ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС ӨРІСІ
29.09.2021
157
0

1991 жылы еліміз өз алдына егемендік алып, бүгінгі өркениетті дамудың жолына, атап айтқанда, нарық заңдылықтарына біржола бетбұрыс жасады. Теңдессіз ақыл-парасатпен, нартәуекелмен тарихи таңдау жасап, мыңжылдықтар тоғысындағы ұлы мақсат жолына қадам басты.
Өңірлік ерекшеліктерді халықтың игілігіне айналдыру мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалар гранит тас, мәрмәр ұнтағы өндірісіне де жаңа серпін берді. Қазір қаламызда осы бағытта жұмыстарын жандандырып келе жатқан кәсіпорындардың бірі – Текелі Гранит кәсіпкерлігі. Олар отандық құрылыс материалдары өндірісін дамытуға өзіндік үлестерін қосып келеді.
Бүгінде Текелі дамудың жаңа жолында. Адал жүрегімен, құрыш білегімен тауды қопарып, тасты балқытқан аға буын кеншілердің ерік-жігерін, еңбекқорлығын, ақыл-парасатын, берекесін үлгі еткен бүгінгі текеліліктер қоғамдық өмірдің әр саласында ершімді еңбек етіп, туған қаласын гүлдендіруге үлестерін қосуда. Солардың бірі гранит өнідірісін дамытып отырған, жаңашылдыққа жаны құмар азамат Владимир Стрельцовты әңгімеге тарттық.

— Владимир Васильевич халық сізді білікті басшы ретінде жақсы таниды. Сіздердің өндірістеріңіз қаламыздың бетке ұстар кәсіпорындарының бірі. «Текелі гранит» ЖШС тарихы мен жұмыс барысына көз жүгіртсек?

— Кәсіпорынымыздың іргесі 2007 жылы қаланған. Содан бері үздіксіз жұмыс жасап келе жатырмыз. Өзім осы кәсіпорынға құрылған сәттен бастап басшылық етіп келемін. Қазіргі таңда мекемеде 40-қа жуық текелілік азамат қызмет етуде. Кәсіпорын толықтай қажетті құрал-жабдықпен жабдықталып, негізгі бағыттар айқындалып жолға қойлыған. Кәсіби шеберлігі мен дайындалатын өнімдердің күрделілігіне байланысты қызметкерлеріміздің еңбегі бағаланып, еңбекақылары уақытылы төленіп отыр. Жалпы есеппен орташа жалақы мөлшері жүз елу мың теңгені құрайды.

— Әлемді жайлаған індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Пандемия өндіріске қандай әсерін тигізді?

— Біздің мекеме өндіріс аймағы болғандықтан, күнделікті жұмыс айналымын талап етеді. Карантин кезеңінде жұмыс күшінің тапшылығын сезіндік. Кейбір тапсырыстарымызды кейінге шегеруге де тура келді. Сол себептен қаламызға вакцина келісімен бірден ұжымымызбен 100% екпе алуды ұйғардық. Індетті жоюдың жалғыз жолы — вакцина екеніне көз жетті. Себебі осы аты жаман індет жақындарымыз бен достарызды ортамыздан алып кетті. Сондықтан әлі де вакцина алмаған азаматтар болса, оларды екпе алуға шақырамын.

— Гранит өнімдері мен өндірісте қолданылатын шикізаттарға толығырақ тоқталсаңыз?

— Өндіріс алаңында 35-ке жуық өнім түрі дайындалып, арнайы технологиялар мен станоктарды пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Бір айда 2500 шаршы (квадрат) модульді плитка шығаруға қауқарлымыз. Өзіміздің шикізат өндіру орнымыз бар. Ол Қапал мен Арасан аймақтарының ортасында орналасқан. Сондай-ақ Қордай өңірінен де шикізат аламыз. Біз үшін ең басты қағида өнімдеріміздің сапасы. Сол себептен ең бірінші орынға қолданатын материалдарымыздың сапалы болуын қадағалаймыз. Әр өнімнің өзіндік ерекшеліктері бар. Өндіріс барысында тұтынушылардан келген сұраныс тілектер ескеріліп, қолданылатын материалдардың түсі мен сапасы таңдалып, әзірленеді.

— Өндіретін өнімдеріңізді қай қалаларға экспортқа шығарасыздар? Өнім бағасы қолжетімді ме?

— Біздің мраморымыз еліміздің барлық аумағын қамтып тасымалданады. Көбінде жақын елдімекендер мен Алматы қаласынан сұраныс көп.
Өздеріңізге де белгілі гранит өнімдерінің бағасы қымбаттау болып келеді. Мысалы қызыл және қара түсті гранитті табу қиындау және бағалары да басқаларымен салыстырғанда жоғары. Сондықтан әрбір дайындалатын өнімге жұмсалған шикізат пен жұмыс күшіне байланысты баға қойылады. Себебі кейбір өнім түрлері уақыт пен қатар технологиялық күрделіліктерді талап етеді. Десе де бағаның тұрақтылығын сақтап халыққа қол жетімді түрде ұсынуға тырысамыз.

— Болашаққа жоспарыңызбен бөліссеңіз?

— Жаңа технологиялардың көмегімен өндіретін заттың көлемін арттырып, нарықтағы орнымызды одан ары нығайтсақ деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар жас мамандарды да осы кәсіпке баулып, өндірістік секторды дамытқымыз келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Текелі қаласы әкімінің баспасөз хатшысы
Ұлжан ҰЛДАХАНҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ