«Дайдидай-ау» әнінің авторы – Сегіз сері
20.09.2021
809
3

YouTube арнасындағы «Музарубка» бағдарламасының жүргізушісі, сырт келбеті еуропалық жас бикенің «Дайдидай-ау» әнінің авторы, шығу тегі,  әуені мен сөзі жайында айтқан әңгімесі ел ішінде, әлеуметтік желіде желдей есіп, үлкен дабыл туғызды.

Алтын  айдарлы әншіміз Димаш Құдайбергеннің орындауындағы жібектей есілген «Дайдидай-ау» әні құдіретті әуенімен әлем жұртын тәнті еткені соншалық, әйгілі концерт залдарында Димаштың әніне қосылып, теңіздей толқыған халықты көріп жүрміз.

Әрине, миллиондаған тыңдаушылар арасында осы «Дайдидай-ау» әнінің авторы кім және ол қашан шықты?» дейтін сұрақтың туындауы әбден мүмкін.

Ал, әлеуметтік желідегі «Музарубканың» жүргізушісі бұл әннің авторы Мағжан Жұмабаев пен Бейімбет Майлин дегені тіпті шындыққа жанаспайды. Бұл аса көрнекті ақын, жазушыларымыз 1937-38 жылдардағы сталиндік қанды қуғын-сүргіннің құрбандары болды.

Мағжанның композитор емес екенінен бейхабар кейбір «білгіштер» «Япурай», «Дайдидай-ау» әндерінің сөзі мен әнін Мағжанға теліп, оның «Сен сұлу», «Сүй, жан сәулем» өлеңдеріне ән қосып жазғаны қазақ әндерінің жинағында бар (1990 ж. «Өнер» баспасы, Алматы қ.).

Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов ұлы ақынымыз Абайды – даналық пен парасатты, ал Мағжанды – сезім қасиетін жырлаушы ақындар деп атағаны бар.

Сөздің турасына көшсек, «Дайдидай-ау» әнінің сөзі мен әуені көрнекті ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың шығармаларына еш қатысы жоқ.

Бұл әнді көпшілік халық әніне теңегенімен, оның авторы, сазды әуенінің иесі әрі орындаушысы – Мұхаметқанапия Бахрамұлы Шақшақтегі. Оның жас кезінен ақындық талантына, таным-табиғаты мен құралайды көзге атқан мергендігіне сүйсінген халқы оған «Сегіз сері» деп ат қойған.

Сегіз сері 1818 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстанның орманды алқабы, көкжасыл табиғаты жайқалған Гүлтөбе-Маманай ауылында дүниеге келіп,   1854 жылы 36 жасында туған жерінде қайтыс болды. Оның әкесі Бахрам өз заманына сай білімді, жан-дүниесі терең, дара мінезді кісі болса керек.

Ал Сегіз серінің атасы Шақшақ – Керей тайпасының Ашамайлы руынан шыққан ел аузындағы тұлға болғаны мәлім.

Ұлы атасы Қожаберген жырау да Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте жауынгер, қолбасшы болған. Қазақ тайпаларының басына төнген қасіреті мен ашаршылықты сипаттаған «Елім-ай» эпикалық жырының авторы.

«Елім-ай» әні Патшалық Ресейдің опасыздығын суреттейді: 1731 жылы Кіші жүз қазақтарын өзіне қосып алғанымен, Патша билігі қазақ жасақтарына ешқандай  (дипломатиялық, материалдық) көмек бермей, керісінше қазақтар мен жоңғарларды бір-біріне қарсы жауластырып, жоңғарлармен жасырын сөз байласып, оларға оқ қару мен зеңбіректерін, т.б. соғыс құралдарын жіберіп отырған. Ондағы Ресейдің көздегені қазақтарды біржолата құртып, оның шұрайлы жерлерін басып алу еді. Бірақ жымысқы ойы жүзеге аспай, қазақ батырлары өз жерлерін қорғап қалды.

Сегіз сері Омбы қаласындағы Азия әскери училищесінде (кейін бұл оқу орыны Шоқан Уәлиханов білім алған Сібір кадет корпусы деп аталды) оқып жүргенде-ақ, Патша билігінің қазақ еліне қарсы жазалаушы әрі салықпен қанаушы отряд жасақтап жатқанын түсінеді. Қазақ Дала демократиясының ұлттық тәлім-тәрбиесінде, адалдық пен ар-намыс рухында тәрбиеленіп өскен Сегіз сері училищені бітірген соң генерал-губернатор П.Д. Горчаковқа қызмет етуден бас тартады.  Осы қарекеті үшін Орыс Патшасының тұтқынынан қашқан Сегіз сері Батыс Қазақстандағы нағашы ағасы, қазақ тарихында есімі белгілі батыр,  ұлт көтерілісшілерінің жетекші көсемі Сырым Датұлына барып бас сауғалайды (П. Вяткин – академик, «Батыр Сырым», «Москва-Ленинград» басп., 1947 ж.).

Батыс Қазақстанның шексіз қиыр даласында Сегіз сері өзінің серіктестерімен ат үстінде елден елді жағалап, 4 жыл бойы Патша үкіметінің жауыз қарақшылары мен оның саясатын жүргізіп отырған қазақтың сатқын сұлтандары,  соның ішінде Жәңгір ханның сойылын соққан жалдамалы жендеттерден қашып, бой тасалаған. Осы жылдары туып-өскен жерден жырақта жүрген Сегіз серінің кейін қазақ халқының мәдени асыл мұрасына айналған туындылары жазылды.

Сегіз сері табиғатынан батыр тұлғалы, сымбатты, рухы биік әнші, композитор, музыка, қолөнер, қару жасаудың шебері  болумен қатар, құралайды көзге атқан мергендігі де бар еді. Осы қуғын-сүргін заманда еңсесі түскен елдің ішінен өзі сияқты  серіктес талантты  жігіттерді жинап, Сегіз сері шағын өнерпаздар тобын құрған. Әр ауылға келгенде жұртшылық оларды қуанышпен қарсы алып отырған.  

Сегіз серінің әндеріндегі арулардың есімдері: «Гаухартас», «Ғайни», «Ақбет», «Қарғаш», «Дайдидай-ау»… Осыдан 150 жыл бұрын дүниеге келген әндер. Ол әндер қазірдің өзінде халық сүйіп тыңдайтын туындылардың көшін бастап тұр. Классикаға айналған махаббат жырлары «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», поэтикалық драма «Айман – Шолпан», әлемдік «Ромео мен Джульетта», «Ләйлә мен Мәжнүн», «Фархад пен Шырын» поэмаларымен қатар айтылады.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы музыкалық-поэтикалық шығармаларды тудырған көрнекті тұлға, патшалық Ресей отарлаушыларына қарсы күрескер Сегіз сері туралы жазылған кітаптар, ғылыми еңбектер, мақалалар Қазақстанның газет-журналдарында көптеп жарияланған. Осы жазбаша дереккөздерде «Дайдидай-ау» әнінің сөзі, әні, орындаушысы Сегіз сері екені айтылған.

Төменде сол деректердің бірнешеуін атап кетейік:

Қараменді Т.С. «Қазақ әдебиеті», 13.08.2010 ж.

Қараменді Т.С. «Қазақ әдебиеті», 20.10.2006 ж.

«Сегіз сері шығармалары», 2 томдық, «Жалын» баспасы, 2013 ж.

Сегіз серінің таңдамалы шығармалары, 2 томдық, «Дәуір» баспасы, 2014 ж.

Дәркенбаева Г.К. «Сегіз сері шығармалары – қазақ халқының асыл қазынасы», «Дәуір» баспасы, 2014 ж.

Оспанов С.К. «Сегіз сері. Өмірі мен музыкалық мұрасы». «Балауса» баспасы. 2020 ж.

Бүгінгі сахна төрінде орындалып жүрген Сегіз серінің  әндерін көпшілік ауыздан ауызға айтылып жүретін халық әніне теңейді. Неліктен?

Дүние жүзі халқының сүйіп тыңдайтын әніне айналған «Дайдидай-ау» әнінің, сондай-ақ бірнеше жыр, поэмаларының авторы Сегіз серінің аты 30 жыл бұрын Тәуелсіздік Декларациясын қабылдаған елде  осы уаққа дейін неге көпшілік назарынан тыс қалып отыр? Өйткені Сегіз сері бала жасынан Орыс Патшасының қазаққа жасаған зұлымдығын арғы атасы Қожабергеннің «Елім-ай» жырынан естіп, біліп өскен, кейін өзінің ашу-ызаға толы   шығармаларында Патша билігін, оның өкілі П.Д. Горчаковтың қазақ ауылдарын талқандаушы қандықол қарақшы екенін ашып жазады («Сегіз сері», Шығармалары, том 1, «Дәуір» баспасы, 2014 ж., 61 бет). Сондай-ақ Сегіз сері  училищені (кадет корпусын) бітіргеннен кейін Патшаның жазалаушы отрядына қосылудан, оған қызмет етуден бас тартқаны да өз шығармаларында айтылады.

Орыс Патшасының озбырлығына, отарлауына қарсы көтерілісті бастаған Исатай Тайманұлы мен елінің бостандығы үшін аянбай күрескен ақын  Махамбет Өтемісұлының сатқын туыстарының қолынан қаза табуы да Сегіз серінің өлеңдерінде сипатталған. Патшаның аса жауыздығымен аты шыққан Кузьминский мен Дерышев отрядтары Сырдария өзенінің бойын жайлаған қазақ ауылдарын қатыгездікпен қырып жойғаны да Сегіз сері өлеңдерінде бар (аталған дереккөзде, 113-бет).

Сегіз серінің көрнекті ақын, сазгер, шығармашыл тұлға ғана емес, Патшалық Ресейдің отарлық езгісіне  қарсы күрескер болғанын  ресми дереккөздер растайды.

«Қазақ ССР тарихынан» (1957 жылы Алматы қаласында басылған, 346-347 бб.) үзіндіде былай деп жазады: «Подполковник Кузьминский, Дерышев және майор Михайловтың жазалаушы отрядтары аса қатыгездігімен көзге түсті. Олардың бір отряды 164 ауылды әйел, бала-шаға, кемпір-шалымен қоса қырып-жойып, қостарын өртеп, малдарын айдап кеткен». Бұл жан төзгісіз жауыздық жайында А.И.Герценнің шығарып отырған «Колокол» газетінде: «Ежелден жауынгерлер арасында Кузьминский мен Дерышев отрядтары сияқты қанішер зұлымдар болған емес. Бұл сұмдық оқиғаның әлі де зерттелері анық» деп жазды. Әрине, Патшалық Ресей империясынан кейін оның орнын басқан Кеңес одағы отаршылдарға қарсы күрескен қазақ патриоттары жайында ештеңе айтпады, жазбады. Ұлты, елі, жері үшін күрескен Сегіз серінің  Патша империясы, Кеңес заманында да есімі аталмауы сондықтан. Сегіз серінің есім, ерлігі және оның шығармалары ауызша халық арасында айтылып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.

Қазақстан тарихында есімі жазылмаған Сегіз серінің (Мұхаметқанапия Бахрамұлы Шақшақтегі) атын аңызға шығарып, ал оның айтулы шығармаларын кейбір трайбалист-қазақтар өз аттарына жазып, иемденгісі келгендер де болды. Трайбализм әлі күнге дейін қазақ халқының тұтас ұлт болып қалыптасуына кесірін тигізуде.

ХХ  ғасырдың аяғында Сегіз серінің өмірін, шығармаларын зерттеуші екі ғалым дүниеден өтіп кетті. Бірі –  Төлеш Сүлейменов, филолог-ғалым, «Сегіз сері» кітабының авторы (1991 жылы Алматы, «Өнер» баспасы. Кітапта газет, журнал, әдеби мұралар мен қолжазбалар – 279 дереккөз көрсетілген). Екіншісі – Сейітқали Қарамендітегі (менің әкем) – жарты ғасырдан астам уақыт ауыз әдебиетіңің  фольклорын зерттеп,  халықтың ауызекі шығармаларын тірнектеп жинаған. Ол Сегіз серінің араб графикасында жазған «Қыз Жібек» поэмасын түпнұсқадан оқыған. 1991 жылы 19 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газетінде «Бекежан да – бір арыс» атты әкемнің мақаласы жарық көрген.

1905 жылы Қазан қаласында Жүсіпбек Шайхысламұлы Сегіз серінің «Қыз Жібек» поэмасын, Біржан сал, тағы басқа ақын-жыраулардың еңбектерін ашықтан-ашық иемденіп, өз атынан бастырып шығарған. Бұл поэманың кейіпкері Төлегенді өлтірген Бекежанды Орта жүздің Арғын руынан деп көрсетеді. Ал Бекежан болса, кіші жүздің батыры. Сөйтіп, Жүсіпбек шын мәнінде Төлегенді өлтірген Қожа руынан шыққан, өзінің жерлесі, қарақшы Кескентеректі жасырып қалады. Осы қателіктің салдарынан әлі күнге дейін кинода, театрда, бұқаралық ақпарат құралдары мен мектеп оқулықтарында тарихи мәні бар ақиқат бұрмаланып, халықтың назарына теріс ақпарат сіңіп кеткен.

Осыдан кейін 2000 жылы кейбір рушыл-жершіл топтар БАҚ арқылы Т.Сүлейменовті – фантаст, ал менің әкемді Сегіз сері шығармаларын өзінің атағын шығару үшін пайдаланды деп айыптаған («Ақтөбе». «Ана тілі»  газеттерінде).

Соған қатысты сот, жиналыс, талқылау, басылымдар арқылы қазақ ұлтына Сегіз серінің тарихи тұлға екені, асыл мұрасы жайында жазылған зерттеулер – дүйім әлеуметті ұйытар мәні бар өнегелі де өміршең төл туындылары толық дәлелденді.

Мысалы, Сегіз серінің өмірі мен өнерін зерттеп, көптеген мақала жазып жүрген Қаратай Биғожинге Алматы қаласы Медеу ауданының соты шешімімен жала жабушылар тарапынан 2001 «Ана тілі» газеті арқылы кешірім сұратып, 80 000 теңге айыппұл төленді (Сотта мен оның жақтаушысы болдым). 2006 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің №43,44 сандарында менің «Сегіз сері – халықтың ұлы тұлғасы. Жалақорларға жауап» атты  мақалам жарияланды.

Бірақ, соңғы 20 жыл ішінде Сегіз сері мен оның шығармаларының шынайылығына дәйекті дәлелдер барына қарамастан, оны жоққа шығарған екіжүзді ғалымдар, жазушылар мен композиторлар әлі тиісті жазасын алмай келеді. Енді оларды тек әкімшілік жазамен ғана емес, сонымен қатар қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес құрметті атақтарынан, үкіметтік марапаттарынан айырып,  жауапқа  тартатын уақыт жетті.

 Төлеубек ҚАРАМЕНДІТЕГІ,  профессор,

               КСРО Сәулетшілер одағының мүшесі, 

                 ҚР Журналистер одағының мүшесі, қоғам қайраткері.

 

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 07.10.2021 | 00:57

20 жыл ішінде Сегіз сері мен оның шығармаларының шынайылығына дәйекті дәлелдер барына қарамастан, оны жоққа шығарған екіжүзді ғалымдар, жазушылар мен композиторлар әлі тиісті жазасын алмай келеді. Енді оларды тек әкімшілік жазамен ғана емес, сонымен қатар қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес құрметті атақтарынан, үкіметтік марапаттарынан айырып, жауапқа тартатын уақыт жетті. Әкеңнің басы. Қыртылбек мырза!

Аноним 07.10.2021 | 00:58

«20 жыл ішінде Сегіз сері мен оның шығармаларының шынайылығына дәйекті дәлелдер барына қарамастан, оны жоққа шығарған екіжүзді ғалымдар, жазушылар мен композиторлар әлі тиісті жазасын алмай келеді. Енді оларды тек әкімшілік жазамен ғана емес, сонымен қатар қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес құрметті атақтарынан, үкіметтік марапаттарынан айырып, жауапқа тартатын уақыт жетті». Әкеңнің басы. Қыртылбек мырза! Иттің баласы, сені соттау керек!

Аноним 25.10.2021 | 10:37

Сонда адамның баласы сенбісің, қонақ? Сен кімнің сөзін сөйлеп отырсың? Сегіз серіні жоққа шығармақ болған екіжүзді ғалымсымақтардың бірі — Шамшадин Керім. Ол өзінің қай жүзден шыққанын да білмейді. Сөйте тұра, рушыл-жершіл топтарға еріп, солардың сөздерін қостап жүрді.Оны да ғылыми атағынан айырып, жауапқа тарту керек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір