Мұрат Әуезов. Роллан Сейсенбаев шығармашылығы хақында
«Ешқайда бастамайтын баспалдақ», «Түнгі дауыстар», «Өмір сүргің келсе», «Шайтанның тағы», «Құм кезген өліктер» романдарының, көптеген хикаяттар мен әңгімелердің, театр сахналарында спектакльдері жүріп жатқан бірқанша пьесалардың авторы Роллан Сейсенбаев қазіргі қазақ әдеби үдерісінде маңдайалды орындардың біріне ие. Ол өзінің ана тілінде де, орыс тілінде де бірдей еркін көсіледі және ұлттық ортаны білуін басқа рухани әлемдердің құндылықтарын қабылдауға қабілеттілігімен ұштастырады. Оның шығармаларының оқырмандарына солардан көркем прозаның ең жаңа ізденістеріне тән қасиет, сипаттарды сезіну қиын емес. Сонымен қатар жазушының шығармашылық мәнері мен жалпы эстетикалық концепциясының төл қолтаңбасы, өзіндік өзгешелігі айдан анық. Әдебиеттегі алғашқы қадамдарынан бастап-ақ Р.Сейсенбаев көбіне қазақ прозашылары үйір келетін көп сөзді баяндаушылықтан аулақ. Оның көркемдік-бейнелеу құралдары елеулі түрде жаңғыртылған. Р.Сейсенбаев сөзі ақиқат табалдырығында мең-зең адасып жүрмейді, қайта соған екпіндей кіріп, құбылысты қапысыз аңғарып, қаз-қалпында, асқан дәлдікпен бейнелейді. Осыған байланысты жазушының табиғи дарынының белгілі бір қасиеті туралы ғана емес, өзі мұқият ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырып жатқан, сөзді өз мақсатымен сәйкестікке келтіретін шығармашылық бағдарламасы туралы да айтуға болады.
Р.Сейсенбаев шығармаларындағы тақырып ауқымы кең, әлеуметтік типтер, әр алуан мінездер қисапсыз көп. Оның кейіпкерлері қалаларда, кенттерде, ауылдарда, шопандар мен бақташы-жылқышылардың шалғай әлемдерінде – Қазақстанның бүкіл ұлан-байтақ кеңістігінде өмір сүреді. Олардың күнделікті тыныс-тіршілігінде бастауын өткеннен алатын уақиғалар болып жатады. Бірақ жазушы өткен заманмен осынау дидарласуларды ешқашан аңсау түсімен боямайды. Олар оған жадты жаңғыртуға, қазіргіні бөлшектеп-бөлектеп түсінуден құтылуға септігін тигізерлік шамада ғана қажет.
Сейсенбаев қаһармандарының өзіндік сезінуіне тарихи оптимизм түйсігі тән. Олар өмірді жатсынып өгейсімейді, ондағы болып жатқандардың бәрі олардың өздеріне, олардың қарым-қабілетпен, жөн-жосығын тауып қатысуына байланысты. Өзінің жаңа тарихи шындығын тапқан халық хақында әңгімелей отырып, жазушы заңды түрде реалистік баяндаудың уақыт сынынан өткен әдіс-құралдарымен қаруланады.
Кең тараған мифтік-шығармашылықпен әуестену орайында ол сабырлық сақтады, мақсатқа қарай нақты жылжуды жаңа жай-күйлер туындату елесімен алмастыратын мифтің шама-шарқының шектеулілігін түсінді. Оның әңгімелері мен хикаяттары кемел де келісті аяқтала тұра, олардан романдық баяндаудың түрлік сапаларына деген ішкі бейімділік, туыстық шырай айқын сезіледі.
Қарым-қатынастардың, құбылыстардың, заттардың әлемі эпикалық объективтілікке, дауыстардың көп үнділігіне тартылады. Әңгімелер мен хикаяттарда өзіне тиесілі рөлді дәлме-дәл орындайтын, бірақ ірі эпикалық формалар жүйесіндегі өзінің қабілетсіздігіне күмән қалдырмайтын эпизодтық кейіпкерлер аз емес.
Эстетикалық бағдарламасынан әсте айнымайтын қаламгер өзінің азаматтық ұстанымын айғақтауда сондай белсенді әрі мақсатқа жетпей тынбайды.
Серпінді өзгерістер жағдайында оған конформизм, әрекетсіздік, халық игілігі мен мәдениеті үшін не керектігі жөніндегі, шын мәнінде, мылжың, дәрменсіз, қысыр пайымдар мүлдем керек емес.
Этностық өзін-өзі сынаудың ұлы Абайдан бері келе жатқан дәстүрін жалғастыра отырып, Сейсенбаев оны халықтың озық рухани дәстүрлеріне нигилистік қатынасты шымбайға батыра айыптаумен ұштастырады.
Жазушының дүниетанымына, өмірлік көзқарастарына табиғи түрде гуманизм, шынайы интернационализм тән. Оның шығармаларында әр алуан ұлттардың адамдары толыққанды, этномәдени ерекшеліктері соншалық анық та қанық көрсетілген. Сонымен бірге халықтар туысқандығының барынша құндылығына деген автордың сенімі де кәміл.
Осы ретте «Намыстың» орыны ерекше. XVIII ғасырдың басында тілі мен діні әртүрлі, бірақ шаруашылық жүргізу типі бірыңғай (көшпелі) және өмір салттары ұқсас көршілес халықтардың, қазақтар мен жоңғарлардың арасында бірі толық қырылып бітпейінше тоқтамайтын, өліспей беріспес қырғын соғыс басталды. Жоңғарлар тарих сахнасынан ығыстырылды, бірақ қазақтардың күнделікті санасында жаудың бейнесі ретінде қалып қойды. Оларға деген сондай қатынастың екпіні аса өміршең болып шықты. Бұл жағдай тарихи жанрдағы жаңа қазақ әдебиетінде де тұрақты сипат алды.
«Намыста» Сейсенбаев сомдаған тұтқын жоңғарлардың – ажал құштыруды тілеп елірген қазақ сарбаздары арасында тайсалмай, ар-намыстарын сақтаған ғажап биші ару мен тамаша күйші жігіттің тосын бейнелері ғасырлар бойғы таптаурын қағиданы тас-талқан еткен соққы болды.
Оның сөзі шырқыраған жан, күре тамырда бүлкілдеген қан сияқты саулайды – нағыз Сөз сондай болуы тиіс. Роллан Сейсенбаев рухани самғаудың сақилығын танытып, өзін аямаудың, шыңғырған шындықты айтудың қандай болатынын көрсетті.
Олар бізде көп пе?
Әлем қаншама рет алмағайып сілкіністердің жарқабағында қалтылдап, әр жолы сөз туған. Сол кезде Сөз буырқанып-бұрсанып, рухты жігерлендіріп асқақтатты. Жазушы Роллан Сейсенбаев жасаған образдар біздің бәрімізді өзімізден жоғары болуға шақырады. Гуманизмнің, халықтық рухтың, реализмнің, озық ойлы философиялық һәм дүниетанымдық бағдардың терең тамырлы байланыстары осыған үндейді.
Осынау өзара байланыстың ақиқаттығын айғақтаушы Роллан Сейсенбаевтың шығармашылығы қазіргі қазақ әдебиетінің дамуындағы ең кемел үрдістердің бірін толық өкілеттілікпен алға тартады.
ПІКІРЛЕР4