Сағыныш Намазшамова. Жалғыз шумақ – жалқы мұң
11.10.2021
1585
1

***

Түн сұлу ғой, сұлу, ә?

Жұпар демін жұтамын кеп құныға.

Қараңғы деп кім айтты оны,

Сезінсең

Тұла бойы тұнған шексіз шұғыла.

Ал көңілім — шұғылаға шүпілдеп

Толып тұрған мөлдір шыны құмыра.

***

Түн баласы көре алмайсың қызыл менен жасылды.

Оның бәрі қараңғының құшағына басулы.

Осылайша үйретеді ол көз арбауға көнбеуді,

Қарапайым қалпыңменен өзіңді өзің емдеуді.

***

Гүлдің нәзік күлтесіне қонған Ай

алақанға тамған нұрдай балқиды.

Ауырлық жоқ.

Ой біткен сәулеменен қалқиды.

***

Неге, Күн, батарыңда қызарасың?
Бойыңда, бәлкім сенің ыза басым.
Таңертең күліп көкке шығып ең ғой,
Кеште де күліп құла құлағасын.

***

Жауынның демінен музыка төгіліп,

Бір әуен қанатын қағады.

Мәңгілік ағысқа беріліп,

Тамшылар ағады.

***

Бұлттар жөңкіліп барады кезбе,

Бағытыңды айтып кет, айнам,

Сарылып сағынған кезде

Мен сені табамын қайдан?

***

Қол бұлға да Жер дейтұғын алыпқа,

Жеңіл ғана көтеріліп қалықта.

Өкпе-наз бен өкінішті қалдырсаң,

Айналарсың аппақ ұлпа мамыққа.

***

Әр шамның ішінде — бір алау,

Әр жүрек ішінде — бір өмір.

Махаббат — ештеңе сұрамау,

Жай ғана үн-түнсіз сүйе біл.

***

Түн де күлімдейді,

Бірақ ол кез келгенге білінбейді,

Оны сезіндің-ақ,

Таңға көзің ілінбейді.

***

Ызың-ызың,

Маса кірген үй ішінің ызыңы қысқа,

Маза кіріген ми ішінің ызыңы ұзын.

Ызың-ызың…

***

Сен келдің бе, жарық түн!

Сен келдің де сырқатымнан сауықтым.

Құса біткен құс боп ұшты кеудемнен,

Оған кеше жүрегімнен жем бергем.

Кетті ол бүгін пыр-пырлап,

Енді отырмын күліп қана жыр тыңдап.

***

Түн сайын тереземе нұр сіңеді,

Қараңғылық аулақта іркіледі.

Түнекті одан сайын қуайын деп,

Далада бала шулап, ит үреді.

Қараңғыны осылай үркітпесе,

Қиық Айдың тумауы мүмкін еді.

***

Түн де түтін секілді

Жер үстіне қонып жатыр қарайып.

Ал таң қандай ғажайып!

Ол түтіннен тазарудың керектігін түсініп,

Жеңіл үрлеп, жібереді ұшырып.

***

Түнгі Алматы.

Басылмайды сапырылыс.

Шумен бірге шашылмасын,

Тыныштықты жаныңыздың

                          түкпіріне жасырыңыз.

 

***

Жұлдыздар билейді тербетіп көк теңіз,

Әне тұр әуеде біз сапар шеккен із.

Айтпақшы,

ұйықтауды ұмытып кетпеңіз.

***

Сарала күз,

Сіз маған бөтен көзбен қарамаңыз.

Екеуміз де бір байтақ даладамыз,

Екеуміз де бір күрең жағадамыз.

Ескірмес естелік боп қалар ертең

Ауаға екеумізден тараған із.

***

Адам неге екіге бөлінеді?

Сол бөлініс өзін де кеміреді.

Адам қалай бір шешім таба алмайды?

Жол көрсетіп неге таң ағармайды?

Кешегідей адасса тағы-тағы

Осы жолы күл-талқан шағылады.

***

Терезенің жанары бар, жанары,

Қарашыққа сыйғызатын қаланы.

Түннің кейпі төрт бұрышты пішінде.

Ай, жұлдыз да тереземнің ішінде.

Түн, бірақ дөп-дөңгелек түсімде.

***

Сары күз, аязды қыс солмай әлі

тұратын шырша еді ғой сол баяғы,

Алайда бір мейірім жетпегенде

Оның да жапырағы сарғаяды.

***

Күн батарда көлеңкем жүгіреді Шығысқа,

Ал сен оған ұрыспа!

Иә болмаса күлме енді!

Ұнатады ол кері қарай жүргенді.

***

Тауым бар менің, көңілі ұлан-асыр,

Түні бойы шыңырауға арқан тастап,

Ала таңда иығына Күн көтеріп шығаратын.

Тауым бар менің…

***

Түн.Темір жол. Пойыз тарсылы.

Шағын стансаның жүдеу жан сыры.

Терезеден жылы күліп

қол бұлғадым жай ғана.

***

Асылзадам,

Біздің сезім әлі де ашылмаған

жұмбақ арал тәрізді жұмыр жерде

топырағы табанға басылмаған.

Тым болмаса бір арал ашылмасын

Жайнап тұруы үшін де жасыл ғалам!

***

Ай астында сырласайық, қанаттым!

Аймаласып отырғанда таң атсын.

Сен куә бол, бұтақтар.

***

Басына жұлдыз қонған бағаналар,

Бағыт сілтеп тұрғандай маған олар.

(Ол — бейне бір аспаннан тамған арай).

Жарығымен жылжиын алға қарай

Соңғы шырақ сөнгенше таңға қарай.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.10.2021 | 15:08

👏🏼👏🏼💐

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір