Арман Әділбек. Қисайған балбал
24.09.2021
1708
2

I

Биле,

Ұмыт бәрін.

Ұмыт қайда тұрғаныңды,

Ұмыт кіммен жүргеніңді…

Биле,

Тас жұм көздеріңді,

Шаруаң болмасын мағыналарда,

«Сен ажалды ойламасаң болғаны – ажал жоқ» деген

Тәңірдің сөзі бар.

Сені де ұмытсын өлім…

Сөйтіп,

Сені де сүйсін өмір.

 

Биле,

Бақсының ойнағаны да,

Баланың секіргені де,

Жүрегіңнің түбінде қалғып жатыр,

Кешірмеңнің бойында шөгіп жатыр,

Мыңдаған үрейлермен бірге,

Мыңдаған шаттықпен бірге.

 

Биле,

Сен де бір мәнсіз көлеңке ғанасың,

Сен де бір зиратсың

Бар болғаны.

 

Биле,

Аспанға шық,

Өкшеңді батыр

Ұжымақтың кеудесіне.

Қылкөпірді қиып жібер

Тісіңмен қыршып.

Құдайдың бетінен сүй,

Құшақтап жыла

Ес-түссіз…

 

Биле,

Онсыз да бетқалқаңды сыпырып тастасаң

Биден өзге ештеңе жоқ сенде.

 

II

Таң рауандап атып келе жатқан сәт

Балбалдар пешенесіне сіңіп қалған тұман да сарғайған,

Сарғайған кеңістіктің жүрегінен ұшқан күдік

Салқындап біткен сананың көкірегіне түйрелген.

Балбалдың түбін қазғылай бастаған күрең көлеңке

Өз фотосын отқа лақтырған әлдебіреудей аласұрады.

Жалқындап тұрған мынау алып жұлдыздың

Күн екеніне сенгісі келмегендей,

Дәл қазіргі мезеттің күндіз екеніне сенгісі келмегендей

Тұғыр мен топшының аралығындағы кішкентай бостық

Өзінің қарауытқан көзіне өзі шыңғыра жұтылып бара жатты.

Тыныштықтың шекпенін жамылған осынау аласапыраннан ығыры шыққан уақыт

Балбалға қарап күрсінгендей,

Ал балбал

Бейжай ғана қисаяды

Булана бастаған шықтардың бозаң мұнары кеудесінде сырғып.

 

Шаң басып кеткен әйнекке қарап,

Қабағын тосаңсып түйді…

Бозарып тұрған көктегі айдың сағымын таппай,

Күннің сәулесі де дірілдеп барып

Көкбұлақтың көзіндегі тасқа байланған ақтарға шағылған,

Тамшы тиген құрғақ топырақтың иісі мен қидың иісіне малтыған ескі қыстаулық

Күңіреніп тұрғаны

Қарғысқа ұшырағандай бір.

 

III

Қабірге тасталған жып-жылы топырақтардың

                              үрейлі шуылына үн қосып

Қара қурайлар ызыңдайды,

Жүзін құрғатқысы келгендей болып бір кісі

Жас бейітке сыртын беріп

батып бара жатқан күнге қарап сілейіп тұрады.

 

Күңіреніп шыққан құран үніне ілесіп шымшықтар шаттана сайрайды,

Кісі тұрқындай ғана бір құйын

Тобырдың артын айналып барады

Баяу ғана ұйытқып.

Көкжиектің қызара бөрткен жүзінен қан қаша бастаған,

Күн батқан.

 

Ол:

– Адамды жерлеуге болады,

Қабірді жерлеуге бола ма? –  деп күбір ете түсті.

 

Иығын сүйреткен бір топ кісі

Шұбырып қайтып бара жатады,

Шұбырып,

Кеуделеріндегі томпиған төбелер және біреуге көбейіп.

 

Жолды кесіп ағып жатқан арықтағы лай судан

бәрі аттап өтеді,

Өлім жайлы ойдан аттап өткендей…

Қарағысы келмейді,

Ағып жатқан су емес қараңғылық сияқты.

 

Мұқияттап ораған кебіннің ішіндегі жас еттің дәмі сабырын сарқып

Ақымның ішіне сауылдап құрт-қоңыз төгіле бастады.

Олардың епсіз сұрқынан шошынған рух

Тәнді тастай сала сыртқа жүгірген,

Сосын, бағанағы лай суға батып әлдеқайда жоқ болған.

 

IV

Олар

Кеше ғана даланың бетінде шұбырып

Шылымның шумақталған түтініндей-ақ

сіңіп жоғалған әлдеқайда…

Мен олардың зиратын іздеген жоқпын,

Тәңірден

бір тал бидайға айналуды тілеп дұға жасадым.

 

Үңірейген сол бір нахан қуыста

Тек

Сазарған сөздердің,

Мұздай суық ырғақтардың,

Кебіні қурап кеткен кескіндердің иісі ғана мүңкиді.

 

Ол естемелердің қай бірін қозғасаң да

Тостағаныңа шым етіп таматыны

Ат басындай шердің сықыры,

Үрейлі мағынасыздық…

 

Олар зиратқа мұқтаж.

Қарғыс теңізінің үстінде

Суылдай ұшқан қорғасындардың елесіне саусақ созған олар

әлі де зиратқа мұқтаж.

 

V

Иен өлке,

Жермен-жексен боп батып кеткен жүдеу төмпешіктер,

Күбірінің көлеңкесі қобыздың шанағына жұғып қалған

Ескі қорқыныштардың өшкіндей бастаған ізі.

 

Батып кеткен күн қарап

Желге сыртын беріп біреу тұр.

Ол желді сезбегендей,

Жел оны сезбегендей.

 

Ескі төмпешіктің қол басындай ғана көлеңкесіне

                  қарай алып қараңғылық жылжып келеді,

Көкжиектің кірпігі айқаса бастаған,

Анадайда еңбектей сырғып бара жатады

Қарауытқан сұлбасы

Уақыттың.

 

Әбден қалжыраған,

Ұнжұрғасы түскен ол

Тәтті ұйқыға бас қойған,

Бір төмпешікке басын сүйеп.

Кенет

төмпешіктер ғайып болды.

Жоқ,

Төмпешіктер шексіз зорайып,

Қараңғылықты,

Әлемді болымсыз бір қалтарысында қалдырғандай.

Жоқ,

Төмпешік пен оның арасы мүлдемге алыстап,

Аралықтары жұмбақ бір анттың иіріміне түсіп кеткендей.

 

Иен өлке.

Ол.

Оның өкшесінің астында тұнжырап жатқан

Белгісіз

Ескі зираттар.

Мүлгіп тұрған жусандардың арасындағы

Уақыттың сүйретілген ізі.

 

Қисайған балбал түбінде тынып жатқан бейіт,

Бейіт ішінде ештеңе жоқ…

Немесе,

Ішінде ештеңе жоқ бейіттің басында да ештеңе жоқ.

Тарс жұмылған көзіңді ақырын ашқаныңда

Жаңа ғана қисайып тұрған балбал да ғайып болады,

Сағымдай дірілдеп барып.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 25.09.2021 | 18:54

这个娃娃了不起!

Аноним 25.09.2021 | 19:52

Әй, Арекем, Арекем!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір