Дильшат РАХМАТУЛЛИН: ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫ КЕЙІПКЕРГЕ БАЙ
28.09.2021
17801
0

«Қазақ әдебиеті» газетінің «Жас тұлпар» қосымшасы әр салада өз қолтаңбасын қалдыруды ойлайтын жастардың шығармашылығына арналады. Өнер майданында жүрген өзге этнос өкілдері де көп. Заманауи қазақстандық мәдениетті қалыптастыруда қосып жатқан үлестері де зор.

Қазақ анимациясының қарлығашы Әмен Хайдаров көптеген ұлттық персонаждармен ұлт мультипликациясының қорын байытты. Бүгінде бұл сала жаңа қарқынмен дамуда.  Аталған жанрға қадам басқан кез-келген талант Әмен Хайдаров қалыптастырған соны соқпақты басты бағдар етері хақ.

Қазіргі балалардың талғамына лайықтап көптеген мультсериалдар жасаған режиссер Дильшат Рахматуллин: «Ұлт мифологиясындағы образдардан артық персонаж ойлап табу мүмкін емес», – дейді сұхбат барысында.

 – Бұл салаға қалай келдіңіз? Алғашқы қадамдарыңыз қалай басталды?

Әуелі суретші мамандығы бойынша колледжді тәмамдп, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына  оқуға түсуді жоспарладым. Бірінші барғанымда түсе алмай, екінші барғанымда түсе алмай, үшінші талпынысымда ғана бұл оқу ордасының студенті атандым. Алған бетімнен қайтпай, бірнеше мәрте талпыныс жасағанымның себебі   грантта оқуым керек болды.

Не үшін анимацияны таңдадым? Осы салада оқып жүрген достарым болған. Солардың жасап жүрген жұмыстарын көріп қатты қызықтым. Менің статикалық  жұмыстарым, суреттерім қимылдаса қандай керемет деген ой туды. Осы қызығушылықтың әсерінен өзімнің жолымды анимацияға бағыттадым.

Оқуға түстім. Ынтаның зор болғандығынан шығар, дарынды, белсенді  студенттердің қатарынан көріндім. Екінші курста тәжірибе алмасу бағдарламасымен мені Ресейдің ВГИК   университетіне жіберді. Ол жақтан пластикалық анимацияны көріп келдім, біраз дүниелермен таныстым.

Оқу бітірген соң өз мамандығымыз бойынша жұмыс іздей бастадық. Ол тұста, әрине, жұмыс аз. «Балапан» арнасы сол жылдары енді-енді ашылып жатқан. «Asia animation» студиясына режиссер ретінде  жұмысқа кірдім. Онда жұмыс жасай жүріп, өзімнің жобаларымды дайындап, «Балапан» арнасының есігін қаға бастадым. Сөйтіп,  бір жобаға іліктім, ол проектыны  тапсырыс ретінде алып, бірге оқыған достарымды жинап, бірлесіп жұмыс жасадық. Кино факультетінде оқығандықтан бәріміз бір-бірімізді жақсы танитынбыз. Аниматорлар, суретшілер, дыбыс режиссеры бар, дайын команда болдық. Қасымыздағы филармонияның қыз-жігіттерінің арасынан композиторлар шықты. Осылайша жұмысымызды бастап кеттік. Алғашқы тапсырыс болғандықтан, бізге мүмкідік бергендіктен өзіміздің деңгейімізді көрсетуге бар күшімізді салдық. Бірінші жобамызды жасап біткен соң, аздап таңқалдырдық десем болады (күліп). Бізде анимацияның бар екенін, таланттардың  қатары көп екенін көрсете алдық. Бірте-бірте студияға айналдық. Екінші, үшінші тапсырыстар келіп түсті. Ақырындап жеке тапсырыстар беріле бастады.

Ол кезең анимация енді-енді аяғынан тұрып жатқан жылдар еді. Тарихтан өзіңіз білесіз, 90-жылдар бұл сала үшін өте қиын уақыт болды. Кейінгі он жыл осы бағыттың бетін бері қаратып, еңсесін тіктеуге кетті. Каналдар ашылды, «Қазақфильмде» анимация орталықтары  жұмыс жасады.

– Ал қазіргі  қазақ анимациясының жағдайы қалай?

– Қазіргі кезде Қазақстанда жиырмадан астам анимациялық студия бар. Оның ішінде төрт-бесеуі ірі студиялар болса, оқуды бітірген жастардан  құралған, қадамын тәй-тәй басқан студиялар да көп. «Балапан» арнасы да қазіргі кезде тапсырысты көбейтті. Контент толтыру керек. Шетел мультфильмдерін сатып алсақ, Супермен, Спайдермен сияқты кейіпкерлер таңсық емес көпшілікке. Ал қазақ батырлары, қазақ тарихы туралы фильмдерді біз өзіміз жасамасақ, өзге ешкім жасап бермейді. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс ұлғайып,  көптеген студиялар ашылып жатыр. Осыларды ескерсек, қазақ анимациясының бүгінгі ахуалына көңіл толарлықтай деуге болады.

 

–  Қазақ анимациясының болашағы туралы не айтар едіңіз?

– Біршама уақыт бұрын  «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік отрталығы» ашылған болатын. Сол орталықта бірнеше мәрте питчинг өтті. Ол ұйым үлкен-үлкен жобаларды айналымға жібереді. Мысалы, «Балапан» арнасы кішігірім проектілерді қарамағына алса, орталық толықметражды фильмдерді жасайды, ірі жобаларға қолдау көрсетеді. Демек, алдағы уақытта мультипликацияның дәурені жүріп, көркемдік деңгейі жоғары дүниелер жасалады деп ойлаймын.

– Мемлекет бұл салаға қолдау көрсетіп жатыр ма?

– Әрине, мемлекет тарапынан 95 пайыз қолдау бар. Мемлекетсіз анимацияның өмір сүруі өте қиын. Неге десеңіз, анимация – қиын да күрделі жанр. Біздің елде бұл саламен бизнеске кіруге әзірше мүмкіндік жоқ. Өйткені анимацияға бөлінген қаржының 90 пайызы қайтып келмейді.

Жалпы, анимация – қоғамдық маңызы зор, керек  сала. Қазақ балалары  ана тілінде сөйлеуі қажет, тарихын білуге тиіс. Мәдениетін танып өскені жөн. Оны біз балаға кішкентай кезінде анимациямен бермесек, басқаша сіңіру неғайбыл. Қазіргі кезде үлкен проблемалар бар. «Маша мен Медведь» секілді әртүрлі мультфильмдерге телмірген  балалардың тілі де орысша шығуда. Егер қазақ анимациясы төтеп бермесе, кішкентайлардың тілі де, санасы да жат елдікіне бұрылады. Болашақ ұрпақтың ұлттық сана-сезімін дұрыс бекіту үшін де мемлекет аталмыш салаға қолдау көрсетуде, анимация өсіп жатыр, шүкір. Мамандар көбеюде, студиялар ашылуда.

– Қазақ мультипликациялық өнеріндегі қазіргі буынның ерекшелігі неде?

– Мысалы, бұрынырақта, біз оқуға түскенде бір группада алты-жеті ғана  адамнан оқитын. Қазір барсаңыз, осы мамандықтағы курстарда  студенттер жиырмадан кем емес. Осынау  сандық көрсеткіштің тым болмаса елу пайызы аталған  мамандықта қалып, еңбек етсе, оның  өзі – өте үлкен күш.

Буынаралық ерекшеліктерге келсек, біз локоматив секілді болдық. Мәселен, 2010 жылдары анимация жанры орнында тұралап қалды, біз сол анимацияның алдына түсіп, тартып, жылжытуға күш салдық. Бізден кейінгі жастар өте көп, бәрі де  – дарынды. Әр жылы осылай ынталы жастардың, кәсіби мамандардың саны көбейе берсе, саннан сапа шығады. Мемлекет қолдау көрсетуін  тоқтатпай, осы қарқынмен жұмыс жасала берсе, үлкен индустрия  қалыптасады. Сол кезде анимация ауқымды бизнеске айналады. Толықметражды фильмдер түсіріп, оны пракатқа шығарып, қаржысын да қайтарып, соған қайтадан фильм түсіріп, тіршілік жанданар  еді.

– Өзіндік мектеп қалыптасты ма?

– Әрине, қазақ анимациясының  қабырғалы мектебі әу бастан қаланған. Кейіпкерлердің барлығы ұлттық нақышта киінген. Яғни қазақ мультфильмінің өзіндік стилі де  бар.

Қазақ мультипликация өнерінің тәуелсіздік жылдарындағы тарихы аз болғанымен, түп-тамыры 60 жылдарда жатыр. Қазақ анимациясының алғашқы баспалдағын мықты режиссер Әмен Хайдаров қалаған.  Ұлттық  анимацияны  тәуелсіздік жылдарына дейін, тәуелсіздік алғаннан кейін деп  екі кезеңге бөлеміз.

– Мультфильм түсіру процесі қалай жүреді?

– Бұл – өте үлкен тақырып. Әрине, ең бірінші идея туады. Барлық мультфильмдерді қараймыз, кім туралы, не туралы анимация жоқ, зерттеп, тақырып ойлап табамыз. Батырлар жырына, фольклорға, ертегілерге қазақ әдебиеті бай. Сол рухани байлықтан кейіпкерлер мен образдарды алып, «Ер Тарғын», «Қобыланды» сынды мультфильмдерді жасап жатырмыз бүгінде. Бұл туындылар тарихи бағытта шықпайды. Қазіргі балаларды не қызықтырады, қандай ойлар мен образдар керек, зерделеп, фильмнің жобасын құрастырамыз. Бүгінгі балдырғандарды көбіне  супер қаһармандармен таңқалдыра аламыз. Ал Алпамыс – дайын образ. Суға түссе – батпайтын, отқа түссе – күймейтін Алпамыстың тұлпары да ерекше сипатқа ие. Қазіргі тілмен айтқанда, оны «Флэш» дейді. Өте тез жүгіреді, 1 секундта 5 км жерді бағыныдыруы мүмкін. Осындай кескіндерді  ойша құрастырып, идея пайда болады, идеядан кейін сценарий жазылады, сценарийден кейін персонаждың бейнесін саламыз. Батырларымыз қалай киінген, олардың түр-тұлғасы, дене тұрпаты, сауыт-саймандары қандай болған, бәрін өзіміздің мәдениетімізге лайықтаймыз. Сол кезде біздің кейіпкеріміз ешкімдікіне ұқсамайтын болады. Спайдермен, Супермен сияқты кейіпкерді алсақ, ондайдың мыңы бар, мың бірінші болу бізге қызық емес. Ал ұлттық өзектен шыққан образдарды өзге елдерге де жарқыратып көрсетуімізге болады әрі дәл осы образдармен баланы тәрбиелейміз, тілін ашамыз, танымын бекітеміз.

Осы үрдістерден кейін актерлар келіп мультфильмнің дыбысын, сөзін, композиторлар музыкасын жазады.

– Режиссер қандай жұмыстар атқарады?

– Режиссер бәрін қадағалап, ұйымдастырып, әр маманға өз жұмысын үлестіреді. Он музыкантпен бір музыка шығаратын дирижер секілді ғой. Сонымен қатар редакторлардың маңызы зор. Диалогтарды құрастырғанда баланың тіліне жатық етіп жазған жөн.

Мультфильм дайын болып, эфирге шықпас бұрын телеарнаның редактурасынан өтеді. Бір сөз, сөйлем,  кішігірім деталь болса да бұрыс шықса, қайта жөндеу керек болады.

Белгілі бір тақырыпта мультфильм түсіру керек болғанда, біз сол тақырыпқа қатысты барлық материалдарды оқып шығуға тиіспіз. Мысалы, Алпамыс батыр жайлы жоба жасауымыз керек болса, жырдың бірнеше нұсқасын оқып, салыстырып, бала психологиясына лайықты тұстарынан образ кейіптейміз.

Түркі дәуірінен бастап хандық дәуірге дейінгі кезеңді қамтитын мультсериалдар желісін құрастырдық. Өзіміз аталмыш уақыттың тарихын әбден оқып, деректерге қанық болғанымызға қарамай, тарих  мамандарын  бірлесіп жұмыс жасауға шақырдық. Олар он-жиырма жыл зерттеп қойған жұмысты қайта қотармау үшін де осы бағыт тиімді.

– Ұлттық анимацияда қандай проблемалар бар?

– Біз бұл салада енді-енді даму жолына түссек те, ресейлік, еуропалық студиялардан қалмаймыз. Бірақ толықметражды фильмдерге келгенде, ол елдерде технология жағынан мүмкіндік көп.   Бізде де бұл олқылықтың орнын толтыру шаралары жасалмай жатқан жоқ. Он-он бес жылдың ішінде әлемдік үлкен-үлкен   прокаттарға шыға алуымыз керек. Алдымен түрік елдеріне, кейін Ресей, Қытай, Америка елдеріне толықметражды фильмдерімізді ұсынып, нарықтық бәсекелестік тудыра алуға қадам басамыз.

 Қай елге болмасын, өз мәдениетімізден негіз  алған туындыларды көрсетеміз. Төл тарихымыздан тамырланған персонаждармен ғана жат жұртты тамсандыра аламыз.

Ең үлкен мәселе –  компьютерлік технология. 2D жағынан ешкімнен кем емеспіз. 2D, ол – қолмен салынатын кескіндер. Ал  3D технологияда үлкен рендер-фермалармен жұмыс жасалады. Рендер-ферманың ішінде мың компьютер болуы мүмкін, осы компьтерлер күні-түні  кейіпкер бейнесінің әр сызбасының сандық мөлшерін 3D форматта санап шығады. Нәтижесінде персонаж  бояуы да өте қанық болмақ.  Бұл технология өте қымбат.

Тағы бір  басты проблема – кадрлық құрамның жетіспеушілігі. Анимациялық студиялар өсіп жатыр, алайда мамандар жұмыс үдерісіне үлгере алмауда.

Қазір қазақ тілінде сөйлейтін балалардың бәрі де «Балапан» арнасын көреді. Ондағы материалдардың  елу-алпыс пайызы – отандық өнімдер. Әрине, олардың қатарында сапалысы да, сапасызы да бар. Бірақ кез келген дүниежүзілік мультфильммен бәсекеге түсе алатын дүниелер көп.

– Анимация жанрында еңбек еткісі келетін адам сурет сала алу керек пе?

– Әрине. Сурет сала алу – басты  қажеттілік. Дегенмен сурет сала  алмайтын режиссерлар да кездеседі.

– Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз? Өнерге қызығуыңызға кім себепкер болды?

– Еңбекшіқазақ ауданы Байсейіт ауылында дүниеге келдім. Әкем – татар, анам ұйғыр ұлтынан.  Маған суретшілік әкемнен дарыған секілді. Ол кісі  суретші болған. Мектепте «Бейнелеу өнері» пәнінен сабақ берді.  Кішкентай кезімнен сурет салатынмын. Бір қолыммен жазу жазып отырсам, екінші қағазға сурет салып отыратынмын.

Ауылда өскендіктен, қазақы тұрмысты бойымызға бала кезімізден сіңірдік.  Ел тіршілігіндегі  торқалы тойдан топырақты өлімге дейін көз алдымыздан өтті. Қазақ тілін жақсы білемін. Балаға тілді үйретіп жүріп, өзім тілді білмесем, ол қалай болмақ? 

Қазақ фольклорын өте жақсы көремін, қазақ мифологиясын зерттеумен айналысамын.  Қазақ мифологиясында кейіпкер өте көп. Мықты образдар жасауға мүмкіндік зор.  Ұлттық қордағы персонаждарды біз енді-енді  айналымға түсірдік.  Батыста, Еуропада ашатын тақырып, сомдайтын образ жетіспей жатса, біз  қозғар тақырыпқа  да, жарыққа шығаратын бейнеге  де баймыз. Қаза берсең, шыға береді.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

 Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір