ШЕҢБЕРДЕН ШЫҚҚАН ЖАЗУШЫ
15.10.2021
1825
3

2015 жылы 26-31 қазан аралығында жазушы-драматург, Махамбет сыйлығының иегері, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі Рахымжан Отарбаев туралы «Келбет» бағдарламасын түсіруге Атырауға бардық. Рахымжан аға ерекше қуанышты көңіл-күйде жүрді. Ол түсінікті еді. Апта бойы Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында «Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың Халықаралық театр фестивалі» дүркіреп өтіп жатты. Жан жақтан ағылып келіп жатқан театр ұжымы, қарсы алған жұрт, қызыл кілеммен жүріп өту құрметі… Бәрі-бәрі қуанышты сәттер болатын. Сол қуанышты сәттердің таспаға түсіп, «Алтын қорда» сақталып қалғаны қандай жақсы болды. «Жаңбыр-жаңбырдың арасынан жүгіріп өттік» дегендей, осындай қарбаластың ара-арасында Рахымжан ағаны өзіміздің түсірілімге алып кетеміз. Ағамен сұхбаттасу  керемет өтті. Эфирге бәрін бере алмадық, уақыт өлшеулі. Арада қанша уақыт жылыстаса да, ескірмейтін әңгіме, естен кетпейтін бейнелер болады. Рахымжан ағаның туған күніне, дәлірек айтсақ, 65 жылдық мерейтойына орай сол сұхбатты толығымен өздеріңізге ұсынуды жөн көрдік.

 

Мініммен емес, мінезіммен жақпадым

 –   Дүркіреп театр тойы өтіп жатыр, қазіргі көңіл күйіңіз қандай?

–  Мына тірлікте жүрегім жарыла қуанған сәттерім болды. Жер бауырлап өкінген де сәттерім болды, жер тоқпақтап. Өйткені мен – өзіме өзім шапағаттан гөрі кесапатты көп жасаған адаммын, мінезіммен. Мен біреуге жақпасам, мініммен емес, мінезіммен жақпадым. Біреу маған жақпаса мінезімен емес, мінімен жақпады. Сол қуанышты, жарқын сәттердің бірін  қазір мен басымнан кешіп жатырмын. «Тәубе», – деп айтам Құдайға. Ағалардың алдында, осы топырақта өткен көзі жоқ ұлы тұлғалардың алдында кешірім сұрап айтам. Мұндай кешті «қазақ поэзиясының ақшабұлты» атанған Әбу ата өткізе алған жоқ. Мұндай салтанатты қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденов өткізген жоқ. Болмаса, Зейнолла Серікқалиев ағамыз, Зейнолла Қабдолов ағамыз, Ғабдол Сланов, Мағзом Сүндетовтер… Мен солардан артықтығымнан өткізіп жатқан жоқпын. Олар – үлкен тұлға, мен – кішкентай адаммын. Өйткені мен солардан тәлім алдым, соларға тырмысып, иығында тұрмын. Бірақ ол кісілердің заманы басқа. Кешегі партияның тәлімі де, тәртібі де, шектеуі де бар еді. Қазір енді еркіндіктің ерке самалы есті ғой. «Қандай той жасаймыз?» десеңіз де, «кімді шақырамын?» десеңіз де алдыңды кесіп жатқан ешкім жоқ. Соның бір нақты дәлелі керек. Сол дәлел – осы жылдың басында облыстың басшылығы: «Рахымжан, сен бір тойыңды өткізіп берейік сенің», – деді. Алғашында: «Иә», – дей салдым да, бұл – көктемдегі әңгіме. Оны мен жұрттың тойы сияқты қабылдадым да жүре бердім. Бір ай қалғанға дейін солай болды. Сосын он күн қалғанда жаным қысылды. Сезіндім, соншама ұжым, он екі ұжым… Қырғыздың академиялық театры қазір біз жақта. «Рахымжан, 10 жылдың ішінде пьесаңды 500 мәрте қойдық», – деді. Бұл – сирек кездесетін оқиға.  «Туған топырағына «Фариза мен Мұқағали» деген пьесаны алып келе жатырмыз», – деп анау Баян-Өлгейден көш керуен болып келе жатыр. «Бейбарыс Сұлтанды» туған топырағыңа әкеле жатырмыз», – деп Әуезов театры келе жатыр. Әуезов театры бастаған қазақтың он театры біздің өңірге сапарға шыққан. Қазылар төрағасы болып, атақты Асанәлі Әшімов келе жатыр. Сол келе жатқан қонақтың барлығы – Атырау облысының қонағы, менің қонағым. Қарсы алу, тағы да басқа көптеген ұйымдастыру шараларының барлығы да елдің арқасында өтіп жатыр, менің емес. Елге рақмет! Туған топыраққа рақмет:  «Талай ағалардың тойын жасай алмай қалдық қой заманында. Тірлігіңде бір тойыңды жасайық», – деген.  

–  «Мінездің кесапатын көп көрдім», –  дедіңіз? Неге?

–  Жастықтың өзі – жарты мас қой. Жас кезде Жазушылар одағында дүниенің бәрі – кең жазира. Алдыңның бәрі – даңғыл. Жол ұзақ. Арман – көп, ақыл – аз. Көп арманға аз ақыл шашылып қалады ғой өзі. Қазір ғой, осы жасқа келгеннен кейін, қартайғасын арманның азайып, ақылдың көбейгені…

Өз өзімнен сөз қызғанам…

 –  Аға, сіздің қаламгерлік сапарыңызға сәттілік тілегендер – Жұмекен аға, Олжас аға, Шерағаң, Зейнолла ағалар. Өзіңіз соңыңыздан еріп келе жатқан жастарға қолдау көрсетесіз бе?

– Дұрыс бастадыңыз, өте әдемі сұрақ. Мен жастаймынан сол ағаларымның алақанында өстім. 25 жасымда Алматыға барып едім, Әбіш аға Кекілбаев, Фариза апа, Жұмекен аға, Шерхан аға, Оралхан Бөкей, Ш.Айтматов, Мұхтар Шаханов, Әбу ата бәрі әлдилеп қолына ұстады. Осы күнде ойлаймын,  «Неге?» деп… Мүмкін «ауылдан келген екен шашы тікірейіп, белі бүкірейіп,  осыдан бірдеңе шығар» деп ойлаған болар. Біреуі Алматыда прописка тауып берді, біреуі пәтер алып берді, біреуі қызметке алды, тіпті біреуі соғым сойып берді. Бір нәрсе айтайын,  қазір өзі пікір қайшыласқан заман ғой. Олжекеңе, Олжас Сүлейменовке тілге, қазақ тіліне байланысты қарсы пікірлер айтылып қалып жатады. Ол кісі – әлемдік ауқымда ойлайтын адам. Алматыға барғанымда: «Олжекеңе қарсы хат жариялайық. Тілге байланысты мына сөзі бекер», – деп алдыма жігіттер келді. «Қол қоя алмаймын», – дедім. Себебін айтқан жоқпын. Қоя алмайтын себебім – кешегі қоңторғай жүрген кезімде, Алматыда пәтер жалдап жүрген шағымда (ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет жасайтынмын) «Рахымжан қиналып жүр», – деп естіпті. Сонда: «Жүрші», – деді де, өзі рөлге отырып,  көлігімен Калинин көшесіндегі үйіне алып барды да сейфін ашып, бір бума мың рубльді  қолыма ұстатты. Екі жылқының бағасы. «Бұл не, аға?» –  дедім. «Саған бергенім. Қарыз емес», – деді. «Аға», – деп едім. «Менде бар ғой, Рахымжан. Мынау сенде болсын, сау бол», – деді. Аң-таң болып, екі жылқыны екі қалтама салып шықтым. Сол жақсылық менің көз алдымда тұрып алды. Бір ауыз сөз айта алмаймын. Сондай жақсылықты мен көп көрдім. Шерағаңнан, Орағаңнан, болмаса Әбдіжәміл Нұрпейісовтен шығармашылығыма қатал қарауды  әрі сөзбен жұмыс жасауды үйрендім. Сөз сөзге көлеңкесін де, жарығын да түсіріп тұрады ғой. Соны білу керек, сөздің дәмін білу керек. Сөз – кие, қорқамын мен. Қазір бір ауруға шалдықтым. Өз өзімнен сөз қызғанам. Баяғы жас кездегідей оңды-солды шаша алмаймын. Айдалаға байлық шашып жатқандай көрем. Ш.Айтматов менің бір шығармамды оқыды да соншама мені жақсы көріп: «Рахымжан, сенің құлағыңда қалсын», – деп, өзінің ешкімге айтпаған сырын маған айтып кетті. Жылағанын көрдім ағаның, оңаша отырып мұңайғанын көрдім. Сегіз жыл тікелей байланыста болдым. Бельгиядан шығарда Брюссельден: «Рақымжан, қарсы ал», – деп  звондайтын еді. Амстердамға келеді, Алматыға келеді, мен алдынан шығам. Жарын, баласы – Ернарды, қызы – Шырынды,  бәрін қарсы алам. Бір шығармамды оқыды да: «Рахымжан – ХХІ ғасырдағы интеллектуалдық қазақ прозасының озық өкілі», – деді бір ауыз сөзбен.  Үлкен Ташкентте 1998 жылы  Түркі халықтарының мәдени орталығының қоры құрылып, Айтматов соның төрағасы болып тағайындалды да, мені жұмысқа шақырды. Бірақ ол кезде бара алмадым, өйткені елшілік мені босата қоймады. Босатқан кезде Маңғыстауға телерадио компаниясына төраға етіп жіберді. Сол ұлы тұлғалардан көрген жақсылығымды, өкінішке қарай,  мен оларға қайтара алмаймын. Көздері жоқ себебі…  Қайтарудың бір жолы болса, сол әдебиетке деген адалдығыммен қайтара алуым мүмкін. Прозада, драматургияда, сұхбаттарда да  тек шынымды айтам. Кейбір адамның ұғымына сыя қоймайтын нешетүрлі қылықтарымды сөз етемін. Ұрлығыма дейін айтам, өйткені ол – менің өмірім. Алладан жасырмағанымды адамнан жасырып ит болғым келмейді менің. Жалғыз ұлым – Ермерейге күнделік жүргізем.  Маңдайымнан сипаған, арқамнан қаққан, талабымды оңғарған жаңағы ұлы тұлғалардың тізімін жасап қойдым. Ұлыма: «Мен кетсем де осы кісілердің ұрпағының қолына су құйып жүр.  Осынау тұлғалардың ұрпағының алдын торғай адым кесіп өтпе.  Әкең үшін жасағаның сол болсын, басқа ештеңе керегі жоқ маған. Маған талабымды қаққан, жамандық ойлаған, кесапат жасаған адамдар жетіп жатыр. Бұл пәниде, олар менің күнделігіме түскен жоқ. Олардың атын сен білмейсің, онда шаруаң болмасын. Олармен Аллекеңнің өзі есептеседі», – дедім.

 

Мақтау деген – адамдардың арасында жүре беретін қарыз ақша сияқты

– Соңыңыздан еріп келе жатқан жастарға өз қамқорлығыңыз қандай? Сізді түсіне алатын жастар бар ма?

– Бар. Мысалы, мені өзіне ұстаз тұтатын 4-5 жас драматург бар. Екеуі – Серік Сағынтай, Алмас Мырзахмет деген жігіттер Қарағандыда  тұрады. Қарағандыға барамын ба, Астанаға барамын ба, бәрі әйтеуір «көкелеп» келеді. Мүмкін мен олардың он ағасының біреуі болармын. «Жалғыз сіз» деп келетіндер көп қой бұл заманда. «Айналайын, он аға керегі жоқ, – дедім. – Аға – адамда біреу болуы керек, ұстаз – біреу болуы керек. Әйтпесе он жолға түссең – адасып жүресің». Бақсам, көңілдері – шынайы. Шығармама деген құрметтері болса керек. «Егемен Қазақстан» газетінен  мақалаларын оқып тұратынмын. 3-4 жыл бұрын Оралхан Дәуіт деген жігітті тауып алып звондап: «Оралхан, сенен жақсы прозаик шығады, сен прозаға кел», –  дедім. Содан бастап әңгіме жазды. Әңгімелері керемет. Дархан Бейсенбек деген жігіт бар. Бір рет көрдім, бір кітабын берді. Одан да үмітім зор. Лира Қоныс деген қыз – жақсы жазушы. Ал мына Атырауға келетін болсақ, алтын балықтың үйіріндей боп жүрген  ақындар қыздар шықты.  Бақытгүл Бабаш, Әлия Дәулетбаева, Сәулеш Шәтенова, Гүлзада Ниетқалиева. Бәрі де – мықты.  Артур Якуда, Асан Темір деген жігіттер бар. Тағы да біраз таланттар өсіп келе жатыр. Мен оларға кейде қаталдау қараймын. Олай қарайтыным – ағалардан қалған әдебиетке деген адалдықтан еді. Баяғыда, Совет заманында кітабымыз 3-4 жыл жатып әрең шығатын еді ғой. Қазір жазады, қағазға түскен дүниесін бір айдан кейін, үш айдан кейін шығара береді кез келген жерден. Бірақ сүзгіден өтпейді. Кітап шыққаннан кейін ол  «болдым, толдым, осылай кете беруге болады» деп ойлайды. Сын жоқ қазір. Сынның бәрі – мақтау. Мен айтайын, өзімді мақтағаным емес, жұрт туындыларымды жазбаша түрде де, ауызекі де жиі мақтайды.   Мақтау деген – адамдардың арасында жүре беретін қарыз ақша сияқты ғой. Қарызды алдың екен, қайтару керек. Мен белгілі дәрежеде жақсы жазатынымды өзім білемін. Жаман жазсам – жазбайтын едім, бірақ сыншыға: «Мені мақтама. Сен менің шығармамды талда, кемшілігімді көрсет. Мен көре алмаған нәрсені айт. Маған құр мақтаудың керегі жоқ. Жақсы, жақсы… Ол қалай? Жақсым болса – оны да дұрыстап тұрып дәлелде. Кемшілігім болатын болса – көрсет маған. Маған пайдаң сол, айналайын», –  деймін. Осы жасқа келгенде мен сөйдеймін. Міне,  сондай бір сүзгі, сондай бір талап керек қазіргі жастарға. Бүгін жаздың, ертеңінде  кітабың  шықты. Тап сол қалыпта өспей қаласың ғой. Мысалы, «Қазақ әдебиетіне» барған кезде бас редакторымыз –   Шерағаң отыратын  әулиедей болып. Оралхан – бірінші орынбасары. Кілең ығай мен сығай. Шерағаңның принципі – бір  мақалаң жарамай қалды ма газетке, үндемейді. Екі мақалаң жарамай қалды ма, үндемейді. Үшіншісі жарамай қалса, сол бойда шақырып алады да: «Жұмыстан шығу туралы арыз жаз», – дейді. Болды. Біз сол сөзді естімейік деп әбден  тырыстық. Жұмыс жасадық. Міне, Шерағаңның талабы. Жарамадың ба талапқа, деңгейге көтеріле алмадың ба: «Сау бол», – дейді. «Жолың әне», – деп есікті көрсетеді, соны естімейік деп біз жанталастық. Сол ағаларға тағзым. Соларға –  мінәжат. Сол ағалар бізді өсірді.

–  Шығармаларыңызға өз тағдырыңыздың әсері бар ма?

– Эрнест Хемингуэй: «Жақсы жазушы болу үшін талантпен қоса бақытсыз балалық шақ  керек»  деді емес пе?.. Міне, сол менің басымда бар. Шешеміз – суды көрмеген қырдың қызы,  26 жасында суға кетті.

– Сіз ол кезде бес жастасыз?

– Мен – бестемін. Әкеміз мал бағады, сиыр бағады. Жалғыз үй. Шағылдардың ортасында отырады. Қыр басына шығып, өтіп бара жатқан бір аттылыны немесе түйеліні көрсе:  «Бері кел», – деп шақырып алады. Ол адам келсе – ұлы жаңалық келетіндей…. Әңгіме айтады ғой ол кісімен отырып. Үйдегі төрт-бес адамның сөзі таусылады, қанша дегенмен.   Әлгі  адам келетін болса – мен де  атам мен әжемнің қасында отырып алып әңгіме тыңдаймын. «Апырмай, осы бала сөз аңдиды, бір рет далаға шығып ойнап келсеңші», – дейді маған. Жоқ. Сосын қиялыммен  оңаша бір арал жасап алып сонда өмір сүрем. Ол  – керемет арал, сұмдық арал, бәрі бар онда. Өзіммен-өзім оңаша,  рахат. Осы күнде «қиялыммен жасалған сол аралдан шықпай қалуым да мүмкін еді ғой» деп үркесоқтаймын өзім бала кездегі сол әлемімнен. Қайтпай қалуым мүмкін еді ғой. Кейде мына ортамнан қашқанда  сол аралға барып тұрамын әлі де. Қалыптасқан бір нәрсе – өзіммен-өзім  сөйлеу, шалықтап күлу… Әлі бар менде…

– Драматургиялық шығармаларыңызбен кейін танысып жатырмын. Мен сіздің әңгімелеріңізді оқыдым. Бір қоғамда өмір сүріп отырғандықтан қоғам сізге де, маған да ортақ. Біреудің қателіктерін көріп тұрамыз, өзіміздікін көргіміз келмейді. Бұл – бір пенделік дүние. Сіздің шығармаларыңызды оқып отырғанда кез келген адам өзін  көргендей болады. Құдайдан кешірім сұрайсың, «мына жерде мен қате кеткен шығармын»  деп ойлайсың.  Бірақ не үшін кешірім сұрап отырғаныңды өзің де білмейсің. Жазып отырғанда сіздің ішіңізде де  сондай дүниелер бола ма?  

– Әбден болады. Жұмекен аға айтатын еді: «Мен де кейде жылаймын», – деп. Көз жасымды ешкімге көрсетпеймін. Егіліп жылаймын, тоқтай алмаймын кейде. Көңілің кірлеген кезде жыласаң, тазарып қаласың. Көңілің жуылып қалғандай. Көңіліңнің терезесі жуылып қалады. Кейбір драмалық шығармаларымды көріп отырсам, мен де жылаймын. Бағана да жыладым. Кешке де жылаймын, біліп отырмын. Бір қимас сәттер. Өкінішті бір жағдайлар. Мысалы, «Қытайдан жеткен сәлемдеме» деген шығармамды жылап отырып аяқтадым. Егіліп отырып… Қытайдан келген кезім еді. Соны Мәскеуден шығатын «Литературная газета» басып, ертең шығады деп отырғанда Леонид Колпаков деген газеттің бас редакторының орынбасары маған звондап: «Рахымжан, сен не бүлдірдің?» – дейді. «Не бүлдірдім?» – деймін. «Корректоры рыдает», –  деді. Сонда: «Мен де жыладым», – дедім. Адамның сезіміне, рухани жаңаруына, тазаруына, тіпті пияз қабындай әсер еткенім көңіліме қуаныш ұялатты. Менің әңгімелерімнің біреуі қысқа болар, біреуі орташа болар, шығарманың маңыздылығы – көлемінде емес, айтар ойында.  Әңгімелерімде біраз шындық бар. Алматыда өткен жазушылардың пленумында бір үлкен жазушы ағамыз естідіңіздер ме, жоқ па,  «Рахымжан – халық жауы. Шығармаларын басуға болмайды. Өйткені кез келген шығармасында Рахымжан қазақты жамандайды, мінін айтады, мұқатып, кекетеді. Оны шетелдіктер  оқиды. Сосын олар  қазақ әдебиеті, қазақтар осындай екен деп ойлайды», – деген. Үлкен айқай көтерді. Оны мен естіп жүрмін. Мен олай деп қазақты жек көргеннен жаздым ба? Бірде кемшілігін айтсам, бірде мінін айтсам, сондай кертартпалықтардан жиренейікші, бойымызды аулақ салайықшы деген ой ғой. Осы қазақтың арасында тудым, осы жерде өлем мен. Кіндігіммен байланып қалғанмын бұл мекенге. Жұрт мені: «Түркияға кетеді», – деп жүр. Оңаша жатып алып жазу жазайын деп үй алып қойғаным анық теңіз жағасынан. Етекбасты болдық қой өмір бойы. Мысалы, менің «Моно Лиза» деген әңгімем бар. Италияда жатып жаздым. Сол шығарманы Мәскеуде шығып, әлемнің 56 еліне тарайтын «Форум» журналы басты. Италиялықтар да 2-3 жыл жарысып басты. Моншақ деген қазақтың қызын «сұлусың», «кереметсің» деп сипаттасам, Моно Лизаны «сайқалсың» деймін (кейіпкерлер сөзімен). Тап сол туындыны  италиялықтар  қайта-қайта сүйсініп басты. Ал бізге құйтақандай  шыбық тисе болды, шабына от түскеннен бетер күйеді. Әулие Абай атам өзі бір ауыз жылы сөзін қимай кетті ғой қазаққа. «Туған жер, өлген мола жібермейді, Әйтпесе өлмес едім осы маңда», – деп, мен емес,  Абай атам айтып еді ғой.

 

Еуропалықтардың тәрбиесі бөлек

– Сіздің драмаңыздағы Мұқағали Фаризаға: «Шеңберден шығуың керек»,  – дейді. Сіз өз шеңберіңізден шыға алдыңыз ба?

– Ұлыларды, Мұхаңдарды айтып-айтып келіп, «Сіз қай шамада жүрсіз?» –  дегенде, «Әдебиет деген – үлкен шеңбер,  соның ішінде біз де жүрміз ғой», – деп баяғыда бір ағамыз айтқан екен. Бұл – қиын шеңбер, айналайын. Қызғанышы, көре алмаушылығы  бар шеңбер. Бәрін де көрдік, бұза жардық деп айта алмаймын. Мен де – қазақ болып туған адаммын, менде де  қазақтың  қаны бар. Бүгінгі шаруаны ертеңге аманаттайтын жалқаулық жоқ емес бойымда. Жалпы, еуропалықтардың тәрбиесі бөлек. Бұлар «мына сағаттан мына сағатқа дейін отырамын, былай жазамын» деп кесіп айтады, солай жасайды. Бізде ондай жоқ. Мен, мысалы, бір шығарманы жазатын болсам, ойлап-ойлап жүремін де отырамын болды.  Бір апта, 10-20 күн басқа тірлік қалады. Телефон, үйдің шаруасы, түздің шаруасы, ешбірі ойымда болмай,  ана әлемге кіремін де, одан шыға алмай қоямын. Шығып кетіп, араға 1-2 күн түсті ме,  қайтадан жолай алмай қалам. Қашамын мына ақ қағаздан. Ертең де бар ғой деп, өз-өзімнен  сылтау іздеп кетемін кейде. Ал шеңберге келсек, менің жазғандарым қазір әлемнің 30 тіліне аударылды. Ағылшын, француз, Африка елдері, Түркия, Италия, Дания, Болгария, тіпті мен картадан тауып бере алмаспын, Жаңа Зеландия бар. Татар, чуваш, қырғыз тілдері, ол өз алдына. Қытай елінде шығармаларым жыл сайын жарық көреді. Аз ба, көп пе, қазақы шеңберден, қазақы көзқарастан аз да болса шықтым ау деймін. Жеке өзім үшін емес, қазақ үшін. Қазақтың руханияты үшін. Әлдебір «киелі өкпе, кемпір назды» айтайын. Олимпиада болатын жылы Қытайда, Пекин қаласында қытай тілінде  екі томдығым шықты. Үлкен той жасады. Пекиннің радиосы мен телевидениесі сағат сайын беріп жатты. Гонконгтың телеарнасы  сұхбатымды ұсынды. Айтатыны  жоқ енді. Елге келдім. Мен қазақтың әдебиетіне кішкентай болса да жаңа леп алып келдім-ау, күміс бұлақтай болып  шекараны бұзып,  шетелге ағып өттім-ау, бәрі де қазақ үшін ғой деп қуанып келдім. Тым-тырыс, ешкім  үндеген жоқ. Мәдениет министрлігінің  құйтақандай шенеунігі бір беттей   «Алла риза болсын» айтып, қағаз беруге болатын еді ғой, хат беруге болатын еді  қолымды алып. «Алла риза болсын»  деген сөзге мен риза болатын едім. Естіген жоқпын. Он жылдан бері менің шығармаларым бірінен кейін бірі шетелде басылып жатыр. Бір ауыз сөз естіген жоқпын. Қара басымның қамы емес еді ғой. Айттым бір рет, өкпем ішіме сыймағаннан кейін… Үш айдан кейін олимпиада өтті. Біреудің мұрнын бұзып медаль алып келгендерді аспанға көтеріп жатты. Мен – Құдайға шүкірі бар адаммын. Ешкімнен ештеңе қызғанатын жан емеспін. Маған ештеңе керегі жоқ еді, бірақ: «Айналайын-ау, спорт деген – дене күші ғой. Бүгін бар,  ертең сөніп қалады, менің рухани дүнием біразға дейін өлмейтін еді ғой. Маған машина керегі жоқ, үй де керегі жоқ. Бір «Алла риза болсынды» қимадыңдар ғой», – дедім.

– Америка сізді: «Енді келтірмейміз», – деп қайтарды. Өкінбейсіз бе, сол жолы ойыңызды ашық айтып кеткеніңізге?

– Мына қазақтың аузынан шыққан сөз ауыздан ауызға-жұққан кезде ашыған нан сияқты өсе береді. Біреулер енді сыртымнан ғайбаттап жатқан болар,  «Америкада не шаруасы  бар екен?» – деп. «Ойбай, керемет, өйтіп ешкім істей алмайды, жер тарпыған Махамбеттің ұрпағы осылар болмаса», – деп, біреулер кішкене қомпитыңқырап жатқан шығар мені.  Мақтағанға да, даттағанға да бірдей қарайтын адаммын. Мақтауға қомпиып, даттауға жер болатын кезеңнен өтіп кеткенмін.  Сондықтан, ашығын айтайық, әспеттеп Вашингтонға өздері шақырды. Өйткені мен – Ұлттық академиялық кітапхананың бас директорымын. Вашингтондағы Кеннеди атындағы кітапханамен бауырластық байланыстамыз. Дүниежүзінде екі кітапханада, соның бірі – бізде Президенттің ықпалымен, шапағатымен алынған үлкен аппаратура бар. Мына кітабыңызды былай бір жүргізіп өтсеңіз, бірден  көшіріп алады. Екінші аппаратура сонда, Вашингтонда тұр. Сонымен, билетімді де алдын-ала өздері алып беріп, қалаға келдік.   Вашингтонның ортасына, бес жұлдызды қонақүйге жатқызды. Мұнда небір мықтылар қонақ болған, қабырғасында суреттері ілулі тұр. Мен де керемет екенмін ғой деп, жаттым. Барған күннің ертеңіне, басталмай жатып шатақ шықты ғой. Оқиға былай болды: Дүниежүзі бойынша кітапхананың басшылары жиналған. Үлкен конгерсс. Үлкен зал. Айтылған сөздер бес тілге аударылып жатыр. Мәскеуден шыққан орысша сайрап тұрған біреу «Демократия, кітапхана, әлемдік ақпарат» деген тақырыпта баяндама жасады.  Тыңдап отырсам, Қырғызстан, өзіміздің бауырлас ел – демократияның алтын аралы екен…

– Қайнар көзі…

– Нағыздың өздері екен, керемет. Қазақстан оларға жете алмаған – диктаторлық басқаруы басым ел көрінеді.  Осындай ыңғайсыз сөздер айтты біздің елдің атына. Біз,  Орта Азияның мемлекеттері сол елден  үлгі алуымыз керек екен. «Сұрақ қоюға бола ма?» – дедім, қолымды көтеріп. «Қойыңыз», – деді. Сөзін бөлдім баяндамашының.

– Соңына дейін шыдамадыңыз.

«Қойыңыз, – деді қайталап. Ана қырғыздар Президентіне, Президент аппаратына тас алып жүгіреді, таяқ алып жүгіреді. Штандартты  далаға лақтырады. Бұл деген демократия ма? Президент зырғып, құйрығын жиып алып тұра қашады. Сол демократия ма? Бұл – анархия. Әй, демократияны «бесігіміз» деп отырсыздар, нені қолдап отырсыздар сіздер?» – дедім.  «Жоқ, сіз түсінбейсіз. Түсінбейсіз», –  деді (менің ақыл-ойым оған жетпей отыр екен…) Өртке, дауылға қарсы ұмтылатын мінезім бар менің де. «Түсінбейсіз»… Содан басталды. Әңгіме өрши беріп: «Сендер жауызсыңдар, – дедім. – Сендер – үндістердің сүйегінің үстінде тұрған мемлекетсіңдер. Сендер әлемге қанды шеңгелдеріңді салып отырсыңдар», – дедім. Олар да маған қарсы ыңғайсыздау сөз айтты. «Көріп тұрсыздар ғой, Қазақстанның өкілінің бізге қарсы не айтып отырғанын», – деді. Тағы өршідім. «Біреудің Президентінде нелерің бар? Тапқан қаруларың қайда? Сендердің мемлекеттеріңнің Президентін атыс жасап, соғыс жасап дарға асып кетсе, жақсы ма?» – дедім. Полицейлер келіп, мені қоршап алды. Жиын жабылды сол жерде. Мені үш полицей қоршауменен көлікке мінгізді. Ағылшынша білмеймін. Аудармашы да қалып қойған ана жерде. «Бұлар қайда апарады екен?» –  деп ойладым. Содан алып келді…

– Елшілікке ме?

– Жоқ, жатқан қонақ үйіме алып келді. Сол жерде бір аудармашы пайда болды. «Енді қалған сегіз күніңізде мына аумақтан, қонақ үйден шықпайсыз. Мейрамханаға барасыз, кафеге барасыз, іште шомыласыз. Шығуға болмайды сізге!» – десін…

–  Қауіпті адам болып шыға келдіңіз?

– Иә, қауіпті адам. «Елшілікке, мемлекетіңізге хабар береміз», – деді. «Жарайды», – дедім. Сегіз күн жаттым сол жерде.

– Сол сегіз күнде өкінген жоқсыз ба? Болған жағдайға өзіңізді кінәламадыңыз ба?

– Жоқ, ешқандай кінәлаған жоқпын. Ұшуға үш-төрт сағат қалған кезде полицей емес,  басқа екі адам келді, көлікке мінгізді. Аэропортқа алып келді, паспортымды  қолыма берді де: «Бес жылға дейін сізге бұл елге кіруге болмайды», –  деді. «Неге?» – дедім. «Сіз – біздің Америка үшін аса қауіпті адамсыз», – деді. Оңбаған адамсыз деп тұр ғой. «Жарайды», – дедім. Күлдім. «Мұнай керек болса, майысқан шелектеріңді сүйретіп өздерің келесіңдер, мен сендерді сағынбаймын, қалған ғұмырымда көрмеспін сендерді», – дедім. Қазақша айтып жатырмын ғой.

– Керемет, аға!

–  Шығарып салды, болды. Олар бірден елшілікке хабарлап, мемлекеттік хатшыға шыққан. «Аналарың бәрін бүлдірді, айтпағаны жоқ бізге. Өзі Президент аппаратында жұмыс істеген, үлкен тұлға. Сіздер кімді жіберіп отырсыздар бізге? Өте жаман адам екен», – деген. Әуежайдан мені өзіміздің «айналайындар» қарсы алды. «Арызды қазір жазасыз ба, таңертең жазасыз ба?» – дейді. «Таңертең тоғызда кел, арыз жазып беремін», – дедім.  Таңертең сағат 9-дан 15 минут кеткенде есікті қақты.  «Өз еркіммен жұмыстан босатуыңызды сұраймын», – деп арызымды жазып қойғам. Сол күні бұйрық шықты, болды. Сонда біреулер: «Ойбай, Рахымжан Вашингтонға барғанда ішіп алыпты, полицейдің погонын жұлып алыпты. Одан келіп жатқан қымбат қонақ үйдің есігін бір теуіп сындырыпты», – деп сөз шығарыпты. Оның есігі он тепсең де сынбайды, сындырып көр. Өсек деген, Ақ орданың, көк орданың дәлізімен жорғалап анда кірді, мында кірді. Оййй…  Содан: «Шоқ, шоқ, таба, таба. Әй, өзіңе сол керек. Тым асқақтап кетіп едің», – дейді «жанашырлар». Он дауыстан бір дауыс: «Әй, дұрыс болған», – деп қояды жайлап. Ешқандай өкінген емеспін. Маған қызмет керегі жоқ, қызметтен күліп жүріп шыға салатын адаммын мен. Талай басшылықта болған адаммын. Театр, телевидение, кітапхана, Президент әкімшілігі… Кез келген уақытта қызметтен босасам, оған көңілім түскен емес. Өйткені менің басқа әлемім бар. Менің рухани байлығым бар. соған сенемін. Мен –  креслоға жабысып қалған адам емеспін.

– Әсерлі, мағыналы әңгімеңізге рақмет, Рахымжан аға!

 Сұхбаттасқан Жаңылхан АСЫЛБЕКОВА

Атырау, 2015 жыл

ПІКІРЛЕР3
Аноним 20.10.2021 | 09:51

Тұлға

Аноним 23.10.2021 | 10:37

Шынында да осы сұхбатта Рахымжанның ТҰЛҒА ретіндегі бейнесі айқын сомдалыпты. Рахымжанның кесек ойлары. Өр мінезі. Жүрек лүпілі. Жан жомарттығы. Шешендік сөздері. Өзімен бетпе-беп сөйлесіп отырғандай әсерде боласың.Жаңылхан қарындасымыз «Қазақстан» ұлттық телеарнасында халқымыздың талай біртуар перзенттерінің шығармашылық портреттерін жасаған талантты журналист. «Келбет» бағдарламасының авторы . Мен оның осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырғанын қалар едім.
Мақсат Дүйісмағамбет

Аноним 25.10.2021 | 10:48

Шеңберге қайта кіргізейін деп жатсығдар ма?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір