ҚАЗАҚ РУХЫНЫҢ  ӨҢІР ГҮЛІ
15.10.2021
1606
4

Елімізде тұңғыш рет «Геральдикалық зерттеулер орталығы» құрылғаны туралы ақпаратты көзі қарақты оқырман естіп-біліп жатқан болар. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев енді ғана шаңырақ көтерген ботатірсек мекеменің есебін құзырлы отырыс қарауына шығарып, биік мінберден оның таныстырылымын өткізген еді. Бұл жағдай зерттеу орталығының алдында көсегелі көп іс, көшелі міндеттер тұрғанын аңғартқандай.

Дегенмен жалпы жұртшылық тарапынан бұл мекеме  танымалдылыққа ие болды деп тұжырым жасауға әлі ертерек. Сондықтан  тың сала тізгінін өз қолына алған көрнекті жазушы Әлібек Асқаровпен біз үшін жұмбақ көрінген осы геральдика әлемінің кешегісі  мен бүгіні арасын жалғай отырып,  әңгіме арқауын өрбіткенді жөн көрдік.

 «Геральдика деген не? Қалың көпшілікке түсінікті болу үшін осы сұрақтың басын ашып алсақ?» деген сауалмен жаңа орталықтың жетекшісімен сұхбатымызды бастадық.

Алдымен әңгімені әлемдік геральдикадан өрбітсек деймін.

Батыс елдері геральдика тарихын бұдан мың жыл бұрынғы «рыцарлар дәуірінен» бастайды. Расында, басынан бақайшағына дейін мұздай темір құрсанған рыцардың кім екенін тану мүмкін болмапты. Содан олардың қалқандарына, әр рыцардың өзіне тән  таңбасын басып, айыра бастаған. Қалқанға басылған осы таңбалар  алғашқы гербтер болатын.

Ендігі кезекте әлгі ақсүйек рыцарлар, ұрыс алаңы өз алдына, замоктарының қақпасына, сарайларының дуалына герб салуға көшеді. Сынықтан өзгенің бәрі жұғатын әдеті емес пе, келесі кезекте бекзадалар ғана емес, қарапайым қолөнер шеберлері де тауарын өз «мөрімен» ұсына бастайды. Осылайша, таяқ лақтырса  – гербке тиетін заман орнығады. Енді қаптаған көп таңбаны бірінен бірін ажыратып, талдап, оқи алатын адамдарға қажеттілік туады. «Герольд» дейтін «мамандық» осылайша өмірге келіпті. Содан бастап бұл саладағы жүйесіздік, бей-берекетсіздік жойыла бастайды. Геральдикалық туындылар жасаудың белгілі бір тәртібі айқындалып, бұдан былай оларды жасау қатаң қадағалауға алынады. Келе-келе тұрмыстық тар шеңберден кең құлашты ауқымға көшіп, бұл үрдіс мемлекеттің рәміздеріне ауысады.

Міне, геральдика жүріп өткен жол, қысқаша айтқанда, осындай.

Осының бәрі ертегі секілді қызық екен. Бірақ бұған дейін геральдиканың көпшілік назарына іліне бермеген себебі неде? Бұл сұрағымызға Әлібек Асылбайұлы былай деп жауап берді:

– Егер адамзат тарихын әрі қарай таратып айта берсек, түптің түбінде  алдымыздан қазақ даласындағы таңбалар қол бұлғап шыға келер еді-ау! Әттең, амал нешік… Халқымызда «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деген нақыл сөз бар. Басқыншы жұрт өз ырқына көндірген халықтың тарихына  алакөзденетіні, ол тарихты тамырынан үзіп, ұмыттыруға тырысатыны белгілі. Бодандық қамыты қазақ геральдикасының дамуына да үлкен тұсау болды. Көздің жауын алған әдемі әшекей, көктемгі қызғалдақтай құлпырған ою-өрнектің орнына, табиғатымызға жат түрлі элементтер өріп кетті. Ата-бабамыздың дүниетанымына қайшы көзқарас етек жайды. Патшалық заманда қазақтың қалаларының гербтері қаптаған ресейлік қамалдардың символдарымен бейнеленді. Осылайша ата-бабамыздың дүниетанымына қайшы көзқарас барынша етек жайды. Кейін қылышынан қан тамған Кеңестік дәуір орнады. Большевиктер билігінің үшінші күні-ақ, 1917 жылдың 11 қарашасында, Ленин мен Свердлов қол қойған арнайы Декрет қабылданып, геральдика атаулыға үзілді-кесілді тыйым салынды. Княздар мен графтардың гербтері жалаң аяқ кедей-кепшікке көк тиын қажеті жоқ еді.

Ресей өз геральдикасының 275 жылдығын 1997 жылы тойлады.

Ал қазақ топырағына қарай ойыссақ, Әлкей Марғұлан кезінде: «Пайзалардың қолданылуы ғұн дәуірінен бастау алады», – деп тұжырым жасапты. Пайза – ел билеуші жарлығын бұқараға жеткізетін, сондай-ақ оның орындалуын қадағалау құзыретіне ие адамның мойнына тағатын тайтұяқтай дөңгелек асыл металл. Яғни пайза ол адамның ерекше мәртебеге ие екендігін айғақтайтын айырым белгісі болған.

Енді сонау Ғұн дәуірі мен 1722 жылдың арасында қанша ғасыр жатқанын есептеп көріңіз!

«Геральдика көшпелі қазақ табиғатына жат, ол қазақ топырағына Ресей империясы арқылы келген», – деген қасаң заманның өзінде академик Қаныш Сәтбаев: «Таңбалы тас – қазақ халқының ең алғашқы мемлекетінің ірге тасын қалап жатқандағы жазып қалдырған Дала Конституциясы», – деген ой айтады. Расында да, бұл нағыз данышпандық сөз, көрегендік тұжырым емес пе!

Қазір бәріне де шүкір дейік… Тозаңнан қайта түлеген Феникс құс секілді арамызға оралған Қазақ геральдикасы – тәу етер Тәуелсіздігіміздің тағы бір  жемісі деп білеміз.

Жалпы жұртшылыққа таныстыру мақсатында көпшілік үшін танымдық сипатта, тұңғыш рет ана тілімізде «Қазақ геральдикасы» кітап-альбомын дайындап шығардық. Айтуға оңай болғанымен, тыңға түрен салған тәрізді, бұл күрмеуі қиын шаруа болды. Аталмыш еңбек – геральдика тарихын ежелгі дәуірлерден тартып, оны орта ғасырлық кезеңдермен қамтып, кешегі хандық, еуропалық, ресейлік, алаштық, кеңестік кезеңдерге ұластыра отырып, бүгінгі Қазақ геральдикасына алып келеді.

Орталық бұдан басқа немен айналыспақшы? Бұл сауалымыздың да жауабын Әлібек Асылбайұлынан анықтап білдік.

Біздің алдымызда мемлекет тарапынан қойылған бірнеше  міндет бар, соның бірді-екісіне қысқаша тоқтала кетейін. Алдымен ведомстволық наградалардың бірыңғай критерийлерін әзірлеу, мемлекеттік рәміздер мен  геральдикалық белгілерді қолдану және насихаттау мәселелері жөніндегі нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жұмыстары тұр. Қазір осы әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу шаруасына кірісіп кеттік. Сонымен бірге Орталыққа ұдайы геральдикалық сараптама жүргізіп отыру  міндеті жүктелген.

«Ертөстігім – бір төбе» дегендей, осылардың ішіндегі бірі де бірегейі – мемлекеттік рәміздердің насихаты. Жыл соңына қарай Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің басшылығымен республикалық «Патриоттар форумын» ұйымдастыруға белсене кіріспекпіз. Орталықтың бұған дейін атқарған іргелі ісінің бірі – өңірлердегі, қалалардағы гербтердің жай-күйіне талдау жасалды. Соның нәтижесінде еліміздің әкімшілік-аумақтық бірлігі гербін әзірлеу туралы әдістемелік Нұсқаулық дайындалды. Зерттеу жұмыстарын әрі қарай да жан-жақты, тиянақты жүргізе отырып, осы құжатты  Ережеге айналдырсақ  деген ойымыз бар.

Ал өңірлердегі гербтер қандай күйде екен? Сауалымызға тосын жауап алдық. Бұл мәселеде біртұтас қазақ мемлекетінде тұтастық, бірізділік жоқ болып шықты.

– Бұл өз алдына ауыр мәселе, – деді Әлекең. – Орталықта бұл жұмыстармен айналысатын арнайы бөлім құрылған. Бәрімізге белгілі, еліміздің Бас гербі баяғы батырларымыздың қалқаны тәрізді, бір шеңбердің ішіне орналасқан ғой. Ендеше, Қазақстан унитарлық мемлекет болғандықтан, барлық деңгейдегі гербтер осы пішінді сақтауы тиіс еді. Алайда бұл талап облыстық деңгейде қазір ілдалап бір ретке түскенімен, жергілікті билік өздері жасап, өздері бекітіп жатқандықтан, аудан мен ауыл жақтан небір фигураларды кездестіресіз… Ол жақта  ешқандай шектеуі де, шеңбері де сызылмаған еркін композиция да бар; римдіктердің – ұзынша төртбұрыш; викингтердің – квадрат; крестоносшылардың – ұзын сопақ; ежелгі Русь воеводаларының жартылай дөңгелек қалқандары да толып жатыр. Осылардың бәрін бір жүйеге түсіртпесек болмайды.  

Сондай-ақ  некен-саяқ қолданылатын салалық беймәлім терминдердің өзін бір-бірінен ажыратып алу оңай емес. Бұдан шығатын қорытынды – түсіндірме сөздік жасау қажет. Халқымен қайта қауышып жатқан Қазақ геральдикасы мәртебелі ана тілімізде сайрап тұрса, ол да  біздің мақтаныш емес пе!

Ресейде 1998 жылы Ғылым академиясына қарасты Жалпы тарих институты жанынан Гербтану және генеалогиялық зерттеулер орталығы құрылған. Олар геральдикалық материалдар негізінде символдар мен таңбалардың қоғам тарихындағы рөлі мен маңызын зерттеумен айналысады. Ал, Украинаның Геральдикалық қоғамы, баяғы Шоқандардың заманындағы Орыс география қоғамы секілді, тіпті мемлекеттік үлкен  істерге араласып, билікке кеңес беріп, қоғамдық терең  зерттеулер жүргізеді екен. Біздің де иығымызға жүктелген міндеттің салмағы оңай емес деген ойдамын.

Келесі жылы мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы аясында Қазақстан геральдистерінің бірінші республикалық форумын ұйымдастыруға бел буып отырмыз. Сөз жоқ, жоғары деңгейдегі мұндай аламан жиын бұл саланың дамуына үлкен серпін беріп, тың идеялар тудырып, бағытымызды  айқындай түседі деген үміттеміз.

Талайлы тағдыр кешкендігінің әсері шығар, қазақ геральдикасы өртеңге өскен гүл секілді елестейді екен. Енді «ҚӘ» оқырмандарына қандай тілек айтар едіңіз?

– «Қазақ әдебиетінің» оқырманы – әдебиетпен жөргегінен ауызданған, қазақ руханиятында жылт еткен жақсы жаңалықты қалт жібермей қадағалап отыратын, қолынан келгенше құрақ ұшып, жәрдемдесуге әзір жүретін ерекше адамдар. Олар – менің де ортам. Енді ғана қалыптасып жатқан қазақ геральдикасын насихаттау ісіне сіздер әрдайым қол ұшын бере жүріңіздер деген тілегім бар!

Сөз соңында «гүл» деп қалдыңыз ғой, сол әдемі ойыңызға кәсіби суретші ретінде: «Қазақ геральдикасы – қазақ рухының өңір гүлі», – дегенді қосқан болар едім. Тек, оның тамыры дәйім тереңге жайылып, жап-жасыл жапырағы лайымда биікте жайқала берсін!

Әңгіме-сұхбатты дайындаған Д. ҚАСЕНҰЛЫ

 

 

ПІКІРЛЕР4
Аноним 15.10.2021 | 22:17

 «Таңбалы тас – қазақ халқының ең алғашқы мемлекетінің ірге тасын қалап жатқандағы жазып қалдырған Дала Конституциясы», – деген Қаныш аға сөзін оқып таң қалдым.Қандай ғажап сөз. Орталық рәміздер насихатымен айналысады екен ғой.Жоғарығы оқу орындарында пән ретінде неге оқытылмайды. Өзге елдерде пән ретінде оқытылады.Геральдика таңба болса, таңбалар тарихты құрамай ма? Сонау Күлтегін тасындағы таңбадан бері қаншама тарих бар.Істеріңіз алға бассын.

Аноним 16.10.2021 | 02:44

Ру таңбалары- түркілік төлқұжат, Қасиетті рәмізіміздеріміз. Рулық таңбалар қазақтың шығу тегін дәлелдейтін тарихи құжат, жәдігер. «Геральдика» ғылыми зерттеу орталығына айналса деген тілек бар.

Аноним 19.10.2021 | 11:34

Әлібек аға! «Тіл-қазына» орталығының директоры болған орныңызды жемқорға қалдырғаныңыз не?

Аноним 20.10.2021 | 11:47

Әлібек ағаң әлі оларды әшкерелейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір