Көркем шығарма — шексіз кеңістік
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды…» – деген сөз бар еді. Ал осынау бағыты бұлыңғыр жаңа кезеңге қаймықпай қадам басудың басты алғышарты – оқу. Әсіресе сан түрлі оқиғалар мен уақытты, түрлі тағдырлар желісі мен заман ағымын бір арнаға сыйдыратын көркем әдебиет адам санасының көкжиегін кеңейте түспек. Осыған орай, кітап оқу және еліміздегі кітаптың оқылу деңгейін арттыру жолдарына қатысты сауалдарды белгілі қаламгерлер мен әдебиеттанушылар: Нұржан Қуантайға, Есболат Айдабосынға, Айнұр Ахметова мен Ақерке Асанға қойып көрдік.
Барлық сюжеттің басы ертегілерде жатқандай…
Қ.Ә.: Кітап оқуға деген ынта-ықыластарыңызды, әдебиетке деген қызығушылықтарыңызды қандай кітаптар арттырды? Қай автордың қандай туындылары ерекше әсер етті?
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: Кітапқа құмарлығымды әкемнің ықыласы оятты. 1977 жылы Абайдың екі томдығы баспадан шығып, соны сатып алып, титул бетіне маған арнап тілек жазып, онысын оқып беріп, арнайы сыйлағаны бар. Мектепке бармай «Әліппе» оқып, қара таныған мен Абай атамның толық жинағын бас салып, ештеңе түсіне қоймасам да, ежіктеп оқуға кірісіппін.
Қалихан Ысқақтың «Тұйық» романын, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» роман-дилогиясын, Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көш» романының екінші кітабын ең әуелі «Жұлдыз» журналынан оқыған едім. Әрине, әкеммен қосамжарласа жүріп. Бұл – 1979-1980 жылдар. Әкем «Жұлдызға» ғана емес, «Шахматы в СССР», «Роман-газета» секілді орыс тіліндегі басылымдарға да жазылатын. Кітапханасы бай болмаса да, сол замандағы іліп алар кітаптың біразы болатын. 1980 жылы Ғабит Мүсіреповтің жаңадан шыққан, таңдамалы, жуан-жуан үш томдығын «Книги почтой» арқылы арнайы жаздырып әпергені көз алдымда. Төлен Әбдiковтің 1979 жылы шыққан «Айтылмаған ақиқат» жинағын, 1985 жылы шыққан «Өлiара» романын: «Осыларды оқы», – деп сатып әкеліп берген.
Орыс классиктерінің де қазақ тілінде шыққан кітаптары сөреде тұратын. Соның арқасында Тургеневтің 1965 жылы шыққан «Аңшының әңгiмесi» жинағын, 1966 жылы шыққан «Түтiн», 1968 жылы шыққан «Дворян ұясы» романдарын сегіз жасымда оқыдым. Достоевскийдің 1972 жылы шыққан «Қылмыс пен жаза» романын зорға оқып тауыстым, ал 1983 жылы шыққан «Нақұрыс» романын бастап, түсіне алмай, ақыры бітіре алмай, тастап кеткенім есімде.
Бердібек Соқпақбаевтың 1978 жылы шыққан «Өлгендер қайтып келмейді», Өтебай Қанахиннің 1979 жылы шыққан «Құдiрет», Естай Мырзахметовтің 1979 жылы шыққан «Он бес жыл өткен соң» романдарын жеті-сегіз жасымда аға-жеңгелеріммен таласып жүріп оқушы едім. Нағашы ағам сегіз жастағы мені нұсқап: «Осы бала не түсінеді кетпектей кітапты көтеріп алып?» – деп әкеме қарап күлгенде, «Е, оқысын, әркім өз керегін түсінеді ғой», – деп отыратын ол кісі.
Он жасқа толғанымда соқырішекпен ауырып, ота жасалып, ауруханада жаттым. Сол жердің тұрақты кітабы болса керек, мұқаба, титул дегеннен жұрдай, беттерінің шеті жырым-жырым болып, тоз-тозы шыққан дүниені тумбадан тауып алдым. Әлгі жинақтың басы жоқ, аяғы жоқ, авторы кім екені белгісіз, бірақ қай жерінен оқуға кіріссең де, үйіріп әкетеді екен, тіпті жетім өскен қыз баланың тағдырын оқығанымда көз жасымды сығымдап алғаным да есімде. Қойшы, сонымен әлгі дүниені екі күнде бас алмай оқып шықтым. Авторын кейін білдім, сол жинақ – Әзілхан Нұршайықовтың махаббат жайындағы повестері мен «Махаббат қызық мол жылдар» романы екен. Кейін ауыл кітапханасын түгендейтін болдық, сол жерден том-том кітапты ақтаратын болдым. Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың көп томдықтарын жетінші сыныпқа дейін оқып тауыссам керек.
Есболат АЙДАБОСЫН, жазушы: Тоғыз-он жасымда демікпе деген дертпен ауырып, көбіне үйден шықпайтынмын. Іш пысады. Не істейсің? Ол кезде қаптаған телеарна жоқ, «күндізгі телесеанс» деген айдармен түсте кино көрсетеді, соны көресің, одан кейін жатып алып кітап оқисың. Бір айда үйдегі ертегілер мен өзге кітаптар таусылды, бірер айда көрші-қолаңның үйіндегі кітап таусылды. Сатып алып оқитын болдым. Анам ауыл дүкеніне барып таңдап жүріп кітап алып келеді. «Бес ғасыр жырлайдыны» ары-бері төңкерістіріп сан мәрте оқыдым, кейіннен «Елім-ай» деген атаумен қалың кітап болып шықты. Оны да алып қайыра оқыдым, Доспамбет, Шалкиіз, Сүйінбайлардың жыр-толғауларын жатқа айтатынмын. Бір күні шешем ақшыл түсті сопақша келген үлкен кітап алып келді. «Ақ жол» деп аталады. Сыртында көзілдірік таққан қара сақалды кісінің суреті бар. Бас алмай оқыдым. Әуелі «Ер Сайын» жыры беріліпті, онан кейін «Әдебиет танытқыш», мысал өлеңдері. Ахмет Байтұрсынұлымен осылай танысқам. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген кітап болды, ішінде билер мен шешендердің нақыл сөздері топтастырылған. Сонда Бейімбет Майлиннің әкесі Майлы мен шешесінің қалай үйленгені жайлы шағын әңгіме бар, екеуі де – тақыр кедейдің баласы. Қыздың басы байлаулы, айттырып қойған. Майлы алып қашам деп қолға түседі. Атын ұмытып қалыппын, қазақтың бір белді биі әділ төрелік айтып, екі жасты қиянаттан аман алып қалады. Соңында: «Осы екеуінен қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлин туады», – деп түсіндірме жазылыпты. Осыны оқып алып әлгі жерде қанаттанбаймын ба, «мынадай тақыр кедейден туған бала әйгілі жазушы болғанда, менің нем кем?» деген бір ұшқын көкейде пайда бола қалды. Содан Бейімбетті іздеп жүріп оқыдым. Әңгімелерінің бәрі ұнайды, кейбір кейіпкерлерінің мінезі өзіміздің ауыл адамдарына ұқсайды. Мектеп оқулығында Бейімбеттің суреті бар екен, оны көріп тіпті құмарттым. Қайта-қайта қараймын, әлгі сурет өзіме ұқсайтын секілді көрінеді де тұрады. Аптасына бір моншаға түскенде шашымды тарап қоюшы едім, енді шашымды тура төбемнен қақ жарып Бейімбетше тарайтын болдым. Тараған соң айнаға қараймын, айнадан маған Бейімбет қарап тұрғандай болады. Мұхтар Мағауиннің «Аласапыранын» да сол жылдары алғаш оқыдым. Көп нәрсені түсінбеген екем, студент кезімде қайыра оқуға тура келді. Осылайша әдебиетке деген құштарлық пайда болды.
Ақерке АСАН, әдебиеттанушы: Мені өсірген алғашқы шығармалар – ертегілер. Тек қазақ ертегілері емес, әлем ертегілеріне де қанып өстім. Барлық сюжеттердің басы сонда жатқандай. Өз бетіммен алғаш толық оқыған кітабым – Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасы» (әкем арнайы таңдап әперген). Одан кейін Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпаны» да әдебиетке деген қызығушылығымды арттыра түсті. Мағжан Жұмабаевтың поэзиясына ғашық болып өстім. Оралхан Бөкей, Шыңғыс Айтматов, Қалихан Ысқақ, Ақселеу Сейдімбек шығармалары болмаса қарапайым тіршілік шын өмірге ұласпас еді… Мектепте орыс әдебиетіне құмар болдым. Пушкин мен Гогольдің прозасы ерекше әсер етті. Кейін Блоктың өлеңдерін таныдық. Орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі Майра Көшкінбайқызына айтар алғысым шексіз. Нағыз қызық жасөспірім шақта басталды – Лермонтовтың «Біздің заманымыздың қаһарманы» өмірімнің басты шығармасына айналды. Одан кейін шетел әдебиеті – М.Шэлли, Ч.Диккенс, У.Теккерей, Дж.Остен, Э.Бронте, А.Дюма, В.Гюго, О.Бальзак, Г.Мопассан, Т.Драйзер, Э.Хемингуэй, Дж.Сэлинджер, Дж.Апдайк, Дж.Стейнбек, У.Фолкнер, К.Воннегут, Ф.Кафка, Дж.Джойс, Ахмед Хамди Танпынар, Р.Гүнтекин, И.Өзел деп кете береді. Әлі күнге дейін Чеховтың әңгімелер жинағын өзіммен бірге алып жүремін. Абай мен Шәкәрімді түйсіну – бізге арман. Мен табиғатымнан кітап оқуға құмармын дей алмаймын. Кітап оқу мәдениеті маған тәрбиемен келді. Ата-анам, әжемнен, ұстазымнан көргенімді өміріме жаздым. Қазір, мәселен, магиялық реализм, ғылыми фантастика, фэнтези бағытында көп оқитын болдым. Кітап оқу белгілі бір міндет не шаруа емес, өмірдің өзі деп қабылданса керек. Ешбір бағдарлама, кеңес немесе бөлшек-бөлшек боп шығатын ұзын тізімдер бізге қажетті кітапты тауып бере алмайды. Кітап оқу үшін шынымен тәрбие керек. Егер қазір кітап оқу көкейкесті мәселелердің бірі болса, онда фокусты тәрбие мәселесіне назар аудару керек шығар. Бірақ кітап – тәрбие құралы емес. Көркем шығарма – шексіз кеңістік, мәңгілік тәжірибе.
Айнұр АХМЕТОВА, PhD, әдебиеттанушы: Кітап оқуға деген нағыз қызығушылығым университетте басталды. Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесі, С.Мұқановтың «Өмір мектебі» роман-трилогиясы, Ғ.Мүсіреповтің әңгімелері («Шұғыла», «Талпақ танау», «Жапон балладасы», көп…), С.Мұратбековтің «Жусан иісі», Қ.Ысқақтың «Қоңыр күз еді» повесі, ең бірінші кезекте Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы ұстаз», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Шырайлым менің, Шынарым», «Ақ кеме» шығармалары, одан кейін В.Гюгоның «Аластатылғандар», К.Гамсунның «Аштық» романдары, Л.Толстойдың әңгімелері, Дж.Лондонның «Мексика ұлы» әңгімесі, т.б. Көп еді… Т.Әбдіктің барлық шығармасын атауға болады. Ежелгі гректің Еврипид, Аристофанның драмалық шығармалары да виртуалды әлемге алып кететін. Басқа да шығармаларды оқыдық, бірақ қандай әсері болғаны есімде қалмапты. Мен студент болған кезде кітаптың барлығын кітапханада отырып немесе университеттің кітапханасынан сұрап алып оқыдық. С.Мұқановтың шығармаларын оқуға бүгінгідей сайттар жиі жариялайтын жазушының саяси «тұлғасы» кедергі келтірген жоқ. Әлі де жазушылығын өте жоғары бағалаймын. Қазіргі студент міндетті түрде оның саяси қадамдарын бір еске алып барып, шығармаларын баяндайды.
Адамның бүкіл болмысын: тағдырын, әлсіздігін, қажыр-қайратын, қуатын, сатқындығын, екіжүзділігін, жан қиналысын асқан байқампаздықпен, сезімталдықпен ана тілінде жаза білген жазушылар оқырманның көңіл төрінен орын алып әрі оның кітапқа деген махаббатын оятатын сияқты. Ондай кітаптар оқырманға таныс сезімдер мен идеяларды, кеңістікті, таным мен шаруашылықты, дәстүр мен тарихты баяндайды. Мысалы, Азия құрлығының оқырманы жас кезінде кітап оқыса, бірінші кезекте өзіне белгілі шындықтар мен құбылыстарды қабылдайды. Батыстық бейтаныс әлемді қабылдау арқылы кітапқа қызығушылығын ояту мүмкін емес деп ойлаймын. Жатақханада Амангелді Кеңшілікұлының әлем әдебиеті туралы жазбалары қамтылған кітабы кезекпен оқылатын. Кафка жайлы жазғаны қатты әсер еткені есімде. Одан кейін оқу бітіргенде әдебиетке жақын оқырмандардың, жазушылардың жазбалары, сұхбаттары астары терең, философиялық кітаптарды оқуға септесті. Жалпы көркем әдебиет оқыған адам өзін бақытты сезініп өтеді деп ойлаймын. Реалды өмірдегі өзі таба алмаған шындықтарды ең болмағанда кітаптан табады. Сөздің магиялық қасиетімен сол шындықтарды санасы көшіреді. Әлем, шын мәнінде, адамның санасында ғана өмір сүреді. Сана көзі әлемді қалай қабылдаса, адамға әлем сұлбасы солай көрінеді.
Өз тауарын сатуды білмейтін олақ кәсіпкер секілдіміз
Қ.Ә.: Елімізде кітаптың оқылуы қандай деңгейде деп ойлайсыздар? Ол көрсеткішті жақсарта түсудің жолдары қандай?
Айнұр АХМЕТОВА: Бұл сұраққа объективті жауап беру үшін қолымда сауалнама нәтижелері, әлеуметтанулық деректер болуы керек. Ондай зерттеулер жоқ болғандықтан, болжаммен жауап берейін. Төрт жыл бұрын фейсбук әлеуметтік желісінде оқырмандар электронды кітапты қаншалықты жиі оқиды деген мәселені айқындау үшін сауалнама жүргізіп көргем. Қатысушылардың жауап беру деңгейіне, яғни белсенділігіне көңілім толмады. Бәлкім, оқырманның көп бөлігінде сауалнамаға қатысып, проблеманы бірге шешейік дейтіндей түсінік қалыптаспаған шығар деген ойға келдім. Немқұрайдылық басым. Бұрынғы уақытпен салыстырғанда бүгінде біздің қоғамда кітап оқу мәдениеті өсіп келе жатқанын айтуға болады. Мысалы, жақында жазушы Әлішер Рахаттың «Параллель» романы жарық көрді. Сатылымы жақсы сияқты. Алдыңғы шыққан «Махаббатым constant» романы да қоса сатылып жатыр. Әлеуметтік желіде, әсіресе, инстаграмда кітаптың жарнамасы жасалды және әр облыстағы кітапқұмар жастар романның сатылуына септесуде. Әлішердің өзі де кітап сатылымына тікелей араласады. Бұл – жақсы бастама. Бірақ бұл құбылысқа қарап қазақ қоғамы кітапты белсенді оқиды деген тұжырым да жасай алмаймыз. Жеке өзіме жастардың кітап оқу деңгейін байқататын құбылыс – студенттермен жұмыс істегенде олардың қаншалықты жиі кітап оқитынын бақылау. Оқыған мектебі, отбасы оқуға жақсы көңіл бөлетін/бөлген студенттер кітапты жақсы оқиды екен. Оқушы кезінен бастап кітап оқуға дағдыланады және мұндай игі дәстүр көбіне қалалық жердегі мектептерде жақсы қалыптасқан. Ауылда да көркем шығарма оқытатын мектептер кездеседі, бірақ көп емес. Ал кітапты ең көп оқитын орта – әдеби орта: журналистер, авторлардың айналасы және өздері. Сонымен қоса, әдебиет пәнінен сабақ беретін ұстаздар. Бұған қарап, тағы да кітап жақсы оқылады деген қорытынды шығармауымыз керек.
Кітап оқуды дамытудың жолдары күрделі емес. Біріншіден, жергілікті әкімдіктер, волонтерлар қоғамның әртүрлі қоғам өкілдерін ынталандыратын шаралар ұйымдастырып, кітап оқуға тартуы керек. Әсіресе, ауылдық жерлерге осындай істер қажет. Мысалы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Шұғыла қорының демеушілігімен «Дария» дамыту орталығы «Тұлға болам» деген сайыс ұйымдастырып, озып шыққан оқырманға жүлде үлестірді. Студенттердің белсенді қатысқанын білемін. Бірнеше кезеңнен тұратын сайыс оқушыларға және ересектерге арналған. Жас ерекшелігіне қарай әртүрлі шығарма бойынша тест алынады (басқа да формалары бар шығар). Жүлделері де оқырманды қызықтырады. Мысалы, шетелге саяхатқа жібереді, Түркияның үздік университеттерін аралатады, әртүрлі гаджеттер сыйлайды, т.б. Бұл сайысты былтыр телеграм каналында, инстаграмда жүргізді.
Кітап оқытуды жетілдірудің екінші жолы – кітап дүкендерін көптеп ашу керек. Шалғай мекендерде дүкендер бар ма?.. Жеке өзім анда-санда сапарға шыққанда кітап дүкендерін көрген емеспін. Адамды бірдеңеге үйрету үшін көзге көрсету керек. Аялдамаға бара жатса да, базарға бара жатса да, достарымен кездессе де алдынан қол бұлғап кітаптар шыға келуі керек. Оқымауға басқа себеп, жол қалдырмау қажет.
Есболат АЙДАБОСЫН: Осыдан үш жыл бұрын ұлттық арнадағы «Қарекет» бағдарламасында «Кітап оқу мәдениеті» тақырыбын талқылағанбыз. Инабат Құсайынова деген қарындасымыз қатысты. Сол қыз аптасына үш-төрт кітап оқиды екен. Үш тілде де оқи береді. Қазір бізде Инабаттар аз шығар, дегенмен олар күн өткен сайын көбейіп келе жатыр. Қазақ қоғамы, әсіресе ақылды жастар кітаптың берерін әлеуметтік желі бере алмасын түсіне бастады. Түсінбей жүргендер де жетерлік. Олар – әдебиеттің емес, әлеуметтік желінің оқырманы. Біздің идеологтар бірінші кезекте осымен айналысуы керек. Сырымбек Тау секілді азаматтар кітап оқуды насихаттап, оқырмандар арасында түрлі байқаулар өткізіп, жүлдеге пәтерге дейін тігіп жатыр. Меценаттар бастаған осы шаруа мемлекеттік деңгейде қолға алыну керек деп санаймын. Әрі әдебиетке осындай жанашырлық танытқан кәсіпкерлерді де ынталандырып, өзгелерге үлгі қылып көрсету қажет. Оларды көріп басқалар қозғалсын, мұндай азаматтардың көп болғаны ең әуелі әдебиет өкілдеріне, содан кейін жалпы халыққа керек. Осы ретте Жазушылар одағы әдеби жыл қорытындысында осы жігіттерді шақырып, құрмет көрсетсе деген ұсынысым бар. Кітап шығару ісіне демеушілік танытқан, байқаулардан қаржысын аямаған азаматтарға арнайы бір сыйлық тағайындап қойса да артықтық етпейді.
Екіншіден, біздегі көркем әдебиеттің оқылымы іскерлік әдебиеттен, қалай тез баюға болатынын үйрететін, бақытты болудың құпиясын ашатын психологиялық еңбектерден қалыңқы екені жасырын емес. Ана жолы І.Жансүгіров атындағы ЖМУ журналистика факультетінде оқитын төрт-бес студент жұмыс сұрап келді. Әңгімелесіп отырмыз. «Кітап оқисыңдар ма?» – десем, «Оқимыз», – дейді. «Қандай?» – десем, бизнес стратегия, психология, т.б айтады. Ал біздің Тәкен Әлімқұлов, Төлен Әбдіктерді танымайды да. Болашақ журналистер, сөзбен жұмыс істейтін мамандар осындай болғанда басқалар жайлы бағамдай беріңіз. Алдыңғы жылы Алматы облыстық С.Сейфуллин атындағы кітапхана бір жыл бойы арнайы журнал ашып, тізім жүргізіпті. Оқырмандар іздеп келіп, өздері тауып бере алмаған кітаптарды жазып отырған. Сол тізімге қарасаңыз, көп нәрсені түсінесіз. Баян Есентаевадан бастап, Қуаныш Шонбай, Кәмшәт Бекжігітова, Қайрат Нұртастың келіншегі дейсіз бе, бәрінің кітабы бар. Ал қазақ әдебиетінің белді өкілдері жоқ. Бұл жерде жоғарыда аты аталған әнші, кәсіпкерлердің еш кінәсі жоқ. Өзіміз кінәліміз. Жарнама жасамаймыз, кітабын жарнамалап жатқандарды жақтырмайтынымыз тағы бар. Ал әлеуметтік желіде жарнамаң болмаса, интернет дүкендерде кітабың тұрмаса, оқырман сендей жазушы барын қайдан біледі?! Біз бір өз тауарын сатуды білмейтін олақ кәсіпкер секілдіміз, тауарды өндіреміз де, үйге қаттап жинап қоямыз. Керек адам келіп алсын деп отырамыз. Білетіндер алар, білмейтіндер қайдан алады? Ол тауарды базарға шығару, жарнама жасау, кітап саудасында аты озып тұрғандардан үйреніп, олармен бәсекеге түсу жағын ойлайтындар аз. Осындай енжарлықтан кейін әдебиеттің оқырмандарын басқа бағыттағы «жазушылар» алып кетіп жатыр.
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ: Дұрыс. Елімізде кітап оқу деңгейін жақсарта түсу үшін оқырманды ынталандыру жұмыстары мемлекеттік деңгейде жүргізілуі керек. Онсыз ештеңе шешілмейді.
Кітап эмоцияны баланста ұстауға септеседі
Қ.Ә.: Күнделікті қанша уақытты кітап оқуға арнайсыздар? Кітап оқуда, ондағы қажетті дүниелерді есте қалдыруға бағытталған қандай әдістеріңіз бар?
Есболат АЙДАБОСЫН: Осы жағынан ұяттымын. Марқұм Бейсен Құранбек ағам да қанша рет айтты, тіпті өзі «мынанша уақытыңды жұмысқа, мынаны оқуға, мына бөлігін жазуға пайдалан» деп бір бет қағазға сызып тұрып берген. Бірақ сол стандартқа көндіге алмай-ақ қойдым. Жазуға, оқуға көңілім қалаған кезде кірісем. Кейде жұмыс арасында бір-екі әңгімеден оқып тастаймын. Кейде бір кітапты бастап кетсем, бас алмай үш-төрт күнде бітіріп тастаймын, кейде айлап кітапқа жоламай кететінім де бар. Сондықтан әзірге бұл тұрғыда мақтана алмаймын.
Ақерке АСАН: Кітап оқуға бөлек уақыт арнау қаншалықты мүмкін екен? Тамақтану, ұйықтау, тыныс алу іспеттес дүние емес пе?! Әрине, уақыттың тығыздығы өз дегенін істейді. Бірақ оқимын деген адам үшін бұл кедергі емес екені анық. Әрдайым кітап ұстап жүруге тырысамын – телефон, ноутбукта дәйім дайын кітаптар жинағы тағы бар. Үйде жеке кітапханамды жинақтау – бала кезден сіңген дүние. Айлығымнан кітап алуға белгілі бір қаражат бөліп отырамын. Кітапты қарындаш, стикерлермен оқуды әдетке айналдырдым. Кейбір дүниелерді бірден компьютерге жазып алу да кейін жұмыс істеуге жақсы көмектеседі. Көлемді кітаптарды 3-4 бөлікке бөліп, жоспарлап алсам, тезірек бітіремін. Дегенмен кітапты тез оқу міндет емес қой. Кейбір кітаптарды тіпті аяқтауға қимайсың…
Айнұр АХМЕТОВА: Тіршілігім кітап оқумен тікелей байланысты, бұған өзім ризамын. Уақыт, жазу және кітап оқу бір бүтінге айналған десем де болады. Бұл асыра сілтегендік емес. Шынында солай. Дегенмен кітап оқығанда көңілдің тыныш, сананың тұнық болғаны абзал. Жақсы нәрсенің бәрі ой тұнық кезде келеді және жазылады. Қазіргі уақытта адамдар бес минутсыз бірдеңе көрмей, оқымай отыра алмайтындай көрінеді. Әрине, бұл «бес минуттардың» көбі желідегі ақпараттарды оқуға кетеді. Кітап оқығысы келген адам күнделікті жоспарында кітап оқуға да орын қалдыруы керек. Кітап адам бойындағы эмоцияны, ерік-жігерді, күш-қуатты баланста ұстауға септеседі, ең бастысы, тірі жанға аяушылық, мейірім, қамқорлық танытуға үйретеді. Мемлекет басшылары халқына (тек халыққа емес) кітап оқытуға көп көңіл бөлсе, сансыз байлыққа кенелер еді. Қоғамдағы моральдық проблемалардың шешімі де өздігінен табылады. Украинадағыдай нақақтан-нақақ адам қаны төгіліп, жас нәресте өлтірілмес еді.
Өз басым кітап оқуға арнайы уақыт бөлінуі керек деп есептеймін. Кітап оқығанда ешкім, ештеңе оқырманды мазаламауға тиіс, оқып жатып көп кідіріс жасала берсе, атмосфераны сезіне алмай қалады. Кітапты жылдам оқып бітіру басты мақсат болуы керек. Кітап оқу барысындағы мұндай «жұмақты» жасап алуға болады. Сөйтіп қана күрес-өмірдегі өзіміздің бірегейлігімізді табамыз, бойдағы эстетикалық жетімсіздіктің орнын толтырамыз. Одан кейін оқығанды есте сақтаудың жақсы әдісінің бірі – конспект жасау. Оқығанды талдап жазу – өзіңмен өзің талқылау өткізу, кітап идеясын ары қарай дамыту. Яғни мәтіннің ішіндегі статикалық ойларды блокнотқа талдап жазу арқылы кітапты динамикалық сипатқа ендіру. Конспекті де кітапты толықтай ойда сақтап қалудың жолы емес, тек оқығаным зая кетпесін, желідегі ақпараттар ұмыттырып жібермесін деген күмәннің алдын алу. Кітаптағы құндылықтарды есте сақтаудың ең ұтымды жолы – кітапқұмарлармен бірге жиналып оқыған кітапты талқылау. Одан кейін кітаптарды өзгелердің ұсынуымен немесе «әлемде оқылуға тиіс үздік кітаптар» айдарымен оқыған да тиімді. Бұл жалпы оқырманға қатысты. Ал зерттеушілер (көркем шығармашылықты) саралау, талдау үшін көп кітап оқуға міндетті.
Қ.Ә.: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымыздың, яғни барша қазақстандықтарды XXI ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – екені айтылады «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалада. Цифрландырудың бір жемісі – электронды кітап қағаз кітапты алмастыра алуы мүмкін бе?
Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ: Электронды кітап пен қағаз кітаптың айырмасы оңаша, онымен бетпе-бет, жеке қалғаныңда сезіледі. Кейбіреу компьютер экранынан оқығанды жөн көреді, біреулер кітаптың өзін оқығанды ұнатады. Адам баласы келешекте электронды кітапқа толық көше ме, жоқ па, болжау қиын. Зерттеушілер электронды кітап әзірге бүкіл кітап сатылымының 10-15 пайызын ғана алып отыр дейді.
Шағын мәтінді оқуға келгенде электронды кітап пен қағаз мәтін арасында бәлендей айырма жоқ. Әйткенмен, зерттеулер көрсеткендей, экраннан емес, қағаз кітаптан оқығанда ғана студенттер көп нәрсені есте сақтай алады екен. Меніңше, қағаздың иісі шыққан кітап кісінің түпсанасында әлдебір сезімді оятатын сияқты. Ерекше мейірлі сезім. Электронды кітапты немесе планшетті ұстағанда мұндай сезім тумайды.
Айнұр АХМЕТОВА: Электронды кітап қазіргі уақыттың өзінде оқылып жатыр. Тіпті дәстүрлі кітаптан да көп оқылады. Бірақ бұл үрдіс оқырман қағаз кітапқа қарағанда электронды кітап оқығанды артық көреді дегенді білдірмейді. Қолда смарт телефон мен интернет болғандықтан, оқудың ең ыңғайлы нұсқасын – цифрлы нұсқаны таңдайды. Оқырман, бар болғаны, уақыттың ағымымен, ғылым мен ақпараттық технология тудырған мүмкіндікті пайдаланады. Бұның да артықшылығы мен кемшілігі көп. Ең бастысын атасақ, біріншіден, электронды кітаптар бір мезетте бірнеше аудиторияға қолжетімді, екіншіден, республикадағы аз тиражбен басылып шығатын кітап тапшылығы проблемасын шешуге септеседі. Үшіншіден, қағаз ағаштан жасалатыны белгілі, яғни электронды кітап ағаш аз кесіліп, экологияны қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар автор өзінің жеке парақшасына кез келген шығармасын жариялай алуы, мәтінді іздеу мен шексіз сақтау мүмкіндігінің болуы, автор мен туындының жылдам танылуы, оқырман-автор арасында интерактивтік байланыстың орнатылуы сынды артықшылықтары бар. Кемшілігі ретінде кейбір ортақол немесе деңгейі төмен туындылардың жоғары бағаланатынын (сұрыпталмай жариялана береді), әртүрлі деңгейдегі қате көп кездесетінін, авторлық құқықтың сақталмауын, адамның көру мүшесіне зақым келтіруін, гаджетте көлемді жанрларды оқудың қолайсыздығын және т.б. атауға болады.
Ал қағаз кітап оқудың да артықшылығы орасан көп. Ең бастысы, оқу үдерісі барысында адам назарын толықтай кітапқа аударуға мүмкіндік береді. Оқығысы келіп жүрген кітап болса, дүкенге барып сатып алады. Оқу үшін арнайы бос уақыт арнайды. Мәжбүрлі түрде біраз уақытқа телефоннан алыстайды (соған тырысады). Кітаптың әр бетін қиындықсыз, ерекше құлшыныспен парақтап ашып оқиды. Электронды кітап сияқты сайттың/гаджеттің/әлеуметтік желінің бір функциясына байқаусызда саусағы тиіп кетіп, басқа кеңістікке түсіп кеткендегідей қабағы қатуланбайды. Яғни қағаз кітап оқығанда адамның өзінің кітап оқымауға деген құлқынан басқа «функциялар» (интернет алаңдарының тілі) кедергі келтірмейді.
Қағаз кітап жүздеген жылдар бұрын пайда болды ғой. Оқырман көп уақыт бойы қағаз кітап оқуға дағдыланған. Кітап дегенде ойға ең әуелі дәстүрлі кітап оралатыны мәлім. Көркем әдебиет оқу да – музыка тыңдау, ән айту, саяхатқа шығу сынды демалыстың бір түрі. Яғни адам жеке өзі қалып, кітап оқу арқылы өз-өзін рухани-моральдық тұрғыда байытып, демалғысы келеді. Енді біреулерге кітап оқу – жұмыс. Әсіресе, зерттеу саласындағы мамандар үздіксіз кітап оқиды. Электронды кітап қағаз кітапты алдағы сексен-жүз жылдықта толыққанды алмастыруы мүмкін емес деп ойлаймын.
Ақерке АСАН: Қазірдің өзінде 50/50 алмастырған сияқты. Ең үздік кітапханалардың қорына қол жеткізу де қиын емес. Мен үшін айтарлықтай айырмашылық жоқ. Ыңғай мәселесі. Маған қолда ұстап оқыған кітаптар жақынырақ. Бірақ көп еңбектерді электронды нұсқада оқығаным бар, әлі де гаджеттерден оқып жүремін. Заманына қарай адамы. Десек те, кітап нарығындағы жаңалықтар қарқынды дамып келе жатқанын да көріп жүрміз. Бұл – үлкен нарық. Кейбір адамдар кітапты коллекция етіп жинақтайды. Отбасылық кітапханалар болады. Сондықтан электронды кітаптар қағаз кітапты толық алмастыратындай жаңалық емес, тек қосымша құрал ретінде ғана қызмет атқарып келеді.
Есболат АЙДАБОСЫН: Телеарна пайда болғанда радио құрыған жоқ, кино шықты екен деп театр тоқырамады, сол секілді интернет порталдар пайда болды екен деп газеттер жұмысын тоқтатпады. Керісінше, бұл жаңалықтар олардың тынысын ашты. Сол секілді электронды кітап мен қағаз кітапты қарсы қоюдың қажеті жоқ. Бұлар бір-бірін толықтырып тұрады. Бұлардың бәрі – кітап. Мәселе кімнің қай нұсқаны таңдауында ғана. Қазіргі технологиялық жетістіктер бізге кітап оқудың түрлі тетігін ұсынып отыр. Біреу кәдімгі қолға ұстап оқитын кітапқа дағдыланып қалған, қалғанына беттей алмайды. Екінші біреу компьютерден, арнайы планшеттен оқығанды қалайды. Ал үшінші адам екеуінен де оқи береді. Өз басым соңғысына жатамын. «Үркер» мен «Елең-алаңды» компьютерден оқыдым, мысалы. Тіпті аудиокітаптарды тыңдағанды жақсы көрем. Екі-үш жыл бұрын жұмыс барысымен Алматыға аптасына бір баратынмын. Орысша, қазақша аудио кітап қосымшаларын смартфоныма көшіріп алғанмын. Жол бойы тыңдап барам, «Жүз жылдық жалғыздықтан» бастап біраз шығарманың аудио версиясын тыңдап шықтым. Жақында ғана қолыма Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейдісі» мен «Ұлыма хат» шығармасының дискісі түсті. Көлігімнің магнитофонына қосып екеуін де тыңдап шықтым. Меніңше, болашақта аудио кітаптар көбейіп, оның тұтынушыларының да саны артады. Қазір қарбаласқан кезең, отырып кітап оқуға екінің бірі уақыт таба бермейді. Ал аудио кітапты көлікте де, көшеде жаяу кетіп бара жатып та тыңдай бересің. Бізге қазақ әдебиетінің аудио нұсқасын көбейту керек.
«Алқа» отырысын ұйымдастырған
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА