«КӨРКЕМ ҚАЛА – АЛМАТЫ»
Өткен аптада Алматы күніне орай Алматы қаласының әкімдігі, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен «Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ, Қазақстан Жазушылар одағы, «Тұлға-достық» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған «Көркем қала – Алматы» атты ақындар мүшәйрасы өз мәресіне жетті. Еліміздің әр қиырынан 83 жас қаламгер қатысқан бәйгеде 4 ақын топ жарды. Атап айтар болсақ, бас жүлде Шапағат Әбдірұлының еншісіне бұйырды. Арайлым Мұраталиева 1-орын, Айдана Бейсен 2-орын, Ержан Жұмабекұлы 3-орын алды.
Ендеше, ақындардың шығармашылық жолына сәт-сапар тілей отыра, жыр бәйгесінде жүлделі болған арзу қалаға арналған өлеңдерді бірге оқиық.
Шапағат ӘБДІРҰЛЫ
Алматы туған күніңмен!
О, киелі Алматым-ай!
Ала таңында аққуға айналып ән ұшып,
Алатауында періште болып күй ұшып.
Ғашықтар тұрған мың жылдық гүлдің,
Қауашағында сүйісіп…
Арулары мен ақындары тең,
Жылайтын көзі жиі ісіп.
Аруана-қалам, бауырыңда сенің,
Өркениеттердің желінін сауған,
Мәдениеттер ұйысып.
Топырағыңда әлемге сыймайтын,
Алыптар жатыр сиысып…
Ажарын қимай ай өткен сенсің,
Алматым,
Көркіңді қимай күн батқан сенсің, Алматым.
Туада керең құлаққа,
Шежіре күйін тыңдатқан сенсің,
Алматым.
Құдіретіңмен әлдилеп,
Тоқтаған жүректі тулатқан сенсің,
Алматым.
Атам заманғы ақсақал қалам да сен едің,
Маңдайына әжімін салып жыл өткен.
Бұлақтар – сенің көз жасың шығар,
Өрген арқандай жібектен.
Сен менің жалғыз байлығымсың ғой, Алматым,
Қазан басынан қайыршыға да,
Күміс ылғатқан күрекпен.
Сен менің алтын сандығымсың ғой, Алматым,
Ішіне жұлдыз түнеткен.
Жаһанда жалғыз гүлзар бағымсың
сен менің,
Найзағайдан тамған,
Суғарылатын гүлі отпен.
О, Алматым,
Алқынып қарсы аласың келген қонақты
Ақындарға тән жүрекпен.
Сенде тоғысқан мақсат пен мұрат,
ой, арман.
Шығыс пен батыс тұтасып, шығысқан сенде қой, арлан.
Ғасырлар бойы тып-тыныш жатсың,
Сұлудай шашы,
Кемпір қосақпен боялған.
Қара торғайдың үнімен ұйықтап,
Қарлығашпен бірге оянған.
Сенсің, Алматым, бейбітшіліктің ұясы.
Арайлым МҰРАТАЛИЕВА
Алматыға
күз келіпті…
Алматыға күз келіпті,
Күзбен бірге мен келдім.
«Күз дегенің – қыз көрікті»
Деп ақындар сенделдің.
Күз – Тәңірдің хаты дер ем,
Жапырақ боп сарғайған.
Жазар сүйіп ақын өлең,
Алматыны маңдайдан.
Көліктерге толар күнде,
Көшелерде бір мыс бар.
Бақыт құсы қонар кімге?
Қанат қағып жүр құстар.
Бәріміздің арманымыз
Алатаудай биік-ау.
Келгенімен самғағымыз,
Алматыда қиын-ау.
Кеште жанған шам алаң ба,
Тағдырына көшенің?
Бұл қалада жараланба,
Жан таба алмас еш емін.
Білем, кейде қателесем,
Қателескен ұнайды.
Мен де Тәңірді Әке десем,
Ана дейін Ұмайды.
Қателік те –
бір шындығың,
Қалаларда адасқан.
Бір бұрышта күрсінді кім?
Жан бар ма осы бағы асқан?
Жалғыз жүрме қалада бұл,
Көп соңынан тағы ерме.
Сыйлау үшін анаңа гүл,
Айнала біл өнерге.
Түңілме тек белсене көр,
Болма жұртпен жау мына.
Алматыға келсең егер,
Көтере біл тауды да.
«Күз дегенің – қыз көрікті»
Деп ақындар сенделген.
Алматыға күз келіпті,
Күзбен бірге Мен келген!
Айдана БЕЙСЕН
Жұмыр жердің жүрегі
Біз жүрген көшелерден
Әрі жат, әрі таныс еседі өлең.
Еседі өлең,
Өмір боп көшеді өлең.
Тағдыры таразыға тартылмаған
Бір қыз кетіп барады көшеменен.
Бір мұң кетіп барады көшеменен.
Ес жиып, бас көтерді ескі нала,
Бұл неткен есер қала, есті қала.
Ақталған…ақтарылған ақиқаты
Шындықтың бетпердесін
шешті жаңа.
Жастығына сүрініп кетті сол қыз,
Сүйеніші бол оның, текті қала!
Қол жетпес биіктерден
Ырысын бастан-аяқ үйіп берген.
Тектіліктің ұстатар нық тізгінін,
Ғашықтар көп сүйгізген,
сүйіп келген…
Алматы…
Жаңа дәуір…
Жаңа заман…
Құшағы өртке оранып,
күйік көрген.
Таусылмас әңгімеден,
Тағдырын талайлардың
мәнді көрем.
Мен сенің жүрегіңе жылу берсем,
Бесіктей тербетеді тауды да өлең.
Ақ жаңбыр – аппақ сезім
нұр шаймаса,
Жуамын жүректегі зарды немен?!
Көз тоймас сұлулықтан
Айнымас мөлдір-таза
сырыңды ұққам.
Ақ бұлт пен аппақ шыңдар
аялаған
Күмбірлеп арылмасын
күнің құттан.
Мен-дағы бүршігі едім
бір үміттің,
Сен-дағы тылсымы едің
жылылықтың,
Алматым, адастырма, Алашымды
Қасиетті қазығы боп Ұлылықтың!
Ержан ЖҰМАБЕКҰЛЫ
Ақындардың астанасы – Алматы
(Симбиоз)
Жырларың бар
тыңдататын әлемге,
Сырларың бар
космостық тереңде.
Бәрі жалған,
Сен ғана шын
сияқты көрінесің
Жан бітіріп өлеңге…
Нұрлы әлемі,
Ақылменен сезімнің,
Отанысың
еңбекпенен төзімнің.
Жылаған да,
Бақытты ғой, Алматы,
Арман толы
құшағыңда өзіңнің.
Саған ғана келер
жолдай бар әлем…
Әке,
Ана,
Бауыр,
Әлде аға ма ең?!
Ару болсаң
саусағыңа аялап,
Сатурнның
сақинасын тағар ем…
Зұлымға да
ұсынғаның төр еді,
Жақсылықтың
жүрегісің себебі.
Әділдік пен
адамдыққа сенбейтін,
Пенделерге сені
үлгі еткім келеді.
Ең ғажайып күн ғой,
Саған келген күн,
Алтын қанат
арғымақта тербелдім…
Күндер тоңып,
Өртенгенде көп түнім,
Күн бермеген сәулені де
сен бердің.
Қаласың сен –
тәні менен жаны бар,
Қасиеті,
киесі мен ары бар.
Сен болсаң,
мен бармын.
Егер біз болсақ,
Махаббат бар,
Бақ бар, демек, бәрі бар!
Қайда барсам ойымда
сен жүресің,
Мен сенде емес,
Сен менде өмір сүресің…
Арманыма алғаш
басқан қадамым,
«Алматы» деп аталады,
Білесің…
Үмітім мен сенімімді
тасыттың,
Қанаттанып болашаққа
асықтым…
Бәрі саған ғашық,
Білем мен оны.
Ал сен кімге ғашықсың?!
Сұлу жоқ-ау, саған,
жаным, теңердей,
Ғаламат та жоқ
көңілді бөлердей.
Өзіңе арнап өлең
жазып отырмын,
Ішімнен бір Абай
шыға келердей.
Тарих тұнған әрбір
тасың жаңғырып,
Көңіл тауын
толқытады таң күліп…
Көктөбеден көрген
кезде көркіңді,
Қарап тұрғым келеді ғой
мәңгілік.
Сыйластық пен құрметті де
«сен» деймін,
Тіпті өзіңнен Париж, Нью-Йорк кем деймін.
Қызықса да, қызғанса да,
Оларға,
Қарыз түгіл, күнәңді де
бермеймін…
Ал мен саған
бәрін бердім,
Көктемде,
Анамды да, баламды да
өткенде…
Енді берер сені сүйген
жүрек пен
Өлеңімнен басқа
ештеңе жоқ менде.
Асан қайғы іздеген
жер жәннаты,
Ауаңда тұр бабалардың
әр хаты…
Сен аман бол
Төлқұжаты Қазақтың –
Ақындардың астанасы – Алматы!