«БАЯНАУЫЛ ВАЛЬСІ» ӘНІНІҢ ТУУ ТАРИХЫ
Ұлылардың кеудесін жарып шыққан жауһар жыр мен әсем әннің тарихы біз үшін қашан да қымбат. Жасынан көпті көріп, жақсының сөзін тыңдаған марқұм Мүкарам Шүленбаев ағамыз – өткеннің әңгімесін аса ықыласпен айтатын шежірешіл еді. Дала пейілді, дағыл кеуделі ағамыздың әрбір сөзін қазына санап өскен дағдымен ол кісіден бірталай дүниені ойға сіңірдік.
Бір күні Баянауылға, ағамыздың шаңырағына амандаса барғанымда өткен ғасырдың бір әңгімесі – «Баянауыл вальсі» әнінің өмірге келу жайы туралы былайша баян еткен еді:
«1962 жыл. Баянауылдың самалы майда соққан шыбынсыз жазы. Жұртшылық мерейтойдың дайындығымен әбігер. Осы өлкенің тумасы, туған жердің топырағынан нәр алған тағы бір ұлан – жазушы Зейін Шашкин елу жасқа келді. Қаламгерлігімен, жазушылығымен танылған азаматтың мерейлі жасын баянауылдықтар айрықша атап өтпек. Бұл тойда есімі жұртқа танымал дүлдүлдердің біразы бас қоспақ. Бірі – сөздің тұнығын терген ақын, бірі адамзат тағдырын қаламына арқау еткен жазушы болса, бірі – әуенімен мұқым елді әлдилеген композитор. Ол кезде мен де жақсылардың қасына көп еріп, әрбір сөздеріне құлағым түрік жүретін кез еді. – Осылай дей келе бір кідірген Мүкарам аға сол өңірдің тамылжыған табиғатын көз алдымызға келтіре отырып, сөз тиегін ағыта түсті. – Ел жақсылары Ақбет таудың баурайына, Жасыбайдың жасыл құрақ жағасына жиналды. Алматының зиялы тобы Баянауылдың тұмса табиғатына тамсанып, шабыттары шырқай түсті. Кеуделерін ән мен жыр кернеп, ерекше бір күйге бөленді. Сол тойда ақын Қабдыкәрім Ыдырысов ортаға шығып бір өлеңін оқыды. Өлеңде Баянауылдың табиғаты мен көркемдігі әдемі өрнектермен бейнеленген. Жыр соңы Баянауылдың атақ-даңқы Алатаудай алысқа жетіп жатқандығы жайында айтылып аяқталады. Жігіт ағасы жасына келіп қалған Қабдыкәрім Ыдырысов бұл өлеңді: «Зейін ағамның мерейтойына жасаған сый-тартуым», – деп атап өтті.
Маржандай тізілген әсем сөз, Баянауыл табиғаты мен топырағының киесі көркем тілмен суреттелген өлең жиналғандарды бірден селт еткізді. Ал атақты композитор, күйші Нұрғиса Тілендиев өлеңге ынтасы ауып, бірден ән жазуға бекиді. Сол кезде туған ән – бүгінге дейін ел аузында жүрген «Баянауыл вальсі» әні. Жақсы жанның тойында осындай жақсы ән туып, халықтың өнер қоржынына тағы бір қазына қосылған еді. Тағы бір айта кетерлігі, өлеңнің ішінде: «Қанышы көпке әйгілі», – деген жол болған. Кестелі жырмен өрілген әсерлі ән кейін ол кісінің де (Қаныш Сәтбаев) құлағына шалынады ғой. Қашан да өзін халықтан биік ұстап көрмеген нар тұлға бұл тармақты алып тастауын сұрайды. Осылайша, ән қайырмасындағы «Қанышы көпке әйгілі» деген жол, «Ұлдары көпке әйгілі» болып өзгертілген», – деп ағам сөзін тәмамдаған еді.
Мүкарам Тыныштықбайұлынан естіген «Баянауыл вальсі» әнінің туу тарихы осындай. Биыл тоқсан жылдығы аталып өткелі отырған ақын Қабдыкәрім Ыдырысовтың шығармашылығының, өмір жолының бір сәтінен көрініс беретін осы оқиға көңілімнің түкпірінде сақталып қалды.
Ал ән туралы әңгіме тіптен бөлек. Дәл Баянауыл табиғатындай асқақ ырғаққа толы туынды – баянауылдықтардың ғана емес, күллі қазақтың жүрегінде. Қазақ музыка өнерінің біртуар тұлғасы – Нұрғиса Тілендиев ән жазса, сөзін белгілі ақын, отызға жуық кітаптың авторы – Қабдыкәрім Ыдырысов жазса, бұл қазынаның салмағы қаншалықты екендігін пайымдай беріңіз. Оның үстіне, қазақтың маңдайалды жазушыларының бірі – Зейін Шашкиннің 50 жылдық мерейтойында туған ән… Бітімі бөлек, сом тұлғалардың жүрегінен шыққан сөз бен саз қашан да асқақ әрі қымбат қой.
Алтынбек НУХҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
ПІКІРЛЕР1