КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТТІҢ КӨРКЕМ ШАҺАРЫ
Тарихқа тұтас бір халықтың тағдырын арқалап кірген қалалар болған. Алматы – сондай тарихқа келген һәм тағдырлы қала. Сол үшін Алматымызды ардақтауымыз керек, аялауымыз керек.
Азаттығымыздың отыздан озған жасын асқақ рухпен қарсы ала отырып, «Қазақ әдебиетінің» толайым нөмірін Тәуелсіздігімізді тал бесігіне бөлеген Алматы қаласының кешегісі мен бүгінгісіне арнадық.
Мархабат, мырза оқырман!
РЕДАКЦИЯДАН
Өткен ғасырдан бастап Алматы нағыз Әдеби қалаға айналғаны рас және солай бола береді де. Қазақстан Жазушылар одағының «Қазақ әдебиеті» газеті мен басқа да баспасөз орындары жырға қосып келе жатқан Алматының кешегісі мен бүгінгісін бір сәтке еске түсіріп көрейікші.
Иә, мұндайда Қазақстан Жазушылар одағының 1934 жылы алғаш өткен құрылтайы, «Жұлдыз», «Простор» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газетінің мерейтойлары, Мұхтар Әуезовтің және қазақ әдебиетінің басқа да классиктерінің бүкіл еліміз болып атап өткен ұлан-асыр мерекелері, сонымен қатар Азия және Африка елдері жазушыларының Халықаралық әдеби конференциясы (1973 ж.), басқа да әдеби игілікті де ізгілікті іс-шаралар еске түседі.
Міне, осының бәрі асқар Алатаудың баурайындағы ару Алматыда тұратын ақын-жазушылардың есінде мәңгілік қалатыны сөзсіз.
Қазақ мемлекетін ұзақ жылдар басқарып, халық сүйіспеншілігіне бөленген тұлғалы қайраткер Дінмұхамед Қонаев пен Еңбек Ері, әдебиетіміздің аса талантты тұлғаларының бірі Олжас Сүлейменовтің кіндік қандары тамған жері де – Алматы.
Ақын-жазушылар мен Алматы қаласы басшылығының арасындағы тығыз да үйлесімді ынтымақтастықтың арқасында осының бәрі алдағы жылдары да жалғаса беретініне сенімім мол. Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын!
Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері
АЛАШТЫҢ АЛМАТЫСЫ
Бүкіл алаш баласының аңсарына айналған Алматы қаласының қандай айрықша қасиеті бар екен десеңізші… «Ауасы» дейін десек, Көктөбеге шыққанда шаһардың буалдырланған «көк көрпенің» құшағында екенін көреміз де, ойланып қаламыз. «Алмасы» дейін десек, баяғы баланың басындай апорттар азып-тозып, оларды қайтадан көптеп өсіру енді ғана қолға алынып жатқанын еске түсіріп, тағы мүдіреміз. «Адамдары» дейін десек те, «жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде» екенін білетіндіктен, бүгінде екі миллионға жуықтаған алматылықтарды қалған қазақтан алабөтен айрықшалаудың қисынын таппай қиналамыз. Әлде өзгеше «аурасы» ма екен?..
Қалай болғанда да, Қазақстанның қай бұрышын мекендесін, кез келген қазақтың Алматыға қарап алаңдап тұратыны рас. Қызы мектеп бітірсе де, ұлы жұмыс іздесе де, тіпті немересін қыдыртса да, алғашқы таңдау міндетті түрде Алатау баурайындағы әсем қалаға түседі. Бәлкім, жүз жылға жуық республика орталығы болғаннан кейін әлі де елдің санасына ерекше ыстық па екен?..
«Гүл-қала, арман-қала»
Әйтеуір астаналық мәртебесін Арқадағы аршыған жұмыртқадай ақшаңқан шаһарға тарту етсе де, «гүл-қала, арман-қаланың» орны қазақ үшін қашанда бөлек. Кезінде алты алаштың барша ардагер ақсақал-қарасақалының басын қосқан, ұлт басына үрейлі заман туғанда исі қазақтың есінен осы иен даланың иесі өзі екенін шығармаған шырайлы шаһар бұл. Халқымыздың талай марғасқа ұлдарына пана болған, қазақтың қайран игі жақсылары мен жайсаңдарының ізі қалған іргелі мекен. Бүгінде самайын ақ қырау шалып, аяғынан гөрі таяғына көбірек сене бастаған әке-шешелеріміздің әрқашан әсерлене әңгімелер қызығы мен шыжығына, «махаббат қызық мол жылдарына» куә болған әсем Алматы емес пе бұл? Қала берді, өзгеге есесі кетіп, еркінен айрылып бара жатқанда, ұлттың есін жиғызған «Тәуелсіздіктің алтын бесігі» ғой бұл қала!
Халқымыздың тәлейіне жазылған қилы-қилы заман секілді, Алматының басынан да нешеме аумалы-төкпелі кезең өтті. Мұны арыға барып арып-ашымай-ақ, осыдан он шақты жыл бұрынғы ахуалдың ауанынан да аңғару қиын емес. Кезінде аға-апаларымызды «Алматының әні қандай, алмасының дәмі балдай…» деп шырқатқан тамаша шығармаларға арқау болған шаһардың әп-сәтте сәнінен де, әнінен де, әрінен де айырылып (бәрінен айырылып қалмағанына бәрекелді дейік), жұртта қалған жұпыны ауылдың күйін кешкен кездер де кездесті. Баяғыда Әсет Бейсеуов пен Тұманбай Молдағалиев «жап-жасыл орман қала» деп әнге қосқан әсем қала сол өзіне көрік берген көгалын көлденең көк аттыға кесіп ұстатып, ажарын көмескілендіріп те алған мезгілдер болды. Сол ағаштардың орнын ішінен қолағаштай мұрын шығып тұратын ақша айырбастау пункттері, он метр сайын орналасқан жанармай құю стансалары, қалаған жеріне қалай болса солай қонжия кеткен казинолар басқан уақыттар да көз алдымызда. Бұған көрінген жерге көсілтіп сала берген ірілі-ұсақты базарларды, оның маңының адам айналып жүре алмайтындай қоқыс үйінділеріне айналғанын қоссаңыз, сол кезеңдерде Алматының елдегі ең лас қалалардың бірі болғанына көз жеткізесіз.
Оны айтасыз, «Алматы деу – орыс тілінің заңдылығына сәйкес емес, сондықтан шаһардың Алма-Ата деген «бұрынғы атауын» қайта қалпына келтірейік!» деген ұсқынсыз ұсынысқа қос қолын көтеріп, қосылғандардың қатарында қаланың қаңқасы қаланғаннан оны «Алматы» деп келе жатқан, «Алма-Ата» деген жасанды атауды мойындамайтын қазақтың Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев секілді танымал тұлғалары да бар еді. Бұл аз болғандай, Верный бекінісінің салынған жылын қаланың пайда болған уақыты деп белгілеп, «Алматының 150 жылдығын тойлайық!» деп аяқ-табағын көтеріп, алашапқын болған ағайындар да аз кездескен жоқ. Бір қуаныштысы, қазақтың жөн білер зиялы қауымы мен ұлттық мүддеге келгенде ұйыса кетудің сирек үлгісін көрсеткен бұқаралық ақпарат құралдары бұл екі ұсынысқа да лайықты уәж айтып, тоқтатып тастады.
Көлік біткен көсіліп
жүріп жатыр
Қазір Алматыда қазақтың рухын биіктететін, еңсесін тіктейтін іргелі іс-шаралар жиі және тұрақты атқарылып келеді. Бұған қоса «Жол картасы» жобасы бойынша жасалып жатқан жұмыстар да назар аудартарлық. Рас, баяғы әкімдердің кезінде де жол, аула жөндегіштер жыл сайын шұқыр-шұқанаққа шұқшия үңіліп жататын, бірақ бетін ғана жеңіл-желпі сылап-сипай сала ма, әлде басқа себебі бар ма, кім білсін, әйтеуір бір жағын жөндеп болмай жатып, екінші шеті екі кисең тесіліп қалатын кытай шұлығындай шұрық-тесік боп шыға келетін. Ал қазір кейінгі уақытта жөнделген көшелермен көлік біткен көсіліп жүріп жатыр. Сондай-ақ иттің күркесіндей қаптаған ұсақ дүңгіршектердің азайып, қалаған көше қиылысы мен бұрылысын сауда алаңына айналдырып жіберген берекесіздіктің де беті қайтып қалғанын айтуға тиіспіз.
* * *
…Бір өкініштісі, кейінгі уақытта исі алаштың игілігі саналатын шаһарды өздерінің тайпалық тақиясының шеңберіне лайықты етіп тарылтқысы келетіндер шыға бастапты. Олардың «Бұл – біздің жер, біздің қала!» деп келетін өзгені кеудеден итерер өктем сөздері жіліктің майлы басына майлы күйедей жабысып, айрылмай, қоңданып жүрген қоңсы елдің осындағы диаспорасына қарата айтылса мейлі еді. Керісінше, өздеріндей қазаққа, «айыбы» – Алатаудың етегінен алысырақта туған қандасына бағытталатын сияқты…
«Ит үреді, керуен көшеді» демей ме аталарымыз. Танымы танауының алдындағыдан аспайтын ат төбеліндей әулекі топтың ондай «әләуләйіне» қарамастан, Алматы – қазақтың қасиетті қара шаңырағы, әрі алаш баласын алаламай құшағын жайған жайсаң қалпында қала беретіні күмәнсіз.
Сәкен СЫБАНБАЙ
АЙДЫНДАЙ БЕР, АЛМАТЫМ!
Ауылда 9-класта оқитын мектеп болмай 1963 жылы Алматыға келдік. Жатып оқитын мектеп-интернат іздеп. Алматыдағы 12-мектеп-интернаттың жатақханасы Фурманов пен Фрунзе көшелерінің қиылысында екен. Жартылай жертөле үй. Оншақты бала топырлап бір бөлмеде тұрдық. Күн сайын бозалатаңнан сонау Горький паркі жақтағы мектебімізге қарай Панфилов паркі арқылы жөңкіліп бара жатамыз.
Алматыда өткен алпыс жылымыз осылай басталды. Алпысыншы жылдардағы Алматы ауылға ұқсайтын. Көшеде көлік аз. Алматының апорттары тура көшеде өсіп тұратын. Исі бұрқырап. Тротуарда сылдырап аққан бұлақ. Балалық әсерден бе, сол Алматы жүрекке тым жақын, жылы болды. Сондықтан да, алыс кетсек апорт жұпары аңқыған Алматымызды сағынатынбыз. 1995-2004 жылдары Прагада Азаттық радиосында жұмыс істедік. Прага – ғажайып қала. Бірақ біз сарғайып Алматыны сағынатынбыз. Әуежайдан түскен сайын тура өз үйімізге келгендей болатынбыз. Бірінші Алматының қиқы-жиқы көшелерін көргенде елжіреп кететінбіз. Беу, Алматы! Жер бетінде жанға ыстық сендей мекен бар ма екен?! Алматыға бауыр басқанымыз сонша, бүгінге дейін басқа қалаға бара қалсақ күн өтпей Алматыға қашқымыз кеп тұрады. Алматысыз Қазақстанды елестете алмаймыз.
1986 жыл. Желтоқсан. Алматының бас алаңы толған жастар. Жүректерінде – намыс. Көздерінде – жас. Қонаевты ғана емес, Кремль биліктен бүкіл қазақты лақтырғандай. Ел емессіңдер деп. «Қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді». Ал намыс буып алаңға шыққан жастар болса, Кремль шешіміне қарсы шығудың қаншалықты қауіпті екенін елер емес. Қауіп-қатерден қаймығар емес. Оларды аяған Роза апай Бағланова айқай салып тұр шырылдап, «Тараңдар! Құрисыңдар! Аямайды!» деп. Бірақ ашынып, жанығып алған жұрт ол басалқы сөзді тыңдар емес, тарқар емес. Ал алдарында Горбачев жіберген мұздай қарулы алыпсоқтар тұр. Қолдарында күрек. Ақыры, Роза апайдың айтқаны келді. Кеш түсе, қалың әскер қазақ жастарына тап берді. Күректерін көтеріп. Алаң қанға боялды. Қып-қызыл шайқас басталды. Бір жағында – қарусыз жастар. Оған қарсы – қарулы жендеттер. Жүздеген жас баудай түсті. Мыңдаған жас майып болды. Милиция бөлімшелеріне тоғытылды. Совет өкіметіне қарсы көтеріліс Алматыда бұрқ етті. Бүкіл әлем БАҚ-тары шулап кетті. Өйткені бұл Совет Одағы аталатын қызыл империяның қабырғасына қарсы тас атқан алғашқы көтеріліс еді. Еш мызғымастай көрінген қызыл империя қабырғасы осы Алматы көтерілісінен кейін сықырлай бастады. Ақыры, шаңырағы шайқалып, 4-5 жылға жетпей құлап түсті. Желтоқсандықтардың қаны төгілген Алматының бас алаңында ата-бабамыз арман еткен Тәуелсіздік туы көтерілді. 1991 жыл. Тағы желтоқсан. Өмірге тәуелсіз Қазақстан келді. Тарихтың жаңа парағы ашылды. Қызыл империя күйрендісінің үстіне тәуелсіз Қазақстан тәй-тәй басып алғашқы қадам аттай бастады. Дүкендері жылан жалағандай ашқұрсақ Қазақстан. Бірақ біресе көк туына қол соққан, біресе төл теңгесіне қуанған, біресе елтаңбасына, біресе әнұранына мәз болған ашқұрсақ халық мойыр емес. «Мың өліп, мың тірілген», енді өлгені тіріліп, өшкені жана бастаған халық ешнәрсеге мойыр емес. Азаттықтың ақ таңы атып, енді, дуылдасып, өз шаңырағын өзі көтеріп жатты. Қазақстанның көк туын көріп қуанбай, қуарғандар болса миллиондап көшіп жатты. Жәй көшіп жатпады. «Көрерміз көктегендеріңді!» деп кекетіп кетіп жатты. Бұны біз өз көзімізбен көрдік. Тіптен Бзежинскийдің өзі бұл елдердің, Орталық Азия елдерінің тәуелсіз мемлекет болып аяққа тұрып кетуі екіталай деді. Күні ертең-ақ бұл аймақ, Орталық Азия шылқымбай соғыс ордасына айналып, бұндағы ұлттар бірінің басын бірі жұтады деп сәуегейленді. Әлем алдында.
Бзежинский айтқандай болмағанмен, Орталық Азия елдері ел болып аяққа тұрып кеткенше талай аласапыран күндерді бастан кешті. Дағдарыс Қазақстанды да айналып өтпеді. 2022 жыл. Қаңтар. Әлеуметтік әділетсіздік, ащы ішектей созылған жоқшылық кезінде дүрілдеп Желтоқсан өткен, одан кейін Тәуелсіздік туы тігілген басты алаңға жер қайысқан ашынған жастарды айдап шықты. Бұл жастар Алматыға сонау 90-шы жылдардан бастап, ауылда колхоз-совхоз тарап, жаппай жұмыссыздық басталғанда қалаға шұбырған жүздеген мың жастар еді. Ауылдан шыққан қазақ жастары болатын. Оларды Алматы құшақ жайып қарсы алмады. Олар базарларда тәшкі тасып күнелтті. Бірақ ол нәпақа тапқандары тамақтарына жетпеді. Олар қалада үй жалдап тұрды. Жоқшылық оларды банк табалдырығын аттатты. Басқа кім береді қаржыны?! Лажсыз несие алды. Сөйтіп, қарызға батты. Банктер шектен шықты. Несие алғандардың мойнына ақылға сыймайтын проценттер ілді. 10 проценттен 25 процентке дейін. Еуропада банктердің аппетиті заңмен шектелген. 3-5 проценттен аспайды. Қазақстанда банктер басына келген проценттерді ілдіре берді, қарыз алушының мойнына. Оны төлей алмағандар тығырыққа тірелді. Мойнындағы қарыздан құтылудың жолы сол мойынды арқанға ілу деп білді. Алаңға қаңтар күндері осындай асқынған әлеуметтік әділетсіздіктер айдап шықты Алматы жастарын. Бейбіт шерулер басталды. Сол екен әлеуметтік әділет туралы әңгіме көтерген Қазақстанның екінші президенті Қ.К.Тоқаевтың жаулары ол бейбіт шеруді арандатты. Алыстағы Әблязовтің құдайы берді. Барлық пәле өкіметтен. Өкіметті төңкеру керек деген ұран тастады. Ол үшін мемлекеттік мекемелердің күлін көкке ұшыруға шақырды. Сөйтіп, әлеуметтік шеру Алматы алаңына жеткенше саяси шеруге айналды да кетті. Президент жауларының айтағымен олар жолда тұрғандарды жайпап өтетін тайфунға айналды. Тайфунға ғана емес, дүкен біткенді тонаушыға да айналып кетті. Алаңға жеткеннен кейін құқық қорғаушылармен бетпе-бет келді. Екі жақ бірін-бірі оққа байлап, ата бастады. Екі жақтан да шығын жүздеген адам болды. Президент резиденциясы, Алматы әкімшілік үйі отқа оранды. Қиратылды. Қарсы келгенді шерушілер қазық қылып жерге қақты. Бұ кезде Тоқаевтың жаулары мемлекеттік билікті тартып алу үшін Ақордаға кірді. Одан елден кетуді талап етті. Тоқаев ОДКБ әскерін шақыруға мәжбүр болды. ОДКБ әскері Алматыға кіргенде бүлікшілдер елден қашып шыға бастады.
Айтпағымыз, Алматы сол бір қаңтар күндері тәуелсіздік тарихындағы ең бір ауыр қасіретті күндерді бастан кешті. Бірақ бұл әлеуметтік дағдарыстан шыққан саяси дағдарыстың сабағы сұрапыл болды. Сұрапыл болғаны сол, әлеуметтік әділетсіздіктің бұншалықты буырқануына себеп болған келеңсіздіктердің түп тамырына аяусыз балта шабуға тура келді. Яғни елде шапшаң саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар жасауға билік мәжбүр болды. Елдің жарты байлығын иеленген 162 алпауыт екені айтылды. 1 млн-нан астам отандастарымыз 50 теңгеге қарап, тапқаны тамағына жетпей отырғаны айтылды. Азуын айға білеген алпауыттар Қазақстан байлығын шетел асырғаны ашық айтылды. Және сол алпауыттар заңсыз шетел асырған активтер мен млн-даған жер мемлекет меншігіне қайтарыла бастады. Әлі қайтарылып та жатыр. Осынау шапшаң реформалар нәтижесін халық көруге тиіс еді. Сондықтан халыққа арман болған бірнеше әлеуметтік жобалар өмірге келді. Соның бірі – Қазақстан халқының 18-ге толмаған балаларына есепшот ашып, оған Ұлттық Қордан қаражат аударылатыны еді. Бұл жоба осы жаңа жылдан басталғалы отырғаны белгілі. Президент «Еститін мемлекет», «қарызсыз қоғам» туралы ұран көтерді. Бұл бастама қалың бұқара халық құлағына майдай жақты. Халық Тоқаевты жеті жылдық мерзімге қайта сайлады. Нәтижесінде, биыл ел экономикасы 5 пайыздық өсуді көрсетті. Ел бюджетіне қосылатын салықтың 5/1 бөлігін Алматы жинады. Яғни Алматы ел экономикасына үлес қосуда тағы да көш бастады.
Біз, Алматымызды мақтан етеміз. Тәуелсіздіктің туын көтергені үшін. Және байтақ отанымыздың рухани-мәдени астанасы болғаны үшін. Бірақ Алматы үшін алаңдаймыз. 1911 жылдың зілзаласын еске салып көшеде түйедей шөгіп жатқан үйтастарды көргенде қатты алаңдаймыз. Жаратқан Иеге жалбарынамыз, Алматыны осындай пәле-жаладан сақтай көр деп. Ей, Жаратқан Ие! Алматымызды сақтай гөр пәле-жаладан! Алматымыз айдындай берсін! Алматысыз Қазақстанды елестету қиын.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның Халық жазушысы
ALMATY. АЛМАЛЫҚ. АЛМАТЫ
Ару Алматы. Әсем Алматы. Сүйікті Алматы. Мың мәрте айтылса да мың жасаған шаһардың шамын сөндірмей тұрған да осы сұлу сөз. Бұл сөз – адамдардың Алматыға деген аяулы махаббатының бір бекзат белгісі. Көп айтыла берсе кісіні жалықтыратын, дәмі кететін сөздер болады. Ал бұл сөздер анаңның аузымен айтылғандай, Алматыға арналған мыңдаған ән мен жыр арқылы да біздің санамызға әлдеқашан сіңіп, жүрегіміздің төріне орнығып алған. «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы» деген тәрізді жадымызда жаңғырып, жанымызды жылытып жүреді. Сол Алматы, біз кешегі 70-жылдары көрген Алматы бүгінде адам танымастай өзгеріп, көз алдымызда одан сайын абаттанып, айбаттанып барады. Әлемдік деңгейдегі инвестициялық, қаржы орталығына айналғаны өз алдына, бұрынғы үздік үрдісін сақтап, дала мен қала өркениетінің тоғысқан жеріне айналды. Бұл ретте ұлттық құндылықтарға зор мән бере отырып, шаһардың рухани, мәдени дамуындағы іргелі ізденістерді атап өту керек. Соның бірі – жыл сайын оннан астам мемлекеттен қатысатын «Ұлы дала көшпенділері ойыны», «Көктөбе опера», «Еңлікгүл» жобаларының дәстүрге айналып, жоғары деңгейде өтуі. Биылғы бір атап өтер жаңалық – күні кешеге дейін талай бұлақтың көзін ашып, жұмысын тоқтатқан «Жас қанаттың» қайта қанат қағуы.
Бүгінде мұндағы оқу процесі заманауи талаптарға сай жаңғырып, кітапханалар ғажап үлгіде жаңартылып жатыр. Тіпті тәулік бойына жұмыс істейтін екі кітапхана іске қосылды. Оның үстіне мәдениет қызметкерлері жалақысының 30 пайызға өсуі бұл саланың жұмысына соны серпін берген. Сондай-ақ ғажайып үлгіде салынған мультимедиялық орталық кешегі, бүгінгі тарихтан сыр шертеді. Мұражайларға барушылар саны бірнеше есеге артқан.
Қалалық «Аманат» партиясының жанындағы «Мирас» мәдениетті қолдау қорының бұл саланы ілгерілетуге байланысты өз ой-ұсыныстарымен бөлісіп отыруының да ортақ іске тигізер пайдасы аз емес. Өзім үш мәрте депутат болып сайланған Алатау ауданында Сақ қорғандары орналасқан. Мұндағы тарихи этносаябақта жыл сайын әлгінде айтқан «Ұлы дала көшпелілері ойынын» өткізу дәстүрге айналған.
Кейінгі жылдары Алматының рухани өрісін кеңейтіп, мазмұнын байытып келе жатқан осындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрын айрықша атауға болады. Әуелде жұртшылыққа мәдени орталық, клуб деңгейінде қызмет ете бастаған «Алатау» бүгінде үлкен сахналық қойылымдар мен бірнеше өнердің басын біріктірген, көрермені қалыптасқан іргелі ұжымға айналды.
Алматы – қазақтың байырғы интеллигенциясының, кешегі Ахаңдардың, Жақаңдардың табанының ізі қалған, кие, қасиет қонған жер. Қалада сол біртуарларымыздың рухына, бүгінгі айтулы тұлғаларымызға өз деңгейінде көрсетіліп жатқан шаралар да бір төбе, арнайы тақырыптың арқауы. Ұлылардың рухы жар болып, Алматы абаттана, айбаттана берсін!
Қали СӘРСЕНБАЙ,
Алматы қалалық мәслихатының үш шақырылымының депутаты
ЕЛДІГІМІЗДІҢ ТҰҒЫРЫН БЕКІТКЕН КИЕЛІ ШАҺАР
Мен Алматыға өткен ғасырдың жетпіс бесінші жылы, 17 жасар бозбала кезімде келдім. Содан бері аттай елу жылдай уақыт болған екен.
Жалынды жастық шағым, студенттік жылдарым әсем қалада өтті. Алматыда менің шығармашылық өмірім қалыптасты. Қазақтың классик ақындарын көзім көріп, жандарында жүрдім. Ардақты ағаларыммен жақсы күндерде бірге жүріп, қамқорлығын көрдім, ақыл-кеңестерін тыңдадым. Алматыда 1980 жылы Политехникалық институттың студенті кезімде «Бастау» атты алғашқы жыр кітабым жарыққа шықты. Одан кейін де бірнеше кітаптарым осы Алматы баспаларынан шығып, оқырмандарыма жетті.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, одақтың Басқарма мүшесі, хатшысы атанып, шығармашылық еңбегімнің белестерінен өттім. Сүйікті қалам Алматының менің өмірімде орны ерекше! Алматыға бірнеше өлең-жыр арнадым.
Бүгінде менің сөзіме жазылған жүзден астам әсем әндер қазақтың дарынды әншілерінің орындауында әнсүйер тыңдарман жүрегіне жетіп, қуанышқа бөледі.
Жарты ғасырға жуық Алматыда тұрып, еңбек еткен жылдарымда тұңғыш рет алматылықтар мен қала қонақтарына арналған «Алматым – әнім, тағдырым» атты жуырда шығармашылық ән-жыр кешім өтті. Қуанышқа кенеліп, көрермендер мен жырсүйер оқырмандардың құрметіне бөленген кешіме қолдау жасаған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев пен Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаевқа ағалық алғысымды білдіремін.
Рухани ән-жыр кешімнің өте жоғары деңгейде өтуіне үлес қосып, атсалысқан «Алатау» дәстүрлі өнер театры ұжымына алғысымды айтамын!
Алматы… Бұл – тек қана шаһар атауы ғана емес, «қазақ» атты таңғажайып халықтың, аяулы жұрттың асқақ арманын аялаған, үмітін үкілеген, бүгінде ұлы ұғымға айналған қасиетті мекен. Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі, елдігіміздің тұғырын бекіткен киелі мекен!
Тарихы мыңжылдықтарға кететін қаланың «Алматы» атты киелі есімі әлі де талай ұрпақтың есінде сақталып, сезімін ғажайып күйге бөлері анық.
Гүл қала, арман қала – Алматы әр қазақтың жүрегінде!
Қасымхан БЕГМАНОВ,
ақын, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Қазақстан Жазушылар
одағы Басқарма
Төрағасының орынбасары
Ақ қанатты Алматым
«Ақ қанатты Алматым» – Қытай Халық Республикасының Ұлы Жібек жолындағы 100 қала бағдарламасы бойынша сол елдің тапсырысымен Алматыда басылған кітабым қытай тіліне де аударылды. «Фолиант» баспасынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен үстіміздегі жылы «Алматы» деген атпен қайта басылып шықты. Кітапта мың жасаған көне шаһардың ерте дәуірден күні бүгінге дейінгі сұлу бойжеткендей әдемілігі, тыныс-тіршілігі, тарихы хақында, мұнда тұрып еңбек еткен атақты адамдар өмірі, көз тартар ғимараттар туралы да жан-жақты қамтылған.
Осынау шағын мақаламды да осы кітаптың атауымен атауды жөн санадым. Көктөбенің биігіне шығып, шаһарға көз салар болсақ, шынында ол қанатын жайып жатқан алып құсқа ұқсайды. Менің өмірімнің алпыс үш жылын өткізген сүйікті шаһарым еліміздегі ғана емес, әлемдегі ең әдемі қала екендігіне ешкім де күмән келтіре қоймас.
Жылдар жылжи берер, өз ғұмырында талай-талай қилы кезеңдерді, сәтті қадамдарды бастан өткізетін жеке адамдардың тағдыры сияқты қалалар да аумалы-төкпелі кезеңдерді тарихынан өткізетіні ақиқат. Алматының талай-талай тәлейлі тарихын айтпай-ақ, сәулетті, сәнді қазіргі келбетінің өзі таңғалаларлық емес пе?!. Мұның бәрі жаз демей, қыс демей, күн демей, түн демей тер төккен алматылықтардың, әсіресе құрылысшылардың, шаһар көркінің тазалығына жауаптылардың, сан-саладағы қызметкерлердің еңбектерінің жемісі ғой.
Басқа уақытты айтпағанда, өтіп бара жатқан 2023 жылдағы қадамына қарап-ақ көңіл көркейіп, көз қуанады. Қаламыз – еліміздегі ең ірі мегаполис қана емес, ел бюджетінің бас доноры, өндіріс саласының да қомақты өнім берушісі, қай саладан болса да көшбастаушы – драйвері саналатыны мақтаныш.
Биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында мегаполистің түсімі 1 трлн теңгеден асып, еліміздің барлық өңірлері арасында абсолюттік рекордшы атанды. Шаһарда кәсіпкерлік саласында бұрын-соңды болмаған биіктікке жетіп, қыркүйек айында 113,1 мың жұмыс істеп тұрған компанияның бары анықталды.
Кез келген табыс ең алдымен еңбекшіл жұртқа, сонан соң сол жұртқа жөн көрсетіп, жол сілтейтін басшылыққа да байланысты. Біз жоғарыда айтқан кітабымызда қаланың Верный аталған кезінен бастап бүгінге дейінгі барлық басшыларын атап, олардың соңында қалдырған жақсылы-жаманды іздеріне үңілгенбіз. Бүгінгі басшылыққа да халқы айта жүрер жақсы істерімен есте қалуларына тілектеспіз.
Тәуелсіздігіміздің көк байрағын алғашқы болып көкке көтерген Алматының барша тұрғындарын айтулы осы мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Мемлекеттік
сыйлықтың иегері