Зейнел Жекейұлы. Әке аманаты
12.10.2021
4282
1

(Әңгіме)

Зейнел Жекейұлы

Солтүстікте қыс ұзақ. Биыл бұл өңірге қар ерекше қалың түсті. Қасат қар қара жерге сүліктей жабысып жатып алды. Көктем шықпастай көрінген. Күтпеген жерде күн күрт қатты ыси бастады. Қалың қардың көбесі сөгіліп, моп-момақан Қарасу өзені гүрілдеп, долданып арнасынан ақтарыла тасыды. Ыстық үдей түсті. Қар астында булығып жатқан көк дүр етіп көкке қолын созды. Жыра-жыра, сай-салада ие бермей шапқылаған нөпір су толассыз жөңкілді. Жылға-жылғада жоны күнге шағылыса аққан мына су ирелеңдей жосылған сансыз жыландай.

Санаулы күннен кейін жер құрғап, көктің иісі бұрқырап қоя берді. Қыстау іргесіндегі тоғайды бастарына көтеріп думандатқан сансыз құс дауысы жаныңды тербетеді. Ұзақ қыста жапырақтарынан айырылып, жүнін жұлған тырнадай болған тоғай іші қазір жайнап кетті. Сыбдыр қағып, дамылсыз сырласқан ағаш жапырақтары тербеле басқан қылықты, ерке қыз-келіншектердің сырғаларындай жалт-жұлт етеді. Іргедегі Аспантау баурайында қозығасын ерткен арқар, құз жартас басында сұлулықтың мәңгілік ескерткішіндей селт етпей тұрған құлжа жанарыңды арбайды. Осы бір тыныштықтың өзінен ерекше тебіреніске толы күй кешесің.

Биыл биелер ерте құлындады, ертерек байланды. «Қыс аса қытымыр болды, ақ ішіп көтеріліп алайық», – деген әкей жүгіріп желі тартып тастаған.

Жан әлеміңді шаттық бесігінде тербеткен ерте көктемнің бір ерекше күні еді. Зеңгір көк пен қасиетті қара жердің арасы уылжып, ұйып тұр…

Шіркін, көктем!.. Көктеммен бірге адамның да жаны түлеп, кеудесі шуаққа толып жүре беретіні ненің құдіреті?! Бүкіл дүние бусанып, жер бетіндегі тіршілік біткенге мейірін төгіп сала береді. Қалғыған тау-тас оянып, баурайы жасыл түске боянып, сай-салада сылдырап аққан бұлақтар, дүр етіп бой көтерген құрақтар есіңді алып, қиял әлемінде қалықтап жүргенің.

Қиялыма қанат байлап, киіз үйде самаурынның бірқалыпты баяу, сыбызғыдай сызылта ән салған үніне құлақ түре шайға отырдым. Бие байланып, тіл суырған қымызды сыздықтата сіміріп, қарық болған кез.  Күбіден қымыз қотарған сәт ше, қышқылтым иісі кеңсірігіңді тызылдатып, жұтынып-жұтынып қалғаныңды өзің де сезбей қаласың. Бармақтай-бармақтай майлары бетінде қалқыған сол қымызды сіміргенше тағат таппай, қопаңдап қалатының бар.

«Жас төл де, өзіміз де таза ауамен тыныстайық», – деп қыстаудан дүр етіп көтеріліп, бұлақ басына киіз үй тігіп алғанбыз. Жайлауға көшуге әлі ерте. Жаңа көтерілген көктің буырқана бұрқыраған иісі-ай! Ду етіп көтеріле бастаған көк шалғын. Құйрықтары тұштаңдап асыр салған қозы-лақ. Ал құлдыраңдай шапқылаған жас құлындардың қуанышы ақша бұлттар арасында ойнақ салуда. Сондай ерекше шуақты, төңірек нұрға толған күннің бірі еді…

Төңіректі тітіреткен бір аждаһа дауыс уыздай ұйыған сол әдемі тыныштықтың шырқын бұзды. Мамыражай тыныштықтың мазасын қашырған мына дауыс үдеп барады. Тыр-р, тыр-р, тыр-тыр-тыр-р. Дамыл-дамыл, бұрқ етіп аспанға қара түтін атқиды. Жер дүниені дірілдеткен жайсыз дауыс зорая, жақындай түскенмен, сол үрейлі дауысты шығарып келе жатқан аждаһаның өзі көрінер емес.

– Жер-Ананың да, адамның да мазасын алған мына пәле тағы келді ме? – деді әкем жүзі күреңітіп. – Жазық даланың бетін аяусыз тілгілегені аздай, енді үйдің іргесіне соқа салды. Бетімен кеткен бұларға да бір зауал келер. – Күйініп тұр, күйзеліп тұр.

Сәлден кейін иек артпадан аждаһа да көрінді. Өңкең-өңкең еткен шынжыр табан трактор, соңында сойдақ-сойдақ тістері арбиған соқасы. Тау баурайындағы қыстауға жақын жыландай ирелеңдеп Қарасу өзені ағады. Сол өзеннің арғы беті егістік алқапқа айналған. Үш-төрт жылдан бері қара жердің қыртысын айырып, егін егуде. Биыл жер өте кеш жыртылды. Кеш те болса бидай егетін жердің бәрі жыртылып, тұқым да себілген. Ал мына тай шаптырым жер қалып қойған. Неге кешеуілеп қолға алды, не екпек? Жаңағы трактор өңкеңдеп келіп сол жерге тоқтады да, дік еткізіп соқасын қадады. Бұрқ еткізіп қара түтінді аспанға атты да, күшене алға ұмтылды. Қара жердің қыртысын айырып барады.

Әкем жақтырмай-ақ тұр. Бірақ қолдан келер дәрмен жоқ. Дәл осы сәтте совхоз директоры Тулақбайдың сап етіп келе қалмасы бар ма. Қысқаша амандық-саулықтан соң, реніш басталды.

– Бос жатқан жердің бәрін жырту керек, – деді директор кідиіп. – Совет еліне нан керек. Жер жыртып жатқандарға кедергі жасамаңыз, қабағыңыз кіржие қалыпты, байқап тұрмын, жақтырмай тұрсыз.

– Қара жердің жүрегін тілгілеп, түк қалдырмай аяусыз оңды-солды жыртып жатырсыңдар, – деді әкем бар ашуын директордан алғысы келгендей. – Мал жайылымын кім ойлайды? Жайылым тарылған соң малдыең өрісі азаяды. Ол – қазақтың тынысы тарылады деген сөз.

– Жердің жүрегі дейсіз, ол адам емес қой, бар болғаны жер, топырақ. – Бастық шолақ танауын шолтаң еткізіп бір көтеріп, мырс етті.

– «Қара жерді жамандама, қайтып сонда барарсың», – деді де әкем түнеріп үнсіз қалды.

– Ақсақал жерде не шаруаңыз бар, одан да алдыңыздағы малға ие болыңыз. Тың игеру деген керемет науқан, біле-білсеңіз үлкен саясат. Сол үшін мыңдаған жұмысшылар, механизаторлар келді сырт жақтан. Білдіңіз бе, көмекке, кө-мек-ке-е-е. – Осы сәтте шолақ танау өз қызметімді атқарып қалайын дегендей тағы бір шолтаң етті.

– Жерде нең барың не? – «Сіз» деген қылымсыған жаттанды сөзді бағана жайына қалдырған әкем ашуға мінді. – Ол – менің, қала берді бүкіл қазақтың, әрі-беріден соң мына сенің жерің. Келімсектер арқалап келген жер емес.

– Мына сөзіңіз… Мына сөзіңіз… – Директордың кеңірдегі ұстаның пешке салған теміріндей қызара бастады. – Өзіңіз саяси сауатсыз екенсіз. Қазақ елі бүкіл Совет халқын нанмен асырайды. Бұл біз үшін керемет мақтаныш емес пе?!

– Қазақ осы уақытқа шейін де нан жеген. – Әкей берісер емес. – Қажетіне қарай ғана жер жыртып, егін еккен. Қазақ неге бүкіл Совет елінің аш-жалаңашын, жалаңбұттарын асырауы керек екен. Отызыншы жылдардың ашаршылығында қазақ қынадай қырылды. Қасиетті мекен құлазып, ақ сүйек далаға айналды. Тышқан екеш тышқан да қалмады. Сол кезде кімнің жаны ашыды қазаққа? Осыған жауап берші жолдас директор, оқығаның бар адамсың ғой.

– Ақсақал, сіз қайда… қайда тартып барасыз? – деді директор ақ шляпасын бір киіп, бір шешіп. Әсіресе мына қиқар шалдың «оқығаның бар адамсың» деген сөзінен бүйі шағып алғандай ыршып түсті. – Бұл – партия саясаты. Оны мен бұлжытпай орындаймын. Понимаете? – Осы сөзді күшене айтқанда екі өкшесі қоса көтеріліп, оң қолын шошаң еткізді. – Өкімет саясатына, ұлы партия саясатына жат пиғыл көрсетіп тұрсыз.

– Мен қарапайым қойшымын, халық тағдырын ойлайтын сендер, бастықтар. – Әкей әлі де ірге берер емес. – Жөн-жосықсыз қара жердің қыртысын айырып жатқанда, мен бас терімді тілгілеп жатқандай күй кешемін.

– Сіз осы қой бағасыз ба, кітап оқисыз ба, – деді сөзден жеңіле бастаған Тулақбай.

– Қой да бағамын, ой да бағамын, – деп директорға тесіле қарады жаңа көргендей.

– Әні, көрдің бе, бұл кісі жай сөйлей алмайды. Мақалдап сөйлейді.  Сізге дауа жоқ екен. Ақсақал, сізге оқу өтіп кеткен. – Директор енді қалшылдай бастады. – Қияли болғансыз. Қонышыңыздан газет-журнал, қойныңыздан кітап түспейді. Қойшыға кітап неге керек осы, тып-тыныш жүрмей ме, қойын бағып. Әйтпесе…

– Әйтпесе не? – Әкей қарсы сұрақпен тіресіп қалды. – Айдатамысың?

Директор қырсық шалмен қиқылдасып жеңе алмасын сезді ме, қолын шолтаң еткізіп соңғы рет бір сілтеді де, домалаңдай барып домалақ уазигіне мінді. Жер қоңыздай тоңқалаңдаған ашулы уазик «мына пәледен тезірек құтылайын» дегендей құйындата жөнелді де, қас-қағымда көзден жоғалды.

– Дүниенің бәрін бүлдіретін осы шляпа киіп шіренгендер, – деді де әкем өзен сыртына көз салды.

«Оқымысты қойшы». Бұл – директордың әкеме қойған аты. Сөз жата ма! Бөлімше зооттехнигі Сиқымбек жеткізген. Әкем мырс еткен де қойған. Бірақ оны да жетістірмеді. «Шарғы бойлы шадыр». Бұл – әкемнің директорға берген ен-таңбасы. Директор әзірше естімеген сияқты. Естісе шадыр директордың шиқаны жарылар еді. Тоңқалаңдаған «УАЗ» машинасымен жетіп келіп: «Шал не деп жүрсің?!» дері анық. Бірақ әкем совхоз емес ауданның озат шопаны. Сондықтан ыға қоймайды, жөнсіз істерін беттеріне басады. 

– Әй-әй-әй!… – Әкейдің дауысы шошына шықты. – Мынау қайда барады-ей! Ол жерде зират бар ғой, зират. – Соңғы сөз ышқына шықты.

Жанталаса атына қарғып мінді де, белдеуге қыстырған құрығын суырып алып тұра шапты. Әкей дауысын естіген сәтте үйде қымыз ішіп отырған мен шошына атып шықтым. Әкем қара түтінін будақтатып, қара жерді тілгілеп бара жатқан тракторға қарай құйындатып барады. Енді байқадым. Трактор былтыр жыртылған жерден асып қиялай тартып барады. Былтыр жыртылған жердің орны ап-айқын, тақталанып көрініп жатыр. Содан әрірек, сәл дөңестеу жерде бір төмпешік бар еді. «Отызыншы жылдардың аштығында жер құшқан бір сорлының, мүмкін жаугершілік заманда елін қорғаймын деп жүріп шейіт болған бір бейбақтың мүрдесі-ау» – деген еді әкей осы төмпешікті көрсетіп. – Секентай, көрдің бе, айдалада елеусіз қалған, дұрыстап қорымға апарып жерлей де алмаған. Осыны шағын шарбақпен қоршай салайықшы. Обал ғой, мал баспасын».

Ана трактор сол төмпешікке таяқ тастам жерде, бұрқыратып барады. Бұл кезде әкей де жеткен еді торы атын қара тер қылып. «Мына жын қуған кім, неге шауып келеді?» – деп таңданған тракторшы соқасы ол кезде төмпешік шетін қопарып бара жатқан.

– Әй, ит, мүрдені қазған қояншық! – Әкей құрығымен қансыз аждаһаның қақ маңдайынан салып өтті. Трактордың маңдай шынысы күл-талқаны шығып, үгітіліп түсті.

Әкей атына мініп тұра шапқанда, екі өкпемді қолыма алып, мен де құйындай ұшқам. Жылап келемін. Әкемді ана трактор шопыры ұрып тастай ма деп. Екі көзімнен бұлақтай атқылаған көз жасымнан алдым бұлдырап, түк көрер емеспін. Екі жеңіммен кезек сүртіп, ұшып келемін. Өзеннің суы саяз тұсынан жалдап өтіп, заулай жөнелдім. Бір қарасам, трактор шопыры бүкшиіп қалыпты. Бұл кезде мен де жақындап қалған едім. Қалт тұра қалдым. Жақындай түсуге қорқып тұрмын. Денем дір-дір етеді. Қорқыныштан ба, жылағаннан ба? Әлден уақытта тырс етіп трактор есігі ашылды. Бүкшиіп отырған шопыр бір кезде сүйретіліп түсе бастады. «Сұм шеше» ме, «сумашеши» ме, әйтеуір соған ұқсас бірдеңе деді. Маңдайынан аққан қан мойнына қарай сырғып барады. Қолында дәу кілт. «Убыйу», – деді-ау деймін. Әйтеуір жаман сөз айтқаны анық.

– Әке, қаш, анау кілтпен ұрайын деп тұр, – Ышқына айғай салдым да, жалт бұрылып үйге қарай зыта жөнелдім. Өкшелей біреу қуып келеді. Жақындап қалған сияқты. Міне-міне, ана дәу кілтпен басымнан бір ұрмақшы. «А-а-а» деп жанұшыра шыңғырып, артыма жалт қарадым.

Жо-жо-оқ. Тракторшы оқыс оқиғадан есеңгіреп қалған сияқты. Теңселіп әкеме қарай ұмтылды, қолында дәу кілт. Кіжіне дәу кілтті жіберіп қалды. «Убыйу!» Торы ат бір-екі ырғығанда-ақ алыстап, ойнақтай ыршып кетті. Енді екеуі алыстан бір-біріне кіжінуде.

– Назат! – деді әкем.

– Что, земли мало? – деді жақ жүні үрпиген жирен бас тракторшы.

– Назат! – деді әкем түксиіп. – Сболыш. Там могила.

Сөздерін анық түсінбесем де анық естіліп тұр. Әкемнің кезінде шахтада істегенін білемін. Шай ішерлік орысшасы бар. Мына тасбақа трактормен мидай даладағы қара жерді қорыған қияңқы шалды қуып жете алмасын сезді ме, бетіне қата бастаған қанды сүртті де, кері айналды. Тіркеме соқасын жанталаса ағытып, тракторын бұрқ еткізді. Бар ашуын бұрқ етіп аспанға атылған қап-қара түтінмен бірге шығарды да, келген жағына қарай тоңқалаңдай зырлады. Бұрқ-бұрқ етіп аспанға атқылаған трактордың ащы түтіні емес, шалда есесі кеткен тракторшының кеудесінен атқылаған ашу-ыза сияқты.

– Тәте, атам ана трактор шопырының маңдайын жарды, – дедім ентіге үйге жеткен бетте. Анамды тәте деуші едім.

– Өй-бү-үй, жетпегені осы еді. Несі бар еді айдалада жер жыртқан келімсекте. Соттайды ғой, соттайды енді.

– Кімді, кімді сотайды? – дедім шошына.

– Кімді… Әкеңді де, – деді күйініп.

«Соттайды» деген суық сөз дір еткізді. Көз алдыма бас киімі қоқайған мілица келе қалды.

Ойлағаным айнымай келді. Келесі күні бас киімін қораздың айдарындай қоқайтып совхоздың учаскелік мілицасы келді. Әкей малда еді. Жайылған отарды ауылға қарай беттетіп келді де, үйге жетті. Мілица келгенін ол да көріпті.

Бұрын қой сұрай келгенде әкемнің алды-артына түсіп, қал-жағдайын сұрап, елпең қағатын мілицаның бүгін түсі суық. Салқын ғана амандасты.

– Ақсақал, не бүлдіріп жүрсіз?

– Не бүлдіріппін? – Әкей қарсы сұрақ қойды. Ығайын деп тұрған жоқ.

– Айдалада өзімен-өзі жер жыртып жүрген тракторшының басын жарыпсыз. Тракторының әйнегін сындырыпсыз, құрықпен ұрып. Енді түк болмағандай «не бүлдіріппін?» деп тұрысыңыз мынау.

– Бар жазығым, – ата-бабамнан қалған жерді қорғадым. Тайраңдағаны сондай, айдалада сүйегі қураған бір бейбақтың мүрдесін қопарып кетті ана жиренбас.

– Байқамаған шығар. Баяғыда қурап қалған сүйек үшін тірі адамның басын жардыңыз.

– Басы жарылған жоқ. Сынған әйнек маңдайын жырып кетіпті. Ештеңе етпес. Екінші тайраңдамайтын болады. Шаңыраққа қарасын.

– Жоқ, оңай құтылмайсыз, – деп мілица күпсіне бастады. – Заң алдында жауап бересіз. Ауданға да жетті бұл оқиға. Жиналыңыз, киініңіз, алып кел бұзақыны деп маған тапсырды.

– Бұзақыны тапқан екенсіңдер, – деп тістерін шықырлата жүріп әкем машина қорабының үстіне шықты. Мілица жанына отырғысы жоқ. Ренішін жасыра алар емес.

Машина қозғалғанда барып селк ете түстім. Жанарымнан жас парлап қоя берді. «Соттайды». «Әкемді соттай ма?» Осы бір ащы ойлар денемді шықпырта бастады. Қызыл жолақ фуражке киген мілица тауықтарды, жас әтештерді қуалай шоқып, маза бермейтін айдарлы әтешті көз алдыма әкелді сол сәт.

Күрсініп анам қалды. Кемсеңдеп мен қалдым. Үй іші бір-ақ сәтте құлазып сала берді. Үйдің ішіне шаттық толып, мамыражай, қамсыз өмір сүретініміз әкенің арқасы екен ғой. Дүрс-дүрс соққан жұдырықтай жүрегіммен соны бүгін сездім. Әкемнің кетіп бара жатып бар айтқаны: «Малға ие болыңдар. Немен ұрдың деп сұрар. Сұрар да жіберер».

Анам торы атқа мінді де, беткейде бытырап жатқан қойларды қайырып шарбаққа әкеп қамады. Мен малдың бір шетіне шығып көмектескен болдым. Биелер бағана ағытылған. Анам сүрініп-қабынып сиырларды сауды. Үнсіз, ауыр ой мүжи бастаған сияқты. Анам үндемеген сайын үрейлене түсем. «Секентайым, Секентайым ақылды, ертең-ақ үлкен азамат болады», – деп, күніне жүз айналып-толғанатын анам жақ ашпайды. Қабағы түсіп кеткен.

Ызыңдап самаурын келді. Жер ошақ маңында күйбеңдеп жүрген анам, сәлден кейін өзім жақсы көретін кеспе көжені әкеліп қойды алдыма.

– Күні бойы нәр сызған жоқсың. Тойып ал. Ертең әкең келгенде жүгіріп алдынан шығасың. Мүмкін кәмпит-сәмпит те ала келер. Ой- бү-ү-й, қайдағы кәмпит, қалтасында көк тиыны жоқ. Өзі аман-есен келсе екен.

– Тәте, әкемді соттамай ма?

– Соттамайды, ертең-ақ қоя берер.

Кішкене жер үстелдің екі басында екеуден-екеу отырмыз шоқайып. Ас та ішілмеді. Анам болмаған соң екі-үш қасық көжені ұрттаған болдым. Есіл-дертім әкем.

– Тәте, – дедім әлден уақытта. – Бұрын бұл жақта жер жыртпаушы еді ғой.

– Тың дей ме, тыңды көтереміз дей ме, қаптады ғой осы елге тобырымен. Қарны тойған соң сол келімсектер құтырынып кетті епес пе! Үш-төрт жыл бұрын бұл жер самал желі көк шалғынын тербеткен жап-жасыл алқап еді-ау.

– Тәте, келімсектер деген кімдер?

– Өз елінде тыныш жүрмей, басқа елде тентіреп, тіміскілеп жүретіндер.

– Өз елінің жерін неге жыртпайды? – дедім шыдай алмай. – Несі бар біздің елде?

Анам үнсіз. Қос жанарын мұң торлап ұз-а-ақ отырды. Отырып-отырып күрсініп алып барып тілге келді.

– Қайдан білейін, қарашығым. Қойшылар атам заманнан бері осы өңірді жайлап келеді. Аралары тай шаптырымдай жерде жайлауды да думандатып, сыңсып отырушы еді. Енді сол мал жайылымына да соқа салды. Жер-Ананың бетін аяусыз айғыздап, тілгілеп-ақ жатыр. Бір зауал келер.

– Тәте, әкемді соттамай ма?

– Аузыңа жаман сөз алма. Соттамайды.

– Мен қорқып отырмын, әкемді соттайтын шығар деп.

– Соттап көрсін. Торы атқа мініп алып өзім барам, ең үлкен мілицасына. «Әруақты қорлады, зиратты қопарып кетті», – деймін. Соттаса, әлгі бет-аузын жүн басқан жирен басты соттасын. – Жаңа ғана мұңайып, басы салбырап отырған анам айбарланып шыға келді.

Аздап қорқынышым сейілгендей. Жастыққа жантайып жата кеттім. Сәлден кейін шалқалай жатып шаңыраққа көз салдым. Жартылай ашық түндіктен жұлдыздар жымың-жымың етіп маған көз қысқандай…

Таң атыпты. Анам күйбеңдеп самаурынға су құйып жатыр. Жып-жылы көрпені қымтай түсемін. Бір кезде есіме әкем түсті. Сол-ақ екен атып тұрдым. Жүгіріп анама келдім.

– Тәте, әкем келе ме?

– Құлыным-ау, боп-боз болып кетіпсің, көзің де шүңірейген бе? Ауырып қалмасаң екен, байғұс балапаным-ай!.. – Анам абдырап қалды. – Келеді, қарашығым, келеді. Сол «келеді» деген сөзге өзі де толық сенбейтіндей.

– Әкең түсіңе кірді-ау деймін, – деді әлден уақытта. – Түсіңде қатты айқайлап жібердің. «Әке, әке бізді тастамашы. Қайда барасың, әке» – деп, былдырлап жатырсың. «Тфә-тфә» деп өзімше ұшықтап жатырмын. Содан ұйқылы-ояу ал кеп жыла. Өксіп-өксіп жыладың. Қойдыра алсамшы. Содан жұлқылай оятып, әрең дегенде жұбаттым-ау.

– Түсімде жыладым ба, сонда?

– Иә, ұйықтап жатып өксіп-өксіп ұзақ жыладың. Ей, жаратқан ием, бейбіт заманда берекемізді алып, арыстай азаматымызды мілица айдап әкететіндей, мен бейбақты күңірентетіндей, қаршадай баласын түсінде де өксітіп жылататындай не жазып ек?!

Анам кемсеңдей жөнелді. Қалың ызғарлы жаңбыр астында қалған торғайдай болған мен қолтығына тығыла түсем.

– Сол жері бар болғыр үшін құрық көтермесе де болар еді-ау, – деді сәлден кейін сабасына түскендей. – Жатыр ғой иен дала. Бірақ… Бірақ ол есерсоқ мүрдені қопарып кетті емес пе?! Бұлар ма, бұлар… Бүйте берсе…

Үн-түнсіз отырып таңғы шайды ішкен болдық. Өлі тыныштықтың өзі үрей шақырғандай. Қоршау шарбақ ішіндегі бір отар қой маңырап, азан-қазан қыла бастады. Сәлден кейін үдеп кетті. Жайылымға шығатын уақыттары өтіп кеткен. Анам жанарымен жер шұқып отыр. Сөйтіп, бір-ақ күнде қара шаңырақ қаңырап, бір отар қой маңырап, ана мен бала ай далада боранды күні адасқан жолаушыдай аңырап қала бердік.

Бір сәтте анам мінезге басты. Жаңа ғана мұң торлап отырған жанары жарқ етіп, иығын басқан ауыр ойды сілки лақтырып, атып тұрды.

– Қой, қайдағы бір келімсектің маңдайы жарылды деп атпалдай азаматты қамап қоймас. Секентай, сен азамат болдың. Үйге қара, ие бол. Маңыраған мына пәлелерді беткейге жайып келмесем, азан-қазан қылып барады.

Үйге ие болатын мен сонда алты жастамын. Келер жылы мектепке бармақпын. Менен үлкен екеуі бөлімше орталығындағы мектепте, олар да көп ұзамай келіп қалар деп отырмыз.

Әріректе Қонарбайдың қыстауы қараяды. Оның отары тау қолтығына бытырай беттеп барады. Біздің басымыздағы оқыс жайдан хабарсыз сияқты. Әйтпесе Қонарбай шал шабдарын борбайлатып әлдеқашан жетер еді.

Анам шарбақтың есігін ашқаны сол-ақ кептеле, кимелей бірін-бірі баса сыртқа лап қойды. «Бә-бә-бә» деп бақылдаған кейбір текешіктер алдыңғы екі аяқтарымен момақан қойлардың үстінен басып, орғып, жанталаса ілгері ұмтылуда. Қашанда отар алдында жүріп шөптің шүйгінін, жақпар тас қалтарыстарындағы нәрлі қылтиғанды бірінші қылғытып жеп дағдыланған.

Анам үзеңгіге аяқ салды. Торы аттың жалынан сол қолмен уыстай тарта ырғи көтеріліп барып, бойын тіктеді.

Ал жаңағы көрініс менің көз алдымнан кетер емес. Текелердің қылығы. Мал екеш мал да момынды басынады. Қой байқұстың мыңқ етпейтінін біледі теке. Сондықтан есіреді, басына секіреді. Ал адам ше… Ана бет-аузын жүн басқан, көзі көкшиген, қаңғып келген тракторшының қылығы ана бір озбыр текеден аусайшы.

Менен береке кетті. Әдетте үй іргесін жыландай орап ағатын өзендегі аққайран балықтарының судағы ойындарын тамашалап, ұзақ отырып қалатынмын. Үір-үйір болып жұлдыздай ағып келіп, қас-қағымда жалт бұрылады. Жүйтки жүзіп келген біреуі жалт етіп аспанға секіреді де, шолп етіп қайта сүңгиді.

Ал бүгін ешнәрсеге зауқым жоқ. Анадай жерде төбешік бар. Жүгіріп соған жеттім де, өрмелеп төбесіне шықтым. Қиыстау өтетін қара жолға телміріп ұз-а-ақ тұрдым. Ауданға апарар қара жол осы. Бірақ жанарымды талдыра қанша қарасам да, қара жолда қыбыр еткен жан жоқ. Біраздан кейін көз алдымда ирелеңдеген жауын құртындай «сағым құрттар» қаптап кетті. Сонда барып екі көзімді қос жұдырығыммен уқалап алып, қайта қараймын. Тырс еткен белгі жоқ. Меңіреу дүниеде меңірейіп, мең-зең болып мен тұрмын. Сәлден кейін басым айнала бастады. Селк етіп есімді жидым да үйге қарай тұра жүгірдім. Біреу күтіп тұрғандай ентіге жеткен мені өлі тыныштық күтіп тұрды. Жарты ожау қымызды ағыза-тамыза жұттым да, төбешікке қайта жүгірдім.

«Секентай, мені босатты, соттаған жоқ», – деп қара жолдың майда топырағын борп-борп басып әкем келе жатқандай. Қасқа тістері ақсиып, көздері күлімдеп, міне-міне құшағына алып, бауырына басып, маңдайымнан емірене иіскейтіндей.

Алқынып төбе басына шықтым. Өлі тыныштық. Тесіліп тұрып қараймын келіп. Бәрібір өлі тыныштық оянар емес. Қыбыр еткен белгі жоқ. Шоштаңдаған текенің сақалындай аппақ селеу майда самалмен жеңіл ырғалады. Өркештенген ала бұлттар тізбегі түйдектеле жөңкіліп, үріккен киіктердей айдалаға жүйткіп барады. Екі аяғым дірілдей бастады. Сылқ етіп отыра кеттім. Екі көзімнен жас құйыла бастады. Тоқтай алар емеспін. «Құдай-ау, бітпейтін осынау жас қайдан келіп жатыр?» – деймін таңдана.

Есеңгіреп отырмын. Сәлден кейін қисая кеттім. Төбешік басы жап-жасыл. Иісін-ай. Көктем иісі. Иіскей бергің келеді. Қос танауымды жарып барады. Ойпырай, шөптің де осындай тәтті иісі болады екен-ау. Танауымды шөпке тығып, құшырлана иіскедім-ай келіп. Шөппен бірге топырақтың да иісі келе бастады мұрныма. Топырақ иісі де ерекше. Бұрын қалай сезбегенмін. Топырақта да иіс болады екен-ау… «Туған топыраққа не жетсін!» – деп әкемнің жиі айтатыны бекер емес екен.

Селк етіп ояндым. Шақырайған күн шекемді тесіп барады. Көзімнің жасы мен маңдайдан аққан тер араласып мойныма құйылуда. Шақырайған күннен көзімді алып қашып сол бүйіріме аунап түстім. Тынымсыз шыр-шыр ете ән салып, әрі-бері қайшыласа секірген сансыз шегіртке. Шыр-шыр еткен дыбыстан құлақ тұнады. Мыңдаған шегіртке бір сәтте қосыла ән салып жатқандай.

Етектен төбе басына өрмелеген сансыз құмырсқа жанталаса бейберекет жүгіріп жүр. Неге асығып жүреді екен осы мақұлықтар? Белдері қылдырықтай, ожау бас, бөкселі осы құмырсқалардан бейнетқор жан бар ма екен, осы?! Ойпырай, мынаны қара. Өзінен он есе, жоқ, елу еседей үлкен бөренедей бір бұтаны сүйреп келеді. Өлерменін қарашы. Сүйреп келе жатқан кішкене бұтасы тасқа тіреліп қалып еді, жүгіріп екінші басына жетті. Тырбаңдай, жұлқылай жүріп босатты-ау кедергіден. Ақылдысын-ай! Әттең тілі жоқ. Мүмкін тілі де бар шығар. Бірақ біз түсінбейміз. Бірақ бір нәрсе анық. Жер бетінде құмырсқадай бейнетқор жанды мақұлық жоқ шығар. Болуы да мүмкін емес. Жосыла заулаған сансыз құмырсқалар ішінен оқтау жұтқандай селтиіп тұрған, не болмаса шалжиып жатқан біреуін көрмейсің. Ал менің жатысым мынау, еш қамсыз.

Қақ маңдай тұсымда шыр-шыр еткен, кішкене торғай. Қос қанатын безектете қағып бір нүктеде тұрып алған.

«Тұр, Секентай, әкең келді, тұр!» деп жалынғандай. Атып тұрдым. Қос көзімді уқалай сала қара жолды тесіп жіберердей тесірейе қарадым. Жүрегім тоқтап қала жаздады. «Қой, сағым шығар». Көзімді тарс жұмып, өзім үлкендерден естіген бар әулие-әмбиелерге сыйына бастадым. Сыйынып біткесін бұта түбінде бүріскен қоянды үркітіп алмайын дегендей жайлап көзімді аша бастадым. Қара жолдың үстінде, тым алыста инеліктей ирелеңдеген бір жан. Тынысым тарылып, жүрегім тоқтап қалғандай. Есім шығып үйге қарай құйындай ұштым. «Әкем, әкем келе жатыр». Киіз үйдің есігіне жеткенде ғана анамның қой жайып кеткені есіме түсті. Анам болса бейқам. Тау баурайында отарды шашырата жайып, торы атпен биікке беттеп барады. Қара жолға сол биіктен қарағысы келеді-ау.

Құйындатып қайтадан төбеге жүгірдім. Жо-о-оқ, бағанағы инеліктей ирелеңдеген жан адамға айналыпты. Жақындап-ақ қалған. Қара жолды тесіп жіберердей тағы тесілдім. Әкем. Кеуде тұсым шым ете түсті. Басын сәл салбырата, адымдай басып келеді-ақ. Бірақ шаршаған, қалжыраған адамның кейпі. Ек-үш адым аттаған сайын шайқалақтап қалады.

– Әке… әке… – Қия құздан домалаған тастай қаңғалақ қағып ұша жөнелдім. Әкем де мені көрді-ау деймін, ербең етіп екі қолы бірдей көтерілді де, маған қарай қиралаңдай ұмтылды.

«Әке… әке…» Дауысым шығар емес. Көз алдым тұманданып қоя берді. Түк көрер емеспін. Ирелеңдей қарсы ұмтылған бір сұлбаға қос қолымды жайып жанұшыра ұшып келем. Бір кезде құлдыраңдап келіп құшағына құлағаным есімде.

– Әке, әке, сені соттамай ма? – Танауым делдиіп үркектей сұраған алғашқы сұрағым осы болды.

– Жоқ, соттамайды, Секентайым. Қайдағы бір келімсекке ата-бабамның жерін, мүрдесін қорлатып қоя алмаймын. Одан да өлгенім артық.

– Әке… әке… Өлмеші. Айтпашы ондай жаман сөзді.

– Өлмеймін, Секентайым, неге өлейін. Өз жеріңді жүрегіңді тосып қорғау керек дегенім ғой.

– Әке, ауданнан жаяу келдің бе?

– Жоқ, неге жаяу келейін, – деп тістерін ақсита күліп алды. Екі аяғыма мініп келдім. Міндім де зауладым.

– Қалай жеттің? Екі ара 60 шақырым деуші едің ғой.

– Сол сөз боп па?! Сендер есіме түскенде жүрегім моторға айналып кетті емес пе!.. – Тағы ақсия күліп алды. – Ол кезде машинаңа да жеткізбес едім. Көрші совхозға кетіп бара жатқан машинаға отырып, біраз жолды еңсердім.

– Әке… Әке…

– Құлағым сенде, Секентай.

– Мен бүгін жерді иіскеп көрдім. Иісі қандай тәтті.

– Жердің иісіне жететін иіс жоқ бұл жалғанда. Ол құдіретті иіс, ол қасиетті иіс. Сондықтан да Жер-Ана дейді. Жерді Анаға теңейді. Өзің анаңның бауырына басыңды тығып жатып, рахаттана ұйықтаушы едің ғой. Бірақ адам жерді құшағына сыйдыра алмайды. Ал жер бүкіл адамзатты бауырына қысып, аймалап жатады. Сондықтан да жер аса киелі, қасиетті.

Ал адам үшін Анадан қасиетті, Анадан қадірлі жан жоқ. Сондықтан қазақтың мына жерін Анаңды қорғағандай қорғау керек.

Әкем бір-ақ күнде өзгеріп кеткендей. Бұрын мұндай әңгіме айтпаушы еді…

***

– Секентай, а, Секентай.

– Мен мұндамын, әке, – деп жанұшыра жүгіріп жетіп келдім.

– Жүр, ана бейбақтың бетін жабайық. Суыр деген пәле бар, үңірейген тесік көрсе ін қылып алады. Ана оңбаған тракторшының қорлағаны аз еді. Енді суыр-тышқанға қорлатпайық. Е-е-ей, заман-ай… Адамы айуанға айналған заман-ай… – Әкем терең күрсініп сәл тұрды да, ауыр ой иығынан басып қалғандай сылқ етіп отыра кетті. Қос ұрты суалып, екі жағы қуарып, осы екі-үш күнде шөгіп-ақ кетті. Отырып-отырып қымыз сұрады. Анам ұсынған бір тостаған қымызды бір-ақ төңкеріп, орнынан шиыршық ата көтерілді.

– Жүр, бөгелмейік. Өткен жолы ана оңбаған мүрденің бір бүйірін қопарып кетті. Шошайып, бір сүйек ағараң еткендей болды. Обал-ай!..

– Әке, ол кімнің қабірі? Кімді жерлеген ол жерге?

– Бұл қазақтың қасиетті қара жері не көрмеді, балам?! Ашаршылық жылдары демі бітіп келіп құлаған бір жан шығар. Әлде жау қолынан мерт болған бір бейбақ па?! Дұрыстап жерлей алмағанына қарағанда, өзінің де діңкесі құрыған бір бейбақтың әрекеті. Бұл – зобалаң заманның бір қанды ізіндей, ай жапанда елеусіз қалған төмпешік. Бірақ қабір екені анық. Бүгін ашылып-шашылып қалған жерін топырақпен жабайық. Бір қалт еткенде анау қойнаудан терек қиып әкеп, шарбақпен қоршаймыз. Басына белгі қояр ұрпағы емеспіз, кім екенінен де хабарсызбыз. Әйтеуір бір қазақтың жатқаны анық. Қазақтың тірісі түгілі өлгені де қараусыз қалмауы керек. Ұқтың ба, балам. Осыны ұмытпа, зердеңе тоқып ал.

Торы атқа ырғып мінді де мені тік көтеріп алды. Жарбиып әкемнің белінен құшақтап алдым.

– Мә, мынаны астыңа сал, құйрығың ойылып қалмасын, – деп көрпеше берді.

Әкемнің арқасына басымды сүйеп, тас қылып құшақтап алғанмын. Жауырын тұсынан бұрқыраған бір тәтті иіс келеді. Тұмсығымды сол тәтті иіске төсеп рахат бір күйге түскендеймін. Күн жеген, тер иісі сіңген әкемнің ескі кәстөмінің иісі қандай керемет!..

Әкемнің қабір дегені кішкене ғана төмпешік. Былайғы адам мұның астында біреудің сүйегі жатыр деп ойлай қоймайды да. Бір бүйірі үңірейіп қалыпты. Тура іргесін соқа тісі қопарып кеткен. Тура төмпешікке жеткенде опырылып қалған бүйірден жылтың етіп бір мақұлық атып шықты. Екі көзі шатынап, жанұшыра безе жөнелді.

– Ой, малғұн-ай!.. – Әкемнің тістері шықырлап қоя берді. – Малғұндар-ай!.. – Күйікті ой сүйегін кеміріп жатыр. «Малғұн кім, малғұндар кім?» деп басын ашып сұрауға бата алмадым.

Әкем екеуміз қабірдің опырылып қалған бүйрін топырақпен, өзектен ойған шыммен, қалақ тастармен жақсылап бітедік. Әкем де мен де әбден титықтадық. Бірақ жанын жеп маза бермеген «сауапты істі» бітіргеніне риза сияқты, жүзіне қан жүгірді.

Отызыншы жылдардағы ашаршылықта ақ сөңке болып қалған даланың қасіретін оқта-текте ғана есіне алатын. Әкем ұйыса қылтиған көде үстіне құйрық басты. Мен де отыра кеттім. Төңіректің тыныштығын шықылықтаған торғайлар мен шегірткелердің шырылы ғана бұзып тұр. Әкем үнсіз, суланған жанарын көкжиекке қадап ауыр ой үстінде отыр.

Мұңайған таулар, жүдеу аспан. Лекілдей есіп тұрған самал жел де бір сәт тына қалып, әкемнің жүзін аянышпен аймалайтындай.

***

Еркіңе бағынбайтын, зырылдап өткен жылдар-ай!.. Орта мектепті жақсы бітірдім. Арман шіркін ақша бұлттай қалықтайды. Басқа емес арман қала Алматыда жүрмін. Көп ұзамай университет студенті болып шыға келдім. Қуанышпен, сағынышпен елпілдеп ауылға да жеттім. Сағынышымды басқан сол күндердің бірінде есік алдындағы ұзынша орындықта әкем екеуміз ұзағырақ отырып қалдық. Талай әңгіменің басы қайырылды. Әлден уақытта осыдан біраз жыл бұрын болған сол бір жайсыз оқиғаны есімізге алдық. Сап етіп неге түсті есімізге? Неге?..

 – Секентай, ақыл тоқтатып, өмірге ойлы көзбен қарайтын жасқа келдің, – деді әкем біраз үнсіздіктен кейін. – Мынаны санаңа құйып ал. Көңілсіз құлақ – ойға олақ. Туған жер – Алтын бесік. Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес. Шыр етіп дүниеге келген сәбиді әлдилейтін ананың алақаны мен бесігі. Жер де бесік сияқты, адамзатты бес күндік жалғанда бауырына алып тербетеді. Сондықтан сол бесікті орынсыз мазаламау, жүрегін жараламау керек. Жердің де жүрегі бар, жаны бар. Күтілмеген, бапталмаған жер де тозады, ауырады. Адам фәни жалғаннан өткенде, «жер бесігіне бөледік», «жер бесікке жөнелттік» деп жатады. Осы сөзде терең, мағыналы ой жатыр.

Әкем суланған жанарын көкжиекке қадап біраз үнсіз отыр. Мен бар ынтаммен құлақ түрудемін. Мені бала күндегідей әлі Секентай дейтіні есіме түсіп, езу тарттым. Ерекше жақсы көріп, үлкен үміт артқандығы болар. Сәлден кейін ойын жалғады.

– Секентай, сен зерексің, мектепке бармай жатып әріп танығаныңмен қоймай, заулатып оқи бастадың.  Ақылдысың. Мына қасиетті қазақ жерінің бір түйір тасы мен қисайған қурайын қорғап қан төкті ата-бабамыз. Шыр етіп дүние есігін ашқан перзент ұлтын, елін таңдай алмайды. Мынандай жұмақ жерде қазақ болып туғаныңды мақтан тұт. Мақтан тұтып қана қойма, қорға, елің үшін жаныңды салып тер төк. Қайыршы бір елде, тексіз ұл болып тусаң қайтер едің?! Қазақтың бір сүйем жері мына саған, мына маған аманат. Жеріңді қорға, сол жердің үстінде ұрпағын өсіріп жатқан берекелі еліңді қорға. Еліңнің көзіне сүйел болып түспе, сүйеу болып түс. Қаңғыбасқа таптатсын деп, мүрдені қопарып қорласын деп тастап кеткен жоқ бұл жерді. Оспадар қаңғыбас пен есерсоқ келімсектің сасық кеудесін кейде осылай, маңдайдан ұрып басу да керек. Өйтпесең, басынып, кір-кір аяғымен тапырақтап төріңе шығады. Төріңді былғаған сол оңбаған үндемесең, төбеңе шығады. Мен асты-үсті қазынаға толы бай елденмін деп күпінбе. Қорға сол тәңір сыйлаған байлықты. Ата-бабаңның сүйегін таптатпа. Сүйегін таптатқаның – рухыңды таптатқаның. Ұлтыңның рухын таптатқаның. Рухын таптатқанша, өліп кет сол жерде, сол жолда. Рухы тапталған халық ел болудан қалады. – Дауысы да тарғылданып, қаттырақ шығып кетті. Жанарына жас тығылды. Маған білдірмейін дегендей теріс айналды.

Мен әкемді танымай отырмын, таңырқап отырмын… Осынша күйзеліп, жаны күйе сөйлегенін бұрын көрген емеспін. Мына күйіне айтқан сөздері жүрегімді астаң-кестең етті. Өзінің замандас шалдарына мұңын шағып, іштегі запыранын ақтарып отырғандай.

«Оқи алмай қалдым ғой, тар заманда, сендерге де қарайладым», –  деп отыратын әкем кей-кейде мұң шаққандай. «Сенің әкеңнің атын Ақылбай деп қалай тауып қойған, өте зерделі, ақылды адам ғой, оқығанда бар ғой, керемет ғалым немесе ел билігін ұстаған үлкен басшы болар еді», – дегені бар бірде Дүкен қарияның.

«Ана директормын деп ши қалпақтарын шекесіне киіп, қолдарын шошаңдатып жүргендердің талайы әкеңнің қолына су да құя алмайды», –  деген ауыл қарияларының әңгімелерін де құлағы шалған. «Бұл ақсақалдың үйіндегі газет-жорналы алдындағы қойынан көп», – деп әзілдейтін. құрдастары.

Шырмауық ой енді мені шыңырауға тартып барады. Ойпырай, жаңа әкем айтқан сөздердің салмағы қандай ауыр еді… Әкем бүгін замандасымен сырласқандай, жақынымен мұңдасқандай. Ерте бастан құлағына құя берейін, есті баланың көкірегіне қорғасындай шөге берсін дей ме екен…

Шегелей айтқан сөздері көкірегіме байланды. Сол бір тракторшының маңдайы жарылғаннан бері алпыс жылдан астам уақыт өтті. Бірақ сол оқиға есіме түссе, төбе құйқам шымырлайды. Бәрі бүгінгідей көз алдымда. Өйткені, сол оқиға кішкентай ғана жүрегіме айықпас жара салған еді.                                                             

ПІКІРЛЕР1
Аноним 17.10.2021 | 13:59

Қара мақала ғой мынау

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір