Верлибрлер – көркем шындықты жеткізудің  жетілген формасы
24.09.2021
2178
1

Айгүл Үсен

«Күрделі заманның өнері де күрделі» – деп ақын Қ.Мырзалиев көрегендікпен болжап айтқан екен. Өнері күрделі кезеңге келіп, оқырмандардың аңтарылып қалғаны да рас. Қазіргі жас ақын-жазушыларды оқырмандардың танымауы, оқымауы, іздемеуі қазіргі өнердің осы бір сапасына байланысты.

Қазір өтпелі кезеңді өткерудеміз. Бұл кезең – оқырманға ғана емес, қаламгерлердің өзіне де күрделі. Материалдық-әлеуметтік мәселелерден өзге, идеялық, эстетикалық, философиялық, шығармашылық арна да – тұманды,  анықталмаған, бұлдыр-буалдыр дүние. Әсіресе жаңашыл жол іздеп, тыңнан түрен тартып, дәстүрлі емес, дара жол тапқысы келетін жастардың ізденісі қиындықпен өтуде. Жаңа соқпақ тауып, оны  жұрт мойындаған даңғыл жасау  кім-кімге де, қай кезде де қиын болған. Ал оны түсініп, тану, тереңіне үңілу оқырмандар мен әдебиетшілер үшін оңай емес.

Қазіргі поэзиядағы ізденістер бағытын жаңа үрдіске бұрған ақындардың біразында байқалады. Жас ақындар әлемдік поэзияда тосын форма, өзгеше түр болып танылған еркін өлеңдер жазуға құштар. Өлеңді дәстүрлі ырғақтардан азат етіп, ой мен сезімнің еркін үлгісі ретінде тану жаңа заман поэзиясында тәжірбиелік тұрғыда жүзеге асып жатыр. Бұл өлеңдер дәстүрлі ырғақтық-интонацииялық жүйеге құрылған Абай, Мағжан, Мұқағали өлеңдерінен өзгеше. Бұл өлеңдерді белгілі бір кеңістік пен уақытта ұстап тұра алмайсыз: қозғалысы мың  шиыр, мазмұнында белгілі бір өріс жоқ, тіпті кей тұстары түсініксіз шимайға да ұқсайды. Өлеңдер қазақша жазылса да, өлеңді түсіну үшін тіл меңгеру жеткіліксіз – іркес-тіркес тосын ойлардың жүйесін тауып, суреттің мәнін түсіну маңызды. Әрине, қаламгерлер мен оқырмандар арасында оны жақтаушылармен қоса, даттаушылар да жетіп артылады.

Маған аты-жөні жасырын ақынның  «Қисайған балбал» атты өлеңі ұсынылды. Шығарманы бірнеше рет қайталап оқып, қорытып, ақынның айтқанын түсінуге жол іздедім.

Қазіргі поэзияда балбал ұғымы кеңінен пайдаланылатын себебі: ол – біздің түркілік тамырдың символы, ежелгі бастауымыздың бір сипаты. Сонымен қатар, балбал – өлген адамның басына қойылатын сынтас. Оны жай нышан ретінде ғана емес, екі дүниені жалғаушы киелі дүние ретінде қабылдаған. Түркі танымындағы балбал – адамның жер бетіндегі бір белгісі, я қалған рухы. Сондықтан өлеңнің тақырыбынан-ақ оның мазмұнын барлауға болады. Мәңгіліктің мәселесі, о дүние мен бұл дүние арасындағы адамзаттың өзін іздеуі, өзгені сезінуі, әлемді танып, ғаламға құлаш ұруы – тақырып бізді осындай ойларға жетеледі..

Өлеңнің бірінші бөлімінде қайталанып отыратын «Биле» сөзі адамның өзге әлемді ұмытып, шын сезімге беріліп, ғажап күйге оралатын бидің сұлу сәтін сездіретіндей. Шынында, би  өнері ежелгі дүниетанымда  үлкен мәнге ие болған. Әлемнің көп халқы би өнері арқылы үлкен ой мен болмысты  жеткізе білген. Би – мейлі терең немесе қазіргідей жеңіл сапада ұғынылсын, адамның қимылы мен сезімінің ұштасқан ғажайып шағы.  Егер адам би мезетіндегі қас-қағым сезімі мен түйсігін сақтап, солай өмір сүретін болса, дүние жұмақтай сезілер еді. Ақын «Бұл дүниенің соңы – өлім ғана, қалатыны балбал тас пен бейіт басындағы белгі ғана. Сондықтан сезіммен, сұлу, мәнді, мазмұнды өмір сүру керек» деген ойды жеткізгісі келетіндей.

Екінші бөлімі тұнып тұрған сурет, жұмбақ бейнелер мен сансыз символдар. Адамға өз сезімін суреттеу қиын. Сезінген мен түйсінгенді жеткізу – баяндау әркімнің қолынан келеді. Бірақ сол сәттің суретін жасауды ешкім ойламайды да. Ал ақын бұл тұста сол  қас-қағым сәтте  лезде  өте шығатын, тіпті сезіліп те үлгермейтін шақты бейнелей алған. Ой мен қиял ғаламдық шексіздіктің бойына жетерлік. Оның өлшемі жоқ, ол өте жүйрік. Ақын суреттеуіндегі ғаламда бәрі мәнге, жанға  ие болғанмен, түбі – бостық. Кей физиктер ғаламды адам санасында бейнеленіп, оның санасында танымы мен көзқарасы, психологиялық ерекшелігіне сай өрбитін матрица сипатында таниды. Ақын жолдарына қарап, ғаламды көрудегі өз матрицасын ұсынғанын түйсінеміз.

Верлибрлер өлшемге бағынбайтыны секілді, оны жасаушылардың да  эстетикасы мен танымы, шығармашылық принциптері дәстүрлі поэзия түсінігінен бөлек. Олардың поэзиясы Сальвадор Далидың суреттері секілді әсер қалдырады. Сондықтан  осы  талдау негізінде авторды түсіну, оның тереңіне бойлау мүмкін бе?

Өтпелі кезең  өнері әрқашан бейнешіл болады. Мағжан өлеңдері де сондай кезеңде туды, бейнешілдігі басым болды. Өйткені қоғамдық көп сұраққа жауап болмағандықтан, ақын өз сезінгені мен түйсінгенін жазады. Онда қисыннан гөрі интуиция, болжам, сезіну басым. Түрлі оқырман өз әлеуеті мен қабылдауына сай түсінеді. Оларды «дұрыс түсінбеді» деп айыптауға болмайды. Себебі еркін өлеңдердің кеңістігі – шексіздік, уақыты – мәңгілік.

Жаңашыл ақындардың шығармашылығындағы суреттер сюрреалистердің көркемдік жүйесіне жақын. Сюрреализм 1910-1920 жылы Францияда пайда болып, өнерді бейсаналық, мифтік  танымға жақындатып,  болмысты иррационалды деңгейде танытуды мақсат етті. Болмыстың, қоғамдық сананың бейсаналық түрінде көрінуі – қазіргі ақындар шығармашылығындағы жетістік. Болмыс сана мен бейсанадан тұратыны ақиқат болса, бұл – сол болмысты жаңа қырынан тану. Бұрынғы сыншыл реалистік жүйеде танумен қатар, бейсаналық жүйедегі таным да қажет.

Қазіргі кезеңдегі әлемдік  өнерде уақыт пен кеңістік жоққа айналған. Бұл оның шартты ұғым екенін меңзейді. Адамзат эволюциялық дамудың нәтижесінде жаңа деңгейге көтерілді. Бұрынғы өнер адам бойымен шектелсе, ендігі өнер адамның ғаламмен  байланысына негізделген. Оны поэзия мен сурет өнері интуициясы мен түйсігінің аса жетілгеніне сай бірінші ұғады.

Өлеңнің үшінші бөлімін шартты түрде «қабір басындағы құбылыс» деуге болады. Қабірге тасталған топырақ, қурайлар, құстар, құйын, иығын сүйреткен  топ кісі қабірдің басын ғана емес, болмыстың өзін сипаттағандай. Ой мен суретке бай шумақ. Тілмен  айтылмайтын, тек түйсікпен барлап, сипап сезінетін шындық.

Әлемді толық тануға адам санасы жетпейтіні ақиқат. Мыңдаған ғылым саласы миллиондаған зерттеу институттары оны тану үшін күн сайын тер төгіп жатса да, тек өз қажетін өтеумен шектеліп қалып жатыр. Адамзат деңгейінен аса алмай келеді. Үй алдында өскен терек пен терезе алдында керіліп жататын мысықты да тани алмайтын шектеулі санамыз өнерде ғана өзге әлеммен үндеседі. Сондықтан өнер шектеулі болмауы керек. Иә, бұл өнер туындысы да обьективті емес, адамның субьективті танымынан туындайды.  Әйтсе де қиялында өзге әлеммен қиысып, оның біртұтас шексіз бола тұра сансыз тозаңдар мен бір нүкте ішіне сыйып кетер кереметін ұқтырады. Верлибрлер – осы ақиқатты, көркем шындықты жеткізудің нағыз жетілген формасы. Бұл өлеңдерде форма болу мүмкін емес, форма олардың мазмұнын өзгертіп, пафосынан айырады.

Құрт-қоңыз түріндегі тіршіліктің қызығы адамды рухтан айырып, батпағына батырады. Дүние қуған, материалдық құндылыққа бой алдырған қоғамдағы рухсыздық адамзаттың ғана емес, бүкіл табиғаттың трагедиясына айналған кезеңде бұл өлеңдердің маңызы зор. Оны түсініп, ұғып, өзін де, өзгені де құтқаратын адамзатта қауқар қалды ма?

«Зиратқа мұқтаж жандар» – адамзаттың үлкен зұлматының көркем бейнесі. Әділетсіз соғыстар, ғаламдық түрлі апаттар, қорғансыз, әлсіз ұлттарға жасалған геноцидтер, тіпті хабарсыз кеткен кішкентай адамдар – бәрі зиратқа мұқтаж. Өздерін есіне алып, тағзым етіп тұратын, жердегі соңғы, әрі мәңгілік жылуы жоқ үйі – қабір де бұйырмай кеткен  жандар қаншама? Миллиондаған кісіні зиратсыз қалдырған адамзаттың іс-әрекеттерінде мән жоқ, күрестерінде мағына  жоқ. Автор сол құрбандардың жер бетіне бидай болып өнуін қалайды. Ол аштықта жатқан  адамзат баласына талғажау болып, еңсесін көтерер ме еді?!

Өмірде бәрі өтпелі. Уақыт бәрін жоқ қылады. Уақыттың өкшесінде жаншылып, жоққа айналмайтын ештеңе жоқ. Алып жұлдыз – Күн де, мынау иен далада, сол  далада ойнақ салған   ұландар да өтпелі, тірліктері өлшеулі.  «Балбал» уақыттың озуы мен желдің тынымсыз тірлігінен, қозғалысынан мүжіліп, қисайған. Адам өзіне ескерткіш етіп, мәңгілікке белгі  қойса, ол да жоқ болады. Өйткені ол материалдық дүние. Ал заттардың ғұмыры  өлшеулі. Сондықтан бейіттер бос, балбал да шөккен, топыраққа сіңіп кеткен. Мынау әлем адам жанары жұмылғанда сағымға сіңіп жоққа айналады.

Әлемдегі поэзияның, тіпті барлық өнердің арқау еткен мәселесі – өмірдің өтпелілігі, уақыттың шектеулігі, дүниенің жалғандығы. Бұл – болмыстың ақиқаты. Сондықтан жаңа көркемдік жүйеде, соны әдіс-тәсілдермен жеткізген ақын өлеңі күрделі, оқырманды да ойлануға, суреттердің мәнін табуға, ізденуге шақырады. Қазіргі оқырман жай оқырман емес, ойланатын, интеллектуалдық сапасы жетілген жан болу керек. Мұндай верлибрлердің сыншылар тарапынан орынсыз, дәйексіз сыналып, көпшілік тарапынан қолдау таппайтыны сондықтан болар. Еркін өлеңдерді жатсынбай, түсініп, түйсініп,  бағалап, өмір мен өнерге сіңуін қамтамасыз ету керек. Сезімнен бұрын санаға, ой мен ақылға бағытталған ақын өлеңінің айтар ойы – адамзаттық биік өреде, ғаламдық байтақ кеңістікте.

                                            Айгүл ҮСЕН,

филология ғылымдарының докторы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 09.10.2021 | 21:21

Айгүл Үсен, қазақ әдебиетінің дамуына ат салысып жүрген, әсіресе қазақ поэзиясындағы өлең жырлардың құрылымын зерттеу жолында ерекше еңбектерімен ерекшеленетін ғалым. Зерттеу бағыттары күрделі болуына қарамастан ғалымның ізденістері мен еңбектері терең, жаңашыл., деңгейі құнды. Сіздің жаңа мақалаларыңызды асыға күтеміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір