«…ҚАЛПАҚПЕН ҚАҒЫП АЛА САЛАТЫН ОҢАЙ ӘДЕБИЕТ БОЛҒАНЫ МА?»
11.10.2021
596
0

Үстіміздегі жылдың 6 қазан күні Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы жанындағы Балалар әдебиеті кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Б.Қошым-Ноғай, Б.Үсенбаев, Д.Мамырбаева, Қ.Қайым, С.Қамшыгер және т.б. кеңес мүшелері қатысты. Отырысты  осы кеңестің төрағасы Нұрдәулет Ақыш жүргізіп отырды.

– Бүгінгі басқосу ел тәуелсіздігінің отыз жылдық мерейтойына арналмақ. Алдымен әңгімеміз осы төңіректе өрбісе қисынды. Кеңестің екі отырысы арасында атқарылған жұмыстарыңыз жөнінде есеп беріңіздер, – деп сөз бастады Нұрдәулет Ақышұлы.  Кеңес мүшелерінің  ұсынысы бойынша ең алдымен төрағаның өзінің қандай жұмыстар  атқарғаны тыңдалды. 

Екі отырыс аралығында Н.Ақыш тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына және балалар кітабын оқу жылына байланысты «Вечерняя Алматы», «Жетісу» газеттері мен бір-екі ғылыми журналға мақалалар жариялапты. КР Мәдениет министрлігі мен Ұлттық академиялық кітапхана өкілдері  Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының, Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин мұражайының, Н.Байғанин атындағы Ақтөбе облыстық кітапханасының онлайн форматындағы конференцияларына қатысып, баяндамалар жасаған. Талдықорған қаласында өткен «Жетісу балалар антологиясының» тұсаукесер рәсіміне, Қаскелең қаласындағы С.Керімбеков атындағы орта мектепте ұйымдастырылған іс-шараға қатысқан.

Өзге де кеңес мүшелері өздері ат салысқан жұмыстары туралы мәліметтер бере келіп, тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай жазған көркем туындылары турасында шығармашылық мәселелерге тоқталды.

– Күн тәртібінде қордаланып қалған өзекті мәселелер аз емес, – деді төраға  кеңес жұмысын одан әрі жүргізу барысында. – Бұған дейін атқарылып келе жатқан іс-шаралар қалған азғана уақытта қалай жалғасын таппақ? Осынау мерейлі мерекемізді қалайша қорытындылай аламыз? Мүмкіндігінше еркін пікір алысу болсын. Ойларыңызда жүрген ділгір әңгімелеріңізді  қаймықпай ортаға салыңыздар.

Бірінші болып сөз алған Қ.Қайым осы отыз жылдық мерейтойды қорытындылау барысында балалар әдебиетіне арнап арнайы конференция өткізу қажеттілігіне тоқталды.

– Көптеген мәселелердің беті осындай  алқалы жиында ашылуы тиіс, –  деді ол. – Балалар әдебиеті кітабын оқуды қолдау жылы барысында жарық көрген кітаптар туралы сөз болса. Сонымен бірге жарық көрмей қалған қолжазбаларды сараптап, кітап етіп ұсыну тетіктерін қарастырған жөн. Балалар әдебиеті біреулер ойлағандай екінші кезекке ысырып тастайтындай тоқалдан туған жоқ. Ол – әдебиеттің жетекші саласы. Бұл жөнінде ұлы адамдардың әр кезеңде дәйек сөз ретінде айтылып келе жатқан пікірлерін неге ескермейміз?

Сондықтан жаңадан жазылған тәуір дүниелерді тек мерзімді балалар басылымдарына жариялаумен шектеліп қалмау керек. Балалар тақырыбына қатысты өлеңдер мен әңгімелерді көркем әдебиетке арналған «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» сияқты беделді газет-журнал беттерінде неге жариялап тұрмасқа? Ол үшін арнайы бір айдар ашып қойып, нөмір аралатып беріп тұрса, балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің бағдарымен ересек оқырмандарымызбен бірге басқа да қаламгерлер, әдебиет сыншылары танысып отырар еді. Сөйтіп олар өз бағаларын беріп, тиісінше ақыл-кеңестерін айтып отырса, қандай ғанибет?

Д.Мамырбаева балалар жазушыларының көбінесе елене бермейтіндігіне, олардың Президент стипендиясына да, Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылмайтындығына ерекше акцент беріп сөйледі.

– Бұның өзі балалар әдебиетін әлі күнге екінші сұрыпты әдебиет деп санаудың нышаны емес деп қалай айта аламыз? –  деді жазушы  сөзінің соңында.

Көтеріліп жатқан тақырыпқа орай балалар ақындары Б.Үсенбаев пен С.Қамшыгер де өз үндерін қосты.

– Биылғы жылдың балалар кітаптарын оқуды қолдау жылы болып жариялдануына орай, – деді олар, – әдебиеттің осы саласына қалам тартатындардың қатары күрт көбейіп кетті. Бірер ертегі немесе бірер әңгіме жаза салып, «Мен балалар қаламгерімін», – деп кеуде қағушылардың молая бастағанын немен түсіндіреміз? Сонда атам заманнан қасиетті сала болып табылатын балалар әдебиеті қалпақпен қағып ала салуға болатын оңай әдебиет болғаны ма? Олай деп ойлайтын әріптестеріміз болса, олар қатты қателеседі.

Балалар әдебиеті – күрделі әдебиет. Оның тілі көркем әрі қарапайым, өлеңдері жеңіл әрі жаттап алуға оңай болсын. Эпикалық шығармаларының оқиғалары мен эпизодтары, бейнеленетін образдары қызықты болып жазылуы керектігін көпшілігіміз білеміз.

Бәзбір адамдар көркем өнер, соның ішінде сөз өнері идеологияға бағынбауы тиіс деп санайды. Ондай жағдайда көп уақыттан бері ұрпақ тәрбиесіне қатысты зарлап айтып келе жатқан ұлттық рух, ұлт болашағына қатысты келелі де ыждаһатты тұжырымдар қайда қалмақ?  Ұлттық идеология ең алдымен осы балалар тақырыбына арналған шығармалардың бойынан табылуы тиіс.

Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жыл ішінде жеткен жетістіктері мен табыстары, жекелеген әлеуметтік проблемалары балалар әдебиетінде де көрініс тауып жатса, несі мін?  «Жаһандану үрдісі белең алып отырған заманда ұрпағымызды қалай тәрбиелейміз, олардың бойына ата-бабамыздың асыл қасиеттерін сіңіре аламыз ба, қазақилықты сақтап қалу жолдары қандай?»  деген мәселелер көкейімізге оралған кезде түн ұйқыларын төрт бөлетін адамадар – осы балалар әдебиетінің үлкенді кішілі өкілдері.

– Міне, осы жағдайдың бәрін талқылап ортаға салу керектігі жайлы мәселе  пісіп-жетіліп тұр. Сондақтан жоғарыдағы  мемлекеттік қызметтегі лауазымды адамдарды қатыстыра отырып, талқылайтын уақыт баяғыда жеткен. Ендеше алдағы жоспарлап отырған конференцияны Президент Әкімшілігінен бастап Білім және ғылым, Мәдениет және спорт, Ақпарат минстрліктерінің жауапты тұлғаларын қатыстыра отырып, өткізсе – нұр үстіне нұр болар еді, – деп аяқтады Кеңес төрағасы өзінің қорытынды сөзін.

Басқосудың арнайы хаттамасы толтырылып, қалыптасқан үрдіс бойынша Қазақстан Жазушылар одағының хатшылығына  тапсырылатын болды.

Дана БЕКБОСЫН

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір