Қазақтың келiнi келімді болғаны жөн
07.05.2024
219
0

 Жуырда, 8 наурызда шыққан №9 «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қазақтың келіні қандай болуы керек?» деген тақырып­пен мақала жарияланды. Оқып шықтым. «Қазақ әдебиеті» газетінің бұл тақырыпты көтеруі әбден орынды. Қазақ халқы үшін көкейтесті мәселе деп ойлаймын. Мақалада автор түрлі өмір белестерінде күн кешкен тарихи тұлғалар: ардақты аналар мен әжелердің, абыройлы ару келіндердің үлгілі жолы, тапқырлығы, елі үшін, ері үшін жасаған елеулі еңбектері мен ел аузынан түспегелі сан ғасырлар өтсе де ұмытылмай, халықтың жадында жат­талып қалғанын айқындаған. «Қазақтың келіндері қандай болуы керек?» тақырыбында мен де өз хал-қадірімше үн қосып, азды-көпті ойымды ортаға салғым келеді.
Қазақтың келіні келімді болуы керек! Жазмыштың, жаратылыстың заңдылығы бойынша өмірде қарапайым отбасының һәм би, төре, ханның жан дегенде жалғыз қызы болса да жат жұртқа ұзатылып, «келін» атанып, сол әулет­тің адамы болып кететіні мәлім. Әуел бастан келін алғаш ат­тағалы отырған «алтын босағаны» өзі сүйіп табысқан жарымен бірге ақ ниет, адал көңілмен оң аяғымен ат­тауы ләзім. Әз әжелердің:
– Қарақтарым, бақыт­ты болыңдар!
– Қосағыңмен қоса ағар!
– Алғаш ат­таған ақ босағаң құт­ты болсын! – деп, шашуын шашып тілеген тілектері қабыл болсын!
Ата-ана жиған-тергенін шашып, халықты жиып, дүрілдетіп той өткізеді. Келін келген күннен бастап жаңа ортаны жатсынбай, өзімсініп айнала ағайын-туыс адамдармен танысып, тіл табысып, өзін сол әулет­тің бір мүшесі екенін сезініп, ізгілік-ілтипатымен сыйысып кетуге ұмтылары абзал. Мұнда келін ең алдымен өзі сүйген жарының ата-анасын – құдырет­ті де құрмет­ті ата-енесін сыйлауы керек. Өйткені өзі сүйіп қосылған жары – сол атаның құты, ананың қанынан жаралған, ақ сүтінен нәр алған ғажайып құбылыс. Келген күннен бастап ата-енесіне бәр шәугім шайын қайнатып, дәмдеп сарымай, қаймағын алдына қойып шай құйылған шыныны оң қолымен ұстап, сол қолымен демеп ата-анесіне ұсынса келіннің көргенді, ибалы, ілтипат­ты, тәрбиелі жан екені сезіліп тұрады. Негізінде келіннің келімді, келген әулетінің үлкенін сыйлап, кішісіне мейірімді болуы туған ата-анасының тәліміне, отбасында алған тәрбиесіне байланысты.
Қазақ: «Анасына қарап, қызын ал, Аяғына қарап, асын іш» дейді. Халқымыз «әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деу арқылы жас келіннің кең пейілді, кешірімді, кемел болуы отбасы құндылығынан құнар алатынын тәмсіл еткен. «Жас шыбықты қалай исең, солай өседі. Баланы жасынан тәрбиеле» дейтіні де содан. Отбасында әкенің орны ерекше. Көреген ана әр балаға: «Әкең келе жатыр, ана жатқан артық-ауыс зат­ты жи, әкеңнің шайын қайнатып, тамағын әзірлейік. Әкең келгенде орындарыңнан ұшып тұрып, киімін шешіп іліп, астына сырмағын салып, күтіп алыңдар. Өзіңнен бір жас үлкен ағаңа ат қой. Орын беріп, жоғары отырғызып, құрмет­те», – деп отырады. Үнемі ескертпеден балалар, қыздар әкесін, ағасын ерекше сыйлап дағдыланады. «Құс ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» деген рас. Үйінде ата-анасын, ағасын сыйлап өскен қыз барған жерінде ата-енені, ауылдың жасы үлкендерін, күйеуін, қайын аға, қайын, қайын сіңлі, абысындарын сыйлап, сыйымды болады.
«Сыйлай білсең, сыйысасың іні боп,
Кінәләсаң әкеңнің де міні көп», – деп, көрнекті ақын Имашхан Байбатырұлы айт­қандай, «сыйға – сый, сыраға – бал» деп ілтипат­ты иіліп тұрған келінді келген жаңа жұрты да құрмет­теп, еркелетіп, күтіп, ал ұйытқысы ене мен келіннің бірлігінен бастау алады. Қазақ қызын арға, ұлын нарға балаған, ізет­тілігін келіннен, татулығын абысыннан тапқан. «Жақсы әйел – теңі жоқ жолдас, күмәнсіз сырлас», «жақсы әйел – ер жолдасы, ел анасы» дегендей келімді келіндер жан-жағының жанын жадыратып, маңайына шуақ шашады. Қаракемпір, Қызай, Мұрын, Ошақты, Ысты, Абақ, Тасбике, т.б. жаны жайсаң аналардың есімімен ру ат­тары аталған. Міне, осындай қасиет­ті аналар, келіндеріміздің жалғасы қазір де ел арасынан үзілмеген.
Алайда бүгінгі отбасының тәрбиесінде қазақы салт-дәстүріміз ысырылып, кейбір өзінің ой-өрісі таяз аналар қызға бір жақты ғана тәрбие беріп, ата салт, ана ғұрпын жоюға жол беріп отыр. Олардың тәрбиесінің бүгінгі бағыты, бағдарламасы мүлде бөлек. Анасы балаға, қызға: «Сабағыңды жақсы оқып, дипломыңды ал. Басқаға алаңдама, бұрылмай-ақ қой. Өзім жасаймын. Қалтаңда дипломың тұрса, ешкімге бас имейсің, тәуелді болмайсың», – деп бір жақты ғана ақыл-кеңес береді. Онсыз да жаһандану заманының жанды тәрбиесі – көгілдір экран, қолындағы телефондағы қазақ менталитетіне келмейтін басқаның ыржақай-тыржақай, әдепсіз-әуейі көрінісіне көңілі ауып, асығып отырғандар ас ішкен ыдысын ары қарай ысыра салып, телефоннан көз алмастан тұрып бара жатады. Қыздардың оқу оқып, дәйекті білім алуына, болашақ ұрпақ тәрбиелейтін ананың жан-жақты білімді болуына мен де қуанамын, қарсы емеспін. Келін, қыздарымның бәрі жоғары білім алған қазақы аналық міндет­терін де атқарып отыр.
Мен салт-дәстүрімізге лайықты тәрбие берілмегеніне қынжыламын. Қыз ойлаған, сүйген жігітіне күйеуге шығуға келісті. Екі жақтың ата-анасы тәт­ті шай ішіп, алыс-берісті, кәде-кәпсекті кеңесті. Қыздың шешесі әу бастан-ақ:
– Қызым жоғары білім алды, қызыл дипломмен бітірген. Сіздер әкелетін қаржының жайын айтсам, өзіме бриллиант сырға, жүзік, білезік, комплектісімен, ағайынның әйелдеріне он шақты алтын жүзіктер, пәлен үйге киіт­тер, жағалы, бағалы киімдер… Айтпақшы, ақша да қомақты болсын. Менің қызым анау-мынау арзан қыз емес, мен оны босқа оқытып­пын ба?! – деп бірден салмақ салады. Жігіт­тің ата-анасы жалғыз ұлдан несін аясын. Қысырақтың үйірін айдап беретін бұрынғы малды, жылқылы заман емес, барынша тырбанып, банктен қарыз ақша алып, құдағидың талабын орындайды. Жігіт жағының кәрі әжесі: «Япыр-ай, қыздың оқу жолына шыққан шығынды өтетіп алатын қарызы үшін емес, ата-аналық парызы үшін оқытар еді», – дегісі келсе де, әліптің артын бағып үндемейді. Қыз бен жігіт үйленіп, ұланасыр той өтеді. Той өте салысымен қыздың шешесі телефонда:
– Қызым, жағдайың қалай? Андағы шал мен кемпірге шай қайнатып, тамақ дайындап шаршап жүрсің бе? Олар өзі – үлкен-үлкен әулет қой. Ертелі-кеш шұбырып, шай-суын ішіп, мазаңды алып, тыныштық бермейтін шығар. Оған қашанғы төзесің? Ана жігітіңе айт, бөлек шығамыз де. Көнбесе, олардың мылжыңына сен де көнбе. Тіпті болмаса, үйге кетіп қал. Ішіме сыйған аяулы қызым, сыртыма да сыясың, – дейді. Анасы қызына «барған жеріңде адамдардың қыбын тауып, сыйласа біл. Ат­таған алтын босағаң сенің мәңгілік тұрағың, сол орынға «тастай батып, судай сің» деудің орнына, осылай кері бағдар береді. «Өзі де шығайын деп тұрған көз еді» дегендей, от жақпай-ақ тоққа жалғап, 2-3 уақ шай қайнатып, енесінің көмегімен тамақ әзірлегенді ауырсынып, бостыққа үйренген қу басы әрең шыдап жүрген қызды бұл сөз қопаңдатып, қобалжытып, көңіліне қозғау салып қояды.
«Келін біткен – кейкең» деп жалпақ жұртқа жала жабудан аулақпын. Оқуын оқып, білімін алып, өзіне тиесілі жұмысын атқарып, ата-енесін күтіп, ағайын-туыспен сыйласып, 6-7 баласын өмірге әкеліп, «Алтын алқалы ана» атанып отырған қазақы діңі мықты, салт-дәстүрін сақтаған, өзін-өзі таныған келіндер көптеп кез­деседі. Ат тергеуде де атасының, қайын ағаларының атына ұқсас келетін сөздердің баламасын тауып сөйлейтіндер баршылық. Ата-бабасының есімімен аталған «Сүйіншіәлі» ауылының келіндері «сүйіншіні» – «жүрекжарды», «Ботақара» ауылының келіндері «ботаны» – «түйе баласы», «қараны» – «боран» деп тергейді. Ат тергегенде замана ағымының айтарлықтай әсер еткені айқын. Кеңес одағы тұсында келіннің өз ата-тегінің орнына күйеуінің атасының атына көшіп, ұл – Тағаров, келіні – Тағарова атанып, келін өзгелерге ұқсап күйеуін атасының атымен атап шақыратын күйге жеткені жасырын емес. Бұл індет­тен айығуымыз қажет.
Қонақ күтуде қазақ халқы конақжайлықтан алдына жан салмайтыны белгілі. Бір үйде сойылған қойдың екі жамбас, екі асық жілігін, 12 тал сүбе қабырғасын, 6 тал белдеме омыртқасын, төс-төстігін жекелеп, бөлек алып қойған анасынан қызы:
– Апа, аналарды неге бөлшектеп қойдыңыз, – деп сұрағанда, анасы:
– «Қонақ келсе – тоқты жер, ырысыңды боқты жер» деген бұйрық райлы аталы сөз бар. Қонақ жеті қараңғы түнде келсе де арнаулы қой сойып күткен. Құдайы қонақ келіп қалғанда соятын қой дайын болмай қалса, осындай бұрын сойылған қойдың кәделі мүшелерін өзіміз жемей, іркіп отырып, қонаққа соны асамыз. Қызым, есіңде болсын, – деп ескерткен екен. Қазір дастарқан жасап, қонақ күте алмайтындар ойлансын.
Тақырып жөнінде ой түйгенде тағы айтарым, қызды, болашақ келінді тәрбиелейтін кейбір орта буын аналарда орашолақтық көп. Елдігімізге жат, дәстүрімізге қайшы келетін ағымдағы кейбір келеңсіз жайт­тарға бой алдырған, өзгеге еліктегіш елпең мінезді жандарды сол дүбәрә пиғылынан айықтырып, қызды тәрбиелейтін ананы да тәрбиелеу қажет.
Бүгін де тәуелсіз елміз. Халқымыздың ежелгі рухани салт-дәстүрін қайта жандандырып, қалпына келтіру болашақ жастарымыздың, келіндеріміздің тәрбиесін отбасы құндылықтарымен ұштастыру үшін, қазақтың жазылмаған, ат­тап өтпейтін заңдарын ұстанған жөн. Үлкенді сыйлау, ағайын-туыспен, жалпы адамдармен бірлік-берекеде болу, дүниеқоңыздыққа берілмеу, қолғанат­тылықты қалт жібермеу, жәрдемдесуді жадынан шығармау, өзіне жақпайтын істі өзгеге де жасамау, адал, ақ сенімді ақтау, үлкеннің ақ батасын алу, ата-анасын, елін қорғау, т.б. адамгершілік қасиет­ті жастардың бойына сіңіру қажет. Ол үшін отбасында тәрбиелік тақырыптар кеңінен қозғалып, жастар ұйымы мен әйелдер кеңесі әлі де арамыздан арыла қоймаған көненің көзі, салт-дәстүрді ұстанған абыз ата, салиқалы әжелермен ғибрат­ты кез­десулер өткізіп тұрса, ғанибет болар еді.
Әл-Фараби бабамыз: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзат­тың қас жауы», – деген. Қытайдың ұлы философы Чжуан-цзы: «Өзінің рухани бастауынан бөлінбейтін адамды – қасиет­ті адам деп атайды», – десе, Мұхтар Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – депті. Ал Аманқос Мектептегі: «Ұлт­тық рухты оятатын тетіктердің жабықтығы, әділетсіздіктің күш алуы, ұлт­тық дәрменсіздігіміздің нәтижесі», – деп ойыңды ширатады.
Қайталап айт­қанда, жалпы ұлтымыздың рухани тәрбиесі мен отбасы құндылығын, ұлы адамдардың қағида­сын болашақ ұрпаққа, қыздарымыз бен келіндерге ұғындыру үшін ел болып, қоғам болып жұмыла әрекет етуіміз шарт.

Егеухан МҰҚАМӘДИҚЫЗЫ,
«Құрмет» орденінің иегері,
Қазақ­стан, Моңғолия Жазушылар
одағының мүшесі,
ҚР Мәдениет қайраткері,
«Алтын алқалы» ана

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір