Әулиеата – кітап оқитын өңір
02.12.2025
73
0

Сарысу ауданы, Жаңарық ауылдық округі, Ақтоғай ауылында ақын, жазушы Рафаэль Ниязбековтің шығармашылығына арналған «Жыр тұнған Жаңарық — Рафаэль рухымен!» атты еске алу кеші өтті.

Іс-шара облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен жүзеге асып, аудандық және ауылдық округтерде жалғасын табуда. Еске алу кеші Ақтоғай орта мектебінің әсем безендірілген салтанат залында ұйымдастырылды. Залда ақын шығармашылығына арналған кітап көрмелері, оқушылардың сурет көрмелері, рухани мазмұндағы көріністер көрермен назарына ұсынылды.
Кешті аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов ашып, жобаның маңыздылығына, жастар тәрбиесіндегі рөліне және ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылық мұрасына тоқталды.
Кешке облыстық мәслихат депутаты Айтбала Жолмаханова, ау­дан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл­дық округ әкімі Жалғас Дүйсенұлы, арда­герлер кеңесінің өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Шара барысында оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Би және ән өнері арқылы кештің шырайын кіргізді. «Шабыт» ардагерлер ансамблі «Ата қазақ» және ауыл сазгері Әбзелбек Саспақовтың «Тәуел­сіз Қазақстан» әндерін орындады. Әнші Аққайың Қазылықова «Бауырларым» әнін жанды дауыста орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Ал Самат Тоқпанов ақынға арнаған «Рафаэль — елдің мақтанышы» атты авторлық өлеңін оқыды. Сонымен қатар Рафаэль Ниязбеков шығармашылығына арналған мектепішілік және ауылдық іс-шараларда белсенділік танытқан оқу­шылар ауыл әкімінің Алғыс хаттарымен және сыйлықтармен марапатталды.
Кеш соңында Ерлан Дайрабайұлы ұйымдастырушы ұжым мен қатысушыларға ризашылығын білдіріп, осындай игі шаралардың рухани тәрбиеге қосқан үлесін атап өтті. Рухани мазмұны терең, әсерлі өткен бұл кеш ақын рухына тағзым етіп, ауыл мәдениетінің айшықты оқиғасына айналды.
Болат Бегарыс,
Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдер университетінің 2 курс студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір