КӨРКЕМ АУДАРМА МӘДЕНИЕТІ ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕДІ
14.02.2022
1526
0

Соңғы жылдары аударма саласы дами бастады. Бұл салаға қан жүгірткен жеке баспалардың ыждағатты жұмысы десек болады. Көркем аударманың бағыт-бағдары мен бүгінгі өзекті мәселелері туралы Еуразия гуманитарлық институтының доценті,  филология ғылымдарының кандидаты Лаура ДӘУРЕНБЕКОВАМЕН әңгімелескен едік.

   – Қазіргі кезде мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде елімізде «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүргізілуде. Жобаның мақсаты –  оқушыларды,  ата-аналарды кітап оқуға қызықтырып, оқу мәдениетін арттыру. Осы орайда аударматану саласында соңғы жылдары жарыққа шыққан қандай кітаптарды оқуға ұсынар едіңіз?

– Елімізде 2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды. Нәтижесінде, біршама кітапханалар балаларға арналған кітаптармен толықты. Десек те, балалар әдебиетіне бір жылды арнау аздық ететіні рас. Балалар әдебиеті жылының жариялануын күтіп отырмай, қаражат көзін тауып кітап шығарып, шығармалар жариялап жүрген кәсіпкерлеріміз, қаламгерлеріміз бар. Мәселен,  «Steppe & WORLD Publishing» баспасы балаларға арналған әлем әдебиетінің жауһарларын ұсынып келеді. Аталған баспа әлемге әйгілі балалардың жата-жастана оқитын ұлыбританиялық жазушы Жоан Роулиңтің 7 томдық «Хәрри Поттер» шығармалар жинағы қазақ тіліне аударып аяқтап қалды. Шығармада басты кейіпкер Хогуартс сиқыршылар мектебінде оқитын Хәрри Поттер мен оның достарының бастан кешкен оқиғалары туралы әңгімеленеді. Қызықты сюжетке құрылған кітаптың қазақ тіліне аударылуы балалар әдебиетіне серпіліс әкелді. Аталған баспа тек «Хәрри Поттер» сериялық кітаптарын аударумен шектелмей, британдық танымал жазушы Руал Даһлдың балаларға арналған «Чарли және шоколад фабрикасы» ертегі-повесі, «Матилда» (ауд: Ү.Кеңесбаева) т.б. шығармаларды аударып, жарыққа шығарды.

– Бұл кітаптар өз оқырмандарын табады деп ойлайсыз ба?

– Қазіргі кезде қоғамымызда «балалар кітап оқымайды, қызықпайды» деген стеоротип қалыптасқан. Жоғарыда аталған кітаптар балаларға кітап оқытуға болатынын дәлелдеді. Кітап жарыққа шыққанда баспа ұжымының балалар кітапханаларында жас оқырмандармен өткізген кездесулерінен «бала тілін тапқандығын» байқаймыз. Аталған кітаптар болашақта елімізде бестселлерге айналып, яғни  көп оқылатын кітап ретінде сұранысқа ие болатыны анық.

– Бұл аудармалардың ерекшеліктеріне тоқталсаңыз.

– Осы уақытқа дейін ағылшын тіліндегі шығармалар аралық тіл – орыс тілі арқылы аударылып келсе, енді тікелей ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылуда. Себебі, ағылшын тілін меңгерген, аударма теориясы мен тәжірибесінен білімі бар аудармашылардың жаңа буынын көріп отырмыз. Негізінен аударатын туындыны таңдау, оның оқылым аудиториясын ескеру оңай шаруа емес. Оқырманның көркем шығарманы қызыға оқуы аудармашының аудару стиліне, шеберлігіне тікелей байланысты. Ең бастысы бұл аудармаларда түпнұсқа идеясын сақтай отырып, оқырманның талабына, ұғымына бейімдеп бергенін байқаймыз.

– Жоан Роулиңтің «Хәрри Поттер» кітабы жарыққа шыққанда оқырмандар арасында дау туындады. Неге «Гарри Поттер» атауы өзгертілген деген сияқты. Осыған не айтар едіңіз? Өзіңіз аудармадағы өзгерістерді байқадыңыз ба?

– Әр тілдің өзіндік қағидалары бар. Көркем шығармаларды бір тілден екінші тілге аудару кезінде лексикалық, синтаксистік, жалпы грамматикалық тұрғыда өзгерістерге түсуі заңды құбылыс. Соның әсерінен аударма процесінде кейбір сөздер, сөйлемдер өзгертіледі. Яғни трансформацияға, өзгеріске ұшырайды. Сөйлемдерді трансформациялаудағы түпкі мақсат – мазмұнын өзгертіп алмай, түпнұсқа идеясын оқырманға қабылдату. Аударылған көркем шығармаларды талдау барысында, аудармашылардың аударып отырған мәтінін оқырманның қабылдау, түсіну ерекшеліктеріне сәйкестендіру үшін, аударма теориясындағы түрлі әдіс-тәсілдер қолданылған. Атап айтқанда, лексикалық тәсілдер: транслитерация, транскрипция, түсініктемелер беру, сипаттау, есімдерді мағыналық жағынан алмастыру т.б. тәсілдер кездеседі. Оқырмандарға «Harry Potter», «Гарри Поттер» деген есім құлаққа үйреншікті болғандықтан қазақ оқырмандарына «Хәрри Поттер» деп қабылдау оңай болған жоқ. Бұл есімнің аудармасы емес, қазақ тіліндегі транскрипциясы, яғни, «Harry» естілуі бойынша жазылып тұр. Екпін «Ә» дыбысына түсіп тұр. Бір ғана «Хәрри» емес, «Хәллоуин», «Хәрмион», т.б. кітапта транскрипциямен берілген есімдер бар. Жалпы, бала тілін қазақ тілінде дамытуда транскрипцияны қолдану, қазақ әріптерін санаға сіңіруде бұл жақсы әдіс. Аудармада орнын таппай, олақ қолданылған сөз болса көркемдік, танымдық, тағылымдық, эстетикалық әсері мен эмоциялық реңкінен айырылады. Бұл тұрғыдан келгенде, аудармашылардың түпнұсқадағы белгілі бір сөзді тәржімалағанда онымен мәндес келетін бар сөздерді таңдап, логикалық құрылымын анықтай отырып, жазушының бейнелеп отырған кейіпкерін дәл беру үшін көп ізденгені байқалып тұр. Айталық, шығармада кездесетін «Basilisk» Еуропаның хайуанаттар туралы ертегі-аңыздарында жыландардың патшасы деп беріледі. Қазақ тіліне дәл осылай беретін болса, түсініксіздеу, әсерсіз болар еді. Бұл сөзді аудармашылар қазақ ертегілерінде кездесетін жыланның патшасы «Аждаха» деп алмастырған. Сондай-ақ, Snowy – ақшақар, Fluffy – үлпек, Longbottom – Ұзынбұт, тағы басқа да есімдерді қазақ тіліндегі қолданыстағы сөздермен алмастыра отырып беру арқылы түпнұсқа мағынасына жақындата түскен. Егер есімдерді дәл түпнұсқадағыдай беретін болса, сөзбе-сөздікке, калькаға ұрынып, шығарма бір деммен оқылмай, сіресіп қалар еді. Бұл тәсілдерді басқа аудармаларда да қолданған.

– Тағы қандай аударма кітаптарды оқуға ұсынар едіңіз?

–  «Steppe & WORLD Publishing» баспасы аударатын шығармаларға өте мұқият қарап, таңдағанын байқаймыз. Мәселен, Руал Даһлдың «Матилда» шығармасын алайық. Бұл шығарма балаларға арналған деуден гөрі, үлкендерге, ата-аналарға арналған дер едік. Баспа аудармашыларының аударма таңдаудағы ерекшелігі қазіргі қоғамдағы «баланың ата-анадан, ата-ананың баладан жатсыну»  мәселесін қозғап отыр. «Баланы тәрбиелемес бұрын, өзіңді тәрбиеле» деген автор ұстанымын дәл берген. Бала мен ата-ана қарым-қатынасын, үлкендердің балаға назар аудармау, жүре тыңдау, күнделікті өмірдегі тұрмыс-тіршілікті көз алдымызға келтіреді. Аудармашы шығарманың түпнұсқадағы идеясын сақтай отырып, шығарманы жеңіл, қарапайым сөздермен бере білген. Басты кейіпкер Матилда санасы ерте жетілген өте қабілетті қыз. Ересек адамдай жатық сөйлейді. Кітап оқығанды жақсы көреді. Бес жасар бала әлем әдебиетін өз еркімен оқып тауысқан. Оның кітап оқығанын әке-шешесі ұнатпайды. Одан да теледидар қарауын талап етеді. Оның қабілетін түсініп, ұштаудың орнына «топас», «миғұла», «шуылдақ» деп ренжітеді. Матилда әкесі мен анасының мейіріміне, қамқорлығына зәру. Тіпті, әкесі оның оқып отырған кітабын жыртып тастайды. Әке-шешесінінің салғырттығынан мектепке өз уақытында бармай, кештеу барады. Әкесі алаяқтықпен айналысады. Ұрланған көліктердің кем-кетігін түзеп, сатып алушыға алдап сатады. Ұстанымы: «Адал адам ешқашан байымайды». Ақыр соңында қылмысы ашылып, шетелге қашып кетеді. Матилда мұғалімі Мисс Балдың қолында қалады. Матилда мектеп директоры қатыгез, дөрекі Транчбұлдан өзінің ақылдылығымен, сиқырлы қасиетімен оқушыларды да, мұғалімін де құтқарады.

– Демек, Руал Даһлдың «Матилда» шығармасының көтерген тақырыбы қазақ оқырмандары үшін өзекті ғой…  

– Р. Даһлдың ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты шым-шытырық, қызықты оқиғалармен көрсете білген шығармасы қазіргі кезде де өзекті.

– Балалар шығармаларының аудармаларымен айналысып, кітап шығарып жүрген тағы қандай баспалардың кітаптарымен таныссыз?

– «Фолиант» баспасы да әртүрлі жастағы балаларға арналған кітаптар шығарып келеді. Оның ішінде қазақ тіліне аударылған әлем әдебиетінің үздік туындылары да бар. Белгілі жазушы Д.Дефоның  иесіз аралда қалған, шытырманға толы өмірді  бейнелейтін «Робинзон Крузо» шығармасы қиындықпен шыңдалған кейіпкер тағдырының жас оқырмандар үшін ой түйетін тұстары көп. Шығарманы қазақ тілінде сөйлеткен – А.Құлыбеков. Сондай-ақ, аталған баспадан су астында өмір сүре алатын жігіт жайындағы А.Беляевтің «Адам-Балық» туралы кітабы да қазақ тіліне Х.Тілемісовтың аудармасымен жарық көрген. Бұл шығарманың да ғылымның озық жетістіктерін пайдалана алған адамның еңбегі қызықты оқиғалармен өріледі. Балалар жазушысы Н.Охзенкнехттің мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған «Моншақ. Менің асыл қазынам» атты ертегісін Г.Ақжолованың аудармасымен жарыққа шығарған. Автор бұл ертегіде қоңыздардың өмірін суреттей отырып, мейірімділікке үндейді. «Аруна» баспасы да балаларға арналған кітаптар, шағын кітапшалар шығарып келеді. Оның ішінде әртүрлі жастағы балаларға арналған аударма шығармаларда бар. Әр елдің үздік ертегілерін жинақтап, «Халық ертегілері» сериясымен жарыққа шығаруды дәстүрге айналдырған. Еліміздің басқа да баспалары балалар әдебиетіне көңіл бөліп, өз ұстанымдарымен әлем әдебиетінің үздік туындыларын жарыққа шығаруды қолға алғандығын байқауға болады.  

 – Еліміздегі аударма үдерісін ұйымдастыру ісі бір жолға қойылған деп,  қай баспаны айтар едіңіз?

Жоғарыда аталған аудармалардан-ақ, соңғы жылдардағы әлем әдебиеті туындыларын қазақ  тіліне аударудың мәдениеті қалыптасып келе жатқанын байқауға болады. Бірақ, баспалар кітаптың дизайынына, сапасына мән береді де, сол туындының авторы қай елдің жазушысы, аудармашы қай тілден аударған, жауапты редакторы кім, осы мәселені ескермей жатады. Бұл тұрғыдан алғанда «Steppe & WORLD Publishing» баспасының жұмыс жасау үрдісін басшылыққа алу керек деп ойлаймын. Біріншіден, бұл баспаның кітаптары ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударылғандығы кітапта көрсетіліп тұр. Екіншіден, аударма тәржіме тілін түсінетін, аудармашылармен бірдей жауапкершілікті мойнына алған білікті, кеңесші әдеби редакторы бар. Үшіншіден, жарнамасы да қызықты. Нәтижесінде, кітаптары сұранысқа ие.

– Неше жылдан бері, «көркем аударма ісі бір жолға қойылмаған. Аудармашыларды біріктіретін орталық жоқ» деген пікірлер бар? Көркем аударма мәдениетін қалай көтеруге болады?

Осыдан біраз жыл бұрын «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, әлемдегі ең үздік университеттердің оқулықтары түрлі тілдерден қазақшаға аударылды. Аударма жұмысын ұйымдастыру оңай болған жоқ. Әлемдегі ең танымал тілдерді білетін мамандар тартылды. Бір оқулықтың өзімен аудармашы, редактор, корректордан басқа, кеңесші, сол саланы білетін ғалымдар жұмылдырылды. Нәтижесінде сапалы еңбектер жарыққа шықты. Аталған бюро аударма жұмысымен айналыса алатынымызды, ұйымдастыра алатынымызды дәлелдеді. Ал, қазір бұл бюро жұмыс жасап жатыр ма, әлде жұмысын тоқтатты ма, білмейміз. Неге көркем туындыларды, поэзиялық шығармаларды аудару ісін осы бюромен жалғастырмасқа?! Жоғары оқу орындарында «Аударма ісі» мамандығы бар. Студенттер проза, поэзия аудармасымен айналысып, көркем аударма теориясының заңдылықтарын меңгеріп шығады. Бірақ, диплом алған соң, қайда барады? Бірді-екілі маман баспаларға барар. Қалғандары не істейді? «Көркем аудармамен айналысамын, шығармашылығымды шыңдаймын» деп, тәжірибесін шыңдайтын, жұмыс істейтін мекеме жоқ.  Сол үшін тікелей түпнұсқадан аударатын мамандарды біріктіріп «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының жұмысын жандандыру керек. Ең бастысы, тіл меңгерген кез келген адам – аудармашы, кез келген филолог – редактор бола алмайтынын ескере отырып, нағыз мамандарды жұмысқа тартып, аударма мәдениетін өркендетуіміз керек.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Т.ТАҢЖАРЫҚ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір