаламгерлердің арасында, әсіресе, жазушылардың үлкен буынына ұлттың отаршылдық тарихын жазып қалдырғаны үшін алғыс айтары сөзсіз.

Посткеңестік кезеңде тарихты қалпына келтіру процесі Орталық Азия әдебиетінде қарқынды жүргені белгілі. Ата-баба дәстүрі мен тарихи тәжірибеге жүгіну дәстүрі отаршылдықпен ресми түрде қоштасқан халықтардың әдебиетінде кездесетін үдеріс. Ұлттық сана-сезімді қайта жандандырудың бірегей жолы, әрине, бұрынғы тәжірибеге назар аудара отыра, тарихи оқиғаларды реинтерпретациялау. Соның бірі, қазақ әдебиетінде Желтоқсан көтерілісінің (1986) жазылуы.

Қазақстанда үлкен буын жазушыларының қатарын толықтырған танымал жазушының бірі, драматург Серік Асылбекұлы. Тарихи нарративтердің реинтерпретациялануы жайында сөз қозғағанда Асылбекұлының “Империядағы кеш” драмалық туындылар кітабындағы “Желтоқсан түні ызғарлы” атты екі бөлімді драмасы еске түсері анық. Бұл драмалар (“Желтоқсан түні ызғарлы”, “Империядағы кеш”) қарапайым шаруалар мен әртүрлі кәсіп иелерін бедерлеген әңгімелері мен повестердің авторын – жазушы Серік Асылбекұлын басқа қырынан – посткеңестік қоғамды баяндаушы драматург ретінде танытқаны белгілі. Әрине, ең басты кезекте Серік Асылбекұлының өмірбаянын оқыр болсақ, оның мектеп аяқтаған кезеңнен кейінгі шығармашылық ғұмыры сөз өнері әлемінде – жазушылық әлемінде, көркем аударма және әдеби сын саласында, әдебиетті оқыту және әдебиетті зерттейтін ғылым саласында өткенін байқар едік. Қазақ және қырғыз сахналарында қойылып келе жатқан  сахналық қойылымдары туралы театр сыншылары қазақ және орыс тілінде көптеген сын жариялағаны белгілі және С. Асылбекұлының прозасы туралы да ауқымды талдаулар мен сұхбаттар жарияланды (Мақсат Тәж-Мұрат және Айгүл Кемелбаеваның жарияланымдарын еске алуға болады). Демек, драматург көрермендерге сәтті қойылымдар мен оқырмандарға оқуға сапалы кітап ұсыну үшін, ең басты кезекте сөз өнерін тудыруды үйренуге қаншама жылдарын сарп еткенін байқауға болады. Көп жылғы шығармашылық еңбектің нәтижесі ретінде драматург Серік Асылбекұлының “Желтоқсан желі” (“Бір түнгі окиға”) пьесасы бойынша қойылған спектакльге “осы заман шындығын шынайы бейнелегені үшін” 1998 жылы Тараз қаласында өткен VI Республикалық театр фестивалінің, «Империядағы кеш» пьесасы бойынша қойылған спектакльге 2013 жылы Ақтөбе қаласында өткен XXI Республикалық театр фестивалінің, ал «Күзгі романс» пьесасына 2005 жылы Қазақстан ұлттық кітапханасы мен «Самсунг электроникс» корпорациясының үздік драмалық шығармаларды анықтау мақсатында өткізген республикалық әдеби конкурсының бас жүлделері берілген екен. Сонымен қатар, прозалық туындылары иеленген басқа сыйлықтарды атамағанда, «Қазақша ашылып сайрау» атты пьесасы 2017 жылы “Рух” халықаралық әдеби конкурсында “Үздік драматургиялық шығарма” аталымында бас жүлдеге ие болғаны да белгілі. Біз осы жазбамызда көрнекті конкурстардан жүлде алған драмалық туындылардағы посткеңестік қоғам бейнесі қалай бедерленгеніне постотаршылдық контексі тұрғысынан үңілгіміз келеді.

“Желтоқсан түні ызғарлы” драмасы: постотаршылдық синдром: санадағы қорқыныш және тәуекелділік

Сталиндік террор зардабы бүгінге дейін посткеңестік халықтардың санасында өмір сүріп жатқанын қазіргі әдеби шығармалардан байқаймыз. Серік Асылбекұлының “Желтоқсан түні ызғарлы” атты драмасының кейіпкері Талшын – “халық жауы” деп айыпталған отбасының өкілі. Өзбекстанның жас жазушысы Жавлон Жовлиевтің де “Қорықпа!” романының бір кейіпкері Сталиндік репрессияға ұшыраған адамның ұрпағы – бүгінде тек үнсіздікті артық санайтын постотаршылдық кезең тұрғыны. Романның “Қорықпа” атауы да ұжымдық санада осындай постотаршылдылдық синдромның бар екеніне сілтеме жасайды. “Бір рет халық жауының семьясы болғаным жетер осы өміріме, енді тағы қартайған шағымда түрме жағалап жүрер жайым жоқ” (15 б.); «Ойбай, айттым ғой, әне. Шамды өшір…»; «Өшір деймін…» (17 б.); «Жаман айтпай, жақсы жоқ, қазір кіріп келіп, тінту жүргізсе қайтеміз?..» (18 б.). Бұл Серік Асылбекұлының «Желтоқсан түні ызғарлы» драмасындағы Желтоқсан көтерілісінің демонстранттары жазалаушылардан құтылу үшін қашып Талшынның үйіне кірген кезде Талшынның Баймырзаға айтқан сөзі. Яғни, халық жауының бүгінгі буыны демонстранттарды үйіне паналатып, тағы да саяси жау деген күдікке ілінуден қорқады. Екі жазушы да екі кейіпкері арқылы саяси қорқыныштың бүгінде де халық санасында өмір сүріп жатқанын көрсетеді. «Қорықпа» романы туралы басқа мақалаларымызда Талшынға ұқсас кейіпкерге кеңірек талдау жасалғанын айтқымыз келеді.

Дегенмен, посткеңестік қоғамда Сталиндік репрессияның зорлық-зомбылығына ұшыраған ұлт көшбасшылары немесе олардың ұрпағының арасында тәуекелге бел буатындар да кездеседі. Бәлкім, постотарлық қоғамның бүгінде тәуелсіз өмір сүріп жатуы да солардың тәуекелдігінің арқасы болар. Аталған драманың тәуекелшіл кейіпкері – Баймырза. 1950-60 жылдары Сібір түрмесінде он жыл отырса да түрме/саясат рухын қажытпаған. Тәуекелшілдер/Баймырза өздері бастаған ұлттық істерді жалғастыруы мүмкін деп Желтоқсан көтерілісшілерінен ерекше үміт күтті. “Кенесары бабамның аруағын тірілтем деп, сонау Сібірде отырған он жылда. «Апыр-ай, бұ қазақтың аяққа тапталған ар мен намысын жақтайтын ерлер қашан туады, не қылған сорлы елміз, ез елміз…» деп, көкірегім шерге толатын еді. Кешеден бері сол сорлы елдің намысын қорғауға бел буған мына балалардай мыңдаған ұл-қызды көріп, төбем көкке екі елі жетпей тұр. «Бар екен ғой, иә, Жасаған!..» деп, ішімнен мың тәуба айттым жаратқанға түнімен” (16 б.). Серік Асылбекұлының немесе кейіпкері Баймырзаның бұл ойлары посткеңестік кезеңде көптеген тарихи романдар арқылы Қазақстан авторлары жеткізілді деп айтуға болады. Үлкен буын жазушылары жоғарыда үзіндіде “Кенесары бабамның аруағын тірілтем деп, сонау Сібірде отырған он жылда” деп келтірілгендей, кейіпкерлері Сталиндік зорлық-зомбылыққа ұшыраған атақты Сібір аймағындағы тар қапасқа қамалмаса да, тарихтың уақыт бедеріндегі “басқа Сібірлерде” ел үшін шайқасқан көрнекті тұлғаларды бедерледі. Тәуелсіздік кезеңінде еңбек еткен үлкен буын жазушыларына (Серік Асылбекұлын қоса алғанда) әдебиеттегі осындай жазушылық еңбегі үшін алғыс білдіреміз. Олар сондай ауқымды эпикалық туындыларымен қазіргі жастар санасында тәуелсіз көзқарас қалыптастырды деп айтуға болады. Сол жастар аудиториясы ауқымды болмауы мүмкін, бірақ олар қазіргі өнерде, әдебиетте және ғылымда және басқа салаларда өздеріне артылған үлкен жауапкерлікті жақсы ұғынып, еңбек етіп жатқаны бізді қуантады.  

Баймырза: «Азаттық, теңдік, демократия дегендердің де ұлтшылдық пен экстремистікке жататыны болғаны ма сонда?»

«Желтоқсан түні ызғарлы» драмасында 1986 жылы желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің соңғы пленумының шешімдеріне наразылық білдіріп, Брежнев алаңына жиналған көтерілісшілер туралы Кеңес медиасы қандай мәлімдемелер таратқаны туралы тарихи нарратив қайта баяндалады. Әділеттілік пен шындықты айналып өткен сол кездегі медиа ақпараттары – фактіні бұрмалаудың шаблоны ретінде стандарт қолданыс тапқаны белгілі. Бұл драмада да автор осындай бұрмаланған медиа ақпаратын қайта баяндау арқылы қаншама желтоқсаншылар айыпталғанына сілтеме жасайды. Серік Асылбекұлы көп уақыт бойы басылымда редактор болып қызмет атқарғандықтан, материалдардың көпшілікке ұсынылу стилінен де жақсы хабардар екені бірден байқалады. «Республика еңбекшілері бұзақыларға қарсы өздерінің әділетті ашу-ызаларын білдіріп, олардың іс-әрекетін қатаң айыптауда. Осы кезге дейін редакциямызға сондай әділетті ашу-ызаға толы хаттар легі толассыз келіп түсіп жатыр. Енді сіздерді солардың бірнешеуімен таныстыра кетейік. Хат авторларының арасында қарапайым еңбекшіден бастап үлкен қоғам қайраткерлері, әйгілі халық әртістері, жазушылар, ғалымдар, интеллигенция өкілдері бар…» (20 б.). Бұл БАҚ нарративін драма мәтініне кірістіргеннен кейін автор Баймырза есімді кейіпкерінің «Бізді құртып келе жатқан осындай жандайшаптар ғой. Интеллигенция өкілдері дейді тағы ұялмай. Интеллигенциядан садаға кеткірлер» (20 б.) деген диалог-қолданысын береді. Ал қазіргі медиа мен интеллигенция сол «интеллигенциядан» уақыт контексі тұрғысынан айырмашылығын түсініп, қалайша әрекет етуі қажет екенін жақсы ұғынғаны абзал. Өйткені, 20 миллион халықтың дұрыс ойланып, оң әрекет етуі, білім-білік, мәдениет тұрғысынан жаңа сапаға көтерілуі интеллигенциямен қатар, ұлттың беткеұстарлары мен білім, мәдениет сіңіруге жауаптылардың қолында екені бәрімізге жақсы түсінікті деп үміттенуге болады. Бұл драма рецепциясы бізге көп баяндауға мүмкіндік берсе де, сөз саптауды ұзартпау жағын берік ұстануымыз қажет екенін де түсініп отырмыз.

         Драма кейіпкері Талшынның Баймырзаны келесідей таныстыруы Сталиндік репрессияның зардабы қандай болғаны оқырмандар (әдеби туынды кез келген оқырманға бағытталса да, бұл шығарманың негізгі оқырманы бізге белгілі екенін болжай аламыз) тобына Баймырза – тарихшы-ғалым Ермахан Бекмаханов екені бірден ұғынылады. Ал кең мағынада алғанда Баймырза – Кеңес одағы кезінде ұлтшылдық көзқарастарды насихаттады деп айыпталған ұлт интеллигенциясының жалпы картинасын көрсетеді. «Қарағым-ау, бақандай он жыл отырып келді ғой бұл ағаң. 49-да кеткен, содан 59-да оралды ғой арып-ашып. Кенесары Қасымов деген ханды естулерің бар шығар, бұл ағаң со кісіні ұлт-азаттық көтерілісінің батыры деп еңбек жазған. О бастағы мамандығы тарихшы еді ғой. Ал басқа дөкей тарихшылар содан бұ байғұсты шибөрідей жабылып таласын кеп, «ұлтшылсың, байшылсың» деді, әйтеуір ағаш атқа теріс мінгізіп, соттатып тынды ғой. Жылап-еңіреп, шиеттей үш баламен мен қалдым. Әйтеуір көз жасымызды Құдай көріп, аман-есен оралды он жылдан соң. Әйтпесе талай арыстардың мәйіті қалды ғой Сібірдің құрт-құмырсқасына жем болып» (21 б.). Баймырзаның әйелі образындағы Талшынның бұл жолдарын арықарай интерпретациялау артық етері сөзсіз. Баймырза – қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілісі туралы ғылыми еңбек жазғаны үшін буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны насихаттаушы деп айыпталған тарихшы Ермұхан Бекмаханов түптұлғасына сілтеме жасайды. «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» еңбегінің авторы Е. Бекмаханов 1952 жылдары буржуазияшыл көзқарастарды дәріптеді деген айыппен 25 жылға сотталған болатын. Ғылыми жетекшісінің және ғалымның өзінің кінәсіз екенін айыптауға деген талпынысының арқасында ақталып шыққан еді.

         «Шеше, сонда немене, қазақ өмірбақи осылай мүсәпір болып өтуі керек пе?.. Біздің, жастардың, енді құл болғымыз келмейді, мен манағы ағайдың айтқанына қосыламын, ар-намысымызды қашанғы кім көрінгеннің табанына таптата береміз?!» (21 б.). Драма кейіпкері – Желтоқсан көтерілісшісі Қайсардың бұл жолдарынан көптеген жылдар бойы отаршылдық билік басқарған қоғамда ұлттық сана-сезімнің жетіле бастағанын көрсетеді. Бұл бәлкім 1980 жылдары жұмсара түскен саясаттың әсері болар. 1990 жылдары КСРО әлсірей түскендіктен ыдырады деген пікірлер айтылады. Қалай болғанда да қазіргі Қазақстанның тәуелсіздік алуында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастардың үлесі (Қайсар: «Отыз-қырық мыңдай болар» – бұл сан аз емес) басым болғаны мәлім. Көтеріліске қатысқан жастарға әртүрлі деңгейдегі жазалау түрлерінің қолдануы – сөзсіз қауіптенгендікті көрсетеді. 1986 жылы наркоман да, ұры-қары да, сепаратист те болмаған қазақ жастары «Дүниеде жұмыртқа мен колбасадан да басқа қажетті дүниелерді» (Баймырза) – ұлттық мәселелерін ойланатын деңгейде еді. «Әр ұлт өзін-өзі билесін!», «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «Басты талабымыз – азаттық, теңдік, демократия!» (28 б.) – Брежнев алаңында айтылған бұл ұрандар, әрине, ұлттық сана-сезімнің пісіп-жетілгенін көрсетеді.

         Бұл драма несімен құнды? Әрине, 1986 жылдың Желтоқсан картинасын сахнаға көрсету үшін тарихи нарративтерді классикалық стильде ықшамдап баяндауымен құнды. Кейіпкерлер саны аз болса да, Желтоқсанның жалпы картинасын бере алған. Бұл драманы басқа әдеби үлгілермен салыстыруға орын бермейміз, өйткені бұл жазбаның көлемін арттырары сөзсіз. Пьеса мәтіндерінің ықшамдалып, өте жауапкершілікпен құрылғаны – сахнаға дайындалуы – драматургтің әлемдік драматургиядан тәжірибе жинағаны және ең басты кезекте пьеса мәтіні жазуға деген дайындықтың жетілгенін білдіреді.

         Кеңес кезеңіндегі ұлты қазақ – қазақ интеллигенциясының бір бөлігі драма кейіпкері Тимур Қалдыбаевичтей болғаны да жасырын емес. Өздерін коммунист және интернационалист санаған қазақ зиялылары Желтоқсан көтерілісі кезінде қандай көзқараста болды? Драма кейіпкері Тимур Қалдыбаевичтей отаршылдық режимде өмір сүрген – орыс тілін меңгеруге және сөйлеуге мәжбүр болған қазақ интеллигенциясы өздерін адал коммунист және интернационалист есептеуі заңды еді. Әрі қазақ қоғамы Кеңес одағы ыдырағанда тәуелсіздік есігінен осындай интеллигенциясымен бірге аттаған болатын (әрине, бұл пікірді жалпы интеллигенцияға таңудан аулақпыз. Егер бізде ұлт қамқоршылары болмағанда біз қандай күйге түсер едік…). Тимур Қалдыбаевичтермен толыққанды отарсызданған қоғам құру да мүмкін емесі де белгілі. Мұндай көріністі отаршылдықпен ресми түрде қош айтысқан қоғамның көрінісі ретінде қабылдаудан басқа жол жоқ еді. Бұл кейіпкер Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ коммунистері қандай көзқараста болғанын да көрсетеді. «Қажет болса. Біз әлгі жолымызға кесе-көлденең тұрып көрсін! Табамыз біз оларды құртып жіберудің айласын!.. /костюмнің ішкі қалтасынан бір қызыл книжканы суырып алып/ Нанбасаңыз, міне партбилет!.. Партбилетпен ойнап көрсін олар!.. Әлгі ұлтшылдар мен… кім еді… империалистерді, экстремистерді айтам. / партбилетті қайтадан орнына салып жатып/ Мен мұны жанымнан өлсем де тастамаймын. Түсінесіз бе, өлсем де… Бәрібір партбилет аман қалуы керек!..» (42 б.). Партбилетке адал болып қалған коммунистерді бүгінгі ұрпаққа танытатын да үлкен буын жазушылары – «Желтоқсан түні ызғарлы» драмасы.

         Сонымен Желтоқсан көтерілісі тұсындағы қазақ оқығандарының бір бөлігі (әрине, қазақ зиялыларының бәрі бір көзқараста болған жоқ) – Тимур Қалыбаевичтер – орыс тілінде сөйлеуді артық көретін, өзін жетілдірген қоғамға адал, желтоқсан демонстранттарын – қазақ жастарын «шикі» санайтын (жетілмеген мағынасында), лауазымын, дәрежесін ұлттық мәселелерден жоғары қоятын. Жастар Брежнев алаңында көтеріліске шыққанда драма кейіпкері – ғылым кандидаты досының ғылыми дәреже алғанын тойлап жатады. Тимур Қалдыбаевич: «Совет үкіметінің, Компартияның арқасында осындай жетістіктерге жеткендерімен жұмыстары жоқ. Кеше кім еді олар, ал, бүгін кім – жан-жақтарына қараулары керек қой. Арттарында арандатушылары бар!… Мен білем!… Маған билік берсе, баяғы Сталиннің кезіндегідей шеттерінен түрмеде шірітер едім, шеттерінен!.. Білсін үкімет пен партияның саясатына қарсы шығудың қандай болатынын!..» (45 б.). Бұл тұсқа арықарай бірдеңе жазу артық болар еді.

Интеллигенция арасындағы сатқындық: бұл отаршылдық жаратқан әлде мұраға қалдырған әрекет пе?

Посткеңестік жазушылары Кеңес кезеңіндегі интеллигенция арасындағы өзара сатқындықтар жайлы көп баяндайды. Адам табиғатына тән болып келетін сатқындық әрекеттерді отаршылдық саясат күрделендіре түскені жасырын емес. Тиісті органдарға көздеген адам туралы құпия дерек пен ақпарат жеткізу – сату, сатқындық жасату да билікті тереңдетудің бір әдісі саналды. Сатқындық – Батыста білім алған Түркістан аймағының жетпіске жуық білім алушыларын Сталиндік зорлық-зомбылыққа ұшыратқан еді және қаншама зиялылардың тар қапаста күн кешуіне әлде өмірмен қош айтысуына себеп болды. «Желтоқсан түні ызғарлы» драмасында да Желтоқсан демонстранты Қайсар сатқындықтың (Тимур Қалдыбаевичтің) жағасынан ала түседі немесе қазақ жастарының сатқындықпен арпалысуы және өздері де сатқындықтың құрбанына айналуының бір кезеңі (Тимур Қалдыбаевичтің Қайсарды құзырлы орындарға ұстап беруі) – Желтоқсан тұсы болатын. Мұның бәрін бізге аталған драма сахнадан көрсетіп бере алды.   

Драма соңында автор Сталиндік репрессия құрбаны болған – 1937 жылы атылған Алаш қайраткерлерінің бірі, қазақтың алғашқы ұстазы – реформатор Ахмет Байтұрсынұлының «Көк есектерге» атты өлеңінің бір шумағын қолданады.

Қайғыртпайды қолға кісен салғаны,

Қайғыртпайды абақтыға жапқаны,

Бәрінен де батады екен жаныңа

Өз аулыңның иті келіп қапқаны (55 б.). Драма кейіпкерінің Қайсар деген есімі де 1986 жылғы Желтоқсан құрбаны болған, алғашқыда өлім жазасына кесіліп, кейіннен жиырма жыл түрмеде жазасын өтеуге ауыстырылған Қайрат Рысқұлбековтің түптұлғасына сілтеме жасайды. Қайрат Рысқұлбеков кейіннен ақталып, оған “Халық қаһарманы” атағы берілді. Автор бұл драмасының мәтінін үлкен жауапкершілікпен және барынша ықшам, жүйелі құрастырғанын тағы да атап өтуге болады.  

Автор келесі бір драмасында бай кәсіпкерлер мен ғылыми ортаның психологиясын, әсіресе, қаржысы аз «ғалымдардың» әл-ауқаты жоғары кәсіпкерге жағымпаздана езеуреп сөйлейтін «стилін» жақсы меңгергені және соны драмада көрсете білгені байқалады. Қоғамның аталған екі қабатының өзіне тән лексикасы, қарым-қатынасы, өзара жағымпаздық таныту, жалған құрмет көрсету, ерлі-зайыптылардың бір-біріне сатқындық жасауы және көпшілік көзінше бөтен ер адамның бөтен әйелдің жеке шекарасына дөрекі түрде өтуі – этика сақталмауы, т.б. – «Империядағы кеш» драмасында кең ауқымда ашылған.

Бай бизнесменнің туған күнін тойлауға келген университеттің оқытушы/профессор ұжымы бейнесіндегі кейіпкерлер – тәуелсіздік алып өз бетінше еңбек ете бастаған қоғамның кәсібилігінің төмендігі, адамдардың қарым-қатынас барысында эмоция мен әрекеттерге бақылау жасай алмайтыны – қоғамда өмірлік тәжірибенің дұрыс қалыптаспағанын көрсетеді. Әдебиет – өмірдің айнасы деген түсінік бәрімізге белгілі. Бұлар қатысқан, бұлар айналысқан салалардың даму нәтижесі қалай болатынын болжап ұғуға болады. Біздіңше, автордың шығарма тудырудағы шеберлігі осы драмада айқынырақ көрінеді. Посткеңестік кеңістіктегі қоғам көрінісі қандай болғанын немесе әлі де қалай болып жатқанын «Империядағы кеш» драмасы танытады. Автордың драмаға байлыққа астамсынған кәсіпкердің (Айдар) бейнесін туған күнін тойлап, ішімдікке мас болған күйінде профессормен (Сұлтанбек) дауласу сәтін кірістіруі өте шынайы оқылады және бұл келесідей берілген (ұзағырақ үзіндіні мақсатты түрде келтіргіміз келеді):

«Айдар. /тәкаппарланып/ Ғалым болса, қайтем! Бола берсін!.. Ал мен, Құдайға шүкір, ғалым емеспін.

Сұлтанбек. /дір-дір етіп/ Қайтесіңдер соны! Бұл тойынған немені! Қазір мұндайлардың көзін шел басты ғой. Бірақ бар ғой, осындайларды есірткен мына біздің өзіміз! Баяғы сол құлдық психология жанымызды да, тәнімізді де жайлап алған… Мына біз, байғұс қазақ, кімге құл болмадық?! Үш жүз жылдай орыстың ақ патшасына құл болдық. Сосын тағы жетпіс жыл солардың большевиктері мен коммунистерінің көсемдеріне басымызды идік жерге жеткенше! Енді, міне, тәуелсіздік алған осынау заманда өз қанымыздан жаралған мына секілді /Айдарды нұсқап/ байшікештерге пенде болып отырмыз! Өзіміз осыларды мақтап-мақтап есіртіп жіберген! Өйткені әбден пенде, құл болып жаман үйреніп қалған мына біз біреулерге жалпақтап, басымызды имесек, жүре алмаймыз! Онсыз біздің тамағымыздан ас өтпейді. Ал мынау  Айдарды көрсетіп /бар болғаны кешегі ұры ғой!» (229 б.). Байлық пен қоғамның қарым-қатынасының мәдени түрде дұрыс орнатылмауын автор халықтың отаршылдықта құлша өмір сүруімен байланыстырады. Біздіңше, отаршылдыққа дейінгі қоғамның өмір салты мен мінез-құлқының әлсіз тұстарын отаршылдық саясат өзіне пайдаланды және кейбір кемшіліктерді өршітті деуге болады.

Драма авторы КСРО құлап, тәуелсіздік алған қоғамдағы ғалымдардың жағдайын қалай көрсеткенін байқау үшін келесі үзіндіге назар аударайық:

Тойболды, университетте аға оқытушы кәсіпкер Айдарға: «Өзің білесің, менің күнім қазір соған, Сұлтанбекке қарап тұр ғой. Шіренетіндей ол секілді ғылым докторы, тіпті ғылым кандидаты да емеспін. Ал өйтіп-бүйтіп күн көру керек. Өзің білесің, менің әлгі «Жетісуда Совет өкіметін орнатудағы Коммунистік партияның рөлі» деген дайын диссертациямды енді-енді қорғайын деп тұрғанда, қасақана Совет үкіметі құлап қалды емес пе тоқсан бірінші жылы. Сүйтіп тақырып өзінің актуалдығын жойды, ал менің архивтерде, кітапханаларда сарылып өткізген он жылдық еңбегім еш кетті!.. Қазір «Алаш» партиясының тарихын зерттеп жүрм. Еңбектің 80-90 пайызы дайын. Енді қорғау керек. Ал, өзің білесің, ол жұмыс та Сұлтанбектің қолдауынсыз, қолпаштауынсыз бітпейді. Өйткені диссертациялық кеңестің төрағасы – сол. Өзің білесің ғой енді...» (234-235 бб.). Бұл драматургтің дәл де нақты қоғамға қойған диагнозі. Серік Асылбекұлының журналистік/редакторлық және университеттегі оқытушылық қызметтері драма жазу үшін өз ортасын мұқият байқап, зерттеуге септескен екен. Ғылыми ортаның тыныс-тіршілігін жақсы көрсеткен. Қоғамда ғалымдар кәсіби болуға ұмтылудан гөрі «кедергілерден» өтудің жолдарына көбірек назар аударғаны шындықтармен сәйкес келуі мүмкін. Әдебиет – өмірдің айнасы екенін осы тұста тағы да еске түсірсек, посткеңестік қоғамның ғылымы қалай дамығанын және бұл саланы дамытып жатқан / дамытқан ғалымдардың бет-бейнесі қандай екенін осыдан көреміз. Аталған кітаптағы драмалар кейіпкерлері – өз кәсібіне және айналасына адал болып қалғандарға автор тарапынан осы драмасы арқылы ерекше құрмет көрсетілгенін байқаймыз.

Қазіргі уақытта әлем оқырмандары арасында посткеңестік қоғам бейнесін тануға деген ұмтылыс байқалады. Әрине, қазіргі қазақ әдебиетінің әрбір жанрындағы бірқатар туындылар мұндай құштарлықты өтеуге қызмет ете алады. Жазушы, драматург Серік Асылбекұлының “Империядағы кеш” кітабындағы “Империядағы кеш” және “Желтоқсан түні ызғарлы” драмалары алыс шетел сахналарында да (жоғарыда қырғыз сахналарында қойылып жатқанын атап өттік) қойылуға лайық деп ойлаймыз. Сонымен қатар, қазіргі уақытта қоғамның ұлттық әлеуетін қалыптастыратын туындыларды бағалауға, оқуға және оның оқылуына ерекше назар аударсақ артық етпейді. Өйткені, біз ұлт ретінде өзіміздің кім екенімізді тереңірек тани түскенде ұлт ретінде өзімізді дамытудың және қорғаудың тетіктерін де жақсы меңгереміз. Серік Асылбекұлы әдебиет сыншыларымен және білім алушылармен кездескен бір сәтінде «Әрбір шындық әдебиетте жазылуға лайық» деп айтқаны есімізде. Бізді өзімізге танытатын да әрі бізді әлеуетті ұлт ретінде қалыптастыратын шындықтардың бір бөлігі сапалы жазылған әдеби туындылар және сахналық қойылымдар арқылы бойға сіңірілетіні мәлім.

Бұған дейін әдеби ортаға жазушы ретінде танылған Серік Асылбекұлы жоғарыдағы «Империядағы кеш» атты кітабында қамтылған бес пьесасында (“Империядағы кеш”, “Желтоқсан түні ызғарлы”, “Күзгі романс”, “Рәбиғаның махаббаты” және “Қазақша ашылып сайрау”) посткеңестік қоғам көрінісін әр қырынан шынайы бедерлеу арқылы талантты драматург ретінде де Дулат Исабеков (Дулат Исабековтің туындылары қазіргі уақытта қазақ сахнасынан тыс шетел сахналарында да қойылатыны бізді ерекше қуантады), Тынымбай Нұрмағанбетов және Роза Мұқанова сынды көрнекті драматургтермен қатар, отандық әдеби және театр өнімдерінің сапасын арттыруға үлес қосқанын ерекше атап өтуімізге болады.

(Жоғарыдағы сілтемелер келесі кітаптан алынды: Асылбекұлы С. «Империядағы» кеш»:
драмалық шығармалар жинағы. – Алматы: BRK Press, 2021. – 342 б.).

Айнұр Ахметова,
Әдебиеттану саласындағы Ph.D, әдебиеттанушы,
Кембридж, Ұлыбритания

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір